Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2158 0 пікір 12 Қазан, 2011 сағат 08:00

Әбдірашит Бәкірұлы. Жиырма жылда қандай мемлекет құрдық?

  • Герольд Бельгерге жауап беру әрекеті

«Менің түсінігімде - Қазақстан социализмді сол күйі орната алмады. Енді, міне, жөні түзу капитализм де құйрығын ұстатар емес. Сонда біз қандай қоғам орнатудамыз? ...Арамыздан біреу шығып, осыны маған түсіндіріп бере ала ма? Әйтпесе сипаланған соқырдай, оңы қайсы, солы қайсы екенін ұқпай қалдық қой...»

(Герольд Бельгер. «Тасжарған», №7, 18 ақпан 2009 ж.

«Кәлләні торлаған ойлар». («Плетенье чепухи»). Бесінші дәптер.

Герольд Бельгер ағамыз дұрыс сұрақ қойып отыр. Қоғамның қай бағытта, қалай дамып бара жатқанын, болмаса кері кеткен тұстарын, не нәрсе кедергі болып отырғандығын біліп отыру - еліміздің әрбір азаматына міндет. Өйткені азаматтардың біліктілігі мен белсенділігі азаматтық қоғамның басты ерекшелігі саналады.

  • Герольд Бельгерге жауап беру әрекеті

«Менің түсінігімде - Қазақстан социализмді сол күйі орната алмады. Енді, міне, жөні түзу капитализм де құйрығын ұстатар емес. Сонда біз қандай қоғам орнатудамыз? ...Арамыздан біреу шығып, осыны маған түсіндіріп бере ала ма? Әйтпесе сипаланған соқырдай, оңы қайсы, солы қайсы екенін ұқпай қалдық қой...»

(Герольд Бельгер. «Тасжарған», №7, 18 ақпан 2009 ж.

«Кәлләні торлаған ойлар». («Плетенье чепухи»). Бесінші дәптер.

Герольд Бельгер ағамыз дұрыс сұрақ қойып отыр. Қоғамның қай бағытта, қалай дамып бара жатқанын, болмаса кері кеткен тұстарын, не нәрсе кедергі болып отырғандығын біліп отыру - еліміздің әрбір азаматына міндет. Өйткені азаматтардың біліктілігі мен белсенділігі азаматтық қоғамның басты ерекшелігі саналады.

Адамзат тарихы осы уақытқа дейін әлденеше мемлекет түрлерін өмірге келтірді. Олар - түркі жұртына етене жақын байырғы қағанаттар (хандықтар), әлемді тітіренткен империялар, халифаттар, толып жатқан монархиялық, диктатуралық, тотолитарлық, республикалық және автократтық мемлекеттер. Күні кеше ғана әлем социалистік және капиталистік атты екі лагерьге бөлінгенін де көз көрді. Бірақ таңдау азаматтардың еркіндігі мен құқы қорғалған, әлеуметтік бағдарлы, экономикада тең бәсекелестікке негізделген демократиялық қоғамға тоқтады.

Ал тәуелсіздік алғалы 20 жылда біз құрған мемлекет осылардың қай түріне жатады? Жиырма жыл аз уақыт емес. Осы уақыт бізге өзіндік даму жолын айқындаған мемлекет құру ісін тиянақты аяқтап шығуға әбден жеткілікті болды. Не нәрсеге қол жеткізе алдық? Қандай межеге келіп тірелдік?

Қазір мемлекетімізді демократиялық дейін десем, онда елімізде орын алып отырған антидемократиялық көріністерді қайда жасырарымды білмеймін. Мәселен, демократиялық елдерде митингілер өткізу үшін биліктің арнайы рұқсаты қажет емес. Оны өткізушілер билік органдарын алдын ала ескертеді, сол жеткілікті. Билік митингідегі қауіпсіздікті және заңнан тысқары әрекеттер болмауын қамтамасыз етуді мойнына алады - мәселе осымен бітеді! Ал бізде, шын мәнісінде, жергілікті халықтың талап-тілегі әлі күнге дейін бір әкімнің құзырында: көкте - Құдай, жерде - әкім демекші... Оның көңілі қош болса - халыққа «мұң шағатын» бір бұрыш бар, ал «сіркесі су көтермей» тұрса - үнін өшіре салады.

Ал сайлау туралы айтқанда, адамның жылағысы келеді. Шындыққа жүгінсек - билік сайлауды ойыншыққа айналдырып жіберді. Алдын ала «пәленше пайыз, түгенше дауыс береді» деп жариялайды. Одан кейін осы «міндеттемені» орындау үшін бел буып, заңды бұза-мұза сайлауға араласады.

Әркімнің таңдау құқына шектеудің небір өрескел түрін қолдануға барады. Күні бүгінге дейін сайлаудағы сорақы заң бұзушылыққа мемлекет тарапынан ешқандай құқықтық баға берілген емес. Оның себебі де түсінікті, бұл - қазіргі атқарушы биліктің халықтан «тәуелсіз» мемлекет құрып алғандығы болса керек. Тәуелсіз билік өз әрекетінің заңға қайшылығын ешқашан мойындамайды. Осы екі мысалдың өзі біз көтерген сұраққа жарым-жартылай жауап беріп тұр...

Биліктің байыпты саясаты - мемлекетті дамытады, немесе, керісінше, қате саясат - оны күйретеді. Біз «нарық қатынасын орнатқан мемлекет құра алдық» деп әлемге жар салудамыз. Иә, шынында да, еліміздегі пайда табуды көздейтін кәсіпкерлер тобының пайда болуы - нарықтық экономика көрінісі. Еркін айналым жағдайында капиталдың ірі корпорациялар мен капитал қожаларының (қаржы олигархтары) қолдарына шоғырлануы да - нарықтық құбылыс.

Дегенмен, осы мәселелердің мазмұнына үңілер болсақ, тіптен бөлек құбылыстар екенін байқаймыз. Бәсекелестікке негізделген классикалық капитализмде аса ірі байлар байлыққа сауда, тауар өндірісі, немесе жоғары технологияны меңгеру және т.с.с. арқылы қол жеткізеді. Қалай болғанда да маңдай терін төгеді. Бұл - капитализмнің бұлжымас заңы.

Ал көптеген сарапшылардың пікірінше, біздегі «қазақстандық капитализм» ондай жолдарды бастан өткерген жоқ. Біздегі жеке меншік кәсіпорындар мен қаржылық топтар түгелдей дерлік бұрынғы мемлекеттік меншікті жекешелендіру кезiнде пайда болды.

Бүгінгі ірі меншік иелері жекешелендіру кезінде заңсыз әрекеттер арқылы ұлттық байлықтың басым бөлігін қолына алды. Сондықтан олар - «квазикапиталистер». («Квази» - нәрсенің алдамшы көрінісі. - Ә.Б.).

Сөйтіп қазақстандық экономика флагмандары капитализм елдеріндегідей еркін нарықтық бәсеке сатысынан өтпей, бірден экономиканың бар саласын қамтыған өндірістік-қаржылық топтар ретінде жарқ етті. Ал қоғамның негізі - шағын және орта бизнес дамымаған күйінде қала берді.

Жекешелендіру қауырт жүрді. Оны өткізудің реті мен заңдық базасы да дұрыс жасалмады. Үкіметтің «Шаруашылық басшыларының өздері 20 жылдан астам басқарған өндірістің 40% үлесін иемденуі туралы» Қаулысы конституциялық заңға сай болмаса да, ол жеңілдікті кездейсоқ адамдар молынан пайдаланды. Әрине, таза прагматикалық тұрғыдан «іскер басшылар шаруашылықты жеке меншік негізде әрі қарай дамытады» деген үміт болғаны рас.

Алайда бұл шараның ондай ізгі мақсатқа жетуінің өзі күмәнді еді. Себебі оңай олжаға кенелген, бәсекелестік арқылы даму қажеттігін мойындамайтын, еңбек ресурстары мен өндіріс қуатын, қазба байлықты мақсатты, яғни халықтың («өзінің де» деп ұғыңыз) болашағы үшін пайдалана алмайтын, үнемшілдік пен іскерлік қабілеті төмен, тек қана оқыс қоғамдық жағдайды бас пайдасына шешуді көздеген «элита» оған қабілетсіз болып шықты.

