Сыр өңірінің жол қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Бұл туралы күні кеше аймақ басышысы Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды және оларды шешу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалхаров облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
-Есепті кезеңде облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша "Автобус", "Қауіпсіз жол", "Жаяу жүргінші", "Құқық тәртібі" және т.б. жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, қала және аудандардағы полиция қызметі күшейтілген түріне көшіріліп, «Түнгі қала», «Қауіпсіз аула» атты қысқа мерзімді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілуде,- деді Серік Шалхаров.
Сондай-ақ, облыс көлемінде жол апаттарылың алдын алу мәселелерін насихаттау мақсатында, 2019 жылдың сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейін айына бір рет «Жолда қабылдау» акциялары ұйымдастырылуда, республикалық және жергілікті БАҚ құралдары мен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық материалдар жарияланып, ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді.
Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, жолда жылдамдықты асыру фактілерін дер кезінде анықтау және болдырмау үшін облыс орталығы мен аудан орталықтарында автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы жылдамдық өлшегіштерді орнату ұсынылады.
Одан бөлек, Республикалық маңызы бар автожолдарда үй жануарларының көлік жолына кенеттен шығуына байланысты 47 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде адам қайтыс болған фактілері тіркелген. Осыған байланысты түнгі уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ірі қара мал иелеріне жарық шағылыстыратын алқаларды тағу бойынша жұмыстарды қайта жалғастыру, сондай-ақ халықаралық маңызы бар автомобиль жолының бойында "Абайлаңыз, үй жануарлары!" паннолары мен металл қоршау торларын орнату туралы ұсыныс айтылды.
Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссия отырысында түрмедегі жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру және аталмыш комиссияның өткен отырыстарының хаттамалық тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Отырысты қорытындылай келе, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жауапты тұлғаларға жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша аймақтық Жол картасын дайындауды, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Abai.kz