Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3660 0 пікір 3 Шілде, 2011 сағат 08:17

ТЕНДЕР СӨЗ ЕРТПЕСЕ...

Ақпарат саласына мемлекеттiк тапсырыс беру үрдiсi осыдан 13 жыл бұрын басталған екен. Осы уақыттан берi газет-журналдарға мемлекеттiк тапсырыс беру тәртiбi, ережесi бiршама өзгерiске ұшырады. Бүгiнгi әңгiме тендердiң тәртiбi туралы ғана емес, оның тиiмдiлiгiне де қатысты болмақ.

Кеңестiк қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары толықтай мемлекет қарауында болғаны рас. Ал заман талабына орай ақпарат саласы өзгере бастағанда, мемлекет меншiгiндегi баспасөздiң саны азайып, жекеменшiк нысандағы газет-журналдар саны артты.
Сараптамалық ұйымдар альянсы деген ұйым жақында 2010 жылдың есебiн жариялап, мынандай мәлiмет таратты: Қазақстанда қазақ тiлiнде шығатын басылымдар көлемi бар-жоғы 5,99 пайызды құрайды екен. Бүгiнгi таңда елде 2700 мерзiмдi баспасөз бар. Оның 453-i мемлекеттiк тiлде, ал 2303-i орыс тiлiнде шығады.
Бұлардан бөлек республика аумағында 5,2 мың ресейлiк баспасөз өнiмдерi таратылады. Олардың 2,7 мыңы ғана кезiнде Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде тiркелген. Жалпы, Қазақстанда баспасөз өнiмдерi 33 тiлде шығады. Осындай көлемдегi ақпарат кеңiстiгiнде қазақтiлдi басылымдардың үлесi 6 пайызға да жетпейдi.

Ақпарат саласына мемлекеттiк тапсырыс беру үрдiсi осыдан 13 жыл бұрын басталған екен. Осы уақыттан берi газет-журналдарға мемлекеттiк тапсырыс беру тәртiбi, ережесi бiршама өзгерiске ұшырады. Бүгiнгi әңгiме тендердiң тәртiбi туралы ғана емес, оның тиiмдiлiгiне де қатысты болмақ.

