Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4234 0 пікір 1 Қазан, 2011 сағат 15:03

«Біз халықтық капитализм құра алмадық»

Жас қазақ: Еліміздің тәуелсіздік алғанына, міне, жиырма жыл толды. Бұл - өткенімізді таразылайтын кезең. Осы жыл ішінде қол жеткізген ең басты үш жетістігімізді, жіберген үш қателігімізді атап берсеңіз?
Ермұхамет Ертісбаев: Біздің ең басты жетістігіміз - қазақтардың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз мемлекет құрсақ деген арманы орындалды.  Екінші жетістігіміз - ТМД көлемінде ең тиімді нарықтық реформалардың біздің елде іске асырылуы. Және үшінші жетістігіміз - еліміздегі  ұлтаралық келісімді сақтап қалу және осы игілігімізді әрі қарай нығайта түскендігіміз.
Әрине, қателер де болды. Бірінші үлкен қатеміз - кадрлық саясатта жіберілді (бұл Рахат Әлиев пен Мұхтар Әбіләзовтер болса, бір жағынан, Қажыгелдин, Жақиянов, Бүркітбаев және т.б.)
Екінші қате - инвестициялық жекешелендіру купондары арқылы жүзеге асырылмақ болған, бірақ сәтсіздікке ұшыраған жекешелендіру науқаны. Ашып айтсақ, халықтық капитализмді құра алмадық. Біз халықтық-олигархиялық (алпауыттық) капитализм құрдық, ол жөнінде жуырда Президент Назарбаев халықтық капитализмге қарай бет бұру қажет деп айтып өтті. 

Жас қазақ: Еліміздің тәуелсіздік алғанына, міне, жиырма жыл толды. Бұл - өткенімізді таразылайтын кезең. Осы жыл ішінде қол жеткізген ең басты үш жетістігімізді, жіберген үш қателігімізді атап берсеңіз?
Ермұхамет Ертісбаев: Біздің ең басты жетістігіміз - қазақтардың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз мемлекет құрсақ деген арманы орындалды.  Екінші жетістігіміз - ТМД көлемінде ең тиімді нарықтық реформалардың біздің елде іске асырылуы. Және үшінші жетістігіміз - еліміздегі  ұлтаралық келісімді сақтап қалу және осы игілігімізді әрі қарай нығайта түскендігіміз.
Әрине, қателер де болды. Бірінші үлкен қатеміз - кадрлық саясатта жіберілді (бұл Рахат Әлиев пен Мұхтар Әбіләзовтер болса, бір жағынан, Қажыгелдин, Жақиянов, Бүркітбаев және т.б.)
Екінші қате - инвестициялық жекешелендіру купондары арқылы жүзеге асырылмақ болған, бірақ сәтсіздікке ұшыраған жекешелендіру науқаны. Ашып айтсақ, халықтық капитализмді құра алмадық. Біз халықтық-олигархиялық (алпауыттық) капитализм құрдық, ол жөнінде жуырда Президент Назарбаев халықтық капитализмге қарай бет бұру қажет деп айтып өтті. 
Ал «халықтық капитализм» мен «әлеуметтік мемлекет» дегеніміз - тепе-тең дүниелер. Және үшінші қателігіміз - экономика саласында мұнай-газ секторына иек артып, индустриалды-инновациялық бағдарламаны кешеуілдетіп алғанымыз. Менің пікірімше, жіберілген қатені мойындай отырып, оны түзетуіміз қажет. Және еліміздің жаңғыру жолынан таймай, тек ілгері жылжи беру керек.   
Жас қазақ: Дін туралы заң жобасы мұсылмандар арасында қызу пікірталас туғызды. Жаңа заңның мәтінін оқып: «Экстремистерге емес, жаппай мұсылмандарға қарсы күрес басталып кеткен бе?» - деп ойлаушылар аз емес. Себебі, тыйым тек қана мұсылмандарға қатысты болып отыр. Сіздіңше, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас қалай құрылуы керек? Жаңа заң жобасы сіздің көңіліңізден шығады ма?
Ермұхамет Ертісбаев: Қазақстанда мұсылмандарға немесе христиандарға қарсы ешқандай да күрес болған емес және жүргізіліп те отырған жоқ. Ислам мен христиандық діндер - әлемдік діндер болып табылады. Және, бұл діндер ешқашанда зорлық-зомбылық пен адам өлімін насихаттаған емес. 
«Адамдарды оңды-солды өлтіре беруге болады» деп не Құранда, не Інжілде жазылмаған. Ал өрімдей жас жігіт қолына қару алып, құқық қорғау органда-рының жұмысшысын шімірікпей өлтіріп жатса (ал оның екі баласы барын айта кеткен жөн), бұған діннің не қатысы бар? 
Мәселе мынада болып тұр: ортамызда діннің тек сыртқы атрибуттарына ғана ерекше мән беріп, ал маңызы асқақ  рухани дүние, Аллаға немесе Жаратушыға шынайы беріліп сыйыну туралы мүлдем ойланбайтын адамдар бар. Бұл тек ваххабиттерге ғана емес, баптистер мен кришнаиттерге де қатысты. Қазақстан - зайырлы мемлекет. Діни бостандығы дегеніміз - кез келген дінге сенуші адам өзінің қалаған дінін ұстануға немесе атеист болуға құқылы деген сөз. «Сіз құдайға сенесіз бе?»  деген сұрақты маған жиі қойып жатады, оның ішінде сіздердің де газеттеріңіз қойған. Мен бұл сұрақты тым әдепсіз деп санаймын. Бұл мәселе адамның жеке басының және ішкі әлемінің ісі. Бізде мешіт пен шіркеу мемлекеттен бөлінген, бірақ барлық діндар адамдар еліміздің азаматтары болғандықтан, Конституция мен заңдарды орындауға міндетті.
Жаңа Заң туралы менің пікірімді білмек болсаңыз, мен жаңа Заңның жобасын толығымен қолдаймын. Шынымды айтсам, мен секуляризацияның жақтаушысымын. Секуляризация - қоғамның және жеке тұлғаның  жан-жақты тыныс-тірлігін діннің, мешіттің және шіркеудің ықпалынан құтқаруға, сонымен қатар қоғам мен әрбір жеке адамның санасында ғылыми көзқарасты қалыптастыруға бағытталған үрдіс.
Дін қандай да болмасын әрекетімен білім беру саласына ықпал жасамауы  керек. Кезінде шығарылған «Ғылым мен дін» атты журналды қайта жаңғырту қажет деп есептеймін. Егер де сіз тіршілікті құдай жаратты дегенге сенгіңіз келсе, ол өзіңіздің жеке басыңыздың қалауы, оған ешкім тыйым сала алмай-ды. Алайда, біз инновациялық экономикасы дамыған әлеуетті мемлекет құрамыз десек, өсіп келе жатқан жас буын әлемнің жаратылуын ғылыми тұрғыдан меңгеріп, жақсы білуі керек.
Қазіргі таңда дін халқымыздың басым бөлігінің мінез-құлқы мен мотивациялық (уәждік) санасына әсерін тигізіп отыр. Кейбір жастар, көбінесе жұмыссыз жүргендері, білім мен өмірлік тәжірибесінің аздығынан,  тәжірибелі де әккі тәлімгерлердің ықпалына тез түсіп қалады да, солардың нұсқауымен экстремистік әрекеттерге барып жатады.  
Жас қазақ: Мұхтар Шаханов ұйымдастырған хатты сіз «конституцияға қарсы» деп атадыңыз. Алдымен, қол қойып, артынша бас тартқан саясаткерлердің бұл қылығына қалай баға бересіз?
Ермұхамет Ертісбаев: Бұл салиқалы адамға лайық қылық емес. Кез келген ересек адам өзінің сөзі мен ісіне жауап бере білуі керек. Қазақстанда әйтеуір бәрі жақсылықпен аяқталып жатады: біраз дауласады, айғайласады, сонымен  тынады.  Ал Молдовада 1992 жылы қан төгіліп, жүздеген адам қаза тапты. Нәтижесінде, аумақтың бір бөлігі (Приднестровье) мемлекеттің негізгі бөлігінен оқшауланып шығып, енді онда күні осыған дейін шиеленіс сақталып отыр.
Мен мынадай кеңес берер едім: әлденеге қол қояр бұрын, алдымен мәтінді мұқият оқып ал және алды-артыңды бағамда. Сонда ғана өз қолыңнан өзің бас тартып, бүкіл елге масқара болудан аман қаласың.
Жас қазақ: Конституция бойынша, мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Орыс тілі мемлекеттік тіл де, ресми де тіл емес. Бірақ мемлекеттік органдар, шенеуніктер қазақша сөйлеуге құлықты емес. Сіздің ше, бұл Конституцияны өрескел бұзу емес пе?
Ермұхамет Ертісбаев: Сіз Конституцияны мұқият оқыңыз, тіпті қажет болса, зерттеп шығыңыз. Онда мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп анық жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік органдар мен мекемелерде тең қолданылады делінген.
Мәжіліс депутаттары  1997, 2004 және 2007 жылдары «ТЕҢ» деген сөздің мағынасын түсіндіруді сұрап, Конституциялық Кеңеске шыққан болатын.  Конституциялық Кеңес сөздің мағынасын түсіндіріп,  орыс тілі де қазақ тіліндей құқықтарға ие деп жауап берген еді. Сонымен бірге,  Конституцияда тілдік дискриминацияға тыйым салынады делінген. Және кез келген азамат білім алу, тәрбие беру, шығармашылықпен айналысу барысында, тілдік қалау жасауға ерікті. Егер Мәжілісте немесе конференция мен «дөңгелек үстелде» орыс тілінде сөйлей бастаса, ал сіз одан қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін болсаңыз, сіз Конституцияны бұзған болып табыласыз. Егер сіз қазақ тілінде сөйлейтін болсаңыз, ал біреу орыс тілінде сөйлеуді талап еткен болса, ол да Конституцияны бұзушылық болып табылады. Мемлекеттік органдар - еліміздің 0,01% пайыздық саны. Не себепті біз мемлекеттік органдардағы тілдік мәселені қаузай береміз? Қазақ тілін бірінші кезекте және негізді түрде дамытатын және енгізетін теледидар, жоғары және орта білім беру орындары, баспалар, жорнал мен газеттер, орасан зор гуманитарлық сала, зауыт пен фабрикалар, ауыл мен кенттер сияқты орындар бар емес пе?
«Тәуелсіздігіміздің 20 жылында біз мемлекеттік тілді дамыту үшін ауқымды тілдік ортаны қайта жаңғыртып, қалыптастырдық» деп ойлаймын. Қазақ тіліне мемлекеттік мол қаражат бөлініп келді және әлі де бөлінуде. Қазіргі кезде, бұдан 20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, қазақ тілін білетін қазақтармен бірге, басқа ұлт өкілдерінің де саны едәуір артты. Бәрі де дұрыс келе жатыр. 
Жас қазақ: «Халық майданы» - екі Мұхтар Әбіләзов пен Әлиевтің жобасы ретінде аталып жүр. Сырттан басқарылатын бұл ұйым қарсылықты электоратты өзіне тарта ала ма? Бұған «Азаттың» қосылмауын құп көресіз бе?
Ермұхамет Ертісбаев: Менің ойымша, Рахат Әлиевтің «Халық майданы» түгіл, басқаға да мұршасы жоқ, себебі оның басына экстрадиция қаупі төніп тұр, ол кез келген сәтте тұтқынға алынуы мүмкін. Бәрі де, оның ішінде, Батыс та  Әлиевтің адам өлтірген қандықол мемлекеттік қылмыскер екенін түсінді.   Мұхтар Әбіләзовтің Англия аумағындағы барлық банктік есепшоттарына тыйым салынды. Лондоннан қашып кетпеуінің алдын алу үшін, оның төлқұжаты да тәркіленді. Сондықтан, бұл екі мырзаның қазақстандық оппозицияны қаржыландыратындығы да екіталай. Ал «Азаттың» кімге барып қосылатындығында менің мүлдем шар­уам жоқ. 
Жас қазақ: Алдағы парламент сайлауында «Нұр Отанмен» бірге «Ақ жол» партиясы парламентке кіреді деп жүр. Перуашевтың төрағалығы «Ақ жолдың» мүмкіндіктерін күшейтті ме? «Азат» партиясы кедергіден сүрінбей өтуге қаншалықты қауқарлы?
Ермұхамет Ертісбаев: Мен «Ақ жол» партиясы мен оның жетекшісі Азат Перуашевты жарнамалаудан аулақпын. Бұл сауалдарыңызды оның өзіне немесе оны жарнамалап жүргендерге қойыңыз. Оларға  ол үшін ақша да төлейді. Ал «Азат» партиясына келетін болсақ, олар небәрі 6,5 % ғана жинағандықтан, парламентке өте алмайды. Өйткені 7% жинаған партия ғана өтеді. «Ақ жол» партиясы бұл межеден өте алады, себебі халыққа  «Ақ жол» деген ұғым аса жағымды. Электоралды сана «Азат» сөзінен гөрі «Ақ жол» деген сөзді қолдауға бейімірек.
Жас қазақ: Қазақстан оппозициясының әлсіздігі неде? 
Ермұхамет Ертісбаев: Оның әлсіздігі - өзінің әлжуаздығында, ұйымсыздығында, тұлғасыздығында және енжарлығында. Бар білетіндері, интернетке және түрлі «дөңгелек үстелдерге» шығумен шектеледі. Халықпен ешбір байланысы жоқ. Әлдебір батыл әрекетке бастайтын жүректі, қайсар көшбасшылары жоқ.    Аллаға тәубе, болмаса болмай-ақ қойсын!  
Жас қазақ: Маңғыстаудағы ереуілдеуші мұнайшылар мәселесін шешуге Тимур Құлыбаев араласа бастады. Мұны оның алғашқы саяси қадамы ретінде бағалауға бола ма?
Ермұхамет Ертісбаев: Құлыбаев «Самұрық-Қазынаны» басқарады. Ал ол дегеніңіз - ел экономикасының  59% пайызы. Егер саясатты экономиканың шоғырланған көрсеткіші дейтін болсақ, онда Құлыбаевты баяғыдан-ақ саясатпен айналысып жүр деуге  болады.
Жас қазақ: Абылай ханның заманында ханға ақыл-кеңесін тура айтқан Бұқар жырау қазақ халқының жадында мәңгі қалды. Осы қызметті бүгін сіз атқарып отырсыз. Бұқар жырау мен қазіргі кеңесшінің арасындағы айырмашылық пен ұқсастық бар ма?
Ермұхамет Ертісбаев: Мына салыстырмаңыз үшін рахмет, ағымнан жарылып отырмын, тіпті күтпеп едім бұны!  Тап осы сауалыңызға жауап бермей-ақ қояйыншы!
Біріншіден, сіз менің рөлім мен мәртебеме аса жоғары баға беріп отырсыз. Екіншіден, мен сіздің салыстырмаңызды іліп алып, әрі қарай жалғастыра жөнелсем, бұл менің тарапымнан сырт көзге арсыз, бетсіз, менмен және ұятсыз адамның қылығы болып көрінеді. Мен осы сауалыңызға да ризамын.
Жас қазақ: Қазір шенеуніктердің балалары түгелдей дерлік шетелде оқиды. Олар Назарбаев атындағы университетте қашан оқи бастайды? Сіздің балаларыңыз қайда оқиды немесе оқыған еді?
