Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11008 6 пікір 12 Қыркүйек, 2019 сағат 12:09

Қош, Ташкент!

Тарихи миниатюра

Ташкент, 1.05.1918–16.09.1924

Ташкенттің жасыл желекке малынған Жизақ көшесімен екі жігіт келе жатты. Бірі ересектеу, әлдеқандай ойға шомған. Одан жасырақ екіншісінің жүзінен  қуанышты көңіл-күй байқалады. Өздері беттеп келе жатқан, көшеде бірден көзге түсетін зәулім ғимаратқа шаттана қарайды. Цирк-варьете. Дөңгелек сахна айналасына орындықтары баспалдақша биіктете қойылған  концерт залы. «Колизей» деп атайды оны. Ежелгі Римнің сәнін келтірген амфитеатр құрылысынан – нағыз Колизейден кемі елу есе кіші. Және төбесі байырғы  амфитеатрдай ашық емес, темір қаңылтырдан күмбезделіп, орта тұсы екінші қабат етіп көтеріліп жабылған. Бірақ  жұртшылық солай «Колизей» деп атап кеткен. Әрине, бекерден бекер атамаған. Нәшірге осы қасында келе жатқан ұстазы талай айтқан, Колизей – жаңа Ташкенттегі бірден-бір аса зор өнер ғимараты.  Залында бір мың бір жүз көрермен бір мезгілде отыра алады. Нәшір сенімді – бүгін ол тіпті ауыз-мұрнына шыға толатын шығар. Ұстазы растады – толады. Тіпті келгендердің талайы сыймай да қалады. Себебі сонда ғаламат жиын болмақ. Бірақ ондай үлкен бас қосу өтерліктей басқа барар кең зал жоқ,  сондықтан амалсыз көнеді, көрерсің, сыртта тұрып тосады, жиынға құлақ түреді, демдерін іштеріне алып тыңдайды.  Өйткені жұрт біткен білуге құмартатын аса маңызды жәйт сонда сөз болады. Сол себепті мұнда келетіндердің ұзын саны Колизейдің сыйымдылығынан сөз жоқ асып түседі – Діншенің естуінше, Түркатком мүшелерінің санынан әлдеқайда көп жұрт қосымша шақырылған. Жалпы құлақтанғандардың да осылай қарай ағылуы хақ. Солай. Бірақ, Колизей қанша үлкен болғанмен, бәріне орын жетпейді. Алайда одан кең зал да жоқ.  Нәшір еш күдік келтірмесін, ұстазы Сібірден Қиыр Шығысқа дейін аралаған, сенімді түрде айта алады, тап осы Колизей сынды үлкен жиналыс өткізуге қолайлы ғимаратты еш жерде кезіктірмеді. Жә, басқа жерді айтпай-ақ қойсын, мұның, әйтеуір, жалғыз Ташкент шаһары түгіл, күллі Түркістан өлкесі түгіл, тіпті, барша Орта Азиядағы ең үлкен қоғамдық орын екені анық...

Олар негізгі ғимаратқа жапсыра салынған театр рестораны жағынан Колизейге тақалып келе жатты. Өнер ғимаратының кіреберісінен тротуар үстіне қарай, көшеге жетеғабыл,  екінші қабаттан созылған балконды екі жағынан екі төртбұрышты қуатты баған – пилон тіреп тұр. Оларға тақалтып екі жұмыр баған орнатылған. Ағарту институтын биыл ғана бітірген Нәшірдің есінде, оларды оқытушы Әділұлы Дінше ағай мәдениет тарихы жайындағы дәрістерінде арнайы атап айтқан-тын. Ежелгі Грекияның негізгі тайпаларының бірінің – жетекшілері Дордың есімімен дорлықтар деп аталып кеткен жұрттың атымен классикалық сәулет өнерінде қолданылған дорий ордері, яғни архитектураның дорийлік құрылымы, тәртібі жайында әңгімелегенінде мысал еткен. Байырғы грек тайпасы аталымымен біздің жыл санауымыздан көп бұрынғы заманда классикалық колонна ретінде қалыптасқан сәулет нышанына сәйкес жасалған екі дорийлік баған тап іргеміздегі Ташкент Колизейінде тұр деген. Сабақтан шығысымен студент Қожамқұлұлы Нәшірдің бірге оқитын серіктерімен осында жүгіріп келіп, сонау Еуропадағы көне құрылыстан елес беретін сәнді бағандарды көріп кеткені тап қазіргідей есінде тұр, ұмытқан жоқ.

Міне сол дорий бағандары бүгін айрықша жасандырылған. Жыпырлаған жасыл жапырақты гүл-тізбекпен шырмап оралған. Ғимарат кіреберісіндегі жоғарғы жағына қарай жіңішкере беретін қос жұмыр баған осылай, өлке тарихы үшін ерекше де айтулы күнге орай, айрықша сәндендіріліпті. Дұрысында безендірме Колизей алдын түгел жайнатып тұр деуге болады. Гүлдесте тізбегі жоғарыда балкон жақтауына да оратылып, төмен қарай және жақтауды бойлай, толқындана, салтанатты түрде, әсем көрік бере салбырап тұр. Қақпа сынды кіреберістің төбесіне түгел жан-жағын жағалай асылғаны байқалады. Пилондар тіреген балкон табанының қырына жапсыра ілулі ақ матаға ірі алқызыл әріптермен жазылған: «Советские республики Средней Азии – величайший памятник Ленину на Востоке» деген жазу сонадайдан көзге түседі. Дінше оны дауыстап, қазақшаға тәржімелеп оқыды: «Орта Азиядағы Советтік республикалар – Ленинге Шығыста қойылған аса ұлық ескерткіш». Қою бұйра шашын қос қолының саусақтарымен салалап кері бір қайырды да, өткір жанарын Колизей балконындағы салтанатты жазудан айырмаған қалпы, терең бір күрсінді. Жанындағы қараторы ашаң бозбала, өзінің шәкірті, Киринпросты – Қазақ ағарту институтын осы қыста бітірген алғашқы түлектердің бірі, жазға дейін  Қауыншыда ұстаздық етіп, жақында ғана Орта Азия университетіне түскен  студент Нәшір гүл жайнап: «Қалай әдемі тұжырымдаған, Дінше аға», – деді. Сосын оның қатты күрсіне тыныстағанына таңдана қарады. «Иә, – деді Дінше жабырқау дауыспен, оны одан әрі таңырқатып, – бірақ, байқаймын, осымен екеуіміздің арамызға қытай қорғаны орнап қалуы ғажап емес... Сен САГУ-де оқып, қалаға тиіп тұрған Қауыншыңа барып-келіп жүресің, ал мен Тәшкеннен біржолата кетемін...» Нәшір күліп жіберді. Айтады-ау, Дінше ағасы, осындай тамаша қаланы біржола тастауға бола ма... Ағасы үндемеді. Көңілді інісі алға қарай иек қақты: о, қараңыз, Сегізбай ағаға жетіп қаппыз ғой!..

***

Ташкент – Діншенің өмірінде айрықша орын алатын шаһар, ол мұнда алғаш рет бұдан бес жыл бұрын келген-ді. Дәлірек айтқанда, тіпті, алтыншы жылға аяқ басқанына да үш-төрт айдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде оған қаладан бірнеше рет кетіп, сонша мәрте қайта оралып жүруге тура келді. Ал күншығыстағы осынау үлкен шәрге ол 1919 жылдың аптапты жазында ат басын тұңғыш тіреген еді.

