Қуандық Шамахайұлы: «Кембридж білім бергенімен, Құдай жаратпаған дарынды дарыта алмайды»
ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану саласының доценті, Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі-халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Қуеке, Моңғолияда ержеткен азаматсыз. Ол елдің демократиялық үдерісінің бас кезіне де куә болған шығарсыз. Демократияны еркін БАҚ жүйесінсіз елестету қиын, Моңғолиялық журналистика біздікімен салыстырғанда қандай деңгейде? Билікке ықпалы қандай? Қоғамдық пікір қалыптастыру қауқары ше? Ол жақта қазақтілді журналистиканың дауысы шыға ма?
ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану саласының доценті, Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі-халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Қуеке, Моңғолияда ержеткен азаматсыз. Ол елдің демократиялық үдерісінің бас кезіне де куә болған шығарсыз. Демократияны еркін БАҚ жүйесінсіз елестету қиын, Моңғолиялық журналистика біздікімен салыстырғанда қандай деңгейде? Билікке ықпалы қандай? Қоғамдық пікір қалыптастыру қауқары ше? Ол жақта қазақтілді журналистиканың дауысы шыға ма?
- 1985 жылға дейін кеңес баспасөзінің үлгісі негізінде дамыған Монғол журналистикасы ширек ғасырлық қысқа мерзімде танылмастай өзгерді. 1989 жылы өзім делегат ретінде қатысқан дарынды жастардың республикалық кеңесінде елдің қазіргі Президенті, сол тұстағы әскери-журналист Ц.Элбэгдоржының үндеу тастауымен басталып, 1990 жылы наурызда бейбіт жолмен жеңіске жеткен демократиялық революцияның басы-қасында болғаным рас. Осы бір дүбірлі қозғалыстан кейін Монғол қоғамы жаппай жаңарып, дамудың тың әрі еркін жолына түсті. БАҚ сан жағынан күрт өсіп, 3-4 есеге дейін көбейді. Бүгінгі Монғол басылымдары қоғамдық-саяси жалпы ұлттық сапалы баспасөз және «сары» газеттер деген екі ірі топқа бөлініп отыр. Онда ешбір газет мемлекеттік нысанға жатқызылмайды, 90-жылдардың ортасында жаппай жекешелендірілген. Заң бойынша үкіметтің баспасөз ісіне араласуына тиым салынады. Өкінішке қарай шу көтеру арқылы бизнес жасауды көздейтін сары газеттер Монғолия мерзімді баспасөзінің 60 пайызын құраумен қатар елдің ақпарат кеңістігінде елеулі орын иеленіп отыр.
Елде дәстүрлі тарихи басылымдар мен демократиялық ұлттық газеттер сапалы топқа жатқызылады әрі оқырмандар арасында беделді, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Елдегі дәстүрлі басылымдардың бірі - «Үнэн» газеті. 1925 жылы көкек айының 24-нен бастап осындай атпен шығарылған газеттің 80 жылдық тарихы бар. 1980-жылдары газеттің таралымы 200 мыңға жақындаған. (ұзын саны екі-ақ миллионды құрайтын ел үшін бұл айтарлықтай ірі көрсеткіш) Монғол журналистикасының хас шеберлері мен майталман қаламгерлері осы газеттің қазанында қайнады. Бүгінде елде тұрақты шығарылатын күнеделікті 7 газеттің бірі де, ықпалдысы да осы «Үнэн». Газетте құқықтық, журналистік зерттеу, жедел ақпарат қызметі, саясат, сыртқы қатынас, экономика, әлеуметтік, таным, коммерциялық, дизайн және онлайн деген арнайы ірі бөлімдер жұмыс істейді. Қазіргі таңда елдің 21 аймағы мен қаласында, 329 ауданында, 2015 аулында және шет елдің 21 қалаларында тұрақты оқырмандары бар.
1929 жылдан бергі тарихы бар ежелгі газеттердің бірі - қазіргі «Улаанбаатар таймс». 90-жылдардағы демократиялық қозғалыс тұсында оның атауы «Улаанбаатар» болды. Осы кезде газет өзінің «Улаанбаатарын үдэш» атты серіктес газетімен қатар «Алтан босго», «Нүгэл буян» секілді қосымша басылымдарын шығарды. Сондай-ақ ел тарихында тұңғыш рет А-3 форматпен 64 беттік танымдық арнайы сандарын жарыққа шығаруы арқылы елдің журналистикасына жаңа леп әкелген. 1999 жылдан бастап оқырмандардың демалысына арналған «Хүрээ хэмнэл», сатиралық «Хүрээ тоншуул» және жарнамалық «Хүрээ зар» атты үш серіктес газет шығарды. 2001 жылдан бастап 8 бетпен аптасына 5 рет шығарылып келеді. Газеттің 9 бөлімінде 60 қызметкері бар және жеке баспаханасы жұмыс істейді. Газеттің басты мақсаты - ел астанасының тыныс-тіршілігін көрсеткен ақпараттарды халыққа жедел жеткізу. Ақпараттық жаңалықтар, шолулар, репортаждар, интервьюлер тұрақты жарияланса, ара-тұра проблемалық мақалаларға, портрет очерктерге, жолсапар эсселерге де кең орын береді.
