Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2467 0 пікір 12 Қазан, 2011 сағат 09:28

Манас мектебі сияқты, ең құрығанда, бір мектепті сақтап қала алмағанымыз өкінішті...

Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Марфуға апай, алдымен сізді 75 жыл­дық мерейтойыңызбен құттық­тай­мыз. Жалпы, Абай атамыз айт­қан­дай, ес­ті адам күніне немесе жұмасына бір рет өзіне есеп беріп тұрады ғой. Ал енді 70 деген белесті өткерген ақынның өзіне есеп бермеуі мүмкін емес. Олай болса, жүріп өткен жолыңыздан қандай із кө­ре­сіз? Өткен шаққа мойын бұрғанда, ойыңызға алдымен не келеді?

- Тағдырым - тарихым, ол - менің ғана емес, тұтас қазақ деген халқымның тарихы. Со­нау бір кездер көз алдыма оралады. Қа­пал-Арасанның жоғары жағында Айтқожа жайлауы деген болған.  Атам Айтқожа қажы 14 жасынан бастап билік айт­қан, суы­рыпсалма шешен, төкпе ақын бол­ған. Кейін қажыға барған. Кеңес өкіметі ең ал­ғаш келісімен «бай, құлақ» деп, атамды 70 жа­сын­да аппақ сақалын желкілдетіп итжек­кенге айдап жіберген. Соның салқыны балаларына тиген. Қапал уезінен ең соңғы рет ұсталған 82 адамның бірі - менің әкем. Ұс­таздық етіп жүрген жерінен алып кеткен де, елге «Ғали Айтқожинді Жапонияға ақпарат беріп жатқан жерінен ұстадық» деген. Оқы­ған, орысша, қазақша, арабша білгендіктен, әкемді Кеңес өкіметі «ең қауіпті адам» деп тапқан. Осы І Алматыда «Мүттәйім бағы» де­ген болыпты, ит тұмсығы өтпейтін қалың то­ғай, сол жерде адамдарды тонау сияқты жағдайлар жиі орын алып тұратын ең қауіпті жер екен. Түрмеде орын болмаған соң, ұсталғандардың барлығын айдап әкеліпті де, осы бақтан өздеріне терең шұқыр қаздырып, аузын темір тормен жауып, сонда қамаған. ГПТУ-дың солдат­тары мыл­тық­тың істік жағын тақай, таң атқанша бақылап жүреді екен. Әкем сондай жерден қашқан ғой. Қапал-Арасанның бас жағында Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов сынды ағала­рымыз жыр­лайтын Қора тауы деген бар. Текелі жақтан барсаң, ол - ең биік шың. Түрмеден қаш­қаннан кейін екі айдай әкем сол жерде тығылып жатып, сосын елде қалса, тыныштық бермейтінін білген соң, Қытай асады. Әйелі мен жалғыз қызы, үш ұлы аштан өледі. Тек Айтқожа қажы атамның бауырына салған үлкен ұлы Шаяхмет қана тірі қалыпты. Мен төртінші сыныпты сол ағамның қолында оқып бітірдім. Аға­мның саусақтарының басы бүгіліп тұратын. Сол бүгілген саусақтарымен домбыраны күмбірлете шертіп, ән салғанда таңғалатын едім. Содан бір күні батылым барып: «Шая­х­мет аға, неге сіздің саусақ­тарыңыз бүгіліп тұрады?» - деп сұрап едім, ол кісі мұңайып отырып: «Е, Мәрпетай-ай, оның тарихы ұзақ қой... бала күнде араларында бас көтеретін өзім болғандықтан, аш қалмайық деп қар астынан масақ тердім», - деп жауап берді. Сонда үсіп қалыпты. Мен баланың ең кенжесі болсам, ол кісі - тұңғышы, орта­мыз­дағы Тө­ре­тұрсын, Бала­тұрсын, Құдиярхан дейтін ағаларымның бәрі аштықтың құр­бандары болып кеткенін айттым. Мен шешем әкемнің артынан Қытайға қашып барған соң ту­ған­мын ғой. Сосын барынша әлпештеп, ер­ке­летіп, бетімнен қақпай өсірген. Өзіне бір ты­қыр таянғанын сезді ме, әйтеуір, әкем маған бес жасымда хат танытып, араб және ки­рил­ли­ца әріптерін үйретті. Расында, көп ұзамай Қытай өкіметі Сталинмен ауыз жаласып, осы жақ­тан барған қазақ зиялыларын жаппай түрмеге жапты. Бұл 1941 жыл болатын. Әкем де сол көппен бірге Құлжаның бергі жағында Сейдін қаласындағы атышулы «Айранбақ» түрмесіне қамалды. Сонда әкемді жылына бір рет қана темір қақпаның саңылауынан көре алатынбыз. Сығалап қана қарағанда, маңдайы жарқыраған әкем қол-аяғы кі­сен­деліп келе жатушы еді. Көре сала «Аға!» деп шырқырап жылайтынмын. Сол бір-ақ сәтте саңылаудан тырнақтарының көбесіне шеге қағып, азаптап жатқан адамдарды көзім ша­лып қалатын. Ал әкемді сондай азаптан құт­қа­рып қалған - оқығандығы, Сейдінде жауап­ты жұмыс істеген адамдармен таныс­ты­ғы, сыйластығы. Солайша мыңнан біреу ғана тірі қалуы мүмкін түрмеден әкем аман оралды. Мұ­ның тарихы ұзақ, сондай ғұмыр кешкен ата-анам жайлы, өз тағдырым жайлы бо­ла­шақ­та ғұмырнамалық роман жазсам деген ойым бар.

Мен өскенде консерваторияға барам де­генімде, «қолыңдағы домбыраң мен кө­мейіңдегі әнді ешкім ала алмайды, сен қажы атаң сияқты, Ғали ағаң сынды ақын боласың» де­гені есімде.

- Ғали аға деп отырғаныңыз кім?

- Кәдімгі ақын Ғали Орманов. Негізі, әкем Қарағаш мектебінде мұғалім болып жүргенде ол кісіні алғаш ат-шанаға отыр­ғызып, интернатқа орналастырып кеткен екен. Әкем мені сол Ғали ағаға табыстаған көрінеді, ма­ған да «егер өзім туған жерге жете ал­масам, сол Ғалиды іздеп тауып аларсың» деп ама­нат­тады. Мен бірақ ол кісімен арада біршама жыл­дар өткен соң, Мәскеуден оқу бітіріп келген кезде бір-ақ табыстым. «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғысың ғой, жарығым» деп, маңдайымнан иіскеп, әкеме көңіл айт­ты.

Ал енді Мәскеуде оқыған жылдарыма келсек, менің төрт бірдей кітабым сол жақта, ал осы жақта үш кітап, барлығы жеті кітабым орысшаға аударылды. Соңғы 1985 жылы шыққан «Украшения коня» деген кітабым «Художественная литература» баспасынан «Клас­сика» сериясы бойынша шықты. «Стру­на степей» атты кітабым Комсомол жастар сыйлығына ұсынылып еді, белгісіз жағдаймен ол атақ берілмей қалды. Оның мағынасын да түсіндім, маған өзге емес, өз елімнің іші­нен жау табылып, «Қытайдың шпионы» деп жамандап, бергізбей тастады, білем. Ол бір қиын кез еді ғой, оны да өткердік... Сол тұста Мәскеудің «Литература» газетіне Татьяна Ку­зев­леваның «Таңғы құс сайрағанда» деген мақаласы шыққан еді. Онда Орта Азиядан енді шығып келе жатқан жас әрі өзіндік ерек­ше­ліктері бар ақындар деп мені және қырғыз Бай­рамхан Әбілқасымова екеуміз жайлы айтады. Сосын атақ­ты жазушы Александр Бектің қызы Татья­на Бектің «Знамя» жур­налына менің кітабыма жазған рецензиясы шыққан еді. Бұл енді менің бағым шығар, бір жағы білім жолын қууға әкемнің жол аш­қандығының да ар­қа­сы, өлеңдерім орысшаға аударылып, кітап­та­рыма Жұбан Молда­ғалиев, Олжас Сү­лей­ме­нов сынды қазақтың айтулы ақындарының алғысөз жазып беруі. Ал Татьяна Кузевлева мен жұбайы Владимир Совельев екеуі, Сайын Мұратбеков бар, қырғыздың атақты ақыны Жолон Мамытов - барлығымыз Мәс­кеу­дегі жоғарғы әдебиет курсында бірге оқы­дық. Қайран Жолон, Қырғыз Жазушылар ода­ғының хатшысы болып істеп жүрген жерінен кенеттен жүрегі ұстап, жастай кетіп қал­ды. Сол Татьяна жалғыз мені емес, қазақ­тың маған дейінгі де көп ақынын, Жұбан Мол­дағалиев ағамыз, Аманжол Шамкенов, Қалихан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтердің өлеңін орысшаға аударды. Тағы бір ішімді ашыт­қан бір іс, «Украшение коня» кітабым шығар кезде Мәскеуден арнайы хабарласып, «Қазпот­ребсоюздың» төрағасы Сәкен Тәне­кеев ағамыз болатын, сұраған 17 мың ти­раж­ды берді, бірақ тапсырған адамы, пен­де­лікті қойсаңшы, әлі күнге сол ақынды көріп тұрам, небары 10 мың ғана тираж берді. Кі­тап шығысымен таланып кететін тұс, 10 мың тираж Мәскеудің өзінен-ақ арт­ыл­ма­ды.

- Заманында қазақ әдебиеті мен руханиятына барынша еңбек етіп, қазір елі ұмытып бара жатқан тұстасыңыздан кімді айтар едіңіз? Біз бүгінде кімді елеусіз қалдырып отырмыз?

- 1973 жылы бізде Азия, Африка ел­де­рі­нің әдебиет өкілдері бас қосқан үлкен кон­фе­ренция болды. Марқұм Әнуар Әлімжанов ағамыз сол конференцияны ұйымдастыруға тікелей мұрындық болды, өзі сол елдердің көбіне атағы кеңінен танымал жазушы еді. Шын­дықты айту керек, Әнуар Әлімжановтың қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Орыс­шаға өте жетік адам еді марқұм, сондай зия­лы. Өзекті өртейтіні, бүгінгі буын, бүгінгі ұр­пақ Әнуар Әлімжановтай тұлғаларын ұмытып ба­ра жатқандай көрініп, іштей күйінемін. Әнуар қазақ әдебиеті үшін қандай істер ат­қар­ды?!. 80 жылдығы жетім қыздың тойын­дай болып өтті. Кезінде дүниені дүрілдетіп, мұқым қазақтың бар-жоғын түгендеп еді, әл-Фарабиді өзбектердің уысынан суырып алған, ал ол үшін мыңдаған жыл тас пен құм басқан тарихты аршып алған осы Әнуар емес пе еді?.. Қазір соны өз иелігіне алып, көзі кет­кен тұлғалардың атқарғанын ұялмай өзіне теліп жүргендер бар, шын­ды­ғын­да олар жай ғана Әнуар­дың бұйрығын орындап жүргендер. Абай айт­қандай, «Күн жоқта Ай мен жұлдыз кісімсінер» дегеннің нақ өзі ғой...

- Жалпы, әйел ақын болу қиын ба? Әйел ақынның тағдыры, әдеби орта­дағы орны, әдебиетке қосар үлесі қан­дай, сіздіңше? Әдебиет, поэзия әйелдің нәзік жанын емдей ме, әлде, керісінше, көбі­рек жара сала ма?

