Интернет-конференция: Еркебұлан Ілиясов (жалғасы)
- Өзің сол зауытта жұмыс істеп көдің бе? Әлде аяқ-астынан бастық болып шыға келетіндердің қатарынансың ба? Ондай жерде басшы болу үшін адамның білімі, жұмыс тәжірибесі болуы керек. Осы жағың осал болмаса неғылсын...
- Өзім сол зауытта 2008-2010 жылдары жұмыс жасадым. Аяқ-астынан бастык болып шыға келген жоқпын. Қолымды трансформатор майына малып қара жұмыс істедім. Зауытқа жаңадан келген жас мамандармен қатар дізе қосып, қол ұстасып бірге тер төктік. Өз жобаларымды енгізіп, қазір соның нәтижесін зауыт көріп отыр. Егер білімің мен жігерің, қабілетің болса, неге қатардағы жұмыскер болып зауытта 40 жыл жүре беру керек?!
-Жас мамандарға арналған «Дипломмен - ауылға» акциясы дұрыс деп ойлайсыз ба?
- Өзің сол зауытта жұмыс істеп көдің бе? Әлде аяқ-астынан бастық болып шыға келетіндердің қатарынансың ба? Ондай жерде басшы болу үшін адамның білімі, жұмыс тәжірибесі болуы керек. Осы жағың осал болмаса неғылсын...
- Өзім сол зауытта 2008-2010 жылдары жұмыс жасадым. Аяқ-астынан бастык болып шыға келген жоқпын. Қолымды трансформатор майына малып қара жұмыс істедім. Зауытқа жаңадан келген жас мамандармен қатар дізе қосып, қол ұстасып бірге тер төктік. Өз жобаларымды енгізіп, қазір соның нәтижесін зауыт көріп отыр. Егер білімің мен жігерің, қабілетің болса, неге қатардағы жұмыскер болып зауытта 40 жыл жүре беру керек?!
-Жас мамандарға арналған «Дипломмен - ауылға» акциясы дұрыс деп ойлайсыз ба?
- Әрине дұрыс. Қалтасына бірнеше диплом салып алып қалада сенделіп жүрген замандастарымыз аз емес. Базар жағалап арба сүйреп жүргендері де баршылық. Көшеде жұмыс іздеп тұрғандары да бар. Алған мамандығы басқа да, істеген жұмысы бөлек құрдастарымыз да аз емес. Бұл жоба соларға көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Әрине бұл жобаның да аздаған кемшілігі барын айтып өткім келеді. Кейбір жастар инфра-құрылымы жоқ, әлеуметтік мәселелері шешілмеген елді мекендерге кетті емес пе? Олардың болашағы не болады? Мүмкін оларға қалада қалуға жағдай жасағанда ғылымға, экономикаға қажетті жоба ойлап табар ма еді, кім білсін. Негізінен қазақ жастарын ауылға емес, қалаға қалдыру жағын ойластыру дұрыс сияқты. Қала қазақстануы керек. Қала қазақтанса, тіл мәселесі де, өзге де мәселелер өздігінен шешіле берер еді.
- Еліміздегі жастар саясатын дамытуға сіз қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
- Білімі жоғары, бойында жігері күшті белсенді жастарды мемлекеттік қызметке және бизнес саласына көптеп тарту керек деп ойлаймын. Және сол салада белгілі бір нәтижеге қол жеткізген азаматтарды үздіксіз көтермелеу керек. Ол қай салада істесе де. Ауыл жастары әсіресе қоғамдық жұмыстардан тыс қалып жатыр. Енді көңілді ауыл жастарына көбірек бөлу керек. Қаптаған қоғамдық бірлестіктер елді мекендегі жастар жайында қандай іс-шара атқарғанын мен естімеппін. Қала жастарына қоғамдық жұмысқа араласуға мүмкіндік көп. Сондықтан ауыл жастарына осы тұрғыдан жол ашу қажет.
- Техникалық білім алған жастардың көбісі шетелге кетіп жатыр. Көбісі дегенде аса талантты, өнертапқыштарын айтып отырмын. Осындай миларды елде ұстап қалу үшін не істеуіміз керек? Тек әлеуметтік жағдайын жақстартуымыз қажет деген жаттанды жауап айтпаңызшы. Асель Астана
- Қалай болғанда да алғашқы кезде жоғары жалақы болмайынша мықты маманды ұстап тұра алмайсың. Ол өмір тәжірибесінен анықталған. Егер сен білікті болсаң, неге жоғары жалақысы бар жұмыс істемеуге?! Бұл жөнінен де мемлекеттік дұрыс көзқарас болу керек. Әрине көптеген мықты да, білікті мамандар шетелге кетіп қалды. Біріншден, ол жақта жалақы жоғары. Екіншіден, ертеңгі өмірің үшін алаңдамайсың. Үшіншіден, миыңа сенсең, мақсатыңа кедергісіз жетесің. Әдетте білімі толысқан адамдар заң салтанат құрған қоғамда өмір сүруді қаласа керек.
- Мемлекеттік тілдің рөлін арттыру бойынша қандай жоспарларыңыз мақсаттарыңыз бар?
- Әркім өз саласы бойынша қазақ тіліне қызмет етуі тиіс деп санаймын. «Жас маман» ҚБ осы тұрғыда алдағы күндері нақты жұмыстар атқарады. Біз техникалық терминдерді аударуға арнайы мамандарға тапсырыс беріп отырмыз. «Алагеум электрик» АҚ қызметкерлері түгелімен мемлекеттік тілде біледі десем артық айтқандық емес. Сонымен бірге біздер «Атамкен» одағы экономикалық палатасының төрағасы А.Мырзахметовке еліміздегі бизнесмендер іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізсін деген ұсыныс жолдамақпын. Бизнес саласында да терминдер бр ізге түсуі керек деп санаймын. Кейбір термин сөздердің баламасын таба алмай жиі қиналамыз.
- Еркебұлан жоғары білімді қай жерден алдыңыз. Жалпы Қазақстандық Жоғарғы оқу орындарының білім беру деңгейін қалай бағалайсыз?
- Мен жоғары білімді Алматы қаласынан алдым. Алматы энергетика және байланыс институтында оқыдым. Қазір ол университет болып өзгерді. Біздің елдегі жоғары оқу орындарындағы білім беру кемшіліктері туралы білікті мамандар өз пікірлерін жиі айтып жүр. Солардың айтуынша жиі өзгеретін білім министрлері жеріне жеткізе аяқтамайтын реформаларының пайдасынан зияны көп сияқты. Ал менің бір байқағаным, біздің замандастарымыздың оқуға деген ынта-ықыласының аз. Мені қанжылтатыны осы. Мұндай енжарлықты, болашаққа деген селқос көзқарасты студент кезімде анық байқадым. Сондықтан жастардың білімге, ғылымға деген құштарлық сезімін ояту реформаның ең ұлысы болар еді деп санаймын.
- Астанада Алматыда көптеген қазақ жастары баспанасыз, үйсіз-күйсіз жүр. Қандай да бір әрекет жасап, сатып алайын десе еш мүмкіндік жасалмаған. Осы пәтерінің жоқтығынан олар отбасын құру мәселесін де кейінге шегеріп тастауда. Осы мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз. Әрине Сіз жұмыс жасаған Кентау зауытында барлық жағдай жасалыпты жастар үшін, дегенмен де Астана Алматы жастары үшін де бір қадамдар жасау керек секілді ғой.
- Барлық жасты бір мезгілде баспанамен қамтамасыз ету қиын әрине. Алыс-жақын шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, оны шешудің жолдарын табуға болады. Мәселен, жас отбасыға несиеге үй беріп, әр бала туған сайын соның 20 пайызын үкімет өз мойнына алып отырса көп мәселе шешілер еді. Сонда бес балалы болған отбасыға үй тегін беріледі. Бірінші, бір отбасы баспаналы болады, екінші демографиялық саясат оң шешімін табады. Бұл көп елдерде бар оңай тәжірибе. Элиталық қымбат үйлер салып қыруар пайдаға кенеліп жатқан құрылыс компаниялар неге жастардың қолы жететін арзан үй салмасқа. Оларды осыған міндеттеу керек. Оларға жер алуға, салық төлеуге үкімет көп жеңілдік жасап отыр. Енді олар да жалақымен ғана күн көріп отырған қарапайым халыққа лайық арзан үй салып, мемлекетке көмектессін.
- Еркебұлан қызметіңізге сәттілік тілеймін. Сіздің командаңызға қалай қосылуға болады.
- Рахмет ниетіңізге. Менімен байланыс орнатқыңыз келсе, e.1985@alageum.com электронды адресіме хат жазыңыз. Команда дегеннен гөрі ниеттес болайық деген дұрыс шығар. Мен команда жинап, бірдеңе «бүлдіргелі» жүрген жоқпын. Қазақстан жастарының бәрі ниеттес болуы керек. Ол «елді сүю, елге қызмет ету» деген ұран аясында болуы тиіс.
- Ереке қай партияның мүшесі боласыз?
- «Жас маман» ҚБ-нің мақсат-міндеті «Ақ жол» партиясының тұжырымдамасымен сәйкес келеді. Сондықтан бүгінгі күні біз Азат Перуашев басқарған «Ақ жол» партиясымен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз. Азат Тұрлыбекұлының «Атамекен» одағы экономикалық палатасын басқарған кезінде жас бизнесмендерге көп көмек көрсетті. Сондықтан «Ақ жол» партиясы арқылы «Жас маман» ҚБ-ның атқарған істерін тек Кентау тарсформатор зауытында ғана емес еліміздің өзге де зауыттарындағы жастарға үлгі ретінде көрсетсек дейміз. Өндіріс орындарындағы жастар әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай білімін жетілдіруге, қызметтік баспалдық жасауға сол зауыттың өзі мүдделі болуы керек деп санаймын.
- Бизнес саласында жастар аз. Негізінен бұл салада егде тартқан тәжірибесі бар адамдар жүр. Жастарды бизнеске тартуға үкімет қандай шаралар жасауы керек деп ойлайсыз?
- Базардан арзанға тауар алып соны өз аулына немесе қаласына апарып екі есе баға қосып сатып пайда тауып жүрген адамдар көп. Оны өздері бизнес жасап жүрміз деп санайды. Бұл бизнес емес. Бұл өз қандасын қанау. Бизнес дегеніміз - өзіңнің тауар өндіруің. Әрине бизнес жасау оңай емес. Кейбір жандар бизнес жасайын десем капиталым жоқ деп қиналып жүреді. Ақшасыз-ақ бизнес жасауға болады. Бизнес дегеніміз - тың идея. Жақсы идеяңыз болса, сізге мықты бизнесмен болуға ештеңе кедергі емес. Сондықтан бизнесті ақша емес, идея деп түсіну керек. Осы тұрғыдан келгенде әрине бизнесте жастар аз. Толысып, тәжірибе алған соң олардан мықты бизнесмендер шығарына еш күмән жоқ. Жастарды бизнеске тарту үшін шетелдік кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, солармен тәжірибе алмасу керек. Еліміздегі ірі-ірі бизнесмендер жастарға арнап мастер-класс өткізсе ғанибет болар еді.
- Жас маман қоғамдық бірлестіктің өзге қалаларда филиалдары бар ма? Арман Өскемен
- «Жас маман» ҚБ-ның филиалдарын ашуды енді қолға алудамыз. Әуелі, Астана, Өскемен, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан ашуды жоспарлап отырмыз.
- Өндірістерде жұмыс істейтін жастардың құқы көбінде ескеріле бермейді. Басшыларының ғана айтқанымен жүреді. Ірі өндіріс орындарында жастардың құқын қорғау мәселесі туралы қандай ұсыныстарың бар?
- Бұл мәселемен тиісті құқық қорғау органдары айналысады. Сонымен бірге қоғамдық бірлестіктер де өз көмегін тигізуі керек. Мысалы Кентау трансформатор зауыты жанынан ашылған жас маман клубы зауыттағы жастар мәселесімен айналысты. Нәтиже де баршылық.
- Асыл тастан, ақыл жастан дейди қазақ. Жас болса да бас болып жүрген осындай қара көздерімізді қолдайық та. Өйткені техникалық салада қазақ жастары өте аз. Бәріміз сот болғымыз келеді, бәріміз бастық болғымыз келеді. Алайда бір қалада бір сот, бір әкім ғана болады ғой. Қалғандарына орын қайда. Еркебұланның осы тұрғыда өз замандастарына өз тәжірибесімен бөліскені артық болмас. Шалдардың ақылын тыңдай шаршадық емес пе? Ереке саған мынадай сұрақ қойғым келеді: сенің ойыңша бизнес деген не?
- Бизнес туралы ойымды жоғарыды айттым. Қосымша айтсам, бизнес - елді гүлдендіретін күш.
- Менің пікірім, қазақ орыспен дос болып береке таппайды, "Түркі одағын" жандандыру керек. Осыған көзқарасың қалай? Нағыз аға.
- Құрметті Нағыз аға сіздің «Түркі одағы» жобасын жандандырып, түркі тілдес халықтың бір болғанын қалайтыныңызды түсініп отырмын. Мен де осы идеяны қолдаймын. Орысты жау демейік ағасы. Бір ұлт бір ұлтқа жау болмақ емес. Тек оның саясаты болмаса. Сондықтан қазақ үшін барлық жұртпен дос болу тиімді. Досы көпті жау алмайды демей ме қазақ. Біреумен дос болу үшін екінші біреумен қас болудың қажеті жоқ.
- Қызықты жобаларым бар. Бірақ ақша жоқ жүзеге аспай тұр. Алып барсам қаржы бересіз бе?
- Өкінішке қарай «Жас маман» ҚБ қаржыландырумен айналыспайды. Бұл қоғамдық ұйым. Біз қоғамдық мәселелермен айналысамыз. Сіз жобаңызды банктерге, эксперттік орындарға апарып көріңіз. Егер сіздің жобаларыңыз елге, мемлекетке қажетті болып жатса, оны неге іс жүзіне асырмасқа.
- Үйде қандай қазақы дәстүрлерді сақтайсыз? Қазақ тарихын жақсы білесіз бе?
- Өзім дәстүрі сақталған оңтүстік өңірдің тумасы болғандықтан қазаққа тән барлық дәстүрді ұстанамыз. Мұндай дәстүрді кез келген қазақ отбасы ұстанады деп санаймын. Әрине әлі де қазақ тарихын оқып, білімімді жетілдіруге құмармын. Қазақ тарихы өте бай.
«Абай-ақпарат»