Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5590 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 09:21

Берекет Кәрібаев. Қасым хан

Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырьп, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің тез немесе баяу дамуына, оқиғалардың объективті барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында, әсіресе, хандық дәуірдегі кезеңде мұндай ұлы адамдар өте көп. Олардың қатарында 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның алатын орны ерекше.

Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырьп, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің тез немесе баяу дамуына, оқиғалардың объективті барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында, әсіресе, хандық дәуірдегі кезеңде мұндай ұлы адамдар өте көп. Олардың қатарында 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның алатын орны ерекше.

Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол - біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден, Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген еңбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден, қазақ халқының этникалық, ұлттық аумағын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден, мемлекетті басқару ісіндегі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы.
Міне, осындай ірі тарихи тұлғаның қазақ тарихындағы алатын орнын ескере отырып, біз қалың қазақ жұртына Қасым ханның кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын көрсету мақсатында осы зерттеу еңбегімізді арнағалы отырмыз.
Қасым ханның жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның сұлтандық және хандық дәуірінен үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Бабыр, Бинай, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд бен Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және тағы басқа авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс деректерінде де ол туралы мәліметтер баршылық.
Енді Қасым хан туралы мәселеге тікелей кіріспес бұрын, алдымен, оның ататегіне қысқаша тоқтап кетелік. Қасым хан - Шыңғыс хан ұрпағы. Шыңғыс ханның кім екендігі баршаға мәлім. Қасым хан оның үлкен ұлы - Жошыдан тарайды. Жошының он төрт ұлының бесеуі және олардан тараған ұрпақтар ХШ-ХV ғасырларда Еуразияның шығыс бөлігіндегі саяси тарихта үлкен рөл атқарады. Орда Ежен, Бату, Шибан, Тұқай Темір ұрпақтары Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Қырым, Қажытархан, Сібір, Хорезм хандықтарының және Мауреннахрдың (XVІ-XVІІІ ғ.ғ.) хандары болған.
Ортағасырлық кейбір дерек мәліметтері мен соларға негіздеп жазылған қазіргі тарихи зерттеулерде Қасым ханның Жошының қай ұлынан тарайтындығы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарас бойынша, қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды, ал екінші пікірдегілер қазақ хандарын Жошының ең кенже ұлы - Тұқай Темірден өрбітеді.
«Тұқайтемірлік» пікірді қостаушылардың сүйенетіні - XVI және XVII ғасырларда жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме» мен Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» мәліметтер. Осы жолдардың авторы бұл жөнінде «тұқайтемірлік» пікірді сынап, дерек мәліметтеріндегі қателердің жіберілу себептері туралы өз дәлелдемелерін басқа бір ғылыми жұмыстарында айтқан болатын.
«Ордаежендік» пікірді ұстанушылар, негізінен, XIV және XV ғасырдың басында жазылған Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен атышулы «Ескендірдің анонимі» атты деректеріне сүйенеді. Біз де осы пікірді қостай отырып, Қасым ханның шежіресін былайша өрбітеміз: Шыңғыс хан - Жошы - Орда Ежен - Сартақтай - Қоныша - Сасы Бұқа - Шымтай - Орыс хан - Құйыршық хан - Барақ хан және Жәнібек хан.
Көріп отырғанымыздай, Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, ежелден бері келе жатқан хандық әулеттің тікелей жалғасы, заңды өкілі, Орда Еженнен Орыс ханға дейін Қасым ханның аталары Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік құрған. Алғашында Орда Ежен ұлысы деп аталған бұл бөлік XIV ғасырдың басынан бастап Ақ Орда деп аталады. Саяси-әкімшілік орталық Сыр өңіріне көшіріліп, астана алғашында Сауран, кейіннен Сығанақ қаласында болады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек мәліметтеріне жүгініп көрелік. Онда Орда Ежен туралы: «Жошының мұрагері және екінші ұлы Бату билікке келгенімен, Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және одан кейінгі кездерде үлкен сый мен құрметте болды. Мөңке ханның оларға жіберген жарлықтарында оның есімі бірінші жазылып отырған. ...Жошы әскерлерінің жартысын Орда Ежен, ал қалған жартысын Бату басқарды. Орда Ежен мен Бату ұлыстары бір-бірінен өте қашықта орналасты және әркім өз ұлысында дербес билік жүргізді» деп жазады Рашид ад-дин. Одан әрі ол: Орда Еженнің немересі Қоныша «ұзақ уақыт бойы Орда ұлысының билеушісі болды» дейді. Қонышаның үлкен ұлы Баян әкесінің мұрагері және Рашид ад-диннің замандасы болған. Рашид ад-дин: «Қазіргі уақытта Баян әкесі Қонышаның орнында отыр, бұрынғыдай оның ұлысын басқаруда» деп жазады. Қасым ханның бұл бабаларының билік құрған кезі 1225-1290 жылдар аралығы болатын.
Қасым ханның XIV ғасырдағы билікте болған бабалары туралы Натанзи көп дерек береді. Ол: «Баянның ұлы Сасы Бұқа Ақ Орданың билеушісі болып, 30 жыл басқарды. Ол хижраның 720 жылы (1320/21 ж.) қайтыс болды. Қабірі Сауран қаласында» деп жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен Алтын Орда ханы Өзбектің жарлығымен әкесінің орнына отырады. Өзінің үлкен қабілеттілігі мен көрегендігі арқасында аз уақытта Өзбек ханның беделіндей дәрежеге жетті» делінеді деректе. Ерзен Ақ Ордада 25 жыл билік құрып, 1344/45 жылы қайтыс болады. Ерзен хан тұсында Сыр өңіріндегі Отырар, Сауран, Жент және Бар- шынкент қалаларында көптеген ғимараттар хан жарлығымен салынады.
Дешті Қыпшақтағы Мүбәрәк қожа ханның бүлігінен кейін Ақ Орда тағына Алтын Орда ханы Жәнібек ханның арнайы жарлығымен Қасым ханның бесінші атасы Шымтай отырады және оның билігі 17 жылға созылады. Одан кейін хандық билік 4-ші ата Орыс ханға (Мұхаммед ханға) көшеді. Ол тіпті 1370 жылдар ортасында Алтын Орда тағын да билейді. Орыс хан туралы мәліметтер ортағасырлық деректерде мол кездеседі.
Орыс ханның төртінші ұлы және Қасым ханның үшінші атасы Қойыршақ 1395-96 жылдарда Жошы ұлысын билейді. Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы күресінде Қойыршақ алғашқысын қолдап, жәрдем береді. Ол туралы Хайдар Рази: «Құйыршық-оғлан - Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен (Ақсақ Темірдің) ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды» деп баяндайды. Гафари де Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жасаған екінші жорығына қатынасқанын, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тапсырып, Еділ бойынан Дештіге жібергенін айтады. Қадырғали Жалайыр болса Қойыршақты «хан» атағымен қосып жазады.
Ал Қасым ханның атасы Барақ хан Ақ Орданың соңғы билеушісі болған. Ол 1425 жылы Алтын Орда тағын тарихта белгілі Ұлық Мұхаммед ханнан тартып алып, сонда 1428 жылға дейін хандық құрады. Замандастары Барақ ханды «Алтын Орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бураға» теңеп, «батыр әрі алып болған» деп суреттейді.
Қасымның әкесі Жәнібек ханның кім болғандығы көпке мәлім. Қазақ хандығының негізін қалаушы және Керей ханнан кейін қазақта хан болған. Ол билік құрған жылдар шамамен 1460 жылдардың соңы мен 1470 жылдардың бас кезіне сәйкес келеді.
Жоғарыдағы қысқаша шолудан байқаға­нымыздай, атақты Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған текті әулеттің өкілі болып саналады. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Ол тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге қалыптасқан жаңа саяси, этникалық жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер ретінде тарихта өз орнын алған тұлға болып саналады.
Қасым хан - Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі. Оның ішінде Қасым мен Қамбар бір анадан, Жаған бикеден туылған. Дулатидың «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде Қасым ханның қай жылы дүниеге келгенін анықтайтын жанама мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-дерде десек, онда ол 1445-46 жылдарда дүниеге келген болып шығады. Ал ортағасырлардағы Қазақстан тарихының белгілі зерттеушісі Т.И.Сұлтанов Қасым ханды 1445 жылы шамасында дүниеге келген деп есептейді. Осы жылды негізге алып, өткен 2010 жылы Қасым ханға 565 жыл толған дейміз.
Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470 жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Оның себебі түсінікті де. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470 жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым, Махмұт, Әдік және т.б. сұлтандар хандардың жанында жүріп сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректер мәліметтерінде негізгі хандардың есімдері аталып отырған. Алғаш рет жазба деректе Бұрындық хан 1470-71 жылғы оқиғаға байланысты кездеседі. Өйткені бұл кезде оның әкесі Керей қайтыс болған еді. Сол сияқты Қасым да алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470 жылдар басынан бастап айтыла бастайды.
XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Саяси тарих тұрғысынан алып қарасақ, бұл кезең - Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, этникалық тарих тұрғысынан - қазақ халқының этникалық, ұлттық аумағының біріктіріле басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға - Казақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мауреннахр билеушілерімен жүргізген күресі жатады. Бұл күрес 1470 жылдардың ортасынан 1598 жылға дейін созылады. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең - 1470-1520 жылдар аралығында өтті. Міне, осы алғашқы кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы әрі ірі мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға түрінде көрініс табады.
1470 жылдардың бас кезінде Жәнібек ханнан кейін хандық билік Бұрындық ханның қолына өтеді. Бұрындық хан тұсында Қасым сұлтандық дәрежеде болып, бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы міндетін атқарады. XVI ғасыр басында жазылған «Шайбанинама» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым хан туралы: «Ол - Бұрындық ханның әскерлері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі болды» деп жазады.
Қазақ хандығының күшеюі 1470 жылдардың ортасынан басталады. Сыр бойы үшін күрестің басталуына Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның 1470 жылдардың ортасында осы аймаққа келіп бекінуі түрткі болады. Қазақ хандығы бұған наразылық білдіріп, қыс мезгіліне қарамастан, Сығанақ пен Сауран төңірегіндегі шайбанилықтарға соққы береді. Қасым сұлтан басшылық еткен қазақ әскерлері осы қалалар маңында шайбанилықтарды талқандап, оларды қашуға мәжбүр етеді. Бұл шайқаста Қасым ханның бауырлары: Махмұт, Жиренше, Қамбар сұлтандар бастаған жасақтар ерлігімен көзге түседі. Мұхаммед Шайбани хан болса өзінің атақты сұлтаны мен баһадүрінен айырылады.
Алғашқы кезеңнің ұрыстары Қазақ хандығы үшін үлкен жеңіспен аяқталады. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылады және аймақтың солтүстік және солтүстік батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ хандығының құрамына өтеді.
Кезінде Ақсақ Темірге арқа сүйеп Ақ Ордаға қарсы күрескен Тоқтамыс хан секілді Мұхаммед Шайбани хан да Мауреннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарынан әскери жәрдем алып, Қазақ хандығына XV ғасырдың соңғы ширегінде бірнеше рет соғыстар жүргізеді. Оның алғашқы жорығы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, аздаған уақыттан соң екінші жорыққа дайындалады. Шайбани ханның екінші peт Сыр өңіріне келуі 1480 жылдарда болды. Бұл жолы да Қазақ хандығы оған тойтарыс береді және Сыр өңірінің қалған бөліктеріне ықпалын күшейте түседі. Бұл жолғы күресте Қасым мен оның туған інілері қазақ әскерін бастап, қарсыласын тағы да талқандайды.
Күрестің үшінші кезеңі XV ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысында өтті. Бұл Қазақ хандығы үшін ауыр болады. Күреске Мауреннахр билеушілерімен қатар Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт хан да араласып, Мұхаммед Шайбани ханға әскери көмек береді. Екіншіден, Қазақ хандығының Сыр өңірін толығымен қайтарудың соңғы кезеңінде билеуші топтар арасында қайшылық туып, екі топ пайда болады. Біріне - Бұрындық хан, ал екіншісіне - Қасым және Жәнібек ханның өзге ұлдары басшылық етеді.
Жәнібек хан ұлдарының Сыр өңірінде жаңа ұлыстарды иеленуіне, сол себепті олардың күшейе бастауына байланысты қайшылық туындады. Болашақта өз билігіне қауіп төнетінін сезген Бұрындық енді Жәнібек хан ұлдарын әлсірету мақсатымен кешегі жауы Мұхаммед Шайбани ханмен жақындаса бастайды. Шайбанилық сұлтанның Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұқсат етіледі. Бұрындықтың бұл әрекеті Қасым хан тобының Сыр бойын толық иеленуіне мүмкіндік бергізбеуге және қажет болса, кешегі жаумен Жәнібек хан ұлдарына қарсы одақтасуға жасаған бағыты болды.
Қасым сұлтан тұйықтан шығудың жолын табады. Ол енді Бұрындық пен Шайбани хан одағына қарсы моғол ханымен одақ құрып, қарсы шабуылға әзірленеді. Сөйтіп, 1496 жылы Сыр өңірі үшін күрестің алғашқы дәуірі аяқталып, Қазақ хандығы Қасым және оның жақтаушылары арқасында Сыр өңірінің солтүстік бөлігін иемденеді.
Егер ХV ғасырдың 70-80-ші жылдары Қасым үнемі Бұрындық ханның жанында жүріп, «оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе», сол ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап, одан іргесін аулақ сала бастайды. Қалыптасқан саяси жағдай Бұрындық пен Қасым арасын күннен-күнге салқындата түседі.
XV ғасырдың соңғы жылдарында Қасым­ның әскери қолбасшылық қасиетімен қатар, мемлекет қайраткері, шебер дипломат ретіндегі қырлары айқындала түседі. Бұған Қасымның жеке бастың мүддесінен гөрі мемлекеттілік мүддесін артық қоюы және осы соңғы мүддеге сай іс-әрекет жасап, шешім қабылдауы, оны жүзеге асыруы дәлел бола алады.
Қасым ханның қазақ халқы алдында, қазақ мемлекеттілігін нығайтуда сіңірген еңбектерінің бірі - XV ғасыр соңында Сыр өңірінің біртіндеп қазақ халқының этникалық аумағына енгізе бастауы болды. Ал XVI ғасыр басындағы ханның аса бір рөлі қазақ жеріне басқыншы болып келген Мұхаммед Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңуден айқын көрінді.
1496 жылы Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне табан тіреген Шайбани хан Мауреннахрдағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самарқан тағын бір-бірімен үздіксіз күресіп жатқан Темір әулетінің өкілдерінен тартып алады. Ол 1500-1504 жылдары Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып, қуатты мемлекет құрады. Бірақ солтүстікте Қазақ хандығының болуы оған үнемі қауіп төндіріп отырғандай көрінеді. Сондықтан да Шайбани хан XVI ғасырдың басында Қазақ хандығын өзіне бағындыруды басты мақсат етіп қояды. Шайбанилық сұлтанның бірі, кейіннен хан болған Убайдуллах XVI ғасыр басындағы қазақтармен соғыс туралы мәселеде «біздің бүкіл мұсылман әлемін жаулаудағы алғашқы қадамымыз қазақтарды бағындырудан басталады» деп жариялайды. Бұл - 1509 жылы айтылған сөз.
Орта Азия билеушісі XVI ғасыр басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау үшін 1505 жылы арнайы жарлық шығарады. Жарлықта қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады және Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық беріледі. Бірақ бұл шара оған оң нәтиже бергізбейді, керісінше, Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мауреннахрлық дінбасыларына қазақтарды «дінсіздер» деп айтқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдыруға күш жұмсайды.

<!--pagebreak-->
Сөйтіп, ол 1505-1509 жылдар аралығында Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама нәтижелі аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып, мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Ондай ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермей, керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен шегініп кеткен еді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетіп жібереді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Өйткені Шайбани хан алғашқы үш жорықта қазақ елін бағындыруды мақсат еткенімен оған жете қоймаған еді. Сондықтан да болашақта түпкі мақсатқа жету үшін әлі де болса жорықтар болу қаупі зор болатын. Міне, осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған шайқастарда жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады.
Мұны сол кездегі тарихшылар да аңғарған. Мысалы, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қасым ханның күшінің өскендігі соншалықты, Бұрындық хан туралы ешкім де ойламады, ол хандықты басқару мен ондағы бүкіл билікті қолына алды» деп жазады.
Шайбани ханның келесі жорықтарынан хабардар болған Қасым хан оған алдын ала әзірленеді. 1510 жылғы Шайбани ханның соңғы жорығында Қасым хан өз Ордасын ішкері қарай, Ұлытау маңына қондырып, Ордада аз күш қалдырып, негізгі күшін кейін шегіндіреді. Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен-қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан әскерін қарсы шабуылға шығарады. Қазақтардан мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Шайбани хан әскерінің қалдықтары, деректерде жазылғандай, қорыққанынан арттарына қарауға мұршасы келмей, Самарқанға дейін қашады. Бұған дейін ешбір жеңілістің дәмін татпаған Шайбани хан әскері Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде осылай масқара болып жеңіліс табады.
Орта Азия билеушісінің бұл жеңілісін сол тұстағы тарихшы Балхи былай деп бағалайды:«Бір сөзбен айтқанда, Шайбани ханның үлесіне ірі жеңіліс тиді. Өзінің ең шырқау биігіне жеткен оның билігі енді құлдырай бастады». Көріп отырғанымыздай, Қасым хан тек қазақ елін құтқарып қана қойған жоқ, сонымен бірге қарсыласы Шайбанидың белін үзіп, омыртқасын опырғандай етіп соққы береді. Орайы келгенде айта кетелік, Қасым ханнан жеңілгеннен соң Шайбани хан өшін айналасындағы өз сұлтандарынан алып, олардың иеліктерінің бәрін өзгертеді. Өз кезегінде сұлтандар бұған наразы болып, іштей қарсылық білдіреді, бірақ бірден сыртқа шығара алмайды. Сол жылы оның Бадахшанның таулы тайпаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. Күзде Мерв қаласында Иран шахы Исмайыл шах әскерінің қоршауында қалғанда қарамағындағы бірде-бір сұлтаннан көмек келмейді. Сөйтіп, 1510 жылы күз айында ол қоршауда қаза табады, ал бірнеше жыл бойы Орта Азияда саяси бытыраңқылық жайлайды. Міне, Қасым ханнан жеңілген Мұхаммед Шайбани ханның тағдыры және ол құрған мемлекеттің тағдыры осылай аяқталады.
Қасым ханның Шайбани ханды жеңуі оның беделін одан әрі өсіреді, сонымен бірге ол билеген Қазақ хандығының халықаралық жағдайы арта түседі. Жалпы алғанда, Шайбани хан жорықтарына қарсы күресі, оны талқандауы Қасым ханның қазақ халқы алдында сіңірген үлкен еңбегінің бірі болып саналады.
Қазақ жұрты алдында беделінен жұрдай болғанын сезген Бұрындық 1511 жылы Мауреннахрға кетеді. Ешбір деректе жазылмаса да, осы жылдан бастап Қасым ханның ресми хандық дәуірі басталады.
Қасым хан Қазақ хандығын 10 жыл (1511-1521 жж.) басқарады. Қазақ халқы үшін ол осы 10 жыл ішінде бірнеше хан ұрпағы атқаратын іс атқарып кетті. Ол хандық құрған жылдар ішінде қазақ елін, қазақ жұртын іргесіндегі көршіден алыстағы Еуропа халқына дейін танып-біледі.
1510-1513 жылдары Шайбани хан өлгеннен кейін, Орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, Сыр өңірінде оның ықпалы әлсірейді. Сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті де осы тұста ыдырап кетеді. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасым хан Жетісуда, толығымен Сыр өңірінде Қазақ хандығының билігін орнатады. Мұнда бір ескеретін жай, бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының этникалық аумағына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық құрамының бірі болатын.
Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл осы жылдары орыс халқынын этникалық аумағының қалыптасу үрдісі, сонымен қатар саяси үрдісі бір орталыққа бағындырылған мемлекеттің құрылып жатқан кезі еді. Ал XVI ғасыр басындағы Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үрдісінің Жетісу, Сыр өңірлерінде бейбіт өтуі бірнеше мән-жайдың бетін ашады. Біріншіден, этникалық үрдістің біртұтас этноаумақта жүруі этникалық компоненттердің этнопсихологиялық жағынан жақындасуын тездетеді. Сол себепті де Жетісу мен Сыр өңіріндегі этникалық топтар саяси кедергілер жойылғаннан кейін өзінің негізгі этникалық ұйытқысына қосылады. Екіншіден, мұндай күрделі этноүрдістің қырғын-соғыссыз, бейбіт түрде өтуіне өз заманының ұлы қайраткері Қасым ханның жүргізген көреген саясаты тұрды. Жеке адамдардың тарихи кезеңдердегі орнын Қасым ханның атқарған рөлі арқылы түсінуге және түсіндіруге болады. Түбінде болатын объективті тарихи үрдіс - қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы мүмкін басқа хандар тұсында басқаша жүрген болар ма еді немесе орыс тарихындағыдай соғыстар арқылы жүрген болар ма еді. Нақты оқиғалы кезеңдерге жеке тұлғалардың араласуы ол үрдісті не тежейді, не тездетеді, бірақ тоқтата алмайды. Біз бұл арада қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасуы Қасым хан тұсында бейбіт түрде және тез жүргенін көрдік. Қасым ханның қазақ тарихындағы тарихи рөлдерінің бірі осында болса керек.
Қасым хан қазақ халқының аумағын қалыптастырумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де бар күш-жігерін салады. Оған дәлел - 1513 жылғы оның Ташкентке жорық жасауы болды. Осы жылдары Ташкенттің Қазақ хандығына өтуі бірнеше мәселені шешкен болар еді. Біріншіден, Ташкентті алу арқылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен елдімекендердің бейбіт өмірін сақтау, хандықтың оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру және бір саяси кеңістіктегі Дешті Қыпшақ пен оңтүстігінде Сайрамға дейін Сыр өңірінің этникалық тұтастығын қамтамасыз ету, дамыту болды. Екіншіден, дәл осындай мақсаттар Жетісуға да қатысты еді. Мауреннахр тарапынан Жетісуға және Сыр өңіріне апаратын қысқа және төте жол Ташкент арқылы өтті. Сондықтан да қаланың қазақтарға өтуінің әскери-стратегиялық маңызы болды. Үшіншіден, Қасым хан алдында саяси міндет 1513 жылдың басынан қайта күшейе бастаған шайбанилық сұлтандардың күшін, олардың Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Міне, осындай маңызды мақсаттар Қасым ханды Ташкентті алуға итермелейді. Жорықтың басталуына Сайрам қаласын өз еркімен Қасым ханға берген Қатта-бектің ұсынысы түрткі болды. Бірақ та Қасым ханның Ташкентке жасаған 1513 жылғы жорығы сәтсіз аяқталады. Кейін шегінген қазақ әскері Ташкенттің солтүстігіндегі қала - Сайрамға келіп тоқтайды. Уақытша болса да бұл қала әскери, стратегиялық маңызға ие болды.
1513 жылдан кейін қайта бірігіп, күшейген Мауреннахрдағы шайбанилық сұлтандар Қазақ хандығының Сыр өңіріндегі ықпалын жою мақсатымен 1516-1517 жылдың қысында жорық ұйымдастырады. Шайбанилық тарихшылар жорықтың ұйымдастырылуын қанша марапаттаса, жорықтың немен аяқталғандығы туралы сонша аузын ашпайды, яғни, біздің ойымызша, шайбанилықтардың тағы да бір ірі жеңілісін жазуға олардың дәті бармаған. Бұл жолы да қазақ ханы Қасым хан жаудан айласын асырып, шайбанилықтарға күйрете соққы береді. 1516-1517 жылғы оқиғадан соң Қасым хан қайтыс болғанға дейін Сыр өңірі мен Жетісу аймағындағы саяси талас-тартыс аяқталып, бейбіт өмір қалыптасады.
Қазақ хандығының оңтүстік пен оңтүстік-шығыс бағыттардағы сыртқы саясатын сәтті аяқтаған Қасым хан 1517 жылдан бастап күш-жігерін батысқа - Еділ, Жайық бағытына қарай жұмсайды. XVI ғасыр басында екі өзен аралығындағы Ноғай Ордасы ауыр саяси дағдарыста болатын. Ру-тайпа көсемдері билік үшін өзара күресте мемлекетті толығымен ыдыратып, бір-біріне бағынбайтын, дербес иеліктерге бөлініп кеткен еді. Ноғай мырзаларының өзара күресінен әбден шаршаған ру-тайпалар өздерінің этникалық ортасы, этникалық кеңістіктегі құрамдас бөлігі - қазақ этносына қосыла бастайды. Этникалық бірігу саяси тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазақ ханы Қасым хан мұнда да көрегендік танытып, қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үрдісін соғыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырады. Тарихшы А.Исиннің зерттеулерінде кейбір ноғай мырзаларының 1519 жылы Еділдің оң жағалауына ығыстырылғандығы жөнінде айтылады. Ал сол жағалауда Қазақ хандығының билігі жүре бастайды да, ол енді Астрахан хандығымен шектеседі. Өз кезінде бұл жағдай Қазақ хандығына Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның батыс бөлігіндегі саяси қарым-қатынастарға белсене араласуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазан, Қажытархан, Қырым хандықтары және Москва княздықтарымен Қасым хан кезінде дипломатиялық қатынастар орнатылады.
Алтын Орданың мұрагері болуға ұмтылған Қазан, Қырым және Қажытархан хандықтары бір-бірімен күресте өздеріне мықты одақтас іздестіреді. Москва княздығы бұл кезде әлі де болса қуатты емес еді. Сондықтан да күшті одақтас Қасым хан деп танылады. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығында қазақтардан елші келгендігі айтылады. Жазба деректер бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпаса да, осы жылдардағы үздіксіз болған байланыстар халық ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Тарихи батырлык жырларда Қырым, Казан хандықтарына байланысты, жекелеген батырларға байланысты көптеген оқиғалар баяндалады.
Бұрынғы Жошы ұлысы, одан кейінгі Алтын Орда жерінде XVI ғасырдың басындағы ең қуатты мемлекет - Қазақ хандығы болды. Оның ханы - Қасым хан еді. Дәл осы кезде Москва княздығы Қазақ хандығымен байланыс орнатуға ұмтылады. Бұл байланыс арқылы Москва қазақтар туралы, Қазақ хандығы және Қасым хан туралы көп мәлімет алуға тырысты. Өйткені енді-енді Алтын Орда езгісінен құтылған Москва княздарының есінде кешегі күн елестері көп еді. Олар Алтын Орда аумағында жаңа қуатты мемлекеттің пайда болуынан қатты сескенді. Мұрагерлікке таласқан үш хандықтың өзара күресі Москваға өте тиімді болатын. Бірақ та 1519 жылдан бастап Қазақ хандығының бұл іске араласуы Москваға өте қауіп туғыза бастайды. Сондықтан да Москва қазақтармен байланыс орнату арқылы олар туралы көп білмек болды. XVI ғасырдын 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде: «38-жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар туралы қағаздар бар» деп жазылған. Өкінішке орай, бұл қағаздар бізге дейін жетпей, өртеніп кетті. Москваның Қасым ханға жеке көңіл аударуы, біріншіден, Қазақ хандығының қуаттылығына байланысты болса, екіншіден, оның мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне байланысты туындаған деп санаймыз.
Ортағасырлық тарихшылар қазақ хандары ішінде Қасым ханнан басқа ешкімге көп баға берген емес. Бұл жай оның тарихи тұлғасын сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің танығандығын көрсетеді. Ал ол туралы қалың қазақ жұрты біле ме екен? Ірі тарихи тұлға туралы замандастарының пікірін тыңдап көрелік.
