Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Ел іші... 6691 8 пікір 31 Наурыз, 2020 сағат 12:19

Карантин тәртібі кімге міндетті емес?

Мына коронвирус деген адам естімеген ауру келгеннен бері халықтың бір дүрлігіп қалғаны рас. Оның үстіне бұған сеп болатын дәрі де тез арада табыла қоймай, халың жұртшылықтың әрі-сәрі күй кешіп отырғандығын да жасыруға болмас. Енді не істемек керек? Оның қазіргі таңдағы жалғыз жолы - қай-қайсымыздың да тайлы-тұяғымыз қалмай, мүмкіндігінше дәрігердің  міндеттеген ұсынысына тік тұрып құлақ асу. Яғни мүмкігінше үйден босқа шыға бермей, тек дүкен мен емханаға барып, суыт түрде отбасына оралу.

Бұл, әрине, аурудан сауықтыра қоймас. Алайда, «Жаман айтпай, жақсы жоқ», әлдеқайда сол пәлені жұқтырып алсаң, өзгелердің жаппай ауруға ұшырауына жол бермеу. Бұл бүгінгі таңдағы азаматтық парызың ғана емес, заң алдындағы қатал міндетің де. Алайда ,өкінішке орай, бұл қағиданың сақтала бермейтіндігі, бұған кейбіреулердің бей-жай қарайтындығы жаман. Ең өкініштісі, «Балық басынан шіриді» дегендей, мұны қолында билігі бар, анау-мынау адамдардың айтқанын құлағына қыстыра бермейтін аса лауазымды адамдар бұзғанында не деріңді білмейді екенсің. Қазақта «Әкесі өлгенді де естіртеді» деген мақал бар, сондықтан біз де мұнан айналып өте алмадық.

Қазақстан халқы жалпы ел ордасы - Нұр-Сұлтанның былайғы жұрттың кіріп-шығуына тиым салынған қала екендігін жақсы біледі. Оның шарты сонау 19 наурызда ел үкіметінің сайтында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Мұны аз десеңіз, 26 наурызда премьер-министр Асқар Маминнің төрағалық етуімен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдайлар тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның селекторлық жиналысы өттті. Мұнда ол Нұр-Сұлтанның ғана емес, сондай-ақ Шымкент қаласында да карантинді күшейтуді қатаң тапсырды. Демек, карантин жағдайында бұл қалалардан ешкім де, еш уақытта да бөтен жаққа шықпайтындығы айтпаса да белгілі ғой.

Баяғыда біреу «Өмірде не болмайды» деген екен. Сол секілді біздің Қазақстан деген елде қатты қажет болса анау-мынау ұсыныстарды құлаққа ілмеуге де болатын көрінеді. Ол тіпті тым жоғары жақтан шықса да. Мәселен, өзі карантин деген дүниені қатаң ұстау керек дегенді айтуға шаршамайтын Асқар Мамин мырза өткен аптада жанында Өзбекстан Премьер-министрі Арипов деген мықты бар, қасына бір топ нөкерлерін жинап алып, біздің Қостанайға сау ете қалғаны. Сондағы ойы мұнда өзбектердің «Chevrolet» деген машинасын осындағы «Сарыарқаавтопром» деген зауытта құрастырып шығарып, шетелге сату көрінеді. Бұл алқалы топ осы шараны салтанатты ашуға қатысуға келіпті. Сонда қалай, осы шара мынау кокроновирус деген тажал әбден күшіне еніп, талай жұртты жер жастандырып жатқанда, бір топ адаммен облысты аралап жүрудің қаншалықты қажеті болыпты? Оны заман дұрысталған, кейінгі мерзімге қалдыруға болмай ма? Ал ең бастысы, осы өздерінің ауыздарының суы құрып мақтаған «Chevrolet» дегендері баяғыдан бері өзіміздің Өскемен қаласында шығарылып, жап-жақсы атақ алып жүр емес пе? Бұны мына өзіміз мінген машина есебінде кепілдік бере аламыз.

Ал енді дүйім жұртты қалтыратқан карантинді алдымен үкімет басшысы бұзса, қалғандарына қандай өнеге көрсетпек? Оның үстіне сол қаптаған адамдардың ішінде вирус жұққан біреулермен контактіге түскен адамның болмауына кім кепілдік береді? Ал осы шара үшін олбыстық әкімдіктің барлық қызметшілерін аяқтан тік тұрғызудың өзі де жұртты сыйлағандық па? Бетін аулақ қылсын, күні ертең солардың бірінен сырқат табылса, кім жауапты? Оны қойғанда мемлекеттік қызметшілерді үйінде жұмыс істеуге көшірмесе де, оларды қысқартылған жұмыс кестесіне көшіру туралы шешімдер қайда қалды.

Айтпақшы, біздің әкіміміз Архимед қит етсе өзінің инстаграмында қай жерде болып, кімге ақыл айтқандығын, кімге қандай марапат тапсырғандығын, яғни қайда жүріп-тұрғандығын тәптіштеп жазудан еш уақытта жалыққан емес. Бұны ол әлдеқашан өзінің қосымша жарнамасына айналдырған. Өйткені ондағы қойылған сұрақтарға ешқашан да жауап берген емес. Не үндемей қалады, не бұған еш қатысы жоқ біреуге тапсыра салады. Ал жалпы өзгесін былай қойғанда Архимед бұған көз салғаны мақұл еді. Сонда ондаған ғана емес, жүздеген комментердің «бұл делегация бізге неге келді, ауру жұқтыру үшін бе, қазір таңда короновирустан машина артық болғаны ма, машинадан бұрын қазіргі аса қажетті бізді бетпердемен қамтамасыз етуді ойласа қайтеді?» деген ашу-ызаға толы сауалдардан басы айналар ма еді. Мүмкін, оқымағандығы да дұрыс шығар. Басын ауыртып қайтеді. Халық көп. Архимед жалғыз. Мұндай іскер де халыққа жанашыр басшыдан айырылып қалсақ, күніміз не болмақ?

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021