Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3422 0 пікір 25 Шілде, 2011 сағат 08:27

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». Жегі

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ:   ЖЕГІ

Бірінші тарау:   „КӘРІ КӨСЕМ..."

(Әлихан Бөкейханов)

1.

«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi баспасөздегі Голощекиннің қоқан-лоқысымен шектелiп қалған жоқ. Қалайда жазаға тартудың айла-шарғысы қарастырылып, түрлi арандатулар ұйымдастырылды. Бұл ретте қисынды-қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Сөйтіп, идеологиялық тұрғыдан да «ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiткен еді.

Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды.

«Кiшi октябрь» идеясының жер тәркiлеу, мәдениет, әдебиет, оқу-ағарту, саласындағы науқаны «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назасын басқа жаққа аудару үшiн Голощекин ОГПУ-дiң ерекше саяси басқармасын да, олардың „сексоттарын" да - тiмiскi тыңшыларын да іске қосты. Мұндай «көкжөтел науқанға» орай жүргізілген «төтенше қарбалас дайындық» туралы 1928 жылы наурыз айының соңында ОГПУ-дің Қазақстан бойынша ерекше өкілетті өкілі Каширин Мәскеудегі «көсемдеріне»:

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ:   ЖЕГІ

Бірінші тарау:   „КӘРІ КӨСЕМ..."

(Әлихан Бөкейханов)

1.

«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi баспасөздегі Голощекиннің қоқан-лоқысымен шектелiп қалған жоқ. Қалайда жазаға тартудың айла-шарғысы қарастырылып, түрлi арандатулар ұйымдастырылды. Бұл ретте қисынды-қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Сөйтіп, идеологиялық тұрғыдан да «ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiткен еді.

Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды.

«Кiшi октябрь» идеясының жер тәркiлеу, мәдениет, әдебиет, оқу-ағарту, саласындағы науқаны «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назасын басқа жаққа аудару үшiн Голощекин ОГПУ-дiң ерекше саяси басқармасын да, олардың „сексоттарын" да - тiмiскi тыңшыларын да іске қосты. Мұндай «көкжөтел науқанға» орай жүргізілген «төтенше қарбалас дайындық» туралы 1928 жылы наурыз айының соңында ОГПУ-дің Қазақстан бойынша ерекше өкілетті өкілі Каширин Мәскеудегі «көсемдеріне»:

«Экспропирацияның қарсаңында мен губерниялардағы экспропирация науқаны кезінде сөзсіз саяси шиеленіс тудыруы мүмкін көрнекті, ықпалды, экономикалық және саяси сауаты күшті буржуазияшыл-ұлтшыл элементтердің - ірі рубасылары мен байлардың, яғни, елдің тұздықтарының көзін жою туралы шешім қабылдадым. Мұндай ауқымды саяси операцияға дайындық «көкжөтелмен күрескендей шұғыл» («лихорадочным темпом») жүргізілуі керек және бұл науқанның барлық ауыртпалығы біздің иығымызға түседі», - деп мәлімдеді.

Тыңшылықтың аяр тәсілмен жүргізілгені сондай, кәсіби тергеушілердің өздерінің де төбе шашы тік тұрды. Арандатудың «жандармериялық тәсіліне» және оның арандатушылық қитұрқысына төзбеген ГПУ тергеушісі коммунист Ф.Иванов «БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетіне - Голощекинге және Сәдуақасовқа ГПУ қызметкерлерінің жауапты қазақ қызметкерлерінен мәліметтерді іс жүзінде қалай жинайтыны туралы» мынадай мағлұмдама жазды.

«Қызылорда қаласы. 1926 жыл 10 қыркүйек.

