Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2780 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 09:12

Ерлан Төлеутай: "Менің аңсарым ХІХ ғасырға ауады да тұрады"



- Алматыда қоныс теп­ке­ніңізге қанша уақыт болды?
- Бір жылдың ар жақ, бер жағы...
- Сізді үлкен сахналар­дан үнемі көріп жүргенімізге қа­рап, осында тұрады деп ой­лау­шы едім...
- Осы уақытқа дейін Қа­рағанды мемлекеттік уни­верситетінде, кезінде өзім құр­ған «Бота» интелек­туал­дық орталығында, кейін Ме­йірхан Ақдәулетовтің ша­қы­руымен Ақтөбедегі «Алтын Орда» газетінде, басқа да бір­қатар мәдениет салаларында жұмыс істедім. Біраз жылым «Қа­зақстан» ұлттық арна­сы­ның Қарағанды облыстық фи­лиалында өтті.
Алыста жүрсем де, Алма­тымен байланысым бұрыннан үзілген емес. Деректі фильм­дер­ге сценарий жазып, кон­церт­терге жиі қатысып тұратын­мын. Былтыр «Қа­­­­­­­зақ­фильм» киносту­дия­сы­ның бас редакторы Дидар Аман­тайдың ұсынысымен осында көшіп келдім.
- Мұны сұрап отырғаным, кезінде «Қарағандыға келіп ән айтпаған адам жоқ. Тіп­ті Ресейдің артистері осы жер­ден шиырлап шықпайды. Ал Қайрат Байбосынов 20 жыл бойы бірде-бір шығар­ма­шылық кешін өткізе алмай жүр» деп республика көле­мінде мәселе көтердіңіз. Нә­ти­жесінде, шахтерлер қа­ла­сында халық артисінің екі кон­церті ұйымдастырылды. Сол сияқты Алматыда да кім­дер ән салмады?! Сіздің осы екі қаланың бірінде концерт қоятын уақытыңыз келді емес пе?
- Әзірге туған жерімде әуе­летіп ән шырқайтындай мүмкіндік болмай отыр. Оның көп себептері бар. Тара­зы­ласам, Қарағандыға қарағанда, Алматыда көбірек өнер көр­сетіппін. Бірақ алғашқы шы­ғармашылық кешімді Ал­ма­тыда да, Қарағандыда да емес, Литвада ұйымдастырылған дүниежүзілік музыка фес­тивалі аясында өткіздім. Сонда қала мэрі қабылдап, «Қазақстан мен Литва ара­­­­­­сын­да­ғы бірнеше жылда ор­­ната алма­ған мәдени бай­ла­ныс­ты бір аптада жүзеге асыр­дыңыз» деп риза­шы­лығын білдірген. Есімнен кет­пейтіндей әдемі бір кеш болған еді. Алла бұйыртса, енді Алматыдағы көрер­мен­мен қауышып, өз туынды­ла­рымды, қазақтың класси­калық әндерін орындасам деген ой бар.
- Дәстүрлі ән кеші ғой...
- Жалпы, мен қазақ му­зы­ка өнерінде екі дүниеге қар­сымын. Оның бірінші­сі - маған «Дәстүрлі ән» де­ген сөз ұнамайды. Бұл жолдан қо­сылған тіркес. Орыс тіліне ау­дарсақ, «традиционная пес­ня», яғни тұрмыс-салт жыр­лары, әдет-ғұрып әндері деген мағына береді. Тоқ­саныншы жылдарға дейін барлық му­зыка зерттеуші, өнерта­ну­шылар, Мәдениет министрлігін бас­қарған марқасқалар «қа­зақтың классикалық әндері» немесе «халық компози­тор­ларының әндері» деп сөйлей­тін. Кейін келе «дәстүрлі ән» деген атау пайда болып, қа­лып­тасып, санамызға сіңіп кетті. Өз басым мұны қолдамаймын. Мүлде қарсымын. Екіншіден, қар­нымның ашатыны, қазір ша­масы келсе, даусының бар-жоғына қарамай еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, әкімқаралар, шенді мен шек­пенділер де, қалтасына ми­ни­диск салып жүретін болды. Фонограмма бас ауруымызға ай­­налды. Атақты әншілеріміз­дің өзі өлі дауыспен ән айту­дан ұялмайтын болды. Басқа елде ауыз жыбырлатып, халықты алдау - қылмыс деп саналса, бізде сәнге айналған. Кезінде Нұрғиса Тілендиев ағамыз «Жоғары дәрежелі күйші болу үшін күніне алты сағат домбыра тарту керек» деген еді. Әнші болу үшін де солай. Әншілік, әсіресе, жас кезіңде күрделі ізденісті, табанды еңбекті талап етеді. Жас әншілер әлден тех­никаға сүйеніп алса, күн сайын дауыстарын шынықтырмаса, болашағынан үміт күтіп, ертең олар Мақпал, Роза, Нағима шыққан биікке шыға алады деп сену қиын. Әлемдегі үлкен елдердің барлығы, тіпті көрші мемлекеттерге дейін фоно­грам­­маға әлдеқашан тыйым сал­са да, біздікілер осыған неге үн­сіз отырғанын түсіне алмай-ақ келемін!
- Өзіңіз эстрадалық ән­дерді қалай орындайсыз?
- Мен эстрадалық ән айт­паймын.
- Бірақ эстрадалық ән жа­засыз, солай ма?
- Өз шығармаларымды эстрадалық әндер қатарына да жатқызбаймын. Домбыраның табиғатына жақын, лирикалық қоңыр әндер дер едім. Әзірге әндерімді Мақпал Жүнісова, Меруерт Түсіпбаева, Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіманов, Сейіл Аяғановтар шырқап жүр. Екі иықты жұлып жеп, алқын-жұлқын билейтіндей емес, көңіл-күйге байланысты туған туындылар. Мұңдылау болып келеді. Секіретін әндерге са­налы түрде бара алмаймын. Жан-дүнием оған қарсы, бол­мысыма, мінез-құлқыма сай емес. Жалпы, мен қоңыр күйдің адамымын. Аса жарқылдаған дүниені ұнатпаймын. Кейде тойға барсаң да, «Көңілді ән айтшы» дейтін әдет қа­лып­тасқан. Ән өзі қатты қуанғанда, не болмаса шер толқытқанда шығады. Арзан көңілден, тоқ, күйлі өмірден туған, шоуға жа­қын дүниелер тез ұмытылады да ғұмыры алысқа бармайды. Ал қазақ әндерінде халқы­мыз­дың өнер шежіресі, дү­ние­танымы, көрген азабы, тартқан бейнеті, мұң-шері жатыр. Оны қалай көңілді қылып айтасың?! Қазір онсызда сырты жылты­раған дүниелер, санын жала­ңаштаған қыздар мен әлекей-шүлекей таққан қыз дауысты жігіт әншілер көбейіп кетті. Саудагерлер тауарын өткізу үшін сыртқы түрін келістіріп орап қояды ғой, ішін ашсаң дым жоқ, тура сол сияқты. Беттерін бояп, шаштарын сәндеп, кө­рерменге келбетімен ұнағысы келеді. Қазіргі өнерпаздар жан дүниесін байытқаннан гөрі, материалдық игілікке бөленуге жанталасады немесе әзілге бұрып айтар болсақ, оларға жүрегін таза ұстағаннан гөрі, шетелдік көлігін айнадай жар­қыратып мінген маңыз­дырақ. Көп жағдайда солардан қазақ өнеріне қызмет жасайын деген ниет көрмейсің...
- Қоңыр күйдің адамдары сырт көзге салы суға кетіп, өмірден түңіліп жүргендей көрінетін сияқты...
- Не болса да әркімнің өз ішінде ғой. Мені танығысы келгендер әндерімді тыңдап көрсін. Даусыма құлақ түрсін. Қо­лына домбыра ұстаған ән­шілер өз деңгейiмізді біл­ген­діктен, өзімізді-өзіміз жар­на­малағанды ұнатпаймыз. Со­сын қоңыр тұрмыс кешеміз, қо­ңыр күйде жүреміз, қоңыр ән айтамыз.
Мына қоғам маған суық көрінеді. Менің жаным, менің көңілім, менің аңсарым ХІХ ғасырға ауады да тұрады. Ол қазақ өнерінің шарықтаған кезеңі, әсіресе, ұлттық музы­камыз үшін алтын ғасыр болған заман еді. Біреудің өтірік мақтап, өтірік күліп, алдап, бөсіп тұрғанын көргенше, өзіммен-өзім оңаша, жалғыз қалғанды дұрыс санаймын. Көп адаммен араласа бермеймін.
- Сал-серілердің қасында топ-тобымен өнерпаздар жүр­меу­ші ме еді, жалғыздыққа қаш­қаныңыз қалай?
- Сал-серілер заманы қазақтың басынан әлдеқашан өтіп кетті? Әділетсіздікке төз­беу, күшті мен жуанды халық­қа жығып беру, елдің аяулы ада­мын дәріптеу, сұлулықты ар­дақтау, ең бастысы, бойында­ғы жарқын өнерін қарапа­йым жұртқа паш ету - сал-серi­лер­дің өнерпаздық ұстанымы, серті еді.
Атақты Құлтума деген серінің: «Алысып би-болыспен күнім өтті, Болған соң, өзім сері көнбедім де» деген өлеңі бар. Өйткені ол заманда серінің сөзін сөйлейтін, оған ара тү­се­тін халқы болды. Сері мен ха­лық ол заманда бір-біріне сү­йенді. Бұл ғасырлар бойы қа­лыптасқан үлкен елдіктің бір нышаны еді. Атақты «Біржан сал» фильмінде Поштабайдан таяқ жеп, құсаланып қорланған Біржан салдың «Қазақ қар­тайды» деп налитын сөзі бар. Киноның осы жерінде көзіме жас келді. Маған қазақ қар­таймақ түгілі, алжыған сияқты көрінеді осы күні. Қазақты қазір кім көрінген, оның ішінде өз баласы қорлайды, оның тілін менсінбей, өнерін мазақтайды. Осының бәрін қазақ сезбейді, сезсе де қайрат көрсете ал­майтын пеш түбіндегі алжы­ған қария сынды боп қалды. Сондықтан жалғыздыққа қашпағанда, қайда қашасың? Айналадағы болып жатқан сұмдықтарға қарап, көзіңнің жасын жұтып, іштен тынған­нан басқа дәрмен жоқ. Кейде жа­зушы, мәдениеттанушы Та­ласбек Әсемқұлов ағамыз екеу­міз бас қосқанда таңды-таңға ұрып, баяғы сал-серілер за­манын әңгіме қылып, сол дә­уірдің ішіне түсіп кететін сәт­теріміз болады. Тіпті бері қарай шыққың келмей қалады. Ол күй тартып, мен айтып, бір жа­сап қаламыз. Өкініштісі, ол дәуірді білетін, түсінетін, аң­сайтын Таласбек сияқты үлкен өнерпаздардың мына қоғамда бағасы жоқтығы қынжыл­тады.
Сондықтан сал-серілер дәу­рені келмеске кетті деп ой­лаймын.
Кейде жиын- тойларда дом­бырамен ән айтқан сәттерімде, көрермендерге әдейі сынап қараймын. Кейбіреулері «Бұлар әлі тірі жүр ме?» дегендей, бір­түрлі көзбен қарап отырады...
- Неге олай ойлайсыз?
- Өз мәдениетінен жерініп, Батысқа еліктеп жүргендер ғой. Оған таңғалмаймыз. Біз Кеңес үкіметінің отарлауынан құ­тылғанымызбен, қазір сана­мыз әлем­дік отарлауға тұты­лып отыр. Біреудің қаңсығын таң­сық көреміз. Шетелден келген әншілердің концертіне ақша шашып жататындарды түсін­беймін. Астана мерекесі қар­саңында Стингтің концертіне билеттер 100 мың теңгеге дейін сатылыпты. Сол дүниежүзіне танымал британдық әншіңізді Қайрат Байбосыновтың бір тырнағына татырмас едім. Әлемдік музыканы жоққа шығармаймын, бірақ мен үшін оның өнері жат өнер. Фо­но­граммамен ән айта­тын­дардың концертіне аяғымды баспай­мын. Саналы түрде бас тарта­мын. Мен домбыраны ешқандай құндылыққа айырбас­та­май­мын. Өзгенің мәдениетіне, оның ішінде тобырлық мәде­ниет­ке бас ию жақсылық әкел­мейді. Өкініштісі, біздің қоғам әзірге осыны ұқпай отыр.
Ал халық әндерінің кеш­терінде көзі ашық, қазақтың зиялы бір топ шоғыры ғана ке­леді. Сексенінші жылдары ха­лық домбыра десе, ішкен асын жерге қоюшы еді. Қазір ешкім тыңдамайды, жатсынып қалды. Өйткені мемлекеттің қам­қор­лығымен домбырамен ән ай­татындардың бірде-бірінің дис­кісі шыққан емес. Сонда қазақ мәдениетіне бөлінген қаржы қайда?
- «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні мен 1000 күйі» жарық көрді емес пе?
- Ол жекелеген ұлт жа­н­ашырларының, мәдениет қай­раткерлерінің еңбегінің арқасы. Барлық міндетті же­келеген азаматтардың, бол­маса бір продюсерлік орталықтың иығына артып қоюға болмайды. Қазір ортамызда жүрген саң­лақтарға, жастарға көңіл бөлуі қажет. Солардың өнері неге на­сихатталмайды? Қолдау қа­шан жасалынады? Мемлекет бұған ынталы болуы тиіс. Же­кеменшік радиолардың қай­сысы ұлттық классикалық ән­дерді беріп жатыр?! Соларды кү­ніне он сағат эфир таратсаң, соның тым болмағанда бір-екі сағатында ұлттық мұраларды таратасың деп неге мәж­бүр­лемеске?!
- «Домбыраны ешкім тың­дамайды» деп кесіп айтуға да болмас...
- Енді бар ғой, бір-ақ аз. Бұрынғы балалар домбыраға қол созса, қазіргілердің фо­но­граммаға кіндіктері жабысып қалған. Біздің қатарлас­та­рымыз, бізден кейінгі буын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Мақпал Жүнісова Бекболат Тілеуханов, Жанар Айжанова болғысы келетін. Өйткені олардың кезінде өнер­ге көңіл бөлінетін. Олардан кейін қаншама өнерпаздар шықты, бірақ қамқоршысы жоқ. Қайрат Байбосынов жарқ етіп шыққанда Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ға­биден Мұстафиндер қатты қуанып, Жүсіпбек Елебековке рақмет айтқан көрінеді. Кезінде Бекболат Тілеуханов ең алғаш сахнаға шыққанда да Ақселеу Сейдімбеков ағамыз қолынан жетектеп шығып, бағасын беріп, жұртшылыққа таныс­тырғанын «Қазақстан» телеар­насы арнайы көрсеткен еді. Сондай-ақ батасын беретін, арқадан қағатын дуалы ауыз ағалар қайда? Қолына домбыра ұстаған бір қазақтың баласын қамқорлығына алып, сахнаға сүйрелеп жүрген аға буын бар ма, қазір? Осындай дүниелерді ойлап, жаның құлазып, қоңыр күйге түспегенде қайтесің...
- Ал сіз өнер зерттеушісі ре­тінде Арқаның ән мектебін зерт­теп жүрсіз бе, жоқ па­луан­ға оң-солы бір ме?
- Қазақтың халық му­зы­касының тарихын қолымнан келгенше қаттап, зерттеп жүр­мін. Бұл біраз жылдан бері айналысып келе жатқан сүйікті ісім десем болады.
Меніңше, қазақ әні біртұтас мектеп деп ойлаймын. Кейін бөліп-бөліп алған өзіміз. Бұрын бүкіл қазақ Арқаның да, Же­тісудың да әнін бөліп-жармай тыңдайтын. Қазір әр өңірдің әні өзіне ғана керек сияқты жік­теліп қалды. Әрқайсысы өзіне қарай тартып, иемденіп алды. Бұл - қауіпті үрдіс. Сон­дықтан мен ұшар басынан бас­тап зерттеп келемін. Бізге ең бірінші ХVII ғасырдан жеткен бір-ақ ән ол - «Елім-ай». Одан кейін қазақ әнінің басында Біржан сал тұрады. Сосын Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Әсет, Жарылғапберді, Сары, Иманжүсіп, Шашубай, Мәди болып кете береді. Соңы Кененмен түйінделеді. Бұлар­дан бөлек, бір-екі әнмен та­нылып, атаусыз қалған әншілер бар. Солардың барлығын қам­тығым келеді.
- Қандай деректерге сү­й­енесіз?
- Бұған дейін жазылған деректердің барлығына сү­й­енемін. Барлығын салыс­ты­рамын. Елдің аузынан жинай­мын. Құдай маған сондай қа­білет берген, ән тыңдаған кез­де, кімнің әні екенін бірден біле аламын. Мысалы, Үкілі Ыбырайдыкі ма, дәл табамын. Әртүрлі себептермен Сегіз серіге біраз әндер таңылып кеткен. Олардың ара жігін ажырату қажет. Батыс өңірінде туған әнді солтүстік өңірге апа­рып телу - қиянат. Сондықтан керек дерекке абай болған дұрыс.

Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618