Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3667 0 пікір 19 Шілде, 2011 сағат 05:07

Жансая Сыдықбай. Менің өлеңім мен ақыным

Мен өз ақынымды іздедім. Ақыныңды іздеу - сенің жан-дүниеңнің әрбір қалтарыс-бұлтарысын дөп басатын, сендегі мұңлық көңіл-күйдің шерін дәл шерте білген сұңғыла күйші сияқты ой-дертіңді емдеп жұбататын, сендегі қайғы-қасірет, қуаныш пен шаттықты жырлап берген Өлең-болмысыңды іздеу. Өмір бізге тек өмір сүріп, белгілі бір мақсаттарға жетуді емес, Алла берген сан сезімдердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, бұл неліктен, неге бұлай болды? деп ойланып, бас қатыру үшін де берілгенін іштей пайымдайсың. Сондайда сен жан шеріңді рентген сәулесіндей бүкіл сай-сүйегіңе сыналай кіре алған Өлең-сәбиді іздейсің. Сол Өлеңнен сен не ұқтың? Ұққан соң не істедің? Түзелдің бе, жоқ күйзелдің бе? Күрсіндің бе, жоқ қалың ойға кеттің бе? Жоқ, ағыл-тегіл жылап Ақын жазған Өлеңмен бірге мәңгіліктің уілдеген адамзаттық хорына қосылдың ба? Осының қайсысын бастан өткерсеңіз де ешқайсысы жаман емес. Қайсысын сезінсеңіз де сіз үшін қуаныштымын. Демек, сіз әлі барсыз, жасағансыз, жасайсыз да, Өлеңді өлтірмейсіз. Өлеңді өлтірмеу - өзіңді өлтірмеу. Атыңнан айналайын, Өлең, оны жазатын және оқитын адамзат! Сіз өзіңіздің бақытты екеніңізді Өлең оқып отырғаныңыздан-ақ біле беріңізші. Өлең деген сенің жан-дүниеңнің мұңайған, қуанған, жылаған шақтарын әлі де сәби көңіліңіз бен пәк сезімін жоғалтпаған жан екеніңізді еске салатын дүние ғой. Өлең оқып күйзелсеңіз де қам жемеңіз.

Мен өз ақынымды іздедім. Ақыныңды іздеу - сенің жан-дүниеңнің әрбір қалтарыс-бұлтарысын дөп басатын, сендегі мұңлық көңіл-күйдің шерін дәл шерте білген сұңғыла күйші сияқты ой-дертіңді емдеп жұбататын, сендегі қайғы-қасірет, қуаныш пен шаттықты жырлап берген Өлең-болмысыңды іздеу. Өмір бізге тек өмір сүріп, белгілі бір мақсаттарға жетуді емес, Алла берген сан сезімдердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, бұл неліктен, неге бұлай болды? деп ойланып, бас қатыру үшін де берілгенін іштей пайымдайсың. Сондайда сен жан шеріңді рентген сәулесіндей бүкіл сай-сүйегіңе сыналай кіре алған Өлең-сәбиді іздейсің. Сол Өлеңнен сен не ұқтың? Ұққан соң не істедің? Түзелдің бе, жоқ күйзелдің бе? Күрсіндің бе, жоқ қалың ойға кеттің бе? Жоқ, ағыл-тегіл жылап Ақын жазған Өлеңмен бірге мәңгіліктің уілдеген адамзаттық хорына қосылдың ба? Осының қайсысын бастан өткерсеңіз де ешқайсысы жаман емес. Қайсысын сезінсеңіз де сіз үшін қуаныштымын. Демек, сіз әлі барсыз, жасағансыз, жасайсыз да, Өлеңді өлтірмейсіз. Өлеңді өлтірмеу - өзіңді өлтірмеу. Атыңнан айналайын, Өлең, оны жазатын және оқитын адамзат! Сіз өзіңіздің бақытты екеніңізді Өлең оқып отырғаныңыздан-ақ біле беріңізші. Өлең деген сенің жан-дүниеңнің мұңайған, қуанған, жылаған шақтарын әлі де сәби көңіліңіз бен пәк сезімін жоғалтпаған жан екеніңізді еске салатын дүние ғой. Өлең оқып күйзелсеңіз де қам жемеңіз. Демек, сіз бала кезде сенген ертекке, бала қиялдар мен тәтті армандарыңызды жоғалтпағаныңызды, мына қиюласқан әлемнің сапырылысқан шақтарына қаңбақтай ілесіп кете бермей, Өлеңге жармасқаныңыз - Уақыт падишаның бір секунды болсын кідіртіп, мәнді етіп өткізгендігіңіз болып саналмақ. Өлең туралы махаббатымды айтып жалықтырып алмайын, айтпағым, сонымен, менің Өлеңім қайда? Оны жазған Ақыным кім? Ол қайда?

Білмесем де өмірді анық танып,

Өлең жазып жүрген ем шабыттанып.

Қала бермей елеусіз,

шыңдалсын деп,

Бір ақынға көрсеттім алып барып, - дейді менің Ақыным.

Хош, бәріміз де өмірді әлі анық танып білмесек те, өмір сүруге келдік. Сүріп жүрміз. Жаратушы жер бетіне жарық нұрын сыйлап біздерді жіберді. Сосын айналаны танып білгенімізше, Ажал мерзімге жеткенімізше - әртүрлі сынақтардан сыналып, шыңдалып барып, ана жаққа кетеміз. Бірақ, осының бәрін туыла салып емес, ес біліп, етек жапқалы санада Өмірдің солай екенін түйіндеп қоямыз. Сосын менің Ақын-Өлеңім үлкен мұхитқа аппақ желкенін түріп қойып, қалт-құлт етіп жолға шықты. Ол - ерекше желкенді қайық! Өйткені, онда Өлең сәби де қалт-құлт етіп келе жатты.

Арманға аппақ байланып,

Ақ моншақ жастан түзілген.

Айбынға мендік айналып,

Жарқыл боп көзден сүзілген -

Жырларым менің жебеушім!

Түнім - жоқтаған өткенін...

Үмітім тағы - періште,

Кібіртіктеген өткелім,

Кіргізбей қойған пейішке,

Жырларым - жазмыш сыйлығы! - деп бастады өзі. Әрбір аппақ желкенде Өмірге деген беталыс жорығы басталды. Біреу межеге жетті, біреу енді бастаса, біреу орта жолда, біреу дауылға шайқалды, біреу қирады, біреу қайта тұрды. Ал, Өлең мінген қайықтың күйі қалай болды екен? Ол Аманат қой. Алаңдайтыным да осы. Өлеңді өмірдің заңдылықтарына жығып бермей, әлсіздік танытпай аманатты жарыққа шығару - Алла мен Адамзаттың алдындағы парызын орындау әрі  қайыспас адалдығын дәлелдеу - Өлеңнің ең негізгі критерийі. Ақын қайдағы жоқты қиялдамай, жоқ нәрселерді аңсатпай, жердегі адамның ғұмырын түкке тұрғысыз етпей, ештеңеден жеріндірмей, кәдімгі осы сіз бен біздің, баршамыздың ойымызды былай түйіндейді.

Қыруар ой шығарып жүр есімді,

Осы бастан ойға алам күресуді.

Көп жұрттарың секілді, келеді алғым

Тек өзіме тиесілі үлесімді!

Кесімді сөз. Өмірде қол жеткен жетістіктермен алдамшы дүниеге белуардан батқандар, тек өзіне тиесілі үлеспен шектелсе, әлемнің де тынышы бұзылмас па еді?! Бірақ, сол тойымсыздыққа ұрынатындар да о баста тек өзіне тиесілі үлесті алудан бастап еді ғой. Өлеңменен осылай жол бастап едік қой бәріміз. Бастамағандар да дәл осы табалдырықтан өтеді. Сол кезде жаныңызға аппақ жалауша етіп берілген жарық сенім Өлеңді де сізге қоса серік етіп, Поэзия деген патшалық біздерді бақылап тұрған-тын. Оның жол-жөнекей де, финалда да бақылаушылары қадағалап тұр.

