Төреғали ТӘШЕНОВ. Бұдан 20 жыл бұрын...
Жаңаөзен көтерілісі мен Ферғана көтерілісінің арасында байланыс бар ма?
Босфор бұғазын басып алу туралы орыс патшаларының орындалмай қалған арманы Сталиннің де мазасын кетірген. Кезінде Кемал Ататүрікті қолдап-қуаттаған Ленин Армения аумағының тең жартысын Түркияға тарту еткен-ді. Сол кезде армянның қасиетті Арарат тауы түрік жеріне қарап қалған. Ататүрік өлгеннен кейін КСРО мен Түркияның арасы суып сала берді. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан соң Сталин батыс Арменияның жерін қайтаруды желеу етіп Түркияны басып алуға дайындалды. Стамбулға тарихи аты Константинопольді қайтарып, тіпті түрік елін одақтас республика ретінде КСРО-ның құрамына қосып алу да ойы бар-ды. «Халықтар көсемінің» бұл жоспарын АҚШ-тың Жапонияға атом бомбасын тастауы болдырмай тастады. Нагасаки мен Хиросима қасіретін естіген соң сөніп қалған мүштегін ұзақ уақыт тұтата алмай қатты абыржыған жез мұрт көсем «Стамбулға шабуыл жасау жоспары тоқтатылады... Ал түріктер өздері үшін құрбандыққа шалынған жапондарға өмір бақи рақмет айтып өтсін!» деген көрінеді...
Жаңаөзен көтерілісі мен Ферғана көтерілісінің арасында байланыс бар ма?
Босфор бұғазын басып алу туралы орыс патшаларының орындалмай қалған арманы Сталиннің де мазасын кетірген. Кезінде Кемал Ататүрікті қолдап-қуаттаған Ленин Армения аумағының тең жартысын Түркияға тарту еткен-ді. Сол кезде армянның қасиетті Арарат тауы түрік жеріне қарап қалған. Ататүрік өлгеннен кейін КСРО мен Түркияның арасы суып сала берді. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан соң Сталин батыс Арменияның жерін қайтаруды желеу етіп Түркияны басып алуға дайындалды. Стамбулға тарихи аты Константинопольді қайтарып, тіпті түрік елін одақтас республика ретінде КСРО-ның құрамына қосып алу да ойы бар-ды. «Халықтар көсемінің» бұл жоспарын АҚШ-тың Жапонияға атом бомбасын тастауы болдырмай тастады. Нагасаки мен Хиросима қасіретін естіген соң сөніп қалған мүштегін ұзақ уақыт тұтата алмай қатты абыржыған жез мұрт көсем «Стамбулға шабуыл жасау жоспары тоқтатылады... Ал түріктер өздері үшін құрбандыққа шалынған жапондарға өмір бақи рақмет айтып өтсін!» деген көрінеді...
Кейінгі кезде тарихшылар 1910 жылы патша режимінен қашқан Сталиннің Батуми арқылы Түркияға барып паналағанын, сөйтіп, басқа фамилиямен жасырынып жүріп, Стамбулда екі жыл тері, жүн-жұрқа, жабайы қабан етін сатып күн көргенін, сонда жүріп түрік тілін үйренуі мүмкін екенін алға тартып жүр. Сол кезде ер түріктің тізесі батты ма екен, әйтеуір Сталин «түрік» десе қашанда «түкірігін» бүркуге дайын тұрған. Кезінде Түркістан Республикасына өлердей қарсы шыққаны да бар.
1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша КСРО-да 207,5 мың түрік тұрыпты. Ол түріктердің 90 пайыздан астамы - Оңтүстік Грузияның Түркиямен шектесіп жатқан бес ауданында туып-өскендер. Бұл жерлердің көне тарихи атауы Месхет болғандықтан, «месхеттік түріктер» деген атау осыдан келіп шыққан. Ал негізінде олар өздерін «Ахыска түріктері» деп атайды. Кезінде Осман империясының қарамағындағы жер болғандықтан, Грузия - олардың атамекені.