Кеңестiк қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары толықтай мемлекет қарауында болғаны рас. Ал заман талабына орай ақпарат саласы өзгере бастағанда, мемлекет меншiгiндегi баспасөздiң саны азайып, жекеменшiк нысандағы газет-журналдар саны артты.
Сараптамалық ұйымдар альянсы деген ұйым жақында 2010 жылдың есебiн жариялап, мынандай мәлiмет таратты: Қазақстанда қазақ тiлiнде шығатын басылымдар көлемi бар-жоғы 5,99 пайызды құрайды екен. Бүгiнгi таңда елде 2700 мерзiмдi баспасөз бар. Оның 453-i мемлекеттiк тiлде, ал 2303-i орыс тiлiнде шығады.
Бұлардан бөлек республика аумағында 5,2 мың ресейлiк баспасөз өнiмдерi таратылады. Олардың 2,7 мыңы ғана кезiнде Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде тiркелген. Жалпы, Қазақстанда баспасөз өнiмдерi 33 тiлде шығады. Осындай көлемдегi ақпарат кеңiстiгiнде қазақтiлдi басылымдардың үлесi 6 пайызға да жетпейдi.
Осыдан соң, мемлекеттiк тiлде шығатын мерзiмдi баспасөзге мемлекеттiк қолдау керек емес деп көрiңiз! Оның үстiне, қазақтiлдi басылымдардың денi елдiң тыныштығы мен бiрлiгiн сақтауда, ұлт мүддесiн қорғауда үнемi алдыңғы шепте жүредi.
Дегенмен осы есепте мемлекеттiк тапсырыстың арқасында мемлекеттiк тiлде шығатын басылымдардың саны жыл санап көбейiп келе жатқаны айтылған. Қазақтiлдi басылымдардың 70 пайызы мемлекеттiк бағыт ұстанатындығы осының көрiнiсi болса керек.
Ақпарат саласы нарық заңдылықтарына сай мемлекеттiк меншiктен алыстаған соң, 1998 жылдан бастап мемлекеттiк тапсырыс түрiнде баспасөзде материалдар жариялау тәртiбi енгiзiлдi. Мемлекеттiк тапсырысты меншiк түрiне қарамастан кез-келген бұқаралық ақпарат құралы жеңiп алуға құқылы. Үкiмет пен жергiлiктi мемлекеттiк органдар мемлекеттiң атынан БАҚ-тарда әлеуметтiк маңызы бар тақырыптардың жазылуын қаржыландырады. Республикалық және аймақтық ақпарат құралдарына мемлекеттiк тапсырыс беру ашық байқау нәтижесiнде берiледi. Алғашқы жылдары мұндай байқауға мемлекеттiк меншiктегi ақпарат құралдары қатысса, жылдан-жылға жекеменшiк БАҚ-тардың саны артып келедi. 2004 жылы тендерге 72 (оның 46-ы - газет-журналдар, 26-ы - телевидение-радио), 2005 жылы - 85 (54-i - мерзiмдi баспасөз, 31-i -электронды БАҚ), ал 2009 жылы - 77 бұқаралық ақпарат құралы қатысқан.
"Тендер" терминi ағылшынның tend қызмет көрсету сөзiнен шыққан екен. Бiр жағынан, мемлекеттiк тапсырыс беру iсi демократиялық қағидаларға сай ашық жол. Бұқаралық ақпарат құралдары белгiлi бiр деңгейде мемлекеттiк тапсырысты орындаса да, бас бұғауын бермейдi, сөз бостандығы құқығы сақталады. Жалпы, осындай жолмен мемлекеттiк тапсырыс беру үлгiсi АҚШ-та да, Еуроодақ елдерiнде де кең тараған.
Мемлекеттiк тапсырыстың неге ресейлiк басылымдардың қазақстандық қосымшаларына берiлетiндiгi басқа мақаланың өзегiне лайықты. "Комсомольская правда", "Известия-Казахстан" "Московский комсомолец", "Аргументы и факты" газеттерi мұндай мемлекеттiк тапсырысты жыл сайын алып жүр. "Украiнськi новини", "Уйғур авази", "Дойче альгемайне цайтунг", "Коре ильбо" сияқты ұлттық басылымдар да мемлекеттiк қаржыландырудан құралақан емес.
