Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 3500 3 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 11:52

Су ішеміз бе, у ішеміз бе?

Жақында өзімізге осындай сұрақ қоятын сияқтымыз. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген елдің ұрпағы едік. Қазір бұлақ дегенді ұмыттық. Су өз-өзінен пайда бола беретін тәрізді. Алдымен терең зарттеп, зерделеп алмай қазу, ұңғу жұмыстарын жүргізуге болмайды. Осы қағида ескеріліп жүр ме? Жер асты суының өз заңдылығы бар. Жаратушының құдіретімен, Табиғат Ананың заңдылығымен су жер астында өз жолын тауып жиналып, сүзіліп, сусыз күні жоқ тіршілік біткеннің ындыны кебуінен сақтап тұр. Алайда сол табиғаттың заңына жиі қол сұғып, ойымызға келгенді жасайтын болдық. Мақсатымыз - мүмкіндігінше көбірек кен, мұнай тағы басқа шикізат өндірсек болды. Арман мұратымыз – ақша. Күндердің күнінде сол табиғат қаһарына мінсе ұлы шөл басталады –ау деп ойламаймыз да... Өкінішті...

Парламенттің Жоғарғы палатасының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында депутат Марат Тағымов Үкімет басшысы Асқар Мәминнің атына депутаттық сауал жолдап, онда әлемде таза ауыз су көздерінің тапшылығы анық байқалып отырған заманда еліміздегі жерасты ауыз су көздерінің қорын сақтау мен оның ластануына жол бермеу орнына жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде көмір сутегі шикізатын игеріп жатқан алпауыт компаниялар жерасты су көздерінің мұнай қалдықтарымен ластап жатқанын ашық айтты.

«Осындай жағдайдың басты бір мысалы Ақтөбе облысындағы Темір мен Мұғалжар аудандары тұсында орналасқан «Көкжиде» құмды алқабындағы жерасты ауыз су орны. Бұл ауыз сумен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары тұрғындарын да жабдықтау жоспарланған еді. Ең алдымен, «Көкжиде» алқабының ел аумағындағы экологиялық, ғылыми және мәдени алатын орны мен маңызы аса айрықша. «Көкжиде» құмындағы судың минералдануы, жұмсақтығы және басқа да сипаттамалары әлем ғалымдарын таң қалдырған. «Көкжиде» табиғат таңғажайыптары Үкіметтің арнайы қаулыларымен республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорықтық қордың геологиялық және гидрогеологиялық тізіміне енгізілген. Ал соңғы жылдары барлық зерттеулер «Көкжиде» құмдарының, жер асты суларының мұнай өнімдерімен мықты ластануын көрсетуде. Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің деректеріне сәйкес көмірсутек шикізатын барлап өндіретін  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС және «Қазақ Ойл Ақтөбе» ЖШС сынды мұнай компаниялары Көкжиде жерасты суының сапалық құрамына теріс әсерін тигізуде», - деді сенатор.

Осы облыстан сайланған депутат ретінде Марат Тағымов бұл мәселені жұрттың айтуы бойынша емес, нақты біледі. Сондықтан да ол депутаттық сауалында төмендегі деректерді айғақ ретінде келтіре отырып, қалыптасқан жағдайды Үкімет басшысының назарына нақты мысалдармен көрсете айтып өтті.

Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырмасымен 2008 жылдан бастап жүргізілген мемлекеттік экологиялық зерттеулерге қарағанда «Көкжиде» жерасты суларындағы мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның артуы анықталуда. Егер нақты деректерге сүйенсек, бақыланған ұңғымаларда шекті рұқсат етілген концентрацияның 1,3-тен 8-ге дейін көтеріліп, екінші бір мысалда 1,66-дан 1,82-ге дейін өскеніне көз жеткіземіз.

Нәтижесінде мұнай компаниялары «Кокжиде» қорық аумағын екі есеге азайтып, ал шетелдік инвесторлар 3-5 жыл аралығында саны 300-ден асқан барлау ұңғымаларға тағы жүзге жуық барлау ұңғымаларын бұрғылау көздеп отыр. Сарапшылар болса мұнайды алқап суларына енген, деп мойындайды.

Тұжырымдап айтқанда, көмір сутегі шикізатын шығаратын компаниялардың «Көкжиде» құмды алқабындағы қызметі мен іс-қимылдарын жан-жақты қатаң бақылауға алып, игілікті болашағымыз үшін тіпті қажет болса олардың қызметін шектеу бағытындада біраз жұмыстар жасау қажеттігі туындауда.

Осылай деген Сенат депутаты қолдағы мәлімет бойынша «Көкжиде» кен орнының жерасты суларының эксплуатациялық қорын қайта бағалау мақсатында толық барлау жұмыстарын жүргізу үшін Республикалық бюджет есебінен 300 миллион теңге қаражат бөлінгенін, бірақ бұған шамамен 1 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет екендігін, ал бөлінген қаржының тым мардымсыз екенін атап айтты.

«Алаңдататыны, «Көкжиде» құмы мен жерасты суына байланысты белгіленген ауқымды жұмыстардың деңгейі тым баяу өткізілуде»,- деді сенатор.

Сенатор Марат Тағымов Үкімет басшысына осынау аса маңызды мәселеге көңіл аудару талабын қоя отырып, «Көкжиде» құмдары және «Көкжиде» жерасты сулары табиғи-қорықтың байлығын сақтап қалу мақсатында, жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды барлау және өндіру кезінде қоршаған ортаны сақтау талаптарын қатаң орындауын қадағалауға тәуелсіз экологиялық ұйымдарды жұмылдыруды, «Көкжиде» жерасты суларының қорын, оның геологиялық құрылымы мен ағыстық қозғалысын анықтауды  сұрады.

Расында жер асты сулары арналарының бұзылуы, ластануы, тіптен құрамы өзгеріп улануы тұрғысындағы ақпараттардан жұрт хабарсыз. Шикізат өндірудің қызығына түсіп, ең басты байлығымыз – таза ауыз су қорын сақтау, таза ұстау мәселесін естен шығарып, ертең су орнына у ішіп жүрмейік.

Әділбек Қаба

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641