- Әйел тағдыры - ең нәзік әрі ең күрделі тағдыр. Сол тағдырды қалай басқарып, қа­лай жеңу керектігі адамның өзіне байланысты. Мы­салы, біреулер «ол тағдыр ғой» деп, өзінің көп кемшілігін ақтап алуға дайын тұрады. Егер мен де сөйтер болсам, онда ең бақытсыз адамның бірі болар едім. Жарым да болды, балаларым да, бірақ мен поэзияны бірінші орынға қойдым. Ал поэзияда, жалпы, шығар­ма­шылық өмірімде көп кедергі кездесті: көреалмаушылық, бақ­та­ластық - бәрі де болды. Алайда сондай кедергілерде сынып қалмай, сүрінбей өтуіме күш берген алдымен отбасынан алған тәр­бием болды. Менің ақын болуыма барын сал­ған, әдебиет пен поэзияға баулыған - әкем. Ол кісі кітапты өте көп оқитын. 1952 жылы Қытайда жүргенде «Абай жо­лын» Мұхтар Әуезов өзі әкеліп беріп, «Ғали Айтқожинге» деп өзінің маржандай қолтаңбасын қал­дырған кітабы менде әлі күнге сақтаулы тұр. Бұл жайды мен мақтаныш үшін емес, Мұқаңның кішіпейілдігі мен ақ­са­қал­ға деген құрметін айтқым келген. Абай­дың арабша жазылған толық шығар­масы, Пуш­киннің толық шығармалары, өзбек жазушысы Айбектің кітабы ғана қолымда қалды. Әкем қайтыс болғаннан кейін, қалға­нын талап алып кеткен. Біз Қытайдан бе­рі көшкенде дүние-мүлік емес, бір мәшине кітап артып келдік. Әкемнің жинаған кітап­та­ры. Қазақстанда қандай кітап шығады, соның бәрін біз алып отырушы едік. Мен соның ар­қа­сында Қасым жырларымен сонау ертеде, Қытайдағы қыздар гимназиясында оқып жүрген кезімде танысып үлгердім. Жалғыз мен емес, жас буын түгел Қасымның өлең­де­рін жата-жастана оқып, Құлжа бағын аралай жүріп, Абайдың «Татьянаның әні» т.б әндерін орындайтынбыз, сол сән-салтанатқа толы өміріміздің де көп ұзамай шырқы бұ­зыл­ды. Елдегі секілді бай-құлақ, қожа-мол­да­ларды кәмпескелеу, қуғындау араға бір­шама уақыт салып арғы беттегі біздерге де жетті. 1952 жылы әкемді мырзақамаққа алып, бүкіл мал-мүлкін кәмпескеледі. Ілияс жыр­лаған Ақсу өзені бізге де жетіп, бізде де ағатын. Ортаны бір тау ғана бөліп тұратын сонда. Бергі жағы атажұрт, арғы жағында ата­жұр­тын аңсағандар өмір сүріп жаттық. Әкем ағаштан өзіне үй ғана емес, ауылға мектеп те салдырған екен. Үйіміздің айналасы қалың бау, неше түрлі миуа ағаштар өсетін, ауы­лы­мыз қалың нулы, сондай бір көз тоймастай көрікті ел еді. Оның бәрі кетті ғой кәмпескеде, біз 1958 жылы бері өттік. Көшіп келе жат­қа­ны­мызда күздің таңғы аязы, шөп басында шық мөлтілдеп тұрды. Біз ұзақ жүріп, Ешкі­өл­мес тауына келгенде әкем көлікті тоқ­татты. Сөйтті де, өзі атынан түсіп, сусар бөркін қо­лы­на алып, жол жағасынан бір шымшым то­пырақты уыстаған күйі құшырлана иіскеді. Со­сын көкірегіне басты да, жолдың жағасына ет­петінен жата қалып, өксіп-өксіп жылады. Ба­ламын ғой, қандай қиындыққа да мойы­ма­ған қайсар әкемнің қу медиен далада егіле жылағанына таң­ғал­дым. Түсіне алмаған едім, маған ол жұмбақ болып қалған. 1971 жылы мен Мәс­кеуде оқып жүргенде, әкем қай­тыс болды. Мен ол жақтан жетем дегенше, әкемді жерлеп қойыпты. Қабір ба­сын­да тұрып тұң­ғыш рет өзімді сон­дай жал­ғыз сезініп, сол бір аяулы жандардың қан­ша жағдайы жақсы болса да, елдің бір уыс то­пырағын ар­ман­да­ға­нын сонда барып түсіндім. Қайран анама ол да бұйырмады, 1956 жылы елге келуге екі жылдай қалғанда анам жүрек ауруынан кетіп қалып еді. Содан араға 30 жыл салып мен сол туған жерім Құл­жаға бардым. Ағаш та жоқ, бау да жоқ, үй де... Біз көшіп, ішкі Қы­тай­дан аш қытайлар қап­тап келген де, тіпті ағаштардың тамырына дейін қазып жеп, Талқы тауының мың­жыл­дық қарағайларын да отап тастапты. Кейде соның бәрін: балалық шағымды, әкемді, анамды ой­ласам, өзімді сондай бір бақытты сезі­не­мін.

- «Бақытсыз жан мен болар едім» дедіңіз де, керісінше, бақытты шағы­ңыз­ды айтып кеттіңіз емес пе, ендеше, осының жөні қалай?

