Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Әліпби 5568 11 пікір 6 Маусым, 2019 сағат 12:34

Ұлттық жазу ұстанымымыз қандай болуы керек?

Ең алдымен айтарымыз,  біздің жазу емлеміздің орыс тілінің жүйесіне бағындырылғанына тек кеңестік жүйені кінәләй бергеніміз дұрыс емес. Сол кездің өзінде-ақ, ұлттық мүддемізді қорғап қалуға жасқаншақтығымыз кесірін тигізгенін ашып айтуымыз керек. Мысалы, 1926-жылғы Баку конференциясының өзінде  қай жазуға көшеміз деген мәселе дауысқа салынған кезде 9 орыс ғалымы қалыс қалғанын біз тарихтан білеміз.  

Алдымен қазақ тіліндегі  орфографиялық басты принцип фонематикалық принцип деген қағидаға ойлана қарауымыз керек сияқты. Себебі, орыс тіл білімінің өзінде осы фонематикалық принципті олар кейде морфологиялық принциппен теңестіреді. Оның өзіндік сыры бар. Қазақ тілінің фонемалық заңдылығы мен орыс тілінің фонемалық заңдылығы мүлде бір емес. Біз бұл тұста фонема ұғымын қолдануға өте мөте абай болуымыз керек.   Орыс тілінде дауыстылардың дауыссыздардың билігінде болуы олардың тілінде дауыстылардың мағына айырғыштық (фонемалық) қасиетін кеңейте түскен. Міне сондықтан, орыс тілінде фонематикалық принцип  басты орфографиялық бағдарға алынған.   Мысалы орыс тілінде кейбір дыбыстар бар, олар өзінің әріптік таңбасы жоқ.  водяной немесе вода  сөздеріндегі  екі  түрлі дыбыс бір ғана О  фонемасының аллофоны болып табылады.  Ал, паравой  сөзіндегі А  таңбасы сөзсіз  А фонемасының аллафоны екені даусыз. Міне, сондықтан да олар дыбыстың фонемалық сипатына назар аудармай, түбірін сақтап жазуға мәжбүр. Бұл принципті сол себепті де орыс тілінде морфологиялық принциппен теңестіреді.

Ал, қазақ тілінде дауыстылардың дәл осы орыс тіліндегідей таңбаланбай қалатын фонемалық қызметі жоқ. (Аға еке, апа еке секілді қосарлана айтылғандағы а дыбысының өзгерісін  біз фонемалық қасиетке ие деп айта алмаймыз. Себебі, тым әлсіз, тіпті естілмейді десек те болады ) Біздің тілімізде дауыссыздарды дауыстылар игеретін болғандықтан, дауыссыздардың  мағына айырғыштық (фонемалық) қасиеті басым. Мысалы, кілем- қалам, шаш-шеше  сөздерінде Л,М, Ш дыбыстарының бірде жуан, бірде жіңішке дыбысталуы оның фонемалық қасиетін көрсеткенімен, оның таңбалануы бір ғана әріпке байланған. Соған қарамастан, бұл жағдайлар орфографиялық ереже түзуде ешбір дау туғызған емес.   Біздің латын жазуына көшуімізге байланысты түзілгелі отырған жаңа емлемізде дау туғызып жүрген фонематикалық қызметі түрліше ұшырасатын (ашса, ұшса, қашса) сияқты түбір мен қосымшаның арасында ұшырасатын қиындықтар жайлы емес. Бұл қиындықтар кирилл жазуы емлесінде-ақ дұрыс шешім тапқан еді.

Бізге даулы болып отырған  У дыбысы мен И дыбысының алдында кейде анық, кейде жартылай естіліп қалатын Ұ,Ы,І дыбыстарының емледе қамтылуы болып тұр. Қазіргі ұсынылып отырған кейбір ғалымдарымыздың тұжырымдамасында осы заңдылық ескерілмей кетіп отырған сияқты.        Әрине, бұл мәселе біздің ұлттық жазуымыз түзілген кездерден бастап-ақ, даулы болып келе жатқаны мәлім. Бүгінде ғалымдарымыз ықшамдап жазу мәселесін А.Байтұрсынов,  Қ.Жұбанов, Т.Сауранбаев секілді ғалымдарымыздың  қолдағанын тілге тиек етеді.  Бұл тұста айтарымыз Ақмет Байтұрсыновтың қолданған емлесі араб жазуының негізінде ұсынылғанын ескеруіміз керек сияқты. Араб жазуында дауыстылар дауыссыздардың көлеңкесінде жүретіні ол кезеңде заңды көрінетін. Байтұрсынов осы заңдылықты қазақ тілінің тәжірибесінде қалыптасып қалған үлгісін сақтауды ғана ұсынғанын аңғарамыз. Ал,  Қ.Жұбанов пен Т.Сауранбаевтардың ықшамдап жазуды ұсынуы сол кезеңде тіл білімінде Я.Маррдың тілдің сатылай даму теориясымен, яғни, біздің түркі тілдері жалғамалы сипатын жойып, флективті сатыға көшіп бара жатыр деген қағидатпен  ұштасатынын ұмытпағанымыз жөн сияқты.

Бұл тұста, қазақ тіл білімінің тарихында ы,і, ұ дыбыстарынан қашқақтаудың тарихи тұстарын еске алсақ болады. Мысалы,  1930 жылдары  «ы», «і» әріптері бітеу буында жазылмасын деген ұсыныс болды. Сол бойынша  «қыс» орнына «қс», «мылтық » орнына «млтқ», «мысық» орнына «мысқ» деп жазу арқылы бірталай артық әріптерден құтылып, оқуды жеңілдетуге болады деген ұсыныс бағымызға қарай қабылданбай қалды. Өкінішке орай,  «ы», «і» әріптерін тұйық буында жазбаса да болады. Сонда, «скылат», «станса», «Сталин», «Рғыз» деп жазатын боламыз деген ереже қабылданып, тіліміздің табиғатына орасан нұқсан келтіргенін көріп отырмыз.  «Шетелдік сөздерде «ы» мен «і» сөздің дыбысталуын бұзып, жалпыға бірдей болып жазылатын интернационалдық сөздерді өз жазылуынан алыстатып жібереді. Сонда «метр», «Маркс», «грам», «програм», «трес» деп жазатын боламыз. Бұл сөздердің орысшасына үйреніп қалған адамдарға оңай болады»  деген желеумен емле ережемізге естіліп тұрған дауыстыларды төл сөздердің өзінде ықшамдап жазуды енгізіп жібердік. Нәтижеде, тіліміздің әуезділігі әлсіреп,  шеттілдік сөздерді игерудегі әлеуетіміз жоққа айналды.

Ендігі жерде біз осы олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Ықшамдап жазуға құмарлық бізге өз зардабын тигізді. Енді, ықшамдауға құмарлықты тоқтатып, осы дыбыстардың заңды орнын қалпына келтірейік. Қиын емес, қыйын; киін емес, кіиін; жиын емес, жыйын; ми емес мый т.б. Өз заңдылығымыз өзімізге жат көрініп қалған бүгінгі таңда бұл ұсыныс ерсі көрінгенмен,  жаңа емле ережемізге қайта енгізсек, сөйлеу тіліміздің әуезділігі біртіндеп өз орнына келері анық.

Жақсы әліпби ықшамдалған әліпби деген оймен де келісе алмаймыз. Себебі, бұл тұжырым да біздің өткен тарихымызда орын алған жалтақ саясаттың жалғасы болып шығатынын ескеруіміз керек дегіміз келеді. Кірігу құбылысы флективті тілдердегі дауыстылардың аллофондық құбылысын сан қилы өзгеріске түсірген. Бір О  дыбысының өзі орыс тілінде түрліше құбылады. Огород, окно, образно  деген сөздердегі  О  әр басқа  естіліп тұр. Оның бәрін таңбалап беру мүмкін емес. Сондықтан орыс тілі сияқты флективті тілдердің бәрінде де бұл проблема бар. Жазу теориясы ертеден қалыптасқан бұл тілді зерттеуші грамматолог ғалымдар дыбысқа қарағанда әріп аз болу керек дегенді сол өз тілдерінің заңдылығынан шығарып айтып отырғандығы анық. Әрине, біздің тілімізде де дыбыс пен әріп таңбасын бірдей дей алмаймыз. Дегенмен,  бізде әр дыбысты естілуіне барынша жақын таңбалауға мүмкіндігіміз бар екендігін А.Байтұрсынов ашып айтып кеткенін тілші ғалымдар жақсы біледі.

Кейінгі флективтілік тіл дамуының жоғарғы сатысы деген ұғыммен «флективті  тілдердің соңынан жүгіру» саясаты  бүгінде біз тілге тиек етіп отырған ғалымдардың кезінде осындай  орашолақ тұжырымдар жасауға мәжбүрлегенін ұмытпайық. Әліпбидегі әріп-таңбалардың санын қысқарту туралы ұсыныстар академик Н.Т.Сауранбаевта да бар (Ә.Құрышжанов. Н.Т.Сауранбаев - Алматы,1974 ж.,28 б.). Ол ә-ө-у-ү- әріптерінің орнына я,ю,у,е таңбаларын (сірә – сіря, дән-дян, жүн-жен, күн-кюн), һ әрпінің орнына а және х әріптерін (жаһан-жаан, уһ-ух) қолданып, әліпбидегі 41 әріпті азайтып, 36 әріпке түсіруді ұсынады. Бұл тектес ұсыныс С.Аманжоловтың жаңа әліпби жобасында да орын алған (С.Аманжолов. Орыс графикасын негізделген қазақтың жаңа әліппесі. А-ты. 1940 жыл).

Ал, ендігі бір келіспейтін тұсымыз-біріккен сөздерді жазу емлесіне қатысты болып отыр. Бұл арада да біз біріккенде тұлғасымен қоса өзгеретін орыс тілінің шылауынан шыға алмай отырған сияқтымыз. Мысалы, орыс тілінде семитомник, человеколюбие, кроаснознаменный  секілді лексемаларды қазақ тіліндегі  жеті томдық,   адам сүйгіштік, қызыл тулы лексемаларымен тең қоя алмасымыз анық. Себебі, орыс тілінде олар тұлғалық өзгеріске түсу арқылы мағыналық жағынан сіңісіп, кірігіп кетіп отыр. Флективті тілдер үшін бұл заңды да. Ал, жалғамалы тілдерде мағыналық жағынан кірігіп кеткен сөздер аз емес болғанымен, мағыналық даралығын сақтай отырып бір ұғымға ойысқан сөздер аз емес. Олар бір ұғымды білдіріп тұр дегенімізбен, әр сөз өзінің тұлғалық та мағыналық та даралығын сақтап тұрғаны айдан анық. Оларды жасанды түрде біріктіріп жазғанымызбен олар бір сөзге айнала салмайды.

Сөзіміздің соңында айтарымыз,  біз қазақ халқы көнетүркілік жазуды есептемегенде, жас жазулы елміз. Біздің алдымызда жазу ережелері сан ғасырлар бойы әбден қалыптасқан, кемелденген бай тәжірибелі ағылшын, орыс секілді тілдер бар. Жазу емлелерін қалыптастырған «практикалық» кезеңімізде  әрине біз бұл тілдердің шылауына ілініп кеттік. Ол тілдердің жазу теориясы эволюциялық жолмен заңды түрде қалыптасты. Мысалы, алпауыт ағылшын тілінің жазу емлесі тарихта бір-ақ рет өзгерген екен. Оның өзі сонау 12-ғасырда жасалған екен. Содан бері сол ережеге бағынған ағылшын тілінің дыбыстық жүйесі әлденеше ғасырлық өзгеріске ұшыраса да, жазуда сол 12-ғасырдағы ережені басшылыққа алып, жазудың тарихи принципін негізге ала отырып,   бірнеше миллионға жеткен халықтың тілдік бірлігін ұйыстырып, диалектілерін жазусыз қалдырып отырғандығымен ұтып отыр. Жазу мен айтудың айырмашылығы олардың ұлттық құндылығына айналып кеткендей. Біз де осындай елдерден үлгі алып, өз құндылықтарымызға кенедей жабысатын уақыт келіп жетті. Ендеше, бұл жолы біз ешкімге жалтақтамай, тек өзімізге ғана қолайлы ұлттық жазу емлемізді қалыптастыруымыз керек деп ойлаймыз. Сонда ғана біз латын жазуына көшу арқылы ұлттық санамызды жаңғырта алсақ керек.

Қаламқас Қалыбаева, филология ғылымдарының докторы 

Abai.kz

 

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2094