«Қазақтың Тәуелсіз мемлекеті болғанын жақтырмағандар көп болды»
Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен орнаған жоқ. Оған қарсылардың көп болғанын, солтүстік облыстарды Молдовадағы «Приднестровье» сияқты бөліп әкетуге тырысқандардың жосыған әрекетін осы күнгі жастар біле бермейді. Сол кезде әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысындағы қатер үлкен еді. Біз сол күндерде жергілікті биліктің басында болып, үзіліссіз он бір жыл бойы облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Құдайберген Қалиев ағамызбен әңгімелескен едік.
- Құрметті Құдайберген аға, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен атқа міндіңіз ғой, сол кездегі оқиғаларды, облыстағы саяси ахуалды еске түсіріп көріңізші?
- Ол кезде қазақтың өз алдына тәуелсіз мемлекеті болатынын біздегі тұрғындардың басым бөлігі жақтырмады. Өйткені, ұзақ жылдар бойы біздің облыстағы ахуал қазақстандық емес, жалпы кеңестік деп қабылданып, атауындағы «қазақ» сөзіне ешкім мән бермей, немқұрайлы қарайтын. Әрине, қазақтарды сыйлайтын, ата-бабасынан бері осында тұрып, жергілікті халықпен «тамыр» болып кеткен орыс азаматтары болды. Бірақ ондайлардың өзі қадау-қадау ғана қалған. Кеңес Одағы жылдарында «тамыр болу» деген дәстүрдің өзі жойылып, келушілердің көптігінен көзге ілінбей қалды. Әсіресе, тың игеру кезеңінен бастап мұнда орыс, украин, неміс халықтарының саны басым болды. Барлық, әлеуеті жоғары позицияларда солардың өкілдері отырды. Қазақ тілі ешқандай ресми ортада қолданылмайтын. Қазақтардың облыстағы үлесі сол кездегі соңғы санақ бойынша 18, ал Қызылжардың өзінде 8 пайыз ғана болды. Мұны түзету ешкімнің ойына келген емес, керісінше қазақтардың орыстануы жылдан-жылға артып бара жатқанына барлық жағдай жасалды. Қалада жалғыз қазақ мектеп-интернаты мен қазақ тілінде шығатын облыстық газеттен басқа ортаның бәрінде тек орыс тілі жүрді. Бірде-бір қазақ балабақшасы болған жоқ. Қалада тұратын қазақтар балаларын тек орыс мектебіне беруге мәжбүр болды. Мектебі, өскен ортасы орысша болған соң балалар үйде де тек орысша сөйлейтін. Ата-аналары өкіметтің ресми саясатына сеніп, болашақта бір-ақ тіл болатын шығар деген сенімде еді. Аудан орталықтарындағы ахуал да сондай болды. Осындай жағдайда қазақтар тәуелсіз ел болады деген жүрекжарды хабар шықты. Әрине, оған дейін қоғам біршама дүркіреп, демократиялық қозғалыстардың күшімен оянып жатқан. КСРО-ның барлық түкпірлері түбегейлі өзгерістерді күтіп жатты. Бірақ дәл мынадай өзгеріс болады дегенді ойламаған едік.
Бұған қазақтардың бәрі шаттанып, қуанғанымен басқа ұлт өкілдері үрке қарады. Осы күні орыстарды ғана көп айтамыз, ал ол кезде украин, неміс және т.б. халықтардың өкілдері де бұған қарсы шыққан еді. Өйткені, енді қазақ тілін үйрену керек, жаза білу керек деген сияқты үркітулер қаптап кетті. Қай күнде халық арасында бұзықтар көп болады ғой, сондайлар тұрғындар арасына іріткі салып, бұған қарсы шығуымыз керек деген сияқты үндеулер мен насихаттар таратты.
-Өзіңіз дәл сол кездері қайда едіңіз?
