Қазақтың ауыз әдебиеті хақында...
Қазақ ауыз әдебиеті ғасырлардан ғасырға жасап келе жатқан ауқымы өте кең дүние. Оның бәрін шолып, баға берудің өзі оңай шаруа емес. Дегенмен, мен қазақ ауыз әдебиетінің сала-саласына қысқаша шолу жасап, ұлт мәдениетіндегі атқарған рөлі, маңызы туралы сөз қозғамақпын. "Қазақ халқында өркениетті мәдениет болған ба?" деген сұраққа бүгінгі жастардың көбі жауап та бере алмай қалуы мүмкін. Мен осы аталмаш мақалада осы сұраққа жауап беруді мақсат тұттым.
Қазақ ауыз әдебиеті туралы сөз қозғаудан бұрын, қазақтың әлі күнге дейін толық зерттелмеген ерте дәуірдегі тарихынан бір ауыз сөз айта кетейін. Қазақтың бүгінгі тарихы XV-ғасырдағы Керей хан мен Жәнібек ханнан басталды" деп жүрсек, ол "одан бұрын қазақ жұрты болмаған" деген сөз емес. Түрік қағанаты тұсында да, Оғыз қағанаты тұсында да, Шыңғысханға дейін де қазақ елі батысы сонау Қырым, шығысы Алтайға дейінгі алып аймақты мекендеген. Солтүстігі Тобылдан асып кетсе, оңтүстігі Парсы елімен шекаралас болған. Оның дәлелі Түрік қағанатынан әріде өмір сүрген алтын адамдардың (Есіктен, Шығыс Қазақстаннан, Батыс Қазақстаннан) табылуы. Сосын Алтайдан табылған "Орхон жазуы". Бүгінде ғалымдар бұл ескерткішегі жазудың қазақ тіліне жақындығын дәлелдеп шықты.
Қазақ жерінен табылған мұндай ғаламат ескерткіш мұраларды "Өркениетті мәдениеті дамыған" делінетін Шығыс Азиядан да, Еуропадан да таба алмайсың. Қазақ жерінен табылған Алтын адамдар мен Орхон жазуының тарихи құндылығы тек бес мың жыл бұрынғы Египет өркениетінің жәдігерлерімен теңеседі.
"Өркениетті мәдениет" дегеніміз не? Ол - әдебиеті, ол - өнері дамыған ел туралы айтылатын анықтама. Олай болса, мен қазақтың ауыз әдебиеті, өнері (музыкасы, қолөнері) сонау VII-ғасырдан, Түрік, Оғыз қағанаты кезінен "басталған" деп нақты айта аламын.
"Батырлар жыры" әлемдік әдебиет жауһарларынан кем емес
"Батырлар жыры" қазақ ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ, әдеби асыл мұрасы. Оның ішіндегі "Қобыланды батыр жырын" алғаш (XIX- ғасырда) Шоқан Уәлиханов, одан кейін қазақ батырлар жырына орыстың ғалым этнографтарыда назар аударды. XIX-ғасырдың аяқ кезінде Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин мен этнограф Ә.Диваев "Қобыланды батыр" мен "Алпамыс батыр жырын араб ғарпінде Қазан қаласында бастырып, шығарған. "Қобыланды батыр" жырына алғаш ғылыми талдау жасаған Әлихан Бөкейханов. Оның тұжырымында "Қобыланды батыр" жыры ғасырлардан ғасырларға асқанда әр жырау өз жанынан оқиғалар қосып, дамытқан" деген қорытындыға келген. Уақыт талабына сай талай ғасыр ішінде "Қобыланды батыр жырының" мазмұндық өзгеріске ұшырауы заңды құбылыс. Сондай ақ, бүгініге дейін ел арасынан "Қобыланды батыр" жырының жиырмадан астам түрі табылуы да назар аударатын мәселе.