Кету де - бақытсыздық басты құрдым,

Жету тағы ірісі жақсы ұғымның,

Өскен жерден амалсыз кетіп барам -

Жақтаушысы табылмай жас жырымның,

Жоқтаушысы табылмай жастығымның.

Өлеңімді өзіммен көмбеймін деп,

Өлеңіммен өмірді өңдеймін деп,

Ауа жұту - аз болып, арман жұтып,

Кете берем, ойға жүк теңдеймін көп.

Иә, ауа жұтып жүріп, арман да жұтамыз. Сіз бен біздердің бастаған жолымыз әу баста осы болатын. Арманның жетегіне еретініміз рас қой?! Баршамыз кешетін ортақ халді Поэзия патшалығының ең биік талабына сай етіп суреттей білу - аманат арқалағандардың борышы.

Жырым менің - жеткізбейтін арманым,

Кейде ойланып қарсы алатын таңдарым.

Жырым және...

жылап жүрген жүрегім,

Біліп қойып бар нәрсенің жалғанын!

Иә, дейсің тағы да. Өмірде бетпе бет келген сәтсіздіктермен, қайғылы оқиғалармен қақтығысқан кезде ғана селт етіп оянып, барлық нәрсенің жалған екенін еске түсіріп жатамыз. Аһ ұрып, жылап-сықтап, дүниеден безіп кететін саңылау табылса, көз көрмес жаққа құрып кеткіміз келіп тұрады. Бірақ, сол саңылауды таппасыңды білетін, күндердің күнінде не болмаса кез келген уақытта ағыл-тегіл жылайтыныңды есіңізге күні бұрын салған жаныңызда Өлең бар еді. Оны байқамаған тек өзіңіз. Өлең сізге өзінен өзі келіп жұбата алмайды, айтқысы келгенін айта алмайды. Ол жыр күйінде тербетуші болып, Ақынның жүрегі арқылы келеді сізге. Сіз сол ақынның өлеңін оқыған кезде жалғыз емес екеніңізді, Сізбен бірге және Алла, үшінші болып жыласқан, мұңыңызды бөлісіп егілген Ақынның Өлеңі де қатар болды. Ақын арқылы келген Өлең бізге былай дейді:

Жүзден таңдап біреуге кездесе ме?

Сезімім бар, бір үлкен өзгешерек.

Сол сезіммен келеді аялағым,

Адамдарды дүниеден безбесе деп.

Жаным-ау, менің Ақыным арқылы келген Сөз-Өлең сен қандай мейірімді едің. Аялы алақаныңды сезініп, іштегі қыстыққан ащы запыранның уытына уланбас үшін, бізге Өлең емші ретінде жіберіліпті. Жаныңызға дауа іздесеңіз - Өлеңнен табасыз. Өлең де, Ақын да бізді жақсы көреді. Бізді жақсы көретін үшінші бір әлем Поэзияның өкілі барын біз көбіне ұмытып кете береміз. Кім сен үшін қайғырып, кім сен үшін жан азабын өткеріпті десе - мен еш ойланбастан Ол «Менің Ақыным!» дер едім. Ақын-Өлең немесе Өлең-Ақын деген ұғымды сен үшін айырмасы жоқтай етіп көрсетсе, онда оның нағыз Ақын болғандығы. Демек, Өлең мен Ақын егіз. Ол біздің жан тамырымызда бүлкілдеп тұр. Тек сезіне білу, ести білу, көре білу, мейірім шуағына жылына білу - өз қолыңызда. Кейде дер кезінде немесе оңаша қалған сәттерде қасыңыздан керекті адамыңыз, ата-ана, туған-туыс, дос-жарандар табыла бермейді. Сондайда сіздің қасыңыздан Өлең мен Ақын ғана табылады.

Ақындықты қалдырмайды мұраға,

Тек өзіңе тиесілі енші ғып.

