Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6017 0 пікір 3 Тамыз, 2011 сағат 06:21

Светқали НҰРЖАН: «Бабалардың қанды жасын көрген біз...»

Қазақ әдебиетіндегі орны салмақты бола тұра, басылым арқылы оқырманына көп көріне бермейтін жазушылар бар. Соларға арнап «Сен қайда жүрсің?» атты жаңа айдар ашуды жөн көрдік. Біз сағынып жүрген қалам иесінің бірі - Маңғыстауды мекен еткен Светқали Нұржан еді. Әңгімелесудің сәті түскенде көкейде жүрген сауалдарымызды ақынға ірікпей қоюға тырыстық.

 

- Аға, әңгімемізді дәстүрлі сұрақпен бастасақ. Әдебиетке қалай келдіңіз? Сізге ықпал еткен жандар туралы аз сөз...

- Әдебиетте жүрген менің буынымның тағдыры маған да тән деп есептеймін. Маңғыстау дейтін өлкеде, Қанға-баба деген жерде, аттың жалы, түйенің қомында туған адаммын. Менің өскен ортам - көшпенді қазақтың салтынан әлі де ажырап үлгермеген қазақ ауылы болатын. Мен өмірге келер жылы Маңғыстаудың Жетібай деген жерінде мұнай атылды. Теңіз жағасындағы балық, мал шаруашылығына бола құрылған колхоздар таратылып, 1969 жылы совхоздарға айналды. Сосын жалпы жұрттың арасында өндіріске, мұнай кәсіпшілігіне қарай тартылу басталды. Соның екпінімен біз де Жаңаөзен, Жетібай дейтін атақты мұнай кәсіпшілігінің орталығына қарай көшіп, совхозға кірдік.

Қазақ әдебиетіндегі орны салмақты бола тұра, басылым арқылы оқырманына көп көріне бермейтін жазушылар бар. Соларға арнап «Сен қайда жүрсің?» атты жаңа айдар ашуды жөн көрдік. Біз сағынып жүрген қалам иесінің бірі - Маңғыстауды мекен еткен Светқали Нұржан еді. Әңгімелесудің сәті түскенде көкейде жүрген сауалдарымызды ақынға ірікпей қоюға тырыстық.

 

- Аға, әңгімемізді дәстүрлі сұрақпен бастасақ. Әдебиетке қалай келдіңіз? Сізге ықпал еткен жандар туралы аз сөз...

- Әдебиетте жүрген менің буынымның тағдыры маған да тән деп есептеймін. Маңғыстау дейтін өлкеде, Қанға-баба деген жерде, аттың жалы, түйенің қомында туған адаммын. Менің өскен ортам - көшпенді қазақтың салтынан әлі де ажырап үлгермеген қазақ ауылы болатын. Мен өмірге келер жылы Маңғыстаудың Жетібай деген жерінде мұнай атылды. Теңіз жағасындағы балық, мал шаруашылығына бола құрылған колхоздар таратылып, 1969 жылы совхоздарға айналды. Сосын жалпы жұрттың арасында өндіріске, мұнай кәсіпшілігіне қарай тартылу басталды. Соның екпінімен біз де Жаңаөзен, Жетібай дейтін атақты мұнай кәсіпшілігінің орталығына қарай көшіп, совхозға кірдік.

Мен үлгі тұтқан, бірінші көрген ортам - жыраулар, күйшілер. Баяғы, қазақы, ұлы жыраулардың соңы Сүгір жырау Бегендікұлы, Ұзақбай жырау Қазханұлы, Мұрат Өскенбаев, олардың ізін басқан Әлқуат Қожабергенұлы сияқты белгілі жыршы-жыраулардың, күйшілердің алқасында бәйге бала болып, жырларды тыңдап өстік. Солардың буымен бізде де шалық белгі бере бастады. Он алты жасымнан өзмше өлеңнің қыр-сырын түсінген сияқтымын.

Әрине, қазақ поэзиясын биікке көтеріп тастаған толқындар да әсер етті. Алашорданың ақындарын, қырқылып кеткен буынды біз көрген, оқыған емеспіз. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан туралы ең, Мағжан туралы ең алғаш Бауыржан Момышұлының аузынан естідім. 1981 жылы,19 желтоқсанда Мамытбек Қалдыбаев деген ағайымыздың үйінде жатқан Бәукеңе Нүсіп Әбдірахимов, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Омаров төртеуіміз барып сәлем берген едік. Кейін ол туралы «Бауыржан Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр туралы хикая» деген баллада да жаздым. Бәукеңнің әңгімесінің әсері сол балладада баяндалған.