-Мен ол кезде Тимирязев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім, Горбачевтің соңғы өзгерістерімен билік партиядан алынып, Кеңестерге берілгенде барлық бірінші хатшылар сол кеңестердің төрағасы болып сайланғанбыз. Тәуелсіздік жарияланған соң екі айға жетпей биліктің басқару жүйесі өзгертіліп, барлық облыстардың жоғары билігін атқаруға «облыстық әкімшіліктің басшысы» деген қызмет енгізілді. Президент біздің облысқа Батыс Қазақстан облысы атқару комтитетінің төрағасы болған Владимир Гартманды тағайындады. Оған дейін біздің облыстың тізгіні В.Медведевтің қолында болған, ал атқару комитетінің төрағасы Ш.Құлмақанов еді. Әкімшілік басшысы болудан осы екеуі де үміттеніп, өздерінің жақтастарын жинақтап, халықты екіге бөліп, іріткі салып жүргенде Президент өте дұрыс шешім қабылдап, орыс та емес, қазақ та емес неміс халқының өкілін тағайындағаны өте орынды болды. Ол келген беттен аудан басшыларын бір-бірден шақыртып, бәрін оңаша қабылдап жатты, бірақ мені шақырған жоқ. Сөйтіп жүргенде облыстық Кеңестің төрағасын сайлау деген дақпырт шықты. Бұл енді екінші орындағы басшылық болып қалған. Нақты билік оның қолынан кеткен. Сол екінші билікке қазақ халқының өкілі болуы керек қой, сіздің беделіңіз бар, жергілікті адамсыз, біз сізді қолдаймыз деп мені үгіттеушілер пайда болды. Солардың тіліне еріп, мен сайлауға түстім. Дәл осы кезде ғана мені В.Гартман қабылдауына шақырды. Оған дейін ол менің көріп-білген адамым емес еді. Еңгезердей, бір көрмеге қабағы қатыңқы, бірақ сымбатты жігіт екен, ол мені жылы қабылдап, ұзағырақ сөйлесіп, сайлаудан қалай өтуіңе байланысты бірге қызмет істейтін боламыз деген екіұшты сөзбен шығарып салды.
Сайлауға облысқа белгілі бес-алты адам түстік, солардың арасынан екінші турға мен және С.Параскевич деген азамат шықты. Алайда екінші турда оған берілген дауыстар артық болып, төрағалыққа өтіп кетті... Осыдан кейін В.Гартман мені шақырып алып, өзіне бірінші орынбасар етіп тағайындады. Бұл 1992 жылдың ақпан айы болатын. Содан он бір жылға таяу мен бірінші орынбасар болып, төрт бірдей әкіммен бірге қызмет еттім...
- Облыстағы ахуал бұл кезде қандай еді?
- 1992 жылғы экономикалық ахуал біршама төзімді болды. Сол жылы бұрын болмаған астық шығып, кеңшар-ұжымшарлар қарқ болып қалды. Ол кезде шекара айқара ашық, астықты тек Ресейге шығарамыз. Бартер деген тауарайналысы сол кезден шыққан, Қазақстанды тастап кеткісі келген директорлар сол жылы жеке өз басына керекті дүниені астыққа армансыз айырбастады. Есеп-қисап, бақылау дегендер төмендеп кеткен. Өйткені, ауылшаруашылығы құрылымдары тегіс жекешелендіруге кетеді, өкімет ешқандай көмек бермейтін болады деген әңгімелер сол кезден шығып жатқан болатын. Сепаратистер тобы да осы кездері белсенді әрекетке көшті. Нешетүрлі «сары басылымдар» шығып, халықты толқытып, Қазақстанды жамандап, түрлі арандатушы хабарлар да таратып тұрды. Любушин, Супрунюк дегендер орыс әдебиетінің тарихынан дәрістер оқимыз дегенді сылтауратып, халықты күнде жинап, түрлі өтірік, үркітпе хабарларды жариялап тұрды. Сол замандарға дейін атын естігеніміз болмаса өздерін білмейтін казактар қоғамы дегендер шықты. Олар да жиналып, көшелерде алғашқы кезде әлем-жәлем киініп, қылыштары мен қамшыларын алып жүруге дейін барды. Оларды милициямен таратуға заңнамалық негіз жоқ және өрт шығып кете ме деп сақтанамыз.
Бізде де Днестр жағалауындағыдай әрекет керек. «Приишимье» республикасын құрып, Қазақстаннан бөлінуіміз керек деген сөздерді сепаратистер ашық айтатын болды. Егер қолға қару тиген, терроризмге мүмкіншілік туған қазіргі заман болса шовинистердің ойы іске асып кетуі де әбден мүмкін еді. Бірақ ол кезде халық әйтеуір шектен шықпайтын, әлі тәртіп бар болатын. Біз олардың сөйлеуіне тиым сала алмасақ та еппен қарсы әрекеттер жасап, көшеде айғайламай жабық орынға жиналсын деп бұрынғы обком комсомолдың ғимаратындағы акт залын бердік. Басшыларын шақырып алып, жасыратыны жоқ, кейбіріне материалдық көмектер жасадық, қайсыбіреулерін басшы қызметтерге тағайындадық. Газ шаруашылығының бастығына тағайдалған біреуі халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ете алмай, тұрғындардың қарғысына ұшырап, басы әңгімеге ілекті. Оның үстіне бара салып, бір машинаны заңсыз жекешелендіріп алғандығы ақпарат құралдары арқылы халыққа жетіп, әбден үні өшіп, тиыш жүретін болды.
