Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Аймақ 5433 7 пікір 28 Тамыз, 2019 сағат 10:57

Қостанайдағы қазақ мектебі жабылмайтын болды

Терістік облыстарда, оның ішінде  біздің Қостанай облысында өзге жұрттың өкілдері тарихи отанына үдере көшіп, мұндағы халық санының күрт азайып бара жатқандығы жасырын емес. Оның үстіне өз  ұлтымыз шоғырлана қоныстанған шағын елді мекендердің «болашағы жоқ» деген сылтаумен, ондағы мәдениет орындарының есіктеріне құлып салынып, ауылдар жер бетінен бірте-бірте өше бастады. Мүмкін, қандай да қиындыққа мойымаған халқымыз бұған да шыдар ма еді, егер мұндағы білім ұяларының басына қара бұлт үйірілмесе. Әрине, мектеп жабылған соң, балаларының болашағына алаңдаған жұрт амалсыз жылы орнын суытуға мәжбүр.

Міне, дәл осындай облысымыздағы Сарыкөл ауданына қарасты Соналы ауылының қазақ орта мектебі де әлгіндей  күйге ұшырап, шаңырағы ортасына түсуге жақын қалған еді. Өңіріміздегі онсыз да саусақпен санарлықтай қазақ мектептерінің  мұндай жағдайға ұшырауы кім-кімнің де шымбайына батып,  қалың жұртты қатты алаңдатып отырғандығын жасыруға болмас. Оның үстіне бұл мектеп қатардағы білім ұяларының бірі емес. Оның тарихы терең, ежелден келе жатқан азғантай мектептердің қатарында. Ол--сол Сарыкөл ауылындағы атақты ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин секілді ғалымдар шыққан Қараоба мектебі тектес қасиетті қара шаңырақтың бірі. Мұнда атақты ғалым әрі белгілі журналист Жұмағали Ысмағұловтың балалық шағының іздері жатыр. Егер осындай көп жылдық тарихы бар, талай тұлғаларды тәрбиелеп шығарған білім ұялары нарқтың қатал талабына шыдамай, тіршілік етуін тоқтата берсе, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік бола қояр ма екен?

Қазекемнің «Жыртық үйдің құдайы бар» дегенді бекер айтпаған ба деп қаласың. Жақында «бұл мектеп оқушы қабылдайтын болды» деген жүрек жарды қуанышты хабар естідік. Бұған оңтүстіктен осында қоныс аударған ағайындар себепкер болыпты. Мәселен, тек қасиетті Түркістан облысынан келген отбасыларынан ғана 19 қара домалақ қосылып, соның арқасында мұндағы шәкірттер саны 41-ге жетіп, мектепке қайтадан жан кіріп, білім ордасы күміс күлкі мен шаттыққа толды. Сөйтіп бұл жерге өмір қайта оралды. Бұл да болса, 2015 жылы қабылданған халық қалың қоныстанған оңтүстік өңірлерден жұмыс қолы аса қат солтүстік аймақтарға көшіруге арналған «Еңбек» бағдарламасының арқасы екендігі даусыз.

Соналыны қалап алған оңтүстіктік ағайындар бұл жерге тастай батып, судай сіңіп кеткен. Жергілікті тұрғындармен бір атаның балалрындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мәселен, мұнда Ақшолпан Зұлпыхарова осында орыс тілі мен әдебиеті пәінен сабақ береді. Бұрынғы Жетісай ауданының тумасы, төрт баланың анасы  бұл жерді жат көрмейді. Ал оның жерлесі Тұрсынай Сафарова осы мектепте медбике болып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.

Обалы не, Қостанайдың жергілікті тұрғындары оларды жатсынған емес. Қашанда құшақ жая қарсы алады. Суық жақта тұрса, да ыстық ықыластарына ерекше риза боласың.

-Бұл жақта жерлестеріміздің  өзіміздің лайықты орындарын тапқандығына қуандық,- дейді осында баспасөз турының құрамында арнайы аралауға келген Шымкент мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Омар Шаныбекұлы. - Алғаш кезде қанша дегенмен менталитет әртүрлі жандардың бірден түсінісіп кетуі қалай болар екен деп қобалжығанымыз рас. Алайда мұның бәрі бекер болып шықты. Енді міне мәдениет пен тұрмыс-салт өзара біте қайнасып, бірін-бірі байытып жатқандығының куәсі болдық.

Шырайлы Шымкенттен келген қонақтың сөзін Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенованың да қосары бар екен. Оның айтуынша, осында көшіп келушілерге бар жағдай жасалған. Көшіп келген обасының әр мүшесіне  35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек беріледі. Егер үйді уақытша жалға алса, онда пәтеріне де ақы төленеді. Ал былтырғы жылдан бастап квота әр отбасына ғана емес, сондай-ақ жекеленген адамға да беріледі. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жұмыс қолы тым көптеу оңтүстік өңірдегі жастардың осы мақсатқа арналған «Серпін» бағдарламасына белсене қатысуына мүмкіндік тудырады. Біз өз тарапымыздан «Көшіміз үзілмей, қазағымыз көбейе берсін»  деген тілек қостық.

Алайда «Сыбырлағанды құдай естімей ме?» дегендей көңілімізді күпті етіп жүрген бір жайды ортаға сала кетуді жөн көріп отырмыз. Ол--бұл өңірдегі осы Соналы мектебі секілді шағын комплектілі мектептердің тым көптігі. Мәселен, Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктің айтуына қарағанда мұндай оқу орындарының саны барлық мектептердің 68 пайызын құрайтын көрінеді. Бұл енді тым орасан цифр. Биылдың өзінде ғана оның 7-уі жабылып, 13-і қайта ұйымдастырылған. Одан бюджетке 100 миллион теңге үнемделген. Келешекте мұндай тағдырды тағы да 18 мектеп күтіп тұр.

Дегенмен бұл цифрлардан біз ештеңе түсіне алмадық. Алдымен айтарымыз, осыншама болашағы бұлыңғыр мектептердің қаншасы қазақша білім беретін оқу орны екендігі мүлдем айтылмайды. Бұл жақтағы шағын ауылдарда негізінен өз қандастарымыздың тұратындығына қарағанда бұл цифр олқы болмаса керек. Оның қалай шешілетіндігі жөнінде де еш ақпарат жоқ. Қанша дегенмен мұндағы шағын мекептерді тек оңтүстіктен келген ағайындар ғана аман алып қала алмасы белгілі. Оған шамасы да, саны да жетпейді. Мәселен, өткен төрт жыл ішінде ол жақтан барлығы 206 отбасы яғни 683 адам ғана қоныс аударған. Мұның мүлдем аз екендігін айтып жатудың өзі артық. Әрине, көш те көбейер, ағайындар да бірте-бірте ағылар. Алайда оны күтіп отырғанда кеш қалмасақ, болғаны  Көңілді күпті еткен бір жағдай осындай еді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965