Жалпы, мемлекеттiк сатып алу - қоғамның барлық саласында ұдайы дауға шатылатын мәселе. Себебi бұл салада әлi түйiнi тарқатылмаған мәселе көп. Ең үлкен түйткiл - мемлекеттiк сатып алуға байланысты мемлекеттiк органдардағы жемқорлық пен сыбайластықтың өршуiнде. Байқау түрiнде өткiзiлген тендер барысында белгiлi бiр топтың немесе белгiлi бiр мекеменiң мүддесiн қорғау жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың өзегi. Осы себептi, 2007 жылы қабылданған "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Заңға сол уақыттан берi бiрнеше мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп, жаңартылып келедi. Дүйсенбi күнi премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Парламенттiң қос палатасының отырысында осы заңды тағы да қайта қарау керектiгiн мәлiмдедi.
Жыл сайын Қазақстанда мемлекеттiк тапсырысқа орасан зор қаржы бөлiнедi. Мысалы 2009 жылы осы мақсатта 2,2 млрд. теңге бөлiнген (15 млн. АҚШ доллары шамасында). Оның 1,9 млрд. теңгесi газеттер мен журналдарға, ал 0,3 млрд. теңгесi электронды БАҚ-тарға берiлген.
Соңғы екi-үш жылда ақпараттық саладағы мемлекеттiк тапсырыс көлемi орта есеппен 30 пайызға ұлғайған екен.
Былтыр Алматыда өткен үшiншi медиақұрылтайда мемлекеттiк тапсырыс мәселесi талқыланған едi. Республиканың түкпiр-түкпiрiнен келген 150-дей журналист өз ойларымен бөлiстi. Осы құрылтайда Қазақстан пресс-клубының президентi Әсел Қараулова ICC Business Advisors компаниясы жүргiзген сауалнама нәтижесiн жариялады. Оның қорытындысына сәйкес, қазақстандық БАҚ-тар бұрынғысынша iшкi рынокта да, сыртқы рынокта да бәсекеге шыдас бере алмайды. Мамандар мұның басты себебi ретiнде басқарудағы кемшiлiктер мен материалдық-техникалық базаның осалдығын атап көрсеткен.
Материалдық базаның осалдығы журналистер жұмысының сапасына керi әсер ететiн болғандықтан, бұл саладағы мемлекеттiк қолдаудың әлi өзектi екенi анық. Әсiресе, мемлекеттiк тiлдегi БАҚ аяғынан нық тұруы үшiн мемлекеттiк тапсырыстың ықпалы зор болмақ. Осы жиында "Ақ жол" партиясының жетекшiсi Әлихан Бәйменов Байланыс және ақпарат министрлiгi жанынан мемлекеттiк тапсырысты ұйымдастыратын қоғамдық кеңес құруды ұсынды. "Мен Болат Берсебаевқа БАҚ-та мемлекеттiк тапсырыс құрылымын реттейтiн қоғамдық кеңес құруға кеңес берер едiм, себебi мемлекет пен БАҚ қожайындарының мүддесi әр уақытта сәйкес келе бермеуi мүмкiн", - дедi саясаткер.
Ал 25 мамырда Астанада Мерзiмдi баспасөз бен электронды БАҚ басшыларының жалпыұлттық басқосуы болып өттi. Бұл жиынды Бас редакторлар клубы мен Қазақстан Журналистер одағы бiрлесiп ұйымдастырған. 200-ден астам делегат жиналған басқосуда Парламент пен Үкiметке арналған Мәлiмдеме қабылданды. Бас редакторлар БАҚ-қа мемлекеттiк қолдау көрсетуге байланысты жаңа заң қабылдау керектiгiн айтады. Осы мәлiмдемеде мемлекеттiк тапсырысқа қатысты мынандай жолдар бар:
1-тармақтың б-тармақшасы. Барлық БАҚ-тарға олардың таралымы мен көрермен (оқырман) аудиториясын қамту ерекшелiгне орай мемлекеттiк субсидия бөлу.
Ал осы құжаттың 8-тармағы мемлекеттiк тапсырыс мәселесiне арналған. Сөзбе-сөз келтiрсек, "Мемлекеттiк органдар iс-әрекетiн насихаттау мен БАҚ-та мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзуге қатысты тендер өткiзудiң қазiргi тәртiбiн лоттардың тақырыбын, жарияланымдардың тиiмдiлiгi мен орындалу шеберлiгiне қатысты шарттарын нақтылай түсу, барлық БАҚ-тардың тендерге қатысуына мүмкiндiк беру арқылы реформалау. Заң жүзiнде "Ресми бұқаралық ақпарат құралы" деген тiркеске құқықтық анықтама беру және оған жұмсалатын шығын көлемiн анықтау".
16-тармақта былай делiнген: "Мемлекеттiк тапсырыс туралы" Заңнан бiр облыстағы ақпараттық қызмет көрсетуге қатысты тендердi басқа облыстағы БАҚ жеңiп алатын норманы алып тастау".

Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас өркен» ЖШС-нiң директоры:

- Қазiргi мемлекеттiк сатып алу мәселесiнде ақпарат құралдары саласында қамкөңiл жағдай туындап отыр. Әсiресе биылғы жағдай өзгеше. Әрине, Заңнан хабарымыз бар, тендер өткiзудiң өзiндiк тәртiбi болады. Бiрақ заңның өзi iшкi жағдайдың ерекшелiктерiн ескерiп жасалды ма? Ұлттың белгiлi бiр құндылықтары болады. Менiңше, бұрыннан шығып келе жатқан, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан берi оқырманға жақсы қырынан танылған газет-журналдар ұлттық құндылықтарға жатады. Кез-келген қазақтан сұрасаңыз, оларды санамалап бере алады. Газет - халықтың қаруы. Қоғамның белгiлi бiр бөлшегiнiң сенiмiне ие болған газет-журналдардың мемлекеттiк қолдауға ие болуға толықтай құқығы бар. Оқырманның сенiмiне ие басылымның бәсi жоғары болуы керек. Осыны тендердi ұйымдастыратын комиссия ескеруi тиiс. Мысалы тендерлiк байқау барысында қызметкерлердiң дипломдарының көшiрмесiн жинайды. Ол не үшiн керек? Бұл - орындаушының мемлекеттiк тапсырысты орындауға кәсiби бiлiктiлiгi жететiндiгiнiң құжаттық айғағы ғана. Ал биыл мемлекеттiк тапсырысты ұтып алған кей басылымдар - санаулы адамдардың күшiмен, тiптi отбасылық бизнес түрiнде шығып отырған басылымдар. Ол басылымдардан сiз ұлттық мәселелердi оқи аласыз ба? Ал қоғамдық мәселе туындағанда халықтың өз өкiлдерi жанайғайын, мұң-зарын Үкiметке олар арқылы емес, оқырман сенiмiне ие газеттер арқылы жеткiзуге тырысады. Осы жылдарда ақпараттық салада бұза-жарып шыққан бiрлi-жарым ғана басылым бар. Оның бiрi - «Жұлдыздар отбасы». Бiрақ осы журналдың өзi құрыла салып, тендердi ұтып алыпты дегендi естiген жоқпын. «Жұлдыздар отбасы» рыноктағы өз орнын айқындады, танымал болды, ендi бiр-екi жылдың көлемiнде ғана тендерге қатысып, шама-шарқынша мемлекеттiк қолдауға ие болуда. Бұған әбден құқылы деп бiлемiн. Ал биыл мемлекеттiк тапсырысқа ие болған газеттердiң тiзiмiн көргенде, министрлiктегiлер ай қарап отыр ма деген сұрақ туды. Себебi пәлен жылдық тәжiрибесi, қалыптасқан мектебi, алмасып жатқан журналистер буыны бар, оқырманымен бiте қайнасқан, сенiмге ие газет-журналдармен жергiлiктi жердегi бiр шығып, бiр шықпай жатқан басылымдар бәсекеге түскен. 37 мың таралымы бар «Балдырған» журналына немесе 15 мың таралымы бар, бүкiл республикаға тарайтын «Ұлан» газетiне аймақтық, тiптi отбасылық меншiктегi басылым қалайша тең түседi? Кез-келген еңбектiң құны, оған жұмсалар шығынның көлемi бар. Сапалы ғимарат салу үшiн бүтiн кiрпiшпен салу керек деп бөлiнген мемлекеттiң қаржысын үнемдеп, қалайша «мен мұны жарты кiрпiшпен салып беремiн, қалғанын балшықпен толтырамын» деуге болады? Қазiргi таңда газет шығару шығыны артып, тiптi қағаздың бағасы күн санап қымбаттап жатыр. Осындай жағдайда қалайша 23 млн. теңгеге бағаланған лотты 11 млн. теңгеге төмендетiп, жеңiп алуға болады? Немесе 7 млн. теңгеге белгiленген жұмысты 2-3, тiптi 1,5 млн. теңгеге орындаймын деп мiндеттеме алудың қисыны келмейдi ғой? Бұл жұмыстың сапасы қандай болмақ? Сорақылық мынада: биыл мемлекеттiк тапсырысты алу үшiн бiз 10 млн. теңгенiң жұмысын 5 млн. теңгеге түсiруге мәжбүр болдық. Ал келесi жылы 5 млн. емес, 3 млн.-ға түсiруге мәжбүр етедi. Жалпы, ақпараттық салада мемлекеттiк тапсырыстың болғаны абзал, бiрақ қазiргi таңда ол қоғамдық ортада орны бар газеттерге емес, көлденеңнен ат қосқан басылымдарға берiлiп отыр. Ақпарат рыногында бәскелестiктi арттырудың орнына, газет-журналдардың бәсiн төмендетуде. Оның үстiне, биылғы мемлекеттiк сатып алу байқауы мемлекеттiк тiл саясатына кереғар. Ендi бұрыннан қалыптасқан сапалы басылымдардың орнына оқырман қолына сапасыз газеттер тимек. Олардың әрiп-қатесi, сөйлем құрылысы, жазу машығын былай қойғанда, көпшiлiгi қарадүрсiн шығатынын көзi қарақты қауым жақсы бiледi. Бұл бағытта кете беретiн болса, ақпараттық кеңiстiктегi қалыптасып қалған газеттердiң жағдайы қиындай бермек.

