Қуандық Шамахайұлы. Жаңа жыл алдында...
(әңгіме)
Алғаш келген кезіндегімен салыстырғанда, Лондоннның шулы көшелері Гүлжамал үшін тым оғаш сезілмейтін болып кетіпті. “Үш күннен кейін көрге де үйренесің” демей ме. Бір жылдан астам уақыт өткенде, айналасына әжептәуір бейімделіп, қазір межелеген жеріне адаспай жететін және қайда барса да үйін тауып келе алатын болды. Алғашқыдай емес, біршама тіл сындырып, ағылшынша еркін сөйлей де алатын деңгейге жеткен.
Ел жақтан жаңадан келген алғашқы айдың бір аптасында Гүлжамал екі қызынан адасып қалып қызық болған. Сол оқиғаны еске алса, екі қызы әлі күнге дейін ішек-сілесі қатып күледі. Қыздары “осында қозғалмай тұр” деп қалдырып кеткен жерде тұрақтамай өзінде де бар. Анандайтын жердегі бір дүкенге кіріп шыға қоймақшы болған. Қырсық қылғанда, телефонын тағы үйде ұмытып кетіпті. Дүкенге кіріп аралап әлгі орнына келсе қыздары жоқ. Олар шешелерін іздеп кетсе керек.
Жан-жағына қарап, үйіне баратын көшені нобайлап, такси ұстайтын бағытын анықтағысы келді. Бірақ, дәл қай тұстан қалай келгенін өзі де аңғармай қалыпты. Осы жаққа қарай таксимен келе жатқанда Биг Бэн мұнарасының қасынан өткен секілді болған. Кімнен сұрарын білмей дағдарып тұрғанда, жол бойымен өтіп бара жатқан полицейді көре сала:
-Сэр, дю спик инглиш? - депті ғой, сасқанынан. Полицей таңдана жалт қарағанда, дәл артында қосарлана күлген екеудің үні естіледі. Бұрылып қараса, қыздары тұр екен. Содан бері олар Гүлжамалды “анамыз Англия сақшысының ағылшыншасын тексерген әлемдегі алғашқы адам” деп атап, күні бүгінге дейін жиі әзілдейді.
Кәрі Еуропа төріндегі осынау көне қаланың Гүлжамалдың туып-өскен Сарыарқадағы Астанасына мүлде ұқсамайтын тұстары тым көп. Ең бергісін айтқанда, қыс ортасында даңғыл бойында гүлзары жайнап, көк майсасы көз тартып тұратыны қызық.
Алаңдары тым шулы және оған көше музыканттары мен әншілерінің бар өнерін салып орындап жататын әуесқой концерттерін қосып қойыңыз. Қай жағына қарасаң да, көше бойындағы “look left, look right” деген жол белгілері көзге түсе береді. Бұл тіпті, қаланың басты рәмізіне айналып кеткендей ме, қалай, өзі.
Ағылшын үлгісіндегі биязылық дейтін нәрсенің де Лондон көшесінде бірден аңғарылатын тағы бір қызық үрдіс. Иін тірескен көп адам ығы-жығы араласып, ерсілі-қарсылы ағылып жатқанда, біреулерді болмашы сүйкеп өту, кейде соғып қала жаздау дегендер жиі болып тұрады. Ондай кездің әрбірінде “Sorry” деген сөзді бәрі таласып-тармасып, тіпті, жарысып айтатындай көрінеді. Жалпы, бұл алып қалада дәл осы сөздің қайталана беруі тым жиі. “Ағылшындар не болса, соған кешірім сұраудан жалықпайды екен” деп Гүлжамал алғашында зығырданы қайнайтын. Қазір оған үйреніп кетіпті. Мұндай сыпайгершілік Виктория патшайым тұсында “Жентелмендік әдеп” деген моралдық тәрбие мен көзқарастың нәтижесінде пайда болып қалыптасқан дейді ғой. Оны Лондон университетінің магистратурасында оқып жатқан тұңғыш қызы айтқан.
Қызы демекші, Гүлжамалдың мұнда ат арылтып келіп, жат елдегі бөтен қала тұрғыны болуының басты себебінің өзі “бала оқыту” деп аталатын соңғы жылдары пайда болған тың үрдіс. Бұл әрине, қазіргі қазақ қоғамындағы саяси элитаға ғана тән құбылыс.
Гүлжамалдың екі қызы бар. Кенжесі былтыр бакалавр бойынша бірінші курсқа түскен. Үлкені магистрлік білім алуға келген. Оларды “түсті” дегеннен гөрі отағасы Кемелбай екі қызын әлемнің ең қымбат төлемақылы оқу орны саналатын осы университетке “түсірді” деу шындыққа саяды.
Ал, Гүлжамал Лондонның қақ төрінен байы сатып әперген жайлы пәтерде тұрып, екі қызының ас-суын әзірлейді. Оқулары мен тәлім-тәрбиесіне Кемелбайдың алдында жауап береді.
Қазақ өкіметінде жоғары лауазымдық қызметтердің бірін атқаратын отағасы қаласа әр аптаның соңында, шаруалары қарбалас болып жатса, айына бір-екі рет Астанадан келе салады. Ал, Қазақстанда болатын мейрам күндеріндегі демалыстарын отағасы көбінесе, Лондондағы қатын, бала-шағасымен бірге өткізеді. Ал, қыздары жазғы демалысқа шыққанда Астанадағы үйлеріне оралуларына мүмкіндік табады. Әу бастағы отбасылық келісім мен отағасының пәрмені солай.
Сөйтіп, Гүлжамал ханым Лондон көшесімен үйіне қарай келе жатты. Қолындағы телефонын сөмкесіне салып, алға бір қадам аттағаны сол еді, қарсы келе жатқан әлде біреумен соқтығысып қалды. Сөмкесі қолынан түсіп кетті. “I`m sorry” деген сыпайы үн шықты да, жердегі сөмкесін алып ұсынды. Ізінше, әлгі нәзік дауыс:
-Сіз қазақсыз ба, апай? - деді, көптен бері көшеде естілмеген өзінің ана тілінде.
Сөмкесін алып жатып, жүзіне қараса, жас шамасы әлі отызға де жете қоймаған жас келіншек тұр. Әлде, қыз ба, несі болса да, қазақ екені анық көрініп тұр. Сәнді киінген, жүзі көрікті, қос жанары мөлдіреген, әп-әдемі қазақ қызы.
-Иә, қазақпын.
-Кешіріңіз, апай! Ыңғайсыз болды, байқамай қалдым.
-Оқасы жоқ, айналайын! Құжынаған көптің ортасында, мына ірі қалада апалы-сіңілі екі қазақ соқтығысып қалғанымыз қызық болды ғой - деп, екеуі де күлісіп алды да танысуға көшті.
Сөйтсе, ол екеуінің ауданы, ауылы бір әрі рулас, аталас жандар екен. Қарға тамырлы қазақ деген осы. Ауылдағы бір-бірінің кейбір туыс-туғандарын екеуі де білетін болып шықты.
-Сіңілім-ау, бұл қалада қайдан жүрсің? - деген Гүлжамал Жаңыл есімді әлгі қызға жік-жапар болып:
-Қане, біздің үйге жүр! Мұнда жап-жақын жерде тұрамыз. Жайланып шәй ішіп отырып, әңгімелесейік! - деді. Жаңыл да келісе кетті.
Екеуі көп отырып, ұзақ әңгімелесті. Сабақтан келген екі қызымен де таныстырып қойды. Жаңыл үшеуіне де қатты ұнады. Әсіресе, ашық-жарқын мінезі Гүлжамалды тіпті тәнті еткендей болды. Оның үстіне жат жерде өз ауылының тумасы, арғы түбін қуса, жеті атаға да жетпейтін бауыры болып шықса, қалай қуанбасқа.
Жаңыл өзінің жай-күйі туралы да еш бүкпесіз айтып берді. Лондонға келіп қоныстанғанына он жыл болыпты. Құнды қағаздар бюросында брокер болып қызмет етеді. Қазір отыз үш жаста. Тоғыз жасар ұлы бар. Бірақ, күйеуге тимеген. Ол баланы қайдан, қалай тапқанын да Гүлжамалдан жасырмады. Бар сырын ақтарды деуге де болады.
-Жасым жиырмадан енді ғана асып, университеттің соңғы курсын бітіріп, диплом жұмысын қорғаған кезім. Бізге мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып үкімет кабинетінде біршама жоғары қызмет атқаратын бір ағай келді. Емтихан тапсырғанда да, диплом қорғаған кезімде де әлгі кісі менен көз алмай отырады да қояды. Әдетте сырттан келіп қатысатын ондай төрағалар емтихан басталғанда азғана уақыт отырып кетіп қалады ғой. Сосын, диплом тапсырарда ғана бір көрініп жоқ болады. Оны біз аға курстарда оқитындардың тәжірибесінен жақсы білеміз. Ал, біздің төраға емтихан басталардан бұрын келіп,бәрін бітіріп ең соңында қайтады. Бірдемелерді сылтауыратып менімен сөйлесуге тырысады. Оның үстіне мен старостамын ғой. Маған деген көзқарасын өзгелер де аңғарған секілді. Құрбыларым “Төрағаны сындырдың. Сенің арқаңда ол бүкіл курсқа оң көзімен қарайтын болды” десіп қалжыңдайды. Шыны керек, курста ғана емес, ол тұста университеттегі маңдай алды сұлулардың бірі едім.
-Ой, қазір де сұлусың ғой? Алғаш көргенде, еркек тұрмақ әйел заты менің өзім сынып қалдым - деп, Гүлжамал күлді. Оны екі қызы да жарыса құптап, ауыздарының суы құрығанша, ажарының ашықтығын айтып, мақтасып қойды.
-Қазақта бір дөрекілеу мақал бар ғой, “беттің қызылы к*ттің соры” деген. Елуді еңсерген әлгі төраға диплом тапсырарда менің мақтауымды жеткізіп, біраз көсілді де, қызметке шақырған жолдаманы да қоса беріп, аяқ астынан жарылқап тастағаны. Бірақ, жиналыс соңынан ол кісімен оңаша сөйлестім. Ұсынысын қабылдай алмайтынымды айтып, мемлекеттік қызметке тәжірибем жоқтығын алға тарттым. Жас болсам да, іштей бірдемені сезетін секілдімін. “Алмақтың да салмағы бар” дегендей мұндай тосын сыйдан аулақ жүрейін деген ойда едім. Алайда, әлгі көкем де қадалған жерден қан алатын пәле екен, қоймады ғой, қоймады. “Қызметке қабылданған күннен бастап, өз қамқорлығыма аламын, сендей өсетін жастарды қолдай алмасам, несіне ер азамат болып жүрмін” дей ме, қайдағы-жайдағыны айтып болмаған соң “ауылдағы әке-шешеммен ақылдасайын” деп бір сәт құтылғандай болдым.
Оншақты күн бойы курстас құрбы-құрдастар бас қосып, диплом жудық, қыдырдық, ойнап-күлдік дегендей оқу бітірген жастардың тірлігі белгілі ғой. Астанадан елу-ақ шақырым шағын ауылда тұратын үйіме бардым. Әке-шешем де қуаныштары қойындарына сыймай той-томалақ жасады. Менің үкіметтің маңызды бір буынына қызметке шақырылғанымды ауылға бірге келген құрбыларымнан естігенде әкем байғұстың жүрегі жарылардай-ақ қатты қуанды. Мен бір отбасындағы бес қыздың кенжесімін. Ерке өстім, тентектігім де, тікбақайлығым да бар. Өкіметтік қызметке бармаймын, ауылдағы коперативке бухгалтер боламын деп біраз қиғылық салдым. Әлгі төрағасы түскір күнде телефон соғып, қызметке шақырады. Әке-шешем де, апа-жезделерім де “мұндай мүмкіндікті жіберме, өсесің. Карьера да керек қой” деп жан-жағымнан үгіттеп қоймайды.