-Қазақтар тарапынан арандатушыларға, сепаратистерге қарсы қандай әрекеттер болған еді?
-Қызылжарда қазақ аз болғанымен ол кезде ұйымдасып, «Қазақ тілі» қоғамының төңірегінде қандастарымыз да тығыз топтасып жүрді. Олар сепаратистердің өтіріктерін, арандатушылық мәлімдемелерін әшкерелеп, қазақ-орыс тілдерінде мақалалар жазып тұрды. Екі халықтың достығын, ежелгі татулығын әңгімелеп, жастар арасында, тіпті шовинистердің жиындарына да барып айтып, арандатушылардың айтқандарына ермеуді, қантөгіске жол берілсе, оның ешкімге де қажет еместігін жеткізіп жатты. Бұл істе әсіресе, Қосыл Омаров, Қилаж Мағазов, Қайролла Мұқанов, Мәлік Мұқанов сияқты белгілі, беделді ақсақалдар мен журналистер белсенділік танытты. Біз басқа ұлт өкілдері арасындағы беделді, танымал адамдардан да осындай белсенділік талап етіп, халықты тыныштандыру әрекеттерін ұйымдастырдық. Сөйтіп жүргенде Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласынан екі вагонмен қазақ жастары бізге қарай сапар шегіп, Қызылжарды сепаратистерден, казактардан құтқарамыз, ашық диалогқа шақырамыз деп келе жатқаны туралы төтенше хабар түсті. Олардың ниеттері әрине дұрыс-ақ, бізге жаны ашып, Қазақстанның біртұтас екенін көрсетпек болып келе жатты ғой, бірақ соны мындағы сепаратистер халыққа кері түсіндіріп, оларға қарсы тұрғындарды жинай ма, төбелес болып кете ме, қан төгілмей ме деп зәреміз ұшты. Сондықтан оларды Ақмоладан тоқтатайық деп шешім қабылдап, құрамында облыс әкімінің орынбасары Майра Қанафина, ақын Мүтәллап Қанғожин, ардагер Мәжкен Ғаббасов, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қосыл Әбдірахманов ағамызды жеңіл мәшинемен алдарынан жіберген едік, жастар оларды місе тұтпай, біз сіздердің сөздеріңізге сенбейміз, сіздер қызметтің адамдарысыздар деп поездан түспепті. Енді тым болмаса Көкшетаудан түсірейік деген ниетіміз де іске аспады. Сол кезде қатты сасқан едік, әйтеуір келе жатқандардың басшыларымен келісіп, оншақты адамды ғана қалаға апармақ болып, қалғандарын Қызылжарға қырық шақырымдай жердегі «Смирнов» стансасынан түсірдік-ау... Біз олардың Қызылжарға жеткізілген басшыларын тұрғындармен кездестіріп, бірнеше жерге апарып, күтіп, қонақ қылып, облыс әкімінің қабылдауына кіргізіп, әйтеуір риза қылып шығарып салған едік...
-Жеке өзіңіз қатысқан бір оқиғаны айтыңызшы...
-Мен ауылшаруашылығын бақылайтын бірінші орынбасар болғаныммен барлық мәселеге тікелей араласып жүрдім. 1992 жылы жаңа басталған экономикалық дағдарыс 1993 жылдан шырқау шегіне шыға бастады ғой. Инфлиация көлемі күннен күнге артып жатты. Барлық экономикалық байланыстар тоқтап, өнім шықпай қалды. Сол кезде біздегі бес қорғаныс зауыттарының жұмысшылары ереуілге шығамыз деп жариялады. Мен ол кезде әкімнің міндетін атқаратынмын, Гартман қысқа мерзімдік демалысқа кеткен. Содан, барлық орынбасарларды, саланың басшы қызметкерлерін алып, жұмысшылармен кездесуге бардым. Басында ызғарланып, жеп қоярдай көзқараспен тұрған жұмысшылар бірте-бірте жұмсарып, біздің сөзімізге құлақ асты. Әйтеуір, адамның адамды сыйлауы ол кезде әлі жоғалмаған еді ғой. Оның үстіне жұмысшы табы тәртіпті, көзі ашық халық қой. Сондықтан шын көңілден айтылған сөздерге бәрі де тоқтады. Осылай бес зауытты кезек-кезек айналып шығып, ереуілді тоқтатқан едік.
