Жексенбі, 24 Қараша 2024
Пікір 6138 11 пікір 3 Қазан, 2019 сағат 13:58

Аударма әлі ақсап тұр

Біздің ең бірінші проблемамыз – науқаншылықтан құтыла алмай отырмыз. Көркем шығармаларымызды науқаншылыққа салып не ұтып жатырмыз? Я автордың ерекшелігін көрсете алмасақ, не халқымыздың жұрт сүйінетін бір қасиетін көрсете алмасақ, қаржыны қайда шашып жатырмыз? Мақсат не? Аударма деген шығарманың өзі іспетті жылдап жазылатын дүние ғой. Кеше ғана Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деген бүгінде біраз оқырманға танылып қалған романының ағылшын тіліндегі аудармасын қарап шығамын деп, жағамды ұстадым. Маған да сол науқаншылықпен аударма қолжазбасын түпнұсқасымен салыстыра тексермек түгілі романды оқып шығуға да жетпейтін уақыт берілді. Амал қанша осы саланың маманы болған соң қарауым керек. Баспаға кетіп бара жатқан еңбектің ағылшын тіліндегі нұсқасын сипаттауға тіл жетпейді. 

Орысшадан гугльге салып алғандары сол күйі көрініп тұр, машинадан өткізіп алған аудармасының бір жерін түзетсе, бір жерін түзетпеген. Ұлттық мәдени ұғымдарымыз шала шарпы, кейбірі қате түсіндірілген, бірі болса, бірі жоқ, әйтеуір түсіндіру керек еді дейтін түсінік бар тәрізді. «Асар»-ды бүкіләлем бірігіп жасайтын бизнесс дей ме, «мал сою» дегенді «малды пышақ салып өлтіру» деп аударып кете берген. Ономастикалық атауларымыз бір есімдердің әркелкі жазылғанымен қоймай, орысша  Semirechiye, Semipalatinsk, Ust-Kamenogorsk, Yableneva (Алмалы дегендері) болып жазылған, одан қалса,  Amira, Kaysekena деп орысша жалғауларын қалдырмай ертіп жүр. Не жоқ десеңізші ішінде, тыныс-белгі, басқа ұсақ-түйегін айтпай-ақ қояйық, ең қызығын айтайық, «сәуегейлік, көріпкелдігі бар кісі» дегенді Пайғамбар деп қойып қалады екен. Орысшадан аударылса, орысшасы сондай болып тұрғаны ма сонда?  

Бұрын «Көшпенділер» трилогиясының аудармасын басқалар аударып бізге осыншама зиян келтіріпті деп жазып едік. Бірақ ол өзгеге тәуелді күнімізде болған еді. Енді мынаған не айтарымызды да білмей қалдық қой. Қазір Тәуелсіз ел болғалы да 30 жылға таяп қалды емес пе? 

Айтпақшы, бұл аударманы Әлібек аға ағылшын тілінің өзінің тіл өкілі оқып шықсын деп Еуропаға да жіберіп алған екен. Бірақ әлгі тексерген кісі әр жерінен бір түртіп, түзете алатын қателерін деп түзетпепті, «дайын аудармасы мынау болса, бұларға бәрібір емес пе?» деді ме екен, әлде сол уақыт жетпеді ме екен, маған әлі сол жағы түсініксіз. 

Енді талдап көрсек...

Біріншіден, аудармашылардың орысшадан аудару себебі мәтінді гугльге бір салып алу көп жеңілдік тудырады, ғаламтор орысшадан жақсы аударады. Біз, мәселен, өз басым, осы саланың маманы бола тұра, ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын онлайн аудармасын жетілдіруге үлес қосып жатқан жоқпын, уақытым жетпейді. 

Екіншіден, мына шетке шығып бара жатқан аударманың артында қалың елім тұр, мен тұрмын деп, жанын шүберекке түйіп отыратын аудармашылар жоқ десек қате болар, аз да болса бар шығар, бірақ біз оларды таба алмаймыз, жақсылап іздемейміз. 

Үшіншіден, білім мен біліктілік жетіспейді. Мемлекеттің үш тілді саясатты ұстанып келе жатқаны бүгін емес, ағылшын тілінде осындай жұмыстарды атқара алатын мамандарды кәдімгідей қолға алып, сақадай сай қылып қоятын уақытымыз еді қазір. Кез келген аударма саласынан маманданған аудармашы ақпараттық стилде жазылған мәтіндерді аударып кете берсе де, көркем әдебиетке келгенде мәселе басқаша екені белгілі. Көркем туындыны түпнұсқа авторына бергісіз шебер ғана аударады. Сөзге ұсталықтан кенде қалмаған үлкен халық болсақ та, халық мүддесін бірінші орынға қоя алмай, шынайы мамандарды іріктеуге келгенде ұсақталып кетіп, тамыр-таныстыққа жол беріп алып отырған жоқ па екенбіз деген ойымды да жасырмайын.  

Төртіншіден, ізденіс жетіспейді. Керек болатын болса, бір сөйлем аудару үшін зерттеу жұмысын жүргізу керек.

Осы аталғандарға енді сол басында аталған   науқаншылық деген нәубәтті қосыңыз. Маңыздылығы тұрғысынан басты себептердің бірі болса да, сөз реті тұрғысынан бесінші деп белгілеп қояйық. Сонымен, аударма қайдан болсын?! Айта берсек, аудармаға жол ашу деген сөз, Нобель сыйлығын алатын шығармаларымызға жолын ашу деген сөз емес пе? 

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572