Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4594 24 пікір 21 Қараша, 2019 сағат 16:27

Латын жазбасы қазақ тілін дамытуға ықпал ете алмайды

Латын ғаріпіне көшу керек. Оған дау бар ма! Латиница келер ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді. Ал ағылшын тілінің артында ғылым тұр. Орыс тілінде таба алмаған ғылыми жаңалықтарды ағылшын қорынан табасың. Компьютерлік технологияларды меңгеру үшін де ыңғайлы.

Сондықтан латиницаның қажет екенінде сөз жоқ. Бірақ, мен латын жазбасы қазақ тілін дамытуға ықпал етеді деген уәжбен келісе алмаймын. Ол бос сөз. Әрі-беріден соң араб ғаріпін пайдаланған Абай мен Ахметтердің, Шәкәрім мен Мағжандардың қазақылығы кімнен кем еді? Немесе кириллицамен көз ашқан, сол ғаріппен ана тілін сөйлеткен Әбіш пен Шерхандардың, Мұқағали мен Фаризалардың қазақшасы нашар болды деп кім айта алады? Мұхтар Әуезов пен Сәкендер тіпті үш ғаріпте бірдей жазған. Содан өзеріп па болмыстары?

Тілді тіл дәрежесіне көтеретін ғаріп емес, сөз. Сөз ғана оның белгісі әрі көрсеткіші. Сөз жоқ жерде тіл де жоқ. Сондықтан қазақ болам деген адамға, ана тілін қадір тұтам деген пендеге ол тілді қағаз бетіне қандай белгімен түсіргені маңызды емес. Тек сол тіл оның ойы мен сезімін жеткізе алса болғаны. Ал ойды жеткізу үшін тіл заман талабына сай сөзбен толысып, байып отыруы қажет. Өмірдің барлық саласында, әкімшілік басқаруда, өндірісте, ғылым мен өнерде экономиканың әр саласында еркін пайдалануға болатындай баюы тиіс.

Ал біздің тіліміз байып дамымақ түгілі, барған сайын жұтап барады. Ескі сөздер қолданыстан шығып жатыр, ал жаңа сөздер "шаптырғыш" пен "қылтима" деңгейінен аса алар емес. Тілдің шұбарланып бара жатқаны да сондықтан. Қазіргі тұрмыс-тіршілік талаптарына сай емес. Қанағаттандырмайды тұтынушыны. Оны латиница жөндеп береді деп ойлау ақымақтық.

Ия, санамыз бен бойымызға дендеп еніп кеткен орыс тілінен алшақтатар уақыт өте келе. Бірақ тілдің өзін байытпас. Оны халық өзі түгендеп отырады, ой-өрісінің шамасы келгенше. Күнделікті, сағат, минут сайын үздіксіз, тоқтаусыз толықтырылып отырғаны керек. Тіл дамуы - мәңгілік процесс. Олай болмаған жағдайда қазақ тілі сол латын тілінің тағдырын қайталайды, өлі тілге айналып. Ғаріп бар, ал тіл жоқ болып. Тіпті ғаріп те қалмас. Латиница қазақтікі емес.

Мұхтар Түменбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419