1928-1937 жылдары Грузияда месхеттік түріктерді ұлтын өзгертуге, грузин фамилиясын алуға күштеп көндіру шаралары жүргізіледі. Соғыс басталған соң түріктердің 40 мыңнан астам еркеккіндіктісі майданға аттанған, соның 26 мыңы ұрыста өлген. 1944 жылы қыста Сталиннің бұйрығымен Грузиядағы түріктер, жалпы саны 115,5 мың түрік Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға күштеп жер аударылады. Оның 17 мыңы жолда қырылған. 1956 жылға дейін КСРО-дағы жер аударылған түріктер қатаң коменданттық тәртіпте өмір сүреді, оларға бір ауылдан екінші ауылға туыстарын іздеп шығуға да рұқсат етілмейді. Мұндай шектеу 1956 жылы алынған соң ғана бірқатар түрік отбасылары Кавказға қайыра көшіп барды. Дегенмен басым бөлігі Орталық Азия мен Қазақстанда қалып қойды.
Жаңаөзен көтерілісі мен Ферғана көтерілісінің арасы - 12-ақ күн
Өзбекстандағы атышулы Ферғана көтерілісі 4 маусым күні бұрқ етсе, Маңғыстаудағы Жаңаөзен көтерілісі 16 маусым күні басталған. Арасы - 12-ақ күн. Бір қызығы, бүліктің екеуі де төбелестен басталды. Месхеттік түріктер төбелесте бір өзбекті өлтіріп қойған. Ал Жаңаөзенде бір кавказдық лезгин өзімен билемей қойғаны үшін қазақ қызын шапалақпен тартып жіберген. Бұған намыстанған қазақ жігіті әлгі лезгинді сабап тастаған. Үш күнге созылған Жаңаөзендегі қақтығыста үш қазақ, екі лезгин қаза болған... Ал бұрынғы КСРО Орталық Комитетінің ресми мәліметтері бойынша, Ферғана көтерілісінен 113 адам өлген, оның 52-сі түрік, 36-сы өзбек болған, 1011 адам ауыр жараланған. Оған қоса 137 солдат және 110 милиция қызметкері әртүрлі жарақат алған, бір милиция өлген. 757 үй мен 275 көлік өртелген, 27 мемлекеттік мекеме қиратылған.
Ферғана көтерілісінің сұмдық сипат алғанын осыдан-ақ білуге болады. Өзбек тұрғындар месхет түріктердің үйлері мен қора-жайымен қоса, кейбір жерде өздерін де тірідей өртеп жіберген. Не керек, Ферғанамен қоса Ташкент, Самарқанд, Сырдария сияқты жеті облысты қамтыған көтерілісте Өзбекстандағы 100 мыңдай түріктің біреуін де қалдырмай түре қуып шыққан.
Танктің күшімен бір айда әрең басылған Ферғана көтерілісі неден туды? Жаппай тәртіпсіздік шындығында, неден басталды? Бүгінде ұмытылуға айналған ол оқиғаның ұшығына жету енді қиын болар. Алдын ала мұқият ойластырылған саяси акция екені де, стихиялы түрде пайда болғаны да айтылды. Кезінде «Ферғана оқиғасын» мұнаралы Мәскеу ұйымдастырды, осылайша түріктердің Грузияға көшуін тездетіп, ақырында этникалық шиеленіс тудыру арқылы грузин ұлттық азат ету қозғалысын талқандамақ болды деген пікірлер де айтылды. Мұндай пікірді тудырған сірә сол грузиндердің өздері болар. Көтерілісті КСРО арнаулы қызмет орындары ұйымдастырған, яғни жаппай тәртіпсіздікке ұластыру арқылы Өзбекстанды Мәскеудің табанына қайта салмақ болған деген пікірлер де кездеседі. Тіпті бүлікке «ваххабиттер» араласқан деген де сөз бар. Жалпы, Ферғанада Мәскеудің «антикоррупциялық» кампаниясы 1983 жылы басталыпты. Осы кампания қарсаңында жалпы саны 20 мың адам сотқа тартылған. КСРО Бас прокуратурасының «шаш ал десе, бас алатын» тергеушілері Гдлян мен Иванов бастаған репрессияның ауқымды болғаны сондай, 1986-1988 жылдары сотталғандардың туыстары бірнеше рет стихиялық демонстрация жасаған. 1988 жылы қазан айында Ферғана облысының бірінші хатшысы Омаров ұзақ жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Оның орнына Шовкат Юлдашов деген келеді.
