Қайрат Лама ШӘРІП: Ислам — бірлік, бейбітшілік және қайырымдылық діні
Дінің тұрсын дін аман
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында сөйлеген сөзінде Дін істері жөніндегі агенттік құру туралы идеяны алға тартқан болатын. Бұл құрылымның міндеттерін белгілей келіп, Президент «біздің шешуші конфессияларымыз мемлекеттік органдармен ынтымақтастық барысында дінге сенуші жастармен белсенді жұмыс жүргізіп, олардың шынайы діни білім алуына көмектесе алар еді» деп атап көрсетті. Осыған байланысты біз республикамыздағы бүгінгі діни ахуал, діни конфессиялардың билікпен және өзара қарым-қатынасы туралы, өскелең ұрпақтың санасына іріткі салатын діни ағымдардың ықпал етуінің алдын алу мәселелері хақында агенттік төрағасы, белгілі дипломат және арабтанушы Қайрат Лама ШӘРІПТІ әңгімеге тартқан едік.
- Ең алдымен, әңгімелесудің сәті түскен осы айдың қасиетті Рамазан айы екендігін атап өткім келеді. Ислам қағидаттарына сәйкес нақ осы айда пайғамбарымыз Мұхаммедке қасиетті Құран түсе бастады. Он бір ай бойы өзінің құлқыны және нәпсісімен тұрақты күрес жүргізіп келген адамдар үшін нақ осы Рамазан айында оларды жеңу мүмкіндігі қалыптасатын мәре орнығады. Рамазан айында айналаның бәрі ізгілік пен қайырымдылыққа толады. Әрбір дінге сенуші мұсылман күнәлі және жағымсыз істерге барынша тыйым салуға талпынады.
Дінің тұрсын дін аман
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында сөйлеген сөзінде Дін істері жөніндегі агенттік құру туралы идеяны алға тартқан болатын. Бұл құрылымның міндеттерін белгілей келіп, Президент «біздің шешуші конфессияларымыз мемлекеттік органдармен ынтымақтастық барысында дінге сенуші жастармен белсенді жұмыс жүргізіп, олардың шынайы діни білім алуына көмектесе алар еді» деп атап көрсетті. Осыған байланысты біз республикамыздағы бүгінгі діни ахуал, діни конфессиялардың билікпен және өзара қарым-қатынасы туралы, өскелең ұрпақтың санасына іріткі салатын діни ағымдардың ықпал етуінің алдын алу мәселелері хақында агенттік төрағасы, белгілі дипломат және арабтанушы Қайрат Лама ШӘРІПТІ әңгімеге тартқан едік.
- Ең алдымен, әңгімелесудің сәті түскен осы айдың қасиетті Рамазан айы екендігін атап өткім келеді. Ислам қағидаттарына сәйкес нақ осы айда пайғамбарымыз Мұхаммедке қасиетті Құран түсе бастады. Он бір ай бойы өзінің құлқыны және нәпсісімен тұрақты күрес жүргізіп келген адамдар үшін нақ осы Рамазан айында оларды жеңу мүмкіндігі қалыптасатын мәре орнығады. Рамазан айында айналаның бәрі ізгілік пен қайырымдылыққа толады. Әрбір дінге сенуші мұсылман күнәлі және жағымсыз істерге барынша тыйым салуға талпынады.
Бүгінде Қазақстанда ұлттық діни қайта өрлеу кезеңі белең алуда. Дін халықтың мәдени дәстүрлерін сақтаушы және рухани-адамгершілік идеалдардың қозғаушы күші ретінде біздің отандастарымыздың көз алдында зор құндылықтарға ие. Осыған байланысты діни этиканың күші өскелең ұрпақтың адамгершілік және рухани дүниетанымын қалыптастыруда барынша белсенді қолданылуда. Дәстүрлі діни танымдардың сенім үдерістері ғасырлар бойы адамдардың өз ұрпақтарын тәрбиелеуіне, өліктерін жерлеуіне, еңбек етуіне, кітап жазып, ұлы өнер туындыларын жасауына ықпал етіп келді. Басқаша айтсақ, дәстүрлі діндер қоғамдық өмірдің және мәдениеттің ажырағысыз бір бөлшегіне айналды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Мыңдаған жылдар бойы дінге негізделген мәдениет тарихта өзінің жанды сөзін сақтап келді. Бір жағынан ойлап қарасақ, өзінің діни рухын сақтау тарихта тұтас бір халықтың сақталуының кепілі болып келді».
