Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4683 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:07

Күкіртке көмілген Березов

Экологиялық қауіпсіз аймаққа қашан көшіріледі?

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Березов ауылы әлемдегі ірі мұнайгаз конденсаты кен орыны Қарашығанаққа жақын орналасқан. Бұл қазыналы мекен 1979 жылы ашылғанымен жоғары қарқынмен игеру кейінгі кездері жүзеге аса бастады.

Экологиялық қауіпсіз аймаққа қашан көшіріледі?

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Березов ауылы әлемдегі ірі мұнайгаз конденсаты кен орыны Қарашығанаққа жақын орналасқан. Бұл қазыналы мекен 1979 жылы ашылғанымен жоғары қарқынмен игеру кейінгі кездері жүзеге аса бастады.

Кен орнының басты ерекшелігі- мұндағы табиғи газ құрамындағы күкіртсутегінің (сереводород) мөлшері 4-тен 4,3 пайыз шамасында. Күкіртсутегі- тынысты тарылту нәтижесінде көп жағдайда өлімге апарып соқтыратын күшті жүйке у-ы болып табылады. Қарашығанақ кен орнының қауіптілігі бірінші класқа тең кәсіпорындар қатарына жатқызылуы сондықтан болса керек. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қарашығанақты айырықша қауіпті нысандар тізіміне енгізген. Қазыналы аймақта қызу жұмыс басталғанда санитарлық қорғаныс аймағында қалған Тұңғыш пен Березов ауылында экологиялық жағдай күрделене түскені белгілі. Кен орнында апатты жағдай орын алса, мыңдаған адамдардың өмірі қауіп құшағында қалатын болды. Батыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы да бұған өз алаңдаушылығын білдірді. Олардың бұл пікіріне министрлік те қолдау көрсетті. Обалы не керек, ауылдарды көшіру мәселесі ерте бастан айтылды. Бірақ, Қарашығанақты игеруші компаниялар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге асыға қоймады. Талап қоюға келгенде қадағалаушы органдардың дәрменсіздігі байқалып қалғаны шындық. Осылайша Тұңғыш пен Березов ауылын көшіру кейінге ысырыла берді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында біздің басты құндылығымыз-адам және оның құқы мен еркіндігі деп тайға таңба басқандай анық жазылған (1-бап). Әйтседе, шетелдік компанияларға біздің құндылықтарымыз көк тиынға да татымайтын сияқты. Үкіметімізге де солай екенін жасырып қайтеміз. «Жығылған үстіне жұдырық» деген осы шығар. Қазыналық аймаққа жақын қоныстанған ауыл тұрғындары «бізді экологиялық таза аймаққа қашан көшіреді» деп күтіп жүргенде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» консорциумы «кен орнын игеруде жаңа технологияларды енгізуге байланысты» (?) санитарлық қорғаныс аймағын бұрынғы 5000 метрден 1500 метрге дейін қысқарту жөнінде мәселе көтерді. Арада бір жыл өткенде (2003 жылы) компания ақыры санитарлық қорғаныс аймағын 3000 метрге дейін қысқартуға қол жеткізді. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы әрекетке барып, санитарлық аймақты 3000 метрге дейін қысқарту жөнінде шешім шығарды. Сөйтіп, Березов ауылы санитарлық қорғаныс аймағы сыртында қала барды. Тұңғыш ауылы кен орнынан 1500 метр жерде орналасқандықтан оны көшіру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ұзақ текетірестен кейін компания Тұңғыш ауылын Орал қаласындағы көп қабатты үйлердің біріне көшірді. Тұрғындарға ҚПО б.в компаниясы тарапынан төленген қаржы мөлшері тіптен төмен болды. Бірақ, халық қауіпті аймақтан алыс кеткеніне қуанды.

Ал енді Тұңғыштан сәл-пәл әріректе орналасқан Березов ауылы әлі күнге сол сасық ауаны иіскеп күн кешуде. Жерлері тозаң, мал-жандары ауру. Жасына жетпей қартайып, есте сақтау қабілеттерінен ерте айырылып жатқандар көп. Ауыл маңдарында тышқан сияқты тірі мақұлық қалмаған. Бала-шаға арасында ауру-сырқаулылар аз емес. Айта берсең таусылмайды. Бұдан екі жыл бұрын облыстық мәслихаттың депуттатары осы ауылдарды аралағанда оларға халықтың айтқан арыз-шағымдары осындай. Бір «қызығы» осындай көзге көрінетін анық фактілерге қарамастан, арнайы медициналық тексерулер бәрін қалыпты жағдайда деп көрсетеді. Ауаны тексерушілер де шекті рұқсат етілген концентрат өз мөлшерінен аспайды деген мәлімдеме жасайды. Ал АҚШ-тың Вирджиния штатынан келген тәуелсіз тексерушілердің қорытындысы халықтың айтқан шағымдарын расқа шығарып отырады. Осындай кереғарлықтардан соң Березов ауылының 225 тұрғыны жергілікті медкомиссияның кешенді тексеруінен өтуден бас тартты. Ауыл тұрғындары еліміздің Үкіметіне, Парламенті мен Президентіне бірнеше ашық хаттар жолдады. Бұл мәселеге кейінен Парламент Мәжілісінің депутаттары да араласты. Сөйтіп облыстағы бірнеше қадағалаушы органдардан құрылған арнайы комиссия Қарашығанақтағы компаниялардың қызметіне кешенді тексеру жүргізуді қолға алды. «Бақсақ бақа екен» демекші, мұндағы компаниялар 2005 жылы 248,2 млн.текше мерт газды артық жақса, 2006-2007 жылы 145,3 млн. текше метр газды ауа бассейніне шығарған. Өндіріс қалдықтары да арнайы орындарда сақталмайтын болып шықты. Не керек, сол тексеруден соң санитралық қорғаныс аймағы заңсыз қысқарған деген қорытынды жасалып, еліміздің бас прокурорына арнайы хат жолданған.

-Бас прокуратура да санитарлық бас дәрігердің бұрыңғы шешімін заңсыз деп тапты. Соған орай еліміздің санэпидемиологиялық комитеті ҚПО б.в компаниясы басшылығына санитарлық қорғаныс аймағын 5000 метрге дейін кеңейту жөнінде талап хат жолдады. Әзірге компания ешқандай шешім қабылдай қойған жоқ,-дейді Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік санэпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Сергей Щербина, (фамилиясы дұрыс жазылған)-Ал енді ауыл тұрғындарының денсаулығына келетін болсақ, ол бағытта да үлкен жұмыс басталды. Кен орнына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының өтінішімен өткен 2007 жылы арнайы медициналық тексеру комиссиясы құрылған болатын. Оның құрамына Алматыдағы С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің ғалымдары, көптеген білікті мамандар енді. Бұл кешенді тексеру биыл (2008 ж) да жүріп жатыр. Соның нәтижесі бойынша Үкімет арнайы қаулы шығарып, Березов ауылын көшіру мәселесін түпкілікті шешуі мүмкін. Қазір көшіруге заңды негіз болатындай қорытынды жасалуын күтіп отырмыз.

Соңғы келіп түскен дерек көздеріне қарағанда, Қарашығанақ кен орны аумағында қазір 200 тоннаға жуық зиянды қалдық жиналып қалған көрінеді. ӨБЖК бойынша ҚПО б.в. қалдықтарды залалсыздандыру кешенін 2001 жылы іске қосуы тиіс-тін. Бұл нысан әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. ҚПО б.в –ге полигонды пайдалануға бергеннен айыппұл төлеп жүре берген әлдеқайда тиімді сияқты. Компания қоршаған ортаға тигізген зияны үшін 2006 жылы бар болғаны 5 млрд. теңге айыппұл төледі. Өткен жылғы айыппұл мөлшері де аз емес. 2008 жылдың алғашқы жарты жылдығына жасалған тексерісінің нәтижесінде сот арқылы тағы екі миллиард теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» ештеңе өзгерер емес. Ал ауыл тұрғындары болса денсаулығынан айырылып, онсыз да қамышының сабындай қысқа ғұмырларының одан сайын қысқаруына амалсыз көніп, күн кешуде...

 

 

 

 

 

 

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Жол азабынан құтылатын күн бар ма?

Батыс Қазақстан облысы жолдарына жыл сайын мол қаржы бөлінеді.Соған қарамастан жол... Иә, рас, өткен жылы республикалық бюджеттен Чапаев-Жаңақала-Сайқын аудандарының жолына деп едәуір қомақты қаржы-қаражат бөлінгенімен, оның 75 пайызы игерілмей қалды. Яғни, өзі де сексен пайызы асфальт көрмеген «ортағасырлық» жол еді, баяғы өзімізге сіңісті болып кеткен салғырттықтың салдарынан жолға деп бөлінген қаржының 600 миллионы қайтарылып берілді. Ал, биылғы бөлініп отырған қаржы көлемі былтырғыдан да көп. Биыл жол жағын облыс әкімінің өзі тікелей қадағалайтын болды, бәлки, былтырғы жағдай қайталанбайтын шығар дегенмен, алдығыны кім болжапты…

Жалпы біздегі мемлекеттік сатып алу дейсіз бе, тендер өткізу дейсіз бе, бұл мәселелер төңірегінде шешілмеген түйіндер жетерлік. Әдетте жол жөндеушілердің тендерлері ерте дегенде наурыз айында, әйтпесе сәуір айында бір өтеді. Онда да ол бөлінетін қаржы бір жылға есептеледі, содан келіп үш жыл жасалуға тиіс жолдар аяқталмай, жартылай жөнделіп қала береді. Сонымен, жол жөндеушілер ырғалып-жырғалып жұмысты мамыр айында бастайды. Ал, бұл кезде жол салуға қажетті материалдар қымбаттап шыға келеді. Біздің облыс жол салуға қажетті материалдарды өзі шығармайды, мүмкін, кейбір материалдарды өзімізден дайындауға болатын да шығар, бірақ, әл-әзір бұл жағына ешкім бас ауырта қоймаған сияқты. Тіпті жол салуға қажетті материал өзімізде болған күннің өзінде оны дайындап, зертханалық зерттеу жасап, тәжірибеден өткізу дегенің көл-көсір жұмыс екені сөзсіз, дәл қазір жол мекемелері үшін тиімдісі- битум, қиыршық тас дегендерді көрші Ресейден сатып алады. Сөйтіп қымбатқа ұрынады. Неге қымбатқа деген заңды сұрақ туаады. Бізде мердігерлік ұйымдар материал өндіретін зауыттармен «осындай уақытта осындай көлемде материал сатып аламыз» деп алдын-ала келісім-шарт жасай алмайды. Өйтуге мүмкіндігі де жоқ, жағдайы да келмейді. Ал, жол құрылысы басталатын кезең ол зауыттар үшін «мақпал шақ». Өндірген материалдарын өкіртіп екі есеге көтереді. Ал, ерегескенде алмай көр! Осыдан келіп жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарының өзіндік құны мен сметалық құны өзара сәйкес келмейді, бұған өткен жылы цемент пен құм-топырақ қоспасының бағасының күрт қымбаттап кеткені сияқты жағдайларды мысал етуге болады. Тендерлерді әбден тақалғанда бір өткізбей ерте бастан қамдану жағы жолмен айналысатындардың да мазасын алады. Олар өздерінің бір бүйіріндегі бұл мәселені Үкіметтің алдына да қойды, мүмкін, алдағы жылдары бұл шаруа қисынын табар деген де үміт жоқ емес. Тендер демекші, жолға қатысты тендер екі рет өткізіледі. Ал, бұл жергілікті мекемелер үшін машақаты көп жұмыс сияқты көрінеді, сондықтан қайта-қайта тендерге қатыса бермейді. Нәтижесінде тендер бұрын жол салумен айналыспаған, аты да, заты да беймәлімдеу мекемелерге бұйырады. Қазақша айтқанда жолмен шаруасы жоқтар тендерді «қалпақпен ұрып» алады. Оған өткен жылы қомақты қаржыны жеңіп алып тұрып, түк бітірмеген, ақтөбелік «Бамус-Сервистің» іс-әрекеті нақты мысал бола алады. Тағы бір мәселе-біздегі жол мекемелерінің техникалық мүмкіндігі айтарлықтай емес. Жол мекемелері тиімсіз деп ойлай ма екен, әйтеуір өз тапқан табыстарына техника салып алуға онша ықыласты емес көрінеді. Жаңа заманның ыңғайымен лизинг арқылы шаруасын шешіп алуға асықпайтындар жетерлік. Сол баяғы кеңестен қалған техниканы мүлік қылып, ілекерлеп жүріп қарекет қылуға үйренген. Содан кейін жолдарға күрделі жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстарын жасағаннан гөрі, орташа жөндеу жұмыстарын жасау арқылы жолды қалыпқа келтіруді жөн көреді. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жоддары департаментінің мәліметіне қарағанда, алдағы күндері Қаратөбе, Жаңақала, Шыңғырлау аудандарына қатқыл табанды жол тарту жұмыстары басталады. Облыс орталығымен байланыстыратын қатқыл табанды жол тағы үлкен-үлкен үш ауданға тартылуы тиіс. Жалпы биылғы жылы республика бойынша кең ауқымда автомобиль жолдарын жөндеуге баса мән берілуде, он алты аймақтың жолы үшін 20 млрд. теңге қаралған, оның 2 млрд. 134миллионы біздің облысқа тиесілі. әрине, бөркімізді аспанға атып тұрып қуанатын-ақ жағдай. Егер сол республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Қаратөбе-Сырым жолының 55шақырымнан 87шақырымдық аралығындағы жолдары жөнделсе, бұл екі ауданның халқына үлкен сый болар еді. Сондай-ақ, Шипов станциясының жолы мен орал-Кирсанов жолдарын жөндеуден өткізу де жоспарда бар.