Елдегі күнделікті газеттердің бірі - «Монголын мэдээ» 1998 жылдан бері шығарылып келе жатқан жас басылым болғанымен елдің барлық проблемаларына қоғамдық-саяси тұрғыдан жан-жақты қарайды, барлық әлеуметтік топтардың мүддесін бір деңгейде бейнелеуге тырысады, пікіралуандығын қастерлейді. Халықтың мінбері бола отырып, олардың үнін үкіметке жеткізуді өздерінің басты мақсаты етеді. Газеттің тұрақты айдарлары - «Жаңа санның 60 жолы», «Ізі суымаған жаңалықтар», «Top news», «Партия, қозғалыстар өмірі», «Сенсация», «Кімнің кімі», «Еркін мінбер», «Апта саясаты» т.с.с. Алайда, елдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Зүлкәпіл Мәулетұлының мәлімдеуінше, аталмыш газеттің өзгелермен салыстырғанда ақпараттық сыйымдылығы нашар, тақырыптық аясы тар, жанрлар түрі аз және біршама саясиланған бағыттағы басылым.
Монғолиядағы ұлттық күнделікті газеттердің ішіндегі ең ірі таралыммен шығатыны - «Өдрийн сонин». Таралымы жағынан елдегі ең ірі «сары» газеттер - «Сэрүүлэг», «Хүмүүс» атты апталықтар ғана осы газеттің алдында тұр. 2000 жылдан бері бірнеше мәрте жылдың үздік газеті атанған. «Адам құқын қорғаушы» деген жылдық сыйлыққа ие болған. Аптасына 6 рет 16 бетпен, А2 форматпен жарық көреді, барлық материалдарының 40 пайызы жарнамадан тұрады. Құрылымы жағынан батыстық ірі газеттердің үлгісімен ұйымдастырылған, жалпы әлемдік стандартқа сай бағыттағы газет. Минутына 200 дана газет санын басуға қуаты жететін жеке баспаханасы бар. «Өдрийн сонин» - өз материалдарын «Саясат», «Дерек, оқиға», «Әлем жаңалықтары», «Бұл туралы» секілді тұрақты тақырыптарға жіктелген беттерге бөліп орналастырады. Тақырыптарының арнасы кең әрі ақпараттарды әділ әрі жедел тарататын, барлық жанрларды толық пайдалануға тырысатын елдегі санаулы сапалы газеттердің бірегейі.
Елдегі күнделікті шығарылатын сапалы әрі аса ықпалды газеттердің бірі - «Өнөөдөр». 1991 жылдан бастап шығарылып келген «Ардын эрх» газетінің мұрагері. Елде қабылданған «Баспасөз ақпарат бостандығы туралы» заң бойынша қайта жасақталып, 1996 жылдың қыркүйегінен бастап «Өнөөдөр» (бүгін) деген атауға ие болды. Газеттің таралымы 140 мың, яғни, жазылушылардың саны жағынан күнделікті 7 газеттің ішінде алдағы үшінші орында. Аптаның әр күнінде шығатын сандарының беттері 8-32 аралығында. Жексенбілік «Weekend» атты қосымша газеті бар. Барлық материалдың 40 пайызы жарнамадан тұрады. Қоғамдық, әлеуметтік барлық саланы қамтыған тақырыптар бойынша журналистиканың әртүрлі жанрларынан тұратын тартымды туындылары арқылы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген газет. Билік пен халық арасында шынайы көпір болумен қатар қоғамда, әлеуметтік ортада тепе-теңдікті сақтай біледі. Проблемалық, сыни бағыттағы материалдарға көп орын береді.
Монғолияда 1996 жылдан бастап интернет қоғам өмірінің барлық саласында дендеп енді. Журналистикада интернеттің кең өріс алуы шет елден ақпарат алуға, БАҚ-дың электрондық жүйесін жасауға және Web site жүйесін құруға, өз елінің жаңалықтарын әлем жұртшылығына кеңінен жедел таратуға, маркетинг жүйесін кеңейтуге жаңа мүмкіндік жасады. Қазір аталмыш елдің барлық ақпарат құралдары мен газет-журналдарының онлайн үлгісі бар.
Монғолия журналист мамандарын әлемдік стандарт бойынша халықаралық деңгейде даярлау, БАҚ жүйесін ғылыми-зерттеу жағынан дамушы елдер арасында алға шығып отыр. Монғолия мемлекеттік университетінде журналист мамандарын оқыту ісі 1960 жылдан бастап қолға алынған. 1962 жылы аталмыш оқу орнының қоғамтану факультетінің базасында журналистика кафедрасы ашылды. 1990 жылдан кейін журналист даярлайтын оқу орындарының саны күрт өсті. 2005 жылғы мәлімет бойынша елдің 19 жекеменшік, 4 мемлекеттік университет, институт, колледждерінде журналист мамандарын оқытып жатыр. 1998 жылдан бастап журналист-ұстаздар халықаралық «Сорос» қорының демеушілігімен «Журналистік білім берудің қазіргі жағдайы, алдағы бағыты», «ЖОО-да журналистиканы оқытудың мазмұнын жетілдіру жолдары» секілді жобалар жасап, жүзеге асыруларының арқасында Монғолия мемлекеттік университетінде (МУИС) қолданыстағы оқу жоспарлары, бағдарламалар, пәндер анықтамалары жаңаша жетілдіріліп, әлемдік стандартқа сәйкестендірілді. Нәтижесінде журналистік жоғары білім беретін барлық институттар бір ізді стандартқа көшірілді.
Журналистика ғылымы бойынша философия докторлары (PhD) мен ғылым докторларын (ScD) даярлап, еңбектерін қорғататын диссертациялық кеңес профессор Зүлкәпіл Мәулетұлының басшылығымен Монғолия мемлекеттік университетінің базасында жұмыс істейді. Ғылыми журнал және арнайы басылымдардың сыртында оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар бастырып жарыққа шығарады. Сондай-ақ, Монғолия журналистерінің екі одағы мен жеке Баспасөз институты журналистердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау мақсатпен қысқа және ұзақ мерзімдік оқыту семинарларын тұрақты ұйымдастырып келеді.
Монғол журналистерінің ортақ басылымы - «Сэтгүүлч» (журналист) журналының негізі 1972 жылы қаланған. Журналистердің шеберліктерін шыңдауға, білімдерін жетілдірулеріне көмектесуді, журналистика саласы бойынша жазылған туындыларды көптің кәдесіне жаратуды, кәсіби ұйымдардың, оқу орындарының қызметін, тың ізденістерінің жемісін насихаттауды мақсат ететін «Сэтгүүлч» журналы елдегі ақпараттық-танымдық бірегей басылым.
Моңғолиялық журналистиканы біздікімен салыстырғанда қандай деңгейде екендігін жоғарыдағы деректер арқылы бажайлай беруге болатын шығар. Ал, билікке ықпалы қандай дегенге келетін болсақ, олар кәдімгідей «төртінші билік» ретінде тең дәрежелі әріптес. Сондықтан да, қоғамдық пікір қалыптастыру қауқары айтарлықтай мықты. Ол жақтағы қазақтілді журналистиканың дауысы тым әлсіз. Шынай Рахметұлы, Асқар Шаймерден (Ататаным), Сұраған Рахметұлы сынды бірлі-жарым азаматтардың арқасында ілдебайлап, өлместің күнін көріп отыр.
- Менің шамалауымша, Қазақстандағы кәзір көріне бастаған жас қазақ журналистердің сексен пайызы Моңғолияда туылғандар, мұның сыры неде?
- Оның сырына үңіліп көрмеген екенмін. Дегенмен, болжам жасауғаболатын шығар. Балаларының мамандық таңдауларына көбінесе ата-аналары ықпал етіп жатады ғой. Бәлкім, Монғолиядағы журналистиканың қарқынды дамуы мен зор беделін, шын мәнінде, бизнес пен рухани мәдениетті қатар ұстанған ерекше институт ретінде қалыптасқандығын көрген азаматтар балаларының болашағын осы саламен байланыстыруды жөн санайтын шығар. Оның сыртында, тәуелсіздік жылдарында елге оралған жерлестеріміздің дені ұлтшыл азаматтар екендігін де ескеруге тиіспіз. Олар балаларының қазақ жерінде өз болмысын сақтап қалуы үшін ғана мемлекеттік қызметтері мен жеке бизнестерін құрбандыққа шалып, тарихи Отанына оралған. Шетелден келген кез-келген қазақтың елдегі шынайы ахуалды көргенде, алып-ұшқан көңілі әп сәтте су сепкендей басылып, екіұдай күй кешетіні бар. Елдегі қазақ тілінің мүшкіл халі, құлдық сананың зіл батпан салмағы, жемқорлық пен әділетсіздік жайлаған көлеңкелі көріністер тіпті ашындырып та жібереді. Сондықтан, балаларына соның бәрімен ымырасыз күресуді аманаттайтын шығар. Ал, менің өз балам машина жасау инженері мамандығын таңдаған.
- Қалай ойлайсыз, біздің елде демократиялық қазақтілді БАҚ пен тәуелсіз журналистика қалыптасты ма? Тәуелсіз журналист ретінде кімді атай аласыз?
- Белгілі деңгейде қалыптасып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Айталық, кеше ғана биліктің өз ортасында жүріп, дәрежесі жоғары лауазымынан гөрі төл мамандығын артық санап, өткір мақалаларымен майдан ашқан журналист-саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын демократиялық журналистиканың негізін қалаушы деуге неге болмайды? Тіпті, әділеттілік пен шындықтың жолында есіл азамат, қайсар демократ құрбан болған жоқ па?! Сол сияқты Марат Қабанбай, Батырхан Дәрімбет, Нури Муфтах, Армиял Тасымбеков дегендей соза берсек, бұл тізімнің өзі сала құлашқа жететін шығар. Бүгінгі күні Ермұрат Бапи, Серғазы Мұхтарбек, Әміржан Қосанов, Шәріп Құрақбаев, Қазыбек Иса, Жанболат Мамай, Инга Иманбай секілді көптеген журналистердің мойындарына қыл бұрау салса да шындықты айтудан танбайтындарына кепілдік беруге болады. Бірақ, көп жағынан кенжелеп келе жатқандығымызды айтпау тағы күнә.
- Елдегі баспасөздің 7 пайызы ғана қазақтілді көрінеді, рас па?
- Өз елімізде тұрып, орыс тілді отандық баспасөз бен ресейлік газет
журналдардан аяқ алып жүре алмайтынымызға қарағанда сол дерек рас шығар деген үрейлі ой санада сумаңдай береді.
- Қазақтілді журналист қана емессіз, сол саланың зерттеушісіз де. Елдегі екі тілді журналистиканы бір бірімен салыстырып сипаттаңызшы.
- Бұл негізі, бірер ғылыми-зерттеу институтқа жүк боларлықтай салмақты әрі өзекті мәселе. Журналистика айналып келгенде, қоғамдық өмірді шынайы бейнелейтін айна іспетті дүние ғой. Сондықтан, қоғам қандай болса, журналистика да дәл солай. Бұл тұрғыдан келгенде, екі тілді журналистиканы бөле-жарып қарауға келмейтін тұстары да бар. Жалпы айтқанда, Қазақстандағы біртұтас журналистиканың орыс тілдісін зор, қазақтілдісін қор санау еш қисынсыз. Екеуі де бір деңгейде. Орыс тілдісінің бар артықшылығы - биліктегі «бизнесмен-шенеуніктердің» оларға бүйректері бұрып, астыртын қолдау көрсетіп тұратындығында ғана.