Ақыры не керек, әлгі төрағаның ұсынысын қабылдап қызметіне кірістім. Үкімет орны деген аты дардай болғанымен жұмысында соншалықты күрделі ештеңе жоқ секілді. Әлде, менің қабілет-қарымым мен біліктілігім керемет болды ма, қайдан білейін. Жұмысты ұршықша иіріп әкеттім десем, мақтанған болмаспын. Үш айдан кейін екі бөлмелі пәтер алдым. Алты айдан кейін бөлім басшысы болып қызметім өсті. Былай өз күшіммен де мұның бәріне қол жеткізер едім, ерте ме кеш пе. Бірақ, әлгі қолы ұзын, лауазымы үлкен төрағаның тікелей араласуымен маған деген қолдау-қолпаштаудың астыртын жасалып жатқанын ішім сезетін. Мұндай шектен шыққан қамқорлықтың өтеуі қиын болатынын да білдім. Сол үшін қызметтен кетуге бірнеше рет оқталдым.
Бірақ, ауылдағыларға мені мақтаныш етіп жүрген, әке-шеше, туыс-туғандарымның көңілін тағы қимадым. “Пәленшенің қызы аяқ астынан үлкен қызметке бара қалып еді. Қолынан ештеңе келмей қуылып қалыпты ғой” деп табалайтындардың да табыларын білдім. Егер шынымен қолымнан іс келмейтін біреу болсам, ештеңеге қарамастан шығып кете берер едім. Қолдан келген соң тағы намыстанасың.
Сөйтіп жүргенде, өзім күдіктенгенімдей-ақ әлгі төраға менен жиырма сегіз жас үлкендігіне қарамай қырындайтынды шығарды. Шетелге іссапарларға шыққанда мені міндетті түрде тізімге енгізіп қоятын болды. Барған жерлердің бәрінде оңаша бөлмесіне шақырып алады. Сондай сапарлардың бірінде ол да дегеніне жетті. Аяғым ауырлап қалды. Мен келіссем, ол бәйбішесінен ажырасып үйленуге дайын көрінеді. Онысына мен үзілді-кесілді қарсы болдым. Біреудің шаңырағын ойрандап, қатын-баласының көз жасына қалып, қалай бақытты боламын? Оның үстіне өзімнен екі мүшелден астам үлкен жасамыс байға тигенімді ауылым естігенде әке-шешем жұрттың бетіне қалай қарайды? Ал, оң жақта отырып бала тапсам, одан асқан қасірет тағы жоқ. Сондықтан, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп жоғалайын деп шештім де осы Лондонды таңдадым.
Төрағаның қолы ұзын ғой, бұл жерден де мені баспаналы етті. Астанадағы үйімнің кілтін кіші жездеме тапсырдым да, сол сәтте қарамды батырдым. Осында босанып ұл таптым. Төрағаның қуанышында шек болмады. Астанадан ат арылтып, сол сәтте ұшып келді. Ол өзі біреудің жалғыз ұлы екен. Осы жасқа дейін екі перзент көрген, екеуі де қыз көрінеді. Нәрестені алғаш келіп көргенде көз жасына ерік берді, бейшара. “Әке-шешем осы немересін көре алмай өмірден өтті.-” деп, кемсеңдеп тұрып жылады дерсің. Аяп кеттім. Негізі, оны маңыма жолатпайын деп ойлағанмын. Қалай болғанда да, ұлымның әкесі ғой деп жаным ашып, келіп көріп тұруына және өскен кезде әкесі екендігін жасырмауға уәде бердім. Бірақ, менімен жақындасу жайында ойыңа да алмайсың деп қатаң ескерттім. Солай болды да. Күні бүгінге дейін ол ұлына келіп тұрады. Қазір мектепте оқитын ұлым әлі он жасқа толмаса да ересек адам секілді ақылды. Бәлкім, тым ерте есейген болар. Мені жазғырасыздар ма, жер-жебіріме жетіп жамандайсыздар ма, өздеріңіз біліңіздер. Шындығым осы! - деп, Жаңыл сөзін аяқтап, көзіне жас алды.
Гүлжамалдың да көңілі босап, жас келіншекті қатты аяп кетті:
-Әй, дүние-ай! Қыз баланың тағдыры қиын ғой. Ұлыңның аты кім?
-Данияр.
-Жаңыл жан! Ұлыңды ертіп, үйге келіп тұр. Менің қыздарыммен таныссын. Бұлар да елді сағынып жүр. Баланың да іші пысатын шығар. Бір мезгіл өзің де келіп, екеуіміз әңгіме-дүкен құрып бір серпіліп тұрайық! - деді, Гүлжамал шын көңілмен.
-Гүлеке, ниетіңізге рақмет! Әрине, араласып тұрайық! Осында тұратын бір топ қазақ әйел бар. Біразы менімен тағдырлас қыздар, ішінара сіз секілді бала оқытып жатқан апалар да бар. Екі аптадан кейін кезекті бір кездесуіміз өтеді. Жаңа жыл қарсаңында болатын бас қосуымыз ғой. Мен сізді ертіп барып бәрімен таныстырайын - деді, Жаңыл.
-Оның табылған ақыл ғой, Жаңыл жан! Шынын айтсам, кейде үйге сыймай аласұрып кетемін. Соңғы кезде отағасы да шаруасы қарбалас болып, келе алмай жатыр. Бәрі өз қандастарымыз болса, әрине, неге таныспасқа - деп, Гүлжамал қуана-қуана келісті.
Аптаның соңында Жаңыл ұлын ертіп келді. Сүйкімді балақай Гүлжамал мен оның қыздарын бірден баурап алды. Алғаш көрген сәтте Гүлжамалға ол баланың түрі таныс секілді біртүрлі жылы ұшырап кетті де, бас салып құшақтап “мына ұлдың тәттісін-ай” деп, сүйіп-сүйіп алды. Қыздары да туған інісіндей көріп, бірден бауыр басты. Оларды Данияр да еш жатырқаған емес, өте жақсы көріп кетті. Гүлжамалды “әжелеп”, екі қызды “әпкелеп” іші-бауырларына кіріп тұрғаны. Жаңылды да олар бірге туысқандарынан артық сүйетіндей. Осылайша, жат жерде танысқан бесеу азғана уақыттың ішінде араларынан қыл өтпейтіндей жақын жандарға айналып кетті.
Бірде Жаңыл Гүлжамал әпкесін Лондонда тұратын қазақ әйелдердің кезекті кездеуіне ертіп барып, жас-кәрісі аралас жиырмадай жанмен таныстырды.
Шағын залды шведтік дастархан үлгісімен жасап, қос-қостан отыруға лайықталған үстелдер де қойылыпты. Жиырма шақты әйелдің бәрі де “барын киіп, бақанын қолға алды” дегеннің керін келтіріп-ақ тұр. Тағамдарын алдарына қойып, бір үстелдің басына жайғасқан соң Жаңыл Гүлжамалға әлгілердің бәрі туралы жеке-жеке мәліметтер айта бастады.
-Гүл әпке, әнеу бір толықша келген егде апайды көрдіңіз бе?
-Иә, өзін Жауһар ханым деп таныстырған қатын ғой.
-Дәл өзі. Оның күйеуі көп жыл вице-министр болған. Қазір әкім. Бұл әйелдің Лондонда тұрып жатқанына жиырма жылдан асып кетті. Балалары әлде қашан оқуларын бітіріп алған. Бірақ, елге қайтқылары жоқ. Осында жүр. Ешқайда жұмыс істемейді. Бір ұлы есірткіге әуестеніп кетті. Қызы түнгі клубтардың жұлдызына айналған. Өзінше ән айта ма, бірдеңе. Бірақ, елден ақша-қаражат деген ағылып келіп жатады. Ішкендері алдында, ішпегендері артында дегендей. Ал, әкім шалы баяғыда жас тоқал алып алған. Қазір үш балалы. Соңғы жылдары Лондонға ат ізін салуды біржолата қойды. Бірақ, мына бәйбішесі мен балаларын ақшадан тарықтырмайды. Бұл әйел сонысына мәз.
-Ана бір жас келіншек вискиді суша қылғытып отыр ғой. Ол кім? - деп, Гүлжамал шетте бір үстелде оңаша отырған біреуін нұсқады.
-Ол осыдан бес-алты жыл бұрын сұлулар байқауында топ жарып мисс болған еді. Тағы бір мықтының тоқалы. Сіз танисыз оны. Қане, бері жақындаңызшы, құлағыңызға айтайын - деді де, бес саусағының арасын қосып аузына тақады да оның құлағына бірдемені сыбырлады.
Гүлжамал көзін бақырайта таңырқап:
-Қой-ей, рас па?
-Шын айтамын. Астанада ол екеуінің хикаясы айналаға кең тарап кетіп, бір күні бәйбішенің құлағына жеткен ғой. Мінезі шатақ бәйбіше бір күні жұмысына келіп тұрып мына мисс бейшараның шашын жұлып, быт-шытын шығарған. Қысқасы, көгала қойдай ғып сойған ғой. Сосын, байына барып тепсініп, “ана сайтаннның көзін құрт” деп қиғылық салған. Шалы осында әкеліп, орналастырып кеткен. Анда-санда келіп тұрады. Бірақ, бұл мисс ішікілікке әбден салынып кеткен. Тәп-тәуір білімді қыз еді. Құрып бара жатыр. Обал-ақ!
-О, Алла-ай! Ана кісіні мұндай деп ойламаппын ғой. Біздің үйдегі жездең екеуі көп жыл қызметтес болды. Отбасымызбен араласып тұрамыз. Өзі тау қозғалса да былқ етпес біртоға момақан кісі секілді еді. Ал, бәйбішесінің мінезі адуын, оның рас. Бірақ, ақ көңіл әйел. Әй, қулар-ай! Талай жыл араласқанда жымын білдірмеді ғой. Сен қыздың да білмейтін пәлең жоқ екен. Менің көзімді ашып жатырсың! - деп, Гүлжамал жағасын ұстап қояды.
-Ой, әпке! Біртоға деп қоясыз-ау! Мен де өкімет кеңсесінде істедім ғой. Ондағылардың арасында етегіне намаз оқып жүргендері саусақпен ғана санарлық шығар.
Екеуінің жанына төрт әйел келіп қосылған соң Гүлжамал мен Жаңыл әңгімелері сол жерден үзілді. Өзара қауқылдасып, сөз ауаны басқа жаққа бұрылып кетті. Бәрі айнала отыра қалып, ән айтты. Ел-жерін сағына еске алысты. Қайсы бірі қысқа әзіл әңгімелер айтып, қыран топан күлкіге кенеліп, көңіл көтерісті. Арасында масайып кеткен, жайдан жай жылап отырғандар да баршылық.
Сөйтіп думандатып отырған топтың арттарында кенеттен гүрс еткен қатты дыбыс шықты да, шарқ етіп әйнек сыңғандай болды. Бәрі шулап бұрылып қараса, келгеннен бері үн-түнсіз оңаша отырып алып, вискиді сіміріп отырған мисс орындықтан құлап түсіп жерде жатыр екен. Қолындағы вокалы еденге соғылып күл-талқаны шығыпты.
Екі келіншек орындарынан қатар көтеріліп, оны тұрғызып шеттегі диванға апармақ болып еді. Мисс аяғын баса алмай тағы да гүрс етіп жығылды.