- Асықпай тыңдаңыз, сосын түсінесіз. Мен осында келген соң ҚазМУ-дың жур­фа­гын бітірдім. 1969 жылы Мәскеудің жоғарғы әде­би курсында білімімді жалғастырдым. Осы аралықта менің үш кітабым шығып, Жа­зу­шылар одағының мүшелігіне қабыл­дан­ған­мын. Ол кезде мүшелікке өткен ақын-жазу­шыларға деген құрмет пен мемлекет тарапынан жасалатын жағдай біршама жақсы еді. Үгіт-насихат бөлімі қалам­гер­лердің туындысымен арнайы жұмыс істеп, барынша таратуға күш салатын. Оқыр­ман­мен кез­де­су­лер ұйымдастырып беретін. Біз де бойы­мыз­да­ғы барымызды сала, барынша жаңа жыр, жаңа туынды шығаруға тырыстық. Таң ат­қан­ша шыра­ғымызды сөндірмей, көз ілмей өлең жазған кездер де болды. Апталап үйден шық­пай отырып өлең жазып, өндіре жұмыс істеген шақтарым сол тұс еді. Енді осылай еңбектеніп жатқаныңда, оны ел де елеп, алақанына салып жатқан тұста аяқтан келіп әлдекім не әлдене шалып қалса, қандай күй кешесің? Жарқ етіп күн шығып, түнекке тар­тып бара жатқан бір күштен тартып алғандай болды мені осы Тәуелсіздік. Сонда өзімді тұң­ғыш рет рахаттана бір тыныс алғандай се­зін­дім. Рухани еркіндікке шыққан мен де сол тұста Тәуелсіздік алдым десем болғандай.

- Төлеген Айбергенов, Мұқағали Ма­­қа­­таев, Жұмекен Нәжімеде­нов­тер­мен қа­­тар жүрдіңіз, бірі­мен дос бол­ды­ңыз ба?

- Достық - өте терең ұғым, егер досың жұ­пыны болса, үстіңдегі бар жақсыңды ше­шіп бер, достық деген - осы. Досың күйіп бара жатса, өз жаныңды салсаң да, сен оны қорғап қалуың керек. Осындай адалдық болмаған жерде достық деген жоқ. Менің өзімнің екі-үш досым бар: бірі - Мәскеудегі Татьяна Кузевлева, ол менің тек аудармашым ғана емес, екеуміз керемет дос болдық. Сондай-ақ Жұмекен. Біріміз қыз, біріміз жігіт бол­сақ та, арамыздан қыл өтпестей дос болдық. Жұмекен Мәскеудегі әдеби курсқа бізден кейін кетті. Сонда Нәсіптің өзі маған «Марфуғаш-ау, неге Жұмекен сен оқыған кезде бармады екен?» деді. «Неге?» дедім таңдана. «Сен досқа өте адал адамсың ғой», - деді. Десе дегендей-ақ, Жұмекен өзі ақын, мінезі ұяң, өзі өнерлі, күй шерткенде бар­ма­ғы­нан бал таматын. Кейбіреулер оны жұмбақ ақын дейді, мен айтар едім: оның жұм­бақ­тығы - сол күйшілігінде. Өлеңдері төгіліп тұр­ған күй сияқты. Қалыпты ақындар сезімге шал­­қып, арқаланып кетер болсақ, ол өте сал­мақ­ты, жымиып қана күлетін де отыратын. Жұ­ме­кен бәріміз пәтерден-пәтерге көшіп, Ал­ма­тының тіпті ішіне кіре алмай, әлде­кім­дер­дің кепесін жалға алып жүріп, сонда жаз­дық. Аядай бөлмеде темір пеш те, бір кісі әрең сыятын төсек те тұрады, сол үйімізге бірімізді-біріміз шақырып қондырып, өлең-жыр оқып, солай жетілдік. Бір қыста тоғыз жер­ге көшкен күнім болды. Бар қымбат мүл­кім - қызым Жанботаның бесігі ғана, соны ар­қа­лаймын да, көрпе-төсегімді буамын да, «шық» деген күні пәтерден шыға жөнелемін. Ме­нің сонда арқасүйер ешкімім болған жоқ, анам арғы бетте қайтыс болды, әкем де елге оралған соң көп ұзамай көз жұмды. Жұме­кен­нің пә­те­ріне Әбу Сәрсенбаев ағамыз жиі бас сұғып, халімізді біліп тұратын. Жаңа жаз­ған өлең­де­рімізді оқытып, бізге кәдімгі ар­қа­сүйер болған, қанаттандырған сол ағамыз еді.