Ақпарат саласына мемлекеттiк тапсырыс берудiң жай-жапсары туралы осы сала өкiлдерiнен сұрадық.
Нұртөре ЖҮСIП, «Айқын газетiнiң бас редакторы:

- Қазiр «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңға өзгерiс енгiзу мәселесi туралы депутаттар қайтадан көтерiп жатыр. Бұл заңның бiр осал тұсы - демпинг баға қоюға жол бередi, яғни кiм төмен баға қойса, сол жеңiп алады. Осы норманы өзгерту керек. Бұл баспасөзге ғана емес, басқа салаларға да қатысты. Мысалы, құрылыс немесе басқа өндiрiс саласында құрал-жабдықтарды алуға, тiптi әжетхананың қағазына дейiнгi керек-жарақтарды алуға тендер ұйымдастырылады. Тендерде кiм ең арзан бағаға қызмет көрсетсе, сол жеңедi. Мұндай жағдайда, тауардың немесе қызметтiң сапасы ескерiлмей қалады. Тендердi жеңiп алған мекеме арзанқол тауар ұсынуға мәжбүр. Естуiмше, газет-журналдар арасында мемлекеттiк тапсырыс беруге қатысты биылғы тендерде «Президент және Халық» газетi т.б. белгiлi басылымдар ұтылып қалған. Мұның себебi 5-6 млн. теңгенiң лоттары бар, оны басқа бiр тендерге қатысушы ұсынылған бағадан әлдеқайда төмен баға қойып, ұтып алады. Бұл мәселелер Бас редакторлар форумында талқыланды, журналистер бас қосқан жиындарда да айтылып жүр. Бұл мәселенiң бiр шешiмi - Байланыс және ақпарат министрлiгi тендер өткiзген кезде, қалыптасқан аудиториясы, пәлен жылдық тарихы бар, қазақ баспасөзiнде ойып тұрып орын алатын «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi», «Түркiстан» сияқты газеттерге бiр көзден қаржыландыру жүйесiмен мемлекеттiк тапсырыс беруге болар едi. Оларды жаңадан шыққан газеттер сияқты тендер жариялап, әуреге салудың қажетi жоқ шығар деп ойлаймын. Бұл жаңадан шыққан басылымдарға мемлекеттiк қолдау болмасын деген сөз емес, әрине. Жалпы, мемлекеттiк тапсырыс марқұм Алтынбек Сәрсенбаев ақпарат министрi болып тұрған кезде, тоқсаныншы жылдардың соңында, нарық қыспаққа алып тұрған қиын-қыстау кезеңде қазақ басылымдарын қолдау үшiн енгiзiлген едi. Өкiнiшке қарай, қазiр мемлекеттiк тапсырыс алатындар қатарында орыстiлдi баспасөздiң саны басым. Олардың қаржылық жағдайы әлдеқайда тәуiр, өйткенi жарнамадан пайда табады. Ендi олар ұлттық басылымдардың қазанына ортақ болғандай жағдай туындап отыр. Бұл да әлеуметтiк теңсiздiктiң бiр көрiнiсi деуге болады. Өйткенi ұлттық басылымдарда басқалай қаржылық көзi жоқтың қасы. Екiншi жағынан, мемлекеттiк тапсырысты алған басылымдар тек мемлекеттiң сойылын соғып, кәсiби сапасы арзандайды деген пiкiр бар. Бұл пiкiрмен келiсу қиын. Мемлекеттiк тапсырысты орындайтын басылымдардың арасында өз айтар ойы бар, ұлттық ұстанымы берiк газеттер жетерлiк. Оның үстiне, мемлекеттiк тапсырыс қазақтiлдi басылымдар үшiн қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана сеп, ол мемлекеттiк қолдаудың бiр тәсiлi ғана.
- Мемлекеттiк тапсырыс қазiргi жағдайда керек пе?
- Мемлекеттiк тапсырыс керек, әрине. Бiрақ жүйеге бiрқатар өзгерiс енгiзу қажет. Тарихы 70-80 жылға татитын немесе тәуелсiздiгiмiздiң он-он бес жыл бойына жарық көрiп келе жатқан, ұлттың сөзiн сөйлейтiн басылымдарды жаңадан шыққан газеттермен таластырып қоюдың қажетi шамалы. «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi», «Түркiстан» т.б. қазақ басылымдары - оқырманы қалыптасқан салиқалы газеттер. Оларға берiлетiн 5-10 млн. теңгенiң көлемiндегi мемлекеттiк тапсырысты бiр көзден қаржыландыру арқылы бөлудi ұйымдастыруға болады деп ойлаймын.