-Елді тыныштандыруда республикалық басшылық тарапынан қандай әрекеттер жасалды?
-Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ол кезде бұл мәселеге қатты көңіл бөліп, біздің облысқа жылына екі рет келетін. Халықтың барлық тобының өкілдерімен кездесіп, бәрінің де көңілінен шығатын сөздерді тап басып айтатын. Ол келіп кеткен соң шовинистердің әрекеті де біршама саябырсып қалатын еді. Н.Назарбаев Ресей Президенті Б.Ельцинмен де жақсы қарым-қатынаста болып, ешқандай кикілжіңге бармағаны белгілі. Осының арқасында да олардың құпия қызметтері біздің елде арандатушылық әрекеттерді қоздандырмады-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, ондайлардың қолынан көп нәрсе келетінін көріп жүрміз ғой.
-Арандатушылар халықты өрекпіту, қорқыту үшін басшы қызметкерлерге қарсы террористік әрекеттер жасайтынын білеміз. Сіздерге ешқандай қастандық болған жоқ па?
-Енді ол кезде қару ұстау, жарылыс заттарын алып жүру әлі жоқ болатын. Сондықтан шығар, бізге қарсы қарулы әрекет бола қойған жоқ. Бірақ өзіміздің қауіпсіздік қызметтері бір-бір пистолеттен беріп қойды. Ал оққағар деген бізде болған емес. Тек Даниал Ахметовтың тұсынан ғана облыс әкімін күзетуге бір оққағар беріліп, қазірге дейін өзгерген жоқ. Өйткені, ол кісіге қастандық дайындалуда деген жедел ақпарат түскен екен. Біз облысқа іссапарға шыққанда да ешқандай МАИ-дің алып жүруінсіз, өзіміздің қызмет машинамызбен жалғыз көмекшіні алып, жүре беретінбіз. Облыстық әкімдік үйі де күзетілмейтін. Есікте жалғыз ғана полиция қызметкері отыратын. Жұрттың бәрі орталық есіктен кіре беретін.
-Енді өзіңіз тікелей басшылық жасаған ауылшаруашылығындағы ахуалға тоқтала кетсеңіз?
-Менен ауылшаруашылығында қалыптасқан бұрынғы құрылымның күйреуі қашан болды деп сұрасаңыз – ол Әкежан Қажыгелдин премьер-министр болған 1994-1997 жылдары болған еді деп жауап берер едім. Ол кезде біздің облыста 130-дай кеңшар, оншақты ұжымшар болған. Әлі есімде, 1994 жылдың аяғында бізді Премьер-министр жинады да алдымыздағы жылдың ақпан айынан бастап барлық кеңшар, ұжымшар дегендерді жоясыңдар, бәрін жекешелендіруге жіберіп, фермерлік шаруашылықтар құрасыңдар. Сіздердің жұмыстарыңыз тікелей осы жұмысты қалай жүргізулеріңізге қатысты бағаланады. Егер бұл істі іске асыра алмасаңдар тегіс қызметтеріңізден кетесіздер деген шарт қойды. Ешкім бұрын істеп көрмеген жүйені бірден алып кету оңай ма, бұл жұмыс өте күрделі қиыншылықтармен жүргізілді. Қалыптасқан жүйені сақтап, жекешеге біртіндеп көшірейін десең, үстіңнен дікеңдеп, есеп сұрайды да тұрады. Баяғыда колхоздар маузердің күшімен, қанды жолмен қалай құрылса, енді маузер болмаса да одан құдіреті кем емес қаулылардың күшімен зорлықпен таратылды ғой. Аптасына бір рет қанша кеңшардың тарағанына, оның орнына қанша фермер құрылғанына арнайы есеп беріп отырасың. Егер бұл жолы алдыңғыдан кем болса, айғай шығып жатады. Бұл есептер министрлікке де емес, тура Президент әкімшілігіне берілетін... Біз шаруашылықтардың іскер директорларын шақырып, кеңшарды таратпай, оның құрылымын өзгертіп, сақтап қалу керек екенін түсіндіруге тырыстық. Сөйтіп, әр ауданда бір-екіден мықты шаруашылықтар ғана атын өзгертіп, сақталып қалғанымен көбі тарап кетті. Қаншама мың мал түрлі сылтаулармен етке кетті. Енді келер жылы себейік десек жанар-жағар май алуға не ақша жоқ, не айырбас жасайтын мал жоқ. Қызықтың көкесі осы жерде басталды. Осындай тығырыққа тірелген шақта бізге инвесторлар келді. Алғашқы болып келгендер «Экспорт-астық», «БАТ», «Әліби» және т.б. болды. Осыларға үлкен жер көлемдерін беріп, олардың көмегімен ғана егін еге алдық қой, әйтеуір. 1997 жылы Көкшетау облысын қосқанда да экономикалық жағынан қиналып қалдық. Өйткені, бұлар басқа салаларды да, соның ішінде әсіресе, ауылшаруашылығын мүлде ақсатып жіберген екен. Олардың шаруашылықтарын жандандыру жолында да көп еңбек еттік. Сол үшін көкшетаулықтар бізге күні бүгінге дейін ризашылықтарын білдіріп жатады.