Оған дейін біраз уақиға бастан өткен. Дала уәлаятының астанасы Омбыдағы оқушы жастар үш-төрт жылдан бері «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымына ұйысып, тұрақты бас қосып тұратын. Кейінгі кездерде ән-күймен ажарландырылатын әдебиет, мәдениет мәселелері хақындағы пікір алмасулармен ғана шектелмей, саясатты да әңгіме ететін. Сөйтіп жүргендерінде, патшаның тақтан құлауына орай, Ақмола облысының қазақтары үлкен жиналыс өткізген, ал  «Бірлік» бастарын қосқан көкірегі ояу өрімдей жігіттер құрылтайда сайланған қазақ атқару комитетінің арқа сүйейтін сенімді де белсенді жас күшіне айналған болатын. Сол белсенді күш қатарындағы Дінше (Дінмұхамед Әділов) 1917 жылы жазғытұрым Ақмолаға комиссар болып барды. Жаз бойы сонда мұғалім болып жүрген Сәкен Сейфуллин, омбылық оқушылар Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров пен Бірке (Бірмұхамед) Айбасов төртеуі ел ішінде бостандық ахуалындағы жаңа саясатты уағыздады, үйездерде қазақ комитеттерін ашысып, жастардың «Жас қазақ» ұйымын құрды. Күзде Омбыға оралып, оқуын жалғастырды. Қазан айының соңына қарай Омбыға атақты Әлихан Бөкейханов келді. Ол Томда өткен Сібір автономистерінің съезіне қатысып қайтқан еді. Бостандық үйінде омбылық қазақтар оның саяси ахуал және алдағы міндет хақындағы баяндамасын тыңдады. Үлкен күрескердің ұсынысына сәйкес, сол жиналыс үстінде құрылған Алаш партиясына Дінше де мүше болып жазылды, артынша оны  көпшілік Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің ағзасы етіп сайлады. Содан қыс бойы, сабақтан бос уақыттарында, Алаш партиясы обкомының Омбыдағы іс-шараларына қатысып жүрді. Сонымен қатар жастайынан революциялық қызметі үшін қуғыннан көз ашпай жүрген демократияшыл жазушы Феоктист Березовскийдің маңына топтасқан жігіттермен бірге қоғамдық өмірде болып жатқан соңғы жаңалықтар жайындағы талқылауларды тыңдап жүруші еді. Мұның нәтижесі сол, өрт боп лапылдаған жастық шіркіннің жалынан ұстап, 1918 жылғы жазғытұрым Омбыда «қызыл партизандар» атауымен жасақталған арнайы қызыләскер қатарына кірді де, Қиыр Шығысқа аттанды. Атаман Семеновке қарсы соғысты. Қыркүйекте тұтқынға түсіп, Благовещенск түрмесінде отырды. Одан босанысымен Омбыға оралды, оқуын жалғастырды.

Бірақ алып-ұшпа албырт көңіл тыныш таптырмай, жылдың соңына қарай Омбы большевиктерінің Колчак билігіне қарсы тұрған қарулы көтерілісіне қатысты. Бас көтеру сәтсіздікке ұшырағандықтан, ол көтерілісшінің бірі ретінде бой тасалауға мәжбүр болды. Әуелде қаладағы аға тұтып жүретін солшыл азамат Мұқан Әйтпеновтің үйінде біраз жасырынды. Сосын өзіне астыртын соғып кетіп жүрген достары Смағұл, Жанайдар Сәдуақасовтар, Әбдірахмен Байділдин, басқа да азаматтармен ақылдаса келе, өзінің бұдан әрі Омбыда қалуына болмайтынын ұқты. Ұқты да, Жанайдар жасатып берген құжаттың  көмегімен пойызға мініп, Омбыдан қашты. Әбдірахмен досының қасында Қызылжарды біраз паналады. Одан көпестердің шаналы керуеніне ілесіп, Көкше өңіріне жетті. Содан кейін Арқадағы ауыл-ауылды аралай жүріп, ағасы Байсейітті тапты. Байсейіт ақтар Ақмолада совдепті құлатқанда, Сәкен бастаған совдепшілермен бірге қамалып, түрмеге түскен-тін. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» кейін, он шақты жылдан соң еске алынып, суреттелген сол қиын кезеңді бастан кешкен де, ақтар абақтысынан қара күзде қашып шыққан. Содан бері қырда, қайын жұртында тығылып жүрген еді. Мұның бәрін және сергелдеңмен жүріп білмей қалған нағыз қаралы хабарды – әкесі Әділдің жазғы аптапта Байсейітке түрмеге келіп жүргенінде дүние салғанын Дінше осында, ағасынан естіді...

Ағасының қайын атасы әйгілі Тақыр Омар болатын, ол Он алтының дүрбелеңінде ауылына бір топ боп ат басын тіреген жазалаушылардың жанын жаһаннамға жіберуімен аты аңызға айналған кісі еді. Міне осы кісі Байсейіттің Дінмұхамед есімді, қалада Дінше, қырда Мұқыш аталатын інісіне «қызылдар жеңген оңтүстікке ауысу керек» деп берген ақылын дұрыс деп тауып, көмек қолын созды. Қарлы даламен алыс сапар шегуге жарамды мықты аттар бөлді. Осындай қамқорлықтың арқасында Дінше-Дінмұхамед-Мұқыш арнайы жасақталып шыққан жолсерік жігіттердің ортасында Бетпақдаланы кесіп өтіп,  Шу бойына жетті. Сонда қыстауында отырған, мұны Мұқыш деп атайтын ағайын-туыстарына келді. Ел ішін аралап, жолдастарын тапты, тынықты, ойын-сауықтарға қатысты. Сөйтіп жүргенінде көптен, кішкене қызбала күнінен бері білетін, енді бүгін әсем дауысты әнші, тал шыбықша бұралған тамаша бойжеткенге айналған қызға – жолдасы, тағы бір он жылдан кейін советтік солақай реформаға наразы күрескер ретінде өзімен бірге түрмеге  қамалатын үзеңгілесі Қақуұлы Мұхамедияның қарындасы Әзизаға кезікті. Алғаш көргенінде жәй ғана таңғалдырған тәрізді еді, ұзамай жүрегі алабұртты, одан, не керек, бойы дуылдап, жаңа сезімді бастан кешті. Бірақ көп ұзамай айрылысуға тура келген. Көктем туа көшпенді ауылдар үйлерін жығып, «Арқа, қайдасың» деп, жайлауына көшіп кетті, ал Дінше оңтүстікті – біратола большевиктердің қолына өтіп, советтік республика құрған Түркістан өлкесінің бас шаһарын  бетке ұстады.

Ол Ташкентте бірден Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Қазақ бөліміне кірген. Осында Омбыдан таныс Қайретдин Болғанбаевпен қуана қауышты. Қайретдин Омбыға паспортын жаңартып алу үшін сонау Мәскеуден келген болатын. Көпшіл Дінше оған жолбасшы болып, шаруасын бітіргенше қасында жүрген. Аздаған жас айырмашылығына қарамастан, екеуі сонда жап-жақсы дос боп ажырасқан еді. Енді, міне, тағдырдың бұйыртуымен, сол досы Ташкентте алдынан шықты. Қайретдин арқылы Дінше Сұлтанбек Қожановпен танысқан. Осы екі аға-жолдастың ықпалымен солар істейтін Қазақ педагогика училищесіне қызметке орналасты. Содан осы екі аға-жолдас арқылы өлкенің саяси тарихымен танысқан. «Бірлік туы» газетінің тағдыры, Ташкенттегі қым-қуыт оқиғалар, Серәлі Лапин мен Мұстафа Шоқаевтың қызметтері, Қоқанда жарияланған Түркістан мұхтарияты жайында егжей-тегжейлі сөз болды. Ташкенттегі советтік билік Қоқанда құрылған Түркістан автономиясына қарсы армян-дашнактарды айдап салған. Патша заманындағы жаулап алушылар өлкеге оларды баяғыда-ақ әдейі қоныстандырған болатын.  Міне енді қызыл түске боянған жаңа тұрпатты жаулаушылардың қолшоқпарына айналған солар орталықтан әкелінген әскермен бірге әрекет етіп, қаланы тып-типыл етті, бейбіт жұртты кәрі-құртаң, әйел-бала-шағаға шейін, түркі тұқымдастарды ерекше жек көретін қатыгездікпен, аяусыз қырып салған-тын. Сол қылмыстың өтеуіне большевиктер екі айдан кейін Түркістанның Советтік Автономиясын жариялады емес пе, алайда, жарнама ауысты демесең, бәрі баяғыша, патша дәуіріндегідей... Совет азаттық әкелді деген – бос дақпырт... Діншенің Ташкент топырағын басқанда алған алғашқы саяси сабағының өзегі осыған саятын. Бірақ үміт бар еді, орталықтан шығыс халықтарының құқтары жайында шыққан  құжат,  қанша дегенмен, өлке халықтарының федеративтік республикасының  құрылуы болашаққа деген жақсы мүмкіндіктер ашылғанына сендірмей қоймайтын.  Большевиктер ұранымен орнап жатқан совет өкіметінің жариялы ниеті жайында танымы кеңейе түскен Дінше сондықтан да өлкелік партия комитеті жанында Тұрар Рысқұловтың жетекшілігімен жұмыс істеп тұрған Мұсылман бюросының жиналыстарына ерекше құмарлықпен  қатысқан. Биік қызметтер атқарып жүрген қазақтың Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Нәзір Төреқұлов сынды бетке ұстар азаматтарының дәрістерін өзі оқытушы болып жүрген педучилище қабырғасында оқушылармен қатар тыңдаған. Түркістан университетінде де танымды дәрістер тыңдай жүрді, Сұлтанбек Сырдария облысына жауапты қызметке кеткенде, оның орнына педагогикалық кеңестің хатшысы қызметін атқарды.

Мұсбюро жұмысының жемісті болғаны сондай, Түркреспубликаның басшы органдарына ұлт кадрлары көптеп енгізіле бастаған. 1918 жылдың сәуірінде он шақты күн жұмыс істеген құрылтай қорытындыланып, 1-ші мамырында  жарияланған Түркістан Советтік Автономиясы Үкіметінің құрамында бірлі-жарым ғана жергілікті ұлт өкілі болған еді. Сондықтан да ғой, Діншенің аға-жолдастарының: «Совет өкіметі ешқандай да азаттық әкелген жоқ, Қоқандағы мемлекеттік бірлікті құлатып, өзінше советтік республика деп  жарнама ауыстырғаннан басқа, өлкеде ешқандай оң өзгеріс жасаған жоқ» деп күйінуі. Біртіндеп сол күткен өзгеріс өмірге енгізіле бастады. 1920 жылдың басында  Тұрар Рысқұлов Түркатком төрағасы болып сайланды. Нәзір Төреқұлов – Ағарту, Санжар Асфендияров Денсаулық сақтау комиссариаттарын басқарды. Билікке өзбек, түрікмен қайраткерлері де көбірек тартылып жатты. Ұлт қайраткерлерінің партия комитеттеріндегі үлесі көбейіп, беделдері артқаны сондай, Рысқұловтың басшылығымен мемлекеттік құрылымды бұдан былай «Түрк (Тюрк) республикасы» деп атауға ұйғарылды. Өлкеде Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру, араларындағы еуропалықтарды ұлттық азшылық ретінде тану және, тиісінше, олардың құқтарын қорғау туралы қаулылар қабылданды. Сол шешімдердің дұрыс-бұрыстығы орталықтың Түркістан комиссиясы мен Мәскеудің өзінде талқыға түсіп жатқанда, ТүркЦИК (Түркістан Орталық Атқару Комитеті, ТүркОАК) пен ТР Наркомпросының (Түркістан Республикасы Ағарту халкоматының) шешімімен Дінше Әділұлы Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымына бекітілді. Қасына облыстық мұғалімдер дайындау курстарының жұмысын басқаруға тағайындалған Ибадулла Құлжановты және дәрісші ретінде училище түлегі Ғани Мұратбаевты ертіп, Алматыға іссапарға аттанды.

Азамат соғысы енді ғана аяқталған, бірақ әлеуметтік, ұлттық алауыздықтар тұнып тұрған аймақта Түркістан майданының Жетісудағы ерекше өкілеттіліктер берілген өкілі Дмитрий Фурманов бар-тын. Дінше оның Алматыға өзінен бірер ай бұрынырақ келіп, екпіндете жүргізіп жатқан  саясатына үндес қызмет атқарды. Аймақта патша заманынан қалған ескі әдет сарқыншағымен күресуге, жаңа өкімет жалауын бүркенген күштінің құқымен әділетсіздіктер үстемдік құрып тұрған ахуалда облыстағы оқу-ағарту, мәдени жұмыстар жүргізу ісіне батыл араласты. Фурмановпен, облыстық ревком мүшесі Ораз Жандосовпен пікірлес болды. Күні кешегі азамат соғысынан қалжыраған казак әскерлерінің үлкен тобы 1920 жылғы маусымда Фурмановқа бағынбай, басмашылармен соғысу үшін Ферғанаға аттанудан бастартып, қарсылық білдірген. Бүліншілік басылғаннан кейін белгілі болды, қамалда құрылған жауынгерлік кеңес өздеріне озбырлық көрсетіп отырған келімсек өкілдің жақтастары қатарына Діншені де қосып, атуға ұйғарғандардың тізіміне енгізген боп шықты. Қамалдарғылар беріліп, ереуілдегендер үстінен тамыз айында сот үдерісі басталғанда, соттың алғашқы күні үлкен саяси баяндама жасап тастады да,  Фурманов қызметін ауыстырып, Кубаньға аттанды. Өзінің қорғансыз қалғанын сезінген Жетісу облыстық оқу  бөлімін  бөлімінің меңгерушісі Дінше Әділов Сібір жақтағы жолдастарының шақыруын қабыл алуды қош көрді. Сөйтіп, Семейдегі партия мектебіне түсіп оқуды мақсат еткен  жас мұғалима Нағима Арықовамен бірге жолға шықты. Ибадулла мұғалімдер дайындау курсын басқарған қалпы Алматыда қала берді, оқытушы Ғани Ташкентке оралды. Ал Дінше Семей губерниялық комитетінің Қазақ бөлімінде Жүсіпбек Аймауытовпен бірге қызмет істеді.

1920 жылдың қазан айында өткен Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезі Діншені Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшесі етіп сырттай сайлаған-ды. Қазатком хатшысы Ғабдол Бөкейхановтан келген шақыруға сәйкес, Дінше Семейден Орынборға аттанды. Сонда Қазатком мүшесі, Ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, Ішкі істер халкомының орынбасары, халком міндетін атқарушы қызметтерін атқарды. Өзіндей КазЦИК мүшесі болып сайланған омбылық жолдасы Смағұл Садуақасов екеуі орталық аппараттың 1920 жылдың соңында өткен партия жиналысында Қазақ Республикасын патша заманындағыдай астамшылықпен басқара бергісі келген халкомкеңес төрағасы Виктор Радус-Зенькович пен Қазақ облыстық партия комитетінің жауапты хатшысы Иван Акуловты қатты сынап сөйлейді. Олардың сынын көпшіліктің қолдағаны сондай, Акулов орнынан түсуге мәжбүр болады. Ұйымдық шешім шығарған жиналыстан кейін ол 1921 жылғы қаңтарда  Ішкі істер халық комиссары міндетін атқарып отырған Діншеге кіріп, Орынбордан Оралға пойызбен шығуы үшін рұқсат қағаз беруін сұрайды. Өтініші орындалады, екеуі сыпайы қоштасады. Алайда содан көп ұзамай, орталыққа жақпайтын «ұлтшылдық» көзқарастары үшін Смағұл да, Дінше де атқарып жүрген қызметтерінен жәйлап шеттетіле бастайды. Ақыры, 1921 жылы көктемге салым Дінше Қазақ Республикасы Ағарту халкоматының тапсырмасымен Түркістан Республикасына іссапарға кетеді.

Бұл оның Ташкентке екінші мәрте келуі еді. Тапсырманы Түркаткомның Қазақ бөлімімен ынтымақтаса отырып  орындайды, бірақ Орынборға оралмай, өзінің Түркреспубликадағы қызмет жолын бастаған Киринпроста бір маңызды шаруаны атқаруға қалады. Сол шақта Ташкентте өлке халықтарының өнерін насихаттайтын Шығыс кештерін өткізіп тұру қолға алынған еді. Дәстүрді өзбек өнерпаздары бастаған. Дінше сол үлгімен Ташкент жұртшылығына қазақ өнерін  көрсету ісін ұйымдастырды. Сол жолы Ташкент университеті ішіндегі жұмысшы факультетінде өзбек тілінде оқытатын топқа сабақ беріп жүрген өзбек қайраткері Абдолла Авлонимен жақын танысқан еді. Абдолла ака елуге тақап қалған жігіт ағасы, байырғы ағартушы және театр режиссері болатын. Революциядан бірнеше жыл бұрын ол театр труппасын құрған екен, оның басшылығымен осы Колизейде 1914 жылы алғашқы өзбек спектаклі қойылыпты. Белгілі қайраткер Махмұд Бехбудидің «Падаркуш» деп аталатын, «Әкеөлтірген»  деген мағына беретін  пьесасының алғашқы қойылымы Абдолла аканың режиссерлығымен тап осы театр-цирк сахнасында жүзеге асырылыпты. Колизей үлкен театр-цирк ретінде соның алдында ғана, патша тұқымының үш ғасыр бойы тақта отырып келе жатқаны мерекеленген 1913 жылы ашылса керек. Бастапқыда «Цинцадзе циркі» делінетін  ағаш үй болыпты, соның орнына салынған көрінеді. Қожайыны – шаһарда қонақүй бизнесімен айналысып жүрген Георгий Цинцадзе деген іс адамы екен. Соншалықты дәулетті болмағанмен, өнерді жанындай сүйетіндіктен, қонақүйлерін сатып, бар тапқан-таянғанын осы өнер сарайын салуға жұмсапты. Ең зәулім, ең көп көрермен сиятын орын болғандықтан, жаңа өкімет оны 1918 жылы национализациялап, мемлекет қарамағына алып алған. Ал иесін Ташкенттегі 1919 жылдың басындағы комиссар Осиповтың белгілі бүлігінен кейін жүргізілген репрессиялық шаралар кезінде атып тастапты. Басқа бір аттас дұшпанмен шатастырған деседі, қалай болғанда да, күллі Орта Азияда жоқ көпшілік ғимаратын өз қаржысына салып, жұртшылық қызметіне қойып жүрген меценат біріншіден, қоғамдық қызметке арнаған өзінің жеке меншігінен айрылған, екіншіден, араға бар болғаны жарты жыл салып, өзі де қызыл билік қолынан жазықсыз оққа ұшқан.