Емде, Ақын, жүректерді «құрама»,

Жұмысың бар, аты оның - Емшілік! - дейді. Бұл жиырма жасқа жетпей жатып-ақ, жүрек түкпірінде өзіне жүктелген киелі өнердің ауыр жүгін арқалайтынын білген Ақынның сөзі. Бұған тағы дәлел керек десеңіз, менің Ақыным былай дейді:

Сезініп тұрып күйелеш қалпын жалғанның,

Адалдық іздеп, тазалық іздеп қор болам.

Өзгеге ұқсап өзімді қайтып алдармын,

О, өмір, айтшы, мен-ақ па - пақыр, қолбалаң?

Бәріміз де әйтеуір жалғанның сұрағын тауып алардай, тапсақ, барша әлемге жар салардай жанығып жүретініміз адамдық болмысымыз екенін, Жаратушының жаратқандағы басты мақсаттарының бірі осы шығар деп те ойлаймыз. Ақын бұл тұрғыда сонау әріден қозғамай-ақ, осы шақтың келбетімен өмір сүруге үндейді. Дана ғасырдың көреген шәкіртіндей сізге тағы да жұбаныш айтады.

Бұл дүниенің жеңілі мен ауырын,

Ойлайсың-ау дауылын да, жауынын.

Жүрегің ақ, ойың таза болған соң,

Неменеге қорқып жүрсің бауырым?

Бұл өмірге өзіңді өгейсінбе,

Жаның жүдеп қайғырып, кедейсінбе.

Өмір - өзен жәйімен ағып жатқан,

Жоқ әлде бай болғанша бөгейсің бе?

Тағы да, Иә демеске амалың жоқ. Бір қызығы, менің Ақыным не айтса да үнсіз келісемін. Қарсыласып дау айтуға мұршаңды келтірмейді. Жүйелі сөзге жүйесіз ғана таласады. Нәпақа табу жолындағы ырылдасқан, шайнасқан қу тірлігімізден жалықсақ та, шаршасақ та, Алла берген жарықты қиып кете алмайтынымыз неліктен?

Төбеттерге таландың ба?

Түк емес.

Ажал-ақша қыздай арбап күлегеш,

Қытықтаса жөргегіңнен шешіп ап,

Күлмей тұрып ұйықтап ал, кірер ес!

Кім болуды армандап ең басында,

Көз қысуда бәлкім кердең ғасыр да.

Төсегімде дөңбекшимін түнімен,

Біз Аллаға ғашықпыз ба расында?!

Апырау, ол әлі өмір майданға белшесінен түсіп те көрген жоқ. (Дипломын  да алмаған студент). Тым қарабайырлап айтсақ, еш жерде жұмыс та істемейді. Пендешілік, бақай есеп, тақ талас, мансап талас дегеннің әлі бірде бірімен бетпе бет келмеген кезі. Бірақ, соның бәрін көріп, біліп, басынан өткеріп қойғандай айтатыны несі?

Хас сәулетшінің зерлі мүсініндей етіп жырлай білу - кез келгеннің қолынан келе бермейді. Өлеңді әбден сұрыпталып, екшеліп, қашалып, жүректерден орын тапқан кезде ғана - өзіне тиесілі тұғырына қондыруға Поэзия патшалығы ешуақытта қабақ шытпайды. Қай кезде болсын хас шебердің жүрегінен шыққан Өлең-дүрге дәйім қашанда орын табылмақ. Поэзияда бір Ақын алтынмен апталып жатса, бір Ақынның өлеңі жауһармен жасанып жатады, ал бір ақынға ақық тартылса, бір ақынға лағыл тартылады. Тек Жыр мүсінін сұлулық пен мейірімнен қашай білсеңіз, жеңісіңізді ешкім де тартып ала алмайды. Ұлы Жаратушының ұлы тапсырмасын орындаушыларды «Әлемді сұлулық қана құтқара алады» деп орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский қалай дәл тауып айтқан десеңізші.

Ақылыңды тұсаула сен мықты ғып,

Сүюді үйрен, жанарыңа шық тұнып!

Ақыл емес, нәзік сезім өмірде,

Көп нәрсені кетсін саған ұқтырып!