-Төрт әкіммен бірге қызмет істедіңіз ғой, оларға қандай сипаттама берер едіңіз?
-Мен бәрімен де түсінісіп, сыйласып қызмет еттім. Әрқайсының жұмыс стильдері әртүрлі болғанымен олардың бәрі де іскер жандар еді. Гартман көбінесе ескі әдіспен жұмыс істеді, өзі сөзге шешен, тауып айтатын, сондықтан халыққа да жұғымды болды. Мен онымен күні бүгінгідей жақсы қарым-қатынастамын. Көптеген істерін, соның ішінде қазақ мәдениетін көтеруге ықылас білдіріп, қолдағанына ризамын. Әкімдердің арасынан ең бірінші болып Петропавл қаласында екі бірдей қазақ мектебін аштырып кетті. Даниал Ахметов жаңа әдістермен жұмыс істеді. Ол бізге келгенде қалада не жарық жоқ, не жылу жоқ кез болатын. Ахметов келді де осы мәселелерді шешіп, халықтың ризашылығына бөленді. Ол біздің Солтүстік Қазақстан облысына келген бірінші қазақ басшы еді. Басында неміс істей алмағанды қазақ қайдан істесін деп оған күмәнмен қарағандар айналасы екі жылдың ішінде қордаланған көп мәселенің шешіліп қалғанына риза болып, оны астанаға қызметке әкетерде басқа жұрт өкілдері арасынан «жібермейміз» деп айғайлаушылар да табылды. Осының өзі үлкен баға ғой.
Қажымұрат Нағмановтың кезінен есте қалған маңызды шаруа – ол қазақ тілін көтеруге, тұрғындардың қазақ мәдениетін тануына үлкен көңіл бөлді. Оның кезінде барлық басқару орындарының шенеуніктері аптасына бір рет қазақ тілі сабағына қатысып, тілді біршама үйреніп қалды. Олардың тілді үйрену деңгейін бағалайтын комиссияның төрағасы мен болып, қызметкерлердің тілді жап-жақсы үйреніп қалғанына көз жеткізген едім. Сонымен бірге ол жергілікті кадрларды көтеруге қатты көңіл бөліп, сырттан жалғыз-ақ Қуат Есімхановты әкелді. Қуекең де өте іскер адам екенін танытқан еді. Қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың 100 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткізу осы кісілердің еңбектері.
Анатолий Смирновпен мен қысқа мерзімде ғана істедім, бірақ соның өзінде оның сыпайы, мәдениетті адам екенін таныдым. Бірақ іскерлік әлеуетін ол толық көрсете алмай, облыста бір-ақ жылдай істеп, ауысып кетті.
-Сіз өте тәжірибелі, басшылық қызметтің ішкі сырларын жақсы білетін адам ретінде бүгінгі әкімге қандай сипаттама берер едіңіз?
-Бүгінгі әкіміміз Құмар Ақсақалов іскерлігі өте жоғары жан, ол көптеген қордаланған мәселелерді шешіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында бірде-бір үлкен аурухана салмаған екенбіз, соны салуды қолға алды. Қазақ театрына жаңа ғимарат салуды бастап кетті. Дегенмен қазақ тілінің жаңғыра түсуіне де көбірек көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Қазақша оқыған жігіттерді билік органдарына көбірек тарту керек сияқты, орысша оқыған жігіттер ауызекі тілді білгенімен қазақ тілін терең білмейді. Осының кесірінен келіп түскен терең мазмұнды хаттарды ұқпайды. Сондықтан олар өз көмекшілерін, кеңесшілерін қазақша мүлтіксіз білетін жандардан қоюын қадағалау керек.
-Әңгімеңізге рахмет,
Әңгімелескен: Жақсыбай Самрат
Abai.kz