Мен, ГПУ-дің қызметкері, Шишко, Берестин, Озол, Альшанский сияқты губерниялық европалық қызметкерлер тобының жүргізіп отырған саясатына көзбе-көз куә боп отырғандықтан да мынаны мәлімдеуді парызым деп есептеймін: бұл топ өзінің қарамағындағы барлық күш пен мүмкіндікті пайланып, жинақталған материалдарды қазақ қызметкерлерінің соңына түсіп, қудалауға қасақана бағыттап отыр. ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады. Біз бұл тұрғыда әр түрлі тәсілдерді қолданамыз: казактардың ішіндегі қылмыскерлерді жалдаймыз немесе жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған көрсетінді жаздырып алу үшін барымташыларды тұтқындаймыз. Жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасылары мен орыс кулактарынан арнайы топ жасақтаймыз, сөйтіп өзімізге керекті деректерді аламыз. Сондай-ақ тінту жұмыстарын күшейтеміз, бұған қоса қалайда қолға түсіріп, олардан үстем түсу үшін қазақ қызметкерлерін бір-біріне қасақана айдап саламыз, сөйтіп, кінәні бірінен екіншісіне кезек-кезек «аударып» отырамыз.

Біздің жүргізіп отырған осындай саясатымыздың кесірінен ГПУ-дің төтенше шараларының нәтижесінде кедейлер мен орта шаруаларды қазақ қызметкерлеріне жолатпай, олардың арасына жік түсіру үшін жыл сайын ондаған кедей құрбандыққа шалынады. Біз оларды өз қолымызбен өлтірмесек те, орыс бұзақыларының қолымен көзін жоямыз. Әскерге шақырылғандарды тек қазақ тұрғындарына ғана қарсы пайдаланып қоймаймыз, сонымен қатар жоғары деңгейдегі қызмет істейтін жауапты қазақ қызметкерлерін арандатуға пайдаланамыз. Орыс тұрғындарына: барымтаны, тонауды ұйымдастырушылар солар деп көрсетеміз, ол ойымыз жүзеге аспаған жағдайда, бұл қылмысты орыс кулактары мен атамандарына, қазақтың рубасыларына аудара саламыз. Бұл - Қазақстан жағдайында жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы күнделікті қолданылып отырған ең ұтымды әдіс, өйткені, агент ретінде қызмет етіп қомақты ақша алатын, қазақ қызметкерлерінің үстінен кәдімгідей салмақты айғақтар жиып беретін орыс кулактары мен қазақ рубасылары аз емес.

Мен өзім білетін құпияларды ашуға құқым жоқ болса да, партия мүшесі ретінде тек қана Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голощекинге және бюро мүшесі жолд. Сәдуақасовқа: менің құпия мағлұмдамаммен европалық және қазақ қызметкерлері танысып, мен көтерген мәселелерге байыппен қарасын деп арнайы мәлімдеп отырмын. Сонымен қатар, жоғарыда мен көрсеткен жайлар нақты айғақты дерек болып табылады және мен Лепсі мен Жаркент уездерінде төтенше өкіл болып жүргенімде бұл тәсілдерді өзім де қолдандым, сондықтан да бұл әдіс пен тәсілдің дұрыс екендігіне толық күмәнім бар. Осыған орай маған сіздердің жеке кеңестеріңіз керек. Ешкімге ештеңе айтпаңыздар, егерде менің бұл мағлұмдамам туралы жолд. Альшанский мен жолд. Журавлев біліп қойса, менің терімді тірідей сыдырады: онда менің жазғанымнан бас тартуыма тура келеді, не басқа біреудің қолын (подпись) пайдалануға мәжбүр боламын. Мені коммунистік сәлемім үшін мына қатыгез қасқырлардың талауына тастамассыздар деп үміттенемін.

Коммунистік сәлеммен - Фома Иванов».

Иә, мұндай да батыл, адал, ары алдында есеп берген чекистер де болған. Бірақ та олардың бұл салада аман-есен тұрақтап қалуы неғайбыл еді. Өйткені, тура осында аты-жөні аталған Альшанский мен Журавлев «Алашорда» ісін екі жарым жылдан аса жүргізген тергеушілердің өзі еді. А.Байғасқин, Ә.Байділдин, Д.Әділев сияқты азаматтардың рухын жаныштап, сағын сындырған да солар болатын. Әсіресе, Лепсі, Матай, Жаркент уезіндегі ұсталған адамдардың алаш ісіне қатысы екі жылдан соң да дәлелденбеген. Алайда олардың біразы орталықтағы тергеу орнына жетпестен жергілікті жерде сотталып, үкім орындалып кеткен еді.

