Халыққа Джеки Чанның емес, дәрігердің сөзі керек, Біртанов мырза!
Коронавирус дерті дендеп барады. Кеше бір тәулікте елде 78 науқас тіркелді. Осыдан-ақ, індеттің беті қатты екенін байқауға болады. Елде төтенше жағдай жарияланғалы жарты айға жуықтаса да, вирустың уын сезінбей жүрген қазақстандықтар әлі бар.
Шынын айту керек, ел үкіметі төтенше жағдай кезінде нақты ақпарат таратуда сараңдық танытып отыр. Көпшіліктің арқаны кеңге салып, көшеде жүруінің бір себебі осы болса керек. Ресми ақпараттар уақытында жарияланбағандықтан, халық әлеуметтік желідегі жазбаларға сенеді. Оның үстіне, халық үкіметтің сөзіне сенуден де қалған. Бейбіт күнде жалған есеп беріп, өтірікші болғандар енді төтенше жағдайда халықты шын сөзіне сендіре алмай отырғаны да шындық.
Бірақ төтенше жағдайдың аты - төтенше жағдай. Мұндай сәтте халық пен билік бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріге жұмыс атқару керек-ақ. Құзырлылар халыққа шынайы ақпарат жеткізіп, нақты не істеу керек екенін ұғындыруы тиіс-ті. Ал халық елдің амандығы үшін биліктің берген нұсқауын бұлжытпай орындауы керек. Бұл жарты әлемді жайылған вирусты жеңудің бірден бір жолы екені айтудай-ақ, айтылып жатыр.
Ал қазіргі картина қалай? Қазір билік иелерінің берген ақпараттары жеткіліксіз. Күнделікті естіп-көріп жүргеніміз: қай өңірден, қанша адам вирус жұқтырды, оның қаншасы жазылды деген ақпарат қана. Бітті. Тіпті пәлен облыстан бір адам вирус жұқтырды дегенімен, науқас адам ол облыстың қай қаласы, қай ауылында екені де айтылмайды. Науқастың кім екенін, кіммен байланыста болғанын айту этикаға жат дегендері жөн шығар, тым құрығанда ол науқастардың қалай ауырып, қалай жазылғаны туралы ақпарат таратылуы керек қой.
Дәл қазіргі ақпарат бойынша, елімізде 18 науқас айығып шықты. Бұған өте қуаныштымыз. Бірақ бұл кісілердің қанша уақыт ауырғаны, қандай ем-дом қабылдағаны, қандай дәрі-дәрмек пайдаланғаны мүлде айтылған жоқ. Тек қайтыс болған бір науқастың жасы, тұрғылықты жері, вирусты қайдан жұқтырғаны, кімдермен кезіккені айтылды. Сонда нақты ақпарат адам өлсе ғана (мұның бетін ары қылсын) айтыла ма?
Вирус әлемге таралып жатқанына үш айдан асты. Елімізге жеткелі де жиырма күнге жақындады. Бірақ әлі күнге дейін бірде-бір отандық ғалым немесе дәрігер, вирусолог ел алдына шығып кеңес берген жоқ. Ғылыми тұжырым айтқан жоқ. Арнайы мамандардың кеңесі кемшіл болғандықтан, көпшілік байланыс құралдарында тараған «пияз жеу керек», «адыраспанмен аластау керек», «дұға оқу керек» деген «кеңестерге» сеніп жүр.
(ІІМ азаматтарды әлеуметтік желілерде пайда болған қауесеттер мен жалған ой-пікірлерге құлақ аспауға шақырады. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне ғана негізделу қажет екенін айтады. Егер әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратса 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін мәлімдеді).
Халық Денсаулық сақтау министрлігіне сенім артып отыр. Аталған министрліктің жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ баста айтқанымыздай, нақты ақпарат пен ғылыми пайым аз болып тұр. Мәселен елдегі емханалардың жай-күйі қалай, қай облыс қанша науқас қабылдай алады, техникалық мүмкіндіктері қандай, қанша маман бар, вирус көп таралған өңірлерге өзге аймақтардан білікті мамандар шақыртылды ма... Мұның бәрі өте маңызды. Көпшіліктің ел медицинасына деген сенімі аз екені әуелден белгілі. Сондықтан министрлік өз мүмкіндіктерін жариялап, халықтың «вирус жаппай тараса, жағдайымыз қалай болады» деген алаң көңіліне демеу болғаны жөн еді.
Алайда министрлік халық қажет еткен ресми мәліметтерді емес, Джеки Чанның (қытайлық актер) видеоүндеуін жариялап, «мәз болып» жүр. Біртанов мырзаның ойынша, қытай өнерпазының екі ауыз сөзі қам көңіл қазақтың қолтығынан демейтін болса керек.
Әрине, өнерде шекара жоқ. Бұл актердің біздің елде де мыңдаған жанкүйері бар. Оның видеоүндеу жолдағаны да жөн шығар. Бірақ бұл ойын-сауық деңгейіндегі ғана дүние. Актер жолдады, көрермен көрді, тыңдады. Болды. Оны ресмилендіріп министрліктің, жалпы БАҚ-тың, президент кеңесшісінің жарыса жариялауы басы артық әңгіме. Бұл қиналған халықтың назарын басқа жаққа аудару мақсатында жасалғандай әсер береді.
Бұл әңгіме тек Денсаулық сақтау министрлігіне ғана қатысты емес. Елдегі бүкіл салада нақты, ғылыми ақпараттар жариялануы керек. Мәселен, карантин кезінде жұмыстан босап, табыс көзінен айырылған халыққа ең төменгі есептік айлық көрсеткіші мөлшерінде көмек беріледі деген. Бірақ нақты қанша адамның жұмыссыз қалғанын, олардың жұмыссыз қалғанын қалай анықтайтынын айтқан адам жоқ. Күнделікті нәпақасын күнде тауып жүрген қарапайым еңбекшілер қалай күн көреді? Ол да белгісіз...
Мемлекеттік органдар үшін істейтін шаруа шаш-етектен. Алайда біздің билік бұрынғы әдетінше даңғазалыққа, құр мақтанға құмар болып тұр. Әйтпесе, айдаладағы актердің бір ауыз видеоүндеуіне мемлекеттік мекемелердің мойын бұратын жөні жоқ еді. Салыстыру үшін айтсақ, нақты жұмысты қайырып қойып, Джеки Чанның жазбасына назар аударған билік өкілдері, төтенше жағдай кезінде той жасаған кейбір бұқарамен бірдей болып отыр...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz