Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Саңлақ 7086 9 пікір 15 Маусым, 2019 сағат 21:45

Головкиннің гонорары неге аз?

Жақында атақты Forbes басылымы соңғы бір жылда ең көп табыс тапқан спортшылардың тізімін жариялады. Бұл тізімге қазақстандық боксшы Геннадий Головкин  де енді. GGG атанған отандасымыз әлемдегі ең табысты спортшылардың ішінде 95-ші орынға жайғасқан. Жалпы табысы 25,5 миллион доллар мөлшерінде.

Ал Головкиннің көне қарсыласы мексикалық Сауль Альварес 94 миллион долларға қалтасын қалыңдатып, 4-ші орынға табан тіреген. Осылайша, «Канело» соңғы бір жылда ең көп табыс тапқан боксшы атанды. Айта кетерлігі, бұл тізімде бір жылда 127 млн доллар табыс тапқан аргентиналық футболшы Лионель Месси көш бастап тұр.

Головкин бұл соманың көбін 9 маусым күні өткен Стив Роллсқа қарсы жекпе-жегі үшін алды. Ақпарат құралдарының жазуынша, Головкин бұл кездесуден 2 млн доллар гонорар алған. Ал су жаңа серіктесі DAZN платформасынан алатын сыйақыны қосқанда 15 млн табыс тапқан. Осы орайда отандасымыздың бұған дейін АҚШ жерінде өткізген әр кездесуі үшін қанша табыс тапқаны туралы мәліметтердің басын қосуды жөн көріп отырмыз.

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) бокс әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған боксшылардың бірі. Бұл жайлы «Головкиннің бокс тарихында алатын орны қандай?» деген тақырыппен жазған едік.

Геннадийдің 20 титулды жекпе-жекте жеңілмегенін үлкен жетістік ретінде бағалауға болады. Бұның ішінде 18 кездесуді нокаутпен аяқтаған. Осылайша, чемпиондық атақ үшін өткен жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жету көрсеткіші 90%-ға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша орта салмақта Марвин Хаглерге (92%) ғана есе жіберіп тұр.

Бұған қоса, Головкиннің 23 жекпе-жек қатарынан қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңіп, рекорд орнатқаны тағы бар. Сонымен қатар, GGG мақтанатын тағы бір көрсеткіш: оның барлық жекпе-жектерінде нокаутпен жеңіске жету салыстырмасы өте жоғары - 85% (41 жекпе-жек, 39 жеңіс, оның 35-і нокаутпен). Орта салмақта бұл ең үздік көрсеткіш саналады.

Солай бола тұра отандасымыз ұзақ жылдар бойы аса қомақты гонорар ала алмады. GGG-ге бокс жанкүйерлерінің көңілін көтергені үшін төленетін сыйақы Мигель Котто, Феликс Тринидад сынды боксшылардан әлдеқайда аз. Бұл жерде Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо секілді кәсіпқой бокстың «акулалары» алатын гонорармен салыстырып жатудың өзі артық.

Головкиннің бокс мәнері мықты, нәтижесі көрнекті, имиджі жағымды, қитұрқы әрекеттерден аулақ. Бірақ Мейвезер, Пакьяолардай құны неге қымбат емес? Бұл жерде GGG қазақстандық болғаны үшін АҚШ-та қолдауға бөлене алмай жүр деудің еш жөні жоқ. Себебі, украиналық Васи́лий Ломаче́нко, біз есімін қайталап айтып отырған Филиппин боксшысы Пакьяолар америкалықтардың сүйіктісіне айналғалы қашан?!

Кәсіпқой бокстың бір атауы бизнес екенін екінің бірі біледі. Ендеше, боксшы билет сатып аренаны толтыра алмаса, немесе ақылы (PPV) трансляция арқылы көрермен жинай алмаса, оған төленетін гонорар көлемі көп болмайды. Біріншіден, біздің Головкиннің бокс кешінде билет құны арзан. Екіншіден, ол PPV-трансляциясының нағыз жұлдызы саналмайды. Анығырақ айтсақ, Головкиннің жекпе-жегі HBO PPV арнасынан алғаш рет 2015 жылы 17 қарашада ғана көрсетілді (қарсыласы - Давид Лемье).

