Жексенбі, 24 Қараша 2024
Зерттеу 4965 3 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 10:52

Ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі босқындық мәселесі

(Жалғасы. Басы: бірінші, екінші)

Қатипа деген шешеміз болды. Абысындары мен құрдастары ол апамызды: «Бір қап тарыға сатылып келгенсің», деп әзілдеп жататын. Ол кезде ол әзілдің тереңіне бойламайтын едік. Кейін түсіндік қой. Сөйтсек, Қатипа апамыз босқын қырғыздың қызы екен. Жаяу-жалпы жан сауғалап қашып бара жатқан қалың қашқын жол жүруге кедергі келтіре берген соң болар Қатипа апамызды көш жолдың бойына отырғызып, жанына бір қап тарысын қойып, ары қарай кете беріпті. «Жолай өткен бір жанашыр жан кездессе, жаны қалар» деген жансебіл үміт болса керек. Құдай оңдап Күреге (ҚХР, Қорғас ауданының бұрынғы орталығы) съезге бара жатқан атам Омарақын Жансарбайұлына кездесіп, бауырына салып, бағып, ержеткізеді. Кейін келе баласын жолға тастап кеткен қатігездікке өшіге қарап, санама сыйдыра алмай жүрдім. Енді сол аянышты тарихты сарғайған газет беттерінен оықып отырып, өткенге деген өкпем тарай бастады. Бірақ басқаға деген жаңа бір реніш жүрегімде қаулай бастаған сыңайлы.

Расында, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін тануда бүгінгі оқырманға ең бір көмескі жағы – босқыдық мәселесі. Бүгінде «Қытай ауып кетіп, босқын болыпты» деген сөзді жиі естиміз. Бірді-екілі маманның жазғандары болмаса, осы мәселе түбегейлі зерттеліп, халыққа егжей-тегжейлі түсіндірілмеді. Құғын-сүргіннің ауқымы мен қаталдығы керемет болды. Ол жайындағы мағлұматтарды жоғарыда келтірдік. Бұл арадағы шындықты Ресейдің демократиялық жұртшылығына жеткізе білген қазақ зиялылары көсемдерінің еңбегі аз емес. 1916 жылдың қыркүйегінде-ақ Гос Думаның еңбекқорлар фракциясының көсемі, Ресейдің болашақ Премьер-Министрі А.Ф. Керенский істің жайымен танысу үшін Түркістан өлкесіне шығады. IV думаның ісі басталар тұста Әлихан Бөкейханов Петроградқа аттанады, ондағы мақсаты жазалаушылардың айуандығы туралы жиналған дерекетер бойынша депутаттардан сауға сұрау  еді.

«Қазақ» газетінің №231 нөмерінде «А. Найман Қожа баласы» деген атпен жарияланған мына бір мақаланы оқыған адамның төбе құйқасы шымырлайды: «Өзім 25 апрельде Қапалдан Құлжаға келіп едім. Бұл Құлжа алабына босып келген қырғыздар орыс әскерлерінің талауынан қалған малдарын Қытай жеріне алып өткен соң, Қытай шерігі, Құлжа ақсақалы Нұр-Ахун, консул – бәрі компания болып, «орыс жеріне қайта айдаймыз» деп қорқытып, ... бұл малдарың қолдарыңда тұрса, қытай кісілері талап алады. Менің атыма шығарып беріңдер, сақтап беремін», – деп 9000 мың жылқыны Текеске қыркүйек айында айдатып жіберген екен. Осы күнге дейін жылқыдан да Нұр-Ахуннан де дерек жоқ. Қытай жеріне азғырып өткізіп алып, орысты мынадай қылған қырғыз Қытайға келіп не оңдырады. Оданда құртыңдар деп, қалмақ, Қытай әскеріне сөз беріп талатқаны – адам баласы түгіл хайуанды аярлық болды деседі. Аштықтан, суықтан босқын қырғыздардың жүзден үш есенің екісі өлген. Қазір топалаң тиген қойдай аштан қырылып жатыр. Өлгенін көмуге де халдері келер емес.

Бұл босқын қырғыздардың қатын-қыздарын Қытай солдаты, қытай, дүнген, қашқарлық сарт қатынданып алған. ...Құлжаның көшелерінде қырғыз тіленшілерінен кісі жүре алатын емес. Тіленшілік еткен қырғыз әйелдерінің киімдері тозғандықтан құрым киізден денесін жабарлық лыпа жамылып жүр. Қырғыз халін көрген қазақ жігіті болса шыдай алмайды, жылайды: қайсыбіреулері көшеде шалқасынан жығылып өлейін деп жатқаны. Қайсыбіреулері шаһардың тысында, далада ауырып өлейін деп жатқаны».

Бұл кезде билігі ғасырларға созылған Цин династиясы өмір сүруін тоқтатып, Қытайдың орталық билігінде алмағайып күндер туып тұрған еді. Қырғыз-қазақтың босқыншылық дүрбелеңі осыған тұспа-тұс келді. «Қазақ Ұлт-азаттық қозғалысы» атты көптомдықтың 11 томына 1912–1928 жылдары Шыңжаң өлкесінің генерал-губернаторы болған Яң Зыңшиннің «Өткен жазбалардың толықтамасы» кітабынан 1916 жылға қатысты 16 құжат тарихшы Нәбижан Мұхамедханұлының аудармасымен беріліпті. Ол құжаттарда шекара асып кетпек болған қазақтардың мал-мүлкін орыс солдаттарының талан-таражы қылғаны және көптеген адамды атып өлтіргендігі айтылады. Тіпті, орыс солдаттары әйелдер мен балаларға, кәрі-құртаң мен жаралыларға оқ жаудырған. Сондай-ақ, босқындардың бетін қайтаруды көздеген қытай әскері бірнеше дүркін оқ атып, тоқтатпақ болады. Бірақ екі жақтан бораған оқтың астында қалған халық шекараны бұзып өтеді. №11 құжаттағы Го Ибао мәліметінде: «Ресейдің қолбастаушысы өзінің бес офицерін біздің қарауылымызға жіберіп: «Ресейдің бүлікші қазақтары Қытай жеріне кірсе, неге оларды атып өлтіріп, бізге тапсырып бермейсіңдер?» деген. Бүгін сіздердің әскерлеріңіз ол қазақтарды кенеттен зеңбірекпен атқылады. Ол қазақтар амалсыздан қытай жеріне қайта жапырыла қашты. Дүние жүзі халқының алдында гуманизмдік тұрғыдан қашып келген бірнеше түмен қазақты тірідей сендерге ұстап беріп, өлтіре алмайды», – деп анық жазылған.

Ал, №12 құжатта Іле батальонының командирі Бао Жүйшүйдің мәліметі берілген. Онда батальон командирі босқындардың айырылып қалған малын Ресей консулдық басқармасы хат жазып, орыс офицерлеріне тапсыруды талап еткендігі айтылады. «Табылған мал қазақтардың жан бағасының көзі. Оны Ресей шенеуніктеріне қайтарып берсек, онда қазақтардың тамағы мен киер киімінен айырылады да аштан қырылады. Ресей өркениетті, ұлы ел бола тұрып, не үшін осыншама рақымсыздық істейді?», – деп жазылған.

Қытай билігі құғын-сүргін көрген елге осылай қайырымдылық жасап жатқан кезде ол жақтағы мұсылман бауырлар оларды аман сақтап қалудың жолын қарастырады. Бұл жайлы да «Қазақ» газеті тиісінше жазып қалдыруды мақсат еткені газет бетіндегі мақалалардан көрініп тұр.