Олжас Сүлейменовпен де біраздан бері доспыз. Марқұм Сайын Мұратбековпен де сырымыз бір, мұңымыз бір болды. Менен үш ай ғана кіші еді. Қызық, мені көзі жұмылғанша Мәраға деп кетті.

- Сайын ағамыз көзі тірі кезінде өз деңгейіне лайық құрметке бөленді ме?

- Сайын орыстың Чеховы секілді қысқа әң­гіменің асқан шебері еді ғой. Соғыс тақырыбына жазған «Жабайы алма» деген бір кітабын қазақ, орыс тұрмақ, бүкіл әлемге танытып кетті. Тілінің шешен, ойының орам­ды­лығы, айтып жеткізе алмас бір құдірет е­ді. Бүтін ғұмырды алақаныңызға салып бе­ре­тін жазушы еді ғой, қайран Сайын. Ол - өзінің дос-жаранына өте адал болған адам. Өзі жетімдік көрген соң ба, қолынан келгенше адамдарға тек жақсылық жасады. Әсіресе Жазушылар одағында хат­шы болып тұрған кезінде көпке жақсылық жа­сады. Өзіне емес, өзгеге болғанын қалап, содан рахат алатын. Сол үшін Сайынды ортасы керемет құрметтеді. Өзі қызмінезді еді ғой шіркін. Құдай оның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетін бір-біріне үйлестіріп қой­ған-ды. Әсіресе Мәскеуде оқып жүр­ген­де тәттіге үймелеген шыбындай өңшең жас қыз­дар Сайынның төңірегінде үйіріліп жү­ре­тін. Сонда ол біріне де қайырылып қарамады, «бірі де Мәриямның шына­ша­ғына таты­май­ды» дейтін. Мәриям - жұбайының аты. Ол сондай адал жар, адал дос болатын. Төрт баласы мен әйелін кере­мет жақсы көрді. Жан-жағы оны жазушы ретінде қатты құр­мет­теп, адам ретінде де сыйлады. Бір ғана әт­теген-айы, қазіргі буын осы Сайынын ұмы­тып бара жатқандай.

 

Алашқа айтар датым...

Біздің ақын Сарамыз сынды әзірбайжан халқының Натабан ханым дейтін ақын-жырауы бар. Сол Натабан ханымның мавзолейі - тұтас бір қалашық. Ер­ке­ға­ли Рахмадиев мәдениет министрі болған тұста Сара ақынның басына есерткіш тұр­ғызды. Жоқтан жақсы, дегенмен Әзірбайжан еліне барып, ондағы Натабан ханымның ескерткішімен салыстырғанда, арасы жер мен көктей. Мейлі ес­керт­кішті айтпағанда, Сараның өлеңдерін жатқа білетін кім бар қазір? Қырғызда әлі күнге «Манасты» жатқа айтатын жыраулар бар, бұрын жүздеген, мыңдаған бол­са, қазір аз, бірақ бар. Өкінішке қарай, бізде осындай мектеп жоқ. Қасым жыр­ла­рын, мейлі оның соғыс тақырыбындағы өлеңдерін, мейлі лирикалық жыр­ларын, жатқа білетіндер бар ма? Жастар жағынан ше? Қасым бергі ақын дейік, мейлі Шә­керім өлеңдерін жатқа оқып, Абай әндерін салып отырып, әдемі кеш жасайтын әдеби орта көңілден шыға ма? Манас мектебі сияқты, ең құрығанда, бір мектепті сақ­тап қала алмағанымыз өкінішті емей немене?

Сынық мұң

Өмір деген - қызық әрі өте күрделі құбылыс. Мен өзім жайлы әлі күнге мемуар жазған емеспін. Сондықтан сен бұларды қағазға түсіре бер, кім білсін, ал­ды­мыз­дан не күтерін? Өзіңді кейде ұзақ жолда келе жатқан жолаушыдай сезінесің. Ал сол жолдың қай жерде аяқталатынын білмейсің ғой.. Кейде өзімнен жас, талантты ақын­дар, талапты жастар өмірден оқыс озғанын көргенде, жүрегім сыздап, жа­ны­ма қатты батады. Сондайда мұңая күбірлеп, жаңа жыр жолдарының қалай жазылғанын сез­бей де қалам...

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

http://www.alashainasy.kz/person/28145/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543