Айгүл Кемелбаева. Мәжнүндікке іңкәрлік
Автордың Жалаледдин Руми. Мәжнүн - жүрек мақаласының жалғасы
Шығыстанушы шоң ғалым, Низамидың бес дастанын зерттеп жазған автор А.Бертельс Мәжнүн образы нағыз ақынның прообразы, түпкі аңсарлы бейнесі деп жазды. Суфийлер - бұл ақындар һәм ғашықтар екенін Ыдырыс Шах түйіндейді.
Мәжнүн - жарымес, есуас, махаббаттан есі ауып, жын иектеген деген сөз. Ол араб ақыны Кайстың лақап аты. Мәжнүннің Ләйлі сұлуға есі ауысқанша сүйіспеншілік сезімі шығыс классикалық әдебиетінде кең таралған сюжет. Мәжнүн жынданып кеткен әулие ғашықтың мәңгілік символы.
Кайс - араб тілінде «өлшем», «шама», «берік үлгі, өнеге» деген ұғымға тең. Мәжнүн - сүю сезімі кернеген соң нақұрыс атанды. Ол - қисапсыз көп поэмалар мен аңыздар қаһарманы. Жай тілмен айтқанда, жынданған ғашық образы не үшін әспеттелуге лайық? Мәжнүн неге соншалық биік образ? Мұның сырын суфизмнің теориялық негізін қалаған ойшылдар түсіндірері хақ. Аспантекті Мәжнүн, көкке телмірген, жаны пәк ғашық. Қауызы ашылған райхан гүліндей әзиз жүрегі бар, сол жүрегінің маңында тікенектер өскен махаббат құрбаны.
Шығыстық ақын атаулы Мәжнүннің қошаметке лайық бейнесін жырлау арқылы өз жүректерін сөйлеткен, бәрі Мәжнүнді өзіне теліген еді.
Автордың Жалаледдин Руми. Мәжнүн - жүрек мақаласының жалғасы
Шығыстанушы шоң ғалым, Низамидың бес дастанын зерттеп жазған автор А.Бертельс Мәжнүн образы нағыз ақынның прообразы, түпкі аңсарлы бейнесі деп жазды. Суфийлер - бұл ақындар һәм ғашықтар екенін Ыдырыс Шах түйіндейді.
Мәжнүн - жарымес, есуас, махаббаттан есі ауып, жын иектеген деген сөз. Ол араб ақыны Кайстың лақап аты. Мәжнүннің Ләйлі сұлуға есі ауысқанша сүйіспеншілік сезімі шығыс классикалық әдебиетінде кең таралған сюжет. Мәжнүн жынданып кеткен әулие ғашықтың мәңгілік символы.
Кайс - араб тілінде «өлшем», «шама», «берік үлгі, өнеге» деген ұғымға тең. Мәжнүн - сүю сезімі кернеген соң нақұрыс атанды. Ол - қисапсыз көп поэмалар мен аңыздар қаһарманы. Жай тілмен айтқанда, жынданған ғашық образы не үшін әспеттелуге лайық? Мәжнүн неге соншалық биік образ? Мұның сырын суфизмнің теориялық негізін қалаған ойшылдар түсіндірері хақ. Аспантекті Мәжнүн, көкке телмірген, жаны пәк ғашық. Қауызы ашылған райхан гүліндей әзиз жүрегі бар, сол жүрегінің маңында тікенектер өскен махаббат құрбаны.
Шығыстық ақын атаулы Мәжнүннің қошаметке лайық бейнесін жырлау арқылы өз жүректерін сөйлеткен, бәрі Мәжнүнді өзіне теліген еді.
Ибн Араби суфийлықтың сырын шын асықта ақыл - ес болмайды деп ашты. Ақыл билеген, есепке шорқақ деуге келмейтін естияр махаббат шынайы сүйіспеншілікке жатпас. Қазаққа мұны Шәкерім әулиеден асырып айтқан ешкім жоқ:
Олай болса, таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі құл,
Жынданбаған пенде жоқ.
«Шыннан өзге құдай жоқ».
Ләйлі бейнесінде бойжеткен қыздың осалдықтары жоқ болуы Құдайдың кемшіліктен, мұқтаждықтан пәктігін бейнелеуге тиіс. Жұматайдың «Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана» деп жырлауы рациональды жадтан ғөрі иррациональды мағынаға дөп.