«Құлжа қаласы атқару комитетінің төрағасы Ювашев мұсылмандар тұратын қалаларға хабар беріп, нәтижесінде Алматы қазақтарының комитеті «Уақыт» басқармасы, Ырғыз уезі комитеті, Ақтөбе мұсылмандары бюросы, Семей мұсылмандары комитеті, Құлжа мұсылмандары, сондай-ақ Түркістаннан Нәсіров, Омбы имамы Пономарев, Тройцкіден Яушев – барлығы 14716 сом қаржы жинап, аштан қырылып жатқан қырғыздар мен қазақтардың аш өзегіне талғажау жасайды.

Осындай тұста1917 жылдың 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында Түркістан аймағы қазақ және қырғыздарының съезі өтеді. Сол жиынның Жетісу мәселесіне қатысты қабылдаған қаулысы "Бірлік туы "газеті, 1917 жылдың 20 тамызындағы  № 6 санында жарық көреді. Ол «Жетісудағы оқиғалар» деген тақырппен беріліпті. Ұзын ырғасы:

1. Соғыс министріне, ішкі icтep министріне Петрогадтағы солдат һәм жұмысшылар өкілдерінің мәжілісіне, әскери һәм басқа түрлі мұсылман ұйымдарының қазақ - қырғыздарды қыруды тоқтатуға "шара табыңдар" деп телеграмм берілсін. Крестьяндардың һәм қайтқан солдаттардың қолдарынан қару алынсын. Қазақ - қырғыздар орысқа зорлық қылмасын. Жиылыс кепіліне алады.

2. Былтырғы жылы қашқан қазақ - қырғыздардан тартып алып қалып сатқан қойлардың пұлы Мерке участогінде 6400 сом екен. Бұл пұл жерде өзінің қазақ - қырғызының ұйымына қайту тиic.

3. Аймақтағы облыстардың бәpi де Жетісуда ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ - қырғызға тездеп шын жәрдем беруін жиылыс ұнатады. "Бірлік туы" газеті арқылы Сырдария, Самарқанд һәм Ферғана облыстарындағы қазақ - қырғыз комитеттерінде Жетісу қазақ - қырғыздарына жәрдем пұл жиылсын».

Сонымен қатар, «Қазақ» гезеті Қытайдағы Құджа имұсылмандарының да ауып барған қазақ-қырғызға көмек көрсеткені туралы көптеген деректер көрсетеді.

«... Құсайын қажы (Бұл кісі бір мыңдай қырғызды қыс бойы бағып шықты. Қала кісілерінің айтуынша, босқын қырғыздар үшін 35 мың сом ұстайды). Дәкіржан Алдияров 1000 сом, «Тиян Шань серіктестігі» 100 сом,Мырзаайыт Қабылбаев 500 сом, Жуашевтар 400 сом, Масхұт Сабыров 200 сом, Сейдәлім Қисынов, Ғабдулхамит Барақов, мосы Әбілқасым Байов, Құжахмет Мұқтаров, Анғалжан ахун, Розымұхамет Ахунбаев 100 сомнан, Ғабит Ғажипов, Сабыр Бурнашев, Шерип Күленов, Бұқарбай Мосыбайев, Зиядын Мақтұм 50 сомнан, Дәкір Мағдұм, Нығыметалла Ғисынов, Акмал Ахметов, Ғабит Ғожайев, Мерғайым Махмұтов 25 сомнан, Әсейін ақын, Ғопур ақсақал 5 сомнан .

Құлжа мұсылмандары бұдан басқа да жәрдем жинап жатыр. Комитет аштырарға тиісті жәрдемін беріп жатыр. Қытай, дүнгенге сатылып һәм тамақ үшін ықтиярсыз тұрған қырғыз қатын-қыздарын босатып жатыр. Текес жағындағы таланды, өлген, кімдер таланған, өлгенін жазып алуға төрт кісі жіберген: үшеуі ноғай-сарт, біреуі қазақ». [«Қазақ», №232].

«Қазақ» газеті, №233 нөмерінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдәлім Кәдірбаев, Аман Әлімбеков, Жанұзақ Жаныбеков, Ахмет Мәметов, Елдес  Ғұмаров бастаған қазақ зиялыларының күлллі қазаққа босқын қазақ-қырғыздарға көмек көрсету туралы «Алаш азаматтарына хат» деген мақаласы басылып, осы бір игілікті іске қозғай салады. Хатта: «25-июнь жарлығының кесірінен бұліншілікке түсір, Қытайға қашқан қырғыздардың халдарының қандай нашарлығын көзімен көрген тілші «Қазақтың» 213 нөмерінде жазып отыр. Әр жерден барған жәрдемнің қанша екенін өткен нөмерде жазып көрсетіп отырмыз. Беріліп жатқан жәрдем аш-жалағаш қалған қырғыздардың халдарына қарағанда жоқ есебінде. Сондықтан Түркістан комитетінің ағзасы (Торғай облысының комиссары) Әлихан Бөкейханов сол комитеттің ағзасы (Жетісу облысының комиссары) Мұхаметжан Тынышпаевқа телеграмма берді: «Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек» деп. Сондай бір рет берілетін молырақ сомамен қырғыздар халын жиып алмаса, аздап жиналған көмек қырғыздардың толып жатқан маұқтаждығының біріне жетсе, біріне жетпей тапшылық қыла бермекші», – делінген. Осы нөмерде қазақ қаламгері Жүсіпбек Аймаутовтың «ОЯН ҚАЗАҚ!» (Босқын қырғыз бауырларыма арнау!) атты мақала жазып, сақтаулы тұрған мың дана «Оян қазақ!» кітабын сатып, қолдан келер көмегін жасамақ болған азаматтық ниеті жазылады.

Осы оқиға 6-7 ай жалғасып, баспасөз бетіне жазылып, дабыл көтеріліп, босқындарға жәрдем беру ісі ақыры өкіметтің назарын аударады. Нәтижесінде, 1917 жылы Уақытша үкіметтің көзқарасы өзгеріп, ел іші біраз тыныш тартты. Ресей империясы енді көтерілісшілерді жазаламақ түгілі өз басымен қайғы боп, аласапыран болып жатты. Уақытша үкіметті алқымынан алған большевиктер патшалық үкімет ұстанымдарынан өзгешелеу шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Сонымен, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы 7 қыркүйектегі Жарлығымен мемлекеттік қазынадан Түркістан комитетіне 11.150 000 рубль бөлініп, Жетісу облысының халқына қайтарымсыз көмек ретінде таратылды.       6-шы октябрьде шыққан «Қазақ» газетінің 234-ші нөмерінде: «Жаңа үкімет Жетісу облысында 25-ші июнь жарлығы тақырыпты бүліншілікке ұшыраған орыс һәм бұратана халықтарға жәрдемге қазынадан 11 миллион 150 мың ақша шығарды» деді. Бұл ақшаны былай бөлуге бұйрық қылған: шапқыншылық көрген қара шекпенділерге үй бас сайын бір мың сомнан, қазақ-қырғызға әр бас сайын бір жүз сомнан берілсін делінген. «Бұл бөлу дұрыс па, әділ ме, қазақ-қырғыздың зиянынан қара шекпеннің зияны 10 есе артық па? Оны қоя тұрып, біз бұл арада 100 сомның бір үйге еш нәрсеге жетпейтіндігін айтып өтеміз», – деп кемсітушілікке наразылығын білдіреді.

Сондай-ақ, «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы 12 тамыздағы №5 нөмерінде  Төреқұл Жанұзақовтың қырғыз бауырларына арнап жазған мақаласына орай,  "Бірлік туы " газетінің № 11 санында Ы. Жайнақовтың Петроградтан Ташкентке Түркістан мәселелеріне байланысты арнайы келген комиссия атына жолдаған 7 тармақты жеделхаты басылады. Ал Төреқұл Жанұзақов пен Қасымбек ҒАЛЫМБЕКОВ (Хашымбек) 1917 жылғы тамыздағы  "Бірлік туы" газетінің № 7 санындағы «Ақ қалпақты қырғыздарға» атты мақаласындағы қазақ-қырғызға көмек беру туралы айтылған ойларын қолдаған  қазақ зиялыларының пікірі "Қазақ" газетінің  1917 жылдың 14 қыркүйегіндегі № 243 нөмерге басылады. Онда: «Енді Төреқұл, Әшімбек секілді ұлтшыл азаматтар шығып бауырларына басшылық етіп, көзін ашып, көсемдік қылуына біз тілектеспіз» делінген.

