Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қазақтың тілі 7492 6 пікір 19 Наурыз, 2020 сағат 12:37

«Жиырмасыншы» ма, «жиырманшы» ма?

Қазіргі кезде сөйлеу тілінде жиырмасыншы, жиырманшы сөздері жарыса қолданылып жүр. Орфографиялық сөздіктерде жиырмасыншы нұсқасы көрсетілген. Ал Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде жиырма сөзінен жасалған реттік сан есім бүгінгідей жиырмасыншы түрінде емес, жиырманшы түрінде берілген: 

Ретін көрсететін сөздер; мәселен: бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы, миллионыншы. Бұлар реттік деп аталады [Байтұрсынов А. Тіл – құрал. Сөз жүйесі һәм түрлері. ІІ тіл танытқыш кітап. 4-басылуы. Орынбор, 1924]. 

Жұрнақ «ншы». Бұл жұрнақ жуан сөзге жалғасса, жуан айтылады, жіңішке сөзге жалғасса, жіңішке болып айтылады. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы [Байтұрсынов А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. - Ташкент, 1918].

Дұрысында, қазақ тіліндегі реттік сан есім тудыратын жұрнақ дауыссыз дыбыстардан соң -ыншы/-інші түрінде жалғанғанмен, дауысты дыбыстардан кейін жалғанғанда қатар келген екі дауыстының бірі түсіп қалады: екінші, алтыншы, жетінші т.с.с. (екісінші, алтысыншы, жетісінші емес). Осы үлгі бойынша жиырма сөзіне де жұрнақ жалғанғанда жиырманшы түрінде жалғануы тиіс. Бұл орайда тіліміздің заңдылықтарын жетік білетін Ахмет Байтұрсынұлы сынды ғалымдарымыздың тұжырымдарын әрдайым есте ұстау қажет. Бүгінгі таңда қазақ тілінің мәйегін сақтап қалған Қытай қазақтарының тілінде де жиырманшы түрінде ғана қолданылады. Ноғай (йырманшы), құмық (йигирманчы), қарашай-балқар (джыйырманчы),  түрік (yirminci), башқұрт (егерменсе), татар (егерменче), ұйғыр (йигирминчи), қырғыз (жыйырманчы), т.с.с. туыстас түркі тілдерінде де -сы қосымшасынсыз, жиырманшы нұсқасы орныққан. 

Бұл орайда жиырма сөзінен кейін келетін -ншы қосымшасы жалғанған нұсқаны алпысыншы, жетпісінші сияқты сан есімдермен тұлғалас деп қарастыруға болмайды. Бұл жердегі -пыс/-піс қосымшасы ондықты білдіреді. Қазақ тіліндегі үндестік заңына сәйкес қатаң нұсқада жалғанған қосымша (-пыс/-піс) түрік, әзірбайжан, түрікмен, т.с.с. тілдерінде -мыш/-міш түрінде жалғанған: алтмыш, жетміш. Сондықтан жиырманшы түріндегі дұрыс нұсқаны қалыптандыруымыз қажет. 

Сонымен қатар соңғы жылдары етек алып бара жатқан көбісі, біреусі, бірісі, т.с.с. қате қолданыстарға да шектеу керек. Бұл сөздердің түбірі – көп, біреу, бір. Ол сөздерге тәуелдік жалғауы қосылғанда көбі, біреуі, бірі болады. Оның үстіне тағы тәуелдік жалғауының қосымшасын үстемелете жалғаудың (біреусі, бірісі) еш қажеті жоқ.  Сондықтан тіл тазалығына мән беріп, шынайы болмысын сақтауымыз қажет.   

Жұбаева О.

Филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555