Кеңес өкіметін құрған қайраткерлердің барлығы да патша тұсында жандармерияның қуғынында ысылған, астыртын, құпия, тыңшылық жұмыстарды меңгерген кәнігі «түрмегөйлер» еді. Сондықтан да олар тыңшылық жұмысты өте құпия әрі жанкештілікпен жүргізді.

Қарауылға бірінші болып ұлт көсемі - «кәрі көсем», «Алаш» партиясының төрағасы, «Алашорда» үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейханов ілінді. Кеңес чекистерінің Ә.Бөкейхановтан қауіптенсе - қауіптенетіндей жөні бар еді. Жер жөнiнде алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын. Патшалық Ресейдiң ең беделдi ғалымдары мен әскери барлаушыларынан, отарлау жүйесiнiң идеологтары мен теоретиктерiнен құралған академик Щербинаның экспедициясының құрамында он жыл бойы зерттеу жүргiзген Әлихан Бөкейханов ел мен жер жөнiндегi мәселенiң астарын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн. Оның пiкiрiмен Щербина, Швецов iспеттi ғұламалар да есептесетiн. Сондай-ақ қазақ жері үшін Ә.Ермеков екеуі Ленинмен де бетпе-бет келіп, өз тұжырымдарын дәлелдеп шығып еді. Ол туралы Ә.Ермеков:

«Жер мәселесін зерттейтін институт ВКПБ(П) орталық комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты.

Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық. 27 жылғы конференцияда Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында - грех - Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, мені шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын - деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі - өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ.

Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі менің әрекеттерім бір бағытта - бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе - жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сапаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сапаров өзінің баяндамасында Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайда, қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек - деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай», - деп көрсетті.

Шындығында да, Ә.Ермеков айтса - айтқандай, Ә.Бөкейханов «Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық еді». Академик Щербина (1896-1903) мен профессор С.П.Швецов (1903-1904) басқарған Ресейдің жер жөніндегі министрлігі ұйымдастырған бұл экспедицияның мақсаты: мұжықтарды қазақ даласына қоныстандыру үшін оларға «артық жерді» кесіп берудің мүмкіндігін қарастыру болатын. Қазақтың көшпелі экономикасын жан-жақты және түбегейлі зерттеуге бұдан артық мүмкіндік табылмайтын. Сондықтан да Ә.Бөкейханов өзімен қоса ғылыми экспедиция жұмысына Д.Сатыпалдыұлы, Е.Итбайұлы, М.Шомбалұлы сияқты қазақ зиялыларын статист-тіркеуші етіп тартты. Олар өздерінің алдына: 1. Көшпелі шаруашылықтың жерді пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізуді. 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша іріктеуді. 3. Сол жеке шаруашылықтар қанша мөлшердегі мал санына иелік ете алуы мүмкіндігін белгілеуді. 4. Әрбір түлік басына қанша жайылым қажет екендігін негіздеуді және соған орай жер межесін бөлуді. 5. Бұл мәліметтерді қазақ ұлтының этникалық және географиялық ерекшелігімен салыстыра отырып, оның тарихи даму бағдарын анықтауды - міндет етіп қойды.

