Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 59593 18 пікір 17 Шілде, 2017 сағат 10:05

Жағалбайлы руы Кіші жүзге қайдан келген?

Қазіргі Кіші жүздегі Жағалбайлы елінен қазақ вальсінің патшасы атанған Шәмші атамыз, ұлы әнші Роза Бағланова, жаңа тарихымыздағы ең жарқын саясаткерлердің бірі Нағашыбай Шайкенов шыққан еді.  Ал енді, осыған дейін бұл ел, «Қыз Жібек» эпосының бас кейіпкері Төлеген батырдың тарихы арқылы біздерге таныс болды. Жағалбайлының шыққан тегі жөнінде ғалымдар да, шежірешілер де тек қана жорамалдар айта алып жүр. Бұл тайпаның түбін бірі башқұрт, бірі қырғыз, бірі пешенег (адай) дейді.

Шежіреде бұл тайпаның нақты түбі белгісіз. Байұлының бір ақсақалының жетім қалған жеті ұлды асырап алып, ер жеткізіп үйлендіріп, енші бөліп бергені жөнінде ғана айтылады. Үлкені Табын, кенжесі осы  Жағалбайлы дейді. Бұл ру Кіші жүзге Тәуке ханның заманында келген еді. Қазақтың ең әсем эпосының кейіпкері мен ең атақты адамдарын дүниеге әкелген бұл Жағалбайлы Кіші жүзге қайдан келген?

Жағалбайлының атасын Малатау деп күйеулерінен жасы үлкен еркектің атын атауға хақысы жоқ әйелдер ғана айтады.  Анығында, «Жетіруда Малатаудан асқан барма» дегендегі, аты ұранға айналған Малатау батырдың атының нақты айтылуы  Манатау еді.  Манатау дегеніміз қазіргі Қазығұрт тауы болады. (қазық ұрды). Бируни бұл таудың бастапқыда Манкур (қыр, тау) болғанын айтқан екен. Кейде осы Манатауды Ман ата деп те айтады. Ман ата дегеніміз ежелгі үнді мен шумерлердің Адам атаны айтқандары еді. Кейін, арғықазақ мифологиясы Ман атаны Көк Тәңірінің ұлына айналдырған. Ман атаның сүйегі қасиетті Маңғыстау жерінде жатыр.  362 әулиенің ең біріншісі. Шыққан тегі Туран, көшпелі арийлер. Туран атауы Тур, яғни, бұқа дегеннен болған. Қазақтағы «төре» сөзінің бастапқы нұсқасы осы Тур болса керек. Түрікке және Шыңғыс ханның ұрпақтарына еш қатысы жоқ.  Ман атамен бірге туды деген Ямыш, азербайжан тіліндегі Жамыш, яғни, мүйізі қайқайған Қодас болады. Қодастан башқұрт-бурдзяндар тарайды. Демек, Жағалбайлының түбі кейбіреулер айтқандай  башқұрт емес. Бозықұрт-Бөрте шенеден тарап тұрған Башқұрт - атадан қият-қыпшақ, анадан сармат. Сондықтан, башқұрттың бетін тырнасаң ар жағынан қырғыз шығады. Ал енді, Манатаудан Қарабұқа деп айтылады. Қарабұқадан Жағалбайлы. Демек, Жағалбайлы руы Наймандар сияқты Өкірештен, яғни, бұқадан тарап тұр.  Шыққан тегі Туран дегенді білдіреді. Манатау - байырғы ата-мекенін білдіретін ұраны. Қарабұқа дегендеріне қарағанда бұл тайпаның көсемдері маңдайында үшбұрышты ақтаңлағы бар мифологиялық қасиетті Қарабұқаны білгендерінен болса керек. Осының дәлелі ретінде біздер қазіргі Маңғолиядағы Жағалбайлылардың сиыр малына осы Қарабұқаның үшбұрыш таңбасын басатындарын келтіреміз. Бұл таңбаны олар да білместіктен  «тұмар» дейді. Бұрышын жоғары қаратып қояды екен. Мифология осылайша қойылған таңбаны «королевское величие», яғни, «патшалық мәртебелілік» деп атайды. Өзбек жерінде қойылған найман Өкіреш шалдың құлпытасында да, бұл таңба үшбұрышымен жоғары қойылған. Яғни, бұл таңба Өкіреш шалдың хандық дәрежесін, сол әулеттің ұрпағы екенін, төре-наймандығын білдіріп тұр.  Неше ғасыр хандық құрған Найман хандарының шежіреде жасырын іздерінің қалғаны жөнінде «Найман хандары және Шыңғыс хан» атты мақаламызда айтылған еді.

Ал енді, біздер Тоныкөк атап кеткен Түрік қағанаттары заманындағы қолбасшы Танакөктің құлптасында бұл таңба бұрышымен төмен қойылған. Яғни, «қасиетті сиыр ананың ұлы» деген мағына береді. Біздіңше Өкіреш деген сөз. Өздеріңіз білетіндей, Танакөк Түрік қағанаттарында қаған бола алмаған.

Осымен қатар маңғолдағы қазақтардың арасындағы Жағалбайлылар ұсақ малға найманның надандар айтқан «баған», өздері айтқан «аша», анығында «мүйіз» таңбасын басады екен. Бұл «мүйіз» таңба түп-тамырында Осман империясын құрған Каилардың таңбасы болады. (Рашид-ад-Дин). Осман әулеті дүниежүзі мойындаған монархиялық әулетке жатады. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының келтірген деректерінде наймандар шежіресінде осы Кай әулетінен тарап тұр.

Моңғолияның таулы жеріндегі Жағалбайлылар өздерін «найманбыз» дейді екен. Осымен қатар өзбек наймандары мен ноғай наймандарының құрамында да Жағалбайлы руы бар.  Шежіре аңыздары Жағалбайлыны бірде Шеруші мен Төлегетайға қатысты айтса, бірде шеруші Бақат батырға қатысты айтады.  Алғашында Жағалбайлыны шеруші Бақат батырдың бір соғыстан кейін тауып алғаны айтылады. «Бақат батыр Наймандардан сатып алған» деп те айтылады. Моңғолиядағы Жағалбайлының жадында Төлегетайдың аты Төлек болып сақталып қалғанына қарағанда, олардың бұған дейін Сыр бойында, Төлегетай найманның арасында жүргендерін білдіреді. Шерушіні керей десе де, белгілі шежіретанушы керей Ашамайлы Сиезхан өзінің жазған «Дат – шежіре даланың ауызша тарихы» атты кітабінде Қаракерейдің бір баланы даладан тауып алып, оның атын Жарболды қойғанын, одан туған екі ұлды Шеруші, Шимойын атағанын айтады.  Анығында Қаракерей деп бұл жерде керейдегі Қара би айтылып тұр.  Шимойынның керейге де басқа жақтан келгені тарихтан да белгілі. Әркім әрқалай айтады. Түргеш қағанатында жүргені қытай деректерінде айтылған.  Ал енді, Шерушінің түбін қарақытай деп айтады. Бұл жерде «қытай» дегеніміз анау алпауыт қытай емес, «хұтай», яғни, жібек дегеннен болған қыйдандардың атауы. Қайта осылардың атымен көшпенділер анау шеріктерді «қытай» атап кеткен. Шерушілер наймандағы қаратай еліне де сіңген. Қаратайдың Дәулеттерімен бірге ең текті ру саналатын бұл Шерушілерден көптеген ұлы тұлғалар шыққан. Тек жүрген Шеруші болмайды. Ғұлама шежіре атанған  Ғұлам Қадырдың қол баласы болып жетілген байжігіт-тоғас, бір сыдырғы шежіреші Жеңісхан Атшабар Шерушінің Күшлік ханның қайын жұрты екенін айтады.

Қырғыздағы Монгуш тайпасынан шыққан қасиетті ана Құрманжан датқа да осы Жағалбайлыдан болады. Монгуштан Жағалбайлы дегендері – Ман ұлы дегенді білдріреді. Яғни, қырғызда олар да Ман атадан тарайды. Меніңше, Құрманжан датқа өзінің текті жердің қызы екенін жақсы білген. Барғы руынан шыққан Алымбек датқаға сөз салған Құрманжан қыз өзінің тексізге ұзатылып бара жатқанын айтқанда: «Күмісті күлге, салмайды бегім, күллі әлемде сіз ғана менің тегімсіз» деген екен. Алымбек датқа қырғызға сіңген Барластардан еді. Наймандардың, шапыраштылардың, жалайырлардың  қырғыздарға сіңіп кеткендері жөнінде тарихта нақты айтылған.  Қырғыздың мықтылығы осыдан. Өзіміздің қандастарымыз аруағы бөлек қырғызға сіңіп алып, енді бізді «маңқа қазақ» дейді. Алай да, маңқа» сөзі арғықазақ мифологиясында «хан» дегенді білдіреді. Мәселен, Боданжар-маңқа, Көкетайдың орнына хан болған табылды Боқмұрын. (найденыш). Анығында, арғықазақ мифологиясындағы «табылды» дегендердің бәрі текті болып шығады. Осыған қарағанда тектілердің, яғни, хандардың балаларын құндақтан ұрлап әкетіп хан сайлайтын үрдіс болған сыңайлы. Кейін, тауып алдық дей салғандай.  Мәселен, «Манас» жырында Көкетай хан өлерінде: «Анау жар түбінен табылған Боқмұрынды ала күшік демеңдер, жетімідігін бетіне баспаңдар, мен өлгеннен кейін ол хан болады» дейді. Тегі белгісіз жетім болса, оны кім хан көтерер еді? Шапыраштының Абағы керейге сіңген, Саяғы қырғызға кеткен деп айтылады. Шежіреде оларды да жоғалтып алған. Сондықтан мен Абақты үйсін емес, шапырашты деген едім. Қазіргі таңда генетик ғалымдар Шапырашты мен Абақ керейдің ДНК-белгісінің бір екенін айтады.

Сонымен, өздеріңіз  көргендеріңіздей жалпақ ел Жағалбайлы шежіре аңыздарында, таңбаларында найманға тым жақын болып тұр. Шәкәрім қажының: «...наймандар сияқты» дегені тағы бар. Орыс зерттеушісі Абрамзон Жағалбайлының бір таңбасын «в виде летящей птицы» деген екен. Бұл таңбаның естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ. Бізге белгілі таңбалардан бұл таңба - V.  Яғни, надандар айтатын найманның «қыран», анығында, шежіре аңыздарында Өкіреш атты бұқадан тараған деген бұқатекті халық екенімізді білдіріп тұрған «мүйіз» таңба болады. Бұл таңба да түп-тамырында Каилерлікі болады. (М. Қашғари).

Орыс зерттеушілері дым білмес шежіресымақтарды «горе историки» дейді екен. Міне, Ман атаны қатындарша Малатау деген  осындай бір «горе историк»: «Орысқа сенесің бе, Жағалбайлыда ұшқан құсқа ұқсаған таңба болмаған» деп, Жағалбайлыны мәсі тіккен біреуден таратып қойыпты. Орыстардың түкке жарамайтын адамды «сапожник», яғни, «мәсі тіккіш»  дейтіндері белгілі. Ұшқан құсқа ұқсаған таңба жоғарғы Құрманжан датқаның руында болған. Үзеңгіге де басылған болған екен. Жағалбайлының қазіргі таңбасының – Т, яғни, айбалта екені белгілі.  Ал енді, Қырым татарларының Хдыр-бали деген руында осы айбалта мен әлгі «в виде летяшей птицы» деген найманның «мүйіз» таңбасы бар екен. Осымен қатар бұл руда Кай әулетінің «жалайыр» таңбасы мен наймандағы терістаңбалының «ноқта» таңбасы бар. Және де, Қырым татарларында бұл айбалта таңба жаңағы Хдыр-балиден басқа Калачтарда да бар. Калач дегеніміз қазіргі Ауғаныстан, Пакистандағы Халадж – арийлік саналатын тайпа болады. Демек, бұл айбалта деген таңба сақтардан арғы замандардан, арийлерден келе жатыр.

Қазақтың тарихшы  ғалымдары рулық таңбаларды зерттемей қазақ халқының қалыптасуының этникалық жолын анықтаудың мүмкін емес екенін нақты айтады. Таңбаларды тану арқылы тарихтың сырын аша алатынымызды кезінде жекелеген зерттеушілер, атап айтқанда, А. Левшин, Ш. Уәлиханов, Л. Мейер, А. Харузин, Н. Аристов, Н. Гродеков, М. Тынышбаев, С. Аманжоловтар жақсы түсінді. Алай да, шежірені, тарихты жете танымағандар, кезінде нақты атауы ұмыт қалған, сондықтан, кейінгі надандардың атай салған таңбалардың атауларын қолданып жүр.  Бұндай жағдайда тарихты лайықты түрде тану мүмкін емес. Мәселен, Керей мен Төртқараның «айқыш» атанып кеткен таңбалары анығында Көк Тәңірі деген мағына береді. Христиан дініне еш қатысы жоқ. Осыдан біздер Керей атауының өте көнеден келе жатқанын түсінеміз.  Шамамен айтқанда, еврейлерді Мысырдан ертіп кеткен Мұса пайғамбардың заманынан. («Бытие» Хорей).

Негізінде, шежірені тану үшін  күллі түрік-қыпшақ әлемінің барлық таңбаларының кестесімен  қоса, қол астында Орта Азиядағы барлық таңбалы тастардың  фотосуреттері болуы шарт. Өйткені, біздің өткен тарихымыз тасқа қашалып жазылып қалған. Мәселен, Алматы облысындағы Тамғалыда Шыңғыс хандікі деген «тарақ» таңбаның қола дәуіріндегі ең алғашқы атауының Айбас екені айтылып тұр. Айбас (Ай Тәңірі) дегеніміз Қыпшақ, яғни, абыз-ақын арийлік сақтар дегенді білдіреді.  Кейін, Юечжи-Кушан патшалары бұл таңбадан айырға ұқсаған скипетр жасап, айырдың түбіне арийлер қасиет санаған жылқының жалын байлаған. Осыдан біздің кейінгі аталарымыздың жадында  бұл таңба «жалайыр» деп сақталып қалған. Осы «жалайыр» таңбалылар ең алғашқы қазақтар болады.

Көп оқыған, тарихты көп зерттеген Шоқан Уәлиханов қазақ тайпаларының бір-біріне сіңіп кетіп жүре бергендерін бір ауыз сөзбен: «В хаосе кочевнических воин, племена смешались с племенами» деп айтып түсіндірген еді. Кіші жүздегі Жағалбайлы руы да осыны басынан кешкен. «Қыз Жібек» жыры Сәкен Сейфуллин, Ақынжанов, Мұхтар Әуезовтан кейінгі кезде қайта зерттелген еді. Енді бұл зерттеушілер Сегізсерінің нұсқасын ұстанады. Яғни, Төлегенді Бекежан емес, қылмыс жасап Әндіжаннан қашып жүрген Кескентерек деген қожаның өлтіргені айтылады. Мен алдыңғы жазған мақаламда осы нұсқаны білсем де, оқырманды әбден мезі қылған бұл шикі тақырыпты (зерттеуді) қазбалап айтпай-ақ өткен едім. Сондықтан да, ол мақаламда Жайықтың арғы жағындағы Жағалбайлыдағы Лез тармағының Бескүрегінен шыққан Әбіш ақсақалдың айтқаны бойынша, оқтың Төлегенге арқадан емес, тақ шекесінен тигенін жаздым. Яғни, олардың жекпе-жекке шығып садақ атысқандарын. Ал енді, мақаланың атын редакция өзі өзгерткен еді. Яғни, «Бекежан өлтірмеген» деп мен нақты айтқан емеспін. Алай да, бұл мақала жарық көрген соң, шежіренің иісі мұрындарына да кірмеген біреулер осы кейінгі зерттеу материалдарын оқып алып, көлденең тартып байбалам салған еді. Ақырында, Жағалбайлыны етікшіден таратып, Ман атаны Малатау қылып тынды. Бұл зерттеу материалдарын мен кезінде қарап шыққан едім. Тарих ғылымының докторы Сәбит Жолдасов деген жазған екен. «Ұрпақтары Орскіде қалды» дегені жалған, ол жақта мен Жағалбайлыны жата-жастана зерттегенмін. Жолдасов айтқан Сегізсері арқалы ақын еді, сондықтан Қыз Жібек жырының басында:

Жағалбайлы Жанқара, Шекті Арыстан,

Қайтпаған қайсар ерлер жолбарыстан.

Осындай абзал жандар өтінген соң,

Шығардым Қыз Жібекті етіп дастан.

дейді екен.  Яғни, Сегізсері бұл жерде Қыз Жібек тарихының сол жердегі халық арасында ауызша айтылып жүрген нұсқасын жырға айналдырғанын айтып отыр. Басқаша сөз жоқ бұл жерде. «Басында менен шығады, Қисса болып бұл Жібек» деп Шайхислямов қожа ол кеткен еді. Енді: «Шығардым Қыз Жібекті етіп дастан» деп Сегізсері кетті. Меніңше, кейінгі зерттеушілер Сегізсерінің аруағын мазалап бұл зерттеулерде жалған айтқан. Не болмаса, «Осындай абзал жандар өтінген соң» деп өзі айтқандай, Сегізсері бұрын да айтылып жатталып қалған жырды өзгерткен. «Ғабит Мүсірепов білді, Мұхтар Әуезов сұрады» дегендері де жалған.  Яғни, өзі қожа болған соң Мұхтар аға бұл нұсқадан Төлегенді өлтірді деген қожаны алдыртып тастап, Бекежанды оның орынына қойған екен-мыс.  Егер де, Ғабит ағамыз білсе, міндетті түрде сценарийді осылайша жазар еді. Ол заманда қожа атаулы қазақ үшін жау болған. Бұл жәй тіпті, таптырмас сәттілік болар еді, әдебиеттің партияланған заманында. Ол замандағы тарихи көркем әдебиетте қожалар сатқын, қалмақтың жансызы ретінде көрсетіле берген. Шайхислямов қожа фальсификация жасаған болса, онда, одан бұрын, яғни, 1894-ші жылы Тухватуллиннің Қазанда жария еткен нұсқасында Бекежан неге жүр?  Бұл екеуінің дерек көздері екі бөлек болған. Зерттеуші М.С. Сильченко: «Шайхислямов бастыртып шығарған «Қыз Жібек қиссасы» мен 1894-ші жылы басылғанын салсытырып қарағанда олардың екеуінің негізі бір екенін көреміз» деген еді.  Шайхислямов қожа осы нұсқа (1894) жөнінде айтқанда, «Базарбайдың байлығын ешкім есеп етіп болмас екен» деген сияқты сөздерден: «Әр сөзіне қарасам, Ноғай ма екен өздері, Қазақшаға түсе алмай» деп тұжырым жасаған. Өте дұрыс тұжырым, өйткені бұл нұсқа татардың: «Майдың иыырма бишляриндә, гүлдәр шәшәк әтәди» деген сияқты мақамымен айтылып тұр. Сондықтан оны «татарский вариант» деген. Бекежан мен Кескентерек жөнінде ол жерде ешқандай да сөз болған жоқ. Ал енді, ғалымдар осы ноғайдың нұсқасын ең көне деп санаған. Яғни, Сырлыбайды хан, Қаршығаны хан уәзірі деген нұсқаның сонау ноғай әдебиеті дәуірінен келе жатқанын түсінуге болады. Мүмкін бұл ноғай әдебиеті, яғни, Алтын Орда дәуіріндегі жырдың жол-жөнекей біраз өзгеріске түскен ең алғашқы нұсқасы шығар. Ол заманда тарихи тұлға Бекежан да, шежірелік Сансызбай да болмаған. Ал енді, Мұхтар Әуезов пен Н. Смирнованың зерттеулеріндегі Александров пен Аничков жазып алған Мұсабай нұсқасында Қыз Жібектің әкесі Алашабай деп аталған. Қара қыпшақ деген Бекежан тарихи тұлға шектілік Бекежанның  аттасы ғана. Коренді кейінгілер қосқан. Жеті атадан бері үзілмей айтылып келе жатыр деген Шапай Қалмағамбетовтың жазып алған нұқасында Жібектің әкесінің аты Сырлыбай емес, Қараман, Төлегеннің әкесі Базарбай емес, жәй шаруа.  Осыдан біз осы Алашабай дегеннің де, Сырлыбай дегеннің де, Базарбай, Қараман, Бекежан, Сансызбай дегендерінің де  жырдың нұсқасына кейбір кезеңдерде жаңадан еніп отырған кейіпкерлер екендерін түсінеміз.  Шежірелік Сырлыбайдың 18-ші ғасырда өмір сүргенін айтып жүргендер бар. 1892-ші жылы шөмекейлік Қарабайдың асында Мұсабай жырау айтқаннан кейін, Қыз Жібектің шөмекейлік екені де айтылып жүретіні белгілі. Яғни, Қыз Жібекті Шөмекейдің қызы болған деп неге айпасқа? Осы жөнінде Ақтөбелік төртқаралардан бір күлкілі әңгімені естіген едім. «Қыз Жібек» фильмін алғаш экраннан көргенде, кинодан шыққан Ақтөбелік екі баланың бірі, түрі қорқынышты, реңсіз әжесі жөнінде: «Менің де әжем шөмекейдің қызы еді» деген екен. Осыдан да біздер сол кездегі Ақтөбе өңіріндегі қазақтардың арасында ешқандай да шекті Сырлыбай туралы әңгіменің болмағанын түсінеміз. Кинодағы Сырлыбайды көріп отырып Жібекті шөмекейдің қызы деген. Біз Сырлыбай дегенді  кинодан ғана естіп, көрген  едік.

Демек, бұл Кескентерек жөніндегі зерттеу сын көтермейді.  2005-ші жылы Сәкен Жолдасов Сансызбайдың ұлы деген Төс батырды Тасбалта, өлтіргенді Ұзынтұра дейді. Енді, Кесентерек болып қалған. Ал енді, жоғарыдағы Сегізсерінің айтқан Жанқарасы анығында Жанқасқа би болған. 1835-ші жылы, яғни, Сегізсерімен кездескеннен бір жыл кейін орыстардың жіберген жансызының қолынан қаза болған деген ұлт-азаттық қозғалыстың белсенділерінің бірі еді. Сегізсерімен кездескенде олардың арасында осы Жанқасқа - Сансызбайдың Жібектен туған ұлы Төс батырдың төртінші ұрпағы деген сөз болмаған. Бұл сөз қазіргі уақытта Ақтөбеде Жанқасқа батырға ас берілгенде айтылған. «Анамыз Жібек, Жанқасқа Төс батырдың төртінші ұрпағы» деген сөз айтылған. Алай да, ғылыми конференцияның өзінде ешқандай да шежірелік дәлел келтірілмеген. Егер де, Жанқасқа жырдағы Сансызбайдың ұрпағы болса, онда, Сегізсері: «Отырмын ұрпағының дәл қасында» деген сияқты сөздерді эпилогында міндетті түрде айтар еді. Яғни, Жанқасқа би Қыз Жібек пен Сансызбайдың ұрпағы болса, онда, атаққұмарлық өршіп тұрған би-болыстардың заманында бұл жәй жыр болып айтылар еді. Меніңше, Жанқасқа би осы отырыста өзінің шежірелік Сансызбай бабасының атын, «атамның аты ел аузында жүрсін» деп Сегізсерінің аузына сала салған болса керек. Бұл 1834-ші жылғы шартты нұсқа делік, бізге белгілі болған ең бірінші нұсқа. Екінші нұсқаның жылы 1894 жыл. Яғни, алпыс жыл өткеннен кейін табылған.  Демек, Жанқасқаның бабасы, жырдағы Төлегенге еш қатысы жоқ Сансызбайдың аты эпосқа 1834-ші жылы «Осындай абзал жандар өтінген соң» енген. Сондықтан да,  Байдәулетов С.С. келтірген толғаудағы Жағалбайлы Төс батыр туралы әңгіме де күмәнді. Бұны айтқан шежіре емес. Төс батыр тарихта болған, алай да ол Жібектен тумағандай. Жібек пен Сансыбайдың ұрпақтары болса, анау жеті атадан бері ұзілмей айтылып келеді деген Шапайдың нұсқасында қара сөзбен де болсын айтылар еді ғой.  Жетінші атасы шамамен 1750-ші жыл. Төс батырдың заманы. Жібекпен жар төсегінде үш ай жатқан Төлегеннің балалары қайда? Шежіресіз-ақ біздер Төлеген мырза атанған батырдың Жағалбайлыдағы Мырза тармағынан болғанын түсінеміз.

Алпыс жылда Сегізсерінің Кескентеректі өлтіргені жөніндегі нұсқа күллі қазақты алпыс айналып шығар еді. Эпосқа Сырлыбайдың да аты осы отырыста еніп қалған болса керек.  Жолдасовтың зерттеуі ат-үсті, тиіп-қашты жүргізілген.  Ата санауы да, Төс батырдың Жағалбайлының екі тармағының қайсысынан екені де айтылмайды. Шежіреге сілтеме жасағандар айтылған кейіпкердің жетпіс жеті атасын тарата айта білу  керек.  Бұл айтылғандар сол баяғы, «менің де әжем шөмекейдің қызы еді» деген сияқты әңгіме болса керек. Сәбит Жолдасов тарих ғылымының докторы болса, онда ол өзінің сөзінің келіспейтінін айтып тұрған  Қыз Жібек жөніндегі, мына жердегі біз айтып отырған  бұрынғы зерттеулерді неге жоққа шығармаған?  Шығара алмаған,  сондықтан, тиіп-қашып айтқан. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығына да, осы шикі деректер берілген.  Яғни, әр «дерек» әр жерде айтылғанымен түбі бір - бос сөз. Анау наймандағы жалған Қаратай батырға да арналып талай толғау осы заманда айтылған. «Шежіресінен елінің, қайтып алып тастамақ!» деп жырлайды Әділбек Қызыр деген ақындары. Шежірені айтып шежіреге қарамаған адамды бірінші көргенім.   Жаныстағы Төле бидің туысы болған Қаратай батырдың тарихын жалған батырларына жапсыра салғаны шежіре ме? Бұрындарда осы найман Қаратайды  батыр деп ешкім білмеген сияқты, Төс батырды да бұрындарда ешкім Қыз Жібектен туды деп білмеген. Және де, Сансызбай мен Төс батырдың ұрпағы Жанқасқа батыр бұндайды көзі тірісінде, яғни, бізге айтылған отырыста  айтпаған.

Міне, жоғарғы шежіресымақтар осы жәйттерді зерттеудің орнына, біреулердің жазғандарын иемдене салып, Сандалкөкке теріс мініп  алып білгішсінген-ақ еді. Жағалбайлыны етікшіден таратып, қасиетті Ман атаны Малатау деп жүрген әлгі матай, Үштөбеде бір өсекші айтты екен деп, қазақтың хас батыры керей Жәнібекті ақпарат құралдарында «ойнастан туған» деп, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының талап арызы бойынша сотқа тартылып жатыр. Сондықтан, заңгер ретінде айтарымыз, ғаламторда жасырын атпен шығып тарихи тұлғалардың ұрпақтарының ар-намысына тиетін сөздер жазатын болсаңыздар, сотқа тарту арқылы сіздерді тауып алу боқтан оңай. Мәселен, Өскемендегі журналист Денис Данилевский Мұстафа Шоқайды фашистердің құйыршығы дегені үшін сотқа тартылып жазасын алды. Қаратай батырға қатысты дау шығып жатқан кезде, әлгі матай шежіреші болса, осының ақ-қарасын айтқанның орнына, жалған батыр Қаратайды жақтап керей Жәнібек батырға бұрыштан ұшып шыққан жапалақ сияқты келіп, дөйдала соқтыққан.  Әрине, бұндайда жапалақтың ғана өлетіні белгілі.  Екі бұқа сүзісіп жатқанда қыстырылысқан шыбын-ай, «Қарақыпшақ Қобландыда нең бар еді құлыным!?». Бұл шежіресымақтың қылығы оның өсекшілік болмысын барынша айқындап тұр.

Енді Найман шежіресіндегі Қыз Жібектің тарихына ұқсас тарихты  қысқаша шолып өтелік. Қаракерей тайпасының Ақнайман тармағындағы Байсары атаның қызы Айтолыны Жағалбайлының Мырза тармағынан келген Сүгір батыр алып, біраз қайындап қалған соң, елін біліп келмекші болып жолға шығып із-түссіз жоғалып кетеді. Ақсақалдардың айтқандарында Сүгір батыр өз елінен істі болып келіп, Ақнаймандарға бой тасалау үшін келген екен. Қаза болғанын білсе керек, Айтолы анамыз әмеңгеріне ұзатылған Қыз Жібек сияқты, Сүгірдің інісі деген Қосшұғылға ұзатылады. Сүгір батырдан егіз ұлдар –  Байжан мен Тілес  қалады. Байжан өзінің тегіне қатысты - мырза, Тілес - батыр атанады. Қосшұғұлдан Айтолы анамыз бес ұл табады. Бұлардың таратылулары Бошай атаның шежіре-кітәбінде де жария көрген. Бұл тармаққа Айтолының аты берілген. Әрине, бұл таратылуға нағыз шежіретанушы көңіл аудармай қоймас. Бұлар «жеті жағалбайлы» болып Найман арасында қайдан жүр? Осының мына болжамдары бар:

  1. Бұл жағалбайлылар найманға түбі бір болған соң келген.
  2. Бір нәрседен ізін суытқандар.
  3. Эпостың оқиғасы осылардың тарихынан алынуы мүмкін.
  4. Жағалбайлы Сүгір дегені Төлегетайдың шежірелік атасы Сүгіршені айтып тұруы мүмкін. Яғни, Жағалбайлының түбінің найман екенін.
  5. Жібек дегені Айтолының лақаб аты болуы мүмкін. Не болмаса, керісінше.

Бұл аңызды айтқандар «ана шал, мына шал» емес, мені қойып, менің әкем тумаған кезде шежіре ретінде қағаз бетіне түскен, осыдан Әлкей Марғұлан зерттеп ғылыми еңбек жазған тарихи дерек. Әрине, Әлкей атамыз бұл шежіреге этнографиялық тұрғыдан қараған. Ал енді әдебиеттік зерттеулерді Мұхтар Әуезовқа тапсырса  керек.  Қыз Жібек оқиғасының шынайы  тарихы болғанын ең алғаш осы кісі айтқан еді.  Кезінде Әлкей Марғұланмен бір пәтерде тұрған Мұхтар Әуезов Ақынжановтың зерттеулеріне реніш білдіріп: «Писатель и историк М. Ахинжанов путем сопоставления  исторической документаций с текстом «Кыз Жибек» мог бы выявить отношение эпоса к историй, подобно тому, как поступали Б.Д. Греков и Б.А. Рыбаков с русским былинным эпосом» деп, жырдағы оқиғаларды тарихи деректердің негізінде зерттемегенін айтқан екен.  Яғни, Мұхтар ағаның «мог бы выявить» дегенінен біздер Ақынжановтың бұл эпостың тарихын айтып бере алғанын түсінеміз. Сондағы айтқаны қайсы «историческая документация»? Осымен қатар әйгілі Омар болыстың әулетінен қалған Тұрахан шежіресі, 1994-ші жылы баспадан шыққан Бошай Кіпатбаевтың шежіре-кітәбі де осы оқиғаны  айтады.  Ал енді, Ақынжанов болса, өзінің зерттеулерінде: «Элементы народности в ней очень ничтожны, мизерны» деп коммунистік партияның идеологтарын  бұл эпосқа қарсы қойып, бәрінің аузын жапқан. Және де, коммунистік идеологтар үшін  дайындаған баяндама-брошюрасын айқайлатып тұрып «Проблема народности казахских социально-бытовых поэм» деп атаған.  (1953). Көрсетуден зәтте болған Мұхтар Әуезов бұл брошюраға аталмыш қарсы пікірін көзінің тірісінде  жазса да, бұл пікірі тек, ол кісі 1961-ші жылы қайтыс болғаннан кейін, яғни, 1963-ші жылы ғана  «посмертно» жарық көрген.  Алай да, Мұхтар ағаның айтқанымен болса керек, Қыз Жібектің тақырыбы жабылып тасталса да, орыс ғалымдары А.К. Боровков пен  Л.И. Климовичтер 1968-ші жылғы «Вопросы изучения эпоса народов СССР» атты еңбектерінде Ақынжановтың брошюрасының методикасы мен мазмұнын сынға алады. Сонда да, турасынан айта алмай, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» етіп: «Высказывание относится к Козы-Корпеш, но в еще большей мере может быть отнесено к «Кыз Жибек» деп жақшаның ішінде жазған екен. Бұл не қылған конспирация? Меніңше, бұл жердегі оқиғалар  Мұхтар Әуезовты қудалау науқанының бір көрінісі. Сол баяғы, алтын ер-тоқымды қазақтың бай-шонжарларының, хандарының балаларының эпосын дәріптеп жүр деген айдар тағылған болса керек.  Не болмаса, қазақ арасындағы көре алмаушылық қылаң берген. Әрине, Мұхтар Әуезов айтып кеткен «тарихи документация» болған. Болмаса айтылмас еді.  Жеті жасында Дешті-Қыпшақтың халифі және пірі болған Нассреддин-Бақсайыстан қалған тұяқ еді ғұлама, марқұм.

Төс батырға келетін болсақ, Төс пен Тілестің есімдерінің үндесіп тұрғанын ұғамыз. Ал енді, біздердегі «жеті жағалбайлыда» Тілестің аты бар да заты жоқ. Тілес қайда кеткен? Батыр болғаны анық. Атасы Қонақбайға бір соғыстан кейін Желек (Ысты), Бәйімбет (қырғыздағы жағалбайлы) деген екі жетім баланы әкеліп берген. (табылды). Бәйімбеттің түбі Жағалбайлы болмаса, оның ұрқынан шежіреде айтылғандай Қажымжар төреге қамшы жұмсаған әйгілі ақнайман Омар болыс Баекешұлы тумас еді. Жағалбайлы жағалбайлы болмаса, одан Шәмші, Роза, Нағашыбай, Құрманжан датқа, Төлеген батыр, Сүгір батыр, Төс батыр, Тілес батыр,  Жанқасқа батыр-би, және де Ресей империясының кұрметті дворяны атағын алған Дербісәлі Беркімбай тумас еді. Жағалбайылдан тағы да кімдердің туғаны төменде айтылатын болады. Әрине, шежірені білмегендер Бәйімбеттің түбін Манас деп айтып алған. Әлкей атамыз болса: «Манас жырында Алаштың рухы атойлап тұр!» деген екен.

Өздеріңіз байқағандай, Сүгірдің де тарихы, Төлегеннің де тарихы қара қытайдан қатын алып қайындап қалған найманның ақырғы ханы Күшліктің тарихымен бара-бар. (Күшлік күйеу). Текті адамнан лепес бала алып қалу көшпенділерде кеңінен таралған болған.  Анығында, Қаракерейдегі Байжігіт те лепес бала еді.  Аталары әулие, сопы еді.  Күшлік ханның шөпшегі деген Төлегетай да аңыздың бір нұсқасында жалғыз келіп Қылышты пірде қайындап қалған. Қылышты пір оның Күшліктің шөпшегі екенін біліп қызын берген. Төлегетайдың өз ұрпақтары қожада қалған деген сөз де бар. Сондықтан да, шежіреде ханның ұлының белгісін алып жүрген (алабас бала) Қаракерейдегі Қожамбетті мен «қожа үмбеті» болар деп айтқан едім.  Ал енді, Жағалбайлыдан лепес бала алып қалатындай бұл рудың не қасиеті болған?  Бұның жауабы бір, Жағалбайлының аласапыран замандарда найманнан ажырап қалғанының себебі, бұлар Шыңғыс ханның қудалауына түскен найман хандарының шыққан тегі болса керек. Өйткені, барлық зерттеушілер бір ауыздан Жағалбайлының бағзы замандарда бір қырғынға ұшырағандарын айтады. Қандай қырғынның болғанын нақты білмейді.

Әкеміз марқұм, шежіреші ретінде найман хандарының ұрпақтарын көп іздестірген еді. Жанжігіттерді солар ма деп Ирандағы қазақтарға  шейін іздеген. Өзінің жазғандарында Найман шежіресінің басын найманның Таян ханы мен Күшліктен бастаған.  Олардан таратпаған, жай ғана аттарын атаған. Мен қаншама зерттеулер жүргізгенімде ешбір шежіренің, шежірешінің, найман шежіресін найман хандарынан бастағандарын көрген емеспін. Тек қана «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдары найман хандарын ауызға алып, Кеңес дәуірінде олар туралы ізденістердің оқыс болғанын айтқан екен. Осыдан он жыл бұрын жазылған кітәбімде мен әкеіміздің қолжазбаларының толық редакциясының 1989-ші жылы Қытай еліне баспаға беріліп жоғалып кеткенін айтқан едім. Ол заманда хандардан басталып тұрған шежірені елімізде бастырту екіталай еді. Көшірмеде: «Қытайда, Қалибекте, «Алтай» журналының редакторы» деп жазылған екен. Қалибек деген кісі (өтей) мен ес жиғанша еліне қайта алмай сап-сау жүрген жерінен қайтыс болды. Әкім болған адам еді.  Сонымен әкеміздің баспаға дайындаған нұсқасының ізі суыды. Ал енді, жуықта ғаламтордан найман шежіресінің Күшліктен тарап тұрғанын көзім шалып қалды. Күшлік ханнан  таратылып тұрған шежіренің  тарихын зерттеген дұрыс болар еді.

Ал енді, қазіргі Моңғолия үстіртіндегі Жағалбайлы болса, 17-18 ғ.ғ. ғасырларда атамекендеріне қайтып келген найман хандар әулетінің өз тармағы болса керек. Өйткені, олар жоғарыда айтылғандай ең басты таңба, патшалық мәртебені білдіретін Өкіреш (тұмар) таңбаны қолданып жүр. Алай да, әбден ұмыт қалған ақиқатты айта алмай, бұл таңбаны да «айбалта» деп айта салған. Балтаның сабын алып тастадық  дейді. Ал енді, Т-әрпіне ұқсаған бұлардың айбалта таңбасынның нақты атауы «жағалбай» екен. Құсбегілер жылдамдығын оққа теңеген сұңқардың аты қазақта жағалтай болса, арғықазақ тілінде ягалбай. Бұл жердегі ягал, иагал дегені, бұл сұңқардың ақ бауырындағы қара дақтарын айтады. (шұбартөс). Бай дегені - көп дегені. Мәселен, төбеттің аласы көп болған соң – ала+бай атаған. Т-таңбасы  жағалбай құсының тұғырын білдіріп тұрған соң бұл ру, таңбасына қатысты Жағалбайлы атанған. Маңғыстауда сүйегі жатқан Жағалбайлының әулиесінің аты Құсшы да еді.

Аңыздарда Жағалбайлыны Шеруші Бақат батыр тауып алған дегені, Күшлік хан қаза болған соң, Жағалбайлы руының  алғашында оның қайын жұрты Хитайлардың құрамында қалғанын меңзеп тұрғандай. Осылардың арасынан шыққан Күшліктің шөпшегі деген Төленің Төле қытай атанғаны осыдан. Ғылыми айналымға енген найман шежіресінде Төлегетайдың ешқандай да Қытай деген баласы көрсетілмеген. Жоғарыда айтылғандай, Маңғолиядағы Жағалбайлыда Төлегетайдың аты еміс-еміс есте қалған екен. Өзінің тегі болмаса, біздер Кіші жүзге жатқызып жүрген Жағалбайлының Төлегетай бабада  несі бар?

«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тарихшы ғалымдары: «Жағалбайлылар «қазақ» этнонимі аталмастан көптеген ғасырлар бұрын, тарих сахнасында айқын көрінген және кейінірек қазақ халқын қалыптастыруға ат салысқан тарихымызда өзіндік орыны бар тайпа» деп жазады.  Яғни, Жағалбайлының қазақтан да бұрын болғанын айтады. «Қазақ болмағанда қаңлы болған» деген сөздің төркіні, қазақтың түбінің қаңлы-қыпшақ екенін білдіріп тұр. Арғықазақ мифологиясы ғылымының атасы Серікбол Қондыбай марқұм қазақ жөнінде айтқанда: «Қазақ дегеніміз – Исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі  Вара-Ұрым идеясының бір рухани арнасына тоғысқаннан шыққан пенде» деген еді. Ғұламаның бұл жердегі Вара дегені арийлік Ием пайғамбардың  саманнан тұрғызған үйі.  Бөрте-жусаны өсетін Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы бар бұл алып ғимарат біздердің жадымызда ұмыт  қалған кеңістік, алыстағы  бір  аңғар  еді.  Қазақтар: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде» дегенде осы Мырзашөлдегі ешкінің түбітін іліп алып қалатын қалың бөрте-жусанды айтқан. Аңғарымызда болған бұл тарихи ешкінің тұқымы қазір «ангор» атанып Истамбулдағы Каилерде жүр. (қаңлы). Қазақтың символына айналған осы бөрте-жусанның иісі аңқыған аңғарға  тек қана иманды адамдар жиналып неше ғасыр өмір сүрген. Осы  аңғарда  оқтай ұшатын болған соң бабаларымыз «Көктің найзағайы» атаған Авесталық шұбартөс сүңқар - Ахура деген құдайдың дінін таратқан. Адамзат тарихында ең алғашқы біз естіп-білген, ең ұшқыр сұңқар құс осы Көктің найзағайы. Осыдан кейінгі естіп-көргеніміз шұбартөс сүңқар Жағалбай. Жағалбайлының Т-таңбасы осы қасиетті Көктің найзағайының  аспандағы тұғыры болмақ. Оны біздерге жіберетін құдайдың Ахура атына қатысты осы күнгі қазақта Ахірет ұғымы қалыптасқан. Осы Көк найзағай ұшып жүрген жерде Авесталық Воху-Мана, яғни, Ман ата - құдайдың көзі  болған. Воху дегеннен қазақта «бағу», «бақташы»  деген сөз қалыптасқан. Қасиетті Қарабұқаны ең алғаш баққан осы Воху-Мана еді.  (Авеста). Қара шаңырақ, Қарақұрсақ деген ұғым осы Қарабұқаның мекенінен қалған. (Турания).

Ұрым дегеніміз ұрым-бұтақ. Сондағы Серікболдың Вара-Ұрым идеясы дегені, сол жерде қалыптасқан қазақтың ақ көңілі, иманы, ар-намысы, асыл тұқымы, қайтпас қайсарлығы, ауыз біршілігі, яғни, қыпшақтанған менталитеті болады. Вара үйі дегеніміз – Варахана, жасыл таулармен қоршалған жер жұмағы, қазіргі  Ферғана аңғары болады. (Иаргана. тәж). Қазіргі таңда еврейлер қазақты адастыру үшін Ферғана аңғарының әбден қалыптасқан пішінін эллипс тәрізді деп қойған. Ал енді, еврейдің ықпалынсыз жазылған Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Аңғардың әбден қалыптасқан пішіні дұрыс үшбұрышқа ұқсайды» деп айтылған. Және де, мен топографиялық картадан бұл дұрыс үшбұрышты көрген едім. Міне, маңдайында дұрыс үшбұрышқа ұқсаған ақ таңлағы бар қасиетті Қарабұқаның мифологиялық мекені осы болады. Ата-әжелеріміз сақтам үшін мойнымызға тағып беретін тұмарымыз да осы мекеннің пішіні еді. Бұл мекен аңыздағы Ергене қоң. Серікбол марқұмның бүгінгі қазақтың тілімен айтқан Арғы ана қонысы. Қазақ атаның туған, жер-анасы. Көктің найзағайы енді періште атанып басына келіп жұретін қасиетті Сүлеймен таудың етегінде Жағалбайлының қызы, Азия патшайымы атанған  Құрманжан датқа  анамыз жатқан қасиетті жер ұйығы...

Міне, құрметті оқырман, арғықазақ мифологиясы, яғни, шежіре әлемі дегеніміз осы болады. Ол әлемге Сандалкөкке теріс мініп жете алмайсың. Малатауды Манатау деп арғықазақ мифологиясының яғни, шежіретанудың атасы Серікбол Қондыбай айтып кеткен еді. Ол кісінің жазып кеткендерін ғалымдардың өздерінің түсіне алмайтынын жолдастары айтқан еді. Жоғарыда бір айтқанын Жағалбайлыға қатысты түсіндіріп бердік. Ферғана аңғарының Ергене қоң екенін Серікбол айтып үлгермей кеткен еді. Сондықтан, оның зерттеулерінің ізімен біз айттық. Тарихшылар Турандықтардың Кангха атты мифологиялық қамалының болғанын біледі. Кангха дегеннің Қаңлы екенін айтады. Тәжікше Иаргана атауының мағынасы - тау шатқалындағы аңғар дегенді білдіреді екен. Жоғарғы Варахана дегеніміз кейін осы Кангха қамалына айналған.  Сонда, Ергене қоң дегеніміз – тау шатқалындағы Қаңлы болмақ. Яғни, жапон ғалымы Сиратори айтқандай Қазақтың атасы. Сондықтан айтарымыз: Ергене қоңнан шыққан Қаңлы, Қоңырат, Қият, Баяуыт-байұлы, Жалайыр, Қыпшақ деген тайпалардың атауларының бәрі де Қазақ деген бір этнонимнің нұсқалары болады. Ал енді, осыларды бөліп айтып жүргендер анау Сандалкөкке теріс мінгендер сияқты қазақтың бірлігінің надан-жаулары. Олардың айтып жүрген шежіресін тыңдаған қазақ рухани жаңғырмайды, рухани қаңғырады. Олардың Сандалкөкті айтқандарынан-ақ, сандалып жүргендерін көреміз. Мен олардан Сандалкөкті сұрадым ба?

Ал енді Қыз Жібек киссасына қайта бір келетін болсақ, бұл эпостың барлық нұсқаларын біз бүге-шігесіне дейін зерттеген едік. Мәселен, қыпшақ нұсқасында Алашабайдың қызы Жібек жөнінде: «Алтауының қарындасы, Жібек сұлу деген бар екен, Айтулының өзі екен» деп айтылады. Сондағы Айтулы дегені орыстың жазып алғанындағы Айтолы атауының орысша айтылуы ма екен деп те зерттегенбіз. Алты ағасы - Айтолының руы «алты сары ақнайман».  Өйткені, жырдың басқа нұсқасында қыздардың сұлулығын сурттегенде «толықсыған толған ай» деп айтылады. Ал енді, қыпшақтар үшін толған ай, айтолы атаулары қасиет болған. Көне деректерде қыпшақтарға жазылып жүрген қанжығалы руынан шыққан Бөгенбай атамыз айдың  толы туған түні міндетті түрде түнделетіп қалмақты шабатын болған екен. «Айың тусын оңыңнан!»  деген сөз батыр Қазақта осындай түндерден  қалған. Бұхар жыраудың Бөгенбайға: «Тоқымың кеппеген ұры едің!» дегені, ай толы түні Сабалақты ертіп алып қалмақтың түйелерін алып кеткенін  айтқаны еді.  Жөнелткен Төле би атамыз еді. Бұл ұрлық емес, бұл әскери барлау, соғыс еді. Бұхар бабамыздың ұрысқанда айта салғаны ғой. Ай толы түннен келген сол түйелерді бақтың деп Абылай ханға да ұрысқан еді...

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1975