Адамзат бастан кешпеген кермек, өткермеген қайғы мен қуаныш бар ма? Жоқ қой. Сондықтан да, ақындар қай ғасырда, қай дәуірде дүниеге келсін, нағыз Ақын болса жүректегі сөзін Адамдарға айтып, қалдырып кетеді. Олардың шоғыры толастамайды. Жаңарып, жасарып, түлейді. Айтылмаған ойды жалғайды, тың идеялар әкеліп қосады, спорттық рекордтар сияқты сана экологиясының деңгейін көтеріп, жаңартып тұрады. Адам жанына сәулелі көрік беретін жырларға шөліркеген адамзатқа мейлінше молынан ұсынады. Ал, осы Поэзияға жаңа тыныс, жаңа леп, жаңа Ақын келмей қалса, жоғымызды жоғалтқандай күйге түсетініміз рас. Себебі, біздің заманымыздың ой деңгейін көрсетіп кететін замандас Ақын қай кезде де қажет. Сондықтан да іздейміз.

Қуанышын жасырмайды тағы да,

Мәңгілікке орнағандай жанына.

Мәңгілік ұстағандай бақыт атты,

Асау мінез арғымақтың жалынан.

Адам сондай қайғырады, қуанады,

Жылап тұрса жылы сөзден уанады.

Сынап қайтем, адам түгіл табиғатың,

Құлпырғанмен,

қайтадан қуарады.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүр мен наным-сенімді бұзып-жаруға жай пенденің қуат-күші жетпейді. Оны тек Пайғамбарлар ғана жүзеге асырады. Жер бетіне имандылықтың, ізгіліктің нәрін себуде ең бірінші қатты қиналып, азап тартатын пайғамбарлар мен Алланың елшілері болса, содан кейінгі кезекте өнер иелері - таланттар тұрады. Ал, Өлеңнің азабын тек нағыз ақын ғана көтере алады. Сіз бен біз балаша шаттанған қуаныш пен қызықтың, күйіп-жанған қайғының, ащы кермектің образын дәлме дәл суреттеп, ауырсынбас үшін қайғыңыздың өзін жеңілдетіп Өлең-өрнекке айналдыратын, жаныңызға самал лепті шипасын ұсынатын да осы ақындар. Ақын сіз бен біз кешкен ащы кермектің жүз, мың есесін тартып барып, сол қайғыға жаны күйіп кетпей көтере біліп, көтергенде де сол отты көріктің көрігінен аман шығып, сізге тамаша Өлеңдерімен бірге келеді. Оның мықтылығы да, мехнаты да, ақындық азабының сыры да осында жатыр.

Азабы мен қайғысына басқаның,

У жұтамын қайғырады жас жаным.

Болатынын бірақ қайдан білейін,

Қызықтырған бақытың да қас-қағым, немесе

Ақындықты ақыл айту деп білер,

Кейбіреулер жүр ғой жерде бізбенен.

Ақын болсаң - арың болсын көк тірер,

Мақсат емес «жұмақ» табу, іздеген, - дейді.

Парасаттың биік тағына нықтап отырып алған жан ғана есті, ессіз қылықтарына әмірін жүргізе алады. Естісіне жол беріп, ессізін құрықтайтын адам баласының ұстамдылығы - нәпсіні тыю. Жалғанның жалған екенін білу бір басқа, ал оны сезініп, жүректен екшеу бір басқа. Мұны да сіз бен бізден бұрын ақындар сезінеді, солар мұңаяды.

Еркінсітпес өр мінезді жер кімді?

Еліремін ерттеп мініп еркімді.

Ертеңіме ен салмаймын ертекпен,

Емдемейді өтіріктер дертімді.

Поэзия - жалынды жырларды, тазалықты, кіршіксіз ойларды сүйеді. Сол сұлулықты Өлеңімен әлдилете білген Ақынның мәуелі жырлары, біздің шарасыз тағдырға деген өкпеміздің орынсыз екенін тағы да еске салады.

Тағдыр деген - бақытың, сорың-дағы,

Асулар күтіп тұрған жолыңдағы.

Түсіп кетер екем деп тұңғиыққа,

Тағдырыңнан қорықпа, қорынбағын.

Біздердің жердегі ғұмырымыз мәнді болу үшін, Ақын жыры арқылы мәңгіліктің сауалын іздейді. Бірақ, тылсым жаратылыс жұмбағын пенделеріне ұстатып бере қойған жоқ. Оның қашан болары белгісіз. Біздің мақсат - ұлы Жырлармен сусындау, Рухты бір сәт болсын байыз таптыру. Адам көңілі секемшіл құс сияқты ғарыштың аппақ жолдарымен байланысқа түскен сайын, адамдық атымыздың да мағынасы да арта бермек. Демек, Ақынның діттеген тұсы - біз бен сіздің арқалаған дәруіш сауалымыздың салмағына араша түсіп, өзінше ой бөлісуі десек, қателеспейміз. Өмір біздерді сан сауалдарымен қызықтырған, және солай болып қалады да.

Қара аспанға көк күмбезді үй тігіп,

Күй шертемін ғайып болып күйкілік.

Күміс-Айды қонақ қылып күтемін,

Көкейіме кірмес үшін ит кіріп, немесе

Мен - отпын!

Ертеңін ерте сағынған,

Еркіне берген азаттық.

Ғұмырды жалғап тамырға,

Танымын таңған қазақ қып.

Ақын сезім мен сүюдің өлшеусіз биік ұғымдар екенін, шын сүйіспеншіліктің жас талғамайтынын, адамзат оны аяқ асты етсе фәнидің де сұрқы қашатынын ойлап қам жейді. Жастықтың бір аты - албырттық. Осынау албырт күйдің балауса көрінісін махаббаты мол жырларымен кескіндеген Ақынның айтары да өзгеше, сезімі де өзгеше. Мінезді, кесек сөздерімен қыз баланың дайым тәкаппар, бұла келетін ерке қылықтарымен жыр-моншақтары арқылы сыр ақтарады. Өрлік пен өжеттілігі басым, батырлық пен қайсарлығы, аңғалдығы мен ақылдылығы біте қайнасқан, жер шайқалса да сабырын жоғалтпайтын бейнеге тәнті бойжеткеннің жырлары жердегі тірліктің күйкісіне ұсақталмаған жанды іздейді.

Білмесем де сен менің бар сырымды,

Жанарымнан аз болсын аршы мұңды.

Мен де ерлік жасайын, сезіміңмен,

Өлшейін де өзімнің ар-шыңымды, немесе

Сиқыр жанар жіпсіз матап сендегі,

Көре алмаймын ашып тағдыр пердені.

Білем сенің халің-дағы мүшкілдеу,

Таппай жүрсің серігіңді жердегі, - болмаса

Мен сені сүйе аламын!

Сыңарымдай жаны егіз жаратылған,

Шалынып та жолыңа дара құрбан.

Түсін менің осынау ақ жүрегімді,

Жаралама оқ атып қанатымнан... - дейді.

Бір қызығы, адам шындық пен шынайылыққа өлердей ғашық бола тұра, өн бойында адалдығы мен шындығы басым жандардан қашықтау жүруге тырысады. Құрметтейді, бірақ әлгіндей жанның алдында ішкі кемшіліктерін жасыра алмасын біліп, пұшайман халге түседі. Оның алдында ешқандай да жұмбақ болып көріне алмаған болмысына алаңдай ма, әлде расында шынайылық Рухтың жалғыз екендігін көрсетіп тұрады ма, ақынның шыншылдығы өзгелердің мысын басып, сескендіріп тұрады. Ақынның көкбөрідей қайыспас батыл «МЕНІНЕ!» өзімен деңгейлес «МЕН» ғана үйлесе алады. Бұған Ақынның өз сөзі дәлел. «Өз бағаңды түсіріп алдай көрме, Адамдарды қимылынан білемін мен» дейді.

Сүю деген ұғым - кең ауқымды. Оның нақты анықтамасын беру шарт емес, бастысы сүюді мойындау. «Сүйем - бітті, шындығыма шаршаңыз, Көктем келсе көңілшек боп еритін, Мен емеспін ақ көйлекті қарша-қыз» деп өзінің асқақтығын тікесінен айтып салады. Ақын сезімдерін селдетіп, сүйгені туралы жырларымен оған сипаттама беруінен гөрі оның онсыз да ерекше болмыс иесі екенін бір көрген сәттен-ақ жазбай таныған. Оған тек сол биік қасиеттерінен аласарып қалмауын, тектілік пен дегдарлықтың таңғы шықтай жаңа күйінде қалғанына мәңгі бақи тілекші екенін ғана базына етеді.

Білемін мен аз-ақ сәттік ғашықтықты,

Сүйе алмайтын сорлылық, пасықтықты.

Көрсетпеші өз бойыңнан осалдықты,

Қалармын әйтпесе мен жасып тіпті.

Есімді алды естілігің,

Барлық мініңді бүркеп тұр.

Онсыз да бірақ ұнатам,

Соңынан сүзілмес ешбірінің.

Ақында өрлік пен ерлік, дара мінез болмаса бәрі бекер. «Еш «Құдайың» мықты емес мына маған, Сүйдіруге мені ессіз жарамаса!» дегеніндей, өзінің де, өзгенің де бастан кешетін сезімдерін жырымен тұтастыра отырып, Ар тұңғиығынан аршылған жақұтты ізденісін осылайша ашық түрде мәлімдейді.

Байлаулы емес бақыт кірпік, шашымда,

Деп қайғырман, күңіренбен, ашынбан.

Менің моншақ көз жасымда пәктік бар,

Сыр ашқызар шын Ақсақал-ғасырға, - деген жолдардан Ақынның өзіндік бақытын іздеген әдемі жырларынан көп нәрсені аңғарамыз. Бақытты болу оны ұстап алып, «Мінекей, таптым!» деп жар салу емес. Шашасынан ұстата берсе, ол шіркінге ешкімнің таласы бола қоймас. Бәлкім, бақыт таптыратын шығар, бірақ оның біздерді алға жетелейтіндігімен қызық. Ақынның бұдан басқа да жан сырын жайып салған жырларында баршамыздың кеудемізде сақталған, оны салмақтайтын, сараптайтын, өткеніміз бен бүгінгінің ортасында әрі-сәрі халге түсетін сәтімізді айшықты етіп жырлай білген. Ол Поэзияға «Кеудеме оның суретін салдым деміммен, Әйтпесе мені кім көрінген кеп тонайды», «Қуана ұшырдым сен жаққа қарай, Көңілдің көктемкөз көбелектерін», «Өмір өтер - күзгі ойлардың сынығы, Өкінішің өлмей қалса шошыма» деген сынды көптеген әдемі, ерекше қайталанбас өлең жолдарын әкеліп қосты.

Өмір сүрудің шарты не?

Кәрілік жеңген жасамыс емеспін, жас та емен,

Қорғасын ой көп басымда.

Айырмашылықтарын сезінбеспін пен әсте мен,

Мендік ақындық - осында... - деп сауалды өзі қоя отырып, өзі жауап береді.

«Мендегі бақыт» деген өлеңінде Ақын:

Менде де бар - бір арман,

Күдіктерден құралған.

Шығармайтын шыңына,

Тіпті биік шынардан.

Менде де бір қайғы,

Қуаныштарға қыңбайды.

Өзінің өшпес әрпімен,

Кеудемді бояп сырлайды.

Менде де бар бір бақыт!..

Ол - менің өзім, өзім ғой,

Жүрегін жүрген жырлатып!

Мұңайсам болған демеуім,

Түсінгейсіздер мені Елім:

Айырылмас досым, сырласым,

МЕНДЕГІ БАҚЫТ - ӨЛЕҢІМ! - деп өрнектеген. Сонымен, менің Ақынымның аты-жөні - Айгүл Сейілова, ал жыр жинақтары - «Мендегі бақыт!» деп аталады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Астана қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576