Ниет мен пиғыл бас пайдадан аспайтын жерде мемлекетшілдік қасиеттен жұрнақ та қалмайды. Керісінше, тоғышарлық жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қалқиып өре түрегеледі. Сол себепті де бізде мемлекет пен халық тағдыры белгілі бір топтардың мүддесі төңірегіне тоғысты. Тұрмысы оңала алмай жатқан жұрт тек бүгіндері ғана үнемі айтылатын «халық үшін», «ел үшін» деген ұрандардың шындықтан қаншалықты алшақ екендігін ұға бастады. Оның айғағы ретінде халықтық мүлікті иеленгендердің оны талан-таражға салғанын, бұрынғы өндірісті толықтай қиратқанын, ал өздері қол жеткізген байлықты «көз көрмес, қол жетпес» жерлерге тығуға әрекеттеніп жатқанын айтса жеткілікті. «Жер байлығына иек артып, ел болып еңсе көтереміз» деген басты үміт желге ұшты. Ең бастысы, «жаңа байлар» «жеке меншік - өндірісті дамытушы күш» деген ережені мойындамады. «Ереже» біздің жағдайға сәйкес болмай шықты.

Металл сынықтарына айналған ірі өндіріспен бірге ауыл экономикасы да қатты тұралады. Енді оны көтеру үшін ондаған жылдар қажет екені анық. Осылайша мұнай мен басқа қазба байлықты сатудан түскен қисапсыз ақша онсыз да заманауи өндірістер ашуға бейімі мен білімі жетіспейтін біздің байларды «ас та төк» өмір қызығы артынан жетектеп кете барды... Іскерлері - әрі кетсе ресторан мен базар ашудан аса алмады... Қалған уақытта бәсекенің тоғышар түрін ермек етіп, бас-басына сарайлар салғызды, қымбат-қымбат көліктерді мінді...

Мейлі ғой, біреудің дүниесіне көз алартпаймыз. Бірақ осындай сипаттағы тоғышарлық бүкіл қоғам үлгі тұтарлық сәнге айналып, жалпы жұрттың іскерлік-кәсіпкерлік қабілетін басқа арнаға бұрып жібергенін көргенде - оның қаншалықты қатер екенін анық түсінеміз... Сөйтіп, нарық біздің жағдайда тек қана сауда-саттық, алыпсатарлық күйінде көрініс тапты. Бұл - жартыкеш, шалажансар және ең тұрақсыз «капитализм» түрі.

Сарапшылар «мәселе тек жекешелендіруде ғана емес, оны «болып, бояуы сіңген» іс деп қабылдау қажет, мәселе не себептен бізде, өкінішке қарай, капитализмнің осындай ең тиімсіз моделі қалыптасқанын анықтауда жатыр» дейді. Сосын өмірлік маңызы бар «осы тақілеттес түсініксіз мемлекеттік құрылыммен дағдарысқа енген Қазақстан әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қалай шеше алады?» деген сұраққа жауап іздеу қажет дейді.

Аты-жөнін көрсетпеуді қалаған профессордың айтуынша: «Жекешелендіру басталған кезде іскер адамдарға екі жақтан қауіп төніп тұрды: біріншісі - «төменнен». Ол - қылмыскерлер мен «қара күш» иелерінен (әртүрлі бұзақы топтар), ұйымдасқан «рэкеттің» кәсіпкерлікті (пайда көзін) бақылауға алуы болса, екіншісі «жоғарыдан» - мемлекеттік шенеуніктер тарапынан орын алды.

Олар жекешелендіру кезінде бизнес құрылымдардың меншік үлесіне астыртын кіре бастады. Бұл өндірістік-қаржылық топтардың өзара тиімді одақ құруына, нақты айтқанда, шенеуніктер мен бизнес өкілдерінің ымыраласуына әкелді. Билік пен меншіктің, экономика мен саясаттың өзара сыбайласқан байланысының әлеуметтік механизмі осылай пайда болды. Ондай жағдай бұрынғы кеңестік республикалардың барлығында дерлік (соның ішінде Қазақстанда да) орын алды. Зерттеулер оны растайды».

Біздің капитализм сыртқы формасы жағынан монополиялық сипатта қалыптасты. Бірақ біздегі монополия нарыққа сәйкес фирмалардың қарқынды жұмыс істеуімен, нарық жүйесінде толық иелік етуге ұмтылысымен, өз бәсекелестерін сапаны артыру, әрі бағаны төмендету арқылы ығыстыру жолымен қалыптасқан жоқ. Қазақстандық монополия, нақтысында, бас пайдасын көздеген шенеуніктердің мемлекеттік тапсырысты өздерінің қатысы бар фирмаларға беріп, сол арқылы мемлекеттің реттеуші мүмкіншілігін молынан пайдалана отырып, қарсыластарын нарықтан ығыстыру арқылы күшейді.

Мемлекеттік құрылымдар болса (СЭС, өрт сөндіру, салық, кеден, банк, жер комитеті т.б.) осы фирмаларды қорғауға (сыбайластықты жоққа шығара алмаймыз) қызмет етті. Сондықтан да нарық жүйесінде санаулы ғана ірі корпорациялар үстемдікке ие. Олар бүкіл нарықты өзара бөлісіп, толық бақылауда ұстауға қол жеткізді. Бағаны да өз еріктерімен қою мүмкіншілігін сақтады.

Елімізде ірі жеке меншік иелері ішкі тауар өндірісін дамытуға инвесторларды тарта алмауда. Көбіне олардың ұсынған жобасына шетелдік инвесторлар қызығушылық танытпайды. Өйткені шетелдік компаниялар Қазақстанның қазба байлыққа байланып, соны ғана сатып күн көруіне мүдделі. Олар, негізінен, пайдасы мол, шығыны аз шикізат көздеріне қаржы құюды көксейді. Неге? Өйткені аз шығынмен мол байлыққа кенелуге жергілікті билік мүмкіндік беріп отыр. Ендеше оларға «жаңа өндіріс» секілді машақаты көп тәуекелге барудың қажеті не? (Кезінде шетелдік компанияларға ұсынылған жерасты қазба байлық көздері сонау кеңестік кезден барланып, игерілген, немесе игеруге толық даяр еді. Мұнай қабаттары алғашқы фазада, яғни жер бетіне жақын орналасқан болатын). Оның үстіне өзге табыс көзі молайған сайын, мемлекет таусылмалы қазба байлығын үнемдеуге, болашақ үшін сақтауға бет бұра бастайтынын олар да жақсы біледі. Сондықтан Қазақстанды неғұрлым көп уақыт бойы «мұнай допингінде» ұстап тұру - олар үшін аса тиімді тәсіл.

Өткен «жекешелендіру» науқанында бірқатар ірі мұнай көздерінің жеке адамдардың иелігіне өткені жасырын емес. Бірақ олар одан тезірек «құтылуға» (сатуға) асықты. Бұл сауда әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Неге? Оның да себебі сол баяғы тоғышарлық менталитетте жатыр. Оларға мемлекет мүддесінен гөрі айналымы мен қайтарымы тез қағаз ақша (доллар) қымбат. Әрі жерасты байлығын шетел банкілеріне апарып тыға алмайсың ғой... Сондықтан болар, қоғам тарапынан «мемлекет өзінің реттеуші мүмкіншілігін қалайша қолдан беріп қойды?» деген заңды сұрақ тууда.

Бұл сұрақтың тәуелсіздік мәселесіне тікелей қатысты бар. Мысалы, үкімет бұрынғы келісім-шарттардағы «қазақстандық мазмұн» мәселесін енді ғана, «шетелдіктер Қазақстанда өндірістер ашады» деген үміт ақталмаған соң және дағдарыстың жаңа толқыны келіп, экономикалық жағдайымыз ушыға бастаған кезде көтере бастады. Ал біз сол кездері өндіріс ашуды, оған қазақстандықтардың тартылуын, жұмысшылардың жалақысында алалаушылықтың болмауын және т.с.с. мәселелерді мемлекет әлеуетін қолдана отырып қамтамасыз еткенде - онда біз елде «адам капиталын» дамытатын, қоғамды алға сүйрейтін инвестициямен қамтамасыз ете алар едік. Әртарапты экономика мен мәдени даму мәселелері де бұдан гөрі қарқынды шешімін табар еді. Ғылым мен білім, денсаулық мәселелері де бүгінгі күйден әлдеқайда жоғары болар еді.

Біз болсақ осы қарапайым ақиқатты ұғу үшін шетелдіктердің заңдарымызды белден басуын, жағдайымыздың тұралай бастауын күтіп отырдық. Бұл - элитаның басты қателігі.

Экономикалық теорияда мұндай капитализм түрі - номенклатуралық (бюрократиялық) кәсіпкерлік деп аталады. Онда шенеунік пен кәсіпкердің арасы ажырамаған, көбіне екеуінің рөлін бір субъект ойнайды. Мұнда шенеунік - мемлекеттік қызметкер ретінде бақылаушы, сонымен қатар кәсіпкер ретінде - нарықтық қатынасқа қатысушы (қосымша табыс табушы).

Бір сөзбен айтсақ, қазақстандық қоғамда шенеуніктер мен кәсіпкерлердің ымыраласқан симбиозы (екі басты айдаһар сынды) пайда болды. Ал бұл - құқықтық-демократиялық қоғамның табиғатына жат нәрсе. Бұл «капитализм» қоғам мен экономиканың дамуына қолайлы жағдай туғыза алмайды және мемлекет азаматтарының жаппай іскерлік белсенділігін оятуға стимул бола алмайды.

Осы айтылғандармен бірге біздің мемлекеттікте мынадай екі мәселенің басы ашылмаған күйде тұр: олар - «нарыққа араласпау» және «өзін-өзі шеттеу». Біздің ойымызша, либералистік принциптерді ұстанған мемлекет нарықтық экономиканың дамуына қолбайлау болмау үшін оған мейлінше араласпауға ұмтылады. Дұрыс. Бірақ біздің жағдайда бұл принцип «мемлекеттің экономикалық қатынастардан «толық шет қалумен» алмасты. «Шет қалу» принципі тек экономикада ғана емес, сонымен қатар қоғам өмірінің барлық саласында, әсіресе әлеуметтік салада өткір көрініс табуда. Мысалы, бізде «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жоққа тән. Әсіресе елдегі банкілік қызмет одан аулақ болғанды қалайды. Қайта оларға қарағанда шетелдік бизнес құрылымдары біршама тәуір. Сондықтан дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде мемлекет тарапынан жеткілікті бақылау мен реттеудің болмауын, мемлекеттің өзіне конституциялық заңмен жүктелген міндеттерді толықтай атқармай, ұлттық мүддені жеткілікті дәрежеде қорғамай отырғанын шындық деп мойындау қажет.

Банкілер демекші, әрине, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде банктерге қолайлы жағдай туғызу қажет. Сондықтан да мемлекет осы саладағы барлық заңнамалық базаны банктерді қолдауға құрғаны өрескел қателік те емес. Бірақ бұл қолдау оларға не үшін жасалды? Олар шағын және орта бизнесті ынталандыруға жеткілікті көңіл бөледі деп жасалған жоқ па? Әсіресе азық-түлік қауіпсіздігінің негізі - ауылды дамытуға септігін тигізер деген үміт биік тұрды ғой. Ал олар болса ондайға еш құлықсыз. Олардың бұл қадамы түбінде қазақстандықтардың әлеуметтік мүддесіне зиян келтіреді, келтіріп те жатыр. Сондықтан ең дұрысы - Қазақстанда нарықтық экономиканың «қаңқасы» құрылған сәттен бастап экономиканы әлеуметтік бағытқа бұру қажет еді. Бірақ билік ондай талап қоймады. Сол себепті де осындай «картбланш» алған банкілер мен ірі бизнес тек өз пайдасына жұмыс жасауды жалғастыра беруде. Осы себептен қазақстандықтар өз өндіргіш күштерін сапалы дамыту қабілетінен ажырап қалды. Әсіресе тәуекелі мол мал және егін шаруашылығы қиын жағдайда. Мысықтабандап қана алға жылжып келеді.

Біздің кәсіпкерлердің пайдасының қомақты бөлігі шеттен тасылатын тауарлар есебінен болып отыр. Ал осы жолмен ондай пайданы қуа берсек, ішкі өндірісті өндіруге ешкім қызықпайтын болады. Кезінде осындай сауда-саттық өтінде тұрған талай мемлекеттер бір дауылдан (форс-мажорлық жағдайдан) аман қала алмағаны тарихтан белгілі. Капитал ел экономикасына тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуі үшін әлемдегі әйгілі капиталистерден үлгі алудың еш айыбы жоқ.

Мысалы, миллиардер Генри Форд: «Менің зауыттарым тұрақты жұмыс істеуі үшін, мен өз жұмысшыларыма өздері жасайтын автомобильдерді сатып ала алатындай жалақы төлеуім қажет. Сонда бұл менің өз пайдамды ойлағаным болады. Жоғары жалақы беру үшін мен өндірісті де жетілдіріп, барлық жұмысшы-қызметкерлерімнің де біліктілігін үнемі арттырып отыруым қажет», - деген екен. Сол айтқандай, біз де мемлекетті дамытуға «жаппай тұтынушылар», яғни «тұрмыс деңгейі өте жоғары қоғам» құру арқылы ғана жете аламыз. Мұндай жағдай туса - бизнес те өзінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мәжбүр болады.

Қазіргі мақсат - ұлттық экономикалық өрлеу. Ол үшін мемлекет мүмкіндіктерін толық қолданып, ұлттық бизнесті ұлттық мүддеге бұру қажет. Бизнес жеке пайдасын ғана ойламай, алдымен мемлекет пен халықтың да жағдайын ойлауға міндетті. Мемлекет пен халық - бизнес отырған бұтақ, оның тұғыры.

Олар болмаса, жеке «капиталистердің» байлығы - өзгелердің көз құрты! Осындай принципті ұстана отырып, үкімет қазіргі реформалардың қандай мақсатта жасалып жатқанын халыққа түсінікті етіп жеткізуі қажет. Бүгінде олардың нақты мақсаты түсініксіз болуына байланысты қоғам мүддесі мен реформалар арасында байланыс жоқ. Содан барып мемлекеттік жобаларда әрбір адамды нақты істерге жетелейтін, оның тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған мағына жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде реформалар осындай мағынамен толыққанда ғана сәтті аяқталғаны анық. Ендеше қазіргі билікке өз азаматтарының сенімінен және де кез келген уақытта биліктің өз азаматтарынан қолдау таба алуынан артық маңызды нәрсе болмауы тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды шартты билік іске асырмай отыр. Жалықтырған жалаң ұрандардан әрі аспауда. Яғни, мұнда да «билік бір бөлек, халық екінші бөлек» күйде қалған десе болады.

Сол себептен болып жатқан қайта құруларға, үкімет ұсынған бағдарламаларға деген сенім аз. Дағдарыс дендеген сайын, сенім азая түсуде. Кезінде үкімет пен парламенттің жағдайды алдын алуға толық мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, олар бұл мүмкіндіктерді пайдаланбады. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясаты (дағдарыс жағдайында) үмітті ақтамауы - елдегі саяси ахуалды шиеленістіріп, қоғамдық ұйымдар биліктің жауапкершілігі туралы ашық айта бастады. Шынында да, беделмен бірге жауапкершіліктің қатар жүретінін кез келген биліктің ұмытпағаны абзал...

Сонымен Г.Бельгер ағаға жауапты немен түйіндесек екен: «Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, еркін нарықтық, әртарапты экономикасы бар, барлығы заң алдында тең, азаматтардың құқы заңмен қорғалған, көлеңкелі бизнес пен сыбайластыққа орын қалмаған, болашағына сенімді, мәдениетті, оқыған-тоқыған азаматтар өмір сүруші, ұлттық келбеті айшықталған қоғам құрдық», - дейміз бе, әлде басқаша айтамыз ба? Болмаса: «Бұл тек қиял, бірақ еліміздің ұлттық мүддесіне сәйкес келетін қиял, сондықтан бәрібір де жүзеге асатын қиял!» - дейміз бе?

Дегенмен, біз Герағаның нақты сұрағына нақты жауап бере алмадық. Бізді де түсінуге болар, өйткені теорияда сөзі мен ісі қабыспай жатқан мемлекет түрі қарастырылмаған. Біздің де қазіргі жағдайымыз осындай екіұдайылық қалыпта тұр: біреулерге (олар аз) - бұл жайнаған ел, біреулерге (олар көп) - бұл кері кетіп бара жатқан ел. Оның үстіне дағдарыс сағыздай созылған сайын, екіншілердің қатары көбейе түсуде.

Қандай да ащы болмасын - халықтан шындықты еш жасыруға болмайды. «Қилы-қилы ертегі» қоғамды жұдырықтай жұмылдыра алмайды. Тек қана шындық пен әділеттілік қана бұл функцияны атқарады. Бірақ қаншама сыншыл болсақ та, шыншыл қоғам орнамай қоймайтынына сену қажет. Себебі, біріншіден, бұл тәуелсіздікті тиянақты етудің жалғыз шарты болса, екіншіден, Гераға өзі айтқандай - қазақ халқының жоғары жасампаздық потенциалы. Уақыт келгенде біз де мемлекет құруда «бірізділікке» түсеміз деп үміттенеміз. Гераға әзірге осыған риза болсын...

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

философ-публицист

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 34 (117) 12 қазан 2011жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543