Соныменен, маған кімдердің әсері болды дегенге келсек, әрине, Қасым ықпал етеді, Әбділда ықпал етеді, белгілі бір дәрежеде. Қалижан, Ғафу, Қуандық, Тоқаш, Сырбайлар бар дегендей... Ақынға ақындар ғана әсер етеді деп есептемеймін. Мендік поэзияда Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ прозасының да ықпалы бар.

Балалық шақтары соғысқа тап келген, кешегі оталып, қырқылып кеткен алдыңғы ұрпақтың орнына көктеп шыққан, өртеңге өскен шөпті алшын дейді ғой, рухымызды сілкіндірген, алшын-ұрпақтың ықпалы зор болды.

Осы күні 60-шы жылдары әдебиетке келген буынның еңбегін жоққа шығару тенденциясы байқалады. Мен оған түбегейлі қарсымын. Оның астарында ұлтқа беделді тұлға қалдырмау керек, ұлт қадірлейтін ешкім қалмауы керек деген, сырттан таңылған кері ықпалдың әсері бар сияқты сезіледі. Әдебиетімізді тұрпайы әлеуметшілдіктен арылтып, ұлтымыздың тарихына, тамырына оралуына осы алшын-ұрпақ ерекше әсер етті. Олардың ішінде Мұқағалиымыз, Жұмекеніміз, Төлегеніміз, Қадырымыз, Шерхан, Сағи, Өтежан, Тұманбай, Фаризамыз, Дүйсенбек, Меңдекеш, Есенбайымыз, Нұрғиса, Шәмші, Әбілахатымыз, Әсетіміз жүр. Бұл - жоқ болып кете жаздаған, бірақ қайтадан күллі дүниеге сеніммен қарай бастаған, көкірегінде үрей де бар, бірақ үміті одан үлкен, рухани әлемі, сағынышы, романтикасы бөлек толқын. Советтік кеңістікте өскен бізге, совет әдебиеті, оның ар жағында Еуропа әдебиеті де жақсы таныс. Ол ықпалдың бәрінен мен өзімді тыспын деп есептемеймін.

Соныменен, әдебиете келіп қалдық. Жол көрсеткен, бағыт сілтеген, маңдайымыздан сипаған ағаларымыз көп. Бәрін айту қажет те емес шығар.

- Өртеңге өскен ұрпақтың сағынышы, романтикасы бөлек деп қалдыңыз. Сіздің буынның арман-аңсары не еді?

- Қара басымның мысалымен айтар болсам, Тәуелсіздікті аңсадық. Сол аңсар Желтоқсанға жеткізді. «Жас тұлпардың» әсері де болды. Көкірегімізде солардың ісін жалғастыратын бірдеме жасасақ қой деген арман жүрді. Сол кезде қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі туралы айта бастадық. Мектеп қабырғасынан шыға, сондай әңгімелерге әуес болдық. Оған Бәукеңдердің, Рымғали Нұрғалиев сияқты үлкен тұлғалардың да әсер еткенін айтқым келеді. Әртүрлі жолдармен бізге тәуелсіздік туралы ұғымдарды сіңіріп еді олар...

Тарихта екі адай көтерілісі болған, біреуі - патшалық отаршылдыққа, екіншісі - советтік отаршылдыққа қарсы. Екеуі де қанға боялып, тұншықтырылып басылды. Ғайыптан тірі қалған ең соңғы сарбаздары жуырда ғана дүниеден өтті. Мен сол кісілерді көріп өстім. Сондықтан маған азаттық үшін күрес ұғымы жөргегімнен таныс десем, асырып айтөандық емес. Мысалы, Есболайұлы Байғали деген ақсақал болды. Шынжыры үзілмеген батырлар ұрпағы. Сабытай деген атасы Салқам Жәңгірдің бас сардарларының бірі болған. Махамбетің:

Әдірә қалған Нарында...

Ата менен ана бар,

Іні менен аға бар,

Қатын менен бала бар,

Қарындас халқым және бар.

Жалғыз ұлым Махмұт

Бекетай құмның ішінде

Жылап бір қалған со да бар, - деген өлеңіндегі Махмұттың қызы Нұрбикедден туған Байғали ақсақал Адай көтерілісінің жауынгері еді. Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып тұтқынға түседі, одан қашып шығып француздың азаттық армиясына қосылады, от пен судың арасынан аман келіп 80-жылдардың аяғында өмірден өтті. Қазіргі біздің шығармаларымыздағы немесе ауызекі әңгімелеріміздегі кейіпкерлер мен өзіміздің арамыз аспан мен жердей болса, ол кісілердің ықылым замандардағы кейіпкерлері мен өздерінде ешқандай айырмашылық жоқ еді. Олар жырмен сөйлейтін, тарихи деректермен сөйлейтін, дінмен сөйлейтін. Болмыс-бітімдері бөлек жандар еді. Дүниенің сөзін айтпайды, тек елдік, ерлік туралы сөз қылады. Әңгіме айтқанда ботадай боздап, жылап отырады. Советтік патриотизм біздерді ер адам жыламауы керек деп үйретті ғой. Мен әлгі шалдардан батыр адам көргенім жоқ, бірақ қылықтары әлгіндей. Сондай еңсегей бойлы ерлердің, үлкен кісілердің жылап отырғандарына таңғалатынмын. Ондай жандарды қазір іздесең таппайсың. Ол шалдардың бүгінгі адамдардан сипаты неге бөлек? Қазіргі адамдар оларға неге ұқсамайды? Олардың қартайған сайын қажеттігі арта беретін. Ал қазіргі күні ел, ауыл-аймақ түгілі өзінің бала-шағасына күн өткен сайын керексіз бола беретін шалдар көп. Неге? Осының жауабын кім іздеп жатыр? Жауабы шын іздесе табылмайтын нәрсе емес қой. Солардың баз біреулері дүниеден озғаннан кейін сол әулеттің немесе ауылдың арасында берекесіздік көбейіп кететін. Соған байланысты «Е, шіркін, пәленше-екең осы ауылдың құты екен ғой», - десіп жататын. Солары жай сөз емес. Қарақан басын ойламай, елге дұға жасап, шын ниетпен береке-бірлік тілеп отыратын қариялар шынында да елге құт екен. Мұның ақиқатын кейіннен Құраннан оқып білдік.

Сол ортада өскен соң, бәлкім біраз адамдардан танымымыз, ұғымымыз, түсінігіміз бөлектеу болуы заңды шығар...

- Сіздер поэзияға ішімдікпен, тосын мінезбен келдіңіздер. Сол сән бе еді, әлде сұрапыл, дүлей ақын атанудың бір үлгісі ме?

- Сұрапыл ақын болғысы келетін шығар бәрі де. Қолына қалам ұстағасын, бірдеме болғысы келеді ғой енді. Әңгіменің шыны - оған өкіну керек пе, өкінбеген дұрыс па?.. Көп өмірдің босқа өтіп кеткеніне өкінесің әрине. Оның сұрауы болатынын білесің себебі. Мен әдебиетті киелі әлем, мені басқа бір әлемге жеткізетін бір алып өткел деп қабылдадым. 1979 жылы 10-шыны бітіріп, Алматыға келдік. Біздің Бас корпусымыз қазіргі Бөгенбай мен Панфилов көшесінің қиылысында болды. Сол жерге құжат тапсырдық. Мына жағында Жазушылар одағы бар еді. Ауылдан алысқа шықпаған бала кездегі, 17 жастағы сол сезім, Алматының сол кездегі әсері ешқашан қайталанған емес. Алматыға келген сайын іздеймін, жоқ, табылмайды. Ол кездегі адамдар да бөлектеу еді. Қазақтың кез келген ұлы болсын, қызы болсын, сәл тұрпайылау айтқанда, итінің де көкірегінде бір таза бір арман бар еді. Сол арман көкіректеріндегі тазалық сенің де жүрегіңді шайып, тазартып тұратын. Қазіргі жастарға бұл сөздерім түсініксіз де шығар. Жазушылар одағының қарама-қарсысындағы саябақта, қазіргі Әлия мен Мәншүк ескерткішінің орнында Ленин тұратын. Мен ескерткіш жақтан, ағаштардың арасынан Жазушылар одағына қарап-қарап кетем. Шын мәнінде, бір айдан аса Алматыда жүргенде асфальттан ары қарай өтуге тәуекелім жеткен жоқ. Жазушылар одағының табалдырығын аттау - мен үшін тым үлкен жауапкершілік жүктейтіндей, одақтың табалдырығын аттауға өзімді лайық еместей сезіндім. Әлі есімде, бірде саябақ жақтан қарап тұрсам, үстінде ақ кастюм-шалбар, шашы желп-желп етіп Жарасқан Әбдірашев Одақтың баспалдағынан көтеріліп барады екен. Сол кезде маған ақын періште сияқты елестеп кетіп еді. Кейін бір балладама жаздым:

Алға рет Алматыда ай жүріп,

Тоймай қарап жолдың арғы бетінен,

Ақ орданың киесінен қайлығып

Есігінен ене алмай-ақ кетіп ем...

Қазіргі жастардың көкірегінде бұл сезім бар ма, жоқ па - білмеймін. Ондай құрмет, әй, жоқ шығар.

Оған жастарды кінәламауымыз керек шығар. Заман басқа, толқын басқа дегендей. Жаңа толқыннан баяғыдағы менің жас кезімдегі сезімімді іздеп жату артығырақ болар. Өйткені ол толқындардың да көкірегін түрлі толқындар шайып үлгірді ғой.

- Сізді дінге бет бұрды дейді. Осы күні дінге бет бұру - өмірден баз кешу, дүниен тәрк ету ұғымымен егіз десе де болғандай...

- Дінге бет бұрғаным рас. Барлық жақсылықтың негізі - дін. Қадірлі жазушымыз Қалмұқан Исабаев: «Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен қатар, дінге деген көзқарастар да әр дәуірде әр түрлі болып келген. Сондықтан «дін» дегеннің не екенін танып-білу әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», - дей келіп, «Қай ел қандай жолмен өмір сүрсе де саясат, экономика, білім, тіл, жер мәселелері, сайып келгенде, ылғи да дінге тіреліп отырады екен және бәрінің шығар көзі де дін. Дінді құрметтемеген жерде халықты жасайтын өзге қасиеттердің де құны жоқ. Ал оларды жадында сақтамағандар - осы сөздің толық мағынасындағы мәңгүрт», - деп ой түйіпті. Осы сөзге толық қосыламын.

Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Қазіргі күні дінге кірген адамдардан шошу да тегіннен-тегін емес. Егер ол фанатизмге, догмаға ұрынар болса, әрине, апиынға айналады. Абайдың сызып берген маршрутымен жүріп, бүкіл дүниені аралаған, жина деген ілімінің бәрін жинап келгендегі Шәкәрімнің қорытындысы қандай:

Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,

Еш бірі түзу емес көңіл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді

Тексерсең ойың түгіл жаның сасар.

Әлемдегі діндердің түп мақсұты

Бұлжымай үш нәрседе құшақтасар:

Алла бар, ұждан дұрыс, қиямет шын

Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.

Інжіл, Құран бәрі айтып тұрса-дағы

Мағынасынан адасып қара басар.

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бұзып, дұшпандық қару жасар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді

Дін десе, білімділер тұра қашар...

Осындағы «Дін десе білімділер тұра қашар» деген тармақ біздің заманымыздағы дінге деген қатынасты дәл бейнелеп тұр. Ал одан бұрынғы тармақтарда оның себептерін тайға таңба басқандай етіп көрсеткен.

Діннің адамның баласына сыйлайтын бар жақсылығының қайнар көзі бар. Ол - жүрек тазалығы. Діннің негізгі мақсаты да адамды жүрек тазалығына жеткізу болуы тиіс. Жүректі тазарту ілімінен айырылған дін - мақсатсыз дін. Фанатизмге, мәңгүрттікке, надандыққа ұрыну тап осы мақсатсыздықтан бастау алады. Мұндай дін жүректі тазартпайды, керісінше, дін ұстамағаннан жаман қарайтады. «Ұстағаның қай дін деп, Ойламайды кіммін деп, Жүрегінің таты бар», - дейді Шәкәрім данышпан бұл хақында. Сіздің сұрағыңызда айтылған дінді дүниеден безу деп есептейтін түсініктің жалпылық сипат алуына да себеп болған осындай мақсатсыз діндер.

