Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3477 0 пікір 2 Тамыз, 2011 сағат 08:36

Кәдіржан ӘБУЕВ. Хан Абылай қадірі қайтсе артады?

Қоғамдық құбылыстарда тарихи тұл­­ғалардың орны қашанда ерекше. Бұл орайда неміс философы Гегельдің: «Та­­рихи тұлғалардың ұлылығы олар­­дың жалған емес, аса қажет те әділ, ұлы дүниені жүзеге асыра білуінде» деген сөзі ойға оралады. Сондай тарихи тұл­ғалардың қатарында Абылай да бар.

Абылай хан ірі тұлға. Тарихи тұл­ғаларды бір-бірімен теңдестіре беруге болмайды. Әйткенмен Ресей үшін Бірінші Петр немесе Германия үшін Бисмарк қандай болса, Қазақ елі үшін Абы­лай да сондай алыптар қатарында. Абылайдың даралығы, қолбасшылық та­­ланты мен саяси көрегендігі қазақ хал­қының жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алар­туына қарсы күресіне байла­­­нысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті. Абылай сол қазақ халқы­ның тағдыр-талайы қыл үстінде, қы­лыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұй­ым­дастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол са­л­ды. Абылайдың аты көзі тірісінде аң­ыз­ға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналды.

Қоғамдық құбылыстарда тарихи тұл­­ғалардың орны қашанда ерекше. Бұл орайда неміс философы Гегельдің: «Та­­рихи тұлғалардың ұлылығы олар­­дың жалған емес, аса қажет те әділ, ұлы дүниені жүзеге асыра білуінде» деген сөзі ойға оралады. Сондай тарихи тұл­ғалардың қатарында Абылай да бар.

Абылай хан ірі тұлға. Тарихи тұл­ғаларды бір-бірімен теңдестіре беруге болмайды. Әйткенмен Ресей үшін Бірінші Петр немесе Германия үшін Бисмарк қандай болса, Қазақ елі үшін Абы­лай да сондай алыптар қатарында. Абылайдың даралығы, қолбасшылық та­­ланты мен саяси көрегендігі қазақ хал­қының жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алар­туына қарсы күресіне байла­­­нысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті. Абылай сол қазақ халқы­ның тағдыр-талайы қыл үстінде, қы­лыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұй­ым­дастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол са­л­ды. Абылайдың аты көзі тірісінде аң­ыз­ға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналды.

Қазақ халқының тарихына XVIII ғасыр Абылай дәуірі болып кіргеніне енді ешкімнің дауы бола қоймас дейміз. XVIII ғасырдың басы халқымыз үшін қиын-қыстауға толы аласапыран заманға айналған. «Жоңғарлар, еділ қал­мақтары, жайық казактары және баш­құрттар, - деп жазады Ш.Уәли­ха­нов, - ұлыстарға жан-жақтан ойран сал­ды, малдарын айдап әкетіп, тіпті көптеген отбасын түгелдей тұтқын­да­ды. Оған қаһарлы қыс, жұт, аштық қосылып, көктен сынағандай, олардың апат жағдайын күшейте түсті». Сол кезде қазақ біртұтастығынан айыры­лып, жерін жау таптап, тіпті ұлт ретінде құрып кетудің сәл-ақ алдында тұр­ған болатын. Оның екі түрлі себептері бар еді. Біріншіден, қазақ жұрты XVIII ғасырдың басында Алтайдан Еділге дейінгі алып даланы қамтитын бір­тұ­тас іргелі мемлекет еді. Өкінішке орай, әз Тәуке хан (1680-1716 ж.) дүние сал­ғаннан кейін ел хандардың таққа таласу сүргініне байланысты алауыздыққа ұшырады.

Екіншіден, халқымыздың қиын-қыс­­тау кешу себебі, сол кездегі қазақ елі­­нің халықаралық жағдайына байла­ныс­ты еді. Өйткені, қазақтың ұлан-ғайыр байлыққа толы даласы ежелден-ақ көр­шілес елдердің көз құртына айналған. Осындай пиғыл тек Ресей империя­сы­на ғана тән емес еді. Төтенше қауіп шы­ғыстан да туған. XVII ғасырдың ек­інші жартысында Жоңғар хандығы күшейіп, Россияның шығыс Сібірді бағындыру әрекетіне қауіп туғызды. Осыған байланысты I Петр жоңғардың ханы Цеван - Рабданмен келісім айла­сын іздеп, оған капитан И.Унковский бастаған елшілігін жіберді. Оның бас­ты мақсаты - Цеван-Рабданның наза­рын қазақ даласына аударып, өзінің жаңа жаулап алған шығыстағы жерінің қауіп­сіздігін сақтап қалу, екіншіден, қазақ хандығын әлсіретіп, келешекте оңай торға түсіруді қамтамасыз ету болды.

Орталық Азиядағы ең бір ірі әскери күшке айналған жоңғар хандығы Қы­тайдың өзімен шектес жеріне де жиі жорық жасайтын. Бірақ оларға Қытай боғдыханы Қанси бірнеше рет есте қаларлықтай соққы берген. Міне, сол Қанси 1723 жылы дүние салғаннан кейін Ресей - Жоңғар, Жоң­ғар - Қытай келісім шарттары жа­салды. Екі империя да жоңғар жеріне қауіп туғыз­бай­тынын мәлімдеген. Жоң­ғар хандығын қазақпен соғысуға итермелей отырып, әр империя өз мақса­тын көздеген, бірақ екі азулының ойы: екі мемлекет те әлсірейді және оларды оңай отар­лыққа айналдыруға болады. Мұндай қолайлы жағдайды жоңғар ханы Цеван-Рабдан қалт жіберген жоқ. Ол соғысқа мұқият дайындалып, ал­пыс мың әскерін орыстардан сатып алған зеңбіректермен, басқа да қару-жарақ­пен қамтамасыз етіп, қазақ жерін, Орта Азияны жаулап алуға 1723 жылы ат­тандырды. Жоңғар әскеріне басшылық еткен Цеван-Рабданның баласы Шона-Доба қазақ еліне Алакөл тұсынан кіре сала қырғидай тиді.

Қожаберген жырау: «Елім-ай» дас­танында:

...Қырылу Алакөлден басталып тұр,

Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр.

Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп,

Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр, - деп бар шындықты айқара аш­қан ғой.

XVIII ғасырдың басынан орта шеніне дейін жоңғар әскері бүкіл Орталық Азияны тітіренткен күш болғаны сөзсіз. Оған дәлел ретінде мына оқиғаға тоқ­талып кетейік. 1714 жылы Петр I подполковник И.Бухгольцке «қалмақ жеріне жо­рыққа шығуға» жарлық берді. Сол жар­лыққа сәйкес 4,5 мың әскерден тұ­ра­тын Бухгольц әскері 1716 жылы, ақ­пан айында Церен-Доба қолбасшылық еткен 10 мың адамнан тұратын жоңғар әскерінің шабуылына ұшырап, талқан­далады. Ямышев бекінісі қиратылады, Бухгольц отряды көп шығынға ұшы­рап, 700-дей ғана адам құтылады.

Жоңғар хандығының күшею себебі, XVIII ғасырдың бірінші жартысында үкімет басында Цеван-Рабдан, Қалдан-Церен сияқты мемлекет қайраткер­ле­рінің келуінен болса керек. Өйткені, олар бір ортаға бағынған мемлекет құ­рып, тұрақты әскерге ие болды. 1722 жылы Жоңғар хандығында болып қайт­қан Ресей елшісі Унковскийдің айту­ын­ша, оның тұрақты әскерінің саны 60 мыңнан астам болыпты, ал соғыс кезінде оны 100 мыңға дейін жеткізе алған.

Бұл хандықтың күшеюінің тағы бір себебін, сол тұстағы халықаралық жағ­дайдың қолайлы болуынан іздеген жөн. Жоғарыда айтылғандай, қазақ жеріне жорық жасай отырып, жоңғарлар Ресей мен Қытай империясының қол­дауын тапты, олармен бейбіт келісім шарт жасасты. Алайда, Қазақ елінің «Ақ­табан шұбырындыға» ұшырауы оның сол тұстағы ішкі жағдайымен де байланысты еді. Бір сөзбен айтқанда, XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ хандығы зор саяси және экономикалық дағдарысқа ұшырады.