Дінше бұл жайында Ташкентке алғаш келген жылында-ақ, большевиктер билігінің өлкеде одан бұрын Қоқан қырғынын жасағаннан бері қалай нығайып келе жатқаны жайындағы әңгімелерден естіген. Абдолла ака меценат Цинцадзе жайында жылы ілтипатпен қысқа ғана пікір айтты да, қазақтардың ниетін қостайтынын, тартымды кеш өткізу үшін не істеген жөн болмағын шын ықыласымен әңгімелеп берді. Уақытын бөліп, Колизейдің ішкі құрылымымен, сахнасымен, өнерпаздар дайындалатын бөлмелермен таныстырды. Қандай қойылым көрсетпек қазақтар деген әуес сұрағын қойды. Діншенің соншалықты нақтылана қоймаған жоспарына өз тілегін білдірді. Қазақ тұрмысы, әдет-ғұрпы, ән-күйі, биі, басқа да өнері барынша мол қамтылса жақсы болар еді деді. Осы кеңесті Дінше Түркатком Қазақ бөлімі қызметкерлерімен, өзінің үкімет қызметінде жүрген жолдастарымен және Киринпрос қабырғасында драмалық спектакльде ойнап, ойын-сауық қойып машықтанып қалған көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерімен алғашқы ақылдасу жиындарында ұдайы ойда ұстап, Шығыс кешін қалай көркем де әсерлі өткізуге боларын іздестірді. Көп боп кеңесіп, қазақтың байырғы айтысы негізінде, әсіресе, ғасыр басынан бері, Қазанда  басылып шығып, ел арасына кең тарап кеткен әйгілі Біржан сал мен ақын Сара айтысын жаңғырту жолымен ойын қоюдың ұтымды боларына тоқтасты. Содан мұғалімдер мен оқушылардың көркемөнерпаздық ұжымы түгел атсалысып, шығармашылық ізденіспен үздіксіз толықтырып тұрған халықтық спектакльдің ән-күймен мейлінше ажарланған репетициясы басталды. Ойын қоюға Ташкентте істейтін ұлт қайраткерлерінің жарлары (Ләтипа Қожықова, Рәбия Асфендиярова, Гүлбаһрам Тынышбаева, Гүләндәм Қожанова), Киринпрос мұғалімдері (Емберген Табынбаев, Жапар Лапин, Әбдірахман Мұңайтпасов, т.б.), оқушылар (болашақ кәсіби өнер қайраткерлері Құрманбек Жандарбеков, Үрия Тұрдықұлова) қатысқан. Не керек, Діншенің режиссерлығымен   қазақ шығармашылық ұжымы Колизейде қойған «Шығыс кештері» шаһардың өнер сүйер қауымын   қатты сүйсінтті.

Содан соң, 1921 жылғы мамырдың соңында, Дінше мен Қайретдин Болғамбаев, Дамулла Битілеуов үшеуінің Бұхараға сапары басталды. (Қызыл армия 1920 жылдың қыркүйегінде Бұхар әмірлігін құлатқаннан соң, орнына Бұхар халықтық совет республикасы орнаған. Сол шамада Бұхараға орталық кеңес өкіметінің Башқұртстан жөніндегі шешімін қабыл алмай доғарысқа шыққан Башқұрт әскери-революциялық комитетінің төрағасы Зәки Валидов келген. Ол совет билігі басшылары Ленин, Сталин, Троцкий, Рыков аттарына большевиктер саясатының ұлыдержавалық мазмұнын әшкерелейтін хат жолдаған да, Бұхарада сырт көзге ғылыми зерттеулермен шұғылданып жүрген оқымысты секілді көрінгенмен, іс жүзінде түркі бірлігін жандандыратын ұйым құрумен, Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына идеялық сипат беріп, саяси басшылық жасаумен астыртын түрде шұғылданып жүрген). Үшеуі бұрын Бұхар әмірі Саид Әлім-хан тұрған ордаға – қазір Бұхар республикасының үкіметі орналасқан цитадельге келіп, әскери нәзир (яғни комиссар яки министр) Абдулхамид Арифовқа жолығады. (Оны Қайретдин Алаш-Орданың Торғай бөлімшесіндегі милицияда қызмет атқарған уақыттан бері біледі екен. Ал Арифов бірер уақыт Валидовтың Башқұртстандағы әскерінде де қызмет етіпті). Олар Абдулхамид берген жолбасшының көмегімен шаһардың терістік жағындағы қышлақта тұрып жатқан Валидовтың үйіне келеді.

Дінше оны алғаш көрген сәтін жеті жарым жылдан кейін ГПУ тергеушісіне берген көрсетулерінде (1928 жылғы 24 желтоқсандағы және 27 желтоқсанның кешіндегі тергеуде) былай еске алған-ды: «...өзбек ауласына кірдік, онда хауыз бар еді, міне сол хауыз жанындағы көлеңкелі жерде Валидов отыр екен. Мен оны көргенде тіпті таңырқап қалдым, себебі ол қолқылдаған өзбек шалбарын, үлкен, ұзын көйлек киіпті, сақалды, шұбар, қарағанға сиықсыздау көрінетін, аласа бойлы адам боп шықты, ол саяси қайраткерге мүлдем келіңкіремейтін». Үш күннен кейін: «...Түріне қарағанда, сіз өткен жолы дәл басып айтқаныңыздай, ол көсемге ұқсамайтын. Бірақ маған оның мағыналы жанары қатты әсер етті, көздерінен оның жігерлі, табанды адам екені көрініп тұр еді». Осы қайраткердің қасында Дінше үш жарым ай болды. Онымен бірге Бұхар республикасының басшы қызметкерлері (БұхЦИК төрағасы Абдулқадыр Мұхиддинов, Бұхар халық нәзирлері кеңесінің төрағасы Файзулла Ходжаев, нәзирлер, басқа да қайраткерлер) бас қосқан жиындарға қатысты. Жиналыс сайын Зәкидің ұсыныстар беріп, тіпті, бәрін бойкүйездіктері үшін ұрсып отырғанына және онысын баршасының мақұлдай тыңдап жүргеніне куә болды.

Бір жиында Діншені Бұхреспубликаның сыртқы істер нәзирі Хашим Шаих пен тағы бір-екі адам арнаулы бөлмеге кіргізді де, біреуі Құран ұстап, айтып тұрған ант мәтінін қайталату арқылы, ұлт азаттығы үшін күресетін ұйымға мүшелікке алу рәсімін өткізді. Мұхиддиновтың үйінде  1921 жылғы шілдеде өткен бір жиынға Мұстафа Кемал-пашаның (болашақ Ататүріктің) тапсырмасымен өлкеге келген Ангора (Анкара) ұлы  ұлттық жиналысының мүшесі, яғни Түрік парламентінің депутаты Ысмайыл Субхи Сайсаллыоғлы қатысқан еді, сол түрік өкілінің соған дейін бір пікірге келе алмай жүрген тараптармен жүргізген келіссөздері нәтижесінде Зәки Валидов Түркістан Ұлттық Федерациясы Бірлескен комитетінің төрағасы болып сайланды. (Бұл жайында содан ондаған жыл кейін Түркияда шығарған өзінің «Естеліктерінде» Зәки: «2 тамызда мен Түркістан Ұлттық бірлестігі Бірлескен комитетінің төрағасы міндеттерін атқаруға кірістім. Осы сыни күндері ұлттық күрес жөніндегі комитетті құруға Түркиядан Мұстафа Кемал-паша жіберген осы депутат, Алашорданың өкілдері, әсіресе Дінше, және ауған елшісі Абдурасул-хан елеулі де қомақты көмек көрсетті» деп жазды). Дінше Ташкенттегі Шығыс кештеріне қатысушылардың ұлттық киіммен түскен топтық  көркем фотосуретін өзімен бірге алып жүрген, жиналыстан кейінгі күндердің бірінде өзіне арнайы соққан Түрік ұлттық жиналысының депутаты сол суретті сұрады. Түркияға оралған бетте барлық журналдар мен газеттерге бастыратынын айтты. «Осы түрік өкіліне сол суретті сыйлағаным есімде» деп еске алды Дінше 1928 жылы.  Өз тарапынан ол Субхи-бейден ресми сапарының жөнімен Ташкентке барғанында «Ақ жол» газеті редакциясына соғуын, сонда істейтін Ғазымбек Бірімжановқа бұдан хат апарып беруін өтінген-тін. (Зәки 1967 жылы «Хәтирәләр» кітабына Діншенің суретін бастырып,  «Бұхара мен Самарқанда Алаш-Орда уәкілі болған қазақ шайыры әм өнер шебері Дінше» деп көрсетті. Дінше Зәкидің тапсырмасымен Әндижанға, басмашылар арасындағы қырғыз Төреқұл Жанұзақовты іздеп барып, сырқаттанып қайтқан еді.  Зәки  естеліктерінде Төреқұл мен «сол кездегі Самарқан уәлиі», яғни облыстық атқару комитетінің төрағасы Абылай Серғазиевтің қоластында  қызмет істейтін өзбек Сұлтанның атсалысуымен 5–7 қыркүйекте Самарқанда өткен Түркістан ұлттық бірлігінің алтыншы съезіне Діншенің де қатысқанын, безгек тиіп ауырғанын елемей, мәжілістердің бірін де жібермегенін жазып қалдырды. Сол съезде ұйымның 24 бабтан тұратын жарғысы және «Россияға, орыс озбырлығына қарсы көтерілген  ұлт тәуелсіздігі туының Түркістанның күллі аймағына бірдей» үлгісі бекітіліп, сол күнді – 6 қыркүйекті – ұлттық мереке күні деп жариялау ұйғарылған-ды). Сосын безгек қалтыратқан Дінше құр сүлдерін сүйретіп, 1921 жылдың қазан айында пойызбен Ташкентке жетті. Бұл оның өлкедегі бас шаһарға үшінші мәрте келуі еді...