Діннің жүректі тазалау ілімін біздің бабаларымыз жақсы білген. Ол Қожа Ахмет Ясауи ілімі, яки хал ілімі деп те аталады. Хал ғылымының негізгі ладуни ілімінен бастау алады. Ол Ясауи бабамыздың өзі ойлап шығарған діні емес, Алла Тағаланың Пайғамбарым (с.а.у.) арқылы жіберген Хақиқат ілімі. Осы іліммен сусындаған жан ешқашан көрсоқыр фанат, дүниеден безген надан болмайды. «Захид болма, абид болма, ғашық болғын», - дейді Ясауи бабамыз. Қазіргі тілмен айтқанда, «Білмей тақуа болса, көзсіз құлшылық иесі болма, ғашық бол», - деген. Ғашық - Құдайлық махаббатқа қол жеткізген адам. Мұндай махаббат иесі дүниеге де ғашығының мүлкі ретінде құрметпен қарайды. Ол осы халде қалайша дүниеден безбек, оны тәрк етпек?! Мен осы ілімді меңгеру жолында жүрмін, сондықтан дүниеге құл да болмаймын, одан безбеймін де.

- Ұлттық мүдде мен мұсылмандық мүдде қарама-қайшы ұғым емес қой?

- Қайшы келетін болса, ол дін емес, жасанды доктриналар. Дін атын жамылып, елді ылаңға салып жатқан сұмпайылықтың бәрі осыдан шығады. Бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен жолы бар. Ол мұраларды тірілті, даналықты ұрпақтың жүрегіне жеткізе алсақ, ұлттық иммунитет қалыптасады. Ұлттық иммунитет қалыптасқан жерде бізді ешқандай дерт алмайды. Білімдарлардың бір қателігі - араб экспансиясы мен ислам дінін шатастыру. Өздерін тәңіршілміз дейтін де бауырлар бар. Олар: «Ислам діні бізді бүкіл мәдениетімізден айырды, түркілік тамырымызға балта шапты, көне ескерткіштеріміздің бәрін құртты», - деп ойлайды. Түбірімен қате түсінік. Шын ислам ешкімнің ұлттық құндылықтарына қиянат жасамаған.

Қазақ: «Көргенсіз дегенге арланба, тексіз дегенге арлан», - дейді. Тексіз деп - құдайлық ілім арқылы келген ата-бабасының бар құндылығынан бас кешкен жанды айтады. Демек, тексіз - дінсіз деген, дінсіз - тексіз деген сөз. Біз осыны айқындап алуымыз керек. Түркілік тамырға үңілу - бақсылықты дәріптеу емес. Бақсылық - жынмен жұмыс жасау. Демек бақсы - жарым-жартылай жынды. Ал Алла Тағаланың жын әлемінен басқа да сансыз көп әлемдері бар емес пе?!

Осы күні рух туралы көп айтатын ақын-жазушылар бар. Солардың біреуіне «Үш қиян» газетінің тілшісі «Рух деген не?» - деп сұрақ қояды. Әлгі: «Ондай ұсақ-түйек сұрақтарды қойма!» - дейді. «Одан үлкен қандай сұрақ болуы мүмкін?», - дегенде, «Енді қазақ тілінің проблемасын сұрасаң болмай ма?», - депті шайыр ашуланып. Шындығында, рухыңның мәселесі шешілмесе, қазақ тілінің проблемасы ешқашан шешілмейді.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы біз үшін үлкен мереке, бірінші кезкте, шүкіршілік. Тәуелсіздіктің туы астында бір-бірімізге күліп отырып қара су ішкеннің қандай бақыт екенін бүгінгі ұрпақ сезінбегенімен, кешегі бабаларымыздың қанды жасын көрген біз сезінеміз. Ал егер тәуелсіздіктің жиырма жылдығында теледидарды ашып қалсаңыз, қаймана қазақтың аузынан шыққан жеті сөздің бесеуі басқа тілге айналып жатса, оған шүкіршілік етудің қажеті жоқ. Қарапайым ауыл тұрғындарының өзінің тілі шұбарланған, тілдің шұбарлығы, ділдің шұбарлығынан басталады. Ділдің шұбарлығы - кәміл діннің жүректе өшкендігінен.

Рухани болмысы арабтанып, саяси болмысы парсыланып, өлім халіне жеткен түркі халқын қайтадан тірілтіп алған Құл Қожа Ахмет Ясауи болатын. Қожа Ахмет Ясауи бабамызды Кеңес үкіметі реакцияшыл, мистик ақын ретінде бағаласа, тәуелсіздіктен кейін ол шығыстың ұлы шайырларының бірі ретінде ғана танып келеді. Ал оның жолын насихаттағандарды біз жау көреміз...

Осы күні «қалыпты ислам» деген термин шықты ғой. Оның артында «қалыпты вахабизм» деген құрдым саясат тұрмаса екен деген қорқынышым бар. Әйтпесе, «қалыпты ислам» деген сөздің өзі дұрыс тіркес емес қой. Исламның өзі - қалыпты. Оған анықтауыш қосудың ешқандай қажеті жоқ. Бір жігіттің айтқан сөзі бар еді: «Қой жемейтін қасқыр бола ма? «Қалыпты вахабизм» - «мейірімді фашизм» деген сөз. Ал ондай нәрсе болмайды!» - деп... Тәуелсіздік алған тұста билік басында атеистік қоғамның тәрбиесін көрген азаматтар жүрді. Олар кейінгі ұрпақтың дін іздейтінін дер кезінде бағамдамай қалды да, заңдарымыз шикі, пәрменіміз күйкі болды. Соның нәтижесінде, бос кеңістікке жат идеология лап қойды. Қазір соның ащы жемісін жей бастадық.

- Осындай жаулық ниеттен қашу үшін қазір адамгершілік істерді істесем, жолымның ақтығы сол емес пе дейтіндер де табылады.

- Сіздің адамгершілігіңіз діннен бөлек емес. Ысмайыл Қазығұрти деген атамыз өткен. Сол кісі кітабында жүректің қараюы не нәрседен, тазаруы не нәрседен деген сұрақтарға жауап береді. Бос сөз, арзан күлкі, шүбәлі тамақ, надандармен дос болу - жүректі қарайтады дейді. Біздің қоғамда не үстемдік құрып тұр? Бос сөз.

- Қала берді агент бар.

- Ол да бос сөз ғой. Бос сөзден кейін бос күлкі туа ма? Бос сөз, бос күлкісі бар адам тамағының адал-арамына назар аудара ма? Ол адамның айналасы надан болмай кім болады?

Жүректі қарайтатын осы төрт шарт қоғамда үстемдік құрып тұрғанда, тазалық туралы, я болмаса Жазушылар Одағына талдың арғы жағынан сығалап қарап жүретін ауылдың жетім көкірек баласы туралы «миф» айтудың қандай орны бар? Жүректі тазартудың тәсілдері, ілімі бар. Ол ілім Құдайдың жәрдемімен туған топырағымызға қайта айналып келді. Ол ілімді ұстаушылар теперіш көріп, тепкіленіп жатыр. Асқар Сүлейменов марқұм П.Я.Чаадаевтың бір сөзін айтудан жалықпайтын: «Өзінің құлдығына қорынбаған халық шіріп өлсе - сауап». Өз жараңды емдемесең, оны ешкім жазып бермейді. Ол жараны жат идеология салды ғой. Алайда емдеу өзіңнен. Қазақ не нәрсені де жеңіл-желпі айтпаған. «Ауруын жасырған арам өледі» дейді. Арам өлуден өткен не сұмпайы нәрсе бар? Арам өлу деген - имансыз кету ғой. Имансыз кетпеуі үшін мәселеге шындап қарайтын уақыт жетті.

- Сіз айтуын айтып жүрсіз. Бірақ тыңдар құлақ табылмасын көргенде осының бәрін мен бекерге істеп жүрген жоқпын ба деп түңіліп кетпейсіз бе?

- Түңілмеймін. Себебі мен ұлы бабаларымның көптеген мұраларымен таныспын. Алдымызда не күтіп тұрғанын сеземін. Сондықтан мен үмітімді үзбеймін. 2002 жылы Әбіш Кекілбаев ағамыз «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығын алуға барды. Сонда Стамбулда оқып жатқан қазақ жастарымен кездестік. Солардың бірі:

- Түркиядан барған жастарымызды шеттетеді екен, мемлекеттік қызмет ұсынбайды екен, біздің Қазақстанда сондай жаман тенденцияның бары рас па? - деп түрін суытып алып сұрақ қойды.

Бұл сұрақ Әбіш ағама қатты тиді:

- Қарағым, шамам келгенше, маңдайымның тері, көзімнің жасы, табанымның кірімен «қазақ болсын, қазақ толсын» деп жүрген жанмын. Бірақ қақсам - қалтамда көк тиын жоқ. Қазақстанның мемлекетіне Қазақстанның мемлекеті маған не береді деп емес, мен Қазақстаныма не беремін деп, күні-түні еңіреп жұмыс жасайтын адам керек еді. Мен бірақ қазақтың Құдай атып кеткен жігітінен де үмітімді үзбеймін. Себебі оның белінде қазақтың болашағы жүрген шығар деп үміттенемін, - деді ашынып.

Сол сияқты мен де ертең қазіргі кеспірсіз бейнесіне өздері түкіретін, иманы оянған күні өзінің қазіргі бедерсіз кейпін танып, соған өкінетін, сол өкініш арқылы тәубаға келетін, үлкен кемелдікке жететін бауырларымды күтемін. Сондықтан ешқашан түңілмеймін. Себебі, бір жарық таңның ататынына сенемін.

- Қазақтың болашағына сенесіз ғой?

- Әрине, сенемін. Қазақтың болашағындай болашақ жоқ ешкімде. Қазақтың болашағы - адамзаттың болашағының кепілі. Оған менің иманым кәміл. Абай айтқан Алланы сүю, адамды сүю, әділетті сүю деген үш сүю бар ғой. Сол үш сүю жүрекке орнайтын күн келеді. Мысалы, қазақтың ұлық әулиесінің бірі, Құл Қожа Ахмет Ясауи ілімінің қазақ даласындағы соңғы ірі мұрагері Мәшһүр Жүсіп Көпеев атамыздың «Замананы болжау» деген шығармасы бар. Отыз бірінші жылы Ақбеттауда көтеріліс болады. Сол көтерілісте қызылдардың жасанған армиясынан қазақтың шиті мылтықты қолы быт-шыт болып жеңіледі. Тоз-тозы шыққан қол, «Қазақтың бір әулиесі еді, бізге не кеңес берер екен», - деп Мәшекең осы «Замананы болжауын» айтқан ғой.

Толғау:

Мың тоғыз жүз, міне отыз бірінші жыл,

Жылқы кетіп, қой келді - мұны ырым қыл.

Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің

Қой анасы бестен деп бусайшы бел, - деп басталады.

Сондағы айтып отырғаны - жылқы кетіп, қой келген осы мүшелді еске сақта, ырым қыл дейді. Енді бес мүшелден (бір мүшелде он екі жыл бар. Он екіден бес мүшелді есептесең, алпыс жыл. Мәшекең жырлаған отыз бірінші жылға алпысты қосқанда, 1991 жыл болады) кейін тәуелсіздік келетінін айтады. Сол «Замананы болжауында» Мәшекең «Отыз екінші жылы үрерге итің, сығарға битің қалмайды», - дей келе, дәл қазіргі уақытқа да тоқталады. Бір қызығы, келер жылдардан бастап бізді үлкен жақсылықтар күтіп тұрғанын мәлімдейді. Ал мен Алла Тағаланың әулиесі алдамайтынына бек сенем.

- Ал қазіргі жастардың көбінде түңіліс басым.

- Түңілу - иманның төмендігінен.

- Дінге келгелі сіз ақындық мұратыңыздан, шығармашылық мақсатыңыздан алыстап кетті деп жатады. Бұл сөз қаншалықты рас?

- Бұл сұраққа жауапты әріден қозғайын. Күллі адамзаттың көкірегін көркейткен ұлылар бар. Шығыстың жеті жұлдызын алайық, мысалы. Содан бастап адам санасы өлшеп болмайтын рухани биіктерге көтерілген, әлем мойындаған ұлы тұлғалар жетерлік. Гетеміздің өзі шығыстың жеті жұлдызының біреуі төменірек болатын болса, мен соның қолына су құюға жарамаймын деген бағытта әңгіме айтқан. Солардың бәрі кімдер? Хақ жолдағы сопылар ғой. Хал ілімінің өкілдері. Қожа Ахмет Ясауи «Хақтан пәрмен болып 4400 хикмет жаздым» дейді. Оның бәрі шығарма емес пе? Дінге кірген жан жазбай қалатын болса, бұл не? Ия, дін атын жамылғандарда мұндай тенденция байқалады. Мекемтас Мырзахметов ағамыз бір айтыс ақынына: «Қарағым, саған Құдай Тағала ақындықтың тәжін кигізді. Ол тәжді патшаға кигізген жоқ, ал сен сол тәжді дұшпанның аяғының астына лақтырдың», - деген екен. Ал мен ақындық тәжімді ешкімнің аяғының астына тастай алмаймын.

