Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9904 40 пікір 15 Маусым, 2019 сағат 11:30

Президент Тоқаев Жазушылар одағына екі көлік сыйлады

Бүгін, 15 маусым күні ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Қазақстан Жазушылар одағына қызметтік сапармен келді.

Кездесуде Аида Балаева ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде ақын-жазушылар қауымы маңызды рөл атқаратынын айта келіп, шығармашылық тұлғалардың ел үшін атқарған жұмыстарын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сәлемін жеткізіп, Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай мемлекет басшысы сыйлаған қос көліктің кілтін табыстады.

Биыл мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетті қабылдаған болатын. Ал бүгін Жазушылар одағына үлкен сый жасап отыр. Осының бәрі Президент Тоқаевтың ел руханияты мен мәдениетіне баса мән беретінін көрсетеді.

Сөз реті келген соң айта кетейік, Жазушылар одағы былтырғы жылы халықаралық деңгейде бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Елордамызға алдымен ақындар келіп, Әлемдік астаналарға арналған дәстүрлі поэзия фестивалін өткізді. Содан кейін іле-шала Азия мен Еуропаның қаламгерлері бас қосқан халықаралық форум болды. Алматы мен Елордамызға сөйтіп, саясаткерлер мен экономистер ғана емес, ақын-жазушылар келе бастады. Осының бәрін Жазушылар одағы қара жаяу жүріп жасай алды. Иә, рас, бір кезде атағы дүрілдеген одақ нарықтың қыспағында тізесі дірілдеген шағын ұйымға айналып қалып еді. Одақ басшыларының жаяу жүргендерінің нақты себебі осыдан кеп шығады.

Айтпақшы, өткен бейсенбіде Жазушылар одағына қараған Шығармашылық үйі қайта жасақталып, Шипажайға айналды. Шипажай көпшілікке және қаламгерлерге қызмет көрсетеді.

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972