"Қобыланды батыр" жеті буында жазылған қазақ эпосының ең ұзақ жырының бірі. Бұл импровизациялық жыраулық үлгі. Жырда Қобыландының балаң жігіт боп жетілген образын бейнелейтін мынандай жолдар бар
...Қобыланды келеді,
Алтын қабақ тұрғаны,
Қобыланды батыр көреді,
Енді атынан түседі,
Қолына алып, садағын,
Бабаларына сыйынып,
Үстіндегі киімнен,
Түгі тұтам өтеді,
Қабағынан қар жауып,
Мұртынан мұз жауып,
Құм беттеніп, қызарып,
Саз беттеніп, сазарып,
Қобыланды атқан оқ,
Қара тастан өтеді,
Ақ теңгеге жетеді,
Шылдыр етңп, ақ теңге,
Енді жерге тұседі...." деп ағылып, әрі қарай жеті буынмен төгіле береді.
Қобыланды батыр образы, жарқын бейнесі ғасырлар бойы халық санасында жаңғыра берді.
Кейбір ғалымдардың болжауынша "Қобыланды батыр" жыры XV-ғасырдың туындысы деп те айтылып жүр. Менің пайымымша "Қобыланды батыр" жырының басты оқиғаларының бірі XIV-ғасыр оқиғаларынан басталған. Жырда Қобыланды батыр өз елінің кегін қайтару үшін Қызылбастың ханы Қазанмен шайқасады. Жырдағы "Қазан хан" деген кім?.
Тарихта "Қызылбастың ханы" дейтін, яғни Парсы елінің ханы болған бірақ адам бар. Ол - Қазан хан. Ол Парсы елінің билігіне 1290 жылдары келген. Әкесінің аты Арғын би. Парсы елін бұл кездері Шыңғысханның ұрпағы Толыханның ұрпақтары билеген. Арғын би сол Толыханның ұрпақтарына қызмет еткен би. Қазан ханның Парсы еліне хан болуына әкесі Арғын сеп болған. Қазан хан парсы еліне билігі жүріп тұрған кезде Каспий теңізінің батысы арқылы Азербайжанды басып өтіп, Алтын орда хандарымен шайқасып жеңген. Сол кездегі тарихи оқиғалармен сабақтастырсақ, Қобыланды батыр "кек алам" деп, Қазан ханның еліне аттануы осы тұстан басталады. Солай десек, "Қобыланды батыр" жырының басты оқиғасы XIV-ғасырдың орта тұсындағы оқиғаларға тұспа тұс келеді екен. Сондықтан, "Қобыланды батыр" жыры XIV-ғасырдың аяқ тұсында шығарылған" деген тұжырым жасауға болады.
"Батырлар жырының" ішіндегі ең көрнектілерінің бірі - "Алпамыс батыр" жыры. Әдебиеттанушылар да, этнограф ғалымдар да бұл жырды мазмұндылығы, оқиғаларының ширатылуы, көркем тілі жағынан Грекияның "Одиссейясымен", қырғыздардың "Манасымен" салыстырады. Кей ғалымдардың айтуы бойынша "Алпамыс батыр" жыры IX-ғасырда шыққан. Жырда XII-ғасыр оқиғаларының суреттері бар. XVII-XVIII-ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Алпамыс батырдың қалмақ батырымен шайқасы кезіндегі Алпамыс батырдың жойқын ерлігі керемет бейнеленген. Мәселен, жырдағы пәлен мың жолдан кейінгі бір сурет мынадай:
"...Бұл қалмағың ұрады,
Ұстап тұрған қалқаны,
Кесек кесек ит болып,
жерге ұшып түседі.
Тұлпарлар кіріп, тізеден,
Баршасы аман қалады,
Алпамыс алды шоқпарды,
Аямады ұрады,
Атаңа нәлет, ит қалмақ,
Өгіздейін өкіріп,
Аттандайын бақырып,
Бұданда аман қалады,
Қару тамам болған соң,
Ат үстінде алысты,
Белге шынжыр салысты,
Бірін бір ала алмай,
Қалмақ пенен жас бала,
Үш тәуліктей алысты....