1988 жылы желтоқсан айында Ташкентте орыс пен татар ұлтына қарсы плакат көтерген үлкен митинг өткізілген. Өзбекстан ІІМ-нің деректері бойынша, 1989 жылы Ташкентте сәуір айында өзбек жастары мен басқа ұлт жастарының арасында үлкен ауқымдағы қақтығыс болған. Артынша болған төбелесте бір өзбекті бір түріктің өлтіріп қоюы жоғарыдағы сұмдық қақтығысқа алып келген. «Түріктер тек наша таратумен, ұрлықпен айналысады, пайдалы жұмыспен айналыспайды, бірақ өзбекке қарағанда өте бай тұрады, жас өзбек қыздарын зорлайды, сәбилерді өлтірген» деген жел сөздер жұрттың ашу-ызасын көтеріп жіберген...
Ферғана көтерілісінен соң Өзбекстандағы түріктер тек Қазақстанға емес, Әзірбайжан, Украина, Ресей, кейінгі жылдары Түркия мен АҚШ-қа қарай ауды. Бірақ жылы жер табу оларға оңай болған жоқ. Ресейдің Краснодар өлкесіне ауып барған түріктер ондағы жергілікті жұрттың қудалауына ұшырады.
Кеңес одағы құлаған соң Қазақстанға ауып келген басқа халықтар өздерінің шыққан жерлеріне орала бастады, бірақ түріктер тарихи отандарына қайтқан жоқ. Туған жерлері Грузия шекарасын тарс жауып алды. Түркия қабылдағысы келгенмен, ол Ахысқа түріктерінің туған жері емес. Сөйтіп, өз үйіндей үйреніп қалған Қазақстан жерінде біржола орнығып қалды. Ресми мәлімет бойынша, қазір қазақ жерінде 84 мың түрік (2005 жылғы есеп бойынша) тұрады. Ал шындығында, өздерін Қазақстанда 200 мыңдай адам бармыз деп есептейді. Оның себебі көптеген түріктердің төлқұжатында кезіндегі мәжбүрлікпен ұлты «әзірбайжан» болып көрсетілген. Бірге туған екі азаматтың бірінің ұлты -түрік, екіншісінің ұлты «әзірбайжан» болуы аз кездеспейді.
Қазақстандағы түріктер ең көп шоғырланған аймақ - Алматы облысының Қарасай ауданы. Ауданда 16 мың түрік тұрады. Қазір Алматы облысының 12 орта мектебінде, түрік диаспоралары жинақталып тұратын жерлерде түрік тілі сабағы өтеді. Түрік Республикасы елшілігі оқулықтармен қамтамасыз етеді. Түрік ұлттық орталығы жемісті жұмыс істеуде. 2000 жылдан бастап «Ахыска» түрлі-түсті газеті үш тілде (қазақ, орыс, түрік) шығарылады. Қысқасы, Қазақстандағы түріктер өздерінің мәдени және рухани дәстүрлерін қалауынша дамытып отыр.
2004 жылы Ресей мен АҚШ үкіметтері, Халықаралық миграция ұйымы бірлесіп, Краснодар өлкесінде тұратын месхет түріктерді АҚШ-қа қоныстандыру бағдарламасын бастады. Бүгінде сол бағдарламаға іліккен мыңдаған түріктер АҚШ-тың алпыс қаласына жайғасып үлгерген. Ал Грузия парламенті 2007 жылы кезінде Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылған месхет түріктердің тарихи отанына қайтуына болатыны турасында заң жобасын қабылдады. Бірақ ата қонысы - Грузияға барғысы келетін түріктердің саны мүлдем мардымсыз екен.
Төреғали ТӘШЕНОВ
"Айқын" газеті 18 маусым 2009 жыл