-Қатындар, келіп көмектессеңдерші! - деп, екеудің бірі дауыстап еді, Жаңыл бастаған бес-алтауы барып оны жерден көтеріп, шетте тұрған диванға апарып жатқызды да:
-Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма дегендей өзі ап-арық болғанымен, салмағы зіл батпан ғой - десіп орындарына келіп жайғасты.
Ары қарай гуілдесіп біраз отырған соң бәрі кетуге ыңғайланғанда мисс те оянып:
-Ойбай-ай, басым шағып барады. Лейля, мені үйге жеткізіп салып, біздікіне қона салшы! - деп бір толықша келген қара әйелге жата-жабысып жалынды.
-Әй, байғұс-ай! Сенің менен өзге кімің бар? Әлбетте, өзім жеткіземін! - деп, әлгі семіз қара оның қолтығынан демеп алып кетті.
Гүлжамал мен Жаңыл үйге келгенде, Данияр әлде қашан ұйықтап қалыпты. Жаңыл оны оятып алып кетпек болып еді:
-Тиме, балаға, тәтті ұйқысын бұзып нең бар еді? Ертең демалыс қой, өзің де осында қона кет! - деп, Гүлжамал тоқтатты.
Таңертең бесеуі бірге емен-жарқын әңгімелесе отырып тамақтанды. Даниярдың қылығына бәрі мәз болысып, ерекше көңілді отырды. Сөз арасында Гүлжамалдың қыздары:
-Жаңыл әпке, сіз демалыс күндері Даниярмен бірге біздің үйге келіп қонып тұрыңызшы! Бесеуіміз бірге отырған сондай көңілді - десті. Олардың сөзін Гүлжамал да құптап:
-Айтпақшы, Жаңыл-ау, кешікпей отағасы келеді. 31-і күні кешке екеуің міндетті түрде келіңдер! Жаңа жылды біздің үйде бәріміз бірге қарсы алайық. Данияр екеуіңді жезделеріңмен таныстырайын. Жылды қалай қарсы алсақ, алдағы өміріміз де солай болады. Екеуден екеу үйлеріңде отырғанша бізге келіңдер! Отағасы бата береді сендерге! Ол кісінің батасы қате кетпейді, әрдайым қабыл болады. Аузы дауалы текті атаның тұқымы ғой, біздің отағасы - деді.
-Екі сіңілім мен бір алтын әпкем бар деп сіздермен танысқалы өзімді бақытты сезініп жүрмін. Сіздермен бірге болғанда өзімді жан-жақты қорғалғандай, төрт құбылам түгенделгендей көңілім толып қалады - деп, Жаңыл да ағынан жарылды. Гүлжамалдың кенже қызы:
-Ана жолы Данияр екеуіміз бірге түскен фотомды “ВК”-ға қойғанмын. Достарымның бәрі “інің өзіңнен аумайды ғой, өте қатты ұқсайды екен” дейді. Мен “туған інім емес, тәтемнің ұлы ғой” десем, ешқайсы сенбейді - деді.
Отырғандардың көздері қатар отырған екеуіне түскенде:
-Шынында, бұрын байқамаппыз ғой. Қалай ұқсайды-ей! - десіп таңғалысты...
Жыл аяқталуға таяу. Желтоқсанның 29-ы күні Астанадан төраға келіп жетті. Оның келгені Данияр үшін керемет қуаныш болды. Із-түссіз кеткеніне көп болған еді. Екеуіне де тарту-таралғыны молынан қамдапты. Оған пысқырып та қараған Жаңыл жоқ. Әдеттегісінше:
-Қашан кетесің? - деп сұрады.
-Арғы күні таңғы рейспен Қазақстанға қайтамын - деді, төраға.
-Жақсы. Даниярдың қысқы демалысы басталған. Екі күн қыдырт! Ұлыңды қойныңа алып жатып, мауқыңды бас та, табаныңды жалтырат! Жаңа жылды біз осындағы туыстарымызбен бірге қарсы аламыз. Сен олардың көзіне түспей-ақ қой.