Діншенің Ферғана өңіріне жасаған сапарынан Түркатком төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов хабардар екен. Ашулы көрінді, Бұхарадағы іс-әрекеттері әшкереленіп, мәселе ушықпай тұрғанда, шұғыл Тәшкеннен кетуін, әзірге, бір бәле болмай тұрғанда, бәрі ұмытылғанша, Түркістан   қаласындағы Садық Өтегеновтің қамқорлығында бой тасалау тұруын талап етті. Алайда табан астында жол жүруді Діншенің денсаулығы көтермейтін еді. Оны доктор Халел Досмұхамедов Түркістан университетінің лазаретіне жатқызып,  емдеді. Біршама жазылып, аяғына тұрған соң Дінше сол университетте дәрістер тыңдады, Қазақ ағарту институтында  (Киринпроста) сабақ берді. Жаз шыға елге кетті. Қымыз ішті, дала ауасымен тыныстады. Сауықты. Күзге қарай Түркістан республикасы Сырдария мен Жетісу облыстарындағы Қазақ республикасының өкілі лауазымын берген мандатпен Ташкентке оралды.  Оқуға ынта білдірген ауыл балаларын ілестіре келді. Бұл – төртінші келісі болатын... Бұл жолы да Киринпрос жатақханасына тоқтады, ертіп келген жігіттерін түрлі оқу орындарына орналастырып, біраз уақыт ағарту институтында мәдениет тарихынан сабақ та берді. Сол шақта Түркістан халкомкеңесінің төрағасы болып Мәскеуден оралған Тұрар Рысқұловтың қабылдауында болып, көкейіне түйіп келген мәселесі жайында ақылдасты. Түсіністік және қолдау тапты. Мәселе Түркреспубликаны қыстауы, Қазреспубликаны жайлауы етіп, сол себепті жылына екі мәрте ұлан-ғайыр бос кеңістікті – жалпақ Бетпақдаланы көктемде бір, күзде бір мал-жанымен кесіп өтіп жүретін көшпенділердің болашақ тағдыры жайында болатын.

Сол шақта Бұхара жақтан Ташкентке астыртын, құпия жағдайда Зәки Валидов жеткен. Оның жолбастаушыларының, оған жасырын тұрақжай әзірлеушілердің бірі осы Қожамқұлұлы Нәшір еді. Киринпростың шаруашылық базасы секілді болған Иванов бағындағы бір кеште Дінше Зәкимен кездесті. Екеуі көп сырласты. Зәки Әнуәр паша келгеннен кейінгі жағдайлар, өзінің Самарқан маңында жүргізген әскери қимылдары, сәтсіз соғыстан кейін жасырын жағдайда Ташкентке келуі, Әнуәр пашаның совет әскерімен шайқаста қаза тапқаны жайлы ауыр да қайғылы хабарды осында естігені жайында әңгімеледі. Енді,  лажы болса, құпия түрде кездескенінде өзіне Тұрар Рысқұлов берген кеңеске құлақ асып, совет өкіметін мойындау арқылы ашық қызмет жағдайына шығу жоспары барын да айтты. Зәкидің Ташкентке келудегі басты мақсаты – Түркістан бірлігі ұйымының кезекті отырысын өткізу еді. «Жиналыс Қашқымбаевтың пәтерінде өтті, онда Досмұхамедов, Қашқымбаев, жалпы едәуір жұрт болды. Валидовтың Ташкентте жүргенін Қожанов білді ме, жоқ па – бұл маған беймәлім», – деді Дінше 1928 жылғы көрсетуінде.  «Он алты ағза болғаны қатерімде қалды, – деп жазды 1967 жылы естеліктерінде Зәки. – Әсіресе қазақ өкілдері абыройлы зиялылардан  құралған болатын». Діншенің көрсетуіне қарағанда, жиналыста Валидовтың өтініш беруі тым қатерлі тәуекел болатыны ескертілді, «тіпті Рысқұлов оған шын ниетімен жақсылық жасауды ойлап тұрса да, дегенмен ол Валидовты құтқара алмайды. Зәки өзінің атқарып жүрген қызметі үшін бәрібір жазаланады» деп ұйғарылды. Валидов сол жиынның қорытындысы жөнінде: «Съезд маған Түркістанда қалмай... Еуропаға баруды, сол жақта Мұстафа Шоқайұлымен бірге Түркістан ұлттық бірлестігінің шетелдегі орталығын ұйымдастыруды тапсырды», – деп еске алды...

Зәкимен қоштасқаннан кейін Дінше көшпенді ауылдастарының мәселесін шешу шаруасына кірісті.  Халкомкеңес төрағасы Рысқұловтың ақылымен және берген тиісті қатынас қағазымен Сырдария  облыстық атқару комитетінің төрағасы Рүстемовке кіріп,  арнайы мандат алды. Бұл құжат оған халық арасында ресми түрде ауыл-ауылдың әкімшілік бағынысын анықтауға байланысты жұмыс жүргізуге пұрсат беретін. Сөйтіп, жайлаудан оралғандардың көші қыстауына жетіп, орнықты-ау деген шақта, 1922 жылдың соңына қарай, Шу өзені аңғарына аттанды.  Сол жақта ел ішін аралып, жиналыстар өткізе бастады. Қыста тұратын осы орындарына сәйкес, әкімшілік тұрғыдан Түркреспубликаның Сырдария облысы құрамына ену жайында қаулылар шығартып, ресмиленген протокол-қағаздарды жинастырумен шұғылданған. Осы шақта қыстауда отырған көрші ауылдарда Ақмола үйезі атқару комитетінің атынан әрекет еткен қарулы топ ел-жұртқа зорлық-зомбылық көрсетіп, бейбастақ қылықтар жасап жүрген еді. Дінше-Мұқыш пен оның ағасы Байсейітті өкімет адамы деп білетін жерлестері салықшылардың қорлығын хабарлап, көмек көрсетуін сұрайды. Сонда ол милиция атын жамылып совет өкіметінің абыройын түсіріп жүрген  қарулы өкілдерді ауыздықтауға, басшыларын халық жиналысы үкімімен атқызуға атсалысты. Бұл дабыры ұзаққа кеткен, уақытында ел ішінде «Байсейіт – Мұқыш ерлігі» деген атпен айтылған арнайы жырдың өзегі болған атышулы «Қараноғай – Шала оқиғасы» еді.  Олардың Шу бойын қыстаған ел ішінде  салық жинау желеуімен жасаған қылмыстары жөнінде Ақмола және Әулиеата үйездік аткомдарына тиісті баяндамалар тапсырумен 1923 жылдың бастапқы айлары өтті. Сосын Дінше болыстар жұртшылығы жиналыстарының әкімшілік бағыныс жайындағы қаулыларын Түркреспубликаның билік орындарына жеткізді. Содан, Билікөлдің терістігіне қоныс тепкен ауылынан жазғытұрым Әулиеатаға келгенінде, алдынан жайсыз хабар шықты. Қазреспубликаның өкімет адамдары қол қойып, «Әділов Діншені ұстауды, сөйтіп Орынборға жеткізуді» сұраған жеделхат Ташкентке келген екен. Түркреспублика басшылығы Әулиеата үйезіне құжат көшірмесін жолдап,  Орынбордың өтінішін орындауды тапсырса керек. Сол кезде Әулиеатада жүрген Түркатком төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов тапсырманы орындамақ болғандардың қолдарындағы құжатқа «Дінше Әділұлынан Ташкентке өзім барам деген қолхат алынсын» деген бұрыштама қояды. Шынында да, Дінше тиісті колхатты жазып  береді де, көп ұзамай, Ташкентке өзі барады, бұл оның мұнда бесінші рет келуі еді.