Егер руханиятқа келмегенімде, не боларымды Бір Құдай біледі. Мен негізгі шығармаларымның көбін осы руханиятқа келгеннен кейін жаздым. Құдайға шүкір, өз замандастарымның ішінде недәуір еңбек еткен жанның бірімін. Мысалы қазір 150 баспа табақтың үстінде поэзиялық шығармам бар. Құдай ғұмыр берсе, мүмкіншілік болса, алдыма үлкен мақсаттар қойғанмын. Біздің тарихымыздағы ең бұлағайлы кезеңдер хақында дастандар жаздым. Бұлғақты заманның бірі 17 ғасыр болса, «Еңсегей бойлы Ер Есім» деген де дастаным бар. Одан ары қарай тереңдеп, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір жайлы көлемді шығарма жазсам деген ой бар, қала берді Әзірет Сұлтан бабамның заманы туралы тарихи-рухани дастан бастасам деймін. Осыларды жазсам, қазақ тарихының мыңжылдық ғұмырына поэтикалық шолу жасаған болып шықпаймын ба? Осының бәрі бір кісіге аз еңбек емес шығар. «Ай таранған түн», «Әулиелер әуезі», «Европа поэзиясы, ХХ ғасыр», «Европаның классикалық поэзиясы» атты кітаптарым жарық көрді. Соңғы үшеуі - тәржіма. Француздың Поль Элюар, немістің Готфрид Бенн, румынның Тудор Аргези, италиянның Эудженио Монтале сынды өз заманында құбылыс болған ақындарының шығармаларымен қазақ оқырмандарын таныстырдым. Француздың әйгілі ақыны Артюр Рембоның жырларын өз тілімде сөйлеттім. Қытайдың ұлы ақыны Ли Байдың көптеген өлеңін аудардым. Қазір Әзірет Сұлтан, Пір Сұлтан Абдал, Қазақ Абдал, Шах Хаяти, Ниязы Мысырилардың хикметтерін өрнек-уәзінге түсіру үстіндемін. Және модернистік ағымдардың жетегіндегі Батыс адамзатқа не берді, Хақ жолдағы Шығыстың шайырлары не тындырды деген сауалдың жауабын құр сөзбен емес, іспен, яки салыстыру арқылы дәлелдеу үшін «Батыс - Шығыс баяны» деген атпен кітап жариялайтын шығармын деп ойлаймын. Сондықтан мені бастапқы мұратынан адасып қалды деген өтірік әңгіме, шынымен жаны ашитын адамдар болса, қазіргі шығармаларыммен таныссын. Жақында «Ақжелкен» журналының тілшісі де «Сіздің сопылық жолға түсіп кетуіңізге әдеби ортадан алыс жүруіңіз себеп болған жоқ па?» - деген сұрақ қойды.

- Расында, сіз сонау алыстағы Маңғыстауда жатырсыз ғой.

- Озалдан бері ортамнан ажырап көрген жан емен. Әлі де сол ортамда келе жатырмын деп есептеймін.

- Бірақ ақындар «провинцияда туып, Парижде өледі» деп жатады.

- Бұл ұғым қазір мәнін жойған. Ақырзаманның алдында қалалардың арасы жақындайды деп Пайғамбарым айтқан. Қазір сол кезең. Алыс аймақтарда, мысалы, Ертай мен Бауыржан Ақтөбеде, Ақсұңқарұлы Қарағандыда, Тыныштықбек Семейде, Есенқұл Ұзынағашта, Сұраған Бай Өлкеде өз шаруаларымен айналысып жатыр. Мен де солардыі бірімін.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Қазақ әдебиеті» газеті.

30, 29 шілде 2011 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054