Эстетикалық категорияда биік ұғымдар табиғаттың адамға беретін әсеріндей буырқандырады, әлемнің ұлылығын ашады. Адам жаны биікшіл, әулиелер дұға қылу үшін иен түзді таңдайды, себебі ол кеңдіктің һәм азаттықтың көрінісі. Әрі әзәзілдікке бейім, бағынғыш адам табиғатымен күресу шөлде қиын, оның жеңу нағыз әулиелік құпиясы. Шөл - адасқан, лағынет арқалаған періште - сайтанның да елі.
Мәжнүн кәдімгі көп ғашыққа ұқсамайды. Суфийлік ордендер мәжнүндік екі құбылысты айқын білдірді. 1. Мәжнүндік - жан қалауы, аллашылдық. 2. Тән құмарлық, нәпсіден азат ғашық образы. Мәжнүннің Ләйлі деп зарлап, жер бетін кезіп жүруі жүректің дұға сөздері.
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Шәкерім «жар» сөзін суфизмнен қабылдады.
Месневиде Руми жырлаған «Ләйлі жақты мекендейтін итті Мәжнүннің қалай еркелеткені туралы әңгімесінде» Мәжнүн кемеліне келген нағыз мистиктің бейнесі, ол мұсылман дәстүрінде былғаныш саналған итті де сүйеді. Ләйліге таяу жүргендіктен итке оның ізгілік сәулесі түскен. Ит құдайға жарамсыз, лас хайуандарға жатады, ит тиген киіммен намаз оқуға болмайды. Мәжнүн иттің арқасын сипалап, ауқат беріп сүйінді. Мен махаббаттың мүсәпір құлы, иттің табаны астындағы шаңды сүюге даярмын,- деп мойындайды ол өзін кінәлаған елге. Зерттеушінің айтуынша, исламның жарлықтарына қарсы шыққан Мәжнүнді бұл әрекеті үшін айыптауға болмайды, себебі ол есінен адасқан жан. Шынында Мәжнүнге Ләйлі бар жердің бәрі жұмақ, өзге адамдар тек дүниені Мәжнүннің көзімен көре алмайды. Суфизмнің ой желісінде діннің сыртқы атрибуттары мен көріністері, салт-дәстүрлері, догма тыйым сенімдерге аса маңыз берудің қажеті жоқ. Діннің сыртқы формасына суфизм мән бермейді.
Руми осы концепциясын Ләйлі - Мәжнүн аллегориясындағы келесі мысалында нақты тұжырымдайды. «Адамдар Мәжнүнді Ләйліге деген махаббатынан бас тартуға иландырғаны туралы әңгімеде» ол суфизмдегі көркем символдың бірі «шарап» сөзін пайдаланған. Ләйлінің көркі соншалық көз тартпайды, айнала тым құрығанда жүз, екі жүз перизат ару бар, соның кез келгенін таңда!- деп жұрт атайды. Мәжнүн жүзі сұрланып былай үн қатты: «Сұлулық - ыдыстың кескіні емес. Сол ыдыстан бізге құйылатын сусын. Сендерге содан сірке су ішу жазылған, Мен бал шарап татамын. Жаратқан Құдай бір құмырадан біреуге кермек у, енді біреуге бал құяды. Барлығы ыдыстың нобайын ғана көреді. Тек лайық жан оның ішіндегі дәмін (маңызын, мазмұн, мағынасын) көреді. Поэманың түпнұсқасында: «Сыртқы түр - бұл құмыра, Әдемілік - бұл шарап. Құдай маған оның жүзінен (яғни ыдыстан) шарап құйды» делінген. Түсініктемеден бұл мистикасыз өнбейтін ұғым екені аян. Ләйлінің сұлулығы құдайдың мінсіз сұлулығының бейнесі, ол тек өлердей ғашық күй кешкен Мәжнүнге ғана көрінеді. Сондықтан Ләйлінің көркі шарап деп аталынған, бұл шарап таңдаулылар үшін. «Даналық - бұл гүл, одан ара бал жасайды, ал өрмекші - у жасайды. Әрқайсысы өз табиғатына орай». Мэнли П.Холл ежелгі идеяны ұсынды.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ.
Абай өлеңінде Алла деу үшін адамзатқа «оларға кез-кезімен нәби келді» деп жазды. («Алла деген сөз жеңіл»).