Мұсылмандық Шығыс мәдениетіне тарихи жақындасу Қазақстанда ғылым мен мәдениеттің дамуына барынша зор қозғау салды. Бір жағынан, көне діни нанымдардың орнына келген ислам қазақ халқының адамгершілік жағынан өсуіне интеллектуалдық және мәдени дамуына ерекше ықпал етті. Екінші жағынан алғанда, мемлекеттіліктің, этностық және мәдени ерекшеліктердің сақталып қалуының шешуші факторларының бірі де ислам болды. Көптеген дәуірлердегі түркі дүниесі және қазақ ойшылдары элитасының ұлы өкілдері - Қожа Ахмет Ясауи және Асан Қайғыдан бастап Абай мен Шәкәрімге дейін - ислам рухани құндылықтарын таратушылар болды.
Ислам және православие қазақ және орыс халықтарының өміріндегі басты мәдениет жасаушы негіз болып табылады. Мемлекетіміздің арнайы ресми мереке ретінде демалыс күні деп Құрбан айт пен Рождествоны мойындауы да тегін емес.
Қазақстан бүгінде бүкіл әлем үшін конфессияаралық келісімнің үлгісі ретінде танылды. Ғасырлар бойы ислам және христиан дінінің, бірінші кезекте православиенің бейбітқатар өмір сүрудегі тәжірибесі біздің республикамызды мекендейтін қазақ, орыс және басқа да халықтардың бауырластығының үлгісі болды. Әрбір дін өзінің уағыздарымен адамдарға жалпы адамгершілік құндылықтарды әкеледі, қоғамдағы таным, түсінік нормаларын бекітеді, халықтардың ғасырлар бойғы рухани құндылықтарының сақтаушысы ретінде рөлі атқарады.
Бүгінгі таңда Қазақстан - діни толеранттылық идеясын тарату жөнінде талассыз көшбасшы. Біздің еліміздің конфессияаралық үнқатысудағы тәжірибесі бүкіл әлемдегі діни жетекшілердің қолдауы мен мойындауына ие болып отыр. Еліміз өзінің нақты істерімен халықтар және діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатындығын дәлелдеп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында мемлекет әртүрлі этностар мен конфессиялардың бейбітқатар өмір сүруінің өзіндік моделін жасады.
Біздің елімізде мұсылмандар және православиеліктер, католиктер және протестанттар, буддистер және иудейлер - барлығы бір-біріне құрметпен қарайды. Өйткені әрбір адам басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмей-ақ өзінің діни көзқарасын таңдауға құқылы. Міне, сондықтан да Қазақстанда қазірдің өзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өткізілді. Осы съездерде әртүрлі мемлекеттердің және халықтардың діни иерархиясы әртүрлі мәдениеттер мен діндердің үнқатысуына, барлық жерде бірдей қабылданған төзімділік пен еркіндік құндылықтарына негізделген бірыңғай өркениеттілікке ұмтылатындықтарын растады.
- Қайрат Қайырбекұлы, Қазақстан Конституциясында өзін дін биліктен бөлінген зайырлы мемлекет ретінде жариялаған. Міне, осыған байланысты сіз басқарып отырған агенттік діни бірлестіктермен қалай қарым-қатынас жасайды?
- Әрбір зайырлы мемлекетте нақты белгіленген зайырлы идеология болуы міндетті. Егер мұндай жағдай қалыптаспаса, ол мемлекет конфессияаралық қақтығыстарға бейім тұрады.
Көпшілік зайырлылықты барлық діндерге қатысты бейтараптық ұстану, мемлекеттің діни танымдардан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамалардан еркін болуы деп түсінеді. Алайда бүгінгі таңда зайырлылықты анықтайтын бұл қағидаттар бірте-бірте өзгеріске ұшырауда.
Егер біз басқа мемлекеттердің тәжірибелеріне назар аударатын болсақ, зайырлылық пен демократияның ара қатынасындағы көптеген модельдерді көреміз. Мемлекеттік-діни қатынастарды бірізділікке түсірудің бірыңғай бағдарламасы жоқ. Әрбір мемлекеттің өзіндік тарихи және мәдени ерекшеліктерінің ерекше қолтаңбасын сақтаған белгілі бір мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастары қалыптасқан.
Мемлекеттің зайырлылығы оның дамуының және модернизациялануының кепілі болып табылады. Қазақстанда діни көзқарастардың руханисыздануы мен радикалдануына жол беруге болмайды. Мемлекеттің зайырлылығы әртүрлі діндерге деген құрмет пен діни төзімділікті айқындай отырып, қоғамда гуманизмнің зайырлы түрін қалыптастыруға итермелейді, өз отанын сүйетін, өз елінің патриоты болып табылатын зайырлы азаматтарды қалыптастырады және сонымен бірге сол мемлекетке тән дәстүрлі дінді және ұлттық мәдениетті нығайту үдерістерін жоққа шығармайды. Зайырлы гуманизмді қалыптастыру өз кезегінде дінаралық толеранттылықты жоққа шығармайтын жаңа діни мәдениетті қалыптастыруға, сонымен бірге елдің ұлттық ерекшелігін сақтауға ықпал етеді.
Көптеген мемлекеттер зайырлылық пен демократияны жариялай отырып, дінге қатысты ерекше қарым-қатынас қалыптастырған. Бұл ретте олар дінді барлық қоғамдық және мемлекеттік өмірдің шекарасынан шығарудан бастап, көптеген діндер арасында бір немесе бірнеше дәстүрлі діндерге арнайы қолдау көрсетуге дейінгі бағытты ұстанады. Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан өзінің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасын өзінің тарихына, ұлттық мүдделеріне және өмір талаптарына, шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып қалыптастыруға зор мүмкіндігі бар. Бұл ретте, сөзсіз республикамызда басымдық дәстүрлі діндер жағында болуы керек.
Зайырлылық лайықсыз және өнегесіздік жағдайларға жол бермейді, сонымен бірге, ол кейбір теріс діни немесе сектанттық ағымдарды ұстанушылардың қоғамдағы екінші бір адамдарға ықпал етуіне тосқауыл қояды. Көп ретте сектанттық ағымдарды таратушылар азаматтардың жеке өміріне барынша араласуға және олардың ықпалына түскен адамдардың мінез-құлқын барынша өзгертуге тырысады. Олар өз ықпалына түскен адамдардың зорлықпен киім киістерін, ішетін тамақтарын, діни дәстүрлерін өзгертуге және адамның санасы мен дүниетанымын бағындыруға күш салады.
Біздің еліміздегі мемлекет және діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасындағы модель адамдардың еркіндігі мен құқығын құрметтеудегі демократиялық үдерістерге, қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігіне және өзара түсіністік пен қалыпты жағдайда бейбітқатар өмір сүруіне негізделген. Діни сенім еркіндігі саласындағы мемлекеттік саясаттың үш негізгі принциптерін айрықша бөліп көрсету керек, олар - бейтараптық, толеранттылық және теңдік. Бұл ретте ең басты мәселе мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпау жөніндегі бейтараптығы болып табылады. Толеранттылық принципі діни сенімге деген құрметпен ерекшеленеді. Теңдік принципі заң алдындағы барлық діни бірлестіктердің және әртүрлі діни сенімдегі өкілдердің теңдігін айқындайды. Сондықтан зорлық-зомбылыққа шақыратын конституциялық құрылысты құлатуға, билікті өзгертуге және басқа келеңсіздіктерге үндейтін кез келген діни бірлестік заң бұзушы ретінде одан әрі еркін өмір сүруге тиісті емес.
Қазақстанда конфессияаралық қарым-қатынастарды реттейтін, діни бірлестіктер мен мемлекет арасындағы үнқатысуды нығайтатын ықпалды тетіктердің бірі ретінде 2000 жылы Үкімет жанынан құрылған Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесті және Астана мен Алматы қалаларының, облыс әкімдерінің шешімімен құрылған өңірлік кеңестерді атауға болады. Бұл кеңесуші-консультативтік органның маңызды ерекшеліктерінің бірі оның құрамының жетекші конфессиялар өкілдерінен, дінтанушы ғалымдардан, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерінен, мемлекеттік басқару органдарының қызметкерлерінен және қоғам қайраткерлерінен қалыптасуы болып табылады. Бұл ортақ проблемаларды кеңесе отырып шешуге мүмкіндік береді.
Алда тұрған келелі міндеттерді ескере келіп, агенттік қазақстандық қоғамдағы діни ағартушылықты дамытуға және тұрақтылықты нығайтуға игі ықпал ететін шараларды ұйымдастырмақ. Діни ахуалдың дамуын, діни бірлестіктердің, миссионерлердің және саны аз діни топтардың қызметін зерттеу мен сараптау да агенттіктің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Біздің таяу мерзім ішінде атқаратын маңызды жұмысымыз - мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас мәселелерін реттейтін заңдарды жетілдіру. Бұл ретте діни экстремизмнің алдын алу мәселесіне айрықша мән берілмек.
- Сіз республикамыздағы бүгінгі діни ахуалды қалай бағалайсыз?
- Жалпы алғанда ол тұрақты. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің еліміздің даму ерекшеліктерінің бірі қоғамымыздағы дін рөлінің ерекше артқандығы болып отыр. Жыл сайын дінге сенушілердің және діни бірлестіктердің саны артып келеді. Діни ғимараттар да көбеюде. Мәселен, еліміздегі 40-тан астам конфессиялар мен деноминациялардан шыққан діни бірлестіктердің жалпы саны 4551 болып отыр. Бұл көрсеткіш 1990 жылы бар болғаны 670 қана еді. Қазақстан - әртүрлі діни сенім өкілдерінің татулық пен келісім жағдайында бейбітқатар өмір сүруінің нақты үлгісі. Бұл мемлекеттің діни сенім еркіндігіне құрметпен қарауының, қоғамда толеранттылық және діни төзімділік ахуалын қалыптастыруының жарқын көрінісі болып табылады. Республика көп конфессиялы және көп этносты мемлекет ретінде алдағы уақытта да әлемдік және дәстүрлі діндердің ізгілікті өнегелілік әлеуетін барынша пайдалана отырып, конфессияаралық келісімді және діни жетекшілердің диалогын қолдауды жүзеге асыратын болады. Бұл ретте келесі жылдың мамыр айының соңында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндердің төртінші съезі өтетіндігін атап өткен жөн. Съезде талқылауға ұсынылатын тақырып - «Адамзаттың таңдауы - бейбітшілік және келісім».
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда тұрғындардың діни сана-сезімі оянып, діни ерекшеліктерінің жаңғыруы басталды. Бұл ретте мемлекеттік саясаттың мақсаты қазақстандық қоғамдағы діни сала өміріндегі тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау болып табылады. Қазақстан халқы ешқашан желөкпе діни сенімге бейім болған жоқ, одан да гөрі ежелден-ақ діни сенімге төзімділік және конфессияаралық саладағы толеранттылыққа жақындығымен ерекшеленді.
Солай болса тұрса да, қазіргі кезде Орталық Азияда қалыптасқан діни ахуалға ықпал етуі мүмкін діни көзқарастағы ағымдардың белең алуы байқала бастады. Мұндай ағымдардың өрістеуіне діни қағидаттарды толық түсінбеушілік, берік өмірлік танымдардың болмауы, сонымен бірге, азаматтардың сенгіштік қасиеттері қолайлы жағдай жасауда. Ал мұндай кері діни ағымдарды таратушыларға өздерінің көзқарастарынан басқа сенімдегі адамдарға, тіпті бір сенімдегі адамдардың өзіне төзімсіздік көрсету мінез-құлқы тән. Демогогияға құрылған фанатизм және идеяға деген соқыр сенім, қаталдық және басқыншылық мінез-құлықтар - олардың дүниетанымының ерекшеліктері, міне, осылар.
Ислам құндылықтарын насихаттауды бетперде қылып алып, олар экстремистік идеяларды насихаттайды: «исламдық тәртіп» үшін күреске шақыратын топтар құрады, халық мүддесі үшін күресетіндер ретінде өздеріне имидж қалыптастырады, басқа экстремистік ұйымдармен тығыз байланыс жасайды және бірігеді.
Тұрғындардың діни сенімдерін саудаға сала жүріп, мемлекеттік институттар мен діни ұйымдар арасындағы қарым-қатынастағы аздаған тәжірибелерін пайдалана отырып, бұл радикалды топтар өздерінің белгілі бір міндеттерін шешуге тырысады. Бұл ретте әңгіме Хизб-ут-Тахрир сияқты және басқа діни ұйымдар туралы болып отыр.
Олар өз қызметтерін миссионерлік және өз дінін күштеп таңушылық тұрғыда өрістетуге тырысады. Радикалдардың криминалдық экстремистік қызметтері көп ретте саяси және экономикалық мақсаттарға жетуге бағытталған. Сонымен бірге, өзге ағымдарға төзімсіздік негізінде құрылған діни қызмет өз кезегінде кез келген қоғамның рухани қауіпсіздігіне, осы орайда белгілі бір мемлекеттің ғасырлар бойғы дәстүрлі дініне, оның ішінде ислам дініне де елеулі нұқсан келтіруі мүмкін.
Экстремистік идеялардың өрістеуіне ең алдымен интеллектуалды тұрғыда тосқауыл қою керек. Фанатизмге гуманитарлық және дінтанушылық ғылымдар саласындағы ғалымдардың күшімен академиялық негізде тойтарыс берілуі керек. Қазақстан азаматтары экстремизм қаупі қиял-ғажайып емес екендігін түсінуге тиіс және оған қарсы мемлекетпен бірге бүкіл қоғамның күш-жігері бағытталуы қажет. Біздің еліміздегі бұл келеңсіз құбылысқа қарсы күрестің тиімділігі заң талаптарының қаншалықты берік және жүйелі орындалуына байланысты болмақ.
- Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алудың және оған қарсы тұрудың тетіктері туралы айтып өтсеңіз.
- Мемлекеттің діни мәселелерді шешу және конфессияаралық үнқатысуды сақтау мәселесінде жүйелі жұмыс жүргізуі арқасында қоғамдағы әлеуметтік діни танымды қалыптастыруда белгілі бір иммунитет қалыптасып, әлеуметтік және құқықтық мәдениетті жүргізудің игі бағыттары құрылады.
Біздің басты міндетіміз - Қазақстандағы діни ұйымдардың менталитетіне бөтен бағыттағы ағымдардың кіріп кетуіне ықпалды тосқауыл қою. Ең бастысы, олардың ықпалынан балаларды және жастарды қорғап қалу. Біз Қазақстан үшін дәстүрлі дін болып табылатын ағымдар туралы жастарға қажетті білім беру, олардың осы діндерге деген көзқарасын қалыптастыру бағытында және біздің республикамыздағы діни сенімдерге жатпайтын басқа діндерге беріліп кетпеуі үшін тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз.
Біздің басты мақсатымыз - өскелең ұрпаққа - мемлекетіміздің болашағына экстремистік бағыттағы ұйымдардың ықпалына түсіп кетпеуі үшін жан-жақты көмек көрсету.
- Отандастарымыздың діни сауаттылығын қалай жетілдіруге және арттыруға болады?
- Өзінің дінін жетік әрі жақсы білетін адам ешқашан бұлыңғыр ағымдағы діни көзқарастарға еріп кетпейді. Әрине, әрбір адамның таңдау құқы бар. Алайда, таңдау жасау үшін де адам нені таңдайтындығын білуі қажет. Сондықтан ақпараттық бос кеңістікті толтыру үшін тек дінтанушылар мен философтарды ғана тартып қоймай, сонымен бірге журналистерді де кеңінен жұмылдыру керек.
Дін - күрделі және көп қырлы феномен. Сондықтан Қазақстанда тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру ауадай қажет. «Дін жүргізудің негіздері» атты арнаулы курстың мектеп бағдарламасына енгізілуі де тегін емес. Діни сауаттылықты, тек дін ғана беретін рухани-адамгершілік құндылықтарды мектеп партасынан-ақ ұрпақ бойына сіңіру қажет. Бұл жас сананы экстремизмнің және ксенофобияның зиянды ықпалдарынан арашалау үшін қажет.
- Жақында сіз Қазақстанда мөлшерлі ислам концепциясын дамытуды белгілеу туралы мәлімдедіңіз. Мұны қалай түсінуге болады?
- Фундаменталды идеяларды күшейту көптеген елдердің дінге сенушілерінің арасында кең орын алған. Бұл ағымдардың өкілдері көп ретте радикалды бағыттарды ұстанады. Олардың өз идеяларын жақындарына, балаларына, бүкіл қоғамға таратуға деген қадамы да алаңдаушылық туғызады. Сондықтан біз Қазақстанда радикалды идеяларға әртүрлі баламаларды қарсы қоюға тырысамыз.
Шынайы дін оған сенушілерді қайырымдылыққа тәрбиелейді, зиянды қадамдар жасауға тосқауыл қояды, діни экстремизмге қарсы белсенді және бітіспес күрес жүргізуге үндейді. Бұл орайда қасиетті Құраннан және пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Мәселен, Құранда мынандай аят бар: «Біз сендерді үнемі ортаңғы бағытты ұстанатын қауымдастық еттік. Өз кезегінде Мұхаммед пайғамбар былай дейді: «Ақиқатында дін - жеңілдік. Ендеше дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз суыйды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз».
Ислам - бейбітшілік діні. Бұл Құранда көрініс тапқан. Яғни ол «салам» деген ұлы ұғымнан шыққан, яғни тыныштық және бейбітшілік тілеу болып табылады. Оған қоса ислам дінінің бейбітшілікке деген талпынысы оның тек қана бір рудың, тайпаның, ұлттың немесе халықтың ғана діні емес, керісінше, Жаратушының барлық адамдарға бір-бірімен жақындасуы үшін, бауырласуы үшін, өзара табысуы және сүйіспеншілігі үшін дін ретіндегі алға тартқан қасиетті ұғымдарынан танылады.
Ислам діні ең алғашқы қалыптасу кезінен бастап Жаратушы айқындаған шынайы жоғары танымдық, еркіндік және жалпыға бірдей қайырымдылық идеялдарын орнықтырған адамгершілік идеяларды таратушы қасиетті міндеттерді бойына қалыптастырды.
- Қазіргі кезде исламда төрт негізгі діни-құқықтық мектеп - мазхаб бар екендігі белгілі. Олар бүкіл әлемге таралған. Неге біздің ата-бабаларымыз исламның ханафиттік мазхабын ұстанған?
- Исламдағы Құдайға құлшылық етушілік-құқықтық ілімдер толық белгіленген және қалыптасқан бұл мазхабтарды талдаушы танымал ғалымдардың пікірлері мұсылман қоғамының барлық қырларын қамтиды. Қазақ жеріне ислам осыдан он екі ғасырдан астам уақыт бұрын келді. Содан бері біздің халқымыз Ханафи мазхаб ағымын ұстанады. Исламның бір мазхабын ұстануға деген ынта халықтар үшін бірлікті, түсіністікті, ұйымшылдықты қалыптастырады. Оған бірнеше ғасырлар бойы Орталық Азияда діни негізде ешқандай қақтығыстардың, тартыстардың және өзара жауласушылықтың болмағандығы дәлел. Діни танымдағы біртектілік басқа теріс ұғымдардың белең алуына жол бермейді.
Сондықтан біздің халқымыздың бүгінгі таңдағы рухани құндылықтарын арттырудың басты міндеті ислам дінінің білікті және ойлы қағидаттарын насихаттау, осы арқылы адалдықты, әділдікті, шыншылдықты насихаттау арқылы елге, халыққа деген сүйіспеншілікті тәрбиелей отырып, озық дәстүрлер мен салттарға басқа халықтар мен діндерге деген құрметті қалыптастыру болып табылады.
Бірінші мазхабтың негізін қалаушы Абу Ханифа болып табылады. Бұл мазхаб VIII ғасырда Ирак елінде бастау алған. Абу Ханифа (кийас) баламасы бойынша тиімді үрдістерді пайдаланатын дәстүрді қалыптастырған және құқықтық мәселелерді шешу кезінде (истихсан) дәстүріне басымдық берген әдістемені жасаушы алғашқы тұлға болып табылады. Ол құқық бастауларының негізінің бірі ретінде (урф) салты нормаларын пайдалану мүмкіндігін бекітті. Мазхабты жалғастырушыларды ханифаттар деп атайды. Ханифаттық мазхабты жандандыру біздің қазіргі қоғамымызда маңызды болып табылады. Бұл ретте, Қазақстанда исламды жаңғырту бұдан бұрын да, бұдан кейін де біздің елімізде басқа діндердің еркін дамуына кедергі болмайтындығын атап көрсету керек. Тарих біздің ата-бабаларымыздың ханафиттік негіздегі суниттерге жақын болғандығын дәлелдейді. Атап айтқанда, біздің ата-бабамыз өздерінің діни сенімінде ханафиттік мазхабтың матуридий мектебіне иек артқан. Матуриди мектебі - имам Абу Мансур әл-Матуридидің ілімі болып табылады. Ол 852 жылы Самарқандта туған және осындағы Матурид орамында өмір сүрген. Осыдан оның есіміндегі Матуриди тіркесі қалыптасқан. Ұлы ойшыл, Орталық Азиядағы діни ілім мектебін қалыптастырушы Әбу Мансур әл-Матуриди ханафиттік мазхабты нығайтты және суниттік діни танымдар принципін қарсылық әрекеттерден қорғады.
Өкінішке қарай, өткен ғасырда Қазақстан мұсылмандары өздерінің көп жылдық діни құндылықтарынан, оның ішінде ханафиттіктен алыстап қалды. 1990 жылдары кейбір дінге сенушілер іс жүзінде өздерінің діни бастауларынан көз жазды. Соның салдарынан кейбіреулер өздерінің ата-бабасына жат діни ағымдарға ден қойып, ислам дінінің ілімі туралы сауатсыздығының салдарынан «дәнді қауыздан айыра алмай» қалды. Сондықтан бүгінде күн тәртібіне исламды, біздің еліміздің мұсылмандары арасында дәстүрлі ағымды қайта жаңғырту мәселесі қойылды. Бұл ретте діннің дәстүрлі жақтары ғана емес, сонымен бірге оның дүниетанымдық және адамның жан дүниесіне қатысты рухани жақтары басымдыққа ие болып отыр. Біз дінге сенушілердің назарын діни ағымдардың тарихи-этномәдени сабақтастығын және бірлікке бағытталған ішкі танымын қалыптастыратын жақтарына қарай аударамыз.
Ханафиттік мазхабты қазіргі кезде планетамыздағы мұсылман дінін ұстайтын халықтың жартысына жуығы, оның ішінде ТМД елдеріндегі мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанады. Ханафиттік мазхаб басқа танымға деген төзімділік, толеранттылық қасиеттерімен ерекшеленеді, ол христиандарға және иудейлерге түсіністікпен қарайды. Бүгінгі күні Қазақстандағы исламның ханафиттік бағдарын ұстанушылар тұрғындардың 70 пайызына жуығын құрайды. Біз үшін әрқашан да ислам дінін саясаттандыру және діни фанатизм жат болып келді. Мұндай қатынас барлық догмашылықты жоққа шығарады.
- Сіздің қазақ әйелдерінің хиджаб киюі ұлттық болмысты жоятын қадам екендігі туралы көзқарасыңыз белгілі. Осы мәселе туралы кеңірек айтып берсеңіз?
- Біздің ұлттық мәдениетіміз қазақ халқының басқаға ұқсамайтын болмысын қалыптастырған, оның құндылық бағдарларын айқындаған ханафиттік мазхабтың суниттік бағытындағы исламмен ажырағысыз байланыста. Қазақтың ұлан-ғайыр даласына тараған сайын ислам ұлттық дүниетанымның және мәдениеттің ажырағысыз бөлігіне айналды. Келе-келе ол діни үдерістердің және қазақ дәстүрі мен салтының синтезіне айналды. Бұл ретте бізге өзіміздің исламды қалай қабылдайтынымызға ұялудың қажеті жоқ, ол біздің мәдениетімізді, дәстүріміз бен менталитетімізді ескере отырып бейімделді, ол исламның шынайы қағидаттарын ұстана отырып, табиғи түрде өз ерекшеліктерін сақтайтын болады.
Тарихи шежірелерден және әдеби шығармалардан белгілі болып отырғандай, қазақтар өздерінің қыздарын еркін өсірді, оларды шаштарын немесе беттерін жауып жүруге мәжбүрлеген жоқ. Қазақтың дәстүрлі есімдерінің өзі біздің халықтың шаш әдемілігіне ерекше ден қойғанын көрсетеді. Біздің халық қыздарын Сұлушаш, Қарашаш, Алтыншаш, Гүлшаш деп атаған. Қыздарына әдемілік пен сұлулықты тілеген халық оларға: Ботагөз, Ажар, Қыз Жібек, Баянсұлу, Күнсұлу, Әсем, Қырмызы деп сазды да аяулы есімдер берген. Біздің халқымызда қыздар жігіттермен айтысқа түскен, «Қыз қуу» сайысында шаң қаптырып, «Алтыбақан» ойындарын қыздырған.
Солай бола тұрса да бұрынғы қазақ қоғамында ерлер де, әйелдер де жыл маусымдарына және тұрмыс жағдайына лайықталған дәстүрлі бас киімдер киген. Барлық балаларға - ұлдарға да, қыздарға да шашын жаппай жүруге рұқсат етілген.
Бойжеткендер және тұрмысқа шықпаған қыздар көп ретте құндызбен көмкерілген бөрік немесе оюмен әдіптелген тақия киген.
Әйелдер қазақтың дәстүрлі ғұрпына сай орамал тартатын. Жасы келген әйелдер мен әжелеріміз оқалы кимешек киетін. Қалыңдықтар қол өнерінің озық үлгілерімен көмкерілген бас киім - сәукеле киген.
Қазақ халқында әйелдердің беттерін толық жауып жүретін дәстүр ешқашан болған емес. Қазақ әйелдері күнделікті тұрмысында бет-жүзін тұмшалап көрген жоқ. Қазақ әйелдері ешқашан қараңғылық қапасқа қамалып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқынан айырылып көрген емес.
Беттерін тұмшалап жүру дәстүрі - қазақ сахарасында мүлдем болмаған құбылыс. Бүгінгі таңдағы хиджаб туралы түсініксіз ұғымдарға, біздің ішімізге кіріп кеткен жат мәдениет пен идеологияның көріністеріне біздің халқымыз ұстанған дәстүрлі ислам ғұрпы ғана қарсы тұра алады. Қазақтың нәрлі де қасиетті бай тілінде «хиджаб» деген ұғым мүлде жоқ. Сонда немене біздің ата-бабамыз хиджаб деген ұғымды түсінбеген бе?! Біздің ата-бабамыз қасиетті Құран кітабында «хиджаб» сөзінің әйелдердің киіміне қатысты айтылмағандығын анық білген. Құранда хиджаб сөзінің мағынасы - қоршау, бүркеу, бөлу, шымылдық, перде ұғымында беріледі.
Қасиетті Құранда «хиджаб» сөзі бар болғаны төрт рет қана пайдаланылған. Атап айтқанда, «әл-Әғраф» сүресінің 46-аятында: «Олардың (Жұмақ пен тозақтың) арасында хиджаб (қоршау) болады» делінсе, «Фуссылат» сүресінің 5-аятында: «Олар (әлі ислам дінін қабылдамаған Мекке тұрғындары) былай дейді (Пайғамбарымыз Мұхаммедке): «Біздің жүрегіміз сен бізді шақырған үндеулер үшін жабық, біздің құлағымыз таскерең болып қалды, сенімен біздің арамызда - хиджаб (шымылдық) орнаған. Еңбек етсеңші және біз де еңбектенетін боламыз». Аш-Шура сүресінің 51-аятында: «Адам Алланың онымен ашық түрде немесе хиджаб (бүркеу), (шымылдық) арқылы сөйлесуіне лайықты емес. Немесе Ол (Алла) жаушы жіберу арқылы Ол өзі қалайтын ашық әңгімеге Оның өзі қалайтын дәрежеде сөйлесуге ғана мүмкіндігі бар».
«Әл-Ахзаб» сүресінің 53-аятында «Егер сіз олардан (Пайғамбарымыздың әйелдерінен) әлдебір әбзел сұрайтын болсаңыз, тек қана олардан хиджаб (перде), (қалқа) арқылы ғана сұраңыз» делінген.
Міне, біз көріп отырғандай, Құранның бұл аяттарында «хиджаб» сөзінің әйелдердің бетін орамалмен тұмшалау ұғымымен ешқандай байланысы жоқ.
Міне, осы мәселелерді жан-жақты айта келіп, бөтеннің салт-дәстүріне, бөтен мәдениетке, атап айтқанда, араб ғұрпына көзсіз көшірме жасауға болмайды. Осы орайда қазақ халқы өзінің бірлігіне, татулығы мен тұтастығына ата-бабамыздың дәстүрлі діні мен әдет-ғұрпын берік ұстау арқылы қол жеткізе алатындығын естен шығармауымыз керек.
- Салиқалы әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
http://www.egemen.kz/310856.html