Ташкентте ол Халкомкеңес төрағасы Тұрар Рысқұловтың қабылдауында болып, орындалған жұмыстарды баян қылады және Орынбор жеделхатының мәнін ашатын түсінік береді. Рысқұлов әділдік сүйетін революционер ретінде пайымдайды. Өкімет өкілі болып өкіметтің беделіне айтып-жеткізгісіз нұқсан келтірген Қараноғай мен Шаланы ғана емес, революциялық қатаң заңды басшылыққа алып,  революцияның қадірін кетіретін мұндай жаулық әрекеттері үшін солардың жасағындағы басқаларды да, 50-60 адамдық отрядтың құрығанда жартысын  атып тастау керек еді дейді. Ол советтік заңдар, совет соты әлі де қалыптасып болмаған, революциялық трибуналдар жағдайға орай жедел үкім шығарып орындай беретін заман еді, сол себепті, революцияны адал адамдар жасайтынына, сол жолда кедергі келтіретіндерге революция заңымен қатал қарау керектігіне кәміл сенетін Тұрар халық жиналысының өкімет беделін түсіріп жүргендерге қарсы шығарған шешімі дұрыс болғанына шәк келтірмеген. Мәселе шешімін тапты, Дінше Ташкентте қалды. «Мен Киринпросқа оқытушы болып кірдім және Наркомпрос жанындағы қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі болдым, оған Халел Досмұхамедов, Әбубәкір Диваев және Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов те мүше сияқты еді. ...Есболов, Арабаев... біз бәріміз бірге жұмыс істедік. Жалпы, көрнекті қызметкерлер болатын». Ағарту институтында мәдениет тарихынан сабақ бере жүріп, Түркістан университетінде, орталықтан көптеген ғалымдар, оқытушы-профессор құрамы жіберіліп,  жаңаша, Орта Азия мемлекеттік университеті болып құрылған жоғары оқу орнында ғылым шамшырақтары оқыған дәрістерді тыңдауын жалғастырды. Ұзамай Киринпрос директорының орынбасары болып тағайындалды. Қазақ ағарту институты алғашқы түлектерін биылғы 1924 жылдың қаңтарында ұшырды. Қазір қасында келе жатқан Нәшір Қожамқұлов сол қатардан. Сосын орта жасқа келіп қалған Сегізбай аға Айзұнов денсаулығына байланысты белсенді жұмыс істей алмады, емделуі қажет еді, сонда Дінше оны жоқтатпай, Киринпрос директоры міндетін атқарды. Институттың қарамағындағы түрлі құрылымдар, шаруашылық саласы, институт жанындағы мектептің мәселелері, сондай-ақ жаңа оқу жылына студенттер қабылдау істерін жүргізді. Солармен бірге белгілі дәрежеде ұлттық-мемлекеттік межелеу науқанына да атсалысты.

Баяғыда, 1920 жылы, Тұрар Рысқұлов бастаған қайраткерлердің маңызды қаулыларын тікелей Владимир Лениннің өзі таптық көзқарас тұрғысынан өте зиянды деп тауып, алдына келген Рысқұловты мойындатқан да,  өзінің серіктеріне құпия түрде Түркістан өлкесін ұлттық белгілеріне қарай жіктеп, бөлшектеуді тапсырған. Сол шаруа, ақырында, өкімет билігі нығайған соң, Ленин қайтыс болғаннан кейін қолға алынған еді. 1924 жылдың алғашқы айларында, әсіресе, орталық өкілі Түркістан басшыларымен өлкеде ұлттар мемлекеттерін құру хақындағы алғашқы жиналысын өткізіп кеткеннен кейін, «Орта Азия ұлттық тұрғыдан жаңаша межелеуге түсетін болды, Хиуа, Бұхара, Түркістан халықтары жеке-жеке отау тігетін болады» деген хабар жұртшылық арасында гу-гу етті. Қазақ қайраткерлері, әсіресе Сұлтанбек Қожанов, пәлен уақыт қоян-қолтық өмір сүріп жатқан жұртты ұлттық белгілеріне қарай жіктеп-бөлшектеудің қазіргі таңда пайдалы бола қоймасын парықтап, бұл науқанға барынша жауаптылықпен қарап жүрді. Олармен түрлі дәрежеде араласып тұратын Дінше мәселеден біршама хабардар болған-ды. Содан, осы науқанның  Түркреспублика өміріне үлкен өзгеріс әкелетіні аныққа айналғанда, Қазақ Республикасының Түркістандағы өкілі Темірбек Жүргеновтің жетекшілігімен арнайы тапсырма орындады. Ташкентті қазақ халқының астанасы етуге ниет білдіріліп тұрған шақта, өзбек ағайындардың бұл шаһарға қатысты көзқарасын анықтау қажет болды. Дінше осы ретте әр өңірден келген өзбек зиялыларының пікірін сұрастырып, мәселені зерттеуге қатысты. Байырғы күрескер, ағартушы Абдолла акамен Колизейге жапсарласа салынған ресторанда көк шәй ішіп отырып  әңгімелескенінде, өзбек зиялыларының ұлттық мұқтаждықты тереңнен ұғатын ересек ұрпағы Ташкенттің қазақ қандастарға берілуіне қарсы еместігін түсінді. Бұндай әрекетке мүлдем қарсылар да кездесті. Бірақ олардың ішінде де қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан көшпенді жұрттың мұң-мұқтажын байыппен пайымдайтындар аз да болса бар-тын. Себебі олар бір кездері қазақ хандары басқарып тұрған шаһардың бүгінгі қазақтарға тым ыстық екенін, өйткені қазіргі жағдайда, қаланы айнала  қоныстанған, тіпті күллі өлкені жайлаған көшпенді қазақтың рухани кемелденуіне Ташкенттің өлшеусіз зор қызмет көрсететін рөлін айқын түсінетін.

Дінше естіп-біліп жүрді: биліктің бар сатысында қызу жүріп, жанартауша бір өршіп, бір басылып тұрған дау-дамай мен айтыс, пікірталас барысында қаншама келтірген дәйектеріне қарамастан, қазақ қайраткерлері бұл мәселеде жеңіске жете алмады. Дауласу үдерісі созылып, ақыры, Ресей Компартиясы Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы құрған Аумақтық комиссиядағы (Территориялық комиссиядағы, Теркомдағы) қызу айтыс-тартыс төрелігін айту орталық құзырына берілді. Мәселені Мәскеудің жазда қарайтыны аныққа шықты. Сонда кеткен делегация мүшелері межелеу барысын талқылаған көсемдердің алдында өз көзқарастарын дәлелдеп бақса керек. Средазбюро мүшесі Сұлтанбек Қожанов Ташкент қаласы қазақ орталығы болуға тиіс деп өз ойын қорғады. Бірақ ол партияның ұлттарды дамыту хақындағы саясатын, пролетариат көсемінің ірі қала экономикалық тұрғыдан өзіне тартылып тұрған өңір халқына тиесілі болады деген ойын сенімді түрде алға тартса да, оның жан-жақты дәлелдеген, дамудың жаңа жолына түскен күллі қазақ халқының мүддесін көздеген пікірі, бәрібір,  қабылданбады. Партияның ұлт саясатын арқа тұтып айтысқанмен, сол партиялық орталық онысына кереғар шешім шығарғанда, еріксіз көнді. Шаһар өзбекке қарайтын болды. Бұл хабардың Дінше інісін қынжылтқанын көріп, Сұлтанбек қазақ мүддесі үшін күрестің әлі сан қыры бар екенін, мойымау қажеттігін айтты,  күрес алда, ешқандай да тоқтап-тоқырау деген болмауға тиіс деп мәлімдеді. Қызу қанды Дінше лапылдап асығыс пікір сездіріп қойып жүргенмен, ағасының саяси ұстанымы мен шығармашылығы дұрыс жолға бастайтынына сенді.

Шынында да, Сұлтанбек халқының шын теңдікке жету жолын тереңнен қозғады. Орта Азияда шаңырақ көтеретін Қазақ, Өзбек, Түркмен, Қырғыз, Тәжік республикаларын біріктіріп Ортаазиялық Федерация құру идеясын көтерді.  Орта Азия Федерациясы ретінде советтік одақтың құрылтайшылары қатарына қосылудың дұрыс болмағын дәлелдеп, сол ойына өлкедегі саяси элитаны көндіруге тырысты. Бірақ бұған Средазбюро көсемдері мен ағзаларының, Терком құрамында мәселені мүддегерлікпен талқыласып жүрген түркі әріптестерінің  көпшілігі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қарсы шықты. Среднеазиатская Федерация? Оның керегі не? Өзбек Республикасы бірден-ақ Республикалар Одағын құрушылар қатарына қосыла алады! Түрікмен   Республикасы да солай. Ал Қазақ Республикасы Орта Азиядағы бірлестіктер қатарындап болмайды. Неге? Негесі қалай,  жері көп екен, халқы көп екен деп, Түркреспубликадағы екі қазақ облысынан республика құра қалсақ, Орынборды қайда қоямыз? Қазақта екі республика болмақ па? Болса неменесі бар, татарда екеу емес пе?!. Жоқ, болмайды. Қазақ жерлері Орынборда құрылған республика құрамына қосылса, сол да жарайды...

Орталық Комитеттің Орта Азия бюросы басшылары тезірек дербес отау құрғанша асығулы топтар жағына шыққан: Ходжанов жолдас жіктеп-межелеудің ұлттарды, нақты айтқанда көшпенді өмір салтын ұстанатын қазақтарды дамытуға кері әсер етеді деген пайымын бекерге алға тарта береді. Республикалардың дербес отау тігуі үшін жіктеліп, межеленуін – құдды организмді жанды жерлерінен бөлшектеп-кесуге парапар шара дейді ол.  Дұрыс емес онысы, көпшілік пікіріне құлақ ассын!.. Бірақ ондай ескертпеге Қожанов тоқтамайды: Среднеазиатская Федерация құру арқылы экономикасы бір жақты, әлжуаз қазақты, қырғызды, тәжікті жан-жақты жағдайластырып,  өзбек жағдайына жеткізетіндей дәрежеде қолдап, көтеріп алуға болар еді, содан соң, яғни дербес өмір сүруге қажет мемлекеттілік белгілерін қалыптастырып алғаннан соң, әрқайсысын тәуелсіз республика деңгейіне шығарып,  советтік республикалар одағының тең дәрежелі құрылтайшылары қатарына қосу орынды да дұрыс болар еді. Өзбек, шындап келгенде, қазірдің өзінде дербес, өзіндік экономикасы дамыған жұрт. Бұл ретте ол көшпенді көршісіне тәуелсіз, иә-иә, межеленбей-ақ, тығыз араласып отырғанның өзінде, ол қазаққа онсыз да тәуелсіз. Керісінше, оның отырықшы экономикасына көшпенді қазақ тәуелді. Сондықтан да өзбек ағайынның тезірек, коңсы отырған қандастарына қарайласпай, тек өзінің шапшаң, мүлдем дербестенуге асығуы – артық және залалды. Егер бәрі экономикалық одақ құрып, тым болмаса шаруашылық байланыстар тұрғысынан ірге ажыратпаса, онда Ташкент Орта Азия мемлекеттік бірліктерінің орталығы болып қала берер еді.

Сұлтанбек осылай пайымдады. Оның бұл пайымдары Діншеге бекем де дәйекті көрінетін. Дегенмен оның пікірталастар мен оларды қорытулар барысында ойын лажсыздықтан өзгерткеніне куә болды. Дұрысында, Орта Азия Федерациясы мен Экономикалық кеңес құру хақындағы ұсыныстарының өтпегенін ағасының өз аузынан естіген, соны естігенде Дінше өзінің ғана емес, қазақтың да Ташкентпен қоштасатынын түйсінген. Енді, міне, бүгін соған жол ашатын жәйт ресми жария болады...

***

Олар ақырын аяңдап бара жатқан Киринпрос директоры Сегізбай Айзұновқа жетті. Онымен Дінше алғаш педучилищеге келгенінде танысқан еді, сосын Сегізбай аға бірер жыл Шымкентте ашылған педучилищені басқарды, оның жұмысын жолға қойды да, Иса Тоқтыбаев наркомпросқа ауысқаннан кейін былтыр ғана қайта оралып, директор болған. Тәжірибелі ұстазбен қызметтес болу сондай бір ғанибет еді... Үшеуі сәлемдесіп, біраз уақыт әңгімелесіп тұрды. Сосын бәрі Колизейге беттеді.

Колизейдің алды толы адамдар. Кіреберісінен  автомобиль жылжып кетіп бара жатты. Біреулер балконда тізіліп, төменге қарап тұр. Балконның алдыңғы жақтауының төменгі жағындағы кіреберіс маңдайшасына ірі жазуы бар ақ мата ілінген. Осы күзге қарай Орта Азияда шаңырақ көтерген Советтік республикалар жыл басында дүние салған пролетариат көсемі  Ленинге еліміздің Күншығысында қойылған аса ұлық ескерткіш екені айтылған балконның сол жақ қырындағы ұранға жалғастырылып жазылған жарнама. Алқызыл әріптермен: «Внеочередняя сессия Центрального Исполнительного Комитета Советов Т.С.С.Р.» делінген жазу көзге ұрады. Ақ матаға ірі етіп жазылған бүгінгі жиынның атауы. Ташкенттің бас қоғамдық ғимаратында Түркістан Советтік Социалистік Республикасы Кеңестерінің, яғни ТүрЦИК-тің Орталық Атқару Комитетінің Төтенше сессиясы өтетін жер екенінен хабардар етіп тұр.

Дінше қасындағы Сегізбай ағасы мен інісі Нәшірге бір, кіреберіс маңдайшасындағы салтанатты жазу сөздеріне бір қарады.  Түркреспубликаның алты жылдық тағдырына нүкте қоятын Төтенше сессия. Қызық, тап осы ғимаратта, Колизейде, 1918 жылдың көктемінде, өлке Советтерінің бесінші съезінде  Советтік Түркістан Автономиясы жарияланған еді. Бірақ Түркістан Республикасы өкімет органдарының құрамына сайланғандар негізінен еуропалықтар болған. Автономияның Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесіне бірлі-жарым ғана жергілікті ұлт өкілдері кіргізілген. 1-ші мамыр Түркістан автономиясының бүкілхалықтық мерекесі тойланатын күн ретінде белгіленген еді. Тап сол күні, содан екі айдай бұрын большевиктер құлатқан жұмхұрият басшысы Мұстафа Шоқайұлы бет-аузын таңған жаралы солдат кейпіне еніп, медбике тәріздене киінген жұбайының қамқорлығы арқасында пойызға мінген де, өлкемен біржола қоштасып, Ташкенттен аттанып бара жатқан-ды. Содан көп ұзатпай республика үкіметі Колизейді национализациялап, мемлекет меншігіне алған да, өлкені мекендейтін ұлттар өнерлерінің көпшілік назарына тартылуына кең жол ашқан.  Содан кейін сол жаңа өкіметтің әскери комиссары боп сайланған біреу бүлік шығарып, республика басшыларының он шақтысын қамалға шақырып алып, қырып салыпты. Бірақ көпшіліктен қолдау аппай, өзіне сенімді әскермен, банктегі барлық алтын қорын, қаржыны көліктерге тиеп алып, қаладан қашуға мәжбүр болған көрінеді. Бұл 1919 жылдың басында болған еді. Дінше сол жылдың жазында Ташкентке келген шақта ұлттық кадрлар ес жиып, Тұрардың ұйымдастыруымен ел басқару органдарында көбейе бастаған. Енді, міне, тап осы сәтте, Түркреспубликаның билігі жергілікті ұлттардан шыққан  басшылардың қолына бекем тиген  уақытта, әр ұлыстың өз алдына отау тігу ұраны көтерілді де, мына жарнама көрсетіп тұрған жиында пәлен айға созылған талқылауларды қорытатын сәт те жетті...

Дінше өзінің Сұлтанбек сынды аға-досының Төтенше сессиядағы сөзін тыңдай келе, алабұртқан сезімінен біршама жайбарақат қалыпқа түскендей сезінді. Мәселе мынада еді. Ол Сұлтанбектің республика басшыларының бірі ретіндегі қызметін, жіктеп-межелеу науқаны кезіндегі күресін біршама тәуір білетін. Атқарған істеріне риза болып жүрсе де, соншама жаужүрек күрескерлігіне қарамастан, осынау қайраткер ағасы ұдайы жеңіліс тауып жүр деп есептейтін.

Шынында да, тарихи қалыптасқан жағдайды бағамдай келе, Сұлтанбек жоғарғы жақтың бастамасын – өлкені жұрттың ұлттық белгілеріне қарай жіктеп, біртұтас организмді кескілегендей тәсілмен араларына шекара түсіруді ә дегенде қоштамаған. Оған өзіндік дәлелдер келтірген. Халықтардың даму деңгейін теңестіріп алғанша бір мемлекеттік бірлікте – Орта Азия Федерациясында болуды ұсынған. Қабыл алынбады. Барша қайраткер, дұрысында көпшілігі, өлкедегі ұлыстардың дербес мемлекет құруын қалады. Сонда ол өлке халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстарын үзбей дамыту үшін, барлық республикалардың ортақ экономикалық кеңесін құруды ұсынды. Бұған қарсылық болған жоқ, қарсылық – сол кеңеске Қазақстанды қосуға байланысты шықты. Қарсы болғандардың ойынша – Қазақстанды Орта Азия республикаларының экономикалық кеңесіне кіргізу дегеніңіз – «ортаазиялық өсекті сонау Сібірге дейін тасымалдау» дегенмен бірдей екен...

Мұның бәріне қосымша, Діншенің осы батыл да батыр күрескер ағасы мен өзге де ұлтын сүйген қазақ қайраткерлерінің Ташкентті қазақ бірлігінің орталығы ету, тіпті болмаса, шаңырақ көтеріп жатқан барлық ұлттық-мемлекеттік бірлестіктердің ортақ экономикалық тыныс-тіршіліктерін үйлестіріп отыратын орталық ретінде сақтау идеясы да кері қағылды. Діншенің риза болатыны – Сұлтанбек бәрібір еңсесін түсірмеді. Тәжіктердің дербес мемлекеттік бірлігі болуы керектігін тәжік ағайындардың өздерінен артық жақтап, тиісті шешім шығартқанша тыным таппады. Қарақалпақ ағайындардың өмір салты, тілі қазаққа өзгелерден жақын болғандықтан да, олардың құрылмақ ұлттық облыстарының Қазақстан құрамына алынуына қамқор болды. Жетекшілерін ертіп, тиісті баяндамамен Орынборға барды.

Ақыры, Орта Азиядағы Түркістан, Бұхара, Хорезм советтік республикалары ұлттық белгілері бойынша қайта жіктеліп, Өзбек, Түрікмен республикалары, Тәжік, Қырғыз, Қарақалпақ автономиялық облыстары болып ұлттық-мемлекеттік бірліктерге бөлінді. Ал  олардың қай-қайсысынан да жер-суы мен халқының саны әлдеқайда көп екі қазақ облысына тек терістіктегі Қазақ автономиялық республикасына қосылуға пұрсат берілді. Сонда Сұлтанбек оның да пайдалы болуға тиіс тұстарына назар аударды. Жер-суы мен халқы қарақалпақпен қоса біріккен Үлкен Қазақстанның енді Ұлттық Республика  болатынына сенді. Ол сессияда осылай деп мәлім еткенде, Діншенің жүрегі тулап, қаны қызды. Сегізбай Айзұнұлы ағасына Ташкенттегі Киринпрос туын жықпай, желбірете беруді, күні кеше шәкірті болған Нәшір Қожамқұлұлы інісіне биыл түскен САГУ атты білім ордасын ойдағыдай аяқтауын тілеп,  өзінің Ташкенттен анық кететінін, жаңа жағдайдағы қазақ елінде еңбек еткісі келетінін мәлімдеді.

Тарихтан ығыстырылып жатқан Советтік Түркістан мемлекеті басшыларының бірі болған Сұлтанбектің үйінде оның жары Гүләндәмнің қолынан сүт қатқан қою шәй іше отырып, Дінше оның болашақ жайындағы ойларын ықыластана тыңдады. Сұлтанбек Қазақ Ұлттық Республикасының одақтық тәж киетініне шәк келтірмеген. Алайда бұл әлі талай күреске толы тар жол, тайғақ кешуден өтуді талап ететін үміт еді. Мұны түсінетінін де бүкпеді. Дінше Сұлтанбек ағасына жемісті жұмыс, табыс тіледі. Өзінің де Ташкентпен қоштасқысы келетінін айтты. Сонда, шындап келгенде, оны Сұлтанбектен гөрі келіншегі Гүләндәм жақсы түсінген-тін. Гүләндәм – тамаша жеңге, жақсы құрбы. Ана жылы Шығыс кештерін ұйымдастыруда Діншеге жақсы көмектескен. Негізінен Гүләндәм мен оның әпкесі Ләтипаға арқа сүйеп, күллі жауапты қызметтердегі қазақ азаматтарының келіншектерімен және оқушы қыздармен бірге жемісті іс атқарған болатын. Гүләндәм бұған, әсіресе Ферғана аймағынан ауырып оралып, ауруханада жатқанында, мұқият қарады, артынан жиі-жиі ет-сорпа пісіріп әкеліп, ұдайы қамқорлық көрсеткен еді.  Сол ғана Діншенің елге баруға Түркістан Республикасы тарамаса да аңсары ауып жүргенін ұққан. Нәзік әйел жүрегімен түсінген: онда жігіт жүрегін жаулаған Әзиза есімді тамаша бойжеткен бар еді...

Түркістан Советтік Федеративтік Республикасының биыл жүргізілген ұлттық-мемлекеттік межелеуге байланысты тарқатылуын қарастырған осы тарихи күннен бір айдай уақыт өткен соң, Төтенше сессия шешімін Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК-тің) 2-ші сессиясы талқылап, өлкені жеке автономиялы бірліктерге бөлу туралы шешім қабылдады. Араға тағы бір жарты айдай мерзім салып, ВЦИК оны бекітті. Сөйтіп, заң күші бар сол шешімге сәйкес, Орта Азиядағы советтік негізде түтін түтетіп тұрған Түркістан, Бұқара, Хорезм республикаларының аумағында Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы, Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасы құрылып, бірден Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрылтайшылары қатарына қосылды. Тәжік автономиялық облысы Өзбек КСР  құрамына кірді. Қарақалпақ автономиялық облысы мен Түркістандағы қазақтар мекендеген аумақтар, Сырдария және Жетісу облыстары 1920 жылы Орынборда Россия Федерациясы құрамында шаңырақ көтерген Қазақ Автономиялы Республикасына бірікті. Сұлтанбек Қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымымен Орынборға жіберілді. Тағдыр оны біраз жылдан кейін қайтадан Ташкентке алып келеді, бірақ әзірге – қош, Ташкент! Орынборда оған қазақ халқын Колизейде өткен Төтенше сессия мінберінен мәлімдегеніндей ахуалға жеткізуді көздейтін талай жұмыс жүргізуіне тура келеді. Толассыз шайқас. Тыныштық жағдай оған түсіне ғана кірер, егер кірсе... Ол қазақ облыстарының межеленіп, Қазреспубликаға қосылуын жаңа сапаға көтерілудің алғашқы баспалдағына балады, біз енді Ұлттық Республика құрамыз деді. Соны жүзеге асыруы керек...

Дінше де жаңа өмірді жаңаша бастауға тиіс. Сүйіктісімен қосылып, бәлкім, кеңейген республиканың бір тетігіне жегілер. Ол Ташкентте қалатын Киринпроспен қоштасты, оның Қазақстанға қарай беретінін, бірер жылда алдымен педагогикалық жоғары оқу орны (педжоо, певвуз) аталып, оны әуелі Темірбек Жүргенов, одан Смағұл Садуақасов басқаратынын, сосын үкімет шешімімен қазақтың жаңа астанасы Алматыға біржолата қоныс аударып, университет болатынын, әрине, ол тұста болжай алған жоқ. Бірақ өз өмірімен тығыз байланысты Ташкенттегі осы алғашқы қазақ оқу орыны оған өз үйіндей боп кеткен еді. Бес жыл ғұмыры сонымен бірге өрілгендіктен де, патша заманындағы гимназия үйінде істейтін орыс педучилищесі жанынан 1918 жылы ашылған Қазақ бөлімшесі, одан оның өз алдына училище, сосын Қазақ ағарту институты (Киринпрос) аталған осы екі қабатты ғимарат әрдайым көзіне ыстық көрінетін.  Қабырғасында  оқытушылықтан директордың орынбасарына дейін өскен, директоры да болып істеген  өмір жолы ешқашан ұмытылмайды. Керемет бір ішкі жылылық бар, бірақ қоштасуға тура келеді.

Оның институтпен біржола қоштасуы Түркреспубликаның тарқатылуына, тиісінше тағдырлы Ташкентпен де қоштасуына  сайма-сай келді. Қош, Тәшкен...

Суреттерде:

  1. Ташкенттегі Қазақ ағарту институты директорының орынбасары Д. Әділұлы. Ташкент, 1924 ж.;         
  2. Колизей. Ташкент, 1924 ж.;
  3. Қазақ ағарту институтының (Киринпрос) ғимараты. Ташкент, 1924 ж.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437