Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5206 0 пікір 19 Шілде, 2011 сағат 06:13

Мақсат Мәлік. Бассыз бөрі

Әр елдің әдебиеті сол халықтың болмысына тартып туса керек. Біз қазақ әдебиетінің әр кезеңіндегі көркем шығармалар тізбегінен ұлттық санамыздың кескінін көреміз. Кескін - бесіктен бақиға сапар шеккен адамдай неше бір түрге еніп, өзгеріп тұратыны тағы бар. Ал бүгінгі әдебиеттің келбеті әуелде бұлыңғырлау, тіпті қазірде сондай деп келетін әдеби әңгіме бар. Асылы, біздің әдебиетте сөз көп. Бірақ әдебиетте өз қоғамынан тыс өмір сүре алмайды. Демек, әдебиеттің айқындығының айнадағыдай көрінбеуінің өзі қоғамның ішкі дағдарысында жатса керек-ау. Осы тұйыққа тірелген жолсыздық пен бағдарсыздықтың өзі әдебиеттің жаңа тынысына айналғандай.

Жуықта «Жұмбақ кітап» деген атпен тұңғыш кітабы жарық көрген Мақсат Мәліктің шығармаларынан біз бүгінгі қартайған, тоқтап қалғандай әсер қалдыратын қоғамдағы адам санасының яғни, сіз бен біздің тереңдеп бара жатқан ұлттық санамыздың аласұрып дағдарған күйін көреміз. Бұл - қазақ әдебиетінің жаңа парасы. Жаңа леп! Жатырқайсыз. Алайда, өмірді екі рет сүрген әзірге ешкім жоқ. Содан да біз үшін бәрі тосын көрінер. Тосындық - «Жұмбақ кітап» емес, ол - Сіздің жан дүниеңіздің дәл қазіргі халі.

Жазушы Мақсат Мәлікті алғашқы кітабының қалың оқырманға жол тартып, қазақ санасына саңылау тауып, сәуле түсірсін һәм жазуының өзі де әдебие миссиясының ақырына адалдықпен жетуіне ниеттесігімізді білдіреміз.

Әр елдің әдебиеті сол халықтың болмысына тартып туса керек. Біз қазақ әдебиетінің әр кезеңіндегі көркем шығармалар тізбегінен ұлттық санамыздың кескінін көреміз. Кескін - бесіктен бақиға сапар шеккен адамдай неше бір түрге еніп, өзгеріп тұратыны тағы бар. Ал бүгінгі әдебиеттің келбеті әуелде бұлыңғырлау, тіпті қазірде сондай деп келетін әдеби әңгіме бар. Асылы, біздің әдебиетте сөз көп. Бірақ әдебиетте өз қоғамынан тыс өмір сүре алмайды. Демек, әдебиеттің айқындығының айнадағыдай көрінбеуінің өзі қоғамның ішкі дағдарысында жатса керек-ау. Осы тұйыққа тірелген жолсыздық пен бағдарсыздықтың өзі әдебиеттің жаңа тынысына айналғандай.

Жуықта «Жұмбақ кітап» деген атпен тұңғыш кітабы жарық көрген Мақсат Мәліктің шығармаларынан біз бүгінгі қартайған, тоқтап қалғандай әсер қалдыратын қоғамдағы адам санасының яғни, сіз бен біздің тереңдеп бара жатқан ұлттық санамыздың аласұрып дағдарған күйін көреміз. Бұл - қазақ әдебиетінің жаңа парасы. Жаңа леп! Жатырқайсыз. Алайда, өмірді екі рет сүрген әзірге ешкім жоқ. Содан да біз үшін бәрі тосын көрінер. Тосындық - «Жұмбақ кітап» емес, ол - Сіздің жан дүниеңіздің дәл қазіргі халі.

Жазушы Мақсат Мәлікті алғашқы кітабының қалың оқырманға жол тартып, қазақ санасына саңылау тауып, сәуле түсірсін һәм жазуының өзі де әдебие миссиясының ақырына адалдықпен жетуіне ниеттесігімізді білдіреміз.

Төменде жазушы Мақсат Мәліктің үш әңгімесін ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Мақсат Мәлік. Бассыз бөрі

Көк бөрінің маң даланы үрейге бөлеп ұлығысы келді. «Ауууу... ауууу... аууууу...» Ұли алмады. Басы жоқ екен. Қайда қалды, біреулер шауып алды ма, әлде өзі бір жерге ұмытып кетті ме, о жағын біле алмады. Қатты өкінді. Ұли алмағанына. Жортып келеді. Жоғалған басын іздеп. Ұзақ жүрді. Басы еш жерден кезікпеді.

Бір қырқадан асып түскенде топтанған қорқауларды көрді. Өздерінше у-шуға бөлеп, ұлып жатыр екен. Бассыз бөріні көріп, бәрі тырағайлап қаша жөнелді. Көк бөрі негізінде қорқаулардан өзінің басын сұрағасы келген-ді. Енді мүмкін емес. Қоқаулардың соңынан қуғысы келген, ары жібермеді.

Көк бөрі: «Менің басым кімге керек болды екен?» деп ойланып келеді. Бір қызығы өз табиғатына тән құбылыспен ұли алмаса да, адам секілді сөйлейтінді шығарды. Мұндай дауысты талай артынан қуған аңшылардан естігені бар. Оны ұли алмай ышқынып, өз ішінен ащы өксікпен «Ей, Тәңірім...» деп сыртқа шығарғанда байқады. Көк бөрінің ең алғашқы сөзі «Ей, Тәңірім» деп басталды. Осы бір дауыс даланы жаңғырықтыра жөнелген. Әуелі адамдар келіп қалған екен деп үрке түсіп, қашпаққа ұмтылған. Қателесіпті, ол - өзі екен.

Қайта-қайта ышқынған дауысқа салды: «Ей, Тә-ңі-і-і-рі-ім...» Айқайға басты. «Ей, Тә-ңі-і-і-рі-ім...» Алыстан «Несіне айқайлап, даланы басыңа көтересің» деген ашулы жауап жетті. Кілт тоқтай қалды. Жауаптың қай жақтан естілгенін аңғармады. Тағы да айқайлауға оқталғанымен, «Осы да жетер, одан да не бұйымтайың бар, айта бер. Менің атымды атап несіне шақырдың» деген дауыс естілді. Жан-жағына алақтай қараған бассыз бөрі, еш нәрсені байқай алмады.

- Бекерге әуре боласың, мені ешқашан көре алмайсың. Мен сенің Тәңіріңмін.

- Оған мен құштар емеспін де. Менің басым қайда?

- Бас дейсің бе,- қарқылдап күлген дауыс жетті бұған,- кімнің басы қайда қалмай жатыр. Неменесіне бұлдап тұрсың?

- Маған бәрібір өз басым керек. Ұлығым келеді.

- Сен енді ұли алмайсың.

- Неге?

- Оны адамдардан сұра.

- Не дейсіз, адамдардан... Сонда қалай?..

- Иә, сенің басың енді адамдардың қолында.

- Түк түсінсем бұйырмасын, мен ешқашан адамдардың тұзағына түсіп көргенім жоқ.

- Оның рас, дегенмен сенің басың солардың қолында.

- Олар менің теріме ғана қызығушы еді ғой. Басым не үшін қажет болды екен?...

Көк бөрі ойланып қалды. Басын жоқтап жылағысы келді. Бөрілігін танытып, сыр бермеді.

- Кім біледі, өзгелердің алқымынан алу үшін шығар. Олар мені де ұмытып кеткелі қашан...

Бұл - Тәңірдің сөзі. Өн бойы өкініштің табымен өрілген.

- Жоқ, мен бұған келісім бере алмаймын. Басымды қайтып аламын олардан.

- Енді бәрі де кеш...

- Ештен кеш жақсы.

- Мұндай қағида адамдарға ғана тән.

- Сонда не істеуім керек, Тәңірім?! Айтыңызшы?

- Саған адамдардың басын беремін. Таңдағаныңды аласың.

- Қажеті жоқ. Маған тек ұлитын бас керек.

- Оған менің дәрменім жетпейді.

- Сіз жаратушы емессіз бе?

- Иә, бірақ бірінікін біріне алып бере алмаймын.

Көк бөрі не істерін білмеді. «Тәңірдің қолынан бәрі де келді» деген ойдың шындығына жете алмағандай. Осы кезде Тәңір сөйледі:

- Енді басыңды іздеуің бекершілік. Менің ұсынысымды қабыл алмадың. Енді сенің бассыз ғұмырың басталады.

Көк бөрінің денесі дір етті. Желкесін күжірейтіп, әлдекімге айбат шеккісі келді. Қорыққаннан... Иә, үлкен үңгірдің ішінде алғаш көзін тырнап ашқаннан бері ғұмырында алғаш рет қорықты. Бассыз ғұмырынан.

- Мен бәрібір іздеп табамын.

- Жолың болсын!

Көк бөрі енді өз үйіріне өгей екендігін сезінді. «Ей, басың қайда?» деп, ұяластары да қор етуі мүмкін ғой. Бассыз бөрінің соңғы түйіні осы болды.

 

 

 

 

Қарғыс атқыр патшалық

Ол жақта бәрі керемет деп еститінбіз. Ұзын құлақ бойынша жұмақ төріндей елестейтін. Бірақ ешкім ол жерге барып келген емес. Бар сырға тек қана сырттай қанықбыз. Сондықтан болар, біздердің ол жерге деген қызығушылығымыз өте жоғары еді. Сол жаққа барып өмір сүрсек деп армандайтынбыз. Сапар шеккіміз келетін. Десек те жолға шығуға ешкімнің батылы жетпейтін. Оның да өзіндік себебі бар, бәріміз белгісіз ел жайында естіп, сырттай қанық болғанымызбен, сол елдің қай жақта орналасқандығын білмейтінбіз. Біреуі солтүстікті, екіншісі оңтүстікті, үшіншісі батысты, төртіншісі шығысты сілтейтін. Ешкім картадан нақ тауып көрсетіп берген емес. Бейне бір аңыз сияқты. Аңыздың ақырына шыдай алмадым. Буынып-түйіндім де батар күнді бетке алып, жолға шықтым. Күн жүрдім. Тоқтамастан. Түн жүрдім. Ұйықтамадым. Жүре бердім. Бейтаныс мекен жайында көрген-білген ешкімді кезіктірмедім. Уақыт өте келе адамдарды да көрмейтін болдым. Жапан түзде жалғыз жорта бердім, жорта бердім.., бір күні алыстан шаңдатып келе жатқан қарайған көрдім. Арамыз жақындай түсті, жаяу адам екен, екеуміз жолыққаннан кейін байқадым, ол да мен секілді бейбақ екен. Жол жүріп келе жатқандығын айтамын да, әйтпесе оның қай жақтан келе жатқандығын, қандай мақсатпен сапарлап жүргендігін жатқа білетін әулие дермісің... Тек маған қарсы бағыттан келе жатыр, маған аяны осы. Ол мені бұрыннан танитын жан секілді сыңай танытты.

- Бәрібір өкінесіз ғой.

- Не айтып тұрсыз.

- Сапарға шыққаныңызды айтқаным ғой, сен іздеген елде де бақыт жоқ. Бәрі жалған...

Жүзі түтігіп кеткен. Үсті-басына қарай бастадым, арып-азған. Ұзақ сапардан болуы керек деп ойладым.

- Сіз оны қайдан біліп қойдыңыз.

- Жол бойы сендейлердің талайын көргенмін. Бірақ мен сол сендер аңсап жүрген елден безіп келемін. Жалғыз мен емес, бәрі де осылай ойлайтын. Алайда ешкімнің батылы жетпеді.

- Олай демеңіз, ол жақта бәрі де жақсы деп естігенбіз.

- Есту бар және көрмек бар.

- Бәлкім қателесіп тұрған шығарсыз...

- Ақымақ деп ойлайсыз ба?

- Құдай сақтасын, тек сенгім келмейді сіздің айтқандарыңызға.

- Онда тыңдаңыз... Бір есептен сізге бар көрген білгендеріміді айта отырып тынығып алайын.

- Негізінен мына мен,- деді оң қолымен кеуде тұсын нұсқап,- сіздер аңсап жүрген елдің азаматымын. Менің шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаным тамған жерім. Мен емес-ау, сан ғасырдан бері ата- бабаларымның сүйегі жатқан жер. Бағзы замандарда ата-бабамыз мына біз сияқты ұрпақтарына мирас етеміз деп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған екен сол жерді. Бірақ тозған ұрпағының бірі мен секілді сол мекеннен безіп кетеді деп еш ойламаған шығар.

Кекесінмен күліп қойды. Сосын әлдекімге кіжінді жұдырығын түйіп.

- Иә, олар ойламаған болуы керек. Бірақ амал қанша. Қашпағанда қайтемін, басқа амалым да қалмады, ол жақта байырғы тұрғындардың халі мүшкіл. Бәлкім сен басқасың ғой, сен үшін бәрі бір ізге түсіп, өз қалпымен кете берер. Бірақ мен үшін мүмкін емес. Сенесіз бе, мәселен сіз менің айтқандарымның барлығын түсініп тұрсыз ғой, ал ол жақта маған дәл осы тілде сөйлеуге тыйым салынған. Бар жазығым сол жердің байырғы тұрғыны болғандығым ғана.  Осыныңды шағым ретінде ешкімге айта алмайсың. Тіптен ағайындарым, қандастарым тыңдаудан қалып барады. Бір-екі рет қарсы шыққанмын, сол үшін талай мәрте таяқ та жедім.

Ол көйлегін шешіп, арқасын маған тосты. Дырау қамшының бойдағы уыты кеткенімен, қара жолақтар тыртық болып қалып қойыпты.

- Бірақ ол елде бәрі де жақсы. Негізінде үлкен кісілер солай айтатын. Мен көре қойғаным жоқ. Сенесіз бе, ол жақтың байырғы тұрғындары  әлі де алдау мен арбауда отыр. Саналарына үрейді соншалықты сіңіріп тастаған. Қанша қиыншылық болса да, әйтеуір тыныштықтан айырмасын деп, аузын буған өгіздей отыра береді. Соған ішім удай ашиды.

Тізерлеп отыра қалған бейтаныс жолаушы, еңіреп жылап жіберді.

- Сен де бақыт іздеп барады екенсің, мен тек өз қабылдауымдағы пікірлерді ғана айттым. Бара беріңіз сол елге... Тек байырғы тұрғындарға аяушылық көрсете біліңізші. Себебі бәрін Жаратушы күш көріп тұр ғой. Мен бәрібір өз тамырластарымды құтқарып аламын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы бір кезеңде қолдары ауыздарына жетпей отырған. Әлдебіреулер жеткізбей отырған.   Құрысын бүйткен өмірі, қарғыс атсын.

- Не дейсіз, кімді айтып тұрсыз.

- Қарғыс атсын!

Ол осы сөзді артына бұрылып, тағы да үш-төрт рет қайталады.

- Кімді қарғап тұрсыз. Түсінбедім...

- Жә, ештеңе емес.

Бейтаныс жолаушы орнынан тұрды.

- Менің айтқандарымды ешкімге жеткізбеймін деп уәде бересіз бе?

- Мен әлі ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Уәдесі несі, әлде біреуден қорқып тұрсыз.

Бірақ кімнен қорқуы мүмкін деген ой келді санама.

- ...

Ол үн-түнсіз жүріп кетті. Мен не кейін қайтарымды, не алға жылжырымды білмей, тұрған орнымда қаққан қазықтай қалшиып қалдым. Бірақ бәріміз аңсап жүрген елдегі байырғы тұрғындарды көргім келгені рас. Белгісіз мекен жайында небір мақтаулардың немесе бейтаныс жолаушы айтқан әңгімелердің әсері болар.

...Мен бір орында әлі тұр екенмін...

 

Утопия

Жексенбі. Таң атпай жатып телефон шырылдады. Ұйқылы-ояу тұтқаны көтердім. Демінен таныдым. Өзім өте жақсы көретін, әрі жек көретін досым екен. Мәз-мәйрам. Балаша қуанады.

- Жағдайың қалай?

- Баяғы қалпы.

- Ұйықтап жатыр ма едің?

- Иә.

- Бәсе, өзім де солай ойлағанмын.

- Онда мен ұйқымды қандырып алайын, артынан хабарласармыз.

- Жо-жоқ, тұра тұр. Менде бір жаңалық бар.

Нендей жаңалық екендігін білмедім, бірақ оның өз ойындағы дүниесін жеткізуге деген құштарлығы анық сезіледі. Ауыр есінедім. Көңілін қимадым.

- Айта бер, - дедім.

- Айтқанда былай ғой, - деді ол, ұзақ әңгіме-дүкенге дайындалған жандай тамағын ауық-ауық кенеп, - Осы сенің шашың ұзын емес пе?

- Оны күнде көріп жүрген жоқсың ба?

- Мәселе онда емес,  мысалы менің де шашым өсіп кеткен.

- Оқасы жоқ, айлығыңды алған күні қысқартарсың.

- Сен әлі дұрыс түсінген жоқсың.

Үні жалынышты.

- Түсінбейтін несі бар, ерігеді екенсің адамды ұйқысынан қалдырып.

- Сәл тыңдашы енді...

- Ал тыңдалық.

- Менің айтпағым мынау еді, осы біз шашымызды өсіру арқылы өз қоғамымызға деген қарсылығымызды танытпаймыз ба?

- Жетісерміз...

Дауысым кекесінді шыққан болуы керек, ол жалма-жан іліп әкетіп, бастырмалата жөнелді.

- Онда тұрған дәнеңе жоқ. Өзге де достарымызға жеткіземіз ойымызды, бәлкім олар қосылар біздің қатарға.

- А-а-а...

- Сонымен келісесің ғой, мәселен скинхедтер секілді біз де топ құрамыз.

- Айналайын-ау, олардың іс-әрекеттері басқа ғой.

- Ештеңе етпейді, олар әсіре ұлтшыл топ болса, біз жай ғана, қоғамға наразы топ ретінде көрінеміз.

- Шынымды айтсам ұйқым келіп тұр.

- Әйтеуір менің айтқандарымды толықтай естідің ғой.

- Иә.

- Ойлануға уақытың бар. Жарайды артынан хабарласармыз.

Телефонның тұтқасын қоя салды. Жын қаққан ба дерсің. Түс көріп оянған шығар. Биссимиллә!

Ұйқымды жалғастырмақ ниетпен жатын бөлмеге еніп, әжем үйреткен дұғаларды қайталап, төсегіме жантая бергенім сол, телефон тағы да безектеді. Шыр-шыр етеді. Мыналардың барлығына таң атпай не болған деген оймен, қайтадан барып телефонның тұтқасын көтердім.

- Адам деген ұйқыны азайту керек, - деді, амандаспастан.

Таныдым. Достарымның бірі екен. Ол әрқашанда сөзін осылай бастайтын. Бірақ барлығы ақылдасып алып, мені әжуға айналдырғысы келетін секілді. Ашуланып, дауысымды қатайтып:

- Иә, енді сен не айтпақ едің, - дедім.

Ол саспастан:

- Саған айтар жаңалығым бар,-деді.

- Тыңдалық.

- Осымен жетінші күн, яғни бір апта болды үйден шықпадым. Жұмысқа  бармадым. Бір үлкен іс ойлап, қолға алайын деп жатырмын.

- Не болып қалды өзі, аманшылық па?

- Аманшылық қой, бірақ өзің білетіндей мен қоғамыма қарсы адаммын ғой.

- Дұрыс делік, алайда еш қарекетсіз бір апта бойы үнсіз жатып алғаныңа жол болсын.

- Міне, мен бір апта бойы осыны ойлап, мынадай ойға бекідім. Біздің қоғамның кері кетуі, мемлекет басшысына байланысты емес пе?.. Солай ғой...

- Мүмкін.

- Онда мен ертең дүйсенбі күні алаңға шығып, мемлекет басшысына деген өз наразылығымды білдіремін. Әр түрлі ұрандар жазып, дайындап қойдым. Қолыма ұстап шығамын.

- Содан...

- Сен менің жаныма ересің бе?

- Енді сен тыңда, мен саған бір жаңалық айтайын.

- Қандай жаңалық?

- Кеше теледидардың барлығы шулап жатқан, жаңалықтан естімеп пе едің?

- Нені?

- Кеше сен наразылық танытқың келіп жүрген мемлекет басшысы орнынан түсіп қалған. Ұлтын сатқаны үшін халық көтеріліске шығып, тағынан тайдырды.

- А-а-а...

- Сау бол!

Телефонның желісін түбінен жұлып тастадым да, қайтадан ұйқының құшағына ендім. Оянсам дүйсенбі екен. Тұра сала жұмысыма қарай асықтым.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578