Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 6441 12 пікір 2 Қыркүйек, 2019 сағат 00:35

Қызылағаштағы қираған ескерткішке кім жауапты?

2010 жыл. 12 наурыз. 00 сағат 37 минут.  Бұл – сол ажал айдап келген қасіретті түн. Бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырған, ағайын-туысты аңыратып, қайғы жұттырып, у іштірген, сол Қызылағаштағы шетін оқиға болған түн. Біз бұл датаны әлі ұмытқан жоқпыз! Ұмытуға хақымыз да жоқ!

Асырып айтып, ажал шақырмақ, әсте ойымызда жоқ. Сондықтан, ашық дереккөздері ресми деп жариялаған сандарды жазамыз...

Сол түні айналасы жарты сағаттың ішінде бүтін ауылды қызылсу басты. 2010 жылдың 11 наурызынан 12-іне қараған түні Қызылағаштағы 42 миллион кубқа арналған су қоймасы еріген қар суы мен 3 күн толассыз жауған жауыннан ернеуінен асып-тасып, ақыры апат болды. Ондағы судың деңгейі 46-48 миллион кубқа дейін көтерілген. Тасқын су Қызылағашты түгел шайып, Егінсу, Молалы, Көлтабан дейтін елді-мекендерден өтіп, жайлауға дейін жетті.  Бейресми деректер, сол түні 150-ге жуық адамның ізім-қайым жоғалғанын айтса, ресми дерек бойынша 45 адам қаза тапты. Оның 12-сі шеттей бала-шаға еді.  Мал-жан, дүния-мүлікті айтпағанда, шырт ұйқыда жатқан жұрт топан судың астында қалды. 465 отбасында 2240 адам болған екен. Қызыл су 146 үйді толық шайып кетсе, тағы 251 үй қирап қалған.

Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада шұғыл жиын өткізіп, Қызылағаштағы апатқа жауапты адамдарды тауып, қылмыстық жауапқа тарту туралы тапсырма берген. Тапсырма орындалды. Қылмыстық кодекстің 315 (қызмет бабындағы әрекетсіздік) және 316 (салғырттық) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қызылағаш ауылдық округінің сол кездегі әкімі Есет Жүнісов, су қоймасына меншік етуші «Шынар» ЖШС  директоры Қуаныш Бекеев, су пайдаланушылардың өндірістік кооперативінің директоры Мұхит Жүнісов, Ақсу аудандық ТЖД бастығының орынбасары Евгений Ениндер тұтқынға алынған. Істі сол кездегі Бас прокурор Қайрат Мәми мен сол кездегі ІІМ Серік Баймағамбетов өз бақылауына алған. Ол кезде Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов еді. Қазір Үмбетов пен Божко депутат. Ал Мәсімов Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде.

Сөйткен, Қызылағашты жұмылып жүріп қайта тірілткен едік. Тірілттік дейміз-ау, қираған үйлер мен жолдарды қайта салғанымызбен, опат болған жандарды тірілту адамның қолынан келер іс емес, әрине.

Кейін ауылда Қызылағаш қасіретінің құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 7, ені 14 метр. Онда ағаштан ұстап, өз баласын құтқарып тұрған ана бейнеленген. Айдың күні аманында 45 адамның өмірін жалмаған, 45 отбасының ойранын шығарған шетін оқиға құрбандарына арналған сол бір ескерткішке жолай өткен жан бір мезгіл аялдап, марқұмдардың рухына тағзым ету керек-ақ.

«Адамнан жасырғанды, Құдайдан жасырмайсың» деген бар. Енді көргенімізді жазайық. Бір топ алматылық журналист Алматы облысы, Ақсу ауданынан қайтар жолда Қызылағаштағы осы ескерткішке арнайы  тоқтаған едік. Бүгін. Ойдан алып, қырдан тапқанымызды емес, көзбен көргенімізді, көкейде түйгенімізді жазып отырмыз.

2010 жыл. 12 наурыз. 00 сағат 37 минут. Ұмытқан жоқпыз. Содан бері 9 жыл өтті ғой. Жаңағы марқұмдардың рухына арнап қойылған ескерткіш елеусіз қапты. Бүгінгі сиқы мынау, міне!

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Rishat Askarbekuly суреті.

Axel Zhan суреті.

Axel Zhan суреті.

Axel Zhan суреті.

Axel Zhan суреті.

Axel Zhan суреті.

Axel Zhan суреті.

Ескерткіш монументтің тоз-тозы шыққан. Тақтайшалары (граниттері) қирап, түскен. Айналасында малдың, малды қойшы адамның нәжісі жатыр. Еккен ағаштарын мал кемірген. Жарық құрылғылары істен шыққан. Қоқыс жәшіктері босаған сыраның бөтелкесіне толған. Өкінішті! Күре жолдың бойындағы осы бір орын марқұмдарға тағзым жасап, тыныс алатын орын емес, құдды малқора, я болмаса қоқыс полигоны іспетті.

Барды бар, жоқты жоқ деп айту парыз. 2010 жылғы сол бір шетін оқиғадан кейін Үкіметтік масщтабта арнайы шаралар қабылданып, аз уақыттың ішінде ауыл қайта қалпына келтірілді. Марқұмдардың рухына арнап ескерткіш те орнатылды. Алайда, сол ескерткіштің бар-жоғын Алматы облысы мен оған қарасты Ақсу ауданының әкімдігі ұмыт қалдырған секілді. Әйтпесе, айналасын абаттандырып, қоқысын тазартып, қираған жерін бүтіндеп қою – сіз бен бізден ақыл сұратар шаруа емес-ті!

Айтпақшы, біз көргенімізді әуелі әлеуметтік желіге жариялаған ек. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Ғалыммұрат Жүкел шұғыл жауап жазыпты. Журналист Ришат Асқарбекұлының жазбасына: «Аталған ескерткіш облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен тұрғызылған болатын. Әрі авторы өзі. Ескерткіш қолданысқа берілісімен аудандық балансқа өткізілген. Амандық Баталов бұл жайтқа бей-жай қарамай, мәселені көтерген баршаларыңызға алғысын білдіреді. Ескерткіш үш күннің ішінде қалпына келтірілетін болады», депті.

Оған да көндік. Алдағы 3 күннің ішінде Алматы облысы әкімдігі қолданылған шаралар туралы да баяндай жатар. Күтеміз! 2010 жыл. 12 наурыз. 00 сағат 37 минут. Ұмытпаймыз.

«Аруақ аттаған оңбайды» дейді, Амандық мырза! Қирағалы тұрған Қызылағаштағы сол ескерткіштің өң-түрін ретке келтіруге, сіздің, сіздің қарамағыңыздағы жауапты азаматтардың шамасы келмесе, біз, мына ел-жұрт барып, көмектесейік! Әйтпесе, құрбандарға арналған ескерткіш алаңның қоқыс «полигонына» айналуы - адамгершілікке де, құдайшылыққа да жатпайды!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052