Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 8100 7 пікір 5 Шілде, 2017 сағат 11:36

Ат қою еріккеннің еңбегі емес

Жалпы біздің қазақ жаңа туған нәрестеге ат қоюға келгенде ештеңенің де парқына бармайтындығын  жасыруға болмас. Сол кішкене шақалақтың күні ертең ат жалын тартып мініп үлкен азамат боларын біле тұра тым салақтық, тым жайбасарлық танытады. Бүгіндері қайда барсаң да алдыңнан Диана, Динара, Анжела, Индира, Айдана секілді арысы Англия, берісі Индия секілді елдердің адамдарының аттарынан аяқ алып жүргісіз. Бұлардың әке-шешесінің қазақта Жібек, Қорлан, Қаракөз, Құртқа секілді әсемдігімен де ақылдылығымен де тарихта аты қалған есімдерден мүлдем мақұрым қалған секілді.

Бір қаланың әкімінің аты Ермак дегенін естігенде Иран мен Ирактан тіпті айналып кетелі екенсің де. Ата-бабаңның қанын судай шашқан, әйел демей, бала демей қынадай қыра берген жауыздың есімін берген ата-ананың не ойлағандығын кім білсін. Бүйте берсек, бара-бара Сталин, Гитлер, Голощекин деген есімдерді естігенде таң қалмаспыз, сірә.  Меніңше мәңгүрттік деген қоғамымызды жегідей жеп жатқан пәле осындай дүниелерден басталатын тәрізді.

"Жүре берсең көре бересің, көре берсең біле бересің" деген нақыл рас па деймін, біздің жақта Украин деген атты да жиі кездестірерсіз. "Бақсақ, бақа екен" дегендей шешесі ол азаматты сонау Украинада тұрғанда босаныпты. Содан сол елге құрмет есебінде қойған деседі. Несі бар, құрметтегеннің, сыйлағанның артықтығы жоқ шығар. Алайда осы бөтен елді, соның азаматтарын тек біздің қазақ қана елден ерекше, жұрттан ала бөтен сыйлайтындығын, артығырақ айтсам кешірерсіз,құлдық ұруға дайын тұратындығын қайтерсің. Менің көршімнің баласының аты Сергей екен. "Мұныңыз қалай?" десем, ол сабазың беті бүлк етпесен "Оу, Сергей деген менің арамыздан қыл өтпейтін, бір-бірімізге жан беретін досым ғой, сондай болып өссін дегенім ғой" деп қарап тұр. Бұл міскінге бүкіл Алаш ардақтаған Абай, Мұхтар, Мағжан, Абылай  деген аттар сірә тақиясына тар келген болса керек. Айтпақшы, сол Сергейіміз (әкесі "Сережа, Сережа" деп жаны қалмайтын жігітіміз) өзге ұлттың қызына үйленіп, "Ресей анамыз" деп әкесінің жиған-тергенін қоржынына толтырып алып, бір күнде солтүстіктегі көршімізге қарай тартып отырыпты. Қаймана қазаққа титімдей де пайдасы жоқ бұл жігітке "жолың болсын" деп айтуға ауыз бармады.

Украинаны аз десеңіз бізде Иран мен Ирак деген жұрттың атын да кездестірерсіз. Мұндай жағдай кейде күлкіге бергісіз жайтқа әкеліп соқтыратындығы тағы бар. Бірде халықаралық хабарлардан басқа ештеңе көрмейтін білгіш бір досым "Ау, Иран мен Ирак тағы да соғысып қалған ба​​?" деп тақылдап қоймады. Бейне бір осы екі елдің қырқысы өзіне қыруар пайда әкеліп, байлыққа белшесінен бататындай. Сөйтсем теледидардан парламенттен хабар беретін бір тілшіміз "кеше Иран мен Иран аздап шекісіп қалыпты" деп қалжың аралас қаңқу сөзді таратып жіберіпті. Ал менің досым әлгі екі депутатты бақандай екі елге апарып сайса керек.

Мен бұл жерде қазақтың әп-әдемі аттарын кейбір теле жүргізушілердің Мәдинаны Мадиина, ал Айша Аииша деп грамматикадан мүлдем хабарсыз екендігін танытып қоятындығына көзіміз үйренгендігін айқалы отырмын.. Онысынан қысылып жатқандары шамалы. Сірә, теледидарды кәсіпқой журналистер емес, беті жылтыраған әртістер мен бір ән айтса "жұлдыз" болып шыға келетін "бесеспап" мамандардың басып алғандығынан шығар. Ал бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Тақырыбымызға қайта оралалық.

Адамға азан шақырып қойған есім күні ертең бүкіл тағдырына әсер ететіндігінен көпшілік хабардар болдар. Мұнытіпті ғалымдар да мойындаған. Біздің облысымызды Архимед деген азамат басқарады. Аты қызықша болмағанымен ата-анасы бәлкім ана грек ғалымының сарқыншағы жұғар деген үмітпен қойған болар. Бұл кісі ғылым жолын қумағанмен талай облысты басқарып аты шығып жүргендігінен ел хабардар.Сірә, дуалы ауыздың қасиеті жебеген болар. Мұны енді бейтарап ат деуге болар. Алайда сол қойылған аттың күні ертең қиындыққа ұшыратын, сол атқа бола жаманатқа қалуың оп-оңай. Ондайда кімді кінәларсың? "Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап" деп атамыз қазақ бекер айтпаған болар. Мәселен, Қызылордада бір баланың атын Бен Ладан деп қойыпты. Енді бұған не дерсің. Дүниезүне талай бейкүнә жанды қынадай қырған, құрған ұйымы дүниежүзінің барлық елдрінде қауіпті салатын адамның атын қою кімге керек болыпты. Күні ертең анау Еуропа елдерінің есігін де аша алмасы хақ. Тіпті болмағанда қай кеденде де бұл жігітке күмәнмен қарап „аш құлақтан тыныш құлақ„ деп ешбір себепсіз кейін қайтармасына на кім кепіл. Оның үстіне бұл азаматқа кейін шетелдердегі жоғары оқу орындарының есігі тарс жабылуы мүмкін екендігін де ескерген мақұл. Ал сонда кім ұтты, кім ұтылды. Әрине, ұтылатын әлгі Бен Ладанымыздың өзі. Мұны бір деңіз. Ал енді біздегі елде кеңінен тарап кеткен есімдердің бірі - Арсен деген ат. Баланың ата-анасының бұл атқа неге құмар болғандығын білмеймін, алайда бұл есімнің де оңып тұрмағандығы белгілі. Мүмкін біреу білер, біреу білмес, Арсен деген кісі кезінде Франция елінде алаяқтығымен, жұртты алдап-арбаумен аты шыққан баукеспе ұры болған. Ал біз осындай адамды төбемізге көтеруге дайынбыз. Қайран аңқаулық-ай. Мұндайда  "Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деген нақылы өзінен-өзі сұранып тұрғандай-ау, сірә.

Жалпы дүние есігін енді ғана іңгәлап асқан сәбиге ат қоюға келгенде тым енжарлық танытатынымды, оған елеусіз бір дүние есебінде қарайтындығымызды жасырып қайтеміз. Әйтпесе "атты анау қойсын, болмаса мынау қойсын" деп кейде көлденең көқ аттыға да жалынып жатамыз. Бұл түбірімен қате үғым, тіпті қауіпті нәрсе десе артық емес. Неге дейсіз ғой. Өйткені әлгіндей белгісіз адамның атты қандай ниетпен қойып жатқандығын бір құдай білсін. Негізі адамның бойында жақсы энергия немесе жаман энергия деген болады. Нәрестеге жақсы энергиямен қойылған ат болса дүниеде жолы оңалып, жақсы адамдар көп кездесіп, арманына бек жетуі мүмкін. Ал жаман яғни жағымсыз  энергия түсіп кетсе ше. Мынау жалпақ дүниедегі пенделердің барлығы бірдей ниеті адал, ойлайтыны жақсылық, біреуге қастық жасауға бармайтындардан ғана құралмайтын шығар. Бұл мысалды алыстан іздемей-ақ теледидарды ашып қалсаң болғаны. Атыс-шабыс, ұрып кету, зорлап кету деген қаскүнемдіктен көз ашпайсыз.

Мен әрине атың сәтсіз қойылса міндетті түрде бірдеңеге ілігіп кетесің деген жаман ойдан аулақпын. Оның бетін аулақ қылсын, әрине. Дегенмен атыңның музыканың әуеніндей құлаққа жағымды естілетін қазақтың әдемі аты болғанына не жетсін. Ал әзірге мына көршіміз орыс болсын не өзбек болсын, тіпті сонау Еуропадан бастан АҚШ-қа дейінгі елдердің адамдарының есімдері сол елдің кісісі екендігін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрады. Ал біз болсақ қазақ екенімізді танытатын аттардан үркіп, басымызды ала қашатынымыз қалай.Әлде тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да құлдық сананың шырмауында шырмалып қалдық па?

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992