Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3454 0 пікір 7 Қазан, 2011 сағат 06:57

Мұхан ИСАХАН: Сенім бостандығы мемлекет мүддесіне қайшы келмеуі тиіс

- Мұқан мырза, күні кеше Қазақстан парламенті «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Осы жобаға елдің көңілін күпті етіп жүрген ұсыныс-талап енгізілді деп ойлайсыз ба?

- Жаңа заңда бірқатар мәселелер оң шемімін тапса, базбір түйткілді мәселелер күрмеуі ағытылмаған күйі халық қалауларының сүзгісінен өтті. Естеріңізде болса, 2008 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қайта қаралған болатын. Осы кезде парламентке «Мемлекеттің зайырлы ұстанымын қайта қарау немесе мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің бағыттары» атты тезисті ұсынған болатынмын. Сол тезисте зайырлылықтың қазақстандық моделін жасау үшін өз тарапымнан он екі ұсыныс жасаған едім. Сол ұсыныстардың бірі ретінде - ханафия мазхабы мен христиан дінінің православия бағытына мемлекеттік тұрғыдан қолдау керектігі айтылған болатын.

- Мұқан мырза, күні кеше Қазақстан парламенті «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Осы жобаға елдің көңілін күпті етіп жүрген ұсыныс-талап енгізілді деп ойлайсыз ба?

- Жаңа заңда бірқатар мәселелер оң шемімін тапса, базбір түйткілді мәселелер күрмеуі ағытылмаған күйі халық қалауларының сүзгісінен өтті. Естеріңізде болса, 2008 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қайта қаралған болатын. Осы кезде парламентке «Мемлекеттің зайырлы ұстанымын қайта қарау немесе мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің бағыттары» атты тезисті ұсынған болатынмын. Сол тезисте зайырлылықтың қазақстандық моделін жасау үшін өз тарапымнан он екі ұсыныс жасаған едім. Сол ұсыныстардың бірі ретінде - ханафия мазхабы мен христиан дінінің православия бағытына мемлекеттік тұрғыдан қолдау керектігі айтылған болатын.

Ал қабылданғалы жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында мемлекеттің «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін» мойындайтындығы көрсетілген. Бұл бір қарағанда үлкен жетістікке жатады. Бірақ заңның 3-бабының 3-ші тармағындағы: «Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» деген нормасы әдепкідегі «әп-бәрекелдімізді» сиырқұйымшақтатып жіберді. Десек те, преамбулада мемлекеттің ханафи бағытындағы ислам және православтық христиандықты ресми түрде мойындауы болашақта еліміздегі діни ахуалды осы екі діни бағыттың айқындайтынын аңғартады.

Тезистегі тағы бір ұсыныстарымның бірі - еліміздің дінге деген ұстанымы клерикальді сипат алуы тиіс деген болатынмын. Жалпы, әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің мынадай төрт формасы бар: Бірінші - дін мемлекетті басқаратын жүйе. Мұны теократиялық мемлекет деп атаймыз. Екінші - мемлекет дінді басқаратын жүйе. Бұл біз ұсынып отырған клерикальді жүйе болып саналады. Үшінші - мемлекет пен дін өкілдерінің өзара келісімі бар жүйе. Ғылымда бұл конкордато деп аталады. Төртінші - мемлекет пен дін бір-бірінен бөлінген жүйе. Яғни, бұл осы күнге дейін біздің еліміздің ұстанған зайырлылық ұстанымы.

- Ал осындағы сіздің ұстанымыңыз қандай?

- Мен осының ішінде мемлекет дінді басқаратын немесе мемлекеттің өз халқының басым бөлігі ұстанатын дінге құқықтық тұрғыдан басымдық беретін клерикальді жүйені қолдаймын. Яғни, жаңа заңда Қазақстанның клерикальді жүйеге біртіндеп көшіп отырғанын байқаймыз.

Жалпы, ұсынылған заңда сенім бостандығына қарағанда, мемлекет мүддесі алға шығарылған. Еліміздегі соңғы уақыттары орын алған діни экстремистік дүмпулерді ескерсек, заңда мемлекет мүддесінің жоғары тұруы қай жағынан алып қарағанда да дұрыс сияқты.

- Заң жобасының жасалуына Қазақстан діни басқармасы араласқаны жөнінде хабарыңыз бар ма? Әдетте кез келген заң жобасы сол салаға жауапты орындардың қолынан шығатын. Ал естуімізше, осы жолғы заңды астаналық бір топ шенеунік түзген көрінеді. Заңның олқы тұстарын жіліктей отырып, атай аласыз ба?

- ҚМДБ-ның өкілдері заңның жобасын талқылауға қатысқанын теледидардан көрдім. Бірақ заң шығару процесінде муфтият негізгі рөл атқара алмайды. Тек мамандардың талап-ұсыныстары ескерілуі үшін заңның жобасын әзірлеуге қатыстыруға болады. Жалпы, заңның жобасын кімдердің әзірлегенінен хабарсызбын. Ал заңның олқы тұстарына келетін болсақ, шешуін таппаған бірқатар мәселелер бар сияқты.

Осы күнге дейін елімізде көптеген діни ұйымдар білім беру, бизнес және өзге де салаларда діни миссионерлік қызметін емін-еркін атқарып келеді. Олардың ешқайсысы өзінің шынайы бейнесін алаулатып көрсеткен емес. Өзінің түпкі ниетін жасырып, қалың елдің ішіне сыналап еніп келді. Діни ұйымдардың жасырын миссионерлік қызметі жалғаспас үшін Заңның 8-бабының 1- тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады» деген норма қарастырылған.

Әрине, бұл жаңа заңның жетістігі дер едім. Десек те осыған қосымша «Діни ұйымдардың өзге салаларда әртүрлі құрылым құрып, миссионерлік қызмет атқарғандығы әшкереленсе, ол діни ұйым мемлекет аумағынан аластатылады» деген тармақты енгізсек, осы норма санкциялық сипатпен толысқан болар еді.

Еліміздегі дін саласындағы сұрқай көріністердің бірі - миссионерлердің көше кезіп, кез келген жерде дін әдебиеттерін тарататыны. Жаңа заңда осы жөнсіздік реттелгелі отыр. Яғни, заңның 9-бабының 2- тармағында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» деп, діни әдебиеттер мен ақпараттарды таратудың аясын шектеген. Десек те, заңда діни әдебиеттерді өндірумен айналысатын баспалар жөнінде ештеңе айтылмаған. Елімізде діни әдебиеттерді белгілі бір діни жамағаттар тұрғысынан өндіретін баспалар да, коммерциялық мақсатта өндіретін баспалар да бар. Өкінішке қарай, заңда осы мәселелер бір ізге түсірілмеген.

Заңда оң шешімін таппаған жайттардың бірі - діни бірлестіктердің қаржылық қорына мемлекеттік бақылау жасау жөнінде норма қарастырылмаған. Мысалы, ел аумағында миссионерлік қызмет ететін базбір діни бірлестіктерді әлемнің алпауыт мемлекеттері мұнай-газ саласындағы шетелдік инвестициялық компаниялар арқылы қаржыландырады деген сыбысты жұрттың бәрі естіген. Бірақ жаңа заңда бұл мәселеге қатысты құқықтық реттеуді көре алмадым. Діни миссионерлік қызметке саяси күштер қаржы төксе, «діни бірлестіктер қайырмал сұрауға құқылы» деп ауа жайылып отыра береміз бе? Заңның осы тұсы мен үшін мүлде түсініксіз.

Жалпы, Заңның түсініксіз тұстары өте көп. Мысалы, 3- баптың 8-тармағында «азаматтарды алдау жолымен діни бірлестікке тартуға болмайтындығы» айтылғанымен, бұл жерде алдаудың не екені айқындалмаған. Бұл норманы «арбаумен, алаяқтықпен, бопсалаумен, гипноз жасаумен, материалдық қажеттілікті өтеумен, т.б. адамгершікке жатпайтын әдіс-тәсілдермен діни бірлестікке тартуға болмайды» деп кеңейтіп көрсетсе, құба-құп болар еді.

- Мемлекет діннен бөлек деген ұғымда жүрген бұқараға арнайы заң шығарып, оның қайда намаз оқитынын, Құдайға қалай сыйынатынын заңмен шектеп беруге бола ма? Конституция бойынша дін мен сенім бостандығы анық шегеленіп жазылған, ал жаңадан қабылданған заң Ата заңды да аттап өтетіндей қаншалықты қауқары бар?

- Бәрімізді ұлардай шулатқан 7-баптың 3-тармағындағы құзырды орындарда құлшылық ету, діни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізуге, миссионерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салуының бір себебі де мемлекет мүддесіне басымдық берілуінен. Әлбетте, адам құқығы тұрғысынан қарасақ, бұл норма сенім бостандығына селкеу түсіріп отыр. Бірақ мемлекет мүддесі тұрғысынан көз жүгіртсек, бұл құқықтық норманың астарында үлкен мән жатыр. Қазір намазхана дегеніміз діни идеологиялық орынға айналып барады. Ал әскери құрылымдар мен құқық қорғау органдарынан діни идеологиялық орын ашып берсек, бұл ертең кейбір елдердегідей діндарлардың мемлекеттік төңкеріс жасау ошағына айналып кетуі әбден мүмкін.

Сондықтан бізге бұл мәселеде халықтың да, мемлекеттің де мүддесіне қайшы келмейтін жол табу керек. Мен аталмыш мемлекеттік орындарда уағыз-насихат айтуға шектеу қою шартымен мінажатхана ашуға болады деп ойлаймын. Яғни, діни үгітке шектеу қойсақ, мемлекет мүддесі ескеріледі, ал құзырлы мекемелерден мінажатхана ашып берсек, халықтың да сенім бостандығы қанағаттандырылады деп ойлаймын.

- Бүгінгі қоғамда дін мәселесіне қатысты көзқарас тартыс пен дау-дамайға ұласып кеткені ащы шындық. Бұрын бір қазақ едік, енді намаз оқитын, оқымайтын, хиджаб киетін, кимейтін деп екіге жарылды. Ал салафит, уаһһабшы, коранид деп тағы бөлінуде. Осындай бөліністің кесіріне аталмыш заң тоқтау бола ала ма?

- Рас, ескі заңның солқылдақтығы еліміздегі діни ахуалдың шиеленісіп кетуіне әкеп соқтырды. Бұрын өзіңіз айтпақшы бір қазақ едік. Ары кетсе, руға, жершілдікке бөлінетінбіз. «Ауыл итінің аузы қанша болғанмен, бөріні көргенде біріге кетеді» демекші, ортақ мүддеде қазақ көк байрақтың астына бірігетін. Енді, міне, діни алажаңқалық бір қазақты шілдің боғындай шашыратып жіберді.

Әсілі, діннің оты жүректі шарпыды ма, адам діннің айтқанымен жүріп-тұрады. Егер «дін үшін өз-өзіңе қол салып, жарылыс жаса» десе, адам оны жасаудан тайынбайды. Себебі әсіре діннің фенемонологиясы адамды осыған баулиды.

Ал еліміздің дін саласын реттеуде тәжірибесі болмағандықтан, біздің билік орны толмас олқылықтарға жол берді. Сіз айтып отырған салафит, уаһһабшы, коранид ағымдары деструктивті діни жамағаттар саналады. Біздің ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ханафия мазхабымен аталған діни жамағаттардың сенім ұстындары мүлде қабыспайды. Осы қабыспаушылық қоғамда діни дүрдараздықтың туындауына түрткі болып отыр. Сондықтан мен жоғарыда ұсынған тезисте «Исламның атын жамылған кез  келген жамағат ҚМДБ-ның келісімімен ғана діни қызмет етуі тиіс» деген норманың қабылдануын ұсынған болатынмын. Егер осылайша ҚМДБ-ның құзыретін көтермесек, пәтуа бөлімінің шығарған шешімдерінің құны көк тиын. Өзге жамағаттар өз ұстанымдарымен жүреді. Нәтижесінде, дәстүрлі исламмен деструктивті діни топ өкілдерінің арасындағы кикілжің үдеген үстіне үдей түседі.

Бұл мәселені түбегейлі реттеу заңда нақты қарастырылмаған. Десек те, 3-баптың 8- тармағының 10-тармақшасында «...діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бiрлестіктер құруға және олардың қызметiне тыйым салынады» деген норманы басшылыққа алып, дәстүрлі дүниетанымымызды жоққа шығарып, қазақты «кәпір», «шала мұсылман» деп бағалайтын сіз айтып отырған діни топтардың қызметіне тоқтау салуға болады деп ойлаймын.

- Осы заң тек ұлттық санасы оянған қазақты ғана ауыздықтап ұстауға арналған сияқты емес пе? Мәселен, қоғамдағы азаматтардың саяси еркі мен жігері шектелген қазіргі кезде олар ауа қарманып, өз көзқарастарын білдіретін мүмкіндік іздейді. Сондай мүмкіндікті діннен тауып отыр деп ойламайсыз ба?

- Бір қарағанда, мемлекеттік мекемелерде діни жол-жоралғы мен құлшылық жасауға тыйым салынуы, қазаққа қарсы жасалған шабуыл сияқты болып көрінеді. Себебі өзге діндерде ислам дініндегідей күніге бес уақыт намаз оқу үрдісі жоқ. Осы себептен де, біз 7-баптың 3-тармағы мұсылман жұрағатына, оның ішінде хақ дінді ұстанатын қазаққа қарсы жасалған қиянат деп ұқтық. Десек те, жоғарыда айтып өттім, қазір құзырлы мекемелерде намазхана ашу - төңкеріс ошағын ашумен бірдей болып отыр. Сіз тілге тиек еткен жаңағы уахапшыңыз болсын, салафитіңіз болсын бәрі намаз оқиды. Бұл жамағаттардың биліктің әрбір тетігінде өкілдері жұмыс істейді. Оларға ерік берсең, маңайындағылардың бәрін өз жамағатына тартқысы келеді. Сондықтан мен өз басым мемлекеттің ұстанымын жөн көрем. Тек бізде «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер көп. Ертең намаз оқыған адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тартып, жұмыстан шығару науқаны басталып кете ме деп те қорқам.

- Тәуелсіз дінтанушы маман теологтардың пікірінше, Қазақстандағы имамдардың білімі жоғары емес, Құранды жатқа білмейді, жүз-мыңдап хадистерді жатқа айта алмайды, Құран тәпсірлерін жақсылап оқымаған, араб тілін еркін меңгермеген, жамағатты ілім-біліммен өзіне баурап әкете аламайды екен. Керісінше, уаһһабилік, сәлафилік, т.б. бағыттағы қазақ азаматтары шетелде діни оқуды тереңнен тауысқан, араб тілін бір кісідей меңгерген дейді. Осы пікірлердің дұрысы мен бұрысы қайсы?

- Айтып отырғаныңыздың жаны бар. Елімізде бүгін 2500 мешіт бар. Сол мешіттерде бас имамнан өзге найб имамдар мен азаншылар жұмыс істейді. Жалпы, ұзын-ырғасы мешіттерде 10000 мыңдай адам қызмет етеді. Осының бәрін діни сауатты деп айта алмаймыз. Шетелдердегі ірі діни оқу орындарынан сусындамаған.

Біздегі имамдардың көпшілігі көрші Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Қоқан, Ферғана қалаларындағы қадыми бағыттағы медреселерден білім алғандар. Ал Түркияның, Мысырдың, Ливияның, Сирияның мәшһүр оқу орындарында білім алғандардың саны саусақпен санарлықтай аз. Сіз айтып отырған уаһһабилік, сәлафилік, тәкфирилік бағыттағы қазақ азаматтарының араб тілін бір кісідей меңгергенін жоққа шығара алмаймыз.

Бірақ дін дегеніміз тек араб тілін білуден немесе хадисті жаттап алудан тұрмайды. Мысалы, уаһһабилік, сәлафилік, тәкфирилік бағыттағы бауырларымыз фикх бойынша Құран мен Сүннетті ғана мойындайды. Ал біздің дәстүрлі исламымызда үкім берудің Құран мен Сүннеттен өзге ижма, қияс, истихсан, масаллух-мурасаллия, урф, истисхаб, сәдди-зария, сахаба сөзі, шариғаттан бұрынғы шариғаттар деген қайнар-көздері бар. Бұл қайнар-көздермен берілген үкімдердің бәрін теріске шығарады.

Мысалы, урф деген қайнар-көз халықтың ғұрыптық өлшемдері негізінде пайда болған. Ханафия мазхабы бойынша бір халықтың исламға дейінгі салт-дәстүрлері хақ діннің негіздеріне қайшы келмесе, онда ол салт-дәстүрді бейне исламның үкімдері ретінде қабылдауға болады.

Сіз айтқан уаһһабилік, сәлафилік, тәкфирилік бағыттағы қазақ азаматтар арабша білгенмен, дәстүрлі исламның теория-методологиясынан мақұрым. Сондықтан олардың таратып жатқан ілімі өзекке түскен құрт секілді ұлт үшін аса зиянды деп білем.

- Сіз дінді жете зерттеп, зерделеп жүрген мамансыз, жалпы дінге ессіз берілу, жұмыс істемей, отбасын асыраудан бас тартып, тек қана ислам қағидасын ғана орындаған адам ғана мұсылман ба? Олай деуіме себеп - көптеген отбасындағы ер-азаматтар осындай жолды ұстанады.

- Сіз бұл айыптауларды тек деструктивті дін өкілдеріне қарата айтсаңыз жөн болар еді...

- Ал дін жолына түскен көптеген жігіттер «талақ» айтып, бір әйелден соң бір әйелге үйленгенін де естіп жатырмыз. Қоғамда - исламда белгіленген қағида мен шариғат жолын дінді жақсы білетін азаматтардың өзі бұзады, оған не дер едіңіз?

- Мұсылман құқығы бойынша, әйел мен еркектің табиғи қасиеттеріне қарай өз міндеттері болды. Ер адам отбасының материалдық жауапкершілігін өз мойнына алды (22-Талақ 6-7). Отбасыдағы ер адамның материалдық жауапкершілігі мына негіздерден тұрды: азық-түлік, киім-кешек, тұрғын үй, дәрі-дәрмек және емделу. Үй жұмыстары көбейіп, моральды салмақ түсетін болса, үй қызметшісін жалдау.

Ал әйел мұсылман құқығы бойынша өз табиғатына сай, үй тіршілігін, яғни, ас пісіру, киім-кешекті жуу, үйді тазалау, сәндеу, бала-шағаға тәрбие беру секілді нәзік істерді атқарады.

Мұсылман құқығы ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әр-түрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, отбасының бұдан ары қарай өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда, ерлі-зайыптылардың ажырасуына рұқсат береді. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың мүмкін болса: «Аллаһтың жақсы көрмейтін ісі ажырасу» деп ажыраспауын үндеген. Ажырасу мұсылман құқығы термині бойынша «талақ» деп аталады. Мұсылман құқығындағы «талақ» етудің мынандай ерекше негіздері бар:

1. Құран мен Сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету харам (тыйым салынған).

2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету макрүһ (Алла сүймейтін, жақсы көрінбеген).

3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу сүннет.

4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз. (5-359).

5. Араларында махаббат болмаған жанұялардың ажырасуы тұрғысында әр түрлі көзқарастар бар. Бұл ерлі-зайыптылардың өздеріне қалған шешім.

Мұсылман құқығы талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе жанұя болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ үкімі жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеш те болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады.

Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі - ер кісі әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған. Ал сіз айтып отырған келеңсіз жағдай шариғат құндылықтарын терең білмегендіктен туындап отыр.

- Ресми дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанда 30 ұлт өкілінен құралатын 11 миллион мұсылман бар десек, оның діни мәселесінің барлығы да ҚМДБ құзырында деп пайымдауға болады, ал Конституция бойынша мемлекет діни бірлестіктер ісіне кіріспейді, ал Діни басқарма миллиондардың сұраныс үдесінен шығып отыр ма?

- Өкінішке қарай, осы күнге дейін ҚМДБ-ның құзыреті заң алдында он адам бірігіп құратын келімсек діни бірлестіктермен тең болып келді. Одан қалса, бұрын кадр саясатының дұрыс жолға қойылмауы, қаржы мәселесінің шешілмеуі секілді жайттар ҚМДБ-ның құлашын жайып, жұмыс істеуіне кедергі болып келді. Соңғы уақыттары ғана бұл мәселелерге мемлекет көңіл бөле бастады. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» жанынан «Ислам діні мен Ислам мәдениетін қолдау қоры» ашылып, мұсылман жұрағатының қаржылық мәселесі шешіле бастады. Осы жылы ҚМДБ-ның құрамынан «Зекет қоры» ашылды. Осы құрылымдар дұрыс жұмыс істесе, қаржылық қол байлау шешімін табады деп үміттенемін.

Бақытгүл

МӘКІМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT»33 (116) от 05 октября 2011 г.

Біздің анықтама

Мұхан Исахан Баймұратұлы

1978 жылы ОҚО, Ордабасы ауданында туған. 2000 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің заң факультетін үздік бітірген. 2002 жылы ХҚТУ-дің құқық магистратурасын үздік аяқтаған. 2003-2006 жылдары сырттай аспирантура оқи жүріп, ХҚТУ-дің заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы» кафедрасында оқытушы, 2006-2007 жылы ХҚТУ-дің «Терминология» бөлімінде тәржімашы болып қызмет атқарды. 2007 жылдан бері «Қазақстан-Заман» газетінің қызметкері, газеттің Тарих, дін, құқық бөлімінің меңгерушісі. «Мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеу» атты тақырыпта магистрлік диссертацияны жазған. «622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясының» ислам мемлекетінің қалыптасу тарихы және орны» атты тақырыпта диссертация жазып, «Ислам және Кәламдық мазхаптар», «Ислам және саяси мазхаптар» және «Ислам және фикх мазхаптары» атты монографиялар жазған.

Өткен аптада ҚР парламенті «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы жаңа заңды мақұлдады. Осы заң жобасы қоғамның талқысына түспей, ел азаматтарының талап- тілегі ескерілмей, бір топ шенеуніктің қолынан шыққан деген сөз бар. Осы орайда дін зерттеушісі, журналист Мұхан Исахан мырзаның аталмыш заңға қатысты ойын оқырманның сарабына ұсындық.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434