Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 10205 0 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 12:32

БАҚЫТБЕК НЕНІ БЫЛЫҚТЫРЫП ЖҮР?

Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Еуразиялық ықпалдастық күні» деген жаңа мейрамды ҚР Мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды. 

Депутат аталған Одақтың әу басындағы авторы Нұрсұлтан Назарбаев екенін, сонау 1994 жылы осы идеяны ұсынып, 2014 жылы қаулысы қабылданғанын, ЕАЭО-ның Халықаралық қауымдастық үшін аса қажет екенін, оның мән-маңызын айта келіп, Қазақстан халқы, қала берді одақтас елдер әлгі бір түсініксіз мерекені атап өтуі керек деген түйін келтіріпті.

«Елбасының Еуразиялық экономикалық жобасының тек әлеуметтік, экономикалық қана емес, сондай-ақ саяси, дипломатиялық, бітімгершілік мәні бар! Баршаға белгілі, 2014 жылғы 29 мамырда қазақ жерінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Жас ұрпақ арасында ынтымақтастық идеяларын насихаттау және қос құрлықтың – Еуропа мен Азияның ықпалдастығы қай елде басталғанын әлемге паш ету үшін мен «Еуразиялық ықпалдастық күні» деген жаңа мереке енгізуді ұсынамын» - дейді Бақытбек Смағұл.

Хош, саясат кімге не дегізбейді?.. Өзі ақын, өзі саясаткер Бақытбек Смағұлдың жер комиссиясы жұмысы аяқталғаннан кейін көрінбей кеткені белгілі. Сөйтсек,  «халық қалаулысы» қарап жүрмей тыңнан түрен салуға бекініп жатқаны кеше белгілі болды.

Жаңа мереке ойлап табу, Бақытбек мырзаның басына қайдан келді? Сөйтсек, жақында ақын Ауыт Мұқибек Бақытбек мырзаның атына үшбу хат жолдап, қараша айынының 18-ін «Ұлттық көші-қон күні» деп атап, ҚР Мерекелер туралы заңына өзгерту енгізуді ұсыныпты. Бұл туралы Ауыт Мұқибек "Фейсбук" парақшасында хабарлады. Қазақ КСР Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 18-қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылды жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қоныстандыру тәртібі мен шарттары» туралы Қаулыға қол қойылғаны есімізде. Осыны негізге ала отырып Ауыт Мұқибек Елбасының Көші-қон саясатына қолдау ретінде «Ұлттық көші-қон күні» деген датаны заңға енгізу туралы ұсынысты депутат Бақытбек Смағұл мырзаға жолдаған екен.  Өз кезегінде депутат аманатқа қиянат жасамай, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жазыпты. Әңгіме осымен тәмәм болуы керек-тін.

Содан арада көп өтпей, депутат «Еуразиялық ықпалдастық күнін» Заңға енгізу туралы ұсыныс айтатынын БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

Хош, енді тарқатып айтайық... Қазаққа жоғарыда аталған қос мерекенің қайсысы ыстық?

Әуелі, Елбасының идеясымен құрылған ЕАЭО туралы айтар болсақ, бүгінде пайдасынан зияны көп ойыншық одаққа құмартып тұрған халық түгілі, одақты құрған үштіктің сенімі сетіней бастағаны жасырын емес.

Батыс санкцияларынан кейін экономикасы етпеттеп қалған одақтың келешегі де бұлыңғыр тартқанын Ресей Президенті Путин жақсы білсе керек-ті, оның қазір Белоруссия мен Қазақстанға астыртын қысым жасауға әрекеттеніп жатқанын Батыс басылымдары жарыса жазуда. Мақсаты, ЕАЭО-ны қайткен күнде сақтап қалу. Осылайша, айналасындағы аз елдерге өз ықпалын жүргізу. Ал Белоруссия «Батькасы» бір кездері өзін "Еуропаның соңғы диктаторы" деп атаған Батыс елдерімен қарым-қатынас орната бастады. Украина жанжалынан кейін Минск Халықаралық келісім алаңына айналғаны да белгілі. Тіпті, Александр Григориевич, ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ның түкке тұрғысыз ұйым екенін Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде ағынан ақтарылып отырып айтып салды. Ресейде 140 миллион жан саны болса, Қазақстанда 17 миллионның үстінде, Белоруссияда бар болғаны 9 миллион, Қырғызстанда 5 миллион, Арменияда 3,5 миллион халық тұрады. Экономикалық тең бәсекелестік жоқ бұл ұйымның авторы даусыз Назарбаев болғанымен, тізгін Путиннің қолында. Сондықтан, «Еуразиялық ықпалдастық күні» дейтін мерекені жаны қалап тұрған біреу болса, ол Назарбаев емес, Ресей Президенті Владимир Путин.

Ал «Ұлттық көші-қон күні» дегенге келер болсақ,  бұл - қазақ көшінің Атжұртқа қарай дүрк көтеріліп көшуіне жол ашқан күн. Соның нәтижесінде қазірге дейін елімізге 981 743 қандасымыз оралыпты. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұл датаның мәні мен маңызы зор екені анық. Сұм саясаттың кесірінен ағайын-жұртынан зар еңіреп айырылған қазақтың қайтадан қауышқан күні. Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі тарихи шешімі - алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру болғаны сөзсіз.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы жоғарыдағы сөзіміздің нақты дәлелі.

20 тармақтан тұратын ол қаулыда басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек біл­діруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, ауылды жерге көшіп келген соң оларды құжат­тандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрі­гер­лік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейім­деу сынды толып жатқан мәсе­лелер бойынша жеңілдіктер мен көмек­тер ұсыну егжей-тегжейлі қарас­тырылған.

Бытыраның оғындай шар тарапқа шашылып кеткен қазақтың басын Атажұртта шоғырландырудың стратегиялық маңызы да ерекше еді. Соның нәтижесінде бүгінде бір миллионға жуық қандасымыз елге оралды. Бір миллион қазақ – Қазақстан азаматтарының қатырын толықтырды. Ал ақын Ауыт Мұқибек депутатқа жолдаға үшбу хатында:

«Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Сонымен бірге, 18-қарашада Қазақ көші-қон саясатының жолға қойылғанына да ширек ғасыр толады. Сондай-ақ, бұл қаулының 1997 жылы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған, 2011 жылы 22 шілдеде, 2013 жыл 15 желтоқсанда және 2015 жылы 24 қарашада Парла­ментте үш рет өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды түзуге түп негіз болғанын да айта кетуіміз керек.

Міне, содан бері Алатау мен Сарыар­қаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Елбасы бұл жетіс­­тікті «Біз 1 миллион ағайын­ды елге қайтардық!» деп үнемі мақ­та­нышпен айтып келеді. Қазір сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес қана болса, қазір 70 пайызға жетті. Соның бір бөлігі, әрине, шеттен келген ағайын­ның үлесінде.

2015 жылғы 15 желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында Президент: «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келемін деген ағайынға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналассын. Жағдайын жасаймыз!» деп шегелеп тұрып айтты.

Сол үшін, Үкімет "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңына толықтыру енгізіп, 18-қарашаны Кәсіби және өзге де мерекелер қатарына қосса, жақсы болар еді. Ұлы тойдың аясында Қазақ көшінің де ширек ғасырлық қуа­нышы мақтанышпен атап өтілетіні сөзсіз. Осы қарсаңда Үкімет «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер тур­алы» 2001 жылғы 13 желтоқ­сан­дағы №267-ІІ Заңның 3-бабына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп бекітсе, нұр үстіне нұр болмақ. Сол ұсынысымыз Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл арқылы Үкімет басы Бақытжан Сағынтаевқа жолданды», - деп жазады.

Расында, ұлттың тарихындағы маңызды шешім қабылданған күнді Қазақстан халқы мереке ретінде тойлауы тиіс-ақ! Қазақтың қазақты тапқан күні – Орысиямен отасқан күннің тасасында қалып қоймауы керек, Бақытбек мырза! Өйткені шідерін үзіп, шылбырын сүйретіп келген қазақ үшін Көші-қон туралы алғашқы қаулы қабылданған күннен артық қандай мереке бар?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502