Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қоғамдағы ең бір даулы, күрделі мәселенің өзін ашық талқылауды қалайды. «Айқын» газетіне берген осы жолғы сұхбатында да ол бұл ұстанымынан жаңылған жоқ.
- Жақында сіз Парламент сайлауының кезектен тыс өтуін жақтайтындар қатарында екеніңізді айттыңыз. Сонда бұл қазір Ақордада кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі қызу талқыланып жатыр дегенді аңғарта ма? - Шынымен де кезектен тыс Парламент сайлауының қажеттігі туралы бірнеше мәрте айтқанмын. Себебі біз президент сайлауын өткізіп, 2016 жылға дейін Мемлекет басшысын анықтап алдық. Енді тезірек осы толқынмен парламент сайлауының да өткенін қалар едім. Өйткені 2012 жылы жазда кезекті сайлау болғанда елде жағымды әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуал сақталады дегенге сенімді емеспін. Ақордада ешкіммен бұл мәселені талқылаған жоқпын. Бәлкім, басшылықтан біреу кезектен тыс сайлау жайын ойлайтын да шығар. - Мысалы, Президент пе? Бұл жөнінде Мемлекет басшысымен әңгімелестіңіз бе? - Мен президенттік сайлау өте сала Президентпен осы мәселе туралы сөйлестім. Ол: «Кезектен тыс парламент сайлауын өткізу ыңғайсыз, өйткені президент сайлауы кезектен тыс өтті. Халықаралық қауымдастық не айтады?!», - деді. Сондықтан Президент бәрін Конституция бойынша жасағанды дұрыс санайды. 1 қыркүйекте Мәжілістің сессиясы ашылған кезде ол кезектен тыс сайлаудың болмайтындығын тағы бір мәрте растады. - Дегенмен сайлау мерзімінен бұрын өте қалса, оның қай уақытта болғаны дұрыс? - Онда ақпанның соңы, наурыздың басы. Бәлкім, қаңтардың соңы мен ақпанның бас кезі шығар? Бір сөзбен айтқанда, көктемге дейін өткізген жөн. - Бірақ сол кезектен тыс сайлаудың нәтижесі қазірден белгілі емес пе: «Нұр Отанға» - 80 пайыз, «Ақ жолға» - 20 пайыз?! - Иә, солай шығар. Қазір бұл туралы көптеген сарапшылар «осындай пайыздық қатынас, яғни «Нұр Отанның» 80 пайыз, «Ақ жолдың» ақыры 20 пайыз алуы ең оңтайлысы» деп ашық айтады. - Оқиға өрбуінің басқаша нұсқасы жоқ па? - Оқиғаның басқаша дамуы тек бір-ақ жағдайда: егер барлық оппозиция бір партияға біріксе ғана болуы мүмкін. - Онда оппозиция бір партияға қосылатын шығар? - Менің ойымша, жоқ! - Бәлкім, саяси алаңда жаңа саяси күштер пайда болар? - Егер қазіргі ұсақ партиялар да бір ірі партияға біріксе, солай болуы мүмкін. Мысалы, «Руханият», «Әділет», «Ауыл» бір партияға біріксе... - Ал мүлдем жаңа саяси партиялардың құрылуы мүмкін емес пе? - Жаңа саяси күш жасақтауға мүлдем уақыт жоқ! Сондықтан байырғы партияларды біріктіру жолымен оларды қайта ұйымдастыру керек. - Мәселен, осы аптаның соңында «Ұлы дала» қоғамдық-саяси қозғалысы өз құрылтайын өткізеді... - Заң бойынша қоғамдық қозғалыстар емес, тек саяси партиялар ғана сайлауға қатыса алады. Бәлкім, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы өз сөзін айтып, «Азат» партиясы 7 пайыздық сайлау кедергісінен өтіп кетуге ұмтылатын шығар. Бірақ бұл - өте биік меже, оны еңсеру өте қиын. - Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі партияның қызметін алты айға тоқтатылуын алдағы кезектен тыс парламенттік сайлаумен байланыстырады. Бұл сөз рас па? - Мен Серікболсын Әбділдиннің көзқарасын мақұлдамаймын. Мен - Мемлекет басшысының кеңесшісімін. Егер мен «Әбділдиндікі - дұрыс» десем... - Қазіргі басшысы - Ғазиз Алдамжаров... - Әбділдин де осы туралы айтқан. Онда мен: «Сот шешімінің саяси астары бар» дегендей болар едім. Олар үлкен қателіктер жіберді. Ең бірінші, Компартияны қашып жүрген миллиардер Мұхтар Әблязов қаржыландыратынын бәрі біледі. Ол елден шығарып алып, банктен 12 миллиард доллар әкетті ғой. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тіпті Англияның өзінде оның шоттары тұтқындалды. Компартияның қылмыскердің ақшасын пайдалануы - өте өрескел, саяси және құқықтық қателік. Партияның қызметін уақытша тоқтатудың бір себебі - осы. Оған қоса тіркелмеген «Алға» партиясының мүшелері уақытша Компартияға өтіп алып, партиялық тізімге енгілері келеді. Бір сөзбен айтқанда, заң бұзушылық шаш етектен. - Соңғы кезде электораттың жаңа бір тобы пайда болған сияқты. Мәселен, Қазақстанға оралған қандастарымыз өз құқықтарын белсендірек қорғай бастады. Олар Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашевті ел алдында кешірім сұрауға мәжбүр етсе, енді «Самұрық-Қазына» қорының жетекшісі, Президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты сотқа беруге ықтиярлы... - Мен оны жоққа шығара алмаймын. Оралмандар - қазір Қазақстандағы бөлек әлеуметтік топ. Мысалы, Америкада польшалық, ирландық, латынамерикалық, орыстекті америкалықтар бар. Олардың бәрі - өздерінше бөлек-бөлек әлеуметтік топ. Барлығы бірдей ағылшынша сөйлегендерімен, өздерінің әдет-ғұрыптарын сақтап қалған. Оралмандар, әрине, басқа қазақтардан ерекшеленеді. Сондықтан оралмандар ретінде электораттың бір бөлігі қалыптасқанын растаймын. - Айтпақшы, Маңғыстаудағы жұмысшылардың ереуілі орасан зор экономикалық шығын әкелгендігі айтылады. Онда неге бұл мәселе жарты жыл бойы шешімін таппады? Оның шешу жолдары жоқ па?! - Шынымен, бұл ереуіл мұнай өндіруде экономикалық шығынға соқтырды. Бірақ бұл - «Қазмұнайгаз», шетелдік компания үшін (бұл кәсіпорындағы 50 пайыз үлес қытай компаниясына тиесілі) принциптік мәселе. Жаңаөзендегі мұнайшылардың жалақысы - Қазақстан бойынша ең жоғары болып саналады. Олар орташа 230 мың теңге және одан да жоғары алады. Бұл - Қарағанды шахтерлері, Теміртау металлургтері, «Қазақмыс» жұмысшылары жалақыларынан да жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, ереуілшілер талап еткендей, оны 100 пайызға көтеру мұнай өндірушілер үшін рентабельды болмай шығады. Онда бүкіл кен орындарын жауып, мұнайды Ресейден немесе Колумбиядан сатып алған жақсы шығар?! Мысалы, 30 жыл бұрын Англияда шахтерлер ереуілге шықты. Сонда сол үшін «темір леди» атанған Маргарет Тэтчер бүкіл шахталарды жауып тастады. Ол: «Көмірді Польшадан, Ресейден сатып аламыз!» деді. Өйткені ағылшын жұмысшылары да жалақыны көтеруді талап етті. Айналып өтуге болмайтын экономикалық заңдылықтар бар. Егер жалақыны өсірсе, онда мұнай бизнесінің өзі тиімсіз болып қалады. - Дегенмен мәселе осылай шешілмей тұра берсе, сайлау науқаны қарсаңында ол мүлдем қиындап кетпей ме? - Әрине, бұл жағдай парламенттік сайлау компаниясы алдында ушығып кетуі мүмкін. Биліктің қателігі неде? Осының бәрін халыққа кеңінен түсіндіру керек еді. Үндемей қалуға болмайды!
Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА
«Айқын» газеті
|