Аида БЕКТАСОВА, экономист-менеджер:
- Газет-журналдар арқылы мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзу үшiн мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру биылдың өзiнде екi саты бойынша өткiзiлдi. Бiрiншi сатысы 2 наурызда өткiзiлдi, ал баға бойынша ұсыныстар 18 наурызда белгiлi болды. Осы байқауда 11 лот бойынша ұсынылған баға 10 млн. теңге болатын. Ал осы бағаны 48 пайызға төмендетiп, 5 млн. 224 мың теңге шамасындағы бағаны ұсынған мекеме лотты жеңiп алды. Бұл лоттың тақырыбы қысқартып айтқанда мынандай: «Әлеуметтiк-экономикалық реформалауды жүзеге асыруға байланысты ҚР Парламентi мен Үкiметiнiң жұмысын насихаттау». Сонда осындай маңызды тақырыпты баспасөзде жариялауды ұйымдастырғанда Ақпарат және мұрағат комитетi орындаушының рынокта қанша жыл жұмыс iстейтiнiн, жұмыстың орындалу сапасын, қызметкерлердiң кәсiби бiлiктiлiгiн ескермей ме? Медиа-рынокта 15-20 жылдан берi жарық көрiп келген, өзiндiк орны, абырой-беделi бар басылымдарды танымал емес аймақтық басылымдармен қатар қоюға бола ма? Ал 3 маусымда екiншi рет өткiзiлген тендер кезiнде баға көрсеткiштерi 16 маусымда белгiлi болды. Бұл жолы бiр газеттiң өкiлдерi 6 млн. теңгенiң лоты бойынша бағаны 70 пайызға төмендетiп, 1 850 000 теңгеге орындауға мiндеттеме алды. Сонда олар газеттiң 1 шаршы сантиметрiн 26 теңгеге бағалап отыр.

Игорь ШАХНОВИЧ, «Мегаполис» газетiнiң бас редакторы:

- Ақпарат саласындағы мемлекеттiк тапсырысты кiм алғысы келсе, сол тендерге қатысады. Бұл ерiктi таңдау арқылы жасалатын нәрсе ғой. Бiрақ барлық басылымдар тек мемлекеттiк тапсырыстың арқасында күн көрiп отыр деуге болмас. Жарнаманың арқасында табыс табатындары да жетерлiк. Қазiргi таңда Қазақстанда 100 пайыз тек мемлекеттiк тапсырыстың арқасында күн көрiп отырған ақпарат құралы жоқ деуге де болады. Сондықтан да бiз мемлекеттiк тапсырысты табыстың бiр көзi деп қана қараймыз. Бар болса - жақсы, жоқ болса - амал жоқ. Кейде аламыз, кейде алмай қаламыз. Мемлекеттiк тапсырыс беруге БАҚ-тарға қарағанда мемлекеттiң өзi көбiрек мұқтаж. Кейбiр тақырыптардың ақпарат құралдарында айтылып-жазылғанын қаласа, сол саясатты жүргiзуге қаржы бөледi. Мемлекеттiк тапсырыс беру iсi шетелдiк тәжiрибеде бар. Мысалы Францияда үкiмет БАҚ-тарда белгiлi бiр тақырыптардың айтылуы үшiн үлкен көлемдегi қаржы бөледi. Ал газет-журналдарға келсек, әр редактор мемлекеттiк тапсырыспен жұмыс iстегiсi келе ме, жоқ па - оны жеке азаматтық ұстанымына байланысты шешедi. Бiз үшiн мемлекеттiк тапсырыс - табыстың аз ғана бөлiгi. Сондықтан алсақ - алдық, алмасақ та жұмыс iстей беремiз. Ал Министрлiктiң тендердi ұйымдастыру тәртiбiне келсек, ұсынылатын баға өте төмен, шын мәнiнде, олар ұсынған баға рынокта жоқ. Былтыр 1 шаршы сантиметрге 50 теңге қойылғанын естiгенде, таң қалдым.

Гүлмира, қазақ басылымының бухгалтерi:

- Бiз мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзу үшiн ұйымдастырылатын тендерге қатысып жүргелi он шақты жылдың жүзi болды. Бiрақ соңғы 1-2 жылда тендердi ұйымдастыру мәселесiне қарның ашады. Мысалы бұрын тендер наурыз айында өткiзiлсе де, мемлекеттiк тапсырыс қаңтар айынан бастап орындалатын. Ал қазiр Ақпарат және мұрағат комитетiндегi заңгерлердiң талабы бойынша, жұмыстың орындалғаны туралы актiлердi ақпан айынан бастап қайта толтыруға мәжбүр болдық. Нелiктен келiсiм-шарт жасалғаннан кейiн актiлердiң өзгертiлгенiн түсiнбедiк. Бұрын тендер қашан өтсе де, қаржыландыру жыл он екi айды түгел қамтитын. Шындығында, егер жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, тендер әр жылдың соңында, желтоқсан айында жарияланып, қаңтар айының соңында өткiзiлуi керек. Биыл екi рет өттi, қыркүйек айында тағы болады деген сыбыс бар. Осы жолы бiзбен бiрге белгiсiз газеттер тендерге қатысты. Он-он бес жылдан берi жарық көрiп келе жатқан газеттермен олар қалай бәсекелес бола алады? Тендерге қатысушыларға белгiлi бiр шарттар қойылуы керек қой. «Таң Шолпан», «Жұлдыз» журналдары мемлекеттiк тапсырысқа мүлде iлiкпей қалды. Оларға да «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты бiр қаржы көзiнен қаржыландыруды ұйымдастыруға болмас па? Жаңағыдай белгiсiз газеттердiң әсерiнен бiз де ұсынылған бағаны 50 пайызға дейiн түсiруге мәжбүр болдық. Өйткенi өткен жолы аймақтық газеттер 38 пайызға дейiн демпинг жасаған. Бiз де сол жолмен жүруге мәжбүрмiз. Ендiгi тендерде бұдан да төмен баға ұсынуға мәжбүрлей ме бiздi сонда? Барлық актiлердi толтырып, маусым айына дейiнгi мемлекеттiк тапсырысты орындап үлгердiк, ал қаржы әлi түскен жоқ. Газет шығару шығыны, қағаз, типография, басқа да кезек күттiрмейтiн шығындардың орнын толтыру үшiн қазiр жазылымның ақшасын жұмсап отырмыз. Министрлiк өзiнiң мiндетiн толық орындап отырған жоқ.

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=28&id=6312

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385