Салтан Сәкен. Неге біз Мұқағалиды кино саласында дәріптей алмай келеміз?
Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ (Мұқағали бейнесінде)
Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ (Мұқағали бейнесінде)
Абай «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» десе, данышпандарымыз «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Осы сөздерді Мұқағали Мақатаевқа қаратып айтсақ, артық айтқандығымыз емес. Оның артында өлмес сөз қалдырған, өшпес іс қалдырған ақын екеніне дау айтатын адамды осы уақытқа дейін кездестірмеппіз. Бүгінде ақын сөзі «жапырақ жүрек жас қайыңның» сыбдырындай әр жерден еседі. Қайын жұртқа қандай сүйкімді болса, ақынның өзі де, сөзі де халыққа сондай сүйікті болды. Алайда бүгінде көпшілік ескермей жүрген бір мәселе өзекті өртеп бара жатқаны - шындық. Ол - ақын бейнесін кинода, театрда, өзге де бейне өнерінде қалыптастыру және сақтап қалу.
Бүгінде Мұқағалидың бейнесіне қылқалам тартып жүрген суретшілеріміз аз емес. Оның ішінде шығармашылығының басым көпшілігін Мұқағали тақырыбына арнаған суретші Алмас Сырғабаевты да атап кетуге болады. Суретші былтыр Мұқағали Мақатаев рухына арнаған «Қарлығашым, келдің бе?» атты поэтикалық сурет көрмесін өткізген болатын. Күні кеше ғана ақынның 80 жылдық мерейтойына орай Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Суретшілер одағының ықпалымен құрылған «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы көркемсурет көрмесін ұйымдастырды. Бұл шаралардың бәрі - ақын бейнесін бейнелеу өнерінде сақтауға қосылған үлес.
Енді театрға келсек. Мұқағали тұлғасының алғаш рет сахнада сомдалуына ақын Серік Тұрғынбекұлының сіңірген еңбегі зор. Осыдан сегіз жыл бұрын Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Музыкалық драма театрында Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасы көрерменге жол тартты. Бұл пьеса әлі күнге дейін театр маусымындағы репертуарлар тізімінен түскен емес. Кассалы қойылымдардың да алдыңғы қатарындағы драма. Және кез келген аудиторияның көзайымына айналған спектакль болды. Бәрінен де қызығы, Мұқағалидың рөлін сомдаған Қалибек Қуанышбаев атындағы Музыкалық драма театрының әртісі Жанқалдыбек Төленбаевтың ақыннан аумайтындығы ақын тіріліп, алдыңа келгендей сезім қалдырады екен. Серік Тұрғынбеков те әртістің түр-сипатынан Мұқағали тұлғасының бір ұшқынын байқап: «Мен Мұқағали рөлін Жанқалдыбек Төленбаевқа арнап жаздым», - дейді. Міне, шымылдығын ашып берген Серік Тұрғынбековтің «Мұқағалиынан» кейін бүгінде бірнеше драма дүниеге келді.
Кино. Кино өнерінде Мұқағалиды көру әзірге мұң болып тұр. Өкінішке қарай, елімізде ақынға арнап көркем фильм түсірілген емес. Жалпы, біз бұл мәселеде әлі күнге дейін ақсап келе жатқанымыз жасырын емес. Кино - тұлғаны тарихта тайға таңба басқандай анық қалдыратын өнер. Келер ұрпаққа қалдыратын мұраның таптырмас тәсілі. Бұл тәсілді Ресей жақсы жолға қойған. Жақында Пушкинге қатысты киноспектакльді қойды, фильм де түсірілді. Сондай-ақ орыс көршілеріміз Сергей Есенинге, Федор Достоевскийге, Лев Толстойға, Михаил Лермонтовқа арнап көркем фильм түсірді. Тізе берсең, табыла береді. Ал бізде саусақпен санарлық қана: Абай, Жамбыл, Шоқан... Басқасын есімізге түсіре алмадық. Құдайға шүкір, Мұқағалиға деректі фильм түсіріліп жатыр. Ал көркем фильмнің ауылы алыс тәрізді. Осы жерде «неге біз бұл тұрғыдан Ресейден үлгі алмағанбыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде тұлға тақырыбында түсірілген фильмдер өзін ақтамайды деп, оған шығындалғымыз келмей ме? Неге біз тұлғаларымызды, оның ішінде Мұқағалиды кино саласында дәріптей алмай келеміз?
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, «Мұқағали» драмасының авторы, ақын:
- Қалибек Қуанышбаев атындағы Музыкалық драма театрында жұмыс істеп жүргенімде белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз: «Ақыннан жаман драматург шықпайды. Ақын болғаныңмен, жаза да аласың. Сондықтан да «Мұқағали» драмасын сен жазасың. Ақынның жанын ақын ғана түсінеді», - деп ұсыныс жасады. Драма осылайша дүниеге келді. «Мұқағали» драмасының сәтті шығуына менің драматургтік шеберлігім емес, ақынның өзінің болмысы мен өлеңдері себеп болды. Менің драмамнан кейін де бірнеше шығарма өмірге келді. Олар еліміздің әр аймағында қойылып жатыр. Әркім Мұқағалиды әр қырынан көрсетіп, әртүрлі шешім шығаруда. Ол театр өнерінде дұрыс та шығар, бірақ кино өнеріне байқап қадам басу керек. Біздің жазып жатқан драмаларымыздың кейіпкер болып сахнада көрініп жатуын киноға апара жатқан баспалдақ деп түсіну қажет.
Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ, Мұқағали рөлін сомдаушы актер:
- «Мұқағали» спектаклі көрермен талғамайды. Барлық аудиторияға арналған, барлығы сүйсініп көретін қойылым. Өзім Мұқағали рөлін сомдағанда залдан шыбынның ызыңын естімеймін. Жұрт ыждағаттылықпен тыңдайды. Енді, міне, «Қазақфильм» мен «Құн» студиясы бірігіп, ақынның Дінмұхамед Қонаевқа жазған хаты туралы «Мұқағалидың шындығы» деген деректі фильм түсіріп жатыр. Мені соған шақырды. Алматыға барып, 55 минуттық фильмге түсіп келдім. Бұл бастауы ма деп ойлаймын. Осы деректі фильмнен кейін Мұқағалиға деген жүректерінде сезімі бар, көкірегі ояу, көзі ашық режиссерлер Мұқағали фильмін қолға алатын шығар.
Автор: Салтан Сәкен
http://alashainasy.kz/tul/26120/