Ермұхамет Ертісбаев: Көптеген шенеуніктердің балалары қазақстандық жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Балаларын шетелден оқыту әркімнің қолынан келе бермейді. Тағы бір айта кететін жайт, қазақтардың  балаларын жақсы көретіндігі сондай, оларды 4-5 жылға жібермек түгілі, көздерінен таса қылғысы жоқ. Менің жалғыз ұлым бар. Оның жасы 26-да. Ол Қазақстанның  Мемлекеттік заң академиясын бітірді. Заңгер болып бір мекемеде біраз жұмыс істеді де, кейін сол Алматыда,  Халықаралық Бизнес Академиясына ауысты. Кейінірек басқа мамандықты меңгеріп, қазір «Қазақфильмде» дыбыс операторы болып істеп жүр. Қазіргі көптеген жас жігіттердей, ол не мемлекеттік қызметке, не мемлекеттік ұлттық компаниялардағы жұмысқа мүлдем қызықпайды.
Жас қазақ: Біреулер саясатты лас нәрсе деп жатады. Еліміздің бірінші және соңғы вице-президенті Ерік Асанбаев: «Саясат - елге қызмет етудің биік өнері» деген еді. Қай пікір жағындасыз?
Ермұхамет Ертісбаев: Алғашқы анықтама - өте лас анықтама. Ал екінші нақыл сөз - лепірме сөзге тым жақын. Мен болсам, үшінші анықтамаға көбірек ойысамын:
«Саясат  - ол әрқашанда апатты және сүйкімсіз қарекеттердің арасынан таңдау жасау».
Жас қазақ: Егер саясатқа келмегенде, немен айналысар едіңіз?
Ермұхамет Ертісбаев: Мен жоғары оқу орнында жұмыс істегенмін және маған 1990 жылға дейін дәріс, семинар, оқытушылар мен студенттер арасында болу сияқты өмірім өзіме өте ұнайтын. Кейін мен саясатқа беріліп кеттім де, депутат болып сайландым. 
Жас қазақ: Биліктегі тұлғалардың арасында көпшілік алдында еліміздегі саяси процестер туралы ойын еркін айта алатын адам сіз ғана. Неге жалғызсыз? Өзгелер неге пікірсайысқа дайын емес. Мұның өзі саяси мәдениетіміздің енді ғана қалыптасып келе жатқанын көрсетпей ме?
Ермұхамет Ертісбаев: Неге олай дейсіз? Біріншіден, мен тіпті де жалғыз емеспін. Көптеген басқа шенеуніктер де қандай да болмасын тақырыптарға немесе үрдістерге қатысты өз пікірлерін айтып жатады. Менің олардан бар айырмашылығым: мен көпшілікке жиі шығамын. Өзімнің ұстанған қағидатым - ешбір журналистпен сұбхаттасудан бас тартпау. Қазақстан журналистерінің басым көпшілігі менің ұялы, жұмыс  телефондарымның нөмірлерін біледі. Күнде телефон шалып жатады десем, артық болмас.
Меніңше, саясатпен айналыстың ба, онда барша халыққа, қоғамға ашық та жақын болуың керек. Түптеп келгенде, азаматтардың ақпарат алуға құқылы екендігі Конституция­да жазылған.  Сіздер, журналистер ақпаратты іздеп жүрсеңіздер, мен соны тауып алуларыңызға жәрдемдесемін. Қазақстанның саяси мәдениеті әлі тым жас, ол жаңа-жаңа қалыптасып, ержетуге енді ғана бет бұрды.

Сұхбаттасқан Шадияр Өстемірұлы

http://jasqazaq.kz/post/%C2%ABb%D1%96z-khaly%D2%9Bty%D2%9B-kapitalizm-%D2%9B%D2%B1ra-almady%D2%9B%C2%BB

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320