«Шараптың тұнбасы, аспаз, ақын, арфа, сазды әуен, асық, шырағдан, шарап пен бақытқа мастану - соның бәрі мен. Алла атымен ант ішемін, кез келген сенім мен секта - бұл мен»,- деп елітті Руми, хикмет кеудесінде махаббат гүлшешек жарып бүрлеген сәтте. Руми Мәжнүн емес дей алмассыз. Ол неге масайрап, мастанады? Құс жолында қалықтап, қаны теңіздей тасынған бұл экстазға шомған күйдің поэтикалық құдіретін тілмен айтып жеткізу қиын. Эзоп тілімен көбік шашқан мынау ессіз құштарлықты рациональды қазыққа кіндігінен тұсалған дүмше жұрт ұға қояр ма. Руми «мен шараппын» десе христиандық ілім мен мұсылман дінінде мистикалық сарыннан аумай қайталайды. Мэнли П.Холл: «Мысырлықтардың көзімен қарағанда, жүзім сөлі өзге заттардан ғөрі анағұрлым адам қанына ұқсайды. Расымен олар жүзім жерге көмілген өліктердің қанынан нәр алып, өсіп-өніп шығады деп ойлайтын еді». Әлем бір-бірінен даяр үлгіні қабылдай бергіш, қазақ мұны сынықтан өзгенің бәрі жұғады деп қисындайды. «Христиандар Шарапты Христтің қанының нышандық белгісі ретінде қабылдады. Христос, Күн Рухының экзотерикалық (сыртқы) символы, «Мен шараппын» деп айтты. Ол осылайша мас болған қызу сәттегі табынатын зат болып шықты. Тұп-тура пұтқа табынған дәуірлердегі оның прототиптері - Вакх, Дионис, Апис немесе Адонистен аумайды».
Мәжнүн - мифологиялық, архаикалық фольклордан лиро-эпикалық, мифо-поэтикалық поэзияға өткен мистикалық кейіпкер. Тұла бойы тұнған құдірет.
Грек мифологиясындағы Орфейдің жаратылыс қалыбынан Мәжнүнге ауған қасиет аян. Екеуі де сыбызғыда ойнайды, аң мен құсты аңшы мен тұзақтан қорғаштап, жан-жануарларды сазды әуенмен баурайды.
Орфей таланттың магиялық сиқыр күші дарыған мифтік әнші, өнеріне адамзат нәсілі мен олимпиялық құдайлар түгілі табиғат бағынады. Ол аргонавтардың жорығына қатысқанда, аспап тартып, дұғамен жал-жал толқындарды жуасытып, «Арго» кемесінің ескекшілеріне көмектеседі. Орфей қайғы буып, қаңғып өледі.
Ел-жұрттан безіп, саяқ кеткен тақуалар барлық дінде бар. Христиандарда аз емес, әулие Антоний, жын иектеп азғыруды жеңген тақуаның бірі, Бенедикт мен Павел әулие... Дүниеден безген диуаналықтың түбінде не бар? Күнәкәрлықтың жойқын күйретуші күшін анық түсініп, күнәдан қашып құтылуға мұрат бар.
Күнә - өлімнің көзірі. Христиандықта тән ләззаты, нәпсі айрықша күнә саналады. Жұмақтан қуылудың басы сол. Ислам нәпсінің зиянын өзгеше қадағалайды, исламда некеге қарсылық жоқ. Тақуалықты дін неліктен артық санайды? Не үшін әулие діндарлар өзін-өзін шектейді? Бұл жалғыздықтың уытына еркімен көну, жұбайлық өмірді қор санау және ұрпақ өсіруден бас сауғалау тәрізденетіні рас.
Орта ғасырлық Еуропада кедейшілікті уағыздап, сандалмамен күнелтетін деп айтса теріске шығара алмастай монах ордендері болды. Францискандықтар, доминикандықтар, бенедиктиндіктер, т.б. Бұлар кезбе уағызшылар. Әулие Доминик (1170-1221) негізін салған уағызшы монахтар ордені кезбелікпен айналысты. Арасында суретшілер көп. Бұл монах ордендерін батыс тармақ суфийлер десе қате емес. Таспиықты дұға қылу үшін енгізген осы әулие Доминик екенін Дж. Холл айтады. Монахтар өсіп-өнбейді.
Целибат - (грекше ердің некесіздігі, бойдақ) католик діндарларының үйленбеуге бекінуі, парызы. Целибат - некеден безуші деген сөз. Оны 1073-1085 жылдары папа Григорий VІІ енгізген, 13 ғ. ортасынан бастап нығайды. Иисус Христос тән құмарлығы туралы жұмған аузын ашпайды һәм пәктігін сақтайды. Мәртебе һәм парыз, бәлкім елден еректік. Мәжнүн Франциск Аскизскийге ұқсайды, тақуалардың бәріне ортақ сарын уағыз айту мақсатымен көп қаңғиды. Франциск әулие құстарға құдайға жалбарыңдар деп уағыз оқиды. Расында аң-құс өз ғибадатын біледі. Франциск Аскизский рухын қорлатпау үшін нәпсісін әзәзіл санап, өлтіруге мәжбүр. Ол тәнін тікенекті бұтаға жыртқызады. Сол қан тамған жерге раушангүл өседі. Христиандық аңыздарда тән мүддесін жанның асқақтығы жеңеді, бірақ жеңіс оңайшылықпен тағы келе қоймайды. Лев Толстойдың нәпсісімен күресіп, бір саусағын шауып тастаған Сергий әкейінің бейнесі еске түседі. Бірақ ол арылудан ғөрі менмендікке тең қылық еді. Дінде өзін-өзі зор тұтуға тыйым салынған. Ф.М.Достоевскийдің «Нақұрыс» атты романының бас қаһарманы князь Мышкин, оның түп негізінде Иисус Христос алынған, момақан, момындығы һәм пәктігі бұлтартпасы аян. Асылы, «нақұрыс» сөзі мәжнүннің синонимі. Мәжнүнде әулиеге тән аскетизм мен маңдайы сәуле шашып тұратын діни белгі бар. Мәжнүннің әкесі Ләйліге құда түскенмен сәтсіз болып, қыз жігітке айттырылмады. Мәжнүн шын мәнінде целибат, некені аңсау оған жат. Ғашықтық отына күйіп-жанып, безгек буғандай сенделіп кетсе де, жас жігіт қызды құшуды тіпті армандамайды. Ол Ләйліге дертімен асық, жанымен ғашық. Мистикалық жолда ұстамдылық, төзімділік, тыйылу (зухд) қажет. Күнәға бату адам баласын құдайдан алыстатып жібереді. Румиде жан мен тәннің арасы жер мен көктей екі бөлек. Бұл жалған фәнидің ұрымтал қызығына қанбай, алдамшы дүниелігіне алданған жан эзотерикалық байланысты көруге дәрменсіз.
Анық асық - әулие!
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан жарына,
Керексіз оған дүние.
Шәкерім өлеңінде мәжнүндіктің портреті тұр. Ол айдалада қаңғып, дүниеден безгендердің жүрегінде ұлы сүйіспеншілікке ғана орын барын шын ұғынып жырлады. Өз басынан өткерген күй болған соң неге жалған сөйлесін.
Тірілікте қосылысқан - шын жар емес, ойнас ол,
Ондай асық шынға дұспан,
Ол бейіске бармады.
Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсің «өлмей» деме жар,
Айла, алдау өзіңізге,
Шын қақиқат қанбады,- деп жырлайды «Өртейін деп отқа көмдім, от жүрегім жанбады» атты өлеңінде Шәкерім қажы.
Өліп едім - жар бірігіп, бір бейісті таңдады,
Ләйлі - Мәжнүн қарсы шығып, ерулігін қамдады.
Қазақ салт-дәстүрінде, бірақ жардың сипаты суфийдің көзімен.
Араб тілінде «калб» - жүрек. Жүрек культын суфизмнен бөгде ешкім егіле шерткен жоқ. Ол «ғаділетті жүрек» (Абай). Эзотерикалық аллегориялардың мағынасын дәлме-дәл ұғыну үстірт шалағайлық. Дәруіштік ұлы махаббат туралы 1832-36 ж.ж. жарияланған орыс поэзиясынан мына бір өлең жолдары ше: «О луч души осиротелой!/ Поток в пустыне бытия, /Любовь, сестра священной Веры,/ Лилея Ангелов...»
«Кезбелер» атты бұл өлеңнің авторы В.Г.Тепляков. Ақын заты қашанда диуана, ол әпенділікті шет көрмейді. Ақын пайғамбардың сөзін айтуға хақылы. Мәжнүндік пен кещеліктің арасы жұмақ пен тамұқтың шегіндей бітіспейді. Бірі аллашыл сана, бірі адами сана, биік пен аласа. Джалаледдин Руми Мәжнүн образын ерен шыңға көтерді. Оның «Мәжнүн» атты жыры - дұға. Сүйікті Ләйлісінен айрылуы Мәжнүнді дертке ұшыратты. Жүзі сынып, қаны тасыды. Білгір емші оны емдеуге кірісті, ол науқасқа қан ағызу керек деп жазып берді. Мәжнүннің денесінен қан алуға келгенде ол бас тартты. Әлгі кісі сонда: «Сахарада арыстаннан қорықпағанда, енді үрей буып отырсың ба өзі?» деп кінә тақты. Мәжнүн оған Ләйлі екеуіміздің арамызда меже жоқ. Менің тамырымды кескенде, бәлкім сен, сүйгенімді аңдаусызда жаралап аларсың деді.
Я тот, чья жизнь - скитанье и любовь,
И мне ль бояться, что прольется кровь?
Но я своей любовью перегружен,
Как раковина, полная жемчужин.
Лейли и я - мы друг без друга - прах.
Мы с нею - дух единый в двух телах!
Аруана бауыр дүние. Құранда адам баласына Алла күре тамырынан да жақын делінген: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз». (50:16). Руми мұны Мәжнүннің қан тамырында Ләйлі жаны барына мегзеп, Қаф сүресінің нақ осы аятын астарлап аса көркем сипаттайды. Құдайға құлшылық қылудың мұнан асқан қас үлгісін Румиден артық айтқан қайсысы бар еді?!
Низами жар салды: «Ақынның тілі астында асыл Қазына қойманың кілті жасырулы. Пайғамбар мен ақын - бұл дән өзегі, қалғанының бәрі қабық». 800 жыл бұрын туған Руми бүгінгі дүниеқоңыз адамдар үш ұйықтап түсіне кірмейтін рухани аңсарды жүрегі езіле жырлайды. Неткен шебер құдай. Адам жанын ерен сұлу жаратқан Асылпана Аллатағаланы Расулдан соң ұлықтау Румиге ақындықтан артық аңсарлы сыр болатын.
Маджнун всегда по запаху земли
Догадывался, где прошла Лейли,- деуі нені білдіреді? Мұхаммед с.ғ.с. хадистерінен аян: «Раббысын - зікір етуші тірі, ал зікір етпеген - жансыз дене сияқты». Мәжнүн дұғасыз Мәжнүн емес. Бұл асылында сәулелі Жүректің өзі, Мәжнүн деп жүргеніміз - жүрек. Себебі зікір тек жүрекпен айтылады. Суфизм - жүрек культі.Ләйлінің табаны тиген жерді иісінен сезу бұл жер мен көктен Құдайдың құдіретін танып , ризашылықпен жалбарыну. Шыр көбелек дөңгелене билеген дәруіштер бір Аллаға тәуекел етіп, зікір салатын. Шейх Руми дұғасы мәжнүндікпен қабыл һәм ақиқат.
Ауған жері Балхыда туған Румиды Пакистанда таяу Шығыста болған күллі көне ағымдардың нақты мұрагері ретінде санайды. Суфизм барша діндердің қоспа, қорытпасы, эклектикалық қабысуы, бұл ретте ол алхимиялық процесстен аумайды. Бірақ онда ашкөздік пен алтын химера ырымға жоқ. Суфизм Құдайды сүюді ақыл-естен, жадтан бөліп қарайтыны, күпірлік пен скепсистің ылаңынан сескенген соң. Ақыл-парасат шынында өлшеулі рациональды пайдакүнемдіктің уысынан шықпайды. Ақыл - ой билесе шынайы сүйіспеншілікке тиесілі дәнеңе қалмасын, нақ осы күрделі жайттың ұшығын Абай адаспай айтты: «Махаббатсыз - дүниедос,/ Хайуанға оны қосыңыз.» Немесе «Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,/ Екеуі тап бірдей боп орныға алмас./ Дүниеге ынтық, мәғшарға амалсыздың/ Иманын түгел деуге аузым бармас». («Өлсе өлер табиғат, адам өлмес») .
«Абай-ақпарат»