Сенбі, 12 Қазан 2024
46 - сөз 7272 16 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 14:45

Үйлену тойы дегеніміз - қыз ұзату тойы

«Қара шаңырақ» белсенділері ватсапта бас қосқанда талқыланатын мәселенің бірі - қазақтың қазіргі замандағы үйлену тойы. Шығыны көп, мәні жоқ, дәстүрі тысқары дейді көптің пікірі. Үйленетін екі жастың төрдің төбесіне отырып алатынын да ерсі дейді. Рас, келісемін, советтік кезеңде, 60 жылдары қалыптасты. Бұл қазақ дәстүрлі отбасы, неке, жалпы адами құндылықтары жүз жыл бойы орыс енгізген жаңалықтарға қарсы күресіп әбден титықтаған уақыт болатын. Осылайша қазақ дәстүрінің орнына не орыс емес, не комсомол емес, әйтеуір қойыртпақ бірдеме енді. Соған қазір тұлыпқа мөңірегендей малданып жүрміз, тіпті оны «байытып» ана халықтан бірдеме ұрлап, мына халықтан бірдеме ұрлап күрделендіріп жатырмыз.

Өткен жолы Ыбырай Алтынсариннің мақаласына сүйене отырып қазақтың дәстүрлі үйлену тойы туралы жазып едік. Енді сол үлкен мақалада айтылған көп мәселенің біріне ғана тоқталайық, ол - Қыз ұзату тойы.

Бүкіл этнографиялық әдебиетті қарап шықтым, «Қазақтың үйлену тойы» дегеніміз «Қыз ұзату тойы» ! Қырық жетіні айдап келетін жер де, күйеу жақ алып келген той малының сойылатын жері де, отау мен жасаудың дайындалатын жері де осы, «құда тарту», «қыз қашу», «құда арасындағы айтыс», бәйге, көкпар, «жар-жар (аужар), «сыңсу» барлығы қыздың ауылында болады. Ең аяғы «неке қияр» да қыз ауылында өткізіледі.

Мыңдаған жылдар, сонау аналық дәуірінен бастап ХХ ғасыр басына дейін қазақ осы дәстүрмен өмір сүрген. Келіншек түспей жатып оның отау үйін, ішіне шымылдығымен құрып қояды, яғни ол өзінің үйіне түседі. Күйеудің туыс-жақыны жиналған соң үлкен үйге барып отқа май құяды, беташар айтқанда үлкендерге сәлем береді. Міне, осыменен той аяқталады.

Ескі шежірені оқып отырсақ жігіт жағындағы той туралы айтылса, «пәленшенің отауы келді», соның тойы дейді. Кәне әдебиетті қарайық. Мәшһүр Едіге би туралы айта келіп «Шоңның тұсында: «Жанқозының жалпақ байы»- атаныпты. Басы Шоңның өзі бай, Бәзіл де бай, Бәрмен де бай, Ақын да бай, Батыр да бай, Ақпан да бай, Ботпа да бай, Лаба да бай, Саба да бай, Шапат да бай, Абат да бай,- бай емесі жоқ. Шоң бидің тұсында Жанқозыға бір жайлауда жүз отау түсіпті». Яғни бір жазда Жанғозы деген атаның ауылдарына жүз келін түскен болып отыр, басты мәселе отаудың келуі, яғни жаңа үйдің пайда болуы.

Екінші бір дерек Абылай ханның бір жорықтың кезінде Қаракесек Жарылғап батырдың ауылына келуі: «Жарылғаптың әдет ісі екен дейді: «Өлім болжалсыз, келім болжалсыз- деген. Мейман қонақ: «Мен бүгін пәленшекенікіне барамын»- деп, хабар салып келмейді. Күндіз келіп қала ма, түнде келіп қала ма?»- деп, үй ішін төсеніш төсетіп, құда-күйеу келетұғын үйдей қылып қояды екен. Маңқан деген бәйбішесі бар екен. Қаз дауысты Қазыбектің баласының отауы түсіп, той болып, тойға кеткен екен. Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай,- деген төрт баласы бар екен. Екеуі жылқыда, екеуі қысыр сауғалы кеткен екен. Үйде Жарылғаптың жалғыз өз басынан басқа жан жоқ екен. Төсегінің үстінде ірге жаққа қарап жатыр екен. Бір уақытта үйге хабарландыру үшін жиен сәлем беріп кіріп келді.
- Бұ қайсың?- дейді.
- Мен жиен: Керейіт пәленшемін,- дейді.
- Не қыл дейсің?- дейді.
Үй сыртында алпыс қосшысымен Абылай хан түсіп жатыр,- дейді...». Бұл жерде де Қаз дауысты Қазыбек бидің баласының отауы түскені сөз болып тұр. Соған Жарылғаптың бәйбішесі барған болып тұр, әйел емес пе, қызықтап, құтты болсын айтып, көрімдігін алып барады да. Бұл жерде Қаз дауысты Қазыбек балам үйленді деп той жасап, оған Жарылғап батыр тайлы-таяғы қалмай барды делінбейді. Жарылғаптың төрт ұлы өз шаруашылығында жүр, бірі жылқыда, бірі қысыр сауып жатыр. Үлкен той болса, өздері жақын ағайын, олар да барар еді ғой.

Осы әңгімелерден не аңғарамыз ? Бірінші, бүкіл той қыз жағында өтеді. Тойға қонақ шақыру деген тек сол жақта, басына сәукеле киген қыздың жас жеңгесі атқа мініп жақын ауылдарды аралап шығады. Ол кезде ауыл деген үш-төрт үй, оның өзі жақын ағайын. Тойға келген әр адам белгілі бір функционалды қызмет атқарады, не айтысады, не тартысады деген сияқты. Той мазмұны өте бай, әр қимыл қазіргі пьесаға татиды, мысалы қыздың құрбыларының киіз үйдің ішінде, жігіттің жолдастары сыртында аужар айтысуы, немесе қыздың басына дәл аттанар алдында тақиясын шешіп сәукеле кигізу т.б.

Біздің қазіргі қазақ тойы сияқты екі-үш жүз адамды бір жерге жинап мешкейлік жарыс, даңғаза би, «аузымен құс тістеген, жұртқа ақыл айтқан, кейде ұрысқан» асаба деген атымен жоқ, ондай мүмкін емес.
Оның есесіне үйленіп жатқан екі жастың шағын отауы, яғни пәтерлері жасауымен дайын, астарында ат әбзелімен жорға аттары дайын, енді атасынан енші алып неге өз шаруашылығын, өздерінің отбасылық өмірін бастап кетпеске ?! Қырық жетіні беретін, той малын әкелетін күйеу жақ, бірақ үй қылып шығаратын қалыңдық жақ. Отау үй де, жасау да, басындағы сәукеле де, тіпті атасы берген саулық қойлар да келіннің өз жеке меншігі болып табылады. Матриархат десең де болады екен ғой. Үйлену деген сөздің өзі үй болу деген мағына береді, яғни үйге ие болу !

Ал қазір біз не істеп жүрміз ? Дәстүрге қайтып келейік ағайын, ұл өсірсең қырық жеті жина, яғни ұлдың отау үйін дайында, қыз өсірсең – қыздың жасауын алдын ала қамда.

Жамбыл Артықбаевтың facebook парақшасынан

Abai.kz

16 пікір