«Қазақ» газеті, 236-шы «Қазақта» бір қырғыз азаматының хаты басылды. Сонда: «Өлім халында қолымызды бұлғап, көзімізбен ишара қылып жәрдем сұраймыз» деп бүкіл қырғыз атынан қазақ туғандарына мұң шағады. №237 нөмерінде Жетісу қамы үшін 15-ші июльде Орынбор арқылы Жетісу комиссары Мұхаметжан Тынышбаев Петроградқа барғаны туралы: «Мұхаметжан үкіметке Жетісу облысының хал-жайын доклад қылып, 25-ші июнь жарлығы тақырыпты бүліншілікке ұшыраған қазақ-қырғызға һәм орыстарға қазынадан жәрдем сұрамақ. Сөйтіп бірін-бірі қырғынға ұшыратқан һәм бұл күнге шейін бір-біріне кек сақтап, іштеріне қан қатқан екі жұртты татуластыру қамына кіріспек», - деп жазылған.

Осындай аласапыран жағдай болып жатқан да Семейде Жетісу облысындағы босқын қазақ-қырғызға көмек көмитеті құрылады. Бұл туралы анық ақпаратты «Сары арқа» газетінен тауып алдық. Онда:

«...Аш - жалаңаш қазақ - қырғыз бауырларға жұрттан жылу жинап, рулы елімізді елімнен аман сақтап, қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында қазақ комитеті һәм жастардың "Жанар" атты ұйымы басшылық етіп, қауым жасады. Қауым ортасынан ic басқаратын 5 кісілік комитет сайлап шығарды. Қауымның құрметті бастығы - Ә. Бөкейханов, жай бастығы - Мұқыш Боштайұлы болды. Комитет председателде - Мирякуб Дулатұлы, орынбасары - Ж.Аймауытов, хатшысы - Мұхтар Әуезов, қазынашысы Есіркепұлы Ғабдолла, тағы бip ­­- Ғабдолла Коскенұлы. («Сары арқа». 1918. № 33).

Осыдан бастап ел ішіндегі белсенді азаматтар мейлінше көмек көрсетуге тырысады. Ол туралы газет тігінділерінде сан түрлі дәлел-дәйектер жеткілікті.

«Алматы қазақтарының комитетінен 10000 сом, «Уақыт» басқармасынан 598 сом 22 тиын, Ырғыз уезни комитетінен 251 сом 65 тиын, Павлодар мұсылмандар комитетінен 275 сом, Ақтөбе мұсылмандар бюросынан 300 сом, Семей мұсылмандар комитетінен 1000 сом,Түркістаннан назырыптан 1000 сом, Омбы мәрі Пономаровтан 117 сом, Тройскиден Яуышевтан 835 сом, Құлжа мұсылмандарынан 1240 сом – бәрі 14760 сом».