-Құп болады, Жаңыл ханым! - деп, төраға әскерлерше оң қолының жазылған саусақтарын шекесіне тақады. Мұндағы қандай, қайдағы туыс оның мән-жайын сұраған да жоқ. Табан астында қуып шықпай Даниярмен бірге екі күн қонып жатуға мүмкіндік бергеніне шүкіршілік етті.
-Менің анам саған генерал ма, әке? - деп сұрады, Данияр еркелеп.
-Жоға, қайдағы генерал? Маршал ғой! - деп, ыржиып күлді.
-Ендеше, генерал мен боламын, әке! Ал, жауынгер әке, кеттік! - деп, екеуі Даниярдың бөлмесіне кіріп кетті.
Ал, Жаңыл жұмысындағы азын-аулақ шаруаларын бітіріп, Қазақстан жаққа тапсыратын есеп-қисабын реттеуге биржаға қарай асығыс шығып кетті. Жол-жөнекей Жаңылға тосын ой келді. “Осы төрағаның қатын, бала-шағасы қандай адамдар екен? Елде тұратын секілді. Данияр десе ішкен асын жерге қояды. Кейінгі тірлігіміз қалай болар екен?” - деп, ауыр күрсінді. Шыны керек, бала тапқаннан кейін ол төрағаны төсегінің маңына да жолатпаған еді. Дегенмен, заты әйел ғой, өзімен құрдас бірлі-жарым көңілдестері болды. Жан баласынан жасырғаныңды Жаратушыдан жасыра алмайсың. Бірақ, ешбірінен тән ләззатын алған жоқ. Төсек рақаты аулақ кетсін, жақындасқаннан кейін қатты қорланып, жаны жараланғандай түнімен үнсіз жылап, жастығын сулайды. Соңғы кезде еркек біткенге кектене қарайтын бір ит мінез пайда болғанына кейде өзі де таңғалады.
Екі күн де өте шықты. Желтоқсанның отызы күні Жаңыл тым кеш келді. Есігін ашып кіріп еді, жым-жырт. Даниярдың бөлмесінің жартылай ашық есігінен төрағаның қорылдаған үні анық естіледі. Үнемі осылай. Ұлы оның қолтығының астына мұрнын тығып алады да, аяғын қарнының үстіне асып қойып ұйықтап жатады. Жаңыл оны көрмесе де солай елестетті.
Таңертең төрағаны олар үйінен шығарып салды.
-Әке, келесі демалыста да келші! - деді, Данияр төрағаның мойынан құшақтап тұрып.
-Жол болсын! - деді, Жаңыл салқын ғана. Осымен төраға үйден шығып кетті.
Жаңыл Гүлжамал мен оның қыздарына дайындаған сыйлықтарын буып-түйіп әзірледі. Түнгі сағат он екіден сәл ғана бұрын барып, жаңа жылмен құттықтамақшы. Әлі танысып үлгермеген жездесіне де сыйлық дайындаған. Данияр да асықтырып әлек, тезірек барайықшы дейді.
Түнгі сағат 23.45-те Жаңыл мен Данияр есік қақты. Гүлжамал мен екі қызы жарыса келіп есік ашты да:
-О, менің алтын сіңілім мен бауырым келді! Отағасы-ау, әй, Кемелбай, бері қарай келсеңші! - деп дауыстады.
Төргі бөлмеден асықпай шығып келе жатқан төрағаны көргенде, Жаңылдың екі көзі шарасынан шыға жаздап бақырайды да, ашылған аузы жабылмай қалды. Ал, Данияр:
-Әке! Сен кетпепсің ғой... - деп, қуана айғай салды. Гүлжамалдың аузына “не, не” дегеннен өзге сөз түспей қалды.
Осы сәтте түнгі сағат 12-ні соғып, жаңа жыл да келіп жетті...
Қуандық Шамахайұлы
Abai.kz