Головкин 18 титулды жекпе-жегін нокаутпен аяқтады деп отырмыз. Алайда, назар салып қараған адам аталған қарсыластардың айталықтай мықты емес екенін аңғарады. Бұл 18 боксшының 4-інде ғана әлем чемпионы немесе бұрынғы әлем чемпионы атағы болды.

Атап айтқанда Кассим Оума (сол кездегі көрсеткіші 27-7-1КО) мен Дэниэл Гил (сол кезде 30-2-16KO) бұрынығы әлем чемпиондары болатын. Ал Келл Брук (36-0) екі салмақ төмен - 147 фунтта чемпион атанған. IBF чемпионы Давид Лемье (34-2) - бос тұрған чемпиондық белдікке ие болған адам. Демек біздің GGG бірде-бір белі мықты әлем чемпионын тағынан тайдырған жоқ деген сөз. Сол үшін де отандасымыз үш бірдей ірі чемпиондық титулды иемденсе де, алатын гонорары азырақ болып жүрді.

Осы жерде сөзді сәл ертеректен бастауға тура келеді. Головкин 2006 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан бетте АҚШ-қа аттанған жоқ. Қайта Германия жерінде «Universum Box Promotion» промоутерлік компаниясымен жұмыс істеп жүрді. Неміс жерінде алғашқы сегіз жекпе-жегін қатарынан мерзімнен бұрын аяқтады. Габор Балог, Сергей Наварка, Сильвен Гомис, Саймон Мокоена секілді боксшыларды құм толтырған қапшықтай төмпештеді деуге болады. Тек 9-шы кездесуінде ғана франциялық Мехди Буадла 8 раунд бойы Головкиннің соққыларына шыдап бақты. Одан бөлек, 11-ші жекпе-жекте канадалық Ян Гарднер, 13-ші кездесуде алжирлік Амар Амари 8 раунд бойы нокаутқа түспей, ұпай санымен жеңілді.

Ал осыдан кейін біз айтқан 23 жекпе-жекке созылған нокауттар легі басталды. Қазақстандық машинаның нокауттар сериясын тек 37-ші кездесуінде Дэниел Джейкобс тоқтатты. Америкалық 12 раундқа шыдас бергенімен, бәрібір жеңіліс тапты. Ал 38 және 39-шы жекпе-жек Головкин үшін сәтті аяқталған жоқ. Бірінде тең түсіп, бірінде жеңіліс тапты. Бұл екі нәтиже де Сауль Альвареске қарсы кездесулерде тіркелді.

Алғашқы он сегіз кездесуінің біреуін Данияда, қалғанын Германияда өткізген Головкин қарық қып гонорар алған жоқ. Осыдан кейін, 2010 жылы ғана мұхит асып, кәсіпқой бокстың отанына табан тіреді. Сол елдің «K2 Promotions» промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Әрі даңқты мансабын да осында жасады.

Бірақ отандасымыз АҚШ-қа бара сала майлы шелпектен дәм тата алған жоқ. Америка нарығын ашу оңайға соқпады. Алғашқы жылдары жүз мыңдықтардың өзін үлкен табыс санап жүрді. Тек WBA нұсқасы бойынша тұрақты чемпион, IBO тұжырымы бойынша чемпион атанғаннан кейін ғана бірнеше жүз мың доллармен жүздесе бастады.

Мәселен, 2013 жылы америкалық Габриэль Росадоға (25-жекпе-жегі) қарсы өткен кездесуде 350 мың доллар табыс тапқан. Сол жылы өткен GGG - Матью Маклин кездесуінде табыс 350/300 мың болса, Кёртис Стивенспен өткен жекпе-жекте Головкин 400 мың, қарсыласы 290 мың доллар алды.

Арада бір жыл өткен соң отандасымыздың табысы көрнекті түрде жоғарлады. Атап айтар болсақ, 2014 жылдың шілдесінде аустралиялық Даниель Гилмен жұдырықтасқаны үшін 750 мың доллар алды. Дәл осы Гил ұзақ уақыт бойы Головкинмен кездесуден қашқақтап жүрген болатын. Тіпті, чемпиондық белдігінен де бас тартқан. Бұл кездесу үшін Гил 600 мың алды.

Сол жылы қазан айында мексикалық Марко Антонио Рубиомен рингке шыққаны үшін 900 мың доллар табыс тапты. Бұл жекпе-жекте WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық атақ сарапқа салынған болатын. Соған қарамастан мексикалыққа бұл жекпе-жектен бар болғаны 350 мың доллар бұйырды.

Головкиннің алғаш рет ақылы негіздегі (ppv) трансляцияға ие болған жекпе-жегі — Давид Лемьеге қарсы кездесуде отандасымыз 1,5 млн доллар табыс тапты. Әрі IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белдікті жеңіп алды. Ал канадалық боксшы бір миллион доллар алды. Бұл кезде 14-ші мәрте чемпиондық жекпе-жегін өткізгін GGG өз бетінше бокс кешінің билетін сата алатын бірінші деңгейлі боксшыға айналған. Соған сай табысы да арта түскенін байқауға болады.

Осыдан кейін америкалық Доминик Уэйдпен кездесуде 2 млн доллар табыс тапты. Қарсыласына 500 мың бұйырды. Ал Головкинге дейін ешкімнен жеңілмеген Келл Брукпен (36-0) кездесуде отандасымыз, тіпті, 5 млн алатын деңгейге де жетіп қалған еді.

Головкин/Дэниел Джейкобс жекпе-жегінде гонорар 2,5/1,75 млн мөлшерінде бөлінді. Бұған PPV-трансляциясынан түсетін табысты қоссақ, отандасымыздың сыйақысы тағы 30-40%-ға өскен болуы мүмкін.

Ал Головкин - Альварес жекпе-жегі жайлы әңгіме бөлек. Бұл мүлде өзге деңгейдегі кездесу болды. GGG бұл кештен мансабында тапқан жалпы табысынан да көп сыйақы алды. 2017 жылы қыркүйек айында өткен кездесу үшін қазақстандыққа 25 млн доллар төленді. Ал Сауль «Канело» Альварестің табысы бұдан кем дегенде екі есе көп болды.

Головкин «Канеломен» реванш алдындағы «дене қыздыру» жекпе-жегінде Ванес Мартиросянды екінші раундта ұрып жығып, 2 миллион доллар көлемінде табыс тапты.

Ал 2018 жылдың қыркүйек айында өткен Альвареспен екінші жекпе-жек Геннадий үшін ең табысты кездесу саналады. Бір жыл бұрын Альварестің айтқанына көнген отандасымыз бұл жолы табысты теңдей бөлеміз деп талап қойды. Чемпиондық белдіктің бәрі өзінде болғандықтан бұл талабы орынды да еді. Бірақ табыс бәрібір тең бөлінген жоқ. Тағы да Сауль сәл көп алды. Соның өзінде отандасымыз 40 млн доллар шамасында табысқа кенелген көрінеді. Головкин - Альварес реваншының HBO ppv арнасы арқылы көрілімі 1,1 млн-ға жеткен екен.

Головкиннің соңғы жекпе-жегі жайлы жоғарыда айттық. Отандасымыз бұл кездесуден 2 млн доллар гонорарға ресми серіктесі DAZN платформасынан алатын соманы қосқанда 15 млн табыс тапты. Қарсыласы Стив Роллстың гонорары 300 мың доллар болды.

Кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басқан жылдардан бері Головкиннің қол жеткізген табысы жайлы мәлімет осындай. Осы мәліметтерге қарап GGG-дің құны төмен деу орынсыз екенін байқауға болады. АҚШ-та ат-атағы жоқ алғашқы жылдары бірнеше жүз мың, ал атағы шыға бастағанда 500 мыңнан 1 млн шамасында алып жүрді. Ал кейін P4P рейтингісінде өз орны бар боксшылармен өткен кездесулерінде бірнеше миллион табыс тауып отырды. Сол үшін Головкин өзінің деңгейне сай және қарыластарының қарымына қарай гонорар алып жүр деуге болады.

Қуаныш Қаппас 

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973