1896-1903 жылдары аралығында 12 уезге жүргізілген бұл экспедицияның есебі 11 томды құрады. «Қазақтардың жерді пайдалануы туралы Ф.А.Щербинаның жетекшілігімен Дала облыстарында жүргізілген экспедицияның жинақтаған материалдарының» 4 томы Ә.Бөкейхановтың қатысуымен дайындалды. Отау үйдің қалыпты өмір сүруі үшін олардың орташа есеппен 18-24 аралығында ірі қара ұстау керектігін, әр қараны жем-шөппен, жайылыммен қамтамасыз ету үшін 5-8 десятина жер қажеттігін, ал қара шаңырақты ауыл үшін 190-192 десятина шамасында жер бөлінуі тиіс екендігін негіздеп берген ғылыми экспедиция:

«Қазақтың көшпелі шаруашылығы - бұрынғы табиғат құбылысына орай сәйкестендірілген дәстүрлі түрінен өзгерген, қазір жер өңдеумен, яғни, диқаншылық пен малшылық кәсібі қатар жүргізілетін, жылдың 8-10 айын отырықшылықпен өткізетін жаңа сатыға көтерілген шаруашылық», - деген тұжырым шығарды.

Отаршыл империя академик Ф.А.Щербинаның бұл шешімін жоққа шығару үшін экспедицияның жетекшілігіне кейіннен Л.К.Чермакты бекітті. Ақыры бұл зерттеуді жалғастыруға Ресейдің премьер-министрі Плеве тиым салды. Бұл экспедицияның жұмысына В.И.Лениннің:

«Жолдас Ф.А.Щербинаның деректері соншалықты ауқымды және құнды, ол біздің дұрыс қорытынды жасауымызға толық мүмкіндік береді», - деп (В.И.Ленин. Толық шығармалар жинағы, І том, 429-бет) баға бергеніне қарамастан жоғарыдағы қорытынды кейіннен қызыл империяға да ұнамады.

Өйткені бұл:

«Қазақстанда келімсектерді қоныстандыратындай артық жер телімі жоқ», - деген ғылыми тұжырым еді.

Осы кездесуден кейін жас серігіне риза болған Әлихан Бөкейханов:

- Мен сен сөйлеп тұрғанда жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Жалындап, лапылдап, көтеріліп-басылып сөйледің. Бар айыбың, сен өзіңнің Лениннің алдында отырғаныңды ұмытып кеттің, - депті.

Қазақ жері туралы осы ұстанымынан большевиктердің анталаған тобының арандатуы тұсында да қайтпады. Ол бұл қасарысудың большевиктермен қандай қақтығысқа әкелгені туралы Ә.Ермеков:

«...Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі - Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революцияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мен теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп әлдекімнің көрсетуі қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте - дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті. Әлі есімде, Астарахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахан губерниясының НКВД-ның өкілі, Азық-түлік халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахан губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады, - деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың арақатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі, -деді. Маған қол ала жүгіргендерді бүгін еске алу күлкілі, болмашыны сөз еткендей көрінгенімен де, В.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне ойланғансып, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін», - деп баяндап берді.

 

Ә.Ермековтің осы көрсетіндісіндегі: «өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі менің әрекеттерім бір бағытта - бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым», - деген сөздерінің астарында қазақ мемлекеттігінің кейінгі тағдырын шешіп берген аса талмауытты мәселелер жатыр еді. Қазақ автономиясының шекарасын анықтау, оның мемлекеттік статусы мен құрылымын белгілеу, астанасын таңдау жұмыстарын жүзеге асыру үшін Халық комиссарлар кеңесінің төтенше өкілетті өкілі болып тағайындалған Ә.Ермеков, Ә.Бөкейхановтың тікелей қатысуымен Лениннің алдына мынадай үш мәселені қойған:

1. "Әр ұлттың қалаған кезінде бөлініп кетуіне құқығы бар", - деп атап көрсетілген 1917 жылғы «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, бұл бапты Кеңестер одағының одақтық шартына енгізуді ұсынды. Араға жетпіс жыл салып барып кеңестер одағы ыдырағанда осы бапқа сүйенгенін ескерсек, бұл талаптың қандай саяси маңызға ие болғанын түсіну қиынға соқпайды. Бұл талап 1922 жылғы ұлт мәселесі мен КСРО-ның құрылуы туралы үлкен айтыста шешілді.

