Жексенбі, 24 Қараша 2024
3635 0 пікір 20 Маусым, 2019 сағат 11:42

Сал ауруына шалдыққан балаларды емдейтін "Мейірім" орталығы ашылады

Маусым айының 28 жұлдызында Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында балалардағы церебралды параличті (ДЦП) емдейтін "Мейірім" атты орталық ашылады, – деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Райымбек ауданындағы көптеген игілікті шаралардың ұйытқысы болып жүрген «Ұлағатты ұрпақ» тәрбиелеу жобасының ұйытқы болуымен ашылатын бұл орталық Қарасаз ауылының ауруханасының жанынан ашылмақ. Біз осы жобаны іске асыруға ат салысып жүрген «Ұлағатты ұрпақ» жобасының мүшесі Әкімхан Назерке Саянқызымен аз-кем сұхбат құрған едік.

Әкімхан Назерке Саянқызы

– Бұл жобаны қолға алуыңызға не түрткі болды?

– "Жол азабын жүрген біледі" демей ме? Әркім өз басынан тағдыр тауқыметін өткізбейінше басқа адамның қайғы-мұңын сезіне білуі өте сирек жағдай ғой. Мен де анамын. Менің де балам ерекше боп туылды. Балам қанша ауырса да, әрдайым балама сау баладай қарайтынмын. Балалармен араластыруға тырысатынмын, бірақ біздің қоршаған орта ерекше балаларды қабылдауы өте қиын. Біреуі күліп саусақпен көрсетсе, біреуі жаны ашып аянышпен қарайды. Сондай кездерде баламның жанарына қарап жасын көріп өзім де баламмен бірге жылаған кездерім болды. Оңалту орталықтарына барып тегін лфк, массаж алу үшін айлап кезекте тұратынбыз. Сондағысы он-ақ күн ем шараларын жүргізеді. Ал ДЦП балалардың аяқтарына тұрып кету үшін, үздіксіз лфк массаж керек. Бала одан кейін қайтадан екі-үш айлап үйде жатады. Бір күні арнайы жүрмейтін балаларға арналған ішінде барлық ем түрі бар Алматы қаласында «Мейірім» деген балабақша ашылғанын естіп қуанып, баламды сол балабақшаға апарғым келді. Барып едік, "сіздің балаңызда судороги және де психикалық ауытқулары бар, біз балаңызды ала алмаймыз, басқа балаларға қосу қауіпті" деді. Мен "жоқ балам ондай емес, ол бәрін түсінеді, ол араласып ойнап кетсе, өзге балалармен тез тіл табысады" деп баламды ақтап жатқаным сол еді, балам дәрігердің пейілін сезді ме білмеймін оның шашынан жұлып, бас салды. Дәрігер "мынандай баланы мүлдем ала алмаймыз" деп жүрегіме бататын сөздер айтып шығарып салды. Баламды құшақтап ол жерден де шықтық. Шыға салып еңіреп тұрып бір жылап алдым да, көзімнің жасын сүрттім. "Елге жасап жатқан мейірімдерің осы ма, мен сендерге әлі көрсетемін, осындай бір орталықты өзім-ақ ашып аламын" деп өзіме сөз бердім. Содан Алланың қалауымен "Ұлағатты ұрпақ" тәрбиелеу жобасына келіп өз ұсынысымды айттым. Ондағы азаматтар менің ұсынысымды бірден  қабыл алып, көмек қолын созып, жобаның жұмыстарына бірден кірісіп кеттік.

– Неге бұл орталықты халқы көп қаладан емес, ауыл балаларына арнап ашуды ұйғардыңыз?

– Былтыр қыста баламның дәрісі тендердің кешігуіне байланысты үш айға берілмей қалды. Бір дәрі қырық мың тұрады. Сол кезде өзіміздің ерекше баласы бар аналардың WhatsApp-тағы тобына жазысып, қолымызда бар аз дәріні бөлісе бастадық. Осы оқиғадан кейін өзімді ғана емес, басқа аналарды да, ойлайтын болдым.  Біз жарайды қалада тұрамыз, интернет бар. Ал ауылды жерде ата-аналардың жағдайы қалай? Мені осы сұрақтар мазалай бастады. Ер туған жеріне дегендей, «Ұлағатты ұрпақ» жобасының жігіттері өздері туып өскен ауданның балалары үшін барын сап жүгіріп жүрген жігіттер болған соң, солармен бірігіп жұмыс жасай жүріп аудандағы барлық ерекше туған балалардың мәліметтерін жинап, зерттеу жүргіздік. Сонда байқағаным ауылдағы ерекше туған балалардың басым көпшілігінің жағдайы шынымен алаңдатарлық екен. Аллаға шүкір, аудан орталығында арнайы орталық ашылып, өз жұмысын өте жақсы істеуде. Бірақ көптеген ата-ана үмітсіздікке салынып кеткен. Емдетуге, оқытуға аса ынталы емес. Соларға бір үміт сыйлайық деп аудан орталығынан алыстау жатқан қасиетті Қарасаз ауылын таңдап алдық. Оның үстіне Қарасаз бен көрші жатқан Шалкөде ауылдарында ерекше туған балалар саны көбірек анағұрлым көбірек көрінеді.

– Кабинетті ашудағы ең бірінші мақсатыңыз?

– Кабинетті ашудағы басты мақсатымыз балалар үйде зерігіп жатпай, балалармен араласып, жалғыз емес екенін түсініп, сабақ оқып үздіксіз лфк, массажын  алып тұрса екен дейміз.  Арнайы жабдықталған душ кабинеттерін де жасап қойдық, сол жерде үйлерінде жуынатын жері жоқ балаларды жуындарып алса дейміз.

– Бұл идеяны іске асыру ушін қандай жұмыстар жасалды?

– Ең алдымен әр баланы аралап, танысып, мерекелерімен құтықтап шықтық. "Оңалту орталықтарына барып ем шараларын қабылдап жатыр ма? Мемлекет тарапынан көмектер беріліп жатыр ма?" деген секілді мәліметтер жинадық. Керек жабықтарын барынша алып беруге тырыстық. Балалардың ауру түріне байланыста анкеталар дайындап, үш топқа бөліп алдық. Ауыл ауылға бөліп екі үш ауылға (он шақты) балаға ыңғайлы болатын жерден ЛФК ойын кабинетін ашсақ деп шештік.

– Алдағы уақытта жобаға байланысты қандай жоспарларыңыз бар?

–  Алға қойған мақсаттарымыз өте көп. Алла қаласа әр облыстан кем дегенде он кабинет ашсақ деген жоспарымыз бар. Әр баланың қоғамға керек екенін сездіріп, қадам басып, үлкен  белестерге жетуге қол ұшымызды берсек дейміз. Осы жобаны іске асыруға көмектескен «Ұлағатты ұрпақ» жобасының барлық мүшелеріне, Алматы облыстық денсаулық басқармасына, Райымбек ауданының әкімшілігіне, аудандық аурухана ұжымына, аудандағы барлық әлеуметтік қызметкерлерге, Қарасаз ауылының ауруханасына және демеушілік жасап жатқан барлық азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592