Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ. Құнанбайдың ұлы Халиолла
Сайын далада туып өсіп, қырандай қалықтап Шыңғыстаудан шырқап ұшып, берісі Семей, әрісі Омбы, Мәскеуден оқып арнайы әскери білім алып, қысқа да, бірақ саналы ғұмыр кешіп, айналасына өнегелі істің шуағын шашқан, ұлы Абайдың талантты інісі Халиолла Өскенбаев туралы не білеміз?
Біріншіден, Халиолла Құнанбайдың үшінші әйелі, «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылғандай, сұлу да жас тоқалы Айғыздан туған. Халиолланы ағайын туысы - Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде Халиулла Ускенбаев деп кездеседі.
Халиолла жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Сондықтан да, Ғабитхан молданың Омбыда оқып жатқан Халиоллаға жолдаған 1866 жылғы 4 ақпандағы хатында «Ұстазың Ғабитхан» деп жазуы тегін емес. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашқаны туралы да деректер бар.
Халиолланың бұдан былайғы білім іздеп, оқу оқыған қызықты тағдыры Шыңғыстаудан тым жырақтағы Омбы, Мәскеу қалаларында өтеді. Оның алыстағы ауылдан ормандай орыстың Сібірдегі бас қаласы - Омбыға оқуға баруының да себебі жоқ емес.
Сайын далада туып өсіп, қырандай қалықтап Шыңғыстаудан шырқап ұшып, берісі Семей, әрісі Омбы, Мәскеуден оқып арнайы әскери білім алып, қысқа да, бірақ саналы ғұмыр кешіп, айналасына өнегелі істің шуағын шашқан, ұлы Абайдың талантты інісі Халиолла Өскенбаев туралы не білеміз?
Біріншіден, Халиолла Құнанбайдың үшінші әйелі, «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылғандай, сұлу да жас тоқалы Айғыздан туған. Халиолланы ағайын туысы - Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде Халиулла Ускенбаев деп кездеседі.
Халиолла жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Сондықтан да, Ғабитхан молданың Омбыда оқып жатқан Халиоллаға жолдаған 1866 жылғы 4 ақпандағы хатында «Ұстазың Ғабитхан» деп жазуы тегін емес. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашқаны туралы да деректер бар.
Халиолланың бұдан былайғы білім іздеп, оқу оқыған қызықты тағдыры Шыңғыстаудан тым жырақтағы Омбы, Мәскеу қалаларында өтеді. Оның алыстағы ауылдан ормандай орыстың Сібірдегі бас қаласы - Омбыға оқуға баруының да себебі жоқ емес.
Ол заманда Омбы кадет корпусы - Сібір мен ұланғайыр қазақ даласындағы бірден бір беделді әскери оқу орындарының бірі болған. Оқуға тек орысқа адал, оған бағынған қазақтың төре тұқымы мен сұлтандарының балалары ғана қабылданған. Кадет корпусында әскери біліммен қатар, жаратылыстану, әдебиет, тарих, орыс тілі пәндері тереңірек оқытылған. Бұл әйгілі Шоқан Уәлиханов пен оның інілері оқыған тарихи оқу орны.
Осы арада Халиолланың бұл оқу орнына Шоқаннан 12-13 жыл кейін түсіп, оқығанын айта кетейік. Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын шығарып, өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы қызықты деректер келтіреді. Кәкітай Құнанбай атасын сипаттай келіп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетскии корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелерискии школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» деп қысқа болса да нақты айтып, жазып кеткен.
Кәкітай келтірген осы деректерден Халиолланың алғашқыда Омбыда кадет корпусында оқу бітіріп, Мәскеуге ауысқаны, оқуын жақсы аяқтап, корнет шенін алып, қызмет істегені белгілі болып отыр.
Ал, Халиолла жайлы құнды деректер Тобықты ішінде, Ырғызбай ортасында асылдардың соңғы тұяғындай болған ұлы Абайға адалдық танытқан Әрхам Ысқақовтың әйгілі «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде тіпті мол кездеседі.
Кезінде М.Әуезов, Е.Исмайлов, Қ.Мұхаметханов, С.Мұқанов, Ү.Субханбердина сынды Абайтанушылар Әрхам ақсақалдың осы еңбегіне жоғары баға берген. Абай ортасын өз көзімен көріп, жан түйсігімен түсінген Әрхам ақсақал Халиолла жайлы керемет жақсы пікірлер жазып қалдырған.
Мәселен, Әрхам осы естелігінде: «Елдің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал ақ көңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін, тұйық болады дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» деп Халиолланың оқуы туралы таңдауды Абайдың өзі жасағанын байқатады. («Ұлы Абайға адалдық» естелік кітабы). Осы естелікте Халиолланың Омбыға барып оқуын құптаған Құнанбайдың өзі болса, Абай әке ұсынысын барынша қолдап, Халиоллаға көмек қолын созғандығы жақсы баяндалған.
Осы естелікте айтылғандай, Абай Халиолланы атасы Өскенбайдың атына жаздырып, куәлік қағаз алдырып, оқуына қаражат жинайды. Тіпті оны Омбыға оқуға апарып орналастырмақ ниеті де болған көрінеді. Алайда, ел ішінде тығыз жұмыс шығып, Халиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан молдаға тапсырылады.
Халиолланың Омбы кадет корпусындағы оқып жүрген кезеңінен хабар беретін біраз деректер іздеген жанға табылады. Мәселен, Шоқанның өмірі мен қызметін зерттеп, архив деректеріне сүйене отырып, тамаша ғұмырнамалық шығарма жазған зерттеуші Ж.Бейсенбаев «Жасын тағдыр жарқылы» атты кітабында: «1867 жылы кадет корпусы әскери гимназияға айналған шақта, оны 1 разрядпен бітірушілер ішінен Абайдың інісі Халиолла Өскенбаевты көреміз. Ол оқуын жалғастыруға Петербургтегі үшінші Александр әскери училищесіне жіберілді» деп Халиолла өмірінен бір үзік дерек келтіреді. Бірақ, Халиолла Петербургте емес, Мәскеуде оқуын жалғастырды деген сөз шындыққа жақын келеді. Осы дерекке сүйенсек және С.Мұқановтың жазбаларында айтылғандай, ол кезде кадет корпусына оқуға 10-12 жастан қабылданатынын, оқудың 7 жылға созылатынын ескерсек, біраз жәйттердің беті ашылады. Басым деректерде Халиолла 1848 жылы туған деп жазылып жүрсе, 11-12 жасында кадет корпусына оқуға қабылданса, бұл 1859-1860 жылдарға дәл келеді. Одан Халиолланың кадет корпусында 7 жыл оқып, 1867 жылы бітіріп, 1867-1868 жылдары Мәскеуде оқығанын есептеп шығару қиын емес.
Халиолла оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарып, 1870 жылы ауырып, дүниеден өтті деген деректер жазылып жүр. Сонда Халиолла аққан жұлдыздай ағып түсіп, бар жоғы 22 жыл ғұмыр кешкен болып шығады. Осы орайда, Халиолланың туған жылы да дәл көрсетілмей жүр. Алайда, көптеген зерттеушілердің, әдебиетшілердің жазбаларына қарасаң, 1848-1849 жылдарды көбірек келтіреді. Мәселен: Әрхам Ысқақовтың жоғарыда айтқан «Абайдың өмір жолы» атты көлемді естелігінде: «Сөйтіп, (Құнанбайды айтады) Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады. Бері келгенде балалары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құнанбай оның атын тағы пайғамбар атымен Халиолла қояды» - деп жазады.
Абай айналасын, Құнанбай ұрпақтарының өмір деректерін жақсы білетін Әрхам ақсақалдың Халиолланың туған жылын шатастыруы мүмкін емес. Ал шежіре жинаушы, ағарту, мәдениет қызметкері, жерлесіміз М.Жанболатовтың «Тобықты - Шыңғыстау» шежіресінде Халиолла Өскенбаев 1849 жылы туып, 1870 жылы қайтыс болған деген дерек келтірілген.
Академик, жазушы С.Мұқановтың ертеректе жазылған «Жарқын жұлдыздар» кітабында Халиолланы Абайдан екі жас үлкен деп жазуы сияқты кереғар түсініктер де бар.
Халиолла 1870 жылы қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді. Ол тұста Құнанбай 64-те, Абай 25-те. Ал, Құнанбайдың 1866 жылы 82 жасында өмірден өткені белгілі.
Халиолланың орыс оқуын терең меңгергенін тағы да Әрхамның жоғарыдағы естелігінен оқуға әбден болады. «Осы демалысқа келерде Халиолла Абайдың оқуына орысша көп кітап алып келіпті. Ойын-сауықтан бос уақытында әдейі оқытып, ұғынбаған жерін үйретіп, ұстаздық етеді. Өткен үш жылдың ішінде өзінің білгенін түгел айтып, жол жобасын түгелдей көрсетеді. Әсіресе, Абайға қиын соғатыны тіл үйрену жағы. Орысша кітап оқығанда сөзін түсіну қиын болғандықтан, Халиолла сол жағына көңілін көп аударады. Орыс тілін қазақша аударып, жазып беріп, сөздік құрап, сөйлемін ұқтырады» - деп Әрхам ақсақалдың жазуына қарағанда Абайдың Семейдегі орысша оқуы олқы соғып, оған орыс тілін, әдебиетін оқып үйретуде Халиолланың жақсы ұстаз болғанын аңғару қиын емес.
Тіпті, мынаған назар аударыңыз, Халиолла қайтыс болғанда оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті. Тағы да, сол Әрхам естелігіне жүгінсек, Халиолла жерленген соң, оның дүниесін таратқанда, Абай еш ойланбастан кітаптар мен қолжазбаларға толы сандықты қалап алыпты.
Халиолла тек орысша оқып, әскери шен алумен шектелмей, өз заманының озық ойлы ұланы Шоқан сияқты, қазақтың фольклор мұрасын жинаған, оны орыс жұртшылығына аударып таныстырған, әрі өзі де орыс ақын-жазушыларын көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған екен.
Халиолла Омбы мен Мәскеуде оқыған жылдары орыстың шығыстанушылары И.Н.Березин, Н.Ф.Костылецкий және әйгілі Шоқанның досы Г.Н.Потанинмен тығыз байланыста болған екен. Бұл туралы Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ү.Субханбердина сынды әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар әр жылдардағы зерттеу еңбектерінде айтып өтеді. Мәселен, фольклортанушы Ү.Субханбердина өзінің «Дала уалаяты газеті» (1990 жыл. Алматы. «Ғылым» баспасы) атты екі томдық кітабының кіріспе бөлімінде: «Г.Н.Потаниннің айтуынша, орыс классиктерінің шығармаларын алғаш аударушылардың бірі Абай Құнанбаевтың інісі Халиолла Өскенбаев болды. Ол 1863-1870 жылдары Омбы кадет корпусында оқиды, одан соң Семей маңындағы ауылда өмір сүрді. Ол халықтың ауыз әдебиет үлгілерін жазып жинаған. Оның ішінде «Еңлік-Кебек» әңгімесі, «Жиренше шешен» аңызы мен Тургенев, Лермонтов, Толстой және басқалардың өлеңдерін, әңгімелерін аударған. Х.Өскенбаев жинаған бұл материалдар белгілі шығыстанушы ғалым И.Н.Березиннің архивінде сақтаулы» - деп жазады.
Айтпақшы, Халиолла жинаған «Еңлік-Кебек» әңгімесі мен «Жиренше шешен» аңызы «Дала уалаяты газетінің» 1892 жылғы №29 санында жарық көрген. Алайда, бұл жылдары Халиолла өмірден озған екен. Шығарманы ұсынған И.Н.Березин мен Н.Ф.Костылецкийдің біреуі болуы мүмкін.
Қазақтың даңқты ұлы Шоқан Уәлиханов кадет корпусында оқыған тұста оған шығыстанушы, түркі тілдерін зерттеуші, әдебиетші Н.Ф.Костылецкийдің ерекше ықпалы болғандығы архив деректерінде бар. Мәселен, Әлкей Марғұланның «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты әйгілі очеркінде мынадай жолдар бар: «Архив мәліметтеріне қарағанда, Н.Ф.Костылецкий өзінің шәкірттеріне қазақ фольклорын жинау және қазақтың халық ойындарын жазып алу жөнінде нұсқау беріп отырған. Н.Ф.Костылецкийдің атына жолдаған хаттар мен қазақ фольклорының жазбалары бүгінге дейін сақталып келген. Мұндай жазбаларды оған Шоқан Уәлихановтан кейін Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев, атақты Мұстафа Бүркітбаев, Садуақас Анаев, Ханғожин және басқалары жіберіп отырған». (Ш.Уәлиханов, «Таңдамалы шығармалар жинағы», «Жазушы» баспасы, 1980 жыл).
Міне, осы үзіндінің өзінен-ақ кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің Халиоллаға дәріс бергені, ұстаздық жасағаны көрініп тұр емес пе? Олардың рухани жақындығы, қазақ фольклор үлгілерін жинаушы ретіндегі Халиолланың еңбегі байқалып тұрған жоқ па?!
Шоқанның досы болған, бірге оқыған, саяхатшы, әдебиетші, тарихшы Г.Н. Потанинге (1835-1920 ж.) де Өскенбаев есімі таныс болған. Айталық, Г.Н.Потаниннің «Қырғыздың соңғы ханзадасының киіз үйінде» атты еңбегінде Халиолла есімін ілтипатпен еске алып, сүйіспеншілікпен былайша суреттейді: «Омбыда кадет корпусын бітіріп, бұдан соң Семей маңындағы туған ауылында тұрған бір қырғыз сұлтаны (қайтыс болған Өскенбаев) туралы әңгіме болды. Ол кешке қарай өз жерлестеріне орыс повестері мен романдарының мазмұнын әңгімелеп беруді жақсы көретін. Қырғыздардың оны қызыға тыңдайтыны сонша, одан өз әңгімелерін жазуды өтінеді. Сонымен қырғызша жазылған дәптерлер пайда болды.
Ол Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың және басқалардың шығармаларының еркін аудармасы болып шығады. Киіз үйдегі осы әдеби кештер кезінде қырғыздар ой-пікірлерін ортаға салады. Сонда басы-қасында болушының әңгімесіне қарағанда, Өскенбаевтың «Тыңдаңдар, бұл жайында атақты орыс сыншысы Белинский былай деген немесе орыс сыншысы Добролюбов бұл туралы мынадай пікірде болған». (Ш.Ш. Уәлихановтың шығармалар жинағы, Алматы, 1968 ж.).
Әңгіме төркіні, Халиолланың жазда оқудан босап, елге келгендегі сәті болса керек.
М.Әуезовпен бірге оқыған, оның досы, пікірлесі болған белгілі ғалым Әлкей Марғұлан Абай айналасын зерттеуге, абайтануға зор үлес қосқаны белгілі. Ғалымның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жарияланған. Мақаланың мазмұны: Әлкей Марғұлан 1938 жылы Ленинградта болғанда, профессор, шығыстанушы И.Н. Березиннің архивінен Халиолланың атына жазылған үш хаттың көшірмесін жасаған. Әрине, оны заман ағымына сай уақытында айта алмай, тек 1959 жылы ғана жариялаған. Осы келтірілген жазбаларды зерделей қарасақ, Халиоллаға жазылған хаттар, оның бізге белгісіз қолжазбалары Костылецкий арқылы Березинге жеткенін аңғару қиынға соқпайды. Осы мақалада Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ойшыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» - деп сүйсіне жазуы тегін емес.
Ә.Марғұлан тауып жариялаған осы үш хатта талай тарих, сол заманды байқатар құнды деректер бар. Бұл хаттар Халиолла кадет корпусында оқыған 1865-1866 жылдары жазылған. Әрине, бұл хаттарға Халиолла тарапынан жазбаша жауаптар болған да шығар, бірақ бар деген деректерді кездестірмедік. (Бұл үш хатты оқимын деген оқырман «Абай» журналының 1992 жылғы №1 санын қолға алса, адаспай табады).
Жоғарыда айттық, Халиолла 1859-60 жылдары Омбының кадет корпусына оқуға түскенде, Шоқан бұл оқу орнын 1853 жылы аяқтап, Сібір генерал губернаторында әскери қызметте жүргені белгілі. Ұлы Қашқар саяхатынан кейін Шоқанның аты бүкіл Ресейге, Еуропаға әйгілі болып, дүрілдеп тұрған уақыты. Міне, осы Шоқан 4 наурыз 1864 жылы досы Карл Гутковскийге жазған хатында «Қазір Омбыда тұрып жатырмын. Жуырда өз үйіме, туған далама аттанбақпын» деген жолдар бар (Ш.Уәлиханов шығармалары, 5 том). Хаттың жазылу мерзімін көрсетіп отырған себебіміз, 1864 жылы Халиолла кадет корпусында оқуда. Сонда Шоқан өзі оқыған оқу орнына бас сұғып, ұстаздарына амандасып, әлдеқалай бара қалса, онда оқуда жүрген қандастарына қалай жолықпайды? Жолықса, атақты аға сұлтан Құнанбайдың баласы Халиоллаға қалай кездеспейді? Өкінішке орай, Халиолланың есімі Шоқан шығармаларында ұшыраспайды. Осы мәселеге орай, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Жарқын жұлдыздар» деген кітабының кіріспе бөлімінде мынадай қызықты деректерді келтіреді. «Шоқанның Абайға жолығуы туралы мәлімет әзірге жоқ. Солай бола тұра, Абай Шоқанды біледі деген ой келеді, оған бірінші дәлел, Абайдың туған ағасы (дұрысы - інісі болуы керек) Халиолла Өскенбаев Омбының кадет корпусына 1862 жылы түсіп, 1867 жылы бітірген. Бұл Шоқанның атағы аспанға шығып, Омбы әкімдері мен интелегенциясының арасында жұлдызды болып тұрған шағы. Халиолла көзі ашық, парасатты адам болған. Оның Шоқанды білмеуі және ақын болғалы жүрген Абайға сырттай болса да таныстырмауы мүмкін емес» деп Шоқан-Абай-Халиолла арасынан жарасымды рухани байланыс іздейді.
Ал Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде Шоқан мен Халиолла жолыққан, бірін-бірі таныған деп айтылады. Әрине, архив деректерімен бекімеген соң, Әрхам ақсақалдың құнды пікірін тек таңданыспен, солай болса деген жақсы көңілмен құптайсың да қоясың.
Халиолланың қазақ фольклор үлгілері мен ел аузындағы аңыз әңгімелерді жинап, оны орыс тіліне аударып, шығармашылық талантын бекітетін деректер аз емес. Белгілі тарихшы, ғалым, іргелі оқу орнының ректоры, Шәкәрімтану ісіне елеулі үлес қосып жүрген Е.Сыдықовтың «Шәкәрім» атты ғұмырнамалық шығармасында Халиолланың 1892 жылы «Московская Иллюстративная газета» басылымының №274 санында «Киргизское предание» деген орысша жазылған мақаласы болғандығын атап өткен. Онда Халиолла өзі естіген, өзі көзімен көрген Шыңғыстау жайлы, осы төңіректегі Хан биігі, Орда, Доғалаң, Шұнай сияқты таулардың тарихын баяндап, осы өлкеде ұлы билеуші Шыңғысханның болғандығын көркем суреттеп жазған. Бұл мақаланың 1892 жылы жарыққа шыққаны көрініп тұрса, ал Халиолланың 1870 жылы өмірден өткені белгілі. Демек, бұл мақаланы профессор Березин немесе Костылецкийдің біреуі Халиолланың атынан жариялатқан.
Абай, Әуезов әлемін зерттеуші, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевты да Халиолланың жасын тағдыры қызықтырғанға ұқсайды. Сол себептен де, Т.Жұртбаев көп ізденіп, архив деректерін төңкеріп, Халиолла жөнінде қыруар құжаттар жинаған. Халиолланың суреті мен Омбы кадет корпусындағы оқу кезеңдерін көрсететін нақты құжаттар тапқан. Халиолланың туған жылы мен қайтыс болған уақыты, әсіресе, оның Тінібай қызы Айғанымға ғашық болған хикаясы жайлы қызықты деректер келтіреді.
Семейдің ірі байы Тінібайдың сұлу қызы Айғаным мен Халиолланың арасындағы сүйіспеншілік хикаясы - махаббат трагедиясына ұласқан. Бұл енді Тобықты еліндегі «Еңлік-Кебек», «Қалқаман Мамыр» сияқты махаббат оқиғаларының Семейде болған жалғасы іспетті.
Екі жас бірін-бірі сүйеді. Қосылуға серт байласады. Бірақ, тағдыр талқысы екі жасты қоспайды. Өйткені, Айғаным айттырылып қойған, басы байлаулы. Оның үстіне Тінібай мен Құнанбай құйрық бауыр жеп, төс қағыстырған мың жылдық құда.
Бұл жайлы ғалым М.Бейсенбаев өзінің «Тінібай кім?» деген мақаласында («Абай» журналының 1982 жылғы №7 саны). «Құнанбай мен Тінібай құда. Мәкіш деген қызын Тінібайдың баласы Меңлібайға берген. Меңлібай Россияның көптеген қалаларымен сауда байланысын жасаған» - деп егжей-тегжейлі жазған болатын. Ш.Уәлихановтың атақты Қашқария сапары кезінде жүргізген күнделік дәптерінде Тінібай есімі сауда керуенінің иесі ретінде бірнеше рет кездеседі. Демек, Тінібай дала мен қалаға ықпалды, өз заманының ірі көпесі атанған ауқатты адам болған.
Ал, Халиолла Омбы, Мәскеу оқуынан демалысқа оралғанда жездесі Меңлібай мен апасының үйіне түсіп, осында Айғаным сұлуға жолығып, бір-біріне ынтық болады. Бұл жайлы Т.Жұртбаев «Өнерлі өлке өрнегі» атты эссесінде «Халиолла Семейдегі Тінібайдың қызына ғашық болып, оны алып қашады. Жолда қолға түсіп, қыз екеуін қамаққа алады. Құнанбай теріс батасын береді. Халиолла ренжіп Омбыға көшіп, көп ұзамай қайтыс болады. Қыз да қайғылы халге ұшырайды. Халиолла оқиғасы М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясына арқау болды» - деп жазады.
Әрхам Ысқақов та Халиолла - Айғаным оқиғасын тәптіштеп баяндап, бұл істің аяғы шатаққа айналып, оны Семей соты қарап, сот Халиолланы ақтап шықса да, екі жас қосыла алмайды.
Халиолланың қысқа тағдыры, оның мәнді өмір жолы, Омбы, Мәскеу қалаларындағы оқу жылдары, қазақ фольклор үлгілерін жинаудағы еңбегі, орыс тілі мен әдебиетін үйретудегі ағасы Абайға әсері, тіпті Тінібай қызы Айғаным арасындағы махаббат оқиғасы, Халиолла өмірінің соңғы сәттері мен жұмбақ құпиялары әркімді қызықтырары сөзсіз.
Амал не, «қолда қаржы, баста бостандық болмай тұр» деп Шәкәрім айтқандай, тіршілік қамы, қызмет бабы аяққа тұсау болып, шідерлеп қойған аттай, белгілі тақырды шиырлай бересің де.
Әлі де кеш емес... Ізденімпаз, талантты жастар табылып, олар тағдырдың жазуымен қысқа да болса, мәнді ғұмыр кешкен Халиолланың өмірін зерттеп, өнегелі ісін жарыққа шығарар деген үміттемін.
Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы.
Суретті салған Құлахмет Қожықов.
http://www.egemen.kz/309827.html