.....Қысылғанда жас бала,
айғайға енді салады.
...Бабаларын шақырып,
Қалмақты жерден көтерді,
Екі аяғы сереңдеп,
Мұрнынан ағып қан кетті,
Қалмаққа қолы батады,
Өлуге қалмақ қарады..." деп жыраулар жас Алпамыстың қалмақ батырын жеңгендегі ерлігін шебер суреттеген.
"Батырлар жырының ауыздан ауызға көшіп, ғасырлардан ғасырға асып, бүгінге дейін жетуінің басты себебі, ол жырлардың ұлтымызға рухани күш беретін асыл қасиетінде еді.
"Ер тарғын", "Қамбар батыр", "Ер төстік" жырлары да осындай биік құндылықтарымен ғасырдан ғасыр бойы ел аузынан түскен емес.
"Батырлар жыры" ішіндегі асыл тастай қадірлі шығарма "Қырымның қырық батыры" атты жыр. Бұл жыр Алтын орданың билігі үстем боп тұрған кезде, қазақ пен ноғайлы елі қонысы бір боп тұрған кезде шыққан.
"Қырымның қырық батыр" жырын түркімендер де, өзбектер де, ноғайлар мен қарақалпақтар да ғасырлар бойы жырлаған, Алты Алаш жұртына кең жайылған жыр еді.
Ғылыми зерттеу қорытындысы бойынша "Қырымның қырық батыры" жырының авторы Сыпыра жырау. ХХ -ғасырда "Қырымның қырық батыры" жыры Мұрын жыраудан жазылып алынған.
Бір сөзбен айтқанда "Қазақ батырларының жыры", қазақ эпосы ғасырлар бойы қазақ ұлтына рухани тірек болды.
Әсіресе, жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ батырларының намысына жалау болды.
Қазақтың абыз, алып жыраулары туралы...
Қазақтың жыраулық өнерінің тамыры өте тереңде жатыр. Өткен ғасырдың 60-жылдардың аяғында жазушы М.Мағауиннің жинақтауымен "Алдаспан" атты қазақ жырауларының шағын жинағы шықты. Одан кейін орта ғасыр жырауларының шығармалары біршама жинақталып, "Бес ғасыр жырлайды" деген атпен бірнеше томдық болып жарық көрді. Атынан көрініп тұрғандай бұл жинақта XV-ғасыр мен XX-ғасыр аралығында өмір сүрген жыраулардың шығармалары берілген. Яғни, бұл жерде "XV-ғасырдан бұрын қазақ елінде жыраулар болмаған ба?" деген заңды сұрақ туындайды.
Қазақ ауыз әдебиетінің ең ерте дәуірдегі жырауларының бірі - Қорқыт жырау. Жырауды зерттеген бұрынғы ғалымдардың айтуы бойынша, Қорқыт жырау X-ғасырда, Сырдария бойында, Оғыз қағанаты кезінде өмір сүріп, кейінгі ұрпағына терең философиялық мұралар, жырлар, күйлер қалдырған. Қорқыт бабаның есімі Рашид ад диннің, Әбілғазы ханның еңбектерінде аталған.
Қорқыт бабаның осы күнге дейін жеткен кейбір философиялық мәні зор мәтелдерін мысалға келтіре кетейін:
"Менмен тәкәппар адамды тәңір сүймейді".
"Басқалардан өзін ұлық санаған адамға Тәңірі бақ бермейді".
"Күлді қанша үйгенмен төбе болмайды".
"Қара есектің басына қанша жүген салсаң да тұлпар болмайды" деген сөздері он ғасыр бойы ұмытылмай, бүгінге дейін жеткен.
Қорқыт баба сондай ақ, әулие, сәуегей бақсы, қабырғалы қобызшы, күйші болған. Қорқыт бабаның қобыз күйлері қазақ даласын ғасырлар бойы күңірентіп, елге рухани жан берген Ұлы әуен болды.