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 255 нөмерінде қазақ-қырғызға көмек қолын созған адамдар мен ұйымдардың тұтас тізімі берілген. Газет материалында: «Ұлтуған Тойбазарова, Иса Амантаев, Алмұхамет Байзақұлы, Бақтыкерей Байзақ баласы, Шалқардағы қазақ мұғалімдері Сырлыбай Қаратайұлы, Мұхаметжан Әзірмамбет,  Мұхаметжан Жәңгірұлы, Меркідегі екі кыластық школ, Байғазы Наурызбайұлы, Қайса Әлімжанұлы, Уфадағы медресе Ғалия шәкірттері, Әлихан, Ғабдулхамит, Ғабит Алымұлы, Ахмет Мәметов, Жанұзақ, Мұхаметжан Тынышпайұлы атынан Лепсі ұлысының 1-, 2, 3-ші ауылы, Әбішұлы, Абдырахим, Бақыбай Жылкелді, Нүсіралдиын Балтабай, Қостанайдан Керім Бәтішұлы һәм Әдірес Көшербайұлы, Көпей Махмұтұлы,  Шалқардағы ущител Сырлыбай Мұхаметжан, Басқұншақтағы мұсылман игілік қауымы, Бөкейліктен Айшанғали Қосқарұлы, Құанышқали Сатайұлы, Дүйсенәлі Ғабдүлрахымұлы һәм Айманғазы Мысынжыпұлы, Шалқардағы ущител Сырлыбай, Мұхаметжан һәм Қазыұлы, Дүйсекей Малдыбайұлы, Сұлтанғазы Асхатұлы, Серғазы Арыстанұлы, Байғазы Теміртанұлы, Меңдіқара Ажығұлұлы, Ғабдулахым Бірмұхаметұлы, Алмен Алибанұлы, Аманбай Жылқыбайұлы, Лепсински зауыт жұмысшысы Минаев, ушител Сыпа Әжігерейұлы, Ғияс Дамирұлы, Омбы оязындағы Палтафка школда оқушы шәкірттері, Қызылжар оязындағы Присногор ковскы школында оқушы шәкірттері, Асхат Бектасұлы арқылы Жамбы Жандылда жамағаты, Жайып Мұхаметханұлы арқылы жолдас ущителдер, Зыкырия Абырғұлыұлы, Баймұхамбет Қазанғапұлы арқылы Айбас Жалдайұлының фыдиясынан 60 сом һәм Қадиша Әбді жамағаты фыдиясынан, Ғабдұлхар Боранқұлұлы һәм Шаһмардан Сәтекұлы, Ғабиталла Оразбайұлы, Уалиолла Есенбайұлы,. Ғамит Қарсақбайұлы, Сейітқажыбек Айдаров, Салық Ұажыұлы, Хасанғали Жұбанышқалиұлы, Мосы Өмірбекұлы, Сіламбек Темірбекұлы, Білал Малдыбайұлы арқылы Нұрбек Дайыр баласының фыдиясынан, Зұлқарнайын Шолақов, Іскендір Шолақов, , Сәлім, Әбілқасым һәм Өмірұзақ, Мұқаметқали Есенкелдіұлы, Айдарбек Масанұлы, Қадырқазы Есқазыұлы, Смағұл Досмұхаметұлы, Торғайдан Салық Асанұлы, Декабрь жалуниясы, Елдес һәм Міржақып, Ақмоладан Смағұл Қарықбайұлы, Қажы Ахмет Шалабайұлы, Көкшетау оязынан Байғабыл Жәутікұлы, Ақылбек Қашбайұлы, Павлодардан Қабыш Сылиманұлы, Ахмет Исатайұлы, Темірғұл Ешмұхаметұлы, Бекбау Аймұхамет ұлы, Ноябыр һәм декабрь жалақыларының 5 процентін берген ушителдер: Мұхаметжан, Сырлыбай, Қазы, Таран, Дүйсенқұл, Нұржан, Хамитбек. Омбыдағы «Бірлік» қауымы, Мұқаш Есіпкепұлының» аттаары аталып, жылпы 14945 сом 86 тиын жәрдем жиылғаны туралы жазылады. Ал газет бетіне жазылмай, ата-жөні ұмытылған жомарт жандар қанша ма? Алайда, осындай көмек қаншалаған бейкүнә жанды өлімнен арашалап қалды, ол бөлек әңгіме.

Қысқасы, «Жесірін қаңғытып, жетімін жылатпаған» қазақы қасиетті бойына жиып, аузындағысын жырып берген жоғарыда аталған есімдерді анықтап, түгендеп, кім екенін біліе жүргеннің де артықтығы жоқ. Өйткені қазақта: «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөз бар. Тым болмаса аталарының есімін осы жерден оқыған бүгінгі ұрпақтарының көкейінге елге деген мақтаныш, ұлтқа деген сүйініші оянатын шығар.

Алаштанушы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейіс «Алаш һәм Алашорда» атты зерттеуінде: «Қазақ интеллигенттерінің алғашқы алғашқы тобының басым көпшілігі әмбебап мамандар болды: олар ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем творчествосымен де қатар айналысты. Басқа сөзбен айтқанда, олар сол кездегі қазақ қауымының рухани сұраныстарына мүмкіндіктерінше толық жауап беруге атсалысты. «Айқап» журналын және жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығару арқылы олар халықты оқуға, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің прогерссивті формаларын, әйел теңдігін насихаттауда, патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай оңды істер тыңдырды» («Алаш һәм Алашорда». Ататек, 1995, 123-бет].

Қазақстанның  ХХ  ғасырдың  басындағы  тарихын  зерттеуде  “Қазақ” және басқа да газеттің  тарихи  дерек  көзі  ретінде  алар  орны  ерекше  екендігіне, оның  ғылымға    берер  мағлұматтарының    құндылығының  жоғары  екендігіне  бүгінгі  күні  бәріміздің  де  көзіміз  жетті. Кеңестік  тарихнаманың  “Қазақ”  сияқты  қазақ  тарихының  деректік  мөлдір  көзінің  бірін, 70  жылдан  астам  уақыт  бойы, ғылым  үшін  жауып  тастағандығы  ұлттық  тарих  ғылымына  өлшеусіз  зиян  келтіргендігін  дәлелдеп  жатудың  қажеті  болмас  деп  ойлаймыз.

Біздің  бұған  қосарымыз  “Қазақ”  тек  аласұрған  заманның, аласапыран  оқиғалардың  сырттан  қараған  бақылаушысы  ғана  болып  қойған  жоқ. Ол  сол  буырқанған  оқиғалардың  бел  ортасында  жүрді. Қайнаған  құбылыстар  барысын  суретке  түсіргендей  өз  беттерінде  бейнеледі. Олар  туралы  мәліметтерді  тасқа  басып  өз  беттерінде  қаттады. Сөйтіп  “Қазақ”  қазақ  өмірінің  аса  бір  күрделі  кезеңінің  шежіресіне, баға  жетпес  дерек  көзіне  айналды. Большевиктік-коммунистік  саяси  басқару  жүйесінің, уақыт  сынына  шыдамай, тарих  аренасынан  кетуі  және  КСРО  сияқты  алып  империяның  күйреуі  нәтижесінде  еліміздің  тәуелсіздік  жолына  түсуіне  байланысты  туындаған  қазақ  халқының  ғылыми  тарихын  қайта  жазудың  объективті  қажеттігі, жалпы  тума  төл  деректерімізге, оның  ішінде  ұлттық  бейресми  басылымдарға, әсіресе,  “Қазақ”  газетіне  деген  қызығушылықты  тудырды

Дегенмен, тарихи  дерек  көзі  ретінде  “Қазақ”  газеті  де  тарихи  сыннан  өткізуді  қажет  етеді. Себебі  басқа  да  тарихи  деректер  сияқты, “Қазақ”  та  әлеуметтік  сұраныстарға  сай, нақты  тарихи  жағдайда, өзін  қоршаған  қоғамдық-саяси  ортада,  белгілі  бір  субъектердің  саналы  іс-әрекеттерінің  жемісі  ретінде  пайда  болған  объективті  дүние.  Сондықтан, газеттің  жарыққа  шығуының  объективті  тарихи  алғышарттарын  және  оның  шығарушыларының  қоғамдық  позициялары  мен  әлеуметтік  жағдайларын  терең  білудің  ондағы  мағлұматтардың  ғылыми  ақпараттық  және  танымдық  маңызын  ашуға  көмектесері  даусыз.

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5616