Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 2641 1 пікір 16 Наурыз, 2020 сағат 11:54

Ақтоты Рахметоллақызына екі ұсыныс

Жақында ғана «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында» екінші питчинг-іріктеу жұмыстары аяқталды. Қазір қатысушылар ақтық шешімді күтуде. Бірден айтайын, мен жаңа ашылып, қазақ киносының өрісін кеңейтіп отырған бұл орталықты қолдаймын. Десек те, қаперде жүруге тиіс бір нәрсені айта кетсем деймін.

Аты айтып тұрғандай, «Ұлттық фильмдерді қолау мемлекеттік орталығында» үміткер фильмдер «ұлттық кино» мәртебесіне таласады. Ал қатысып жатқан киножобалар сол «ұлттық кино» мәртебесіне лайық па? Оны қандай талап-белгілер арқылы анықтаймыз? Мәселе осы жөнінде болмақ.

Орталық Төрайымы Гүлнар Болатқызының дерегі бойынша, өтінім берген 215 киногердің 10 пайызға жетер-жетпесі ғана сценарийлерін мемлекеттік тілде – қазақ тілінде тапсырған. Алғашқы іріктеуден өтіп, питчингке жіберілген 88 үміткерлердің үшеуі ғана (!) таза қазақ тілінде қорғады. Ойланатын жайт. Қасіретті жайт. Мүшкіл жайт.
Ал, шын мәніндегі ұлттық кино дегеніміз не?
Ол – ең бірінші ұлттың тілі, яғни, қазақ тілі.
Сосын, жаны.

«В начале было Слово»- дейді Библияда. «Өнер алды – қызыл тіл»- дейді халқымыз. Яғни, барлық өнер атаулының негізі – тіл. Ұлттың жаны да, қасиеті де, қасіреті де – тілде. Ұлттық ерекшелік әуелі тілде ұйып, сосын жүрекке құйылады. Тілді зерделей алмасаңыз, ұлттың жанын да зерттей алмайсыз. Бұл айтқандарым дәлелесіз болса, яки, «кино – ол суреттердің қозғалысы ғой, тілдің не қатысы бар» деп уәж айтатын адамдар болса, төмендегі суреттерге назар аударуын сұрар едім:

Бірінші сурет әлемге аты әйгілі қазақ карикатурашысы Ғалым Сымағұлұлының алғашқы туындыларының бірі. Екі адам қарама-қарсы тұрып алған. Ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатыр. Көріп тұрсыздар, сөзсіз. Сурет. Оны тек визуалдық тұрғыда ұғуыңыз керек. Ал, енді айтыңыздаршы, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады» деген қазақтың тұрақты сөз тіркесін білмейтін, оның мағынасын түсінбейтін адам мұндай сурет сала ала ма? Әрине, сала алмайды. Бірақ, екі адамның ұрысып жатқанын, қоғамдық орында бір келеңсіздіктің болып жатқанын кез-кеген жұрт өкілі бейнелік тұрғыда түйсіне алады, бірақ өз жанынан шығара алмайды. Суретші қазақтың тілі арқылы жеткен пайым-түсінік, бағасын пішін-форма ретінде қолданып тұр. Тіл – ұлттың таным кілті дегеніміз – осы.


Екінші картина заңғар суретші Қанапия Телжановтікі: «Көкпар» деп аталады. Көкпар – ұлттық ат спорты түрі. Картинаға назар аударған адам ондағы тартысты, ұстанымды, ширығуды, қатерді сөзсіз аңғарар еді. Ол да ұлттық көзқарас – көкпар ойыны кейіпінде берілген. Осы картинадағы алапат қуатты көкпарды жете түсіне алмаған, сана сүзгісінен өткізе алмаған адам бере ала ма? Міне, ұлттың жаны!

Кинотанушы, киносыншы – Назира Рахманқызы бір сұхбатында: «Ұлттық нышаны айқын киноны дамытайық дейміз, танытайық дейміз, бірақ өнім қайда?»-деп қалған еді. Рас сөз. Біз тілге тиек етіп отырған ұлттық кино нышандары кейінгі уақыт назардан тыс, бағасыз, елеусіз қалған себепті жойылу алдында. «Ұлтық иноны қолдау мемлекеттік орталығы» сценарийлер қоржынының он-ақ пайызы қазақ тілінде болуы – соның айқын дәлелі. Ал, қазақ тілді, қазақы пайымды режиссер-мамандар қайда кетті? Еш қайда кеткен жоқ, бар! Тек, танып, қолдай білуіміз керек.

Кенжебек Шайқақов, Елзат Ескендір, Мұрат Есжан секілді алғашқы фильмдерімен халқаралық кинофестивалдерде бәйгеден келген, былайғы жұрттың да назарына ілінген жастарды айтуға болады. Бекзат Смадияр, Тұрсынбек Башар, Есбол Нұрахмет және т.б. кино әлеміне жаңа аяқ басқан жастарды да атауға болады. Бұлардың бәрі қазақ әдебиетін терең меңгерген, әлем әдебиеті мен кино үрдісін жадына тоқыған азаматтар. Бұлардың бір-екеуі питчингке қатысқанымен, біразы беттей алмай, ұлы дүбірдің қалың шаңының астында «тұншығып» қалып қойды.

Былтырға дейін мәдениет министрлігін басқарып, «қимай-қимай» қоштасқан адамның ұлттық кино жағдаятымен ісі болған жоқ. Қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының парасатына сенім арта отырып, мынадай екі ұсыныс айтар едік:

1. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанынан арнайы екі жылдық авторық кино режиссерін дайындайтын курс ашылса дейміз. Ұлттық киноның бойына әр, денесіне жан беретін – ұлт әдебиеті. Ұлт әдебиетін білмей, ұлт киносын жасау мүмкін емес. Ұлт әдебиетін тоқу арқылы тарихи сана қалыптасады. Ал тарихи санасы қалыптаспаған адамнан ұлттық кино күту мүмкін емес. Сол себепті, мүмкіндік беріп жатса, жоғары білімі бар, кино мен әдебиеттен мағлұматы мол жастарды өзім жинап берер едім.

2. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында» өтпек бұдан былайғы питчингтерде қазақ тілді киножобаларды бөлек қарауын ұсынамын.

Осы екі ұсыныс қолау тапса, унитарлық мемлекетке тән мемлекеттік тілі айқын, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» ұстанып отырған «ұлттық кино» мәртебесіне шын лайық фильмдер шеруі келуіне жол ашылады деп ойлаймын.

Данияр Саламаттың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550