Қазақ жырауларының ішінде Асан қайғының орны бөлек. Асанқайғы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Керей хан мен Жәнібек ханның елді Мауреннахрдан бөліп, Балқашқа қарай бастаған қиын кезеңі болса керек. Сондай алмағайып кезеңде Әз Жәнібек ханға Асан қайғы:
"Ай, хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан елің бар,
Аймағын көздеп көрмейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің!?
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр, ішіп жеп,
Оны неге білмейсің?,
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан,
Мұны неге білмейсің?
Құлдын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі,
Аққу құстың төресі,
Ен жайлап көлде жүреді,
Аңдып жүрген көп дұспан,
Елге жау боп келеді...." дейді. Содан сөзін тыңдамаған Әз Жәнібекті тастап, Сырдариядағы елге кетіпті. Халқының келешегін көп ойлаған Асанқайғы содан "Қазаққа жайлы қоныс болатын жер бар ма екен?" деп қазақ жерінің батысы мен шығысын, солтүстүгі мен оңтүстігін түгел аралап, әр аймақтың адамға малға құт бола алатын қасиеттеріне тоқтап, үлкен тарихи жыр қалдырған екен ұрпаққа. Асан қайғының сол кезде қазақ жерінің құтына берген бағасы әлі күнге ұрпақ аузында.
Қай ғасырды, алсақ та, қазақ жырауларындай абыз, алып жырауларды қазақтан басқа елде кездестіру тіпті мүмкін емес. Олардың есімдерінің өзі кез келген елдің мысын басады. Мәселен,басы XIX- XV-ғасырлардан бастау алатын Сыпыра жырауды, Қазтуған жырауды, Жиембет жырауды, Шалкиіз жырауды, Марқасқа жырауды, Ақтамберді жырауды, Тәтіқара жырауды, Үмбетей жырауды, Жанақ, Шал ақындарды атасақ та, қазақ ауыз әдебиетінің абыройын мәңгілікке көкке көтеріп тұратын тұлғалы жыраулар екені сөзсіз...
Бұхар жырау
Қазақ ауыз әдебиетіндегі ерек тұлға, ұлы тұлға Бұхар жырау еді. Бұхар жырау ұзақ өмір сүрген кісі. Тәуке хан заманында көрген. Жоңғар шапқылығының алғашқы кезеңін бастан кешкен. Үш жүздің қазағының басын қосып, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырған. Бұхар жырау Әбілхайыр ханмен қазақ халқының жоңғарларды алғаш жеңгенін көріп қазақ батырларына рухани қолдау көрсеткен. Бұхар жырау Бөгенбай батырдың, Қабанбай батырдың. Шақшақ Жәнібек батырдың қалмақтармен айқас кезінде көрсеткен талай ерліктеріне куә болған.
Бұхар жырау Абылайдың қалмақтарда тұтқын болған кезін көріп, одан кейін үш жүзге хан боп сайланғанын да жырға қосты. Бұхар жырау Абылай ханның ақылшысы болды. Бұхар жырау Абылай ханның жоңғармен шайқасқан кезіндегі ерлігін де жырлады.
Бірде Абылай "Асан қайғы "Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар" деген екен, осы сөзді мәнісі жоқ сияқты ғой, оған не айтасыз?" деп қасында тұрған Бұхар жыраудан сұраған екен, Сонда Бұхар жырау атының басын терістікке бұрып:
"Өзің қоңған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып, шеті барды ойла!
Атбасар мен Қалқұтан,
Балығы тәтті су еді,
Өзен бойын шандып ап,
Сүзекісін салды, ойла!
Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар, Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан
Қараөткелді салды, ойла!
Баянауыл, Қызылтау,
Оныда кәпір алды, ойла!
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды артын,
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Ұлытау шегі Созақтан,
Берекелі жерлерден,
Шұбырып, қазақ кетті, ойла!
Қоршап алған көпір бар,
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірден шаншу қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла! дейді де, "Асан қайғының сөзінің мәнісі осы еді деп, Бұхар жырау атын тебініп, жүріп кетіпті.
"Бұхар жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері кең, ол жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлікті жырлайды, ұлықтайды" дейді Бұхар жырау шығармаларын зерттеген Мәшһүр Жүсіп.
Бір сөзбен айтқанда, әулие, философ, Бұхар жыраудың ұлы бейнесі осындай.
Төле, Әйтеке, Қазыбек билер туралы...
Шешендік сөздер де қазақ ауыз әдебиетінің ең маңызды салаларының бірі. Қазақтың әулие, Сөз құдіретін бойына дарытқан ұлы шешен билерінің өз заманында айтқан сөздері ғасырлардан ғасырға ұмытылмай, ауыздан ауызға көшіп, бүгін заманға жетіп, әр дәуірдің ұрпақтарына рухани жебеуші болып келеді.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің шешендік сөздері сонау ерте дәуірдегі Рим мемлекетінің атақты қайраткер шешендері Цицеронның тарихта қалған сөздерінен бірде кем емес. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сонау Тәуке хан заманын да көрген кісілер. Бұхар жырау бір толғауында:
"Шығайдан соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде "Әз Тәуке" деген атақ алды.,
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылман боп,
Дейтұғын "Жеті жарғы" Заң шығарды..." депті.
Сөз құдіретін алмас қылыштай ойната білген Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би ел арасындағы дауларды бір ақ ауыз сөзбен шешіп, румен руды, елмен елді татуластырып отырған. Қазақтың Ұлы үш биі Үш жүздің бірігіп, ынтымақты болып, Қалмақ жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырып, жеңіске бастап, қазақ жерін қалмақтардан тазартуға себепкер болған қайраткерлер. Төле бидің, Қазыбек бидің. Әйтеке бидің XVIII-ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде айтқан ұлы шешендік сөздері бүгінде қазақ ауыз әдебиетінің асыл мұрасы боп қалды.
Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің ұлағатты шешендік сөздері бүгінгі біраз ұрпақтың жадында. Жиындарда, тойларда Үш жүздің Ұлы билерінің сөздерін үлгі қылып, айтып жүрген азаматтарды да көріп жүрміз.
Сондықтан мен бұл жолы үш бидің елге белгілі шешендік сөздеріне тоқталмай, кешегі де, бүгінгі де қазақтың образын бейнелеген 14 жасар Қазыбектің (болашақ бидің) Жоңғарларға елшілікке барған кезде айқан сөзін мысалға келтіре кетейін. Қалмақтар қазақ жағынан келген елшілергі көңілдері толмай, "Ал енді басқа не айтарларың бар?" деп сұрағанда Қазыбек бала:
"Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз,
Елімізден құт береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзамызға жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз,
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм тұзды ақтай білген елміз.
Бірақ, асқақтаған жан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса , құл боламын" деп тумайды,
Анадан қыз туса, "күң боламын" деп тумайды,
Ұл қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз.
Қазақ қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
Танысуға көнбесең,
Алысқалы келгенбіз!" дейді. Бұдан асқан қазақтың кім екенін танытар сөз болар ма!
Севан Ревтан Қазыбектің сөзіне қарсы айтар сөз таба алмай , қазақ тұтқындарын босатқан екен деседі.
Міне, Қазақ ауыз әдебиетіндегі шешендік сөздердің тарихымызда қалған Алтын қорының бір мысқалы осындай! Қазақ ауыз әдебиетінің осындай асыл мұралары ғасырлардан ғасырларға, ауыздан ауызға көшіп, ұлтымыздың рухани Туы, намысының жалауы болып, келешекке бастап келеді.
Жұмат Әнесұлы
Abai.kz