Сол бір қысылтаяң уақытта халық есін жиып, басына күн туған шақта ұлт намысын, ата жұртын қорғау үшін азаттық күреске шықты. Ержүрек Қа­бан­бай, Бөгенбай, Жәнібек, Саңырақ, Тай­лақ, Қанай, Малайсары сынды ба­тыр­лардың жасақтары басқыншылар­дың кішігірім топтарын талқандады. Алайда, ендігі басты мәселе сол жа­сақ­тардың басын құрап, елді жаудан мүлде азат ету болды. Сондай ізгі мақсатпен жиналған «Ұлы жиын» 1726 жылы Түркістан қала­сы­ның оңтүстік шығы­сындағы Ордабасы деген жерде өткен. Оған ұйытқы бол­ғандар: Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билер еді. Кеңеске қа­ты­сушылардың қатарында Болат, Әбіл­қай­ыр, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет хандар мен сұл­тан­дар, жоғарыда аты аталған батырлар, басқа да ел басылары жүрді. Жиылыс­та азаттық күрестің жобасы бел­гіленіп, бүкіл қазақ қосынының қол­басшысы етіп Әбілқайыр ханды тағай­ындаған. Бұл жиынның ұлы деп аталуы ол елдің басын қосуға жол ашты, жауға қарсы ақ ту көтерді. Бостандық үшін күрес бү­кіл елді қамтыды. Ұлы Отан соғы­сы­на айналды. Кешікпей қазақ жасақ­тары 1727 жылы Бұланты өзенінің жа­ғасында болған ірі шайқаста алғашқы жеңіске жетті. Бұл жеңіс қазақ елінің еңсесін көтеріп, азаттық күрестегі жігеріне жігер қосты.

Абылайдың жұлдызы жанып, асқан ерлік көрсеткені қазақ жасақтары үшін жеңіспен аяқталған 1730 жылы ол Бал­қаш көлінің оңтүстік-шығысында Ит­іш­пес көлінің жағасында, қанды шай­қас деп топшылауға болады. Оған дә­лел ретінде Бұқар жыраудың «Ай, Абы­лай, Абылай» деп басталатын өлеңінде:

«Ай, Абылай , Абылай...

Сен жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде

Ақ сұңқар құстай түледің.

Дәулет құсы қонды басыңа,

Қыдыр келді қасыңа», - демейтін бе еді.

Сол секілді Абылайдың аты жи­ыр­ма жасқа келгенде шыққанын Үмбетей жырау да:

«Ей, Абылай, Абылай,

Жиырма жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда ,

Қанжығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айқайлап,

Абылайлап шапқанда... - деп рас­та­майтын ба еді.

Қалмақпен болған талай шайқасқа қатысқаны, Шарыштай дәу перісінің басын өткір семсермен домалатып тү­сір­гені Есенбай ақынның «Абылай хан» атты қисса-дастанында да суреттеп еді. Өкінішке орай, қазақ жа­сақ­тары Аңырақайда қалмақты ойсырата жеңгенімен, хандар арасындағы бақта­лас­тықтың кесірінен, жеңістің нәти­же­сін пайдалана алмай қалды.

Ол тұстағы, одан кейінгі кезеңдер­дегі әңгіме туралы айтсақ, мақала желісі ұзарып кететіні белгілі. Абылай­дың рес­ми түрде бүкіл қазақ ханы бо­лып сайлануы 1771 жылы екені күмән ту­ғыз­байтын жәйт. Оған дейін ол қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жапан далада жолбарыстай жор­тып, талай шайқастарға қатынасып, ба­тырлығымен абыройға бөленеді. Қазақ әскерлеріне тікелей қолбасшылық етті. Халқының жағдайын көтеруге бар мүмкіншілікті салды. Сөйтіп, қолдауға ие болады. Абылай - өзінің хандық мем­лекетін басқаруда қатаң тәртіп ор­натумен бірге, елін, жұртын адамгершілікке, имандылыққа бастаған адам.

