Серікбай Шаймағанбетов. 138-дің хаты төңірегінде...
Міне, аптадан астам уақыт «мен қазақпын» дегенді бей-жай қалдырмайтын, елдің көзі қарақты азаматтарын дүр сілкіндірген хат қазақ та, орыс баспасөздерінің белсенділігін көтеріп, талай «марқасқалардың» ішкі дүниесін әшкере етуде. Бұл жай елдің бүгінгісі мен ертеңгісі толғандыратын бір перзенті ретінде менің де намысымды қайрап, қолға қалам алуыма мәжбүр етті. «Білгеннің білгендігі қайсысы, жөн сөзін ортаға салмаса» дейді ғой атам қазақ. Ендеше мен де осы мәселе хақындағы білдігім ауқымында өз ойларымды ортаға салуды жөн көрдім.
Міне, аптадан астам уақыт «мен қазақпын» дегенді бей-жай қалдырмайтын, елдің көзі қарақты азаматтарын дүр сілкіндірген хат қазақ та, орыс баспасөздерінің белсенділігін көтеріп, талай «марқасқалардың» ішкі дүниесін әшкере етуде. Бұл жай елдің бүгінгісі мен ертеңгісі толғандыратын бір перзенті ретінде менің де намысымды қайрап, қолға қалам алуыма мәжбүр етті. «Білгеннің білгендігі қайсысы, жөн сөзін ортаға салмаса» дейді ғой атам қазақ. Ендеше мен де осы мәселе хақындағы білдігім ауқымында өз ойларымды ортаға салуды жөн көрдім.
Тайға таңба басқандай бір ақиқатты ұлығымыз бар, жұлығымыз бар, орысымыз бар, қазағымыз бар қалай түсінбейтіндігімізге, оны ұғындыру үшін 20 жылдан бергі сұлу-сыпайы уәждің көлеміндегі қауқарсыздығымызға таң қаламын! Ұлтты ұлттан, елді елден ерекшелендіретін, дербестігін дәлелдейтін бірден-бір ұғым, айнымас критерий - ана тілінің болуы өткен заман тұрғысынан алсаң да, заманауи өркениет талабынан алсаң да бес енеден белгілі қағида емес пе. Ел егемендігін айшықтайтын атрибуттардың қатарындағы елұран мәтіні ішінде басқа елдердің елұранындағы сөздер кездесуі мүмкін, бар жоғы жеті нотадан ғана тұратын әуенде де ұқсастық табылуы ғажап емес, елтаңбада да басқа елдің елтаңбасының ұқсас элементтері болуы кәдік емес, тудың түсі, көлемі, кейбір өрнектерінен ұқсастық табуға болар. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы да, бірден-бір ерекшеленітіні де тіл. Олай болса, тіл тәуелсіздігі, тіл егемендігі болмаған жерде 20 жылдығы деп дүрлігіп жатқан тәуелсіздігіміздің мәні, мағынасы, қадыр-қасиеті неде?!
Тіпті әріден алсақ қайсыбір елде болмасын мемлекет құраушы ұлттың ана тілінің орнығуы, үстемдік алуы диалектикалық заңдылық, тек біз әрқайсымыз оны шапшаңдатып, өз заманымызда көріп, түйсінгіміз, сүйсінгіміз келеді. Екінші жағынан бұл қажеттілік пісіп, жетіліп те тұр! Басқасын қойғанда, тіпті біз қолданамыз ба, қолданбаймыз ба, жақсы көреміз бе, көрмейміз бе, ата заңмен бекітілген, баламасы жоқ бір ғана мемлекеттік тіл болуы логика жағынан алсақ та табиғи заңдылық болса керек. Кезінде қабылдаған таңдаулы ғұламаларымыздың қалай талдап, қандай ұғымға жеткенін бір құдайым білсін, сөздің мәнін түсіне білген адамға конституциямызда бүгінгі күнгі көрсетіліп отырған «ресми тіл құқығы» деген тіркестің өзі алдындағы «мемлекеттік» деген мағынаға қайшылық туғызып, адамдардың санасын шатыстырып отыр. Бұл арада «мемлекеттік» пен «ресми» деген сөздің мәніндегі айырмашылық қандай? Одан да жалпақшешейлікке салынбай ашығын бір-ақ кесіп: «екі тіл де мемлекеттік, ресми тіл» деп бір-ақ қайырса, бұл мәселенің әуелден басы ашық болар еді! Яғни, әу бастан-ақ біз аса мәртебелі халық қалаулыларының қолымен ата заңымызда орыс тіліне қазақ тілімен бірдей дәреже беріп, соны өзіміз ондаған жыл басшылыққа алып, енді «жаңалық ашқымыз келеді. Меніңше, ой-қырымыз бар атойлатып, өрекпімей, сабырмен қарап, конституцияға өзгеріс енгізу емес, бар-жоғы конституциядағы қате кеткен мәтінді түзетуіміз керек сияқты.
Мен сан жағынан да, мән жағынан да таза қазақтан басқа ұлт өкілдері басым аймақтанмын. Сондықтан да біз, терістіктер, әсіресе тіл мәселесі жөніндегі қандай да бір радикалды ұсыныстарға өте сақтықпен қарауға мәжбүрміз. Сөйте тұра соңғы 5-10 жыл төңірегінде біздің аймақтағы қалыптасқан ахуалға қарап, оны ой елегінен өткізіп сараптағанда, үлкен өкінішке қарай, мемлекеттік тіл қазақ тілі болып, үстемдік құруын жақтамайтындардың ішінде өзіміздің қара көздеріміз көпшілік пе деп түйесің. Оны дәлелдеу үшін шағын сараптама жасап көрейік.
Егер санамаға көшсек, қазір бар басқа ұлт өкілдерінің белгілі бір бөлігі өз байлықтарын жиып алған, қалған ғұмырларына сол жеткілікті дегендер тіл мәселесінсіз-ақ орманға қараушылар, оларға бізде қандай тіл жетекшілік жасайтыны бәрібір, бірақ ана жаққа барғанда тіл мәселесін сылтаулатуы (бұрын да орын алғанындай саяси босқын санатына кіріп, қосымша қаражат алуы үшін) мүмкін.
Екінші бір бөлігі - тұрақты жерін әлі де анықтай алмаған азшылық - енді ғана баю жолына түскен байшікештер. Олар әлі де болса ел байлығын асай түскісі келеді, сондықтан да сыртқа кетуге асыға қоймайды. Олар билік тарапынан қабылданған қай шешімге де қарсы болмайды, тек ақша табуларына кедергі болмаса болғаны, «ақшаға тілдің қатысы жоқ» деген ұғымдағылар, яғни қазақ тіліне жауықпайды.
Үшінші бір топ - ол кедей-кепшіктер. Олар Қазақстаннан ешқайда кете алмайтынын біледі, сондықтан да елдегі заңнаманы бұзуға ықтиярлы емес, яғни егер конституция мемлекеттік тіл қазақ тілі деп бекітсе, оны мойындауға әзір, Қазіргі кезде қазақ тілін үйренуге ерекше ықыласпен кірісушелер де осылар, және олар басқа ұлт өкілдерінің үштен екісінен астамын құрайды.
Сонда осыншама шу шығарып, қазақ тілінің жаппай қолданысқа енуіне қарсы шығып жатқан кімдер деген сұрақ туады. Олар кешегі кеңестік дәуірде өздері билеп-төстеп үйренген ат төбеліндей «пасық интеллигенция» өкілдері.
Ал содан кейін, мейлің намыстан, мейлің ашулан - ол өзіміздің «қара орыстар», яғни орыс тілді қазақтар! Олардың қарсылықтары алдында келтірілгендердің бәрінен де асып түседі. Жалпылама статистикаға жүгінсек, дәл қазіргі жағдайда мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтындардың 80 пайыздан астамы қазақ азаматтары, ал олардың 90 пайызына жуығы, өкінішке орай, екі тілді емес, тек орыстілділер. Міне, қазақ тілінің бірегей мемлекеттік тіл болып қолданысқа енуіне кім қарсы! Күпі киген қайран қазағымның «іштен шыққан жау жаман» дегені осы!
Бұған қандай шара қолданбаққа керек. Бұл арада үлкен дабырасыз-ақ республиканың мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басына келіп жатқан Ә. Бәйменов бауырымыздың үлкен шешімділік, шын жанашырлық пен нағыз патриоттық сезімі қажет сияқты. Оппозициялық болып есептелген партияның жетекшілігінде жүргенде өзінің сара да сарабдал ойларымен, тиянақты, табандылығымен, алыстан ойлай білетін, қайсыбір болмасын өзі қозғаған мәселенің мән-жайын жете білетін стратегтігімен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көзайымы болған Әлиханның бұл жерде де шынайы іскерлік пен кеселдің тамырын көре білетіндігімен танылатына сенімдіміз.
Біріншіден, өзінің ұлттық тілін, ана тілін білмейтін, құлдық психологиядан арыла алмаған, ұлттық сана-сезімін, намысын басқа ұлттың табанына салып беріп отырған маргиналдар мемлекеттік қызмет ауқымындағы тілдік ортаның кеңеюіне зор кедергі келтіруде. Ендеше, ата заңдағы түзетулерді күтпей-ақ Президенттің заң күші бар Жарлығымен бекитін мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар мен оларды аттестаттаудан өткізу ережелерінде мемлекеттік қызметке алынатын кандидатуралардың (ұлты қазақ азаматтары үшін) қазақ тілін білуі міндетті деген өзгеріс енгізу қажет. Одан кейінгі қадам, алты ай мерзімде қазір қызметте жүргендерді аттестаттаудан өткізу керек, өте алмағандарға тағы алты ай уақыт беріп, одан өтпесе орынды босатуын талап етсе іс орнынан жылжыр еді деп есептеймін.
Ондай шешім болмайынша билік басында, шенеуніктер креслоларында отырған жаңағындай рухани міскін, жалтақ кадрлармен қазақ тілі ешқашанда шарықтап шықпайды деген сөз.
Екіншіден, қазір зейнеткер жасындағы ағаларымыздың есінде болуы керек, 40-шы, 50- ші жылдары жергілікті ұлт тілін меңгерген басқа ұлт өкілдерінен шыққан мамандарға еңбекақысының белгілі бір пайызы көлемінде қосымша ақы төленіп келген. Соның нәтижесінде біздің облыстың өзінде тың көтерудің алдындағы жылдарда қазақша сайрап тұрған орыс, украйн, белорус, неміс, кәріс азаматтары көптеп саналды, олардың арасында қазақы аудандарда басшы қызметтерге сайланып, жергілікті халық ортасында іскерлігімен ғана емес, қазақ тілін меңгерудегі де алғырлығымен, зеректігімен лайықты сый құрметке бөленгендер әлі де бар.
Ал күні бүгін мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізіп отырғандарға еңбекақысының 10 пайызы көлемінде ынталандыру ақысы төлену жөнінде үкіметіміздің арнайы шешімі бола тұрса да, оны екінің бірі орындай бермейді және оның орындалуын бақылап, тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Осыдан артық кертартпалық бола ма?
Айта кететін бір жай, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың жалпысына тән бірдей кесел - қазақша жақсы білетіндердің орыс тіліне шорқақтығы, қазақша білмейтін қазақ азаматтарының орысшасының да шамалылығы. "Мен орысша оқыдым" деп кергитін талай кеудемсоқтардың орыс тілінде сайрауы да тұрмыстық деңгейде, екі ауыз сөздің басын құрап жазып шыға алмайтын мешеуліктерін көзіміз көріп жүр. Қазіргі кезде қай бір мекемені алып қарасаң да, не қазақша, не орысша жөндем ақпарат, тұшымды сөз, терең талдау, мәнді интервью, мағыналы баяндама жазатын мамандар жоқтың қасы. Ол түгілі әп-әдемі жазып, соқырға таяқ ұстатқандай дайындап берген материалдың өзін дұрыстап оқып бере алмай, не интонация, не дикция жоқ, орысша септік, сандық жалғауларды белден басып, құн-жынын шығаратындары қаншама. Ә. Бәйменов бауырымыздың осы қызметке келген бетте «мемлекеттік қызметкерлерге эссе жазғызу керек» деген шарты ол тек әдеби ұғымда емес, істің жөнін білген нағыз маманның сөзі.
Жалпы бізде кадр саясатын (егер ол болса!) жүргізуде "мықты ұстаған" бір позициямыз - жасы қырықтан асқан азаматтарды мемлекеттік қызметке жолатпау! Меніңше, қандай мекеме болмасын ұрпақ, тәжірибе сабақтастығын ескеру жоқ. Жастардың ой-өрісі, психологиясы қаншалықты жаңаша дегенмен, жастың аты жас, оларда тәжірибенің, жазу-сызу ерекшеліктері мен кеңсе қызметінің қыр-сырын, тіпті қызметтің қадірін білу мен қарапайым этиканың жетіспеушілігі көзге ұрынып тұрады және қаншама артық проблема туғызады. Осыдан барып, ешқандай логикаға симайтын нұсқаулардың тууы, істің байыбына жете бермей, "жалаң қылыш" командалық тәсілдердің етек алуы, нормативтік құжаттарды бірнеше мәрте түзету арқылы мәнін әрең жеткізу, басы орталықтан бастап сауатсыз (стилистикалық, грамматикалық, тіпті құқықтық) құжаттардың шығуы сияқты келеңсіздіктер, жастар үлгі алып соңынан еретін, кеңсе қызметінде тәжірибе жинақтаған осы қырықтағылардың орны бос болғандықтан да шығар деген ойға келесің.
Сөз соңында М. Шаханов ағамыз мұрындық болып, жаһанданудың бүгінгі күнгі проблемалық мәселесінің бірегейін, алаш азаматының бүгінгі күнгі жанайқайын жария еткен хаттың дүмпуі көпнәсілді қоғамымызды бір сілкінткенін ерекше атай кетікм келеді. Кімнің кім екені аз уақыттың ішінде ашылып та қалды. Шындығын айтқанда, Мұхтар аға, ел үшін туған ер есебінде қашанда да жанын шүберекке түйіп, сол елдің тағдыры үшін құрбаны болуға мойын ұсынған өр тұлғалы азаматтың санатына жататындығыңызды дәлелдеп қажеті жоқ деп есептейміз. Кеше ғана еліміздің заң шығарушы жоғарғы органы қатарында тіл тағдырына байланысты мәселелерді қоймастан қайта-қайта көтергендігіңізбен, ол орыннан да Сізді «жылжытып» жібергенін жақсы түсінеміз. Оның есесіне тек тіл ғана емес, тұтастай ұлт мәселесіне жайбарақат, тіпті Елбасымыз шырқырап жанын салып жүрген бастамаларға да керенау қарайтындардың, күнделікті ішіп-жем мен онкүндік болашағына қаржыны жамбастап басып жатқардың асықтары алшысынан түсіп, талтаңдап жүргені тағы мәлім. Бірақ, «аққа құдай жақ» деген, Сіз сияқты, сіздер сияқты көкірегі ояу, санасы айқын, өз ұлтын, халқын қастерлейтін ұлдары бар елдің жарқын болашағы болмауы мүмкін емес. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса арғыкүні ол күндер туары Аллаға аян! Сондықтан да, ел ішіндегі кейбір кері ауыз кертартпалардың қаңқуын құлаққа қыстырмаңыз, мойымаңыз дегім келеді. Алла Сізге, Сіз сияқты елдің қамын ойлайтын, жырын жырлайтын жанашырларына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, тобықты төзім мен салқын сабыр, салиқалы парасат берсін деп тілейміз. Қадірменді Мұхтар аға, мені де Сіздің жақтаушыңыз ретінде, мәтінді толық оқыған және сол күйінде қолдаушы азаматтың бірі деп есептеуіңізді өтінемін!
«Абай-ақпарат»