2. Қазақ өлкесін Түркістан республикасынан дербес автономиялық республика ретінде жариялауды және оның территориясын шұғыл түрде анықтайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Лениннің қолы қойылған сол қаулының негізінде біз бүгінгі Қазақстан республикасының территориясына ие болып отырмыз. Олардың бұл ұмтылысына біреулер: «Олар Түркістанға қосылмай саяси сауатсыздық танытты», - дейді. Егерде біз сол кезде Түркістанға қосылып, Қазақ автономиясының территориясын жеке бөліп алып қалмасақ, онда қазіргі Өскемен, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары Батыс Сібірдің құрамында, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау облыстары - Өзбекстанның құрамында қалатын еді. Ал Астананың Астанаға көшуіне Ресейдің жоғарыдағы бес облыстың жеріне дауласа бастағаны негізгі себеп болды емес пе. Өзбекстаннан алақандай ауылды «дауласып» ала алмағанда, ана бес облысты қалай қайырып алар едік? Алаштықтар үшін ең бірінші Қазақстанның мемлекеттігі мен территориясын анықтап, оны мойындатып алу аса қажет болды.

3. Қазақ ұлты белгілі бір қоғамдық, мемлекеттік, экономикалық, саяси даму деңгейіне көтерілгенше, ғылым мен техниканы меңгеріп, отбасылық дәулеті еуропалық ұлттармен теңескенше жерді жеке меншікке беруге және қоныстанушыларды әкелуге болмайды. Сол деңгейге жеткенше қазақ автономиясы Ресейдің құрамында болады. Ал одан кейінгі тағдырын уақыт талабы шешеді, - деп түсіндірген.

Ә.Ермековтің Лениннің сұрағына: «Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, - деп жауап беруі де сондықтан.

Бұл тар ойлы тарихшылар айтқандай, «орыспен бірге өлейік» деген сөз емес, ұзақты болжаған саясат еді. Оның шындығына қазір толық көз жетіп отыр.

Міне, осы айтыста «аса қауіпті адам» ретінде Ә.Бөкейханов чекистердің ерекше құпия бақылауына алынды. «Кәрі көсем» туралы қазақ үкіметінен шұғыл түрде мәлімет талап етті. Мәселенің кеңес дәбірлерін дүр сілкіндіргені сондай, Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович 1921 жылы 13 маусымда Орынборда РКП(б)-ның І қазақстандық партия конференциясында сөйлеген жауап сөзінде:

«Енді Бөкейханов туралы мәселеге келейік. Маған бұл сұрақ Москвада жүрген кезімде қойылды. БОАК-нің мүшесі жолдас Соколов менен: Қазаткомда алашордашыл Бөкейхановтың отырғаны рас па? - деп сұрады. Қазаткомның мүшесі Бөкейханов (Ғабдүлхакім Бөкейханов - Т.Ж.) кадет Бөкейхановпен еш туыстығы жоқ, олар Қазақстанның екі түкпірінен, - деп жауап бердім. Кез-келген мін таққысы келген адам алдымен шындыққа көз жеткізіп, анықтап алуы керек, содан кейін барып ауыр сөздер айтуға болады...

Егерде әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол - қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды. Бізге осындай, әрине, біздің бақылауымызбен және басшылығымызбен жұмыс істейтін кадрлар өте қажет.

Жалпы қазақ құрылтайы кезінде де біз қазақ интеллигенттерін сауатсыздықпен және қараңғылықпен күресуге шақырғанбыз. Біз барлық сауатты қызметкерлерді есепке алып, ағарту жұмысына пайдалануға тырыстық. Шексіз даланы өзіңе бағындыру өте қиын. Өз күшімізбен алып шыға алмаймыз. Ал сіздер, жергілікті жердегі жолдастар, қазақ қызметкерлерін сауатсыздықты жоюға жұмылдыра білдіңіздер ме, мұндай күшті ескердіңіздер ме?», - деп конференция делегаттарына түсініктеме берді.

(жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659