Жұма, 22 Қараша 2024
Араша 9879 23 пікір 31 Желтоқсан, 2019 сағат 15:26

Босқын қазаққа болысамыз десек...

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі

Төрағасының орынбасары

Гүлмира Исимбаеваға

және

Сауытбек Әбдірахманов, Қанат Мусин, Мейрам

Пішембаев, Бақытбек Смағұл, Дархан Мыңбай

қатарлы депутаттарға!

Құрметті Гүлмира Истайбекқызы!

«Босқындардың жағдайы туралы» Конвенция (Женева, 28 шілде 1951 ж.) «Қазақстан Республикасының Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 15 желтоқсандағы N317-I Заңымен ратификациялап, Қазақстан Республикасы өзіне халықаралық міндеттемелер алғанын Сіз өте жақсы білесіз.

Құдайға шүкір, Қазақстан Республикасы осы міндеттемесін атқарып, өзін  гуманист мемлекет ретінде көрсетіп келеді. Қазірге дейін елімізде 523 босқын тіркелген. Оның 509-ы Ауғанстаннан келген екен.

Соңғы жылдары шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында азшылық ұлттарға жүргізілген адам төзгісіз саяси қысымдардың салдарынан онда тұратын этникалық қазақтардың да Қазақстан Республикасына Мемлекеттік шекараны кесіп өтуге мәжбүр болғанын жақсы білесіздер.

Қазіргі таңда әлемнің қырықтан астам мемлекетінде бес-алты миллион қандасымыз жасайды. Қысқа күнде қырық құбылып тұрған аумалы-төкпелі заманда, Құдай оның бетін ары қылсын, этникалық қазақтарға қатысты мұндай жағдайлардың бұдан былай да жалғасуы, тіпті көбейе түсуі бек мүмкін. Қысқасы, босқын қазақ көбеймесе, азаймасы анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында айтқан «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол - бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы дала - Қазақ еліміз!» деген сөзін еске алсақ, қиыр жайлап, шет қонып жүрген қазақтың Қазақстаннан басқа паналайтын жері жоқ!

Қытай қысымынан қашып келіп, пана сұраған бес бірдей қандасымыздың жағдайынан бүгінде бүкіл дүниежүзі хабар тауып, олардың Қазақстанда «Босқын» мәртебесін алып, келген еліне кері қайтарылмауына тілек білдірді.

Соның біріншісі – Сайрагүл Сауытбай.

Күйеуі, балалары Қазақстан Республикасының азаматы екен. Жазасын шартты түрде өтеген соң, отбасымен Швецияға қоныс аударып кетті;

Екіншісі – Қайша Ақан.

Жаркент қаласы, Панфилов аудандық соты оған «Қылмыстық кодекстің» 392-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, үстіміздегі жылдың 23 желтоқсан күні алты ай шартты жазаға кесіп, жазасын Қазақстанда өтеуге бұйырды;

Үшіншісі және төртіншісі – Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақан.

Бұл екі жігітке де «Қылмыстық кодекстің» 392-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жұмысы аяқталып, ісі сотқа өту алдында тұр. Қазір Өскемен қаласында қамақта отыр. Екеуінің де жақын туысы және туысы Қазақстан Республикасының азаматы екені айтылуда;

Бесіншісі –  Бағашар Мәлікұлы.

Оның да әйелі мен үш баласы Қазақстан азаматы. Жақында ҰҚК Бағашар Мәлікұлының үстінен 23 қарашада қозғалған қылмыстық істің қысқарғанын хабарлады.

Өкінішке орай, Еліміз «Босқындардың жағдайы туралы» Конвенцияны (Женева, 28 шілде 1951 ж.) ратификациялап, өзіне халықаралық міндеттемелер ала тұра, осы азаматтардың бірде-біреуіне «Босқын» мәртебесін берген жоқ! Ауғандарға берілген мәртебе өз қандастарымызға бұйырмай тұр...

Дүниені дүр сілкіндірген осындай мәселені оңтайлы шешу үшін Парламент депутаттары қатысты заңнамаларға өзгертулер мен толықтыру енгізуге бастама көтере ме десек, үнсіз отыр.

Есесіне, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақанға байланысты, депутат Қанат Мусин «Заң бойынша, шекараны заңсыз өткендер қайтарылуы керек!» деп салды.

Сіз басқарып отырған Мәжіліс депутаттарының 2019 жылғы 09 желтоқсанда «Азаттық» радиосының журналисіне берген осындай оғаш пікірлері халықтың қатты наразылығын туғызды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 77-бабының 1-тармағында «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп жазылған. Ал, 2-тармағында «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады» деп көрсетілген.

Демек, іс қозғалып, тергеу жұмысы жүргізіліп жатқан адамдарға байланысты ешкімнің үкім айту құқығы жоқ!

Жұрт қазақ депутаттарының өзі шығарған заң тұрмақ, Қазақстан Республикасының Конституциясын дұрыс білмейтінін айтып, шулап кетті.

Одан да өкініштісі, осы мәлімдемелерді естіп, ашуға булыққан жастар АҚШ-та Елбасымыздың суретін жыртуға дейін барыпты...

Сөйтіп, қазақ депутаттары Еліміздің беделіне орасан зор шіркеу келтірді!

Құрметті Гүлмира Истайбекқызы!

«Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N216-IV Заңының 3-бабының  2-тармағында «Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады» деп жазылған.

Демек, депутаттар меңзеп отырған екі мемлекет арасындағы келісімдерден Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жоғары тұрады.

Бір емес, бес бірдей этникалық қазақ шекараны бұзып қашып келді. Болар іс болды. Енді оларды келген еліне кері қайтару – жергілікті халықтың ғана емес, халықаралық құқыққорғау ұйымдарының да, әлемдік қауымдастықтың да наразылығын тудырғалы тұр. Тудырып та жатыр...

Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай, олардың көбінің туыстары мен жақын туыстары Қазақстан Республикасының азаматтары екен.

Осы және басқа да жағдайларды ескере отырып, мен Ауыт Мұқибек ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Сізден «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 216-IV Заңының 11-баптың 2-бөлігіне  «Осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның туыстарының және (немесе) жақын туыстарының біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін» деген толықтыру енгізуді ұсынамын.

Дәл қазір Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы талқыланып жатыр.

Босқын қазаққа болысамыз десек, осыдан артық шара жоқ деп ойлаймын!

Сізден осы мүмкіндікті пайдаланып, осы хатта аты аталған әріптестеріңізбен бірлесе отырып, аталған норманы заңдастыруға ықпал етулеріңізді сұраймын.

Ауыт Мұқибек, 

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5259