Абылай тақырыбына арналған ең­бек­терде пікірталас туғызып жүрген мә­селе, оның 1741 жылы қалмақ тұт­қы­нына түсу жайы. Кейбір зерттеушілер аң аулап жүріп, қапылыста қолға түскен десе, енді бір ғалымдар Абылай екі жүз әскерден тұратын шолу от­ря­дын басқарып келе жатып, жаудың негізгі әскерлері тұрған жерге тап бо­ла­ды. Аз ғана қазақ тобын мыңдаған ой­рат әскері қоршап алып талқандайды-мыс. Біздің ойымызша, осы екі пікір­дің соңғысы шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, отыз мыңнан асып түсетін жоңғар әскері Қалдан-Церен­нің ең бір қаһарлы нояны Сыптанның бастауымен қазақ жеріне шабуылы тұт­қиылдан, күтпеген мезгілде бастал­ған ғой. Қазақ жерінде айтарлықтай қарсыластық күш кездестірмеген қал­мақ әскері аз уақытта Шідерті өзенінің жағасына келіп жетеді. Дәл осы сәтте Абылай асқан ерлік көрсетіп, қалмақ­тар­ға қарсы «екі жүз адамнан тұратын шағын қолмен шабуыл жасады». Бұл жө­нінде Ямышев бекінісінің комен­дан­ты Сібір губерниясының кеңесіне 1741 жылдың 1 маусымында жіберген мә­лім­демесінде жазылған. Әрі қарай сол құжатта: «қалмақтар оларды (қазақ әс­ке­рін - К. Ә.) талқандап, сұлтан Абы­лайдың өзін қолға түсірді» делінген.

Ал енді Абылайдың қалмақ тұтқы­ны­нан 1743 жылдың қыркүйегінде құт­қарылуына келсек, тарихи ба­сы­лым­дарда оны бірауыздан Ресей өкі­метінің іс-әрекетімен байланысты­ра­ды. Оған тілге тиек етіп Жоңғар хан­дығына Орынбордан жіберілген майор Миллер басқарған елшілікті атайды.

Осы орайда біздің айтарымыз, Абы­лайды Қалданның аман қал­ды­руы­ның негізінде жоңғар хандығының 1740 жылдардағы сыртқы және ішкі жағдайы жатса керек. Абылай ханның өміріндегі осындай драмалық жағ­дай­ға байланысты тағы бір айта кететін жәйт мынау. Ол тұтқында екі жылдай уақыт жүрсе де өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай, жоғары ұстауы, тапқыр­лығы мен батылдығы қалмақты тәнті еткен. Ол жөнінде жоңғар елшілері Орынбор губернаторы И.Неплюевпен келіссөз жүргізгенде Абылайдың Галдан-Чиринді өлтірген кезде қол­ға түске­нін, алайда оның құрмет пен қоше­мет­тен кенде еместігін айтады.

1743 жылдың күзінде Әбілмәмбет ханның ордасына барып қайтқан Ор­ынбор комиссиясының өкілдері Иван Лапин мен Мансұр Асанов осы сапар жөніндегі мәлімдемесінде былай деген: «Он, Аблай, отпущен зюнгарами с великими наградами, а именно: ему дана палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная склад­­­ная, панцырь и прочее». Абылай­мен бір­ге тұтқында отыз бес адам, оның ішінде Жолбарыс сұлтан да бар болған.

Абылай үшін жоңғар тұтқынында бол­ған жылдар із-түссіз кеткен жоқ. Ол ой­рат тілін, жазуын үйреніп ішкі жағ­да­йы­мен мұқият танысып қайтқан. Абы­­лай Дауаци, Әмірсана деген нояндармен тіл та­быса алған. Мұның бәрін кейін өз сая­са­тында мейлінше тиімді пайдалана білді.

1745 жылы Қалдан-Церен қайтыс бол­ғаннан кейін нояндар арасында тақ­қа таластық өрістеді. Дегенмен Жоңғар хандығына ие болған Лама Доржи қа­зақ еліне шапқыншылықты қайта өр­бітті. Бірақ ол пиғылы іске аспады. Қа­банбай мен Бөгенбай бастаған Абылай әскері олардың ойранын шығарды. Со­ның нәтижесінде кезінде калмақтар­дың қол астына өтіп кеткен Жетісу мен Тарбағатайдағы қазақ қоныстары қай­тарылды. Үмбетай жырау «Бөгенбай өліміне» деген толғауында оны тамаша сипаттайды. Лама Доржидің Қазақ еліне қарсы қанды жорықтары сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, оның сыртқы және ішкі саясатына қарсы наразылық өр­біді. Алайда, қонтайжыны тақтан құ­ла­ту мақ­сатымен жасалған 1752 жылғы бү­лік сәтсіздікке ұшырады. Бүлікті бас­қарған нояндар Дауаци мен Әмір­сана елінен қашып, Абылайды пана­ла­ды. Енді екі елдің арасындағы қарым-қа­ты­нас қайтадан шиеленісе түсті. Жоңғар билеушісі Абылайдан Дауаци мен Әмір­сананы дереу қайтаруды талап етті.

1752 жылдың күзінде Абылай Ұлы­тауға үш жүздің өкілдерін жиып, кеңес ашты. Біраз ел басылары, оның ішінде Әбілмәмбет хан да контайжының қа­һа­рынан сескеніп, қашқындарды ұстап беруді ұсынды. Алайда кеңеске қаты­су­шылардьң басым көпшілігі Абылай­ды қолдап, Дауаци мен Әмірсананы бермейік деп шешім қабылдады. 1753 жыл­дың басында Абылай Лама Дор­жидың әскери жорығын күтіп отыр­май, өзі қалың қолды бастап, қалмақ жеріне енді. Саяси дағдарысқа ұшы­ра­ған Жоңғар хандығының билеуші та­бы­ның үлкен бір тобы бірігіп, қонтай­жы Лама Доржиді өлтіріп, оның тағы­на Дауациді отыр­ғыз­ды. Міне, енді Жоңғар хандығының ішкі де, сыртқы да жағдайы тұйыққа тірелді, әлсіреді. Соны пайдаланып қалмақ елін билеушілерден кек алуға ақылы артық Абылай барған жоқ, қырып-жойып шап­қан жоқ. Бұл оның асқан адамгершілік, парасат иесі екенін көрсетті.

Алайда, Цин империясы Жоңғар хан­дығының дағдарысқа ұшырағанын қырағылықпен көріп-біліп отырған еді. Бұл сәтті қалт жібермеген олар Жоң­ғар мемлекетін түбегейлі жоюды ұй­ғар­ды. Оған қажет сылтау да табыла қойды. Кезекті ханға қарсы бүлік сәт­сіздікке ұшыраған соң оны басқарған Әмірсана тағы да елінен қашып кетуге мәжбүр болды. Бірақ бұл жолы ол Абылайды па­налаған жок, хандық билікті басқа елдің көмегімен алмақ бо­лып, Пекиннің қар­мағына ілінді. Он­да­ғы ойы Цин әскери күшін пайдаланып, Дауациді құлату, сөйтіп ел билігіне ие болу болатын.

Қытай императоры Хун Лидің көк­тен тілегенін жерден беріп, ол Әмір­са­наны құшақ жая қарсы алды. Себебі, Цин империясы Жоңғар хандығын біржола жаулап алудың күні туды деп дайын отырған еді. Енді Дауациге қар­сы соғыс деген бүркеушілікпен саяса­тын іске асыруға кірісті. Қытай әскері жоңғар жеріне баса-көктеп кіріп, қы­рып-жоя бастайды. Дауаци ұзамай қол­ға түседі, Пекинге жіберіледі. Бірақ қы­тай әскері жоңғар жерінен кетуге асықпайды. Олар шептер салып, ой­рат­тарды бағындыруды жүргізе баста­ды. Өз қателігін түсінген Әмірсана 1755 жылдың қыркүйегінде қытай бас­қыншыларына қарсы күреске кірісті.

Қытай империясы мен Қазақ елінің арасында қалқан болып тұрған Жоңғар хандығының жойылуы неге әкеліп со­ға­тынын Абылай жақсы түсінген. Сон­дықтан да ол қалмақ халқының ұлт-азаттық күресін қолдады. Сол көмекке сүйене отырып Әмірсана елін азат етіп, өз билігін жоңғар жерінде жүргізді. Бірақ ол аз уақыттың ішінде көп қыр­ғын-сүргінге үшыраған ел шығы­ны­ның есесін толтырып үлгермеді. Ауызбір­лік­ке ұйыта алмады. Жау жай­ра­ған­мен бақ­та­ластық қайта басталды. Со­ның сал­да­рынан 1756-1757 жыл­дар­да­ғы Цин империясының әскери шап­қын­шылығы олар үшін жеңіспен аяқ­та­лып, жоңғар мемлекеті түбегейлі құрыды.

Жоңғар хандығының дербестілігі жой­ылғаннан кейін Қытай императоры Цян-Лунның әскері шығыс Түркіс­тан­ды басып алып, өзіне қаратты. Осы кезде Қазақстаның жағдайы біршама қиын­да­ды. Екі империяның қыспағына түсті. Ре­сей болса Еуропадағы жеті­ жыл­дық со­ғыспен әлек еді. Қытай шап­қын­шы­лы­ғына қарсы мұршасы жоқ­тықтан іс-қи­мылы тек дипло­матия­лық әрекеттермен ғана шектелді. Бұл Абылайдың мемлекет қайраткері бол­ғаннан кейінгі өміріндегі ең жауапты кезең еді. Цин империясы жоңғар жерін, Шығыс Түркістанды ба­сып алған­нан кейін қазақты да солай жауламақ ниетпен талай шапқыншылық жасады. Жеңіске жеткен тұстары да, қатты таяқ жеген кездері де болды. Әсі­ресе Жоң­ғар қақпасында, Талқы өңірін­де болған қанды шайқаста Абылай тікелей қол­басшылық еткен қазақ әскері шүршіт­терді ойсырата жеңген. Абылай­ды оң­ай­лықпен жеңе алмайтынына көзі жеткен соң, олар басқа саясатқа көшуге мәжбүр болды. Абылайды алдап-сулап өз ықпа­лы­на көндіруге тырысады. Сый-сияпат­тар жасайды, бодан болу­ын талап етеді. Орынбор губернаторы сыртқы істер ал­қа­сына 1758 жылдың 29 қаңта­рын­да жаз­ған мәлімдемесінде: «Богды­хан Абылай солтана сыном на­зывает и прочие лести употребляет» деп өзінің абыржитынын білдірген. Қытаймен ұзақ­қа созылған соғысқа килігіп, түбе­гей­лі жеңіске жету-жетпесі екіталай және оның салда­ры­нан елдің жүдеп-әл­сіреуі сөзсіз екенін Абылай жақсы тү­сінген. Ал ондай жағ­дай ту­ған күнде Ресей патшалығы сая­саты­ның құрбанына айналу ықтимал­ды­ғы­мен са­нас­пауға бол­маған. Осын­дай жағ­дай­ларды есепке ала отырып, Абы­лай Цин сарайымен 1757 жылдан бастап келіс­сөз жүргізуге кіріскен. Абы­лайдың бұл саясаты ел басшыларының алқа кеңе­сінде бірауыз­дан қолдау тапқан.

Жылма-жыл алмастырылып отыр­ған Абылай елшілері Пекинге барып, керісінше Қытай елшілері Көкшетауға келіп, бірнеше шарттарға қол қойысқан.

Қытаймен бейбіт қарым-қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси және экономикалық қатынасты үзбеген. Ресей патшалығы болса Қазақстанда өз саясатын Абы­лай­дың қолдауынсыз іске асыра алмай­тынын мойындаған. Мәселен, қазақ елінің жай-жапсарын қырағылықпен бақылап отырған Орынбор әкім­ші­лі­гі­нің шенеуніктері генерал-майор А.Тевкелев пен П.Рычковтың сыртқы істер алқасына 1759 жылдың 22 қаңтарын­дағы: «Бұл күндері Абылай бүкіл Орта жүздің бас билеушісі ретінде таныла­ды, ал сонымен қатар, оның ең білікті де білгір екенін және қытайлықтармен қатынас жағдайды ескере отырып, Абылайды мейлінше ішке тарту керек. Алайда, сол жердің халқы біздің нұс­қауымызсыз хан сайлап жібергенін білмей де қалуымыз мүмкін, өйткені қазірдің өзінде әр жерде Абылайды хан атап жүр», деп мәлімдеме жіберген.

Абылайдың өз еркімен елінің бірлігін, дербестігін сақтаудан тайынбай­ты­ны­на көзі жеткен Ресей өкіметі оны қайт­се де өз ықпалына көндіру шара­ла­рын қарастырады. «Абылайдың бұл қылығына, - деп жазады. А. Левшин, - ыза болған Ресей үкіметі оған ақы төлеуді тоқтатып, оны кемсіту үшін кез келген бір сұлтанды көтермелеп, оған қарсы қоюды ұйғарған. Онымен қой­май, Абылайды тұтқындап, ішкі бір гу­берниясына жер аударуды да ойлас­тыр­ған. Бірақ дәл осы сәтте ол әскерін жиып, буруттармен соғысып, оларды жеңіп, бітім жасады. Осыдан соң, Түр­кістан маңында қалып, баласы Ғадил­дің (Әділдің - К.Ә.) сұрауымен Талас өзенінің жағасына қала салғызды».

Әбден амалы таусылған соң патша үкіметі Абылай хан ордасына әдейілеп елші жібереді. Хан ордасында болып қайтқан капитан Г. Лингрейн өзінің са­пары жөнінде есеп бергенде Абылай­дың Түркістанда тұратынын айта келіп, енді ол Ресей шекарасына жақын­дап көшіп келмейтінін жазады. Ресеймен қарым-қатынасында Абылай бейбіт, тату көршілестік жағдайда өмір сү­ру қажеттігін еске ала отырып, тағы да ресми түрде өзін оның боданы екенін мойындағанымен іс жүзінде өз елінің дербестігіне дақ салған жоқ, беделін түсірмеді. Абылайды өз ықпалына көн­діре алмаған патша өкіметі енді Қазақ елін отарлаудың басқа жолдарын қа­растырды. Оның бірі - қазақ жерінің шекарасына қалашықтар, бекіністер са­лу, оларды келімсектермен, әсіресе казактармен толтыру еді. Бұл жергілікті халық үшін қиын жағдай қалып­тас­тыр­ды. Ол Жайықтың, Ертістің, тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар­дың мал жаюына тыйым салу жөніндегі патша өкіметінің жарлықтары еді. Бұл шешім Абылайдың наразылығын ту­дыр­ды. Бірақ ол Ресеймен үзілді-кесіл­ді қаты­насты тоқтатуға, жағдайды шиеленістіруге бармады, мәселені дипломатия тұрғысынан шешуді ойластырды.

Абылай Орта жүздің ханы бола тұ­рып, өз билігін бүкіл еліне жүргізді. Кейін үш жүздің ханы болып сайлан­ған­нан соң қазақ мемлекеттігін ны­ғай­ту жолында аянбай нәтижелі қызмет атқарды. Шет мемлекеттер онымен санасуға мәжбүр болды. Қазақ елімен тығыз экономикалық байланыс жасап, бейбіт өмір сүрді. Абылай, әсіресе Сібір қалаларымен сауда-саттықты дамы­ту­ға ерекше мән берді. Мысалы, 1740 жылы Орынборда Ресей бодандығын мойындау шартына қол қою сапарында қазақ-орыс сауда-саттық қатынасын тек Орынбор жәрмеңкесімен шектемей, Сібірдің басқа да қалаларында жүр­гізу қажет екендігі туралы мәселе көтерді. Бұл ұсыныс орыс патшалы­ғы­ның ойынан шықты. Өйткені, ол орта жүзде өзінің экономикалық, саяси ық­па­лын күшейтуді көздеген-ді. Көп ұза­май Орскіде, Троицкіде, Ямышев бекінісінде жәрмеңкелер ашылып, сауда-саттық екі елдің арасында өрбіді. Ол өз халқын орыстардан егіншілікті, балық аулау тәсілін үйренуге шақырды.

Абылай қазақ халқы үшін бір мезгілде екі алып империямен қарым-қа­ты­нас жүргізді. Оны тиімді пайдалан­ды. Ресей патшалығынан қыспақ көр­се, Қытай боғ­дыханына қарай ығысып, керісінше Цин империясынан қысым көрсе, патша үкіметімен жақындаса түс­кен. Сөйтіп, билік тізгінін ешкімге ұстатпай, өзінің ішкі және сыртқы сая­сатын дербес жүр­гізе алды. Оны А. Левшин растай оты­рып, былай дейді: «Өзінің күшіне сүйе­ніп, қажетіне қа­рай өзін біресе Ресейдің, біресе Қы­тай­дың боданы екенін мой­ын­дай оты­рып, бірақ шын мәнінде мүлде тәуелсіз билеуші болды». Мұндай іс тек тарихи ұлы тұлғалардың қолынан келер еді. Қазақстанның Абылай заманында «іс жүзінде тәуелсіз ел» болғанын Шо­қан Уәлиханов та растайды. Ал шығыс­та­ну­шы ғалым В.Бартольдтың айтуын­ша: «XVIII ғасырда қырғыздар (қазақ­тар) орыс үкіметінің қойған талапта­рын өзіне тиімді болса ғана орындап отыр­ған». Мұндай саясат тәуелді билеушінің қолынан келмейтіні айтпаса да мәлім.

Иә, Абылайды еліміздің игі жақсы­ла­ры қолдамаса, оның аты шығар ма еді, шықпас па еді?! Абылайдың ақыл­гөй­лігі сол емес пе, ол ақсүйек сұлтан­дарға емес, қалың қазақ жұртшы­лы­ғы­на, хал­қымыздың рухани көсемі бол­ған Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді жы­рау­ларға, Қаз­дауысты Қазыбек биге, Төле биге, Әй­теке биге Қабанбай, Бө­генбай, Наурыз­бай, Сырымбет, Малай­са­ры, Баян сияқ­ты басқа да қаһарман батырларға сүйенді.

Абылайды өз заманы, өз ортасы ту­дырған, сол себепті де өзі шыққан билеу­ші тап мүддесін қолдауы заңды, өйт­кені ол сол ортада тәрбиеленді. Одан басқаша ойлауды талап етіп, он­ың дү­ние­ге деген көзқарасына сыни түрде тал­дау жасау артық болады. Қай­та, тарихи кезеңде бүтін қазақ жұр­тының мүддесін тұтастырып, халықты сол мақ­­сатқа жұмылдыра білгендігі Абы­лай­дың ұлылығының көрінісі деп білеміз.

Абылайдың алға ұстаған саясаты, мақсаты - қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуел­сіз­дігі еді. Сол ұлттық мүдденің орында­луы­на енді қол жетті.

Иә, Абылайдың жетсем деген күні осы еді. Мақсаты - қазақ халқының бос­тандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Сол ұлттық мүдденің орындалғанына биыл 20 жыл болады.

Абылай ханның 300 жылдығы қай кезде аталуы тиіс деген мәселе тө­ңі­ре­гінде әрқилы пікірлер айтылып жатыр. Бұл мәселе түпкілікті ғылыми шешімін табады деп сенеміз. Ол қай жылы атал­ғанда да төмендегідей ұсыныс­та­рым­ды айта кетсем деймін. Егер орын­дал­са, нұр үстіне нұр болары хақ.

Біріншіден, Абылай атына байл­а­ныс­ты пікірталастарға түбегейлі нүкте қою үшін Мәскеудегі мұрағат құжат­та­рын зерттеуді қолға алып, оны аяғына дейін жеткізетін комиссия жасақталса; екіншіден, Абылай хан атындағы жоға­ры дәре­же­лі орден белгіленсе; үшінші­ден, Абы­лай­дың ордасы тігілген Бура­бай­да­ғы Щучье қаласына Абылай хан аты берілсе; төртіншіден, Абылай ханға ар­нал­­ған халықаралық дәрежедегі ғы­лы­ми-практикалық конференция өткізсе де­­ген байламмен сөз аяғын түйсем деймін.

Кәдіржан ӘБУЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

http://www.egemen.kz/309823.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351