«Made in Qazaqstan»
Зауыт-фабрика салуды қазақтың белді жігіттерінің қолына беруіміз керек! Өйткені, Қытай зауыттары қазақтың кәсіпкерлікке деген ұмтылысын мүлдем жойуға ұмтылады. Қытайлық зауыт қожайындарына, жалпы, Қытай бизнесіне өз бетінше тіршілік етуге бейім халық емес, күндері өздеріне қарап қалған тәуелді ел керек. Оларға осындай халықты арзан бағамен жұмысқа салып қою ғана қажет...
"Экономиканы әртараптандыру" - ол Қазақстан мемлекетінің өз мәселесі! Осы уақытқа дейін бұл міндетті атқара алмаған билік енді оны қытайлар жасайды деп ойласа - үлкен қателікке ұрынады. Жиі айтылатын "экономиканы әртараптандыру" бұған негіз не ақталу аргументі бола алмайды!
Экономиканы әртараптандыру - алдымен өз еліңнің кәсіпкерлерін осы бағытта жұмылдыру болса керек. Өйткені, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, экономикалық тәуелсіздігін, одан өзге стратегиялық маңызды салаларын Қытай сияқты алып елдің қолына ұстата салуға болмайды!
Бүгінгі күннің өзінде, елдегі шикізат-мұнай-газдың ширектен астам бөлігін қолына алған Қытай мемлекетінің компаниялары, бизнес өкілдері "кімнің мүддесіне жұмыс жасайтындарын", "қай елдің заңы басым болуы тиіс екенін", "жергілікті тұрғындарды бағындыру жолдары қандай екенін" ашық көрсетті. Қазақ және Қытай жұмысшылары арасындағы еңбек жағдайы мен жалақыдағы айырмашылық, одан туындап жатқан жау-дамайлар соның дәлелі! Сол бізге сабақ болуы тиіс!
Қытай салған зауыттың шығарған өнімі тек аты жағынан "Маде ин Қазақстан" болғанымен, оның түпкілікті қожайыны қытайлардың өздері болып қалары анық. Өндірілген өнім, шығарылған тауарлар әлемнің қанша еліне таралса да - оның "авторы" бәрібір солар - қытайлар. Дивидент пен өсімнің егесі де солар! Біздікі тек солардың шашбауын көтеру ғана...
Олай болса, біз зауыттар туралы келісімшартты қайта жасауымыз қажет. Мүмкіндік болып жатса, олардан алынатын технологияның толық иелері, зауыттың толық қожайындары тек қана Қазақстан резиденттері, яғни, ел азаматтары болуы тиіс. Одан өзге шарт жасалмасын. Қытайлар күштеп, не, айла-амалмен ұсынатын зауытпен бірге болатын "ілеспелі еңбек миграциясы" бұл істе қаралмасын.
Әрине, бұл жол біз үшін біршама қымбатқа түсері анық. Бірақ, еліміздің тәуелсіздігін нығайту үшін Қазақстан халқы билігімен бірге осындай қадамға баруға міндетті. Амалдың жоқтығынан! Өйткені, қаншама өкінішті болса да, осыған дейінгі біздің түбірімен қате саясатымыз бізді осыған алып келді...
Сонымен бірге, біз тек қана Қытай емес, өзге елдердің де зауыттарын сатып алып, қажет тауарларымызды өздеріміз жасай бастауымыз қажет. Біз шикізат тетігін қолда ұстап отырғандықтан, көптеген елдерді технологиясымен бөліске көндіруге болады деп санаймын! Тек табандылық пен өз позициямыздан айнымауымыз қажет.
Олай ете алмасақ - жақын болашақта дарынды, іскер қазақ жастары әлемнің дамыған елдеріне тарыдай шашырап кететін болады. Осы процестің алдын алудың бір ғана жолы - ұраншыл жүйеден нақты іске көшетін әрекетшіл жүйеге тез арада ауысу! Оған кедері келтіріп отырған коррупциялық жүйені тез арада демонтаждау (ыдырату). Білім беруде, кәсіп таңдауда приоритеттерді анықтап, әр өңірге нақты талаптар қою. Әкімдердің көзбояушылығын түбірімен жою. Креслоға байланған "жалған патриотизмнен" арылу!!!!
Міне, әзірге ұсынарым осы. Алайда басқа да ұсыныстар бар. Мысалы, соның бірі - қазақтың тойларына үш-төрт жылға мораторий жариялау. Сөз соңында мұны әзіл деп қабылдамай, бір мезгіл тойды мемлекеттік маңызы бар проблема деп қарауларыңызды өтінер едім, достар!
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz