Егеухан Мұқамәдиқызы: Сәулетті көш (жалғасы)
Басы: Егеухан Мұқамәдиқызы: Этнографиялық әңгімелер
Жалғасы: Сәулетті көш
Қазақ халқы жаратылысынан көшпелі ел. Әуелі қыстаудан жайлауға көшсе, жайлауда отырғанның өзінде отырған жерінің шөбінің сонысы басылып, мал аяғы шиырлаған соң, сарыжұрт бола бастағанда, ауыл үй жылжып, жұрт жаңалап қонады. Одан күзеуге, күзеуден қыстауға дегендей үнемі көшіп-қонып жүретін халықпыз. Ең алдымен жайлауға көшуге боздақтанып қалған қоңды түйені шайландырмау үшін күн ілгері бір апта бұрын байлап жаратады. Сел келседе селт етпейтін сенімді атанға бала салатын екі кебежені теңдеп, екіден бала салады. Жүктің үстіне төгілтіп қараала сырмақ жауып, тарту арқан мен тартқан соң, ең үстіне қара шаңырағын бастырады. Бұл түйені жал-құйырығы шұбалып жерге төгілген, ұсынса жалына қол жетпейтін, жүрісі майда, аяңшыл әсем құла аттың басына күміс жүгенін жүгендеген. Өмілдірік-құйысқаны құбыла жалтылдап, пыстанына дейін көз тартатын күміс ерін ерттеп мінген. Қызыл кестемен тігіп, жақтауын түрлі түсті меруерт, маржанмен шеттіктеген кимешегін киіп, түңіліктей аппақ шылауышын шашағын төгілте басына тартып, үстіне қара қатипа шапанын, аяғына көгала бас кебісін киген. Бір қолына сарыала қамшысын, бір қолына аттың тізгіні мен түйенің бұйдасын ұстап, маңғаз бәйбіше үш-төрт түйе тіркелген көштің басын жетелейді. Жол жорғалай басатын кертөбелге екі басын талдан иген ықшам бесікке бөленген баланы бесігемен алдына өңгеріп, сылана киінген сылқым келін де жүк артылып, тіркелеген төрт-бес түйені жетелеп, көш шұбырып келеді. Қазақтың кең даласында көсіле көшкен ел. Айдалған ақтылы қойы күнгейге жабыла, қаулап өскен күрекшені, бетегені таласа-тармаса күрт-күрт орып, жотаны жондап саулайды. Айғыр үйірі жылқысы да тай-құлыны құлдыраңдап таудың тасын жұмыр тұяқтарымен тасырлатып,желе-жортып қыраттан қылпы ғана қылт етіп, асып барады. Жуан жуас шомбал торы аттың бел ортасында отырған отағасы осы көріністерді қырағы көзімен жіті қарап қояды. Тайға екі-екіден мінгескен бала, қоңыраулары сыңғырлап елпек құнан-дөненге қыз-бозбала мініп щұбырған көш ырғағымен ырғала тербеліп, біреулері бір-бірімен сыбырласып, біреулері әзілдесіп, сыңғырлай күлісіп түйе аяңымен шұбатылып жөңкілген көштің ажарын аша түскендей. Жолдағы ауылдың қыз-келіншектері көш сонадайдан көріне сала ықшам тегеш, үлкен шараға құйылған айранды ала жүгіріп, көште шаңырқап шөлдеп келе жатқан көш адамдарының шөлін қандырып, үлкенінен бата алып, кішісінің ілтипатына бөленеді.
Ерулік
Әр үй жайлауға абыр-сабыр асығып үйлерін жығып, жүктерін артып, таласа көшіп, жарыса жүріп, бір-біріне тақаса, жараса жанап қой ауыл, қозы ауыл болып қонатын. Жайлауға бұрынырақ келіп, үйін тігіп үлгерген азаматтар соңғы келген көшке келіп, үлкендерін аттан түсіріп алады. Жүкті түйесін шөгерісіп, жүгін түсірісіп, керегесін жайысып, шаңырғын көтеріп, уығын шаншысып, үйін тігісіп бәйек болады. Үйдегі қыз-келіншектер үй жиһазын жия жүріп, үш аяқты темір мосыны от орнына тұрғызып, іші қалайлаулы аппақ, сыртын түтін басқан қап-қара жез шәугімді, су толтырып құлақ бауынан мосының төмен салбырап тұрған ілгегіне іле қояды. Астына отты лып еткізіп жағып, бұрқ еткізіп лезде қайнатып, шай-тұзын салып, сүт қатып сары майдан иісін шығарып баптап, табаққа ірімшік-құртын салып, тігіліп жатқан үйдің киізі жабыла жүгіріп алып келеді. Әдеттегідей ерулеген үй от жақты ма? деп түтінге қарап жалтақтап отырған қариялар, ересек адамдар шай келгенін өре сала ыңғайланып, қоралана отыра қалып, шайды іше бастайды. Ол ол ма, әр үй қыстайғы сойған соғымның (жал-жая, қазы-қарта, асықжілік, жамбас) дегендей кәделі жіліктерін алдымен кіші отау иелері үлкенге арнап есіңе алсаң, ескі астан сақта» деген қазағымның жазылмаған заңы бойынша сақтаған еттерін асып, ел орынға отырған шақта табақ-табақ еттерін қыз-келіншетер көтеріп үлкен үйлерге алып келеді. Үлкен үй иелері кәделі-сыбаға немесе ерулік етті жеп, ертеңінде қыз-келіншектерге арнап ерулік әкелеген табаққа көйлектік, шапандық, бұл немесе білезік, жүзік, сақина сияқты көркем бағалы дүниелер салып қайтарған. Кейбір ауқатты адамдар қыз-келіншекке тай-тайлақ атаған. Кейде ат та мінгізген. Ерулік, сыбаға халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасқан үлкенге деген сый-құрметті салт-дәстүрінің ең елеулі құндылықтарының бірі болып саналады. Ауыл үйдің араласуының алғашқы баспалдағы.
Жайлау сәні
Жадыраған жаз. Суы сылдырап сыр шерте сылаңдап аққан бұлақ. Шалғыны жайқалған өңір. Түрлі-түсті гүлге қонып жарыса ұшқан өрнекқанат көбелек. Биік-биік жартас жаламалы таудан аса ойға қарай құйылған саумал ауа. Тауды бұзып, тасты жарып, күркіреп аққан өзен, оркестрдей құбыла күмбірлеп жаламаны жаңғырықтырып күй төккен асау арынды ағыс. Жаныңды жадыратып, бойыңды сергітеді. Кісі бойы көк шалғыннан қылпы ғана көрініп, қаптап өрген қой. Тоқтай қалса бірімен- бірі қасынысып,жүрсе құлын-тайын шұбыртып, өзінен өзі осықырынып саңлап дөң асқан жылқы. Мимырт өрістеген сиыр. Жаңа жұрттағы бітік өскен соны алаботаны ауыз толтыра асап, оты қанған, баладай өркештерін қаздитып қатарласа келесімен шөгіп жатқан түйелер. Көк шалғынның ортасында көк көлге жүзген аққудай сағымға шомып аппақ-аппақ ақ шаңқан қатарласа қонған ақ үйлер, сылдыраған бұлаққа жуық желілеп байлаған құлын. Бие бауға қарайлай жайылған биелер. Қатарластыра керген керме қосақ арқанға екі-екіден айқастырып қосақтаған салқа қосақ қой. Күнде түсте, кешке екі уақ күле сөйлеп бірін-бірі әзілдеп қой сауған қыз-келіншектер. Кешкі сауыннан соң, қой-қозы жамырап, сиыр мөңіреген азан-қазан ауыл кеші. Кешкі қой алдына шығып, әзіл әңгімелері жарасқан қыз-бозбала – бәрі-бәрі жайлау сәнін жарастырып-ақ келістіріп тұр.
Отамалы
Мал баққанға бітеді.
Халық мақалы.
Біздің ата-бабамыз ежелден мал баққан ел. Малды жазда жайып, күзде отарлатып, қыста жейтін жем-шөбін жаздан бастап, күзде қамдап алатын. «Жатар орын – жарым құрсақ» деп қыста жатар орнын жайлап, жылы қора, жылы үйшікпен қамтамасыз етеді. «Мал төлден өседі» демекші, күзде күйек алып, ана малдың толықтай іштенуін өте қадағалаған. Өйткені мал «отамалы» өткенсоң төлдемесе, отамалы өте қауіпті. Отамалы көкек айның онында кіріп, он бесінде шығатын ерекше амал. Халқымыз «отамалы жақсылығына бақса, от алғанша, жамандығына бақса, ойылған жұт отап-бұтап малшы ауылын тақырға отырғызып кетеді» деп одан сақтанған. Малшылар ана малын отамалы өткен соң, төлдеуге күйекті сәйкестіріп алатын. Күйек біте малды күндіз жайып, түнде күзетіп дұрыс төлдетіп, әр төлді уызына тойғызып, аяқтандырады. Уызға тойған төл тез оттығады. Ол төл көгенде тұрып-ақ тұсында байланған керме жіптегі шөптен жеп, тез ширайды. Енесімен еріп екі-үш ай жайылғанда құйырықтанады. Мұндай төл жазғы сауында енесінен бөлініп саууға жақсы төзеді. Отамалыны ұйымдастырған малшы төлін осылай өсіреді. Міне жайлауда қой-қозы ауыл болып қонған ел.
Ақірімшік сүзу
Қазақ халқы бес түлік малдың сүтінен сан түрлі тағамның түрін жасаған. Қой-ешкі, сиырдан сауылған бір қазан сүтті үш пұт ошаққа асып, сүттің түбін күйгізбеу үшін астына сиырдың ақ жапасын біркелкі қалап отты бәсең жағып пісіреді. Сүт көбіктеніп тасуға таяп қайнаған шақта екі шөміш қатық айран құйып ірітеді. Сүт іріген соң, тағы да бір бұрқ еткізіп қайнатып жібереді. Содан қазанды ошақтан түсіріп алады. Қазаннның үстіне жан-жағы бір-бір кезден төрт бұрыш тоқылған ақши «шыттанып» қояды да жентек-жентек іріп жүрген ақірімшікті шөмішпен шыптаға құйып сүзеді. Ақірімшіктің сұйық сарысуын өті толғандар жылыдай ішіп, өтін шаятын емдік қасиеті бар. Және бұл ақірімшіктің сарысуын іркіт піскенде шым-шым болғызып сабаға құяды. Ол іркітті сұйылтып майдың тез оралып түсіне көмектеседі. Сондықтан, іркіт пісуден бұрын ақірімшік сүзеді. Ақірімшік те адам ағзасына пайдалы дәрумендер көп. Ақірімшікті адамдар көптеп керектенеді. Дастарқанның сәнін келтіретін айтулы тағам.
Іркіт жию
Қазақ халқы бес түлі малдың сүтінен сан түрлі тағамның түрін жасаған. Жазда жайлауға қой ауыл, қозы ауыл болып қона салысымен саулық қой-ешкіні керме-шалма(ілме) қосақтарға қосақтап, күніне екі уақ сауады. Сиырдың бұзауын желілеп байлап, оны да екі уақ сауады. Жаз айлары малшаруашылығындағы халықтың нағыз кіріс айы. Қой, ешкі, сиырдан сауылған сүттің бір уаққысын үлкен қара қазанды толтырып асып, төрт аяқты шарбақ ошаққа тезекті қалап, сүттің түбінің күйіп кетпеуін қадағалап отты бір қалыпты бәсең жағып пісіреді. Сүт көбіктеніп піскен соң, қазанды түсіріп, сүттің қайнаған темпісі қайтып, суып, қанжылым болуға таяғанда қатық айраннан шамалы ұйытқы құйып, жылы жауып ұйытады. Жылы жабылған сүт екі сағатта ұйиды. Қатық айранды қалың түптесін деп сабаға қотарады. Бір уаққы сүтті шикідей ұйтып құяды. Сонымен қара саба үш күнде іркілдеп толады. Мұны «іркіт жию» дейді.
Саба пісу
Қазақ халқы асқан ұйымшыл халық. Қандай бір маусымдық, апталық, тәуіліктік, кейде бірер сағаттық шаруаны да бірігіп атқарады. Әдетте үй иесі таңертең тұрып, сүзулі дайын тұрған ақірімшіктің сары суын ысытып шым-шым қалыпқа келтіріп сабаға құйып, іркітті пісе бастайды. Сабаның күрпілдеп пісілген дауысы шыға көрші ауыл үйдің қыз-келіншектері жүгіріп келіп, жиналады. Сабаны қолдары талғанша алқын-жұлқын бір-бір дем кезек-кезек піседі. Іркіт демалмай толқын-толқын күрпілдеп астаң-кестең араласқан соң, бабында тұрған ірітке ілезде оралып май түсе қалады. Түскі қойдың сауыны болмай-ақ іркіттің майын алып, жер ошаққа тайқазанды асып, іркітті қазанға аса толтырмай сабадан қотарады. Жер ошаққа құрт қайнату үшін қи-тезекті толтырып жағады. Құрт қайнап, құрт көбігі тарқағанша ұзын сапты ағаш шөмішпен сапырып отырады. Қазандағы құрт суалып орталай бастағанда шелектегі іркіттен еселеп құйып отырып қайнатады. Жер ошақты оттың қызуы жақын асылған қазанға дөп тиеді де құрт ілезде бұрқыл-сарқыл қайнап, қойылған соң, қойдың жүнінен иіріп, қолдан тоқылған қараала қаптың екі құлақ бауынан белағаш өткізіп, берік ағашқа іліп мықтап байлайды. Қаптың аузын кергіш ағашпен керіп қойып, құртты қайнап тұрған тебінін ғана бәсеңдетіп, ыстықтай қапқа қотарады. Ыстық құрт тез сүзіледі. Сорғып тұрған қапты кешке қарай таспен бастырып қояды. Сүзген құрт одан сайын сорғып, таңертең жаюға дайын тұрады.
Құрт жасап жаю
Сорғыған құртты қабымен тақтайдың үстіне қойып, шетінен жіңішке жіппен тіліп-тіліп төрт бұрыш немесе үш бұрыштап жарып сәндеп жасайды. Жасалған құртты жайпақ табақ, астаушалармен тасып, киіз үйдің маңдайшасына екі жақтауын сұғындырып жасаған өренің үстіне өреше шиді жазып, оның үстіне құртты жайып кептіреміз. Құрттың ұсағынан дөңгелек жасайды. Тобарсып кепкен дөңгелекті жіпке тізіп әр балаға арнап кереге басына немесе ашаның басына іліп қойып кептіреді. Маусымда әр үй бер-екі қап құрт, бір-екі қарын сары май алып, қыстай жейді. Қазақ батырларының жорыққа аттанып, күн-түн қатып сабылғанда азық болған алты малта осы құрт. Құрт осылай дайындалады.
Қызыл жарма
Ел жайлаудан көшуге таяғанда соңы піскен, екі-үш реткі іркітті арнаулы «қызыл жарма» жасауға арнайды. Өйткені, қызыл жарма жасау үшін қайнатқан құртқа бұрын іркітке есе құйып қайнатқан болса, қызыл жарма жасау үшін шелек-шелек сүттен есе құйып қайнатады. Сонда сүт құйып қайнатқан құрт ақ өңді емес, қызыл өңді болып шығады. Оны да қапқа сүзіп сорғыған соң, ұсақтап жаймайды, кесек-кесек опырып қоя салады. Ол жұмсақ «қызыл жарма» болады. Бұл қызыл жарма қатты болып кеппейді. Қызыл жарманы сол үйдің қарт адамдары, ата-енесі жейді. Сол үшін арнаулы жасалады. Міне, «қызыл жарманың» жасалу тәсілі осындай.
Құрт қатық
Құрт қатық сабаға піскен іркітті қазанға құйып, құртша қайнатып, қойылған соң, құрт сүзетін қапқа құйып сүзеді. Сүзілген құртты тұздап, ертеден үрлеп кептіріп қойған серкенің қарнына салып қояды. Қарындағы қатықты да өреге немесе тақтай ағаштың үстіне қойып, далаға кептіреді. Қарынның сырты тобарсыған сайын, сүт пісіріп, аздап тұз салып қарындағы қатыққа құйып, қатықты опырылып қалудан сақтап, сүтпен қатықты езіп, сүтті қатыққа сіңіреді. Бұл қарындағы қатық жөбі-шөкім адам көтере алмайтын көлемді, салмақты болады. Қатықты көжеге, сорпаға қосып ішеді.
Айран қатық
Айран қатық дегеніміз – сүтті пісіріп алып, қатыққып ұйытқан айранды қапқа құйып сүзеді. Сүзілген айранды тұздап үрлеп кептірген ешкінің, серкенің қарнына салады. Бұл қатыққа да қарын тобарсыған кезде сүт пісіріп, тұз салып қатыққа уақ-уақ құйып кептіреді. Мұны «айран қатық» дейді. «Сүзбе» деп те атайды. Бұл қатықты көжеге, сорпаға езіп, қосып ішеді. Қатықтың аса қажет тұсы наурыз көженің кезі. Қатық наурыз көженің құрамдас бір бөлігі болып есептеледі. Денсаулыққа өте пайдалы.
Ежігей қызыл ірімшік
Қой, ешкі, сиырдан сауылған бір қазан сүтті асып, отты жағып, сүттің түбін күйгізбей пісіреді. Сүт пісіп, көбіршіп таси бастағанда қатық айраннан екі шөмішті құйып араластырып ірітеді. Іріген сүттің астына отты жағып, қайнатасың кеп, қайнатасың. Бұл ежгей ірімшік қайнай салып, ақ пыштақ тұрғанда да салып алып, ішіп-жей беруге болады. Өйткені, бұл сүт піскен соң, ірітілген ірімшік. Мұны да қайнап, сарысуы суалып қызарған соң, қазанды түсіріп, суыған соң, салып алып кептіресің. Жесең, таңдайыңнан дәмі кетпейтін жентке қосуға өзгенің дәмі бұған жетпейтін, ерекше дәмді тағам. Ежігей қызыл ірімшік осылай жасалады.
Мәйек – қызыл ірімшік
Қазақ халқы бес түлік малдың демінен басқаның бәрін қажетке жаратқан. Етін-сүтін тамаққа, жүнін-терісін киімге, қи-тезегін отынға пайдаланған. Төлдеген кезде уызға бөгіп өлген қозы-лақ, бұзаудың мәйегін жуып, тазалап ағаш шелекке салып құрт, айран, қатық қосып ашытып қояды. Ешкі- қой, сиырдан сауған бір қазан сүтті асып, астына отты аздап жағып, сүт қанжылымнан шым-шымға таяғанда әлгі ашып тұрған ащымыл мәйекті сүтке салып араластырады. Отты сөндіріп, қазандағы сүтті жылы жауып орап, бүркеп қояды. Біраз мөлшер тұрған соң, сүті қатық болып ұйиды. Қазандағы ұйыған сүттің бетін ашып, төртке тіліп ағаш бұлғауыш қалақшаны қазанның түбіне қарай жүгіртіп қойып, отты қайта жағады. От жанған соң ұйыған сүттің тілген жерінен сарысуы бұрқылдап қайнайды. Оны қайнатасың кеп, қайнатасың. Бір шама қайнап, қызарып пісіп дәмденеді. Жесең, балдай дәмді болады. Сарысуы суалған соң, оттан түсіріп қазаннан салып алып тастайды да кептіріп те жей бересің, мәйекпен қайнатқан қызыл ірімшік осылай жасалады.
(Жалғасы бар)
Егеухан Мұқамәдиқызы
Abai.kz