Айталық, жарнамалық материалдарды, тапсырыстық мақалаларды, әртүрлі PR жазбаларды, өздерінің имидждерін қалыптастыратын немесе кланаралық қақтығыстарда бір-бірлерін қаралайтын дүниелерді соларға апарып тықпалайтындары орыстілді газеттерді керемет оқылымды әрі тартымды етіп көрсетіп жатуы әбден мүмкін. Құлдық сананың шылауынан шыға алмаған сол азғана билеуші топ өздерінше қазақтілді баспасөзге ғана емес, елдің титулды ұлтына мұрындарын шүйіре қарайтындары бәрімізге белгілі жайт. Қоғамдағы осындай кері психология өзгермейінше, оларды қазақтілді баспасөзбен санасатын жағдайға жеткізу қиын.
Тағы бір мәселе, елдегі барлық ақпарат тек қана орыс тілінде таратылатындығында. Үкімет отырыстары, Парламент жиналыстары дейсің бе, барлық ресми іс шаралар орыс тілінде өткізілетіндігі қоғамды жаппай жат жұрттың тілінде таратылатын баспасөзге тәуелді етуге әкеліп соқтырады. Мұның өзге де сан қырлы факторлары бар. Оның бәрін ашып көрсету үшін түбегейлі зерттеу керек. Өз басым қазіргі таңда өзге салада жүрмін.
Бүгінде үкімет тендерінен қаржы алып отырған, баспасөз саласының осындай күрделі мәселелерін зерттеп тұжырымдауды мойынына алған елдегі бірден бір ұйым - профессор Намазалы Омашев басқаратын Журналистика ғылыми-зерттеу институты. Еуразия университетінің журналистика және саясаттану факультеті де ай қарап отырмаған шығар. Негізі осындай мәселелермен айналысу солардың абзал борыштары. Тым құрығанда, мемлекеттік бюджеттен алып отырған қаржыларын ақтау үшін әрекет жасайтындықтарына сенгім келеді.
- Қазақтілді сараптамалық баспасөздің дәрмені қаншалықты?
- Сараптама жасау үшін ең алдымен заңдық кепілдік пен ақпарат алу және оны тарату бостандығының шынайы тетіктері керек. Ішкі, сыртқы және санадағы цензура атаулының бәрінен арылған абзал. Ол үшін сараптамалық жанрдың ең кең тараған түрі болып табылатын журналистік зерттеуге тоқталайық. Журналистік зерттеудің бұлжымайтын рас дерекке негізделетіндігін айтпағанның өзінде, басты ерекшелігі - мәселенің астарына терең үңіліп, оның қыр-сырын толықтай ашып көрсететіндігінде. Мысалы, үкімет орны елдегі шаруашылық нысандардың кірістеріне салынатын салық туралы заңға өзгертулер енгізуді ұсынып, оны парламент арқылы бекіттіріп алды делік. Заңға неге өзгерістер қажет болды, кімнің мүддесі көзделіп отыр, оның артында кім тұр? - дегенді қазбалап, себебін толықтай табуға зерттеу бағытталуға тиіс. Ол үшін журналист заңдағы өзгерістер бірлі-екілі компания немесе азғана топтар үшін пайдалы құқықтық ахуал қалыптастыруы ықтимал деген болжам жасап алып, оны дәлелдеуді мақсат етеді деген сөз.
Журналистік зерттеу белгілі бір мәселенің өзгеше тұстары мен ұқсастықтарын салыстырып, мәнін анықтауды мақсат етеді. Мәселен, банктерді банкротқа ұшырату үрдіс әр сатылап, үкімет орнының шешімімен жасалып келген болса, оны тереңдеп зерттеу арқылы оған кінәлі құрылым ба, әлде, атқарушы биліктің кері әрекетінің қайталануы ма? - дегенді обьективті түрде анықтауға болады.
Журналистік зерттеудің күш-қуаты-әлеуметтік төменгі топтарға, баспанасыздарға, жұмыссыздарға жанашыр болып, шынайы ақпарат берумен қатар олардың санасына сенім ұялата алатындығында. Осы мағынасына сай журналистік зерттеудің тақырыбы төмендегі басты факторларды өз бойында сақтайды:
- жұртшылықтың сұранысына жауап беру, қажеттілігіне сай келу;
- саяси, қоғамдық маңыздылығы жоғары, елдің психологиясына ықпал етерліктей ауқымды болу;
- адамдарға әрбір өзгерісті, жаңа бетбұрысты өзіміз жасай аламыз деген сенім тудыру.
Олай болса, журналистік зерттеудің басты обьектілері төмендегілер болмақ:
- үкімет орны;
- саяси ұйымдар;
- сыртқы қатынас;
- қарулы күштер және ұлттық қауіпсіздік;
- ірі бизнес орындары, олигархтар;
- білім беру саласы;
- әлеуметтік қамсыздандыру.
Оның сыртында парақорлық, сыбайлас-жемқорлық секілді экономикалық мәселелермен тікелей байланысты істер жан-жақты қарастырылады. Журналистік зерттеу құпия қылмыстарды әшкерелеп сынағанымен, ол - сот емес, сондықтан, ешкімді айыптауға, жазалауға қақысы жоқ. Басты қызметі - белгілі бір әрекеттің салдарын, келтірген зиянын іздестіріп тауып, оны нақты деректермен дәлелдеп, жұрттың назарына ұсыну ғана. Мәселені тиімді шешудің жолдарын журналистік зерттеу көрсетуі де мүмкін. Алайда, онысы - журналистің саяси көзқарасы емес, тек әртүрлі көздерден алынған ақпаратқа ғана негізделеді.
Олай болса, қазақтілді баспасөздің дәрмені қаншалықты екендігін осы талап тұрғысынан қарасаңыз, бәрі белгілі болатын шығар.
- Қазақтілді баспасөздің дерті неде?
- Дербестік пен біліктіліктің жетіспеушілігі. Сонымен қатар жағымпаздықтың, жалтақтықтың тым белең алуы. Ең үлкен қасірет көбінесе саланы іскерлігі мен біліктілігінен гөрі билік басындағы жерлестеріне немесе таныс сыбайластарына сүйенген дарынсыздардың басқаратындығы. Мемлекет пен үкіметке оппозиция іспетті жұмыс істеп, қоғамдық мүддені ғана ұстанудың орнына биліктің құлақ кесті құлына айналып отырғандығы - қазақтілді баспасөздің дерті ғана емес, қасіреті.
- Қазақ тілінің ахуалы қазақтілді БАҚ жағдайына қаншалықты тәуелді, керісінше, БАҚтың бағы тілге қаншалықты қарайлап отыр?
- Тіл мәселесі БАҚ жүйесінде ғана емес, жалпы бүкіл қоғамның бас ауруына айналып отырғандықтан оны бөліп қарауға келмейді. Ұлты үшін жаны ашитын барлық саналы азаматқа ортақ қасіретті қайталап айта берудің өзі жүрекке зілдей ауыр салмақ түсіреді.
- Біздің (әрине, әңгіме тек қана қазақтілді) БАҚтардың ақпарат өндіру, тарату, қаржы тарту қабілеттері қай шамада?
- Көңіл көншітпейді. Өзін өзі қаржыландыратын, ешкімнің ығына жығылмайтын, қара қылды қақ жарып тек әділдікті айтатын қандай БАҚ-ты атай аламыз? Ондай телеарна, газет-журнал бар ма? Ал, ақпарат тарату дегенді қарапайым түрде түсіндірер болсақ, барды бар, жоқты деп шынайы өмірді еш боямасыз көрсету ғана ғой. Үлкен өкінішке қарай біздегі БАҚ тым «саясиланған-олигархтанған», «үкіметтенген-ресмиленген», «нұрланған-сұрланған», «діни ағымданған-секталанған» және азғана топтың қолшоқпарына айналғандықтан жауырды жаба тоқитын сұрғылт кейіпке еніп кеткен. Жанды ақпарат атаулыдан аулақ, бір-бірлерін қайталап сұңқылдаған сұрқылтайға айналып, халықты мезі ететін түрлері бар. Ал, қаржы тарту қабілетінің осалдығын үкіметтік бюджеттен бөлінетін тендердің тиын-тебеніне телміріп отырғандығынан-ақ аңғаруға болады ғой.
Әлемде БАҚ-тың коммерциялық құрал ретінде көрініс табуы біршама күш алды. Газет, журнал басу, бағдарлама дайындау үрдісі ақпараттық өндірістің саласына айналып, тұтынушылардың нарықтық талаптарына бой ұрған іскерлік сипат, тиімді жұмыс істеуге бағытталған менеджмент, маркетинг стандарттары енгізілуде. АҚШ ақпарат саласы қызметкерлерінің «Американың ақпараттық өндірісі - бизнес» деп мәлімдеулері кездейсоқтық болмаса керек. Батыс Еуропаның өзінде БАҚ-ты - «медиа-өндіріс», журналистердің туындыларын нарықтағы өзге тауарлармен бірдей «медиа-өнім» деп атайтын болды.
Коммерциялық бағыттағы журналистикада (profilt seeking) журналист пен баспасөз, ақпарат құралы белгілі бір нарыққа қызмет етуге тиіс деген дүниетаным орнықса, дәстүрлі журналистикада ең алдымен азаматтарға, қоғамдық санаға немесе жеке тұлғалар болып табылатын оқырмандарға жол тартуға тиіс делінеді.
Журналистиканың коммерциялық сипаты басымдық танытып отырған кезеңде нарық механизмдері арқылы жүзеге асырылатын БАҚ пен журналистің қызметін экономикалық тұрғыдан үйлестіру маңызды міндет атқарады. Нарық қысымының өзі бәсекелестік аясында қызметін жүргізіп отырған БАҚ пен журналистің артықшылығын және «ойын ережесін» анықтап беретіндігімен ерекшеленеді. Коммерциялық фактордың қазіргі БАҚ-тың қызметіне қалай әсер етіп отырғанын Америка журналистикасынан анық көруге болады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында аталмыш елдің газеттері өз бюджетінің 80 пайызын жарнамадан, 20 пайызын жазылушылар мен сатудан түскен ақшадан құраған. Яғни, жарнама берушілер мен оқырмандардың газет қаржы көзін құраудағы ара салмағы 4:1 болып өзгерген. Жарнаманың осыншама зор ықпалы баспасөздің мазмұнына да әсер етіп, мейілінше оқырман қауымның назарын аударатындай материалдар жариялауды көздейтін болды. Айталық, 90-жылдардың басында АҚШ газеті тілшілерінің 19 пайызы спорт, 8 пайызы қылмыс және сот ісі жайындағы мәселелер, 7 пайызы бизнес тақырыбы бойынша арнайы маманданған. Олай болса, қоғамдық, әлеуметтік және білім мәселелері бойынша маманданушылар небары төрт-ақ пайызды құраған.
- Қазақ БАҚ-тары менеджмент саласында артта қалып отырған жоқ па?
- Артта қалғандары соншалық, тіпті жұртта қалып, жер шұқып отыр деуге болады. Егер ондай болмаса, бәріміз газет сандарын кезекке тұрып сатып алатын, телеарналардың бағдарламаларын тамсана тамашалайтын жағдайға жетер едік қой. Біздің медиа-менеджерлер оқырманы мен аудиториясына мойын бұрудың орнына құрылтайшы-қожайынның көңілінен шығуды, соларға жағынуды ғана жөн санайды. Себебі, оны шығармашылық ұжым сайлаған жоқ. Жем беріп отырған қожайын тағайындаған және оны қызметтен қуып тастау да бір адамның қолында. Көңілі қалағанда тағайындайды, ұнатпаған күні алып тастай салады. Бұл жерде іскерліктен гөрі жағымпаздық артығырақ рөл ойнайды. Ал, ұжымды басқарып отырған бас менеджер шынайы іскерлер мен қабілетті мамандарды өлсе де маңына жолатпайды. Себебі, оған жұмыстың мүддесінен гөрі өзінің лауазымы қымбат.
Менеджменттің шығармашылық жағынан ақсап жатуы қанша қаржы құйсаң да еш ақталмайтындығының бір ғана мысалын бүгінгі «Жетінші арнаның» кескін келбетінен анық аңғаруға болады. Бүгінде оның қай елдің арнасы екендігін айырудан қалдық. Күнделікті жаңалықтарының уақыты бар-жоғы жиырма минутты құрайтын, онысының жартысына жуығы аудармалық материалдан тұратын, қалғанын «бай іздеген кәрі қыздар мен қалыңдыққа зәру бойдақтардың» арзанқол әңгіме-дүкендерімен, жалған ұтыс ойындарымен, ресейлік арналардың хабарлары мен фильмдерін көшірумен жабатын дәл осы «Жетінші арна» менеджерлерінің қалай іштері пысып кетпейтінін, жұмыстың сегіз сағатын немен айналысып өткізетіндіктерін өздерінен сұрасаңыз өте қызық болар еді.
- Отандық телеиндустрия қазақ көрерменіне не беріп, не бере алмай отыр?
- Бергенінен бере алмай отырғандары көп секілді көрінеді. Тіпті кейде беріп жүргендерінің өзін көп көріп, ең дарынды, ең білікті деген журналистерді саладан аластатып жіберетіндері бар. Оған алысқа бармай-ақ, "Қазақстан» ұлттық арнасын Ғалым Доскен басқарған кездегі шығармашылық ұжымды мысалға алсақ та жеткілікті.
Әлемнің өнеркәсібі жоғары дамыған елдерінің БАҚ-ының дамуындағы елеулі бір көрініс - олардың санаулы ірі концерндердің иелігіне шоғырлануы болып отыр. Олар әлемдік ақпарат нарығына ену мақсатымен іс қызметтерін еларалық бағытқа бұрған. Бүгінде ақпараттық қарым-қатынастың ең соңғы үлгідегі технологиясын пайдаланатын қаржы, экономикалық ірі базалы корпорациялар халықаралық ақпарат нарығында алдыңғы қатарда жүр. Олардың іс қызметінің бүкіләлемді қамти бастауы ақпарат өндірісінің жаһандануы болса керек.
Тоқсаныншы жылдардың соңында әлем ақпарат нарығында алға шыққан еларалық корпорация - «Тайм-Уорнер» болды. Оның аясында Тернердің «CNN News Group», көңіл көтеруге арналған телевизияның кабелдік жүйесі, НВО-ның ақпараттық және әдеби-көркем бағдарламалар арнасы, сазды әуендік «Warner Musik Group», «New Line Cinema» кино компаниясы, көптеген баспалар, кітап дүкендері, кітапқұмарлардың клубы, Интернеттегі жүздеген онлайн басылымдар, Web сайттар қызмет жүргізеді. 2000 жылы қаңтарда «Тайм-Уорнер» мен «Американ Онлайн» корпорациясының бірігуі ірі мега-концернге айналуға жол ашты. Олар бірден ХХІ ғасырды «Интернет дәуірі» болады деп жариялаған. Жаңа концерннің қатарына 33 ірі журнал, НВО, CNN, TBS, TNT, Cartoon Network және өзге ондаған БАҚ, кино компаниялар, «Compuserve», «Netscape» секілді компьютерлік ақпарат қатынас жүйесі кіреді.
Екінші басты медиа-концерн - «Уолт-Дисней». Оның қатарына жүздеген ақпарат құралдарымен қатар әлемнің ең ірі телекомпаниясы американдық АВС кіреді. Жоғарыда аталған ірі алтаудың қатарына «Ғох» тележүйесі, «Fox News Channel»-дің иесі Р.Мэрдоктың «Ньюз корпорзйшн», NBC тележүйесі, CNBC кабелдік жүйенің меншік иесі «Женерал Электрик» концерні, тәулік бойы хабар тарататын кабелдік телевизияның MSNBC арнаны меншіктейтін «Майкрософт» корпорациялары жатқызылады.
Журналистика «инфо-ноо» аясындағы көрініске айналды деген сөз жиі естілетін болды. Ақпараттық қатынас жүйесінің жаһандануы бүкіләлем халықтары мәдениетінің өзара ықпал етуіне, байытылып дамуына, ақпаратты дүниенің қай бұрышына да жедел жеткізуге лайықталған ашық қоғамның қалыптасуына қолайлы жағдай тудырып отыр. Сонымен қатар елдер мен халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуына, санасын бір қалыпқа салып теңестіруіне ықпал етуі де ғажап емес. Ал, біз әлемдік көштің соңында жүрген ресейлік телеарналардың батыстық әріптестерінен көшірген арзанқол бағдарламаларына жатып кеп тамсанамыз. Ал, сонда оны өзіміз жасауға қарым-қабілетіміз жетпейтін болғаны ма?!
Олай болса, отандық телеиндустрияның қазіргі өгіз аяңына қарап бізге бірдеме береді деп күтудің өзі әбестік сияқты.
- Телеэкранға қарап, әсіресе, телемамандардың тапшылығына ойымыз ойыса береді. Шынында да солай ма, әлде барды келістіре алмай отырмыз ба?
- Барды бағалай алмай жоқшылықты қолдан жасап отырған шығармыз. Мен сондай ойдамын. Телевизияға маман таңдауға орасан көп қателіктерге жол беріледі. Қазір өмірінде елу жол заметка жазып көрмеген бәзбіреулер тележурналистерге ақыл айтқансып, жаңалықтар қызметін басқарғансып отыр. Әдебиет пен тарихтан бейхабар біреулер онан-мұнан көшіріп, телевизияға деректі фильмнің сценарийін жазады. Осыдан кейін көрерменге жететін туындының сапасы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі маманның тапшылығынан болып отырған жоқ. Білікті маманның қарасын көрсе ат тонын ала қашатын, маңына жуытпайтын телеарна басшылары мен қосшыларының атын атап, түсін түстеп беруге болады. Онымен қоймай әлгі бейшаралар кім көрінгенді жұмысқа қабылдайды. Негізі, телемамандарды газет, журнал редакцияларында жұмыс істеп, жазу-сызу шеберліктерін шыңдаған журналистердің арасынан іріктеп алған әлдеқайда тиімді.
- Қазақ телеэкраны шәкірттік кейіптен қайткенде есейеді?
- Адам баласының рухани сұранысына ешкім шек қоя алмасы айдан анық. Сол сұраныс ұлғайған сайын телеөнер туындылары мен шығармашылық иелеріне де қойылатын талап биіктей бермек. Сондай-ақ, адамдар рухани тұрғыдан байып, талғамдары өсумен қатар телевизия техникалары да қарыштап дамып келеді. Әрбір шығармашылық қызмет, соның ішінде телевизия журналистикасының нәтижесі де өз ісінің сипаттарын анықтайтын сапалық жаңа «өнім» болатындығымен ерекшеленеді. Телевизия өз аудиториясына позициясы тұрғысынан өзіне тән болмысы бар телетуындылардың жиынтығы ретінде жетеді. Оны даярлауға шығармашылық ұжым, түрлі саланың мамандары, инженер-техниктер, режиссерлер, теле-операторлар, қаламгерлер, тележүргізушілер атсалысады.
Эфирге шығарылған әрбір телетуынды қыруар дайындық жұмыстармен қатар оны жасау барысындағы «табан ет, маңдай тердің» арқасында пайда болмақ. Белгілі телекомпанияның бағдарламалық саясаты мен тұжырымдамасын жасау, материал-техникалық базасын қалыптастыру, ақпарат көздерімен байланыс орнату, шығармашылық ұжымды ұйымдастыру, олардың жұмыс бағыттары мен еңбек бөліністерін үйлестіру, ұтымды ұйымдастыру, ұстанатын ережелерді жасау секілді істерді сол шаруаларға жатқызуға болады.
Белгілі бір телехабарды дайындау үшін істі жоспарлау, түсіру тобының жұмысын ұйымдастыру, ақпарат жинау, туындының тұжырымдамасын жасау, сценарий жазып, оны редакторлау, монтаждау жұмыстарын бітіріп, бағдарламаға енгізу, аудиторияны зерттеу, олармен кері байланыс орнату өнерін игеру сынды қыруар шаруалар қарбаласып жатады.
Шығармашылық туынды - іс қызметтің іскерлік ізденіс пен қалыптасқан жұмыс формасын үнемі қатар қолданып отырады. Оның деңгейі журналистің шығармашылық қабілетіне, алған білімі мен біліктілігіне, машықтанған дағдысына, игерген тәжірибесіне, ішкі рухани қуатына қарай көрініс табады. Сонымен қатар туынды жасаушылардың өзгелермен қарым-қатынасы да айтарлықтай рөл атқармақ. Журналистің шығармашылық ізденісі іс қызметтің барлық кезеңдері мен сатыларында, тіпті әр қадам сайын қажет етіледі. Ізденіс шығармашылықтың нақты жағдайымен сәйкескен тәсілдерді талап етеді. Оның өзі жеке адамнан өн бойындағы барлық мүмкіндіктері мен әлеуетін барынша толық пайдалануына жағдай тудырады. Қысқасы, тележурналист бағдарламаға жан-тәнімен берілуге тиіс.
- Әсіресе, мемлекеттік емес телеарналарда қазақтілді редакциялар неге 2-планда жүреді? Жетекші ұжым болатын уақыт қашан келмек деп ойлайсыз? Жеке телеарналар үшін қазақтілді көрермен жоққа тән, сыры неде?
- Оның екі түрлі себебі бар. Ең біріншісі, қазақтың қолынан ештеңе келмейді деп орынсыз жоққа шығаруға бейім тұратын қоғамда қалыптасқан құлдық сананың салдары. Келесіде, қазақ редакцияларының өздерінің әлсіздігі мен шынайы шығармашылық ортаның жоқтығы. Жетекші ғана емес, көшбасшы ұжым болуға болады. Ол әркімнің өз қолындағы шаруа. Ал, бізде ешбір телеарна немесе ғылыми-зерттеу ұйым телесұранысты зерттеумен, көрермендер арасында сауалнама жүргізіп, мәселенің мәнін түсінумен айналыспайды. Мұндай жағдайда шығармашылық жұмыста қандай береке болмақ. Әркім өз білгенімен ойына келгенін істеп, енжар тірлікпен айналысып жүре береді де.
