Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әліпби 6516 9 пікір 31 Наурыз, 2020 сағат 14:06

Әліпбиге диакритикалық таңбалар қажет пе?

Қазіргі таңда қазақ қоғамында  латын әліпбиіне байланысты түрлі пікірталас орын алып отыр. Әліпби мәселесіне тілші де, әдебиетші де, жазушы да, математик те, экономист те қатысып, өз ойларын білдіруде. Бұл қазақ қоғамының тіл мәселесіне жанашырлық танытуы, бей-жай қарамауы деп түсіну керек.

Десек те, қазақ халқының «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген сөздері еріксіз еске түседі. Әліпби мәселесінің соңғы нүктесі тілшілердің еншісінде екенін ұмытпағанымыз жөн. Тіліміздің дыбыс қорын жасауда қазақ халқының қалыптасқан нормалары, ұлттық жазба тіліміздің заңдылықтары басшылыққа алынғаны жөн.

Кез келген әліпбиде тілдің дыбыстық ерекшелігін сипаттауда диакритикалық таңбалар пайдаланылады. Осы диакритикалық таңбаның бізге қажеттілігі бар ма деген сұрақ туындайды. Әрине, егер диакритика әліпбиде ұсынылып отырған қаріптің дыбыстық мазмұнын ажыратуға мүмкіндік берсе, оны неге пайдаланбасқа? Әр диакритикалық  таңбаның атқаратын өзіндік қызметі бар. Бүгінгі күні көптеген ғалымдар әліпбиге ( ̈) умлаут диакритикалық таңбасын енгізуді ұсынып отыр. Жалпы мұндай умлаут таңбасын пайдалану түркі тілдерінде, роман тілдерінде жиі кездеседі. Бұл таңба жіңішке дауыстыларды белгілеуде қолданылатын диакритикалық белгі болып табылады. Сондықтан жіңішке дауыстыларға ( ̈ ) умлаут таңбасын енгізу өте тиімді. Бұл жазуда да қиындық тудырмайды әрі жіңішке дауыстылар таңбасын ажыратуда да маңызды.

Сонымен қатар  тілшілер тарапынан  Ұ, Ү, У таңбаларын беруде де диакритикалық белгілерді пайдалану ұсынылып отыр.  Әліпбиде Уу ерін дауыссызын (Uu) халықаралық таңбасымен ұсынып, қалған Ұ және Ү еріндік дауыстыларды беруде макрон  және умлаут таңбалары қолданылады. Бұл пікірмен де толық келісуге болады. Себебі макрон таңбасы халықаралық әліпбиде жуан дауыстыны белгілеуде пайдаланылады. Практикалық жағынан алғанда да бұл таңбаны меңгеруде  қиындық тудырмайды. Төменде берілген  үш дыбыс ерін дыбыстары қатарына жатады:

Сондықтан ерін дыбыстарды  ұқсас таңбамен беру теориялық жағынан да, практикалық жағынан да маңызды.

Ғалымдар әліпбиде  Ғғ (Ğğ) әріпін беруде де диакритикалық таңба пайдалануды ұсынып отыр. Бұл  - бревис таңбасы. Жалпы халықаралық практикада қысқа дыбысты беруде пайдаланылатын  диакритикалық белгі болып табылады. Қазақ тіліндегі Ғғ дыбысы айтылу орнына қарай тіл фонемалары,оның ішінде  қысқа айтылатын тіл арты фонемасына жатады. Теориялық тұрғыдан Ғғ фонемасына берілген таңба дұрыс. Сондықтан Ғғ фонемасына  бревис таңбасы қолайлы әрі тиімді болады.

Әліпбиде  әріпін беруде де диакритикалық таңба пайдалану ұсынылады. Бұл – n әріпін тильда белгісімен таңбалау. Жалпы халықаралық практикада ң дыбысын беруде пайдаланылатын диакритикалық белгі болып табылады. Сондықтан Ңң фонемасына тильда диакритикасы қолайлы әрі тиімді болады.

Сонымен қатар тілші ғалымдар Шш әріпін беруде  Şş седиль таңбасын ұсынып отыр. Бұл халықаралық фонетикалық әліпбиде  седиль таңбасымен ызың дауыссыз дыбыстарды беру кездеседі. Қазақ тіліндегі Шш дыбысы да ызың (фрикатив) дауыссыз дыбыстар қатарына жатады. Сондықтан берілген таңба дыбыстың табиғатына толық сай келеді.

Бұл диакритикалық таңбалар латыннегізді көптеген тілдерде пайдаланылады. Ғалымдар тарапынан ұсынылып  отырған диакритикалық таңбалар тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне сай қолданылса, оның дыбыстық мазмұнын толық ашса, әр диакритикалық таңбаны қызметіне сай неге пайдаланбасқа?

Сонымен, 7 әріп диакритикалық таңбамен беріліп отыр, оның 4-еуі дауысты, оның ішінде 3 жіңішке дауысты умлаут белгісімен жуан дауысты Ūū макрон белгісімен берілді. Дауыссыз дыбыстардың 3-еуі, оның ішінде Ğğ бревис таңбасымен,  тильда таңбасымен берілсе, Şş әріпасты седиль таңбасымен беріліп отыр. Бұл диакритикалық таңбалар әліпбидегі әріптеріміздің табиғатын толық ашады деген ойдамыз.

 Ләззат Еспекова, Қарлығаш Сарекенова

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963