Облыстағы туризмді дамыту туралы айтып жүрміз. Негізсіз әңгіме деуге болмас. Шалқар көліне көршілес елдерден арнайы келетін қонақтардың ықыласы да жаман емес. Бірақ, қонақты айтапғанда, осы жердің адамдарын да қинайтыны жол мәселесі. Қалаға тиіп тұр дегенмен, сол Шалқарыңа барып қайту да оңай емес. Егер алда-жалда жаңбыр жауып кетер болса, онда екі ортадағы жол бойына амалсыз қонып шығуға тура келді. Өткен жылы осы жолдарға деп 600миллион теңге бөлінгенмен, мердігердің дәрменсіздігінен Аңқаты-Сарыөмір жолының 30,87 шақырымындағы жолы күрделі жөндеуден өтпей қалды. Биыл бұл жұмыстар облыстық бюджеттің есебінен қайтадан қолға алынбақ. Қалай дегенмен де, жолсыз күнкөріс қиын. Нашар жол-жолаушының да, көліктің де, жүйкенің де соры. Қанша қомақты қаржы бөлінгеннің өзінде айналасы екі-үш жылда қырық жылдан бері қордаланған жол мәселесін шешеміз деу де қисынсыз. Бұл жерде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жоддары департаменті директоры Қ. Имашевтің жол құрылысымен айналысатын компанияларды біріктіру туралы ұсынысы көңілге қонатындай. Сонда құрылыс техникасына мұқтаждық мәселесі де оңынан шешілуі мүмкін, жол да санысз көлітің салмағына ұзақ жыл төтеп беруі мүмкін ғой.

Жадыра Шамұратова

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5314