Захир ад-дин Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мың адам болған» десе, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа толық билігін таратты, оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл мұндай күшті хан болған жоқ» деп жазады. Ал Қадырғали Жалайыр болса, «Жәнібек хан ұлдары ішінде аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты» дейді. «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды» деп Махмуд ибн Уәли баяндаса, Хайдар Рази: «1515-16 жылдары Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның халқының саны миллионға дейін жетті» деп хабар береді. Ал Гафари деген тарихшы «Қасым хан Дештінің ханы болды. Шайбани хан екеуінің арасында кикілжіңдер болып, 1509-10 жылы Шайбани хан оған қарсы аттанды, бірақ жеңіліс тапты» деп айтады.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жайындағы хабарлар Еуропа елдеріне де жетеді. 1525 жылы Москва княздығы туралы кітап жазған итальяндық әдебиетші Иовий Московияның шығысындағы көршілерді жалпы атаумен «татарлар» деп, «олардың территориясы Қытайға дейін созылып жатыр» деп түсіндіреді. Ал 1516 және 1526 жылдары Москвада екі рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейн «Волга бойындағы бұл патшалық (Қазан хандығын айтып отыр - Б.К.) оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилар және қазақтар деп аталатын татарлармен араласып тұрады» деп баяндайды. Бұл тұңғыш рет қазақ деген халықтың Еуропа халықтарына таныстырылуы, белгілі болуы еді.
Қасым ханның тарихи рөлі жоғарыда айтылған ойлармен шектелмейді. Қасым ханның билігі тұсында бұрыннан қолданылып келе жатқан «Дешті Қыпшақ», «көшпелі өзбектер», «өзбек-қазақ» деген әртүрлі мәні бар атаулардың орнына бір ортақ этноним - «қазақ» және этносаяси термин - «Қазақстан» қолданыла бастайды.
1512-13 жылдардағы оқиғаларды баяндайтын Мұхаммед Талибтың «Матлаб ат-талибин» атты шығармаларында алғаш рет «Қазақстан» термині айтылады. Одан кейін 1537 жылғы оқиғаларға байланысты Зайн ад-дин Васифидың «Бадай ал-вакай» еңбегінде де бұл термин тілге тиек болады. «Қазақ», «Қазақстан» атауларының көршілес елдерінің тарихына енуі де Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының нығайғандығына байланысты болса керек. Жоғарыда келтірген ортағасырлық авторлар мәліметтерінен біз осындай ойларды табамыз.
«Қасқа жол» деп аталатын заң - қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:
1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтеріледі;
2. Қазақ халқының этникалық аумағы толығымен біріктіріледі;
3. Хандық билік этникалық аумаққа толық тарап, рөлі артады;
4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өседі;
5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейтіндіктен, оны жаңа дәуір талаптарына сай бейімдеу қажеттілігі туады.
Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да, қазақ халқының санасында заң атауының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.
Ендігі айтар бірер сөз Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде. Шығыс жазба деректеріндегі мәліметтер әртүрлі жылдарды айтады. Дулати мен Хайдар Рази 1518-19 жыл десе, Гафари және басқалар 1523-24 жылды көрсетеді. Қазіргі кездегі оқулықтар мен кейбір зерттеу еңбектерінде ұлы тұлғаның қайтыс болған жылын 1518-23 жылдар аралығындағы кез келген жылды көрсетуде. Оның қайтыс болған жылын анықтауда орыс деректерін зерттеген тарихшы А. Исиннің материалдары жәрдемдеседі.
Жоғарыда 1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астраханмен шектеседі дедік. 1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында болып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады. Бұдан басқа көздер арқылы да Москваға Қасым ханның қайтыс болғандығы туралы хабарлар жетсе керек. 1521 жылы маусым айында Түркияға бара жатқан бояр ұлы Василий Михайлович Третьяк-Губинге ІІІ Василий «Қазақ Ордасы туралы анықтау, қазіргі кездегі қазақтардың патшасы кім және олар қай жерде көшіп-қонып жүргенін анықта» деп тапсырма береді. Бұдан көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы не 1523 жылы емес, 1521 жылдың қысында қайтыс болған. Қадырғали Жалайыри Қасым хан Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық бойында өтеді. Қайтыс болғанда Ұлы хан 75-76 жастар шамасында болады.
Қорыта айтқанда, XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. Қасым ханның қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы - елдің саяси бірлігін сақтауы мен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы, оны мойындатуы еді. Қасым ханның өмірі мен қазақ тарихында алатын орны, міне, осындай.

Берекет Кәрібаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы

http://anatili.kz/?p=6939

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5606