- Мемлекеттік телеарналарда Қоғамдық кеңес секілді бақылау болмағандықтан, бетімен кетіп, билік кім болса соған басқартып берекетті алып отырған жоқ па?
- Жалпы демократиялық қоғамда мемлекеттік телеарна атаулы болмауы
керек. Мен жоғарыда да айттым, мемлекет, ресми үкімет БАҚ ісіне араласпауға тиіс. Бізде көп дүние кереғар көрініс тауып жатады ғой. Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлікпен айналысуға заңмен тыйым салынады да, олигархтар мен миллиардерлер, қаржы топтары солардың арасынан туып жатады. Сол сияқты Конституцияда демократиялық зайырлы мемлекетпіз деп аламыз да үкіметіміз БАҚ-ға иелік етеді, олардың басшыларын тағайындайды, қызметтен босатады. Сөз бен істің алшақтығы көбейген сайын солай болады да. Ондай келеңсіздікке жол бермеу үшін алдымен БАҚ атаулыны жүз пайыз жекешелендіріп, сосын, қоғамдық кеңес құрған жөн. Әр ұжым өз басшысын орталарынан тауып сайлау арқылы таңдаулары керек. Олай болмайынша, еш нәрсе өзгермейді, дамудың орнына кері кете береміз.
- Астанада тұрасыз, қазақтілді радио тыңдайсыз ба? Мен ылғи да ертеңгісін жұмысқа бара жатып, келе жатып тыңдаймын. Сонда Қазақ радиосының екі ғана толқыны қазақша береді қалғаны ресейлік контентті толқындар. Бұны түзеу үшін билік пен радиотолқынға қалай ықпал етуге болады және қандай акция жасауды ұсынар едіңіз?
- Үнемі тыңдауға уақыт мұрша бермейді. Дегенмен, «Шалқар», «Астана» және «Қазақ радиосының» кейбір бағдарламаларына құлақ түремін. Ішінара тартымды бағдарламалар мен мықты жүргізушілер баршылық. Ұлағат Ханзада, Аманкелді Құрмет, Мейрам Сапарғалиев сынды жастардың беталыстары тәуір. Ал, ресейлік толқындарды шектеу үшін олардан рұқсат сұраудың қажеті жоқ қой. Балтық жағалауындағы кейбір елдер қоғамдық орындарда орысша ән айтуға тиым салды. Содан болып тұтынып кеткен соғыс өртін көрмедік. Ресей радиохабарларын шектеу үшін міндетті түрде арнайы заң қабылдаудың да қажеті шамалы. Саланы жауаптанатын минстрдің бұйрығы шығарылса жетіп жатыр.
- Қазақ радиотолқындары ХХ ғасырдың деңгейіндегі архаикалық әңгіме мен әдістен аспаған, іш пысады, көңіл жабырқайды.Жайлауда жатып алып тыңдайтын «жарықтық» хабарлар. Сонда бұл деңгей тыңдармандардың сұранысы болғаны ма, әлде радиожурналистердің бары сол ма?
- Бұл сұраққа радионың басшылары жауап бергендері дұрыс болар.
- Қалай ойлайсыз: біздегі мамандардың қаншасы журфактан, қаншасы «көшеден»?
- Cанап көрмеппін (күлді). Қытайдың атақты реформаторы Дэн Сяо Пиннің (дұрысы: Дың Шоу Пиң) «мысықтың түсі қара бола ма, ақ бола ма, бәрі бір емес пе, тышқан ауласа болғаны» - дегеніндей, жазу-сызуға қабілетті болса, табиғи дарыны мен біліктілігі талапқа сай келсе мамандықта тұрған не бар. Журфактың дипломы мен берген дәрісі қарымды журналист болуға кепілдік болмайды. Табиғи түйсігі мен шығармашылық қабілеті, жан-жақты терең білімі болса жарап жатыр, ол мейлі, заңгер, қаржыгер, физик, математик, экономист болсын. Керісінше, жетік білетін салаларын солардың жазғаны тиімді болмай ма. Өз басым ешкімді бөліп жарып қарамаймын. Кім тың ой айтса, елді елең еткізерліктей жақсы дүние жасап, тартымды етіп жазса - сол менің әріптесім.
- «Журфактың орнына бес-алты айлық курстардан жоғары білімді жаза білетін жастарды оқытып шығару керек» деген пікірге қалай қарайсыз?
- Батыс Еуропа жұртына кең тараған «Кембридж білім береді, ал, Құдай жаратпаған дарынды дарыта алмайды» деген сөз бар. Сол сияқты тумысынан ештеңе жаза алмайтын адамға ерекше дарын мен қабілеттілікті журфак та, курс те бере алмайды.
- Мемлекеттік тапсырыс не үшін керек және соған өндірілген өнімдер қаншалықты сапалы әрі қажет?
- Мемлекеттік тапсырыс қазіргі кезде көбінесе министрлікте тамыр таныстары мен ет жақын туысқандары барларға аса қажет болып тұрған секілді. Өйткені, мемтапсырысқа қатысу үшін Есіл өзенінің сол жағалауынан таныс іздейтіндерді өте көп кездестіремін. Сондай тапсырыстармен жасалған телетуындыларды қалт жібермеуге тырысамын. Жақсыларын аңғармай жіберіп аламын ба білмеймін, әйтеуір, менің көргендерім түкке татымайтын сапасыз бірдемелер болып шығады.
СҰХБАТТАСҚАН - С.ӘБДІРЕШҰЛЫ
Астана
«Абай-ақпарат»