Бірақ елдегі адам құқықтарын қорғаушылар мен белсенділер сауалнама нәтижесіне күмәнмен қарап отыр. Орталық сайлау комиссиясы осы мекемеге ғана сайлау қарсаңында сауалнама, бұған қоса экзит-полл жүргізуге рұқсат берді.
"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы алты жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен ашылған. Оның басты қызметі – жастарға қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізу. Орталық директорының айтуынша, бұл жолы ОСК мекемее сайлау қарсаңында сауалнама жүргізуге рұқсат берді. Талғат Қалиев зерттеуге қажетті қаражатты мемлекет емес, қоғамдық ұйым бөлгенін айтты.
"Сауал қоюшыға квота белгіленді. Ол 50 "әйел, 50 ер азаматтан жауап алады. Сосын жас ерекшелігі, әлеуметтік тобы, ұлты және тілі ескеріледі", - деді Қалиев.
Орталық сауалнама қағазын көрсетуден бас тартты. Мекеме болжамы бойынша, Тоқаев сайлау науқанында алда келеді. Одан кейінгі Әміржан Қосанов та қалған бес кандидаттан әлдеқайда озып тұр.
Орталық басшысы бұл зерттеуге Қазақстанның түрлі аймақтарынан шамамен 7000 азамат қатысқанын айтты.
Бұның алдында өз еркімен сауалнама жүргізгендерге айыппұл салынған еді. Соның бірі – Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының басшысы Марат Шибутов. Ол онлайн-сауал қойғаны үшін шамамен 100 доллар айыппұл төлейді. "Онлайн-сауалды сауалнамаға жатқызуға болмайды. Оны бұған дейін де жүргізгенбіз. Бұл сайлауда бәрі басқаша. Мен сауалды өзіме қызық болған үшін қойдым", – деді Шибутов.
Тәуелсіз саясаткерлер елде бір ғана ұйымның сайлау барысында сауалнама жүргізуін